ІСМЕТ КЕҢЕСБАЕВ
Ісмет Кеңесбайұлы Кеңесбаев Шымкент облысының Созақ ауданындағы «Сызған» ауылында 1907 жылдын 15 ақпан айында туған. Алдымен ауылда мұсылманша хат танып, 1921-1922 жылдары Түркістан қаласындағы В. И. Ленин атындағы мектепте, 1922-1926 жылдары Ташкент қаласындағы Қазақ ағарту институтында оқиды. 1926 жылы институт Қазақ педагогикалық институты болып кайта құрылған кезде, соған түседі де, оның екінші курсын тамамдаған бойы Ленинградтағы шығыстану институтының түркология бөлімшесіне (ол кезде түркология семинары деп аталған) оқуға қабылданады. І. Кеңесбаев А. Н. Самойлович, В. В. Бартольд, С. Е. Малов, И. И. Мещанинов, Л. В. Щерба сынды ғалымдардан дәріс алады.
1944 ж. «Қазақ тіліндегі тұрақты сөз тіркестер» деген тақырыпқа докторлық диссертация қорғайды да, кейін Абай атындағы Қазақтың педагогикалық ииституты мен С. М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінде ұстаздық етеді. 1946 ж. Кеңесбаев Қазақ ССР Ғылым академиясына толык мүше болып сайланды. 1951 жылға дейін Қазақ ССР ҒА-ның вице-президенті болып істеді. Ширек ғасыр бойы Қазақ ССР ҒА-ның ғылыми-зерттеу мекемелері: Тіл және әдебиет (1947—1951 және 1957—1961 жж.), Тіл білімі (1961—1978 жж.) институттарын басқарады.
Ғалымның ғылыми жұмыстары фонетика, лексика, фразеология салаларымен байланысты. Әсіресе фразеология саласындағы «Қазақ тіліндегі тұрақты сөз тіркестері» деген еңбегі — фразеологизм туралы түркологиядағы алғашқы еңбек болды. Зерттеу нәтижесі 1977 ж. «Қазақ тілінің фразеологиялық сөздігі» болып басылып шықты. Мұнда бай фразеологиялық қор жүйеге келтіріліп, қыруар дерек пайдаланылған. Бұл шынында, бүкіл отандық сондай-ақ, шетелдік түркологияда да көлем жағынан да (88 баспа), сапа жағынан да осы саладағы тұңғыш еңбек. Екі томдық «Қазақ тілінің түсіндірме сөздігінің» (1959—1961) шығуына басшылық етті. 1956 ж. ол Т. Жанұзақовпен бірлесіп, лингвистика терминдерінің орысша-қазакша сөздігін құрастырып бастырды.
Сипаттамалы дыбыс жүйесі (синхрондық фонетика) — І. Кеңесбаев зерттеген іргелі саланың бірі. Лебіздік дыбыстардың белгілі бір кезеңдік даму жүйесін қарастыратын бұл салада сипаттамалы фонетикада дыбыстардың айтылудағы ерекшелігі, тіркесімділік қасиеті, буынның сипаты, үндестік заңдылығының орындалуы, дыбыстарды айту және жазу мәселесі т.б. зерделенді. Қазақ тілінің сипаттамалы фонетикасы ХХ ғасырдың басында А. Байтұрсынұлы, Қ. Жұбанов, Х. Досмұхамедұлы, С.Аманжолов еңбектерінің негізінде қалыптасып, кейін І. Кеңесбаев еңбектері арқылы дамытылды.
Қазақ тілі дыбыстық жүйесінің негізгі заңдылықтары мен құрылымдық, жүйелік сипатын айқындап, осы саладағы зерттеулерге бағыт-бағдар көрсеткен еңбек 1954 жылы шыққан оқулық еді. Бұл оқулықтың басты ерекшелігі қазақ тіл білімінің корифей ғалымдарының қаламынан шыққандығы ғана емес, өзіне дейінгі бүкіл зерттеулердің тұжырымдарын бойына сіңіріп бере алғандығы, кейінгі зерттеулерге жөн сілтейтіні болса керек. Оқулықтың фонетика бөлімін І. Кеңесбаев жазды. Оқулықта дыбыстардың саны мен сапасы, бөлінісі, жіктелісі, буынның сипаты мен түрлері, үндестік заңы, екпін т.б. сияқты күрделі мәселелер ғылыми шешімін тапты.
І. Кеңесбаев, Ғ. Мұсабаевтың авторлығымен жарық көрген “Қазіргі қазақ тілі. Лексика. Фонетика” оқулығында қазақ тілінің дыбыстық жүйесі толық әрі жүйелі жазылды. Біршама өзгеріс, ерекшеліктеріне қарамастан зерттеу қазақ тіліндегі дыбыстық жүйені жаңа ғылыми қырынан таныта алатын іргелі еңбек ретінде бағаланады. І. Кеңесбаев тоғыз жалаң дауысты: а, е, ы, і, ә, о, ө, ү, ұ; екі қосынды дауысты (дифтонгойд): и, у бар деп есептейді.
Ғалым А. Байтұрсынұлы еңбегінде кездесетін ашық буын, тұйық буын, бітеу буын деген терімсөздерді пайдалана отырып, оны ғылыми тұрғыдан толықтыра, дамыта түседі; автордың осы бөлуіне шағын өзгертулер енгізіліп қазірде буынның түрлері анықталады. Буынға “сөздегі бір дауыстының я дауысты мен дауыссыздардың дауыс толқынымен бөлшектеніп айтылатын тобын буын деп атайды” деп анықтама бере отырып, Н. Т. Сауранбаев оны мынадай төрт топқа бөледі: жалаң буын, ашық буын, тұйық буын, бітеу буын (1953, 45-46). І. Кеңесбаев буынның санын үшеуге қысқартып, ашық буын, тұйық буын, бітеу буын деп талдайды, біраз уақытта осы жүйе біршама орнығып, оқулықтар мен оқу құралдарына енген еді. Соңғы ғылыми зерттеулерде және алғаш рет кең көлемде жарық көрген “Қазақ грамматикасында” (2002) буын екіге – ашық буын мен тұйық буынға бөлінеді. Бір буынды қазақ сөздерінің ішкі құрылымын зерделей қарағанда, буындардың ашық, тұйық, бітеу болып келетінін аңғаруға болады.
Қазақ тіл білімінде атаудың таңбалық сипаты мен құрылымы жеке-жеке салалар негізінде терең зерттелген. Ал тұлғаның мағынасы деген не? Мағына қалай қалыптасады деген сұрақтарға жауап берілуі қажет еді. «Мағына» туралы айтылған алуан түрлі пікірлер бар (К. Аханов, А. Ысқақов, Ә, Болғанбаев, І. Кеңесбаев т.б.) Мағына – ұғымың тілдегі бейнесі, когнитивтік үдеріс нәтижесі. Шындық өмірдегі зат пен құбылыстың негізгі, ерекше қасиеттерінің адам санасындағы бейнеленуі арқылы ұғым қалыптасса, сол ұғым негізінде сөздің мағынасы жасалады. Ұғым заттың көрінісі десек, мағына – ұғымның көрінісі.
Сөздің лексикалық мағынасының типтері туралы қазақ тіл білімінде бірнеше қалыптасқан көзқарастар мен пікірлер бар. І. Кеңесбаев, Ғ. Мұсабаев жазған оқулықта “сөзде грамматикалық, лексикалық мағына, сөздік (негізгі) мағына, тұрақты мағына, ауыс мағына, контекстік мағына және конкретті, абстракт мағына болады” делініп әрқайсысы жеке талданады.
І. Кеңесбаев пен Ғ. Мұсабаевтың “Қазіргі қазақ тілі. Лексика. Фонетика” оқулығында фразеологиялық бірліктерді фразалық тіркестер деп атап, оларды идиомдар мен фразаларға бөледі, әрқайсысының ғылыми анықтамасын көрсетіп, ерекшелігі мен мағыналық құрылымындағы өзіндік белгілерін тілдік деректермен талдайды. “Идиом да, фраза да – белгілі сөз тізбектері: идиом тобындағы сөздер өзінің жеке тұрғандағы негізгі мағынасынан айрылып қалады да, өзара жымдасып, бір ғана лексикалық ұғым береді” – делініп, олардың грамматикалық, лексикалық, семантикалық ерекшеліктері қарастырылады [1962, 205-бет].
І. Кеңесбаев құрастырған “Қазақ тілінің фразеологиялық сөздігі” бұл саланың іргелі ғылым ретінде дамуының басы болды, алғаш рет қазақ тілінде, лебізде қолданатын тұрақты тіркестер алфавиттік негізде жүйеленіп, басылып шықты. Автор сөздік соңында “Қазақ тілі фразеологиясы – дербес пән” дей отырып, “… қазақ тілінің бай фактілерін негізге алып, өзге де ғұламалардың шалымды топшылауларын ескере отырып, фразеологизмдер өз алдына терезесі тең лингвистика саласы екенін баса атағанымыз мақұл” деп жазады [1977, 590].
Фразеологиялық бірліктердің қолданыстық жағынан жеке сөздерге эквивалент балама болуы деген мәселеге қарсы дау айтушылар да бар екені белгілі. Зерттеушілердің пайымдауынша, “екеуі екі бөлек дүние, кей ретте мағына жуықтығы болғанмен, бұлардың арасына теңдестік белгісін қоюға болмайды” [І. Кеңесбаев, ҚТФС, 597].
І. Кеңесбаев фразеологиялық сөздігінде ФЕ-нің туынды сөз ретіндегі табиғатын терең және батыл ашып көрсеткен: “ФЕ – туынды мағынаны білдіреді … ФЕ тікелей мағынада емес, туынды мағынада ғана жұмсалады” (597–бет). Кез келген туынды сөз – атау болатыны түсінікті, сондықтан да оны атау теориясы арқылы түсіндіру қажет. Болмыстағы ерекше белгілердің танылуы – жаңа атаудың тууының негізі. Танылған белгі және соның негізінде жасалған атау кейінгі даму барысында екінші бір белгісі арқылы айрықшаланып, жаңа семаға жіктелуі ықтимал.
Демек, қазіргі ғылыми зерттеулердің жетістігі ретінде еркін сөз тіркестерінің лексикалану үдерісі нәтижесінде бірте-бірте жеке номинацияға ұштасу заңдылығын айтқан деуге болады. Қазақ ғалымдары ішінде тұрақты тіркестің әуел бастағы табиғаты еркін тіркестерден құралған туынды сөздер екенін алғаш айтқан да — І. Кеңесбаев. Автор фразеологизм мен түбір сөздің ерекшелігін аша отырып: «Ф.Е. туынды мағынаны білдіреді» дейді [597]. «Фразеологиялық мағынаның қалыптасуы» атты мақаласында І. Кеңесбаев: «Ф.Е.-лердің (демек идиомалардың да) бірден жасала қоймағаны, уақыт ұзаған сайын бірте-бірте барып қалыптасқаны, еркін тіркестердің негізінде жасалғаны сөзсіз. Олар сол дәуірдегі нақты өмір шындығына, халықтың ерте кездегі ұғымына, ой-санасына сай келуі де фразеологиялық мағына екінші кезекте бертін келе өрбіген», – деп жазады [605]. Аса көрегендікпен айтылған бұл пікірдің астарына үңілу орынды болмақ. Сонда кез келген тұрақты тіркестің, ішкі мағыналық, құрылымы айқындалады, анықталады. Мәселен, жүрегі тас төбесіне шығу — қорқу, шошу, қас пен көздің арасында — лезде, тез, жылдам мағынасында деп түсіндірудің семантикалық, лингвомәдени аспектіден зерттегенде, үстірттеу түсінік екендігі айқындалады.
І. Кеңесбаев тұрақты тіркесті мағыналық жағынан терең зерделеп, «Ф.Е. тікелей мағынада емес, туынды мағынада ғана жұмсалады» — деген ойды айтқан еді [597]. Егер тұрақты тіркес туынды мағына берсе, бұл семемалық жағы болады, ал туынды сөз екендігі оның лексемалық жағы болып шығады. Тұрақты тіркес туынды сөз екенін дәлелдеу үшін оның сыңарларының мағыналары арқылы жасалатынын көрсету шарт. Тағы да 1. Кеңесбаевқа сүйенсек, ол: «Ф.Е.-лердің (соның ішінде идиом) мағынасы тарихи тұрғыдан алғанда өз сыңарларына апарары даусыз» деп көрсеткен [605].
Сонымен, І. Кеңесбаев зерттеулері арқылы қазақ тіл біліміде фразеологиялық бірліктер жинақталып, ғылыми тұрғыдан сараланып, жүйеленді. Ғалымның фонетика саласындағы еңбектері арқылы қазақ тілінің дыбыстық жүйесі жүйеленді, бірізділікке түсті.
Әдебиет:
Кеңесбаев І., Мұсабаев Ғ. Қазіргі қазақ тілі. Лексика, фонетика. – Алматы, Наука,
Кеңесбаев І., Жанұзақов Т. Русско-казахский словарь лингвистических терминов. – Алматы, Ғылым, 1997.
Кеңесбаев І. Қазақ тілінің фразеологиялық сөздігі. -Алматы, Ғылым, 1977.
Достарыңызбен бөлісу: |