2.Мінез туралы жалпы түсінік. Мінез құрылымы. Мінез типтері.
Әр адам сыртқы дүниенiң сансыз тiтiркендiргiштерiне өз әлiнше түрлiше жауап қайтарып отырады. Бұл жауап реакциялары оның сыртқы дүниемен қалайша қатынас жасайтынын көрсетумен қатар, бiртiндеп беки келе, сол адамның үйреншiктi әдетiне, мiнез-құлқының мәнерiне айналады. Сөйтiп, әр адамда әр түрлi мiнез бiтiстерiнiң болуы оның сыртқы ортамен түрлiше қарым-қатынас жасауының нәтижесi болып табылады.
Мiнез — адамның негiзгi өмiрлiк бет алысын және оның өзiндiк әрекетiнiң айырмашылығын сипаттайтын сапалы өзгешелiк. Ол — көп қасиеттiң бiрлiгi, түрлi өзгешелiктердiң қосындысы, сонымен қатар, адамды әр қырынан көрсететiн қасиет. Мiнез бiтiстерi көп. Олардың бәрi де жеке адамның қасиеттерi болып табылғанмен, мұның кез келгенi мiнездiң бiтiстерi болып саналмайды.
Мiнездi даралық өзгешелiктiң өзегi, адамның негiзгi тiршiлiк бағытының өрнегi деуге болады. Мiнезде адамның сыртқы ортамен қарым-қатынасының тарихы бейнеленедi. Мiнез — кең мағыналы ұғым. Онда түрлi сапалар тоғысып жатады. Мiнездiң моральдық жағынан тәрбиелiлiгi, бiрқалыптылығы, толықтылығы, күшi мен айқындығы, салмақтылығы — оның негiзгi сапалары болып есептелiнедi.
Моральдық жағынан тәрбиеленген мiнез адамды мiнез-құлық тұрғысынан да, оның айналасымен байланысы тұрғысынан да сипаттап отырады. Коллективизм, гуманизм, адамдарға қамқорлық жолдастықты қадiр тұту, жұртшылық пiкiрiмен санаса бiлушiлiк, өзiнiң мiндетiн орындаудағы жауапкершiлiк пен адалдық — мiнездiң осы сапасының негiзгi компоненттерi.
Рухани дүниесi бай қажеттерi мен қызығулары, талғамы мен ой-өрiсi кең адамдарды толық мiнездi адам дейдi. “Адамның басына қонған бақыттың тұрақты болуы жақсы мiнез-құлыққа байланысты” (Әл-Фараби). Мiнез сапаларының бiрi — оның бiрқалыптылығы. Мұндай адам құйындай ұйтқып тұрмайды, оның қастерлейтiнi ылғи да сөз бен iстiң бiрлiгi. Кiмнiң мiнезi толық болса, соның мiнезi бiрқалыпты да келедi. Бұл екеуi мiнездiң егiз қозыдай, бiрiнен екiншiсi ешқашан ажырамайтын қасиеттерi. Мiнездiң тұрақтылығы адамның саяси моральдық ұғымынан, түсiнiктерiнен туындайды. Бұл қасиеттер адамның өмiр сүруiнiң мән-мағынасын, әрекетiнiң мазмұнын белгiлейтiн мiнездiң сапасы.
Достарыңызбен бөлісу: |