194
Снегурочка – ақшақар, қарханшайым, қаршақыз;
Коляска – бесікарба, қолкүйме, күймебесік;
Личный счет – бетесеп, жеке есеп;
Экстрасенс – болжамгер, емгер;
Консолидация нации – ел болып ұю, ұлт болып ұю;
Патриот – елжанды, ұлтжанды, отансүйгіш;
Боеголовка – құстұмсық, ақтұмсық, оқбасы;
Опекун – қорғаншы, қамқоршы;
Тратуар – аяқжол, жиекжол, жаяусоқпақ және т.б.
Қазіргі қазақ тілінде приватизатор терминінің аудармасы
ретінде жекешелендіруші сөзі қалыптасқан. Егер аударма сөздің
құрылымы мен смеантикасына назар аударатын болсақ, онда бұл
сөзді қабылдауды, ұғынуды қиындататын элементтерді байқауға
болады: Приватизатор – приват (лат. privat – жекеменшік), -из
(іс-әрекетті білдіруші жұрнақ), -атор (іс-әрекетті атқарушы);
жекешелендіруші – жекеше (дербес, бөлек, өз алдына), -лен
(пассивация), -дір (каузация), -у (іс-әрекет), -ші (іс-әрекетті
атқарушы). Семантика және құрылымы тұрғысынан бұл терминге
негізінен қазақ тілінің жекеменшік – жекеменшіктеуші сөздері
лайық болып келеді. Бірақ жекешелендіруші сөзі кеңінен таралып,
тіл фактісіне айналды. Яғни узуалдану процесінің барысында кез
келген окказионалды атау узуалдыға айналуы мүмкін.
Ал жалпы узуалдану процесі дегеніміз – бір атаудың бірнеше
варианттарының ішінен біреуінің іріктеліп, сол ұғымның
болашақта атауы болатын варианттың таңдалып алынуы.
Мысалы, кезінде медсестра терминінің сөйлеу тілінде
қолданылған мынадай бірнеше варианттары болған: мейірбике
(«Ана тілі» газеті), медбике, емші бибі (Ө.Айтбайұлы), медбибі
(Т. Жанұзақов, Ө. Айтбайұлы), шипагер, аяжан, емшібике,
медайым («Ана тілі» газеті), медицина бикесі («Алматы ақшамы»
газеті). Осы варианттар арасынан бекітілгені медбибі нұсқасы.
Бұл ретте, біздің ойымызша, аталған терминнің узуалдануына
мынадай факторлар себеп болды: 1) атаудың қолданылу жиілігі;
2) варианттардың басқа атаулардың орнына қолданылуы ( врач –
шипагер), ( сестра милосердия – мейірбике) («Ана тілі» газеті); 3)
аталған вариантты қолданған авторлардың маман ретіндегі беделі
(Т.Жанұзақов, Ө.Айтбайұлы).
195
Сонымен, ғылыми мәтіндерде, ресми құжаттарда вариантты
терминдердің
мүмкіндігінше
Мемлекеттік
терминология
комиссиясы тарапынан бекітілген немесе ресми, ғылыми тілде
стандартталған, сондай-ақ жазба тілде қолдану жиілігі жоғары
(нормаға айнала бастаған) тұлғасы пайдаланылуы тиіс.
3.5 Бекітілген терминдер қатарындағы төл сөздердің әлеуеті
туралы
Соңғы жылдары ұлттық ойсана мен ұлт тілі туралы көзқарас,
оларға деген қарым-қатынас түбегейлі өзгерістерге ұшырады.
Осыған байланысты тіл біліміндегі зерттеу бағыттары да тың
арналарға қарай ойысты: әсіресе қолданбалы тіл білімі саласында
қазақ тілінің мемлекеттік тіл дәрежесін барынша биік сатыға
көтеру мүддесінде қазақ тілінің терминжасам жүйесіне қатысты
маңызды жұмыстар қолға алына бастады. Бұл ретте республикада
тіл саясаты мен стратегиясына арналған нормативтік құжаттарда
көрсетілетін ізгі талаптарды атап өтпеуге болмайды. Қазақстан
Респуликасы Президентінің 2001 жылғы 21 ақпандағы № 550
Жарлығымен бекітілген «Тілдерді қолдану мен дамытудың 2001-
2010 жылдарға арналған мемлекетттік бағдарламасында» қазақ
тілінің әлеуметтік-коммуникативтік қызметін кеңейту мақсатында
жүзеге асырылатын міндеттер қатарында «қазіргі қазақ әдеби
тілінің сөзжасам процестерін, оның ішінде терминжасам
принциптерін ғылыми негізде жүйеге келтіру, қазақ тілінің
толыққанды терминологиялық жүйесін енгізу» [58, 85-б.],
бұл үшін тілдің лексикалық және семантикалық тынысының
мүмкіндіктерін кеңейту қажеттігі баса көрсетілді. Сөйтіп, қазіргі
тіл стратегиясы мен тілдің корпусты жоспарлануына сәйкес
терминологиялық сөздіктерді шығару, оларда ғылыми және
мәдени болмысқа қатысты терминдерді қамту қарқынды сипатқа
ие болды. Соңғы онжылдық көлемінде әралуан салаларға қатысты
жекелеген авторлар тарапынан жасалған шағын екітілді, түсіндірме
сөздіктерді атамағанның өзінде, Қазақстан Республикасы Үкіметі
жанындағы Мемлекеттік терминология комиссиясы бекіткен
31 томдық салалық терминологиялық сөздіктер (еңбектің алғы
сөзінде «ғылым, мәдениет және экономика салаларының негізгі
терминдерін қамтитын сөздіктер сериалы» деп аталады) жарық
196
көрді [88], Мемтерминкомде сарапталып, бекітілген терминдер де
жарияланды [89].
Жалпы алғанда, қазақ әдеби тілінің терминдік жүйесін
қалыптастыру жұмыстары қолға алынған кезден бастап-ақ айқын
байқалған бір жайт – түп негізі роман-герман, латын, грек және
т.б. тілдері болып саналатын, қазақ тілтанымында дәстүрлі түрде
«орыс тілінен енген сөздер» деп аталатын өзгетілдік элементтер
үшін қазіргі қазақ әдеби тілінің айналымында сирек қолданылатын,
көнерген сөздер, жергілікті тіл ерекшеліктері қатарынан алынған
саналуан сөздердің ұсынылуы. Бұл, әрине, бүгінгі таңда да
жалғасын тауып келе жатқан оң құбылыстардың бірі. Тіл қорында
бар, алайда белгілі бір кезеңдерде қолданыстан сыртқары қалған,
мағынасы терең, төл қазақ сөздерінің терминдік айналымға сәтті
түсуі – қазақ тілінің ұлт тілі ретіндегі бекемдігін, өміршеңдігін,
тамыры тереңде екендігін дәлелдейтін фактор. Төл тілдік
әлеуеттің осындай мүмкіндіктеріне иек арту жоғарыда аталған,
Мемтерминком бекіткен терминдер тізбесінде де байқалады.
Әдетте, осындай алқалы орган бекіткен сөздер мен сөз орамдары
заң күшіне ие, олардың қолданылуы (бұрын бірнеше вариантта
жұмсалып келгендерді, екіұдай мағына болғандарды ығыстырып
) міндетті болып саналады. Алайда тілдің қолданымға түсу
тәжірибесіне зер салсақ, бекітіліп ұсынылған аталымдардың бір
тобының коммуникативтік актіге түспейтіндігін байқауға болады.
Оның сырттай бақылағанда аңғарылатын бірнеше себептері бар:
қазақ тілін ресми-іскери қарым-қатынаста пайдаланушылар
лексикографиялық еңбектердің мәліметтерін басшылыққа алуға
назар салмайды; өзінің терминдерге қатысты бар білімімен
шектеледі және, ең бастысы – екітілді терминологиялық
сөздіктермен таныс болғанның өзінде де оларда берілген төл
тілдік сөздердің (көнерген сөздер, белгілі бір аймаққа тән сөздер
және т.б.) мағынасын түсінбегендіктен, өзінің коммуникативтік
сөйлеу актісінде жоқ болғандықтан, бұған дейінгі жинақтаған
білім- ақпаратының қорында бұндай типтес сөздер мүлдем
кездеспейтіндіктен, пайдаланудан қашқақтайды (тіпті бас тартады),
олардың орнына орыс тіліндегі баламаларын немесе калька арқылы
жасалған (бұлар құрылымы мен формалды мазмұны жағынан
ұғынықтырақ) нұсқаларды жұмсауға бейім тұрады. Демек, қазақ
Достарыңызбен бөлісу: |