Бруцеллездің алдын алу бойынша санитариялық-эпидемияға қарсы (профилактикалық) іс-шараларды ұйымдастыруға және жүргізуге қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар
Эпизоотиялық ошақты тексеруді тиісті аумақтың мемлекеттік ветеринариялық дәрігері, мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық инспекторы және дәрігер-эпидемиологы жүргізеді.
Адамдардың сырқаттанушылығында ұсақ малдың бруцеллез бойынша қолайсыздығының маңызы ерекше. Ірі қара малдың және шошқаның бруцеллез бойынша эпизоотиялық ошақтары бар елді мекендерде, әдетте, адамдардың бруцеллезбен сырқаттануының кездейсоқ жағдайларының бірлі-жарымы тіркеледі.
Эпизоотиялық ошақты эпидемиологиялық тексеруді медициналық ұйымнан шұғыл хабарлама (Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерін мемлекеттік тіркеу тізілімінде 2010 жылғы 21 желтоқсанда № 6697 болып тіркелген, «Денсаулық сақтау ұйымдарының бастапқы медициналық құжаттама нысандарын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2010 жылғы 23 қарашадағы № 907 бұйрығымен бекітілген № 058/е есепке алу нысаны), сондай-ақ ветеринариялық қызметтен, шаруашылық субъектілерінің басшыларынан, мал иелерінен шаруашылық етуші субъектілерде бруцеллезбен ауырған жануарлардың анықталу жағдайлары туралы мәліметтер алғаннан кейін бір тәулік ішінде бастайды.
Адамдардың бруцеллезбен сырқаттану жағдайларын эпидемиологиялық тексерудің мақсаты ветеринариялық қызмет мамандарымен бірлесіп инфекция қоздырғышының көздерін, жұқтыру жолдарын анықтау, инфекция көздерімен байланыста болған барлық адамдарды анықтау және одан және осы ошақта бруцеллездің одан әрі адамдарға жұғуының алдын алу бойынша кешенді іс-шаралар жүргізу, сондай-ақ эпизоотиялық ошақта жұмыс істейтін адамдарға медициналық бақылауды анағұрлым ерте белгілеу болып табылады.
Жұқтыру жолдарын анықтау үшін меншік нысанына қарамастан шаруашылық субъектілеріне, жануарлардан алынатын өнімдер мен шикізатты қайта өңдеу жөніндегі кәсіпорындарда (ет өңдеуші кәсіпорындарда, сою пункттерінде, сою алаңдарында, сүт зауыттарында) егжей-тегжейлі эпизоотиялық-эпидемиологиялық тексеру жүргізген жөн.
Тексеруді тиісті аумақтың мемлекеттік ветеринариялық дәрігері, ветеринариялық-санитариялық инспекторы осы объектіге жетекшілік ететін эпидемиологты тарта отырып және шаруашылық субъектісінің, кәсіпорын әкімшілігінің немесе мал иесінің қатысуымен жүргізеді. Ошаққа эпизоотиялық-эпидемиологиялық тексеру мынадай схема бойынша жүргізіледі:
эпизоотиялық ошақтың пайда болған жерін анықтау (ферма, отар, мал шаруашылығы шикізатын қайта өңдейтін кәсіпорындар, шаруашылық субъектісі). Халықты диспансерлік тексерудің алдыңғы нәтижелерін және ветеринариялық зертхана деректерін пайдалана отырып, бұрын осы ошақта адамдардың немесе жануарлардың ауырған жағдайы болғанын анықтау қажет;
эпизоотиялық ошақтың шығу себептеріне және жағдайларына тікелей қатысты, адамдарға жұқтыруға және олардың сырқаттануына ықпал ететін инфекция қоздырғышының көздерін табу. Осы аспектілерді анықтаудың нақтылығы мен толықтығы одан әрі бруцеллезге қарсы іс-шараларды таңдау тактикасына байланысты. Ветеринариялық қызмет жануарларды бруцеллезге тексеруді ұйымдастырады және ауру жануарлар анықталған кезде оларды оқшаулау, союға тапсыру және басқа да ветеринариялық-санитариялық іс-шаралар жүргізу бойынша шұғыл шаралар қабылдайды. Санитариялық-эпидемиологиялық қызмет медициналық ұйым арқылы науқастарды ерте анықтау және емдеу мақсатында жұқтыру тәуекеліне ұшыраған барлық адамдарды клиникалық-зертханалық тексеруді ұйымдастырады, қоздырғыштың берілу факторлары ретінде күдікті объектілерді зертханалық зерттеу үшін сынамалар алуды жүргізеді, аурудың жаңа жағдайларының алдын алу үшін санитариялық-ағарту жұмыстарын және басқа да іс-шараларды ұйымдастырады. Жануарлардың іш тастаған, өлі туған төлдерінен және сүттен қоректік (селективті) орталардың көмегімен бруцеллалардың өсірінділерін бөліп алу олардың жұқпалы бастаудың берілуіндегі рөлінің дәйекті дәлелі болып табылады. Сонымен қатар, осы факторлардың маңызын басқалармен (топырақ, су, сүт өнімдері, жүн, тері, қи) қатар анықтау серологиялық және басқа да әдістермен жүзеге асырылуы мүмкін;
алынған деректерді талдау, пайда болған эпизоотиялық ошақты жою жөнінде барабар шараларды таңдау және оның пайда болу себептері мен жүргізілген іс-шаралар туралы қорытындылар жасау. Мемлекеттік ветеринариялық дәрігері, мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық инспектор және эпидемиолог ошақтағы эпизоотологиялық көріністі, оның қарқындылығын (малдың жұқтыру дәрежесін), шекарасын, айналатын қоздырғыштың түрін, объектінің санитариялық-гигиеналық жағдайын, инфекция қоздырғышының берілу факторлары мен жолдарын, жұқтыру тәуекеліне ұшыраған адамдардың тізбесін нақты анықтайды және пайда болған ошақты жою жөнінде барабар шараларды қабылдайды. Эпизоотиялық ошақты тексеру процесінде эпидемиолог ветеринариялық маманмен бірлесіп адамға жұққанына немесе жұқпағанына қарамастан Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерін мемлекеттік тіркеу тізілімінде 2012 жылы 14 ақпанда № 7424 болып тіркелген, «Санитариялық-эпидемиологиялық қызмет органдары мен ұйымдарының есепке алу құжаттамасының нысандары мен тізбесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрінің 2011 жылғы 20 желтоқсандағы № 902 бұйрығымен бекітілген № 175/е «Зооноздық ауру ошағына эпизоотиялық-эпидемиологиялық тексеру картасы» арнайы есептілік нысанын толтырады. Адам сырқаттанған жағдайда, оған қоса «Науқас туралы мәліметтер» қосымша беті толтырылады. Ошақта бірнеше осындай жағдайлар болғанда, әрбір науқасқа қосымша бет жеке толтырылады. Картаның бөлімдері және ондағы сұрақтар ошақты эпидемиологиялық тексерудің негізгі кезеңдерінің тәртібімен орналасқан. Егер эпидемиологиялық тексеру бруцеллезбен ауыратын жануарларды анықтауға байланысты жүргізілсе, тексеру нәтижелері мемлекеттік ветеринариялық дәрігермен, мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық инспектормен бірлесіп актімен ресімделеді, онда бруцеллезге қарсы іс-шаралардың орындалу нәтижелерін, жұмыс істейтін адамдарда бруцеллездің алдын алу жағдайын, инфекция көздерімен байланыста болған адамдарға медициналық тексеруді ұйымдастыруды, сондай-ақ эпидемияға қарсы іс-шараларды тексеруді көрсету керек. Осы шаруашылық (кәсіпорын) бойынша кейіннен орындалуын міндетті түрде тексерумен жоспар-тапсырма дайындалады.
Фермаларға, кәсіпорындарға (шаруашылық етуші субъектілерге) эпизоотиялық-эпидемиологиялық тексеру жүргізген кезде бірінші кезекте бруцеллезге қарсы іс-шаралардың сақталуына көңіл аудару керек, жұмыскерлердің еңбек жағдайын зерделеу қажет, ол үшін:
аумақтың абаттандырылуына, сумен жабдықтауға, дезинфекциялық және жуғыш заттардың болуына, жұмысшыларға арналған тұрмыстық үй-жайлардың жабдықталуына, олардың жай-күйіне және ұсталуына, мал қорымдарының (биотермиялық шұңқырлар), Беккери шұңқырларының немесе өлексе өртеу пештерінің жабдықталуына, жинау мүкәммалының, оның ішінде іш тастаған және өлі туған төлдерді, шуды жинауға арналған жинау мүкәммалының бар болуына ерекше көңіл аудара отырып, объектінің санитариялық-гигиеналық жағдайын бағалау;
персоналдың жеке қорғаныш құралдарының бар-жоғын анықтау: арнайы киім мен аяқ киімдер, қолғаптар, резеңке (клеенка) алжапқыштар, саусақты қолғаптар, олардың саны, қолдануға жарамдылығы, сақтау, ауыстыру тәртібі, кір жуудың орталықтандырылуы, дәрі қобдишаларының, қол жуғыштардың, дезинфекциялық заттардың, сабынның бар болуы;
жұқтырудың алиментарлық жолдарын анықтау мақсатында сүтті пастерлеу режимін, сүт ыдыстарын, сүзгіш материалдарды сақтау және өңдеу шарттарын сақтауды тексеру, сүт және сүт өнімдерін сату тәртібін белгілеу;
тексерілген шаруашылықтан мал шаруашылығы шикізаты мен өнімдерін алғашқы өңдеу және тасымалдау тәртібін анықтау, шаруашылықтағы немесе кәсіпорындағы персоналдарға профилактикалық қарау жүргізудің ұйымдастырылуын тексеру қажет.
Адамдарды жұқтырудан қорғау мақсатында мынадай ветеринариялық (ветеринариялық-санитариялық) және санитариялық-гигиеналық іс-шаралар жүргізіледі:
кейіннен жабдықтарды, үй-жайларды дезинфекциялау және қалдықтарды зарарсыздандыру, ауру жануарлар тасымалданған көлікті дезинфекциялау арқылы бруцеллез бойынша қолайсыз шаруашылық субъектілерінде жануарларды сою қағидаларын сақтау;
зерттеу кезінде бруцеллезге әсер беретін жануарларды қабылдауға, тасымалдауға және союға, тұтас еттерін бөлуге және олардан алынатын шикізаттарды өңдеуге бруцеллезге диспансерлік тексеруден өткен, оның ішінде бруцеллезге тексеру кезінде оң иммунологиялық реакциясымен, бірақ бруцеллездің манифестік түрлерімен ауыратынын жоққа шығаратын тиісті медициналық мекемелерге қатысты динамикада титрлердің өсуі жоқ кәсіпорынның тұрақты жұмысшыларына ғана рұқсат етіледі;
қолдарының саусақтарында тіліктері, жарасы және терінің басқа да зақымданғаны бар тұлғалар жұмысқа терінің зақымданған жерлерін алдын ала өңдегеннен кейін резеңке саусақты қолғаппен ғана жіберіледі. Бруцеллез бойынша қолайсыз шаруашылық субъектілерінен келіп түскен, тексерген кезде бруцеллезге әсер беретін малдардың барлық түрлерін (және оны сойғанда алынған өнімдерді) қайта өңдеуде осы жұмысқа қатысатындардың барлығы резеңке саусақты қолғап киеді;
бруцеллезге әсер беретін жануарларды қабылдауға, тасымалдауға, союға және тұтас еттері мен олардан алынған шикізаттарды қайта өңдеуге жасы 18 жасқа толмаған адамдар, жүкті және бала емізетін әйелдер, маусымдық жұмысшылар, этиологиясы әртүрлі жіті және созылмалы (асқыну сатысындағы) аурулармен ауыратын науқастар, бруцеллездің клиникалық белгілері байқалған науқастар, бруцеллездің алдын алу бойынша санитариялық минимумнан өтпеген жұмыскерлер жіберілмейді;
бруцеллез бойынша қолайсыз шаруашылық субъектілеріндегі жануарлардан алынған сою өнімдері мен сүтті өңдеу және пайдаланудың белгіленген қағидаларын сақтау;
кәсіпорындарда және шаруашылық субъектілерінде жануарлармен жұмыс істеу қағидаларын сақтау: персоналды, оның ішінде бруцеллезді жұқтыру тәуекеліне байланысты жұмысқа уақытша тартылған адамдарды жеке гигиена құралдарымен, жеке және арнайы киімдермен (халаттар, резеңке саусақты қолғаптар, жеңқаптар, клеенка алжапқыштар, арнайы аяқ киім) қамтамасыз ету;
демалатын бөлме, тамақ ішетін орын, душ бөлмелеір сияқты тұрмыстық үй-жайларды пайдалану қағидаларынн сақтау;
ыстық сумен, жуу және дезинфекциялық заттармен қамтамасыз ету;
шаруашылық субъектілерінде және кәсіпорындарда орталықтандырылған дезинфекцияны, арнайы киімдерді жууды және тазалауды ұйымдастыру;
гигиена қағидалары, жеке қорғаныш заттарын қолдану, бруцеллезге қарсы режимдерді сақтау туралы шаруашылық субъектілерінің жұмыскерлеріне нұсқама жүргізу. Осыған ұқсас нұсқама ауыл шаруашылығы жануарларының иелеріне жүргізіледі;
бруцеллезді жұқтыру тәуекелімен байланысты жұмысқа нұсқамадан өткеннен кейін ғана жіберу.
Шаруашылық субъектілерінде, жануарлардан алынатын өнімдер мен шикізатты қайта өңдейтін кәсіпорындарда, вирулентті өсірінділермен жұмыс істейтін зертханаларда бруцеллезге қарсы іс-шараларды ұйымдастыруға және өткізуге және бруцеллезге қарсы режимді сақтауға мемлекеттік санитариялық қадағалау тәртібіндегі бақылауды халықтың санитариялық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы мемлекеттік орган ведомствосының аумақтық бөлімшелері жүзеге асырады.
Хеддельсон және Райт реакцияларымен бруцеллезге міндетті тексеруге донорлар, тіндер, органдар және басқа да биологиялық материалдар жатады.
Бруцеллезді жұқтыру тәуекелі бар шаруашылық субъектілерінде, шалғайдағы жайылымдарда, сою пункттерінде, қой қырқу пункттерінде, ет комбинаттары мен сүт зауыттарында және басқа да кәсіпорындарда бруцеллезге қарсы режимнің сақталуы бойынша жоспарлы тексеруді эпидемиологтар осы объектілерге жетекшілік ететін санитариялық дәрігерлермен, сондай-ақ тиісті аумақтың мемлекеттік ветеринариялық дәрігерімен мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық инспекторларымен бірлесіп жүргізуі керек. Жоспардан тыс тексерулердің жиілігі тәуекел дәрежесіне және орындағы эпидемиологиялық және эпизоотиялық жағдайға байланысты, бірақ жылына кемінде екі рет болуы тиіс. Тиісті шаралар қабылдау үшін шаруашылық субъектілерінің әкімшілігін және иелерін объектілерді тексеру нәтижелерімен таныстырады.
Бруцеллез жұқтырған және онымен ауырған адамдарды уақтылы анықтау мақсатында жұмысқа орналасатын кезде және одан кейін жыл сайын міндетті диспансерлік профилактикалық тексеріп-қараудан мынадай санаттағы азаматтар өтеді:
малшылар және олардың отбасы мүшелері;
мал күтуге уақытша тартылған жұмысшылар, шаруашылық субъектілерінде мал шаруашылығы жұмысына тартылатын құрылысшылар, механизаторлар;
мал шаруашылығы шикізаты мен өнімдерін қайта өңдеу жөніндегі кәсіпорындардың тұрақты және уақытша жұмыскерлері;
қаракөл, тері зауыттарының, жүнді алғашқы өңдеу фабрикаларының, тері, жүн өңдейтін шағын кәсіпорындардың жұмысшылары;
бруцеллалардың тірі өсірінділерімен, жұқтырылған материалмен, вакциналық препараттармен жұмыс істейтін медициналық, ветеринариялық және басқа персонал;
алғашқы латентті бруцеллезбен ауырған және серологиялық реакциялар бойынша бруцеллезге оң әсер беретін адамдар.
Санамаланған контингентті диспансерлеу ресми жарияланған бруцеллез бойынша қолайсыз шаруашылық субъектілерінде ғана емес, қолайлы шаруашылық субъектілерінде де жүргізіледі.
Ауруды жұқтырған жағдайда аурудың кәсіби сипатын барынша ықтималдықпен жіктеу мүмкін болуы үшін ауылды жерлерде барлық көрсетілген контингент жұмысқа орналасатын кезде бруцеллезге тексеріледі (клиникалық тексеріп-қарау, қанды Хеддельсон реакциясына зерттеу). Жұмыс басталғанға дейін диспансерлеумен толық қамтылмаған жағдайларда жұмысқа уақытша тартылған контингент ошаққа келген алғашқы 10 күнтізбелік күнде тексерілуге жатады, себебі жаңа жұқтырған кезде гуморальдық жауап осы мерзімнен кейін дамиды. Бұл ретте медициналық қызметкер сақманға нақты тартылған адамдардың тізімін жасайды.
Диспансерлеуге басшылықты денсаулық сақтау органдарының бас мамандары жүзеге асырады. Диспансерлеуді инфекциялық аурулар кабинеттері жүргізеді. Халықтың санитариялық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы мемлекеттік орган ведомствосының аумақтық бөлімшелері мерзімдік медициналық тексеріп-қарау және диспансерлеумен толық қамтылуын бақылауды жүзеге асырады, бруцеллезге мерзімдік медициналық тексеріп-қарауға жататын контингентті айқындайды, тексеріп-қарауды жүргізу мерзімдерін көрсете отырып, объектілердің және жұмыс істейтіндер тізбесін жасайды, сондай-ақ қолайсыз өндірістік факторлардың әсерін бағалайды. Аудандық орталық аурухананың ұйымдастыру-әдістемелік бөлімі, инфекциялық аурулар кабинеті халықтың санитариялық-эпидемиологиялық қызмет саласындағы мемлекеттік орган ведомствосының аумақтық бөлімшесінің эпидемиологымен бірлесіп жыл сайын динамикада мынадай деректерді көрсете отырып, бруцеллезге мерзімдік тексеріп-қараудың нәтижелерін қорытындылайды:
бруцеллезге диспансерлік тексеріп-қарауға жататын адамдардың, оның ішінде бастапқы медициналық-санитариялық көмек желісі бөлігінде қаралғандардың саны;
бруцеллезбен ауырған науқастардың және реакциялар (Райт, Хеддельсон) кешені бойынша оң әсер бергендердің, оның ішінде диспансерлік есепке алынғандардың саны;
емделуге жататын науқастардың, оның ішінде емделуге (амбулаториялық және стационарлық) жіберілгендердің саны;
басқа жұмысқа ауыстырылған науқастардың саны;
бұрын ауырған ауруға байланысты мүгедектікке ауыстырылған адамдардың саны;
ауырғаннан кейін диспансерлік есепте тұрған адамдардың, оның ішінде ағымдағы жылы есепке алынғандардың саны;
ағымдағы жылы диспансерлік есептен шығарылған адамдардың саны.
Кәсіптік ауру ресімделген адамдарға ерекше көңіл бөлінеді. Олар есепке жеке тізіммен алынады.
Объектілердің әкімшілігі бруцеллезге мерзімдік медициналық тексеріп-қарауға жататын жұмыс істейтіндердің тегін, атын, әкесінің атын көрсете отырып, бекітілген тізімдерді ұсынады.
Ұсынылған ресми тізім бойынша бастапқы медициналық-санитариялық көмек желісі маусымдық жұмысты жүргізу кезінде малшылардың және жұмысқа уақытша тартылған адамдардың денсаулық жағдайын сұрау және тексеріп-қарау жолымен бақылайды және деректерді диспансерлік журналға (дәптерге) тіркейді.
Бруцеллезге оң әсер берген адамдар, бруцеллездік инфекцияға тән клиникалық белгілері бар науқастар клиникалық белгілердің бейіні бойынша мамандарды (инфекционист, невропатолог, гинеколог, уролог, хирург) тарта отырып, тереңдетілген медициналық тексеріп-қараудан өтуге жатады.
Диагнозды нақтылау немесе растауды инфекциялық стационарда (бөлімде, ауруханада) инфекционист дәрігер жүргізеді.
Бруцеллездің кәсіптік қызметпен байланысын анықтау белгіленген тәртіппен инфекционист пен эпидемиологтың міндетті түрде қатысуымен жүргізіледі. Бруцеллезді жұқтырудың кәсіптік сипатын растайтын негізгі құжат толтырылған қосымша парақпен қоса эпидемиологиялық тексеру картасы болып табылады.
Тұрақты малшыларға және мал шаруашылығына уақытша тартылған адамдарға ауыл шаруашылығы жануарларының төлдеуі және бұзаулауы аяқталғаннан кейін 1-2 ай ішінде профилактикалық медициналық тексеріп-қарау (клиникалық тексеріп-қарау, қанды Хеддельсон реакциясында зерттеу) жүргізген жөн.
Жануарлардан алынатын өнімдер мен шикізатты қайта өңдеу жөніндегі кәсіпорындардың тұрақты және уақытша қызметкерлері жаппай жануарлар сойылғаннан кейін және жануарларды санитариялық қасапханаларда сойғаннан кейін әр жылдың төртінші тоқсанында диспансерлік тексеруден (клиникалық тексеріп-қарау, қанды Хеддельсон реакциясында зерттеу) өтулері қажет. Диспансерлік топқа жұқтыру тәуекелі бар цехтардың жұмысшылары кіреді.
Қаракөл, тері зауыттарының, тері, жүн өңдейтін шағынкәсіпорындардың жұмысшылары, сондай-ақ бруцеллалардың тірі өсірінділерімен жұмыс істейтін медициналық, ветеринариялық және басқа да персонал жылына бір рет диспансерлік тексеруден өтулері тиіс (клиникалық тексеріп-қарау, қанды Хеддельсон реакциясында зерттеу).
Алғашқы латентті бруцеллез ауруымен ауыратын және серологиялық реакциялар бойынша бруцеллезге оң әсер беретін адамдар тоқсанына 1 рет тексеру жиілігімен 1 жыл ішінде диспансерлік бақылауға жатады. Серологиялық реакциялардың титрі артқан жағдайда олар 2 айда 1 рет қайта тексеріледі (қажет болғанда ем тағайындалады). Бруцеллез ауруына ұқсас шағым пайда болған жағдайда кеңейтілген зерттеу жүргізу (қан егу, қан мен несептің жалпы талдауы, Хеддельсон және Райт реакцияларын қайта қою, дене қызуын сағат тәртібімен өлшеу) және инфекционистке консультацияға жіберу керек. Диспансерлік мерзімнің соңында шағым болмаған жағдайда қанға Райт реакциясында зерттеу жүргізіледі және теріс нәтиже анықталған жағдайда бақылау тоқтатылады.
Балаларды қоса алғанда, жеке шаруашылықтағы жануарлармен ошақта байланыста болған барлық адамдар халықтың санитариялық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы мемлекеттік орган ведомствосының аумақтық бөлімшелерінің нұсқауы бойынша дереу тексеруге (клиникалық тексеріп-қарау, қанды Хеддельсон реакциясында зерттеу) жатқызылуы тиіс. Осы адамдарды медициналық бақылау ауру жануарды жойған және ошақты санациялаған сәттен бастап (инкубациялық кезеңнің барынша ұзақ мерзімі) 6 ай ішінде белгіленеді. Байланыста болған адамдарға әрбір 2 ай сайын зертханалық зерттеу және бақылау жүргізіледі. Көрсетілген мерзім аяқталған соң шағым болмаған кезде ошақта бақылау тоқтатылады. Шағым пайда болған жағдайда кеңейтілген тексеру (қан егу, Райт реакциясы) жүргізу керек.
Жіті бруцеллезбен ауырып жазылған адамдар процесс созылмалылығының клиникалық-иммунологиялық белгілері болмаған жағдайда ауырған сәттен бастап 2 жыл ішінде бақыланады. Бұрын ауырып жазылған адамдарды бірінші жылы 1, 2, 3, 6, 9, 12 айдан кейін, ал екінші жылы 6 айдан кейін инфекционист тексереді. Бұл уақытта олар мұқият клиникалық және серологиялық тексерілуі тиіс. Жіті және жітілеу бруцеллезбен бұрын ауырып жазылған адамдарды егер соңғы 2 жыл бойы бақылау кезінде процесс созылмалылығының белгілері байқалмаса, құрамында инфекционист дәрігер, терапевт және эпидемиолог бар комиссия оларды диспансерлік есептен алып тастайды.
Созылмалы бруцеллезбен ауыратын науқастарға тоқсан сайын міндетті түрде дене қызуын өлшей отырып және серологиялық зерттеу (Райт және пассивті гемагглютинация реакциялары) жүргізе отырып, мұқият клиникалық тексеру жүргізіледі. Созылмалы бруцелллезбен бұрын ауырып жазылған адамдар жіті және жітілеу бруцеллезбен ауырған адамдар тәрізді диспансерлік есептен шығарылады.
Халықтың қалың көпшілігіне бруцеллез бойынша қажетті санитариялық-гигиеналық білімді жеткізу мақсатында санитариялық-ағарту іс-шаралары жүргізіледі.
Бруцеллездің алдын алу бойынша санитариялық ағартудың негізгі міндеттері:
халықтың белгілі бір топтарында бруцеллез - инфекция қоздырғышының көздері ауру ауыл шаруашылығының жануарлары болатын зооноздық инфекция екендігі туралы нақты түсінік қалыптастыру;
жануарлар арасында аурудың таралуы, бруцеллезді жұқтыру жолдары туралы және аурудың кәсіптік сипатына назар аудара отырып, адам үшін қауіптілік дәрежесі туралы хабардар ету болып табылады.
Мерзімді медициналық тексеріп-қарауды және зертханалық тексеруді жүргізу кезінде тексерілетін контингент арасында санитариялық-ағарту жұмыстары кеңінен жүргізіледі.
Малшыларды жануарлардан алынатын өнімдер мен шикізатты қайта өңдейтін кәсіпорындардың жұмысшыларын арнайы қорғаныш киімдермен қамтамасыз ету қажет.
Достарыңызбен бөлісу: |