ӘОЖ 008:316.722
ҚАЗАҚ ХАЛҚЫНЫҢ МАТЕРИАЛДЫҚ МӘДЕНИЕТІНІҢ
ДАМУ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ
Тәжібекова А.Б.
М.Х. Дулати атындағы ТарМУ, Тараз қ.
Қазақстан Республикасының тұңғыш президенті, Елбасы Н.Ә.Назарбаев: «Рухани құндылық, биік адамгершілік жоқ жерде үлкен өркениет орнату мүмкін емес», [1] - деп атап өткеніндей жалпы ел мен елдің, халық пен халықтың, ұлт пен ұлттың, оның ішінде, қазақ халқының ұлт болып ұйысуы мәдени құндылықтардың даму ерекшеліктеріне байланысты. Осы орайда әрбір көзі ашық, көкірегі ояу азаматтың бойында мәдени құндылықтар, мәдениет дегеніміз не деген сұрақ туындауы мүмкін.
Мәдениет дегеніміз – бүкіл адамзаттың тарихында жасалған материалдық және рухани байлықтың жиынтығы [2] деп топшылауға толық негіз бар. Материалдық мәдениет салалары тек жеке тұлға ғана емес, сонымен қатар адамзат өмірінде оның заттай негізі ретінде маңызды орын алады. Өйткені, адамзаттың көпқырлы өмірінде, оған қоса жеке, өндіріс, шығармашылық, әлеуметтік, т.б. жақтарына жан-жақты әсер етеді. Сондықтан дәстүрлі, немесе қазіргі түсініктер тұсында түрлі аспектіде халықтың материалдық мәдениетін зерттеу тарих, этнология ғылымдарының қызықты және өзекті мәселелерінің бірі болады [3]. Халқымыздың ұлттық мәдениетінің сирек, дәстүр нышандарын аса зор ден қоя зерттеген, қазақ халқының материалдық мәдениетін жаңғыртушылардың қатарына Х.А.Арғынбаев, Ө.Жәнібек, Х.Маданов, т.б. құнды ғылыми мұра қалдырған тарихшы ғалымдарды атауға болады. Оның ішінде Х.А.Арғынбаевтың «Қазақ халқының қолөнері» атты зерттеу еңбегі, Ө.Жәнібектің «Қазақ өнерінің мәдениеті», «Қазақ киімі» атты кітаптары, Х.Мадановтың «Қазақ мәдениетінің тарихы» атты еңбегі қазақ халқының материалдық мәдениетін ғылыми жағынан дәйектеп, зерттеу арнасына бұрады.
Қазіргі таңда мұндай өзекті мәселеге көңіл аудару бірнеше жағдайларға байланысты түсіндіріледі. Біріншіден, әрбір этностың тіршілік етуде материалдық жағдайы, қазақтарды да қосқанда, оның қоғамдық дамуының маңызды құрамдас бөлігінің бірі болады. Екіншіден, бұл мәселені зерттеу тек этникалық процестерді сараптауда ғана маңызды емес, сонымен, қоса Қазақстан аумағында және оның жекелеген аймақтарында этномәдени өзгерістерді сипаттауда маңызды болып келеді [3].
Ұлттың атрибуттары этнографиялық ерекшеліктерден көрінеді, көпшілікке тарихтан белгілі хұн, үйсін, қаңлы және аландардың ғұрып-әдеттерінің бір-бірімен ұқсастығы олардағы ортақтықтарды көресетпей ме?! Демек, Қазақстан аумағында қазақ халқының алғашқы этникалық мәдениетінің негізін осы ру-тайпалар қалыптастыра бастады. Мұны, б.з.д. IV-III ғасырдан б.з.VI ғасырына дейінгі мезгілді қазақ этникалық мәдениеті қалыптасуының бірінші кезеңі деуге болады.
Ал Түркі қағанаты құрылған VI ғасырдың ортасынан ХІІІ ғасырдың басына дейінгі мезгілді қазақ этномәдениеті дамуының екінші кезеңі деуге болады. Өйткені бұл тұста Көктүрік империясының біртұтас басқаруында көптеген есімдермен аталатын түркі тайпалары Қазақстан аумағындағы бұрынғы ру-тайпалармен тоғысып, қазақтың этникалық мәдениетін дамыта түсті. Бұл кезеңде қазақтың байырғы этникалық мәдениеті транцформацияға ұшырап, дін исламдық дүниетанымы мен өмір көзқарасын байырғы танымдық нанымдарымен біріктіріп, өзіндік рухани мәдениетін айшықтай түсті.
Жошы-Қыпшақ ұлысы мен Ақ Орда мемлекеті, яғни ХІІІ ғасырдан XV ғасырлар – этномәдениеті дамуының үшінші кезеңі. Бұл тұстағы қазақ мәдениеті өзінің ұлттық тілі, ділі мен билігі толық қалыптасуымен ерекшеленеді [4].
Еуразияның шетсіз де шексіз ұлы даласын ертеден мекен етіп мал өсіріп, жан бағып жүрген түркі тектес көшпелі тайпалардың бірыңғай этникалық топқа жіктеліп, қазақтың халық болып қалыптасуы нәтижесінде ХV ғасырдың орта шенінде Қазақ хандығы құрылды. Мұның өзі қазақ халқының тарихы үшін теңдесі жоқ оқиға болды. Ол шашырап жүрген қазақ тайпаларының ертеден аңсап армандаған бір орталыққа бірігіп, егеменді ел болу тілегін іске асырды. Қазақ халқының этникалық жер аумағын бүтіндеп, ежелгі қазақ жерінің алғашқы шекарасын белгілеуге мүмкіндік туғызды [5].
Осы кезден бастап қазақ халқына тән материалдық және рухани мәдениеттің сипатты белгілері орнықты. Оны жасаушылар да, әрі дамытушы да халық бұқарасы. Алайда сол кезде үстемдік еткен қоғамдық құрылысқа тән мәдениетте халықтық және феодалдық тенденциялардың орын алуы байқалады. Қазақстанның, қазақ халқының кең байтақ жерінде мәдениет біркелкі дамымады, қалалық орталықтарда көшпелі және жартылай көшпелі аудандардағыдан шапшаңырақ жүрді [6]. Мысалыға айта кетер болсақ, ірі сауда-саттық орталықтары болған Яссы (Түркістан), Отырар, Өзгент, Сауран, Сайрам сияқты қалалардағы ғажайып сәулет өнерінің туындылары толық негізде дәлел бола алады.
Қазақ халқының тіршілік-тұрмысында қолөнер кәсібі үлкен маңызды орын алды. Өйткені мал шаруашылығы немесе егіншіліктің дамуы қолөнер кәсіпшілігімен тікелей байланысты болды. Мал шаруашылығы үшін ер-тұрман, ат-әбзелдері, малды ұстайтын, байлайтын жабдықтар, егіншілік үшін жер жыртатын және тырмалайтын, астықты жинайтын және өңдейтін құралдар, т.б. қолөнершілердің еңбегімен дайындалды. Сондықтан Қазақстанның қалалары мен қоныстарында қолөнері басым дамыды [7].
Бұлардың арасында үйшілік, ұсталық, зергерлік, өрімшілік, көншілік (тері илеу), кілем тоқу, т.б. қолөнерлері басым болды. Қолөнершілердің арасында көркемдігі жоғары бұйымдар жасаушылар ерекше көзге түсіп отырды, олар «шебер» немесе «іскер» деп құрметпен аталатын. Киім тігу, кілем тоқу, киіз басу, үй жасауларын дайындау түгелдей әйелдердің қолымен атқарылатын [6].
Қазақтар табиғи ортада өмір сүре отырып, көркемдік жарасымдылығы мен көңіл жадыратар әсемдігін үй іші әлемінде жасай алған. Бояуларының әр түрлілігі және ою-өрнектерінің ырғақты байлығы қазақ әйелдерінің дизайнерлік шеберлігімен де, киіз үй ішіндегі үнемі құбылып тұратын жарықтық мүмкіндіктерімен де, сәндік синтез құрған.
Өнер салудың бір түрі киіз басуда қолданылады. Қазақтар киізді тұрмыс қажеттеріне пайдалану жөнінен ғажап тапқырлық танытқан. Тығыз етіп басылған ақ және қоңыр киізбен үй сүйегінің сыртын жапқан, еденге төсеген, кілемдер, шаруашылыққа қажетті дорбалар, қаптамалардан бастап, жайнамаз, дастарқан, ерлердің сырт киімдері мен бас киімдеріне дейінгі неше түрлі бұйымдарды киізден әзірлеген. Материал ретінде қойдың күзгі қырқымындағы жүн пайдаланылды. Әлі басылып болмаған дымқыл ішкі киізге басқан бір түсті алуан түрлі оюлар түсірілді. Бұл киіз «текемет» деп аталды. Түрлі-түсті киіздерді өзара оюластыру, яки, шүберектен оюластырып сыру, кестелеу жолымен түс киіздер, сырмақтар, аяқ қаптар, кереге қаптар, уық қаптар, от киіздер, жабу, т.б. сәнді бұйымдар істелді.
Шеберлік өнердің әсем түрінің бірі – кесте тігу. Оны қазақтың қыздары мен келіншектері тіккен. Кестенің келісті үлгілерін, оюдың алуан түрлерін шығарушыларды – оюшылар және сызушылар деп атады. Кестенің түрі көп: біз кесте, баспа кесте, шекпе кесте, ашамай кесте, ойма кесте, бастырма кесте, ілме кесте, т.б. бұл кестелер қатипа, барқыт сияқты бұлдарға ғана емес, былғарыға, киізге де шегілді, бұлар көбінесе ілмешек кесте болды. Әсем кестелер түс киіз, сандық қап, әйел көйлектерінің жаға-жеңі, әйел бешпенттерінің жаға-жеңі, омырауы, кимешек жағы, киіз үйдің тегеріші, орамал алақаны, киім жапқыш, шымылдық, жастық қап, көрпе жағасы, кәмшат бөрік, тақия, сәукелелер тігілді. Кестеге түрлі-түсті жібек жіп, зер жіп қолданылды.
Қазақ елінде зергерлік өнер өте жоғары дәрежеде дамыды. Халық арасында аса шебер зергерлер болды. Қазақ шеберлері – ұсталар мен зергерлер әрқайсысы өз бетінше жеке жұмыс істеді, шеберлік құпияларын ұрпақтарына үйретіп, құрал-саймандарын мұраға қалдырып отырды. Олар алтын-күміспен, алуан түрлі асыл тастармен безеп ер, жүген, үзеңгі, таралғы, өмілдірік сияқты ер-тұрмандарын, сақина, білезік, сырға, алқа, шолпы, кемер-белбеу, төбелдірік, бергек, түйреуіш, сәнді сәукеле жағалары сияқы әйелдердің әсем әшекейлі бұйымдарын жасады. Қазақ зергерлері өрнектеудің алуан түрлі әдістерін – нақыштау, бұдырлау, торлау, оюлау, өрнек шәуі, құймалау, нәзік күміс сымнан өрімдер жасау сияқты әдістерді өзара ұштастырды. Бұл ою-өрнек әшекейлерінің сюжеттері әдетте геометриялық пішіндері, гүл-бәйшешектер, өсімдік бейнелері, хайуанаттардың бейнелері болды. Жүрек пішінді белбеу тоғаларының (ілгектердің), нәзік күміс сыммен көмкерілген қошқар мүйіз қапсырмалардың, үлкен домалақ түймелердің (торсылдақ түйме) және басқалардың жасалуы өте шебер болды [8].
«Өзіндік төл мәдениетін құрған бірегей көшпелі өркениет бүгінгі күні әлемдік өркениеттер Олимпінен заңды түрдегі орнын иеленіп отыр» деп Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев айтқанындай, өзіндік ұлттық атрибуттарына негізделген мәдениетін құрған қазақ халқының мәдени құндылықтарын түйіндер болсақ, Қазақстандағы шұғылалы байырғы мәдениетті бөгде бір халық жасап, қазақтарға тарту етіп қалдырған жоқ. Ол қазақ халқының өзіндік ақыл-парасаты мен ерік-жігерінің, күш-қайратының тарихи жемісі болып табылады
Әдебиет
Назарбаев Н. Туған елім – тірегім. Құрастырған: Қасымбеков М., Әлімқұлов У. – Алматы, 2001.
П.Момынұлы. Қазақ мәдениетінің өткені мен болашағы. //Мәдениет №8 (35) тамыз 2009. 25 б.
Г.Пірімқұлова. Ауыл қазақтарының қазіргі кезеңдегі материалдық мәдениеті. //Қазақ тарихы №3 2007. 57 б.
Н.Мұқаметханұлы. Қазақ мемлекеттігіне қатысты Қытай деректері. //Қазақ тарихы №2 2006. 29 б.
Маданов Х. Қазақ мәдениетінің тарихы. – Алматы, 1998. 117 б.
Рысбай К. Қазақстан Республикасының тарихы. – Алматы, 2005.83 б.
Мусин Ч. Қазақстан тарихы. Алматы, 2005. 159 б.
Р.Сәмбетжанова. Қазақ халқының музыка және қолданбалы өнері. //Қазақ тарихы №2 2009. 69-70 б.
Достарыңызбен бөлісу: |