Орталық мешіт – жамиғат игілігіне
Кеше, қарашаның 23 күні Қарағанды қаласында жаңадан салынып, пайдалануға берілген Орталық мешіт алдында көп адам қатысқан жиын болды. Күннің қытымыр аязды болғанына қарамастан, осы жиынға қала тұрғындары, намазхандар, жастар көп жиналды. Халықтың алдында облыс әкімі Серік Ахметов құттықтау сөз сөйледі.
Құрметті жамиғат! Сәрсенбінің сәтті күні көптен күткен жаңа мешіттің есігі айқара ашылғанын көріп, қуанышқа бөленіп тұрмыз. Естеріңізде болар, 2009 жылы Құрбан айтта мешіт намазхандары қаламызға жаңа мешіт салсақ деген тілек білдірген еді. 2010 жылы мамыр айында осы жерде мешіттің алғашқы қадасы қағылды. Сол жылы шілде айында құрылыс басталып кетті. Бұған бюджеттен бір теңге де жұмсалған жоқ. Барлық жұмыс демеушілердің, қалталы азаматтардың, халықтың жинаған қаражатына атқарылды. Осы заманғы ең жақсы материалдар қолданылды. Осыдан екі күн бұрын облысымызда жұмыс сапарымен болған Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев мешітке арнайы атбасын тіреп, оның ішкі-сыртқы безендірілуіне жақсы баға берді. Сөйтіп, Елбасымыз жаңа мешітті ашып, батасын берді. Бұл мешіт тек қана Қазақстандағы ғана емес, Орта Азиядағы ең көркем, әрі үлкен мешіттердің бірі. Оның іші қазақи ою-өрнектермен безендірілген. Оны қазір өздеріңіз көзбен көресіздер. Осы мешітті салуға ат салысқан барлық азаматтарға, жұмысшыларға, қаржылай көмек берген жұртшылыққа зор ризашылық білдіреміз. Бұл Алланың үйі халықты бірлікке шақырып, жастарды имандылыққа тәрбиелеп, рухани азық беретін орын болады деп сенеміз. Жаңа мешіттің іші нұрға толып, қайырлы мекен болсын. Құт береке әкелсін, – деді облыс әкімі өз сөзінде.
Бұдан кейін облысымызға белгілі еңбек ардагерлері Жарылқасын Бикенов, Тілеубек Зейнешев және Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Қарағанды өңіріндегі өкіл имамы, Орталық мешіттің бас имамы Рашид қажы Алпысбаев құттықтау сөз сөйледі. Осыдан кейін жиналған жамиғат үшін мешіттің есігі айқара ашылды. Аруақтарға арнап дұға оқылды. Намазхандар сәлем намазын оқыды.
Бар-жоғы бір жылдан асар-аспас уақытта салынып, пайдалануға берілген Қарағанды қаласындағы Орталық мешіттің құны 1,7 млрд. теңге болды. Бір мезгілде 4 мың адам намаз оқи алатын бұл мешіт үш қабаттан тұрады. Бірінші қабатта неке қию залы, 330 орындық асхана, жуынатын бөлмелер және басқадай техникалық бөлмелер орналасқан. Екінші қабатта 3 200 орындық ерлер намаз оқитын үлкен зал, киім ілгіш, мешіт қызметкерлері отыратын және дәріс беретін бөлмелер орын тепкен. Үшінші қабатта 800 орындық әйелдер намаз оқитын зал бар.
Мешіттің төрт мұнарасының әрқайсысының биіктігі 49 метр. Үлкен күмбездің диаметрі 12 метр, кіші күмбездердің диаметрі 8 метрден. Мешіттің іші қазақтың ою-өрнектерімен безендірілген. Құранның сүрелері ойып жазылған. Терезелері осы заманғы көркем-витраждық техникамен жасалып, бірінші рет қолданылып отыр. Оның қоңыр түсті шынылары жаз кезінде күннің ішке түсуін тежейді. Мешіттің іші мен сыртын әсемдеуге еліміздің барлық түпкір-түпкірінен 70-тен астам шебер шақырылып, олар өздерінің өнерін аямады. Ғимараттың темірден, шыныдан, керамикадан жасалған барлық әсемдік бұйымдарын жергілікті шеберлер жасады. Мешітті салу кезінде Арабияның, Малайзияның ең әсем мешіттерінің үлгілері алынды.
Сонымен, Қазақстан Тәуелсіздігінің 20 жылдығы құрметіне пайдалануға берілген жаңа мешіт қала тұрғындарына үлкен сый болды. Көкпен тірескен көк мешітті көрген жұртшылық дән риза болды.
Серік СЕКСЕНҰЛЫ.
|
|