УДК 374.7; 374.3
ҚАЗІРГІ ЖАСТАРДЫҢ БОС УАҚЫТЫН ТИІМДІ ҰЙЫМДАСТЫРУДЫҢ ЖОЛДАРЫ
Серікқали А.С.
Орал қ.
Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев «Ұлттық мәдениетімізді ұлықтап, бар
мен жоғымызды түгендеп, жүйелеп, келер ұрпаққа аманаттау - басты мақсатымыз» - деп атап
көрсетті [1].
Жастарымыздың бүгінгі таңдағы өміріне қатысты ең өзекті мәселе – бұл олардың бос
уақыттарын дұрыс пайдалана білуі болып отыр. Бос уақытты өткізуге байланысты салауатты өмір
салтын ұстануға тәрбиелеу – тұлғаны қалыптастырудың басты қағидалық принциптерінің бірі. Бос
уақыттың қаншалықты қызықты өтуі өнер үйренуге, шығармашылық мазмұндағы ізденіске, дене
тәрбиесін жетілдіруге бағытталса, сонымен бірге рухани баюға да мұрындық болады. Жастардың бос
уақытының сипаты оның оқу мен өндірістік қызметіндегі мүдделеріне байланысты болуы керек.
Рас, қазіргі уақытта көптеген жас адамдар бос уақыттарының жетіспейтіндігін тілге тиек етеді.
Бұл жағдай адамның көп уақытының жұмыс істеуімен, оқумен айналысуымен түсіндіреді.
Жастар арасында бос уақытты дұрыс пайдалануды ұйымдастыру күрделі процесс. Бүгінгі
жастарымыз өз халқының ұлттық мәдениетімен, асыл мұраларымен тек әдебиеттер арқылы танысып
жүргендігі ащы да болса шындық. Бос уақытты тиімді өткізетін адам, алдына қойған мақсат-мұратына
ең алдымен өзін-өзі жетілдіру арқылы жетеді. Білімді, білікті, қоршаған ортаға немқұрайлы
қарамайтын адам, өзінің бос уақытын арнайы мәдени орындарда, театр, кино, саябақтарда өткізеді.
Бұндай орындардың адам өміріне тигізетін пайдасы өте жоғары болмақ.
Жастар тәрбие барысында ұлттық сананы қалыптастыру ең маңызды шарттардың бірі десек
қателеспейміз. Қазіргі жаһандану кезіндегі Батыс өркениетінен біздің алатынымыз да, ысырып
тастайтын тұстарымыз да бар. Пайдалы тәжірибелердің қатарына батыстың технологиялық
жетістіктерін, экономикалық өндірісті ұйымдастыру тәжірибелері мен ғылыми-техникалық мәдениетін
қабылдау сияқты басым тұстарын алуымызға болады. Батыстың білімі, ғылымы, техникасы,
технологиясы, біздер үшін өте қажет. Десек те, батыс өркениетіне шамадан тыс еліктеушілік –
жақсылықтың нышаны емес. Батыстың технологиялық жаңалығына ұмтылу, экономикалық өндірісті
ұйымдастырудағы жетістіктерін игеру – қажеттілік, ал одан керісінше бүгінгі күнде рухани
тапшылыққа айналып отырған ізгілік, кісілік, адамгершілік, бауырмалдық, әдептілік, тәрбиелік мазмұн
іздеу – бос әурешілік [2].
Қазақ қоғамы қазір қарқынды түрде жүріп жатқан жаһандану үрдісінің ықпалынан өзі қаламаса
да, оқшау бола алмайды. Жаһанданудың қауіпті тұсынан арылу үшін, әрбір ұлт, әрбір этнос, әрбір
мемлекет өзінің болмысына бейімдеп сіңіре алуы керек [3].
Көпшілік жастар бос уақытын кафе-бар, сырахана, түнгі клуб деген аты да, заты да қазаққа жат
орындарда өткізіп, ішімдікке тойып алып, даңғыр -дұңғыр музыкаға өзіне жараспайтын, түсініксіз
қимылдармен билеуді жолға қойған. Ал кебіреулері, жергілікті мешіттерге немесе таныс, бейтаныс
жандардың қолдаумен өзіне беймәлім ұйымдарға, діни секталарға барып, өздерін өзгелерден ерекше,
жоғары санайды. Олардың бұл жолды таңдауының да белгілі себептері бар шығар. Дегенмен, кейбір
жастардың дұрыс емес жолға түскендерін ескере отырып, өзгелердің санасын уламай, жалпы жастар
мәдениетін көтеру жолдарын қоғам болып қарастыруымыз қажет. Елбасының сөзімен айтсақ: «Біз
бойымыздағы озығымыздан үйреніп, тозығымыздан жирене білсек қана өркениетті мемлекет, еңселі ел
боламыз» [1].
Бос уақытты дұрыс ұйымдастырып, дұрыс жолға қою жастардың бойындағы рухани күшін
дамытуға мүмкіндік береді. Бос уақыт – қоғамның ұлы байлығы. Жас ұрпақ үшін оны тиімді етіп
пайдалану мүмкіндігі қоғамның өз болашағы туралы терең қамқорлығына куә болады. Сол себептен де
жастарға арналған мәдени-танымдық, сауықтық шараларды, бағдарламаларды тек арнайы бір
мерекелерде, бекітілген жоспарға сай ғана емес, күнделікті өмірдің бір бөлшегіне айналдырып, бос
уақытта мәдени- тынығудың жолдарын жандандыру керек деп санаймын. Осы мақсатта бүгінгі күні
өзекті мәселені шешу жолдарын төмендегіше ұсынамын:
- жастар телміре қарайтын қызықты әрі ұлттық құндылықтарымызды дәріптейтін
бағдарламаларға толы жастар арнасын құру;
- жастық шақтың қызығы мен бал күндері туралы замандастарымен сыр бөлісетін басылым
көздері, яғни газет, журналдарды көбейту.
- мәдени көпшілік шаралардың сценарилерін құру барысында жастарға аса көңіл бөліп, ойын-
сауықтық, көпшілік акциялар, флэш-моб сынды қызықты бағдарламалар ұйымдастыру;
- жергілікті жерлерде танылмаған жас ақындардың, композиторлардың шығармаларын
насихаттау бағытында әдеби сазды кештер, патриоттық әндер байқауларын өткізу;
- әртүрлі салада қызмет ететін жастар арасында жазғы, қысқы спорттық ойындар және ат спорты
бойынша сайыстар оздыру.
«Дүниеде тәуелсіз Қазақ елі бар. Әлемде егемен Қазақстан бар. Оның көп ұлтты, тату,
ынтымақшыл халқы бар. Қуатты экономикасы, сенімді саяси жүйесі бар. Ең бастысы, бүгіннен нұрлы,
бүгіннен кемел болашағы бар. Сол күнге берік сенім бар!» - деген ұлт Көшбасшысы Н.Ә.Назарбаев өз
сөздерінде еліміздің еңсесі биік боларына нық сенім білдірген [1]. Демек, өз болашағымыздың жарқын
болуын тілеп, бос уақытын өзінің рухани дамуына жұмсайтын, дені сау, білімді, жоғары мәдениетті
қазақ ұрпағын қалыптастырамыз десек, бүгінгі жастардың бар бос уақытын тиімді, пайдалы істермен
шұғылдануына назар бөлгеніміз жөн. Сонда ғана, сіз бен біз өресі биік, сауатты, өр рухты жастар
тәрбиелеп, еліміздің еңсесі бұдан да биіктеп, әр қазақ шаңырағы бақытты өмір сүреді деген сенімдемін.
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:
1. Қанатты сөздер / http://www.massagan.kz/
2. Ұлттық тәрбие – құндылық бастауы /
http://www.mtdi.kz/
3. Мырзахан А. Ел болудың жолы – ұлттық тәрбие //Ана тілі, 20 қазан, 2011.
4. Ұлттық тәрбие – ұлттың болашағы /http://kultobe.kz/