Айқын.- 2012.- №27.- 10 ақпан
Қалдан Е.
Жоғары оқу орнына жәрдем керек
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің төрағасы Нұрлан Нығматулиннің Жетекшілігімен өткен Палатаның жалпы отырысында депутат Оразкүл Асанғазы Премьер-Министр Кәрім Мәсімовке депутаттық сауал жолдады. Онда былай делінген:
«Елбасының биылғы Жолдауы білім беру саласына жаңа серпін беретін ерекше міндеттер жүктеді. Білімнің сапасын арттыру, бәсекеге қаблетті мамандар дайындау аса маңызды істердің бірі екендігін Жолдау тағы да аңғарып берді. Біздің ойымызша, бұл Жолдауда білім беру мәселесі осында көтерілген тағы да екі мәселемен стратегиялық тұрғыдан ұштасқан. Олар білікті жоғары білімді маман оның жұмыспен қамтамасыз етілуі және оның баспаналы болуы.Осы қағидатты мәселелер Президент үнемі көтеретін ауыл мәселесіне де тікелей қатысты. Сондықтан ауылға мамандар даярлайтын аграрлық бағыттағы жоғары оқу орнындарына да барынша ортақ.Осындай оқу орындарының бірі Астанадағы С. Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті. Қырыққа жуық мамандық бойыша жеті мыңдай студент білім алатын ірі университеттің материалдық-экономикалық базасы жаңа сипаттағы мамандар дайындауға кедергі жасауда. Атап айтсақ, біріншіден, қазіргі кезде 70 пайызы ауылдан келіп оқитын студенттердің 40 пайызға жуығы ғана жатақханамен қамтамасыз етілген. Ауылдан келіп ақылы бөлімдерде оқитын студенттерді жатақханамен мейілінше қамтамасыз ету – мемлекеттің үлкен әлеуметтік көмегі болмақ. Бұл болашақ мамандардың әлеуметтік тұрмысына айтарлықтай ықпал етіп, олардың сапалы білім алуына әсер етеді. Осыны терең түсінген Елбасы биылғы Жолдауында: «... жатақханалар желісін дамыту тетіктері арқылы білім берудің қолжетімділігін кеңейту қажет» - деп атап көрсеткені белгілі. Елбасының биылғы жылғы Жолдауындағы тапсырмаларының орындау мақсатында жасалып жатқан бюджеттік толықтырулар кезінде С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің студенттеріне арналған Астана қаласында жобалық-сметалық құжаттамасы дайын 592 орындық жатақхана салу үшін мемлекеттік бюджеттен қаражат бөлу бастамасын қолдауды сұраймын. Екіншіден, Президент Жолдауында жоғары оқу орнын бітірген жастың бірден кәсіби маман болып кетпейтіні айтылды. Ал оның білікті маман деңгейіне сай білім алуы оқу үрдісін тәжірибелік сабақтармен ұштастыруында. Осы тұрғыдан келгенде, аталған университетте осы тәжірибелік сабақтарды өткізетін өндірістік және тәжірибе базалары жоқ. Кезінде болған оқу-тәжірибелік база жері қалаға өтіп жеке тұрғын ұйлерге беріліп кеткен. Университетке оқу-тәжірибелік шаруашылықты ұйымдастыру үшін Ақмола облысы, Шортанды ауданындағы А.И. Бараев атындағы Астық шаруашылығы ғылыми-зерттеу орталығының аумағы 1000 га жер учаскісін бөліп, ұзақ мерзімді жалға беру мәселесінің шешілуіне ықпал етуді сұраймын. Біздің ойымызша, елімізде «Дипломмен ауылға» бағдарламасы қарқын алып жатқанда бұл мәселені шешпеске болмайды. Республикалық деңгейдегі Қазақ агротехникалық университеті атына заты сай оқу орны болғаны абзал. Сонда ғана білім мен кәсіби білікке ие болған маман ауылға оралып, жұмыспен қамтылып, қолжетімді баспанаға ие болады. Мемлекеттің қамқорлығымен берілген жұмыс орны, баспана экономикалық дамуымызға өзіндік үлес қосатын лайықты білікті мамандарға берілетін болады. Бұл да Елбасы айтқан стратегиялық жоспарларға аса сәйкес келеді. Сондықтан Астанадағы ауыл шаруашылығы саласындағы бірден-бір жоғары оқу орнына жәрдемдесуіңізді сұраймын».
Достарыңызбен бөлісу: |