ЖҮСІПБЕК АЙМАУЫТОВ
Қазақ ойының биігін танытатын замана суреткері Жүсіпбек Аймауытов тек көркем сөз шебері ғана емес, қазақ мектептерінде ана тілін оқытудың жай-жапсарын айтқан, психологияны оқытудың мәнісін көрсеткен ғалым да. Халық ағарту жүйесінде ұзақ уақыт еңбек еткен Жүсіпбек Аймауытов жас ұрпақты халықтық рухта тәрбиелеуге үлкен мән беріп, баланың жан дүниесіне үңілу, оның дұрыс өсіп, қанат жаюына көмек көрсету мәселеріне талдау жасаған. Автордың 1924 жылы мектеп мұғалімдері мен педагогикалық оқу орындары студенттеріне арнап жазған “Тәрбиеге жетекші”, 1926 жылы Орынборда жарық көрген “Психология”, Мәскеуде шыққан “Жан жүйесі және өнер таңдау”, 1929 жылы Қызылордада басылып шыққан “Сабақтың комплекстік жүйесінің әдістері” атты кітаптары кезінде педагогикалық оқу орындарында оқулық қызметінде қолданылған. Ал педагогика мен психология ғылымдары терминологиясының ұлттық сипатта қалыптасуының бірден-бір негізі, тұғыры болды десек қателеспейміз.
Жүсіпбек Аймауытов өзінің алғашқы қызметтік қадамын оқу-ағарту ісінен бастаған. Кейінгі шығармашылық, қоғамдық көзқарасында да халыққа білім-өнер дарыту ісі оның негізгі кредосына айналғаны байқалады. ХХ ғасыр басындағы қазақ зиялыларының негізгі бағдарламалық тұғыры – қазақ қауымына қажетті ең негізгі нәрсе – білім екенін халыққа дарыту еді. Осы бағытта қызмет еткен Ж. Аймауытов та өзінің саналы ғұмырын ұлы іс жолында қызмет етуге арнады. Оның бала кезінен-ақ бір жағы оқи жүріп, жазғы демалыс айларында ауылға барып бала оқытуы – тек тұрмыс алға тартқан тауқымет не қажеттілік қана емес, халықтық мақсаттан, ұлт болашағының жарқын болуын көздеген асыл мұраттардан туған ой болуы керек.
1911 жылы Керекудегі екі класты орыс-қазақ мектебіне түсіп, одан 1914-1949 жылдар арасында Семейдегі мұғалімдер семинариясын бітіргеннен кейін, қоғамдық қызметтерге араласады, кейін 1921 жылы Семей губерниялық оқу бөлімінің меңгерушісі болып қызметке ауысады. 1926-1929 жылдары Шымкент педагогикалық техникумының директоры болады. Оқытушылық қызметке араласып, оның ішкі қиындықтары мен кезек күттірмейтін қажеттіліктерін толық біледі. Сондықтан да мектептегі тәрбие ісі, оқу, оқыту мәселелеріне арнап көптеген мақалалар жазады. Әдістемелік еңбектеріндегі негізгі бағыт – оқыту мен тәрбие ісінің тұтастығын, рухани тәрбие мен дене тәрбиесінің бірлігін, адамның өзін-өзі тәрбиелеу қажеттілігі мен оның жолдарын анықтап беру болған сыңайлы. Қазақстандағы оқу-тәрбие жұмысымен байсалды шұғылдану барысында, тек мұғалімдік іс-тәжірибені жинақтаушы ғана емес, әдістемелік ғылымның теориялық деңгейін көтеретін ғалым-педагог дәрежесіне жетті.
Автордың 1918 жылы “Абай” журналына жарияланған “Тәрбие” атты мақаласынан бастап, баланың тәрбиесіне үлкен мән береді. Адам баласының өзге жан иелерінен басты айырмасы оның рухани саналы тәрбие алуынан деген ойды желі етіп ұстай отырып, мақалада баланың кей ұнамсыз қылықтарының болуы тәрбиенің кемшілігінен деген түйін жасайды. Жүсіпбек Аймауытов адам табиғатқа ғана тәуелді емес, тәрбиеге де тәуелді деген ой айтады. Әр заманда өмір сүрген ұлы тұлғалардың жасаған іс-әрекеттерін еске ала отырып, олардың жақсы-жаман қылықтары өздері алған тәрбиенің жемісінен болған деген пікірі қай кезде де ескірмесі анық.
Білікті ағылшын философы, әрі педагогы Дж. Локктың “Баланың ақылы да, жаны да туғанда таза тақтайдай болып туады. Таза тақтайға қандай жазу жазса да жазушының еркінде” деген сөзін талдай отырып, ондағы негізгі көқарасқа байланысты өз ойын өзгеше сабақтайды. Адамда жаратылысынан әртүрлі мінез қалыптасып туатынын тілге тиек етеді. Мұның өзі ғалым-педагогтың генетика заңын, адам бойындағы негізгі қасиеттің ата-бабадан даритындығын еске салғаны болуы керек. Сондықтан да тәрбие жеке адамның ерекшелігін ескере отырып орындалуы керек деген тұжырымымен келіспеуге болмайды. Қазіргі кездегі дамыған тәрбие ғылымының да басты қағидаларының бірі осындай. Яғни, мектептегі тәрбие ісі де, оқыту ісі де жеке адамның ерекшеліктерін ескере отырып орындалады.
Жүсіпбек Аймауытовтың тағы бір өзгеше ерекшелігі қазақ халқының ғасырлар бойы жасап келе жатқан ақыл-ойына, даналығына сүйенетіндігі. Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің, сүтпен біткен мінез сүйекпен кетеді деген мақалдарды еске алып, баланың жеке адам болып қалыптасуындағы ата-ананың маңызды рөлін көрсетеді.
“Тәрбиешіге Отанның келешегін тапсыруға болады, өйткені ақылды адам көбінесе, Отанның күзетшісі, қорғаны” деген ойды оқу арқылы да Жүсіптек Аймауытұлының озық ойларын танимыз. Тәрбие ісі – мемлекеттік іс. Өйткені бүгінгі дұрыс тәрбие – болашақтағы жақсы елдікті танытар азаматтардың өсетінінің белгісі деген салмақты тұжырымды танимыз.
Ж.Аймауытов жас ұрпақты тәрбиелеудің бір негізі ретінде әдет заңдарын атайды. “Әдет заңы” атты мақаласында әдеттің, дәстүрдің қазақ халқының күнделікті тіршілігінде алатын орнын, маңызын айқындайды. “Әдет – бір сақтаулы қазына” дей отырып, халық жасаған әдеттердің тәрбиелік мәніне тоқталады.
Ғалымның негізгі ғылыми еңбектерінің бірі – “Жан жүйесі және өнер таңдау” деп аталатын зерттеуі. Бұл қазақ психологиясының қырын саралап, жақсы әдетті қалыптастырудағы психологияның маңызын анықтауға арналған терең мәнді ғылыми еңбек. Өз кезіндегі жан дүниесіне арналған тұңғыш еңбек болуымен де аса құнды. “Жан дүниесі” пәнінің негізін қалап, оның алғашқы терім сөздерін (термин сөздер) қалыптастырған.
Жүсіпбек Аймауытов қазақ тілінің оқыту әдістемесіне арнап ана тілін оқытуға, жазу мәселесі мен емле жүйесіне байланысты біршама ғылыми мақалалар жариялаған. Ұлттың жазу тілін жетілдіру, жалпы халықтың сауатын көтеру мәселелерін қозғайды. Қазақ баласына хат танытудың өрелі жолы ретінде ғалым-жазушы буын әдісін қолдайды. Балаға әуелі 2-3 дауысты дыбысты үйретіп, содан кейін оған дауыссыз дыбысты қосып, буын не бір-екі буыннан тұратын сөздерді құрап, жаздыру, оқыту әдісін ұстану қажеттігін дәлелдейді.
1925 жылы жазылған “Ана тілін қалай оқыту керек” атты көлемді мақаласы әдістемелік жағынан құнды. Мұнда зерттеуші ұлт мектептеріндегі ана тілін оқытудың жүйеленген әдісі жоғын тілге тиек ете отырып, әркім өз білгенімен тіл үйретіп, сабақ беріп жүргенін әділ сынға алады. Орыс мектептерінде қолданылып жүрген оқыту әдістері жайында мәлімет бере отырып, солардың қазақ мектептеріне қазақ психологиясына қолайлы келетін әдістерін жүйелі қолдану қажеттігін айтады.
Балаларды қысқа әңгімелер оқытуға төселдірудің жолдарын талдап баяндайды. “Ертегі, әуездің пернелі, кестелі сөзін тастап, баланың өз сөзімен қайта айтқызуға болмайды. Олардың маңызы – қиялға әсер беріп, шарықтауында. Сезімге әсер беріп, көңілді ұйытқытуында”, – деп жазады автор. Жас балаға газет оқыту мен көркем сөз оқытудың бір емес екеніне назар аудара отырып, сөздің мәнін өзгертпей, маңызын, көркемдігін жоғалтпай айтуға тәрбиелеу қажеттігін шегелей айтады.
Жүсіпбек Аймауытов қазақ тілін оқыту әдістемесінің көптеген теориялық мәселелерін, адам жанының тәрбиесінің басты құралы ретіндегі ана тілін оқытудың маңызын көрсеткен. Ғалым-педагогтың жазған әдістемелік ғылыми еңбектерінің қазіргі таңда да маңызы мол.
Әдебиет:
Биекенов К., Садырова М. Әлеуметтанудың түсіндірме сөздігі. — Алматы: Сөздік-Словарь, 2007. — 344 бет.
Абай. Энциклопедия. – Алматы: «Қазақ энциклопедиясының» Бас редакциясы, «Атамұра» баспасы,
Қазақ тілі. Энциклопедия. Алматы: Қазақстан Республикасы Білім, мәдениет және денсаулық сақтау министрлігі, Қазақстан даму институты, 1998 жыл, 509 бет.
Қазақ мәдениеті. Энциклопедиялық анықтамалық. Алматы: “Аруна Ltd.” ЖШС, 2005
Қазақстан жазушылары: Анықтамалық/Құрастырушы: Қамшыгер Саят, Жұмашева Қайырниса — Алматы: «Аң арыс» баспасы, 2009 жыл
Достарыңызбен бөлісу: |