Қазіргі қазақ тілінің сөзжасамынан дәріс тезистері
№1 дәріс.
Сөзжасам – тіл білімінің жеке саласы
Жоспар:
Сөзжасамның қазақ тіл білімінде зерттелуі;
Сөзжасам жүйесін зерттеуші ғалымдар және олардың еңбектері;
1989 жылғы “Қазіргі қазақ тілінің сөзжасамы” атты еңбек және оның көтерген мәселелері;
Сөзжасам- қазақ тіл білімінің дербес саласы.
Сөзжасамның тіл білімінің дербес саласы болып танылу оның өзіндік зерттеу нысаны болумен байланысты. Сөзжасам тілдің сөзжасам жүйесін, сөзжасамдық бірліктерді, сөзжасам заңдылықтарын, сөзжасамның амал-тәсілдерін, сөздердің жасалу жолдарын, сөзжасам арқылы жасалған туынды сөздерді, олардың түрлерін, сөзжасамдық үлгілері, сөзжасамдық мағынаны, әр сөз табының сөзжасамын т.б болып жатқан толып жатқан сөзжасамға қатысты мәселерді зерттейді яғни тілдің сөзжасам жүйесін зерттейді. Тілдің сөзжасам жүйесі қазақ тілінің сөздік қоры мен сөздік құрамы жаңа сөздер жасау арқылы толықтырылып отыратын негізгі тілдік құбылыс болғандықтан, тілде оны іске қосып отыратын сөзжасамдық заңдылықтар, әдіс-тәсілдер көне замандардан бері қолданылып, дамып, іріктеліп, түрлі өзгерістерді басынан өзкізіп, қазіргі қалыпқа түсіп, әбден қалыптасқан. Сондықтан тілде жаңа сөз кездейсоқ, қалай болса солай жасала бермейді. Ол тілде қалыптасқан заңдар арқылы жүзеге асады. Сөзжасам пәні студенттерді осы заңдылықтармен таныстырады, ол туралы нақтылы ғылыми деректер береді.
Сөзжасамды тіл білімінің жеке, дербес саласы деп тану мәселесі басталғанына бірсыпыра уақыт болды. Сөзжасамды жеке сала деп тануды орыс тіл білімінде алғаш ұсынған акам. В.В. Виноградов болды. В.В. Виноградов бұл пікірді 1950 жылдары ұсынған болатын. Содан бері ғалымдар бұл пікірді дәлелдей, дамыта келе 1970 жылы шыққан “Русская грамматика” кітабында оны жеке сала ретінде беріп, сөзжасам тіл білімінің жеке саласы деген пікірін жария етті.1980жылы шыққан “Русская грамматикада” сөзжасам жеке сала ретінде беріліп, бұл мәселенің түпкілікті шешілгенін дәлелдейді.
Сөзжасамның тіл білімінің жеке саласы болып танылуы – ұзақ уақыт бойы ғалымдардың пікір-таласының нәтижесі. Ресейде сөзжасам мәселесін зерттеп, ол туралы дәлелді пікір айтқан сөзжасамның өзіндік зерттеу нысанасы барын, оның тіл білімінің басқа салаларынан ерекшелігін ашқан, басқа салаларымен байланысын да көрсете білген ғалымдар болды. Олардан Г.О. Винокур, Е. С. Кубряков, Е.А. Земская, Н.Д. Арутюнова, А.Н. Тихонов, И.С. Улухановтарды айтуға болады.
Сөзжасамды тіл білімінің жеке саласы деп тану мәселесі шетел ғалымдарының зерттеуінде де дәлелденді. Оған 1978 жылы Вена қаласында өткен лингвистердің дүниежүзілік ғылыми конгресі дәлел болды. Бұл конгресте сөзжасам мәселесі тұңғыш рет күн тәртібіне қойылып, оған арнайы секция бөлінген. Конгресте тіл біліміндегі сөзжасам мәселесіндегі олқылықты жою мақсаты көзделіп, сөзжасам мәселесін зерттеуді күшейту мәселесі алға қойылды. Ғылымдағы бұл бетбұрыстан түркі тілдерінің ғалымдары да тыс қалмады. Татар тілінің маманы Ф. А. Ганиев өзінің сөзжасамның мәселесіне арналған докторлық диссертациясында “Сөзжасам-татар тіл білімінің бір саласы”деген тақырып бөлініп, онда осы мәселені жан-жақты дәлелдеген.
Сөзжасам мәселесі туралы ғалымдар зерттеулері, түрлі пікірлері мен ұсыныстары қазақ тілі ғалымдарына да әсер етті, қозғау салды, осы мәселені зерттеуге игі ықпал жасады. 1984-1988 жылдары академияның тіл білімі институтының грамматика бөлімінің қызметкерлері сөзжасам мәселесін арнайы зерттеді. Зертеудің нәтижесі 1989 жылы “Қазіргі қазақ тілінің сөзжасамы” деген атпен монография болып шықты. Бұл сөзжасам мәселесін жаңа тұрғыдан зерттеген зерттеудің нәтижесі болды. Ғалымдардың соңғы жетістігіне негізделе отырып жазылған ғылыми көлемді монография еді. Монографияны Тіл білімі инситутының ғылыми қызметкерлері жазды. Олар: М. Балақаев, А. Қалыбаева, Қ. Есенов, Н. Оралбаева, Е. Жанпейісов, С.Нұрқатов. Монография екі бөлімнен тұрады: 1) сөзжасамның жалпы мәселелері, 2)сөз таптарының сөзжасамы.
Сөзжасамның тіл білімінің жеке саласы болып танылуы оның тіл білімінің басқа салаларымен байланысын жоққа шығармайды. Өйткені тіл білімінің барлық салалары бір-бірімен байланысты, себебі олардың бәрі тілді зерттейді, сондықтан оларда байланыс болмауы мүмкін емес.
Пайдаланылған әдебиеттер:
Оралбай Н. Қазақ тілінің сөзжасамы. -Алматы, 2002.
Оралбай Н. Қазіргі қазақ тіліндегі сан есімнің сөзжасам жүйесі. -Алматы, 1988.
Салқынбай А. Тарихи сөзжасам. –Алматы, 1999.
Салқынбай А. Қазақ тілі сөзжасамы. –Алматы, 2003.
Бейсембайқызы З. Сөзжасам пәнін модуль бойынша оқыту.- Алматы, 2000.
№ 2 дәріс
Достарыңызбен бөлісу: |