Кератоскопия - кератоскоп құралын пайдаланып көздің қасаң қабығын зерттеу әдісі. Қасаң қабықтың мөлдірлігін, тегістігін зерттейді. Малдың зерттелетін көзіне қарама – қарсы жақтан табиғи немесе электр жарығы түсіп тұруы қажет. Зерттеуші мал дәрігері оң қолына кератоскопты шеңбері бар жағын көзге қаратып, зерттелетін көз деңгейінде 10 – 15 см қашықтықта ұстап, жарықтан шағылысқан шеңбер суретін көздің қасаң қабығына түсіреді. Кератоскоптың ортасындағы тесік арқылы қарағанда шеңбер көздің қасаң қабығы аумағынан кіші болса кератоскоп көзден сәл алшақтатылады, ал үлкен болса керісінше жақындатылады. Сау малдың қасаң қабығы тегіс, жылтыр. Оған түскен кератоскоптың дөңгелек шеңберлерінің суреттері анық, бұзылмаған және дұрыс орналасқан. Ал көзінің қасаң қабығы бұрын жарақаттанған және орнында тыртық қалған болса немесе жаңа жарақаттар болса, қасаң қабық тағы басқа себептермен өз тегістігін жоғалтқан болса шеңберлер иректеліп тұтастай немесе оның белгілі бір бөлігі бұзылады. Бір немесе бірнеше шеңбер бұзылуы мүмкін.
30 - шы сурет. Кератоскопия техникасы (оригинал).
Офтальмоскопия - көздің ішкі құрылымдарын: көз камераларын, бұршақ денені, шыны тәрізді денені, торлы қабықты, көз түбін, көздің көру жүйкесін және көз қан тамырларын офтальмоскоп құралымен қарашық арқылы жарық түсіріп қарау арқылы зерттеу әдісі. Офтальмология ғылымының нағыз дамуы 18 ғасырдан басталған. Бұған үлкен себеп болған 1850 жылы Гемогольц деген ғалымның офтальмоскопты ойлап табуы болды. Офтальмоскопия жасағанда қарашық барынша кең ашылып тұру үшін зерттеуден 10 – 15 минут бұрын көзге 1% - ды атропин сульфат ерітіндісін тамызады. Малдың зерттелетін көзіне қарама – қарсы жақтан табиғи немесе электр жарығы түсіп тұруы қажет. Зерттеуді ашық күн көзінде жүргізуге болмайды, өйткені мал көзіне түскен аса жарықтан қатты тынышсызданады. Зерттеуші мал дәрігері зерттелетін көз деңгейінде 10 – 15 см қашықтықта оң қолына офтальмоскопты айна жағын көзге қаратып ұстап, одан шағылысқан сәулені қарашық арқылы көздің түбіне бағыттайды.
31 - шы сурет. Офтальмоскоп (көз айнасы) - көздің ішкі құрылымдарын жарық түсіріп зерттейтін құрал.
32- ші сурет. Офтальмоскопия техникасы (оригинал).
Офтальмоскоптың ортасындағы тесік арқылы қарағанда сау малдың көз түбінің өзіне тән суреті көрінеді (кітаптағы 5 – 6 – шы суреттерді қара). Көз ауруларында көз түбінің суреттерінің әртүрлі өзгерістері анықталады (27 – сурет).
Достарыңызбен бөлісу: |