1.3. Шығармашылықты қалыптастыру қажеттілігі.
Бүгінгі білім жүйесі бүкіл әлем деңгейінде қоғамдық дамудың өлшемі мен сол қоғамның негізін құрайтын басты тетіктердің біріне айналды. Сондықтан да әлемдік қауымдастықты айтарлықтай ықпалы артып келе жатқан еліміздің білім беру саласын халықаралық дәрежеге көтеру және бәсекеге қабілетті маман даярлау мақсатында тың да нақты қадамдар жасалуда.
Қазіргі таңда жалпы білім беретін мектептің функционалдық басым бағыттары оқушылардың ғылымдар жүйесінің негіздерін меңгеріп, олардың бойында тұлға аралық және этникалық топ аралық қатынастар мәдениетін, жеке тұлғаның өзін-өзі айқындау және кәсіптік бағдарларын анықтау қабілетін қалыптастыру болып табылады. Ғылымның қай саласы болсын ұстаз қауымы алдына зор міндеттер жүктейді. Соның ең бастысы - сапалы білім мен саналы тәрбие беру барысында оқушылардың шығармашылық қабілеттерін, ақыл-ой белсенділіктерін дамыту. Себебі, білімді жастар ғана ел егемендігін баянды етіп, қоғамның әлеуметтік-экономикалық дамуына лайықты үлес қоса алады. Ендеше өскелең ұрпақ мұғалім берген білімді іс-әрекет тәсілдері мен бағалау өлшемдерін қамтитын қоғамдық және ұжымдық тәжірибе тағылымдарын ғана игеріп қоймай, оны әрі қарай белсенді, зерделі танымды іс-әрекетімен сабақтастыруға тиіс.
Қазақстан Республикасының «Білім туралы» заңының 8-ші бабында «Білім беру жүйесінің басты міндеті - ұлттық және жалпы адамзаттық құндылықтар, ғылыми мен практика жетістіктері негізінде жеке адамды қалыптастыруға, дамытуға және кәсіби шыңдауға бағытталған білім алуы үшін қажетті жағдайлар жасау. Жеке адамның шығармашылық, рухани және дене мүмкіндіктерін дамыту, адамгершілік пен салауатты өмір салтының берік негіздерін қалыптастыру, жеке басының дамуы үшін жағдай жасау арқылы интеллектін байыту. Еңбек рыногында бәсекелесуге қабілетті жұмысшылар мен мамандар даярлау, оларды қайта даярлау және біліктілігін арттыру» делінген. Яғни, барша ұстаз қауымына XXI ғасыр талабына сай азамат тәрбиелеудегі жауапкершілік жүктелгені анық. Расында да, қазіргі қоғам шығармашылық қабілеті бар, талантты, іскер мамандарға мұқтаж.
Жалпы білім беретін мектептердегі пәнді оқытуда оқушыларға көп жағдайда дайын білім ұсынылады. Оқыту әдістері оларды өздігінен жаңа ақпараттар іздестіруге, оқу тапсырмаларын өздігінен шешуге талпындырмайды. Мектептегі оқу үрдісінің негізгі мақсаты - баланың білім игеруі кезінде ойлау қабілетін қалыптастыру, сол арқылы таным әрекетін дамыту. Бұл оқушының өзіндік әрекеттерін, дербес жұмыс жасау қабілеттерін дамытудың маңыздылығын айқындайды.
Оқушының таным белсенділігін арттыру, шығармашылық ізденістерге баулу бұл білім берудегі басты мәселе. Кезінде қазақ мектептеріндегі дидактикалық міндеттерді шешуге Ы.Алтынсарин үлкен үлес қосты. Ол өз еңбегінде «балалармен қысқа, ашуланбай, байсалды сөйлеу, әрбір пәнді бар пейілмен және қарапайым тілмен түсіндіру керек, мұғалім жан-жақты, білімді, өз ісінің шебері болуы қажет» деп атап көрсетеді. Ал А.Байтұрсынов «Бала білімді тәжірибе арқылы өздігінен алу керек, мұғалімнің міндеті балаға жұмысты әліне қарай шағындап беру және белгіленген мақсатқа қарай бағыттап отыру керек» деп ескертеді.
Демек, бүгінгі таңда мына ақпараттар ағыны тасыған қоғамда жас ұрпаққа «Нені оқыту? Қалай оқыту керек?» деген мәселелер тұр. Ел президенті Н.Назарбаев «Қазақстан 2030» стратегиясының даму бағдарламасында «Біздің жас мемлекетіміз өсіп жетіліп, кемелденеді, біздің балаларымыз бен немелеріміз онымен бірге ер жетеді» деген сөзін ұстаз қауымына нақта айтылған аманат деп түсіну керек.
Бұл орайда ұлтымыздың рухани жарық жұлдызы М.Жұмабаевтың «Қазақтың тағдыры да, келешек ел болуы да мектебінің қандай негізде құрылуына барып тіреледі. Мектебімізді таза, берік, жанымызға қабысатын, үйлесетін негізде құра білсек, келешегіміз үшін тайынбай-ақ серттесуге болады.» деген даналық өсиетінің мәні қазіргі жаһандану кезінде Қазақстан мемлекеті үшін орасан зор. Сондықтан қазіргі жаңа білім үлгісін жасау аясында бүкіл қоғамды жұмылдыра отырып рухани, интеллектуалдық және экономикалық тәуелсіз мемлекет орнату болашағына бағдарланған, ұлттық және жалпы адамзаттық құндылықтарға үйлестірілген тәрбие мәселесін төрге қоятын тәрбие-білім жүйесін іске қосу — бүгінгі күннің кезек күттірмейтін мәселесі.
Ерте заманнан-ақ адам өзін қоршаған дүниенің заңдылықтарын және өзін-өзі, өзін табиғатқа, басқа адамдарға қатынасын танып білуге тырысты. Адам өмірі қоршаған ортада өтетіндіктен, сол қоршаған ортаның ішкі сырын білуді ғасырлар бойы арман еткен. Оның сан алуан сырларын балаларға ұғындыру, таныстыру мәселесі ерте заманның өзінде ұлағатты тәлімгерлер назарында болған.
Айналадағы заттар мен құбылыстар жөніндегі деректер жиындығы әдетте білім деп аталады. Білімді, саналы және берік меңгеріп алуға бағытталған балалар психикасын белсенді әрекетін туғызатын мұғалімнің әдістері мен тәсілдері оны дамытып, жетілдіре түседі. Сондықтан мұғалімнің сабақ үстінде алға қоятын басты міндеттерінің бірі баланың зейінін тудыру және оны ұйымдастыру болып табылады. Оқыту үрдісінде балалардың сыртқы дүние нәрселерімен құбылыстарын саналы түрде қабылдауының нәтижесінде балалардың сезгіштігі күшейіп, түйсігі дамиды. Оқушылардың оқу материалын қабылдауын дұрыс ұйымдастыру үшін мұғалім оқыту үрдісінде көрнекілікті кеңінен пайдалануы керек. Ал ойлауды дамыту міндетін алға қоюдың және оны шешудің әртүрлі жолдары болады. Бұған алдымен салыстыроу, ажырату және жалпылау тәсілдері жатады
Негізінен, қоршаған дүниені білу танымға байланысты. Таным - адам санасын дамытудың негізі және ол арқылы адам өзін қоршаған ортаны игеруге де үйренеді.
«Таным» - философиялық ұғым: «айналадағы материалдықтың адам санасында бейнеленуі». Қоршаған дүние объективті түрде өмір сүретін болғандықтан, оның заттары мен құбылыстары санада бейнеленеді. Көру, сезіну, түйсіну арқылы сезім мүшелерімізге материалдық заттар әсер етеді де, біз оларды қабылдаймыз. Қабылданған дүниені танып білеміз. Сезім арқылы таныған дүниені ғылыми біліммен байланыстырғанда ғана білім қалыптасады. Қабылдау барысында сыртқы сезім мен ішкі сезімге біріге отырып танымды нақтылай түседі.
Таным арқылы заттар мен құбылыстардың басты белгілері, ұқсастықтары мен айырмашылықтары жайындағы бейнелік қабылдау нәтижесінде ұғым туады. «Таным... өмірлік қызмет барысында іске асады»
Р.Қоянбаевтың «Қысқаша педагогикалық сөздік» кітабында танымға былай түсінік берілген: «Таным» - объективті шындықты адамның ойында бейнелейтін және қайта жаңғыртатын қоғамдық іс-әрекет барысы. Ол заттардың тәніне дәлірек жетудегі күрделі және қарама-қайшылықты процесс барысы ретінде қаралады. Ақиқатқа жетудің, объективті шындықты танудың диалектикалық жолы: «Нақты пайымдаудан абстрактілі ойлауға, одан тәжірибеге көшу» болып табылады. Таным үрдісінде ойлаудың түрлі тәсілдері қолданылады. (Анализ, синтез, дедукция, индукция, абстрактіліктен нақтылыққа көтерілуі және т.б.).
Танымның негізгі және білімнің ақиқаттығының шарты - тәжірибелік іс-әрекет. Сол себепті де оқушылардың оқу іс-әрекеті танымдық іс-әрекет ретінде жүзеге асады. Себебі, оның оқу іс-әрекетінің нәтижесі оның таным өрісінің жаңа шеңберіне алып келеді. Ол үшін жаңа білім, білік пен дағдылардың көзі ашылады.
Мектеп жасындағы балалардың негізгі әрекеті - оқу. Оқу арқылы балаға қоғам өзінің ғасырлар бойы жиналған асыл мұрасын, дағды тәжірибесін береді.
Қоршаған заттар мен құбылыстар жайында білім алып, оны нақты қабылдау барысында оқушылар әртүрлі оқу әрекеттерін қолданады. Алдымен затты не құбылысты көру әрекеті арқылы түрін, түсін, пішінін, көлемін анықтаса, ұстап сезіну әрекеті арқылы оның күйін, қатты-жұмсақтығын және басқа да сапасын анықтайды, ал құбылысты бақылау іс-әрекеттері негізінде ой қорытып заттарды салыстырып, айырмашылығы мен ұқсастығын табу нәтижесінде оларда ғылыми ұғымның негізі қаланады.
Оқыту - қоғамдық құбылыс. Оның міндеттері мен мақсаттары және мазмұны қоғам қажеттеріне байланысты өзгеріп отырады. Сондықтан тәрбие берудің басты құралы болып табылатын балалардың ғылыми дүниетанымын қалыптастыру, олардың рухани дамуын жетілдіру мұғалімдердің басты міндеттеріне кіреді.
Демек, оқыту - таным үрдісі. Өйткені ондай ілгері қарай қозғалыс болады, оқушы білмеуден білуге қарай жүріп отырады. Оқытудағы міндет - оқушыны табиғат, қоғам және адам дамуының жалпы және негізгі заңдарымен қаруландыру.
Баланың оқуы - жалпы адамның дүниетану үрдісінің өзгеше бір формасы. Дүниетану заңдары барлық адамдарға бірдей ортақ болады. Адамның дүниетану әрекеті бірыңғай, бірсатылы емес, диалектикалық сипатта болатындығын және оның белсенді әрекет екендігін есте сақтау керек. Ойткені, оқушының таным әрекеті мұғалімнің басшылығымен іске асырылып отырады. Оқыту үрдісінде оқушылардың білімге деген қызығуын қалыптастыру - өте маңызды міндет. Ал оқыту қалай болса, солай жүрмейді, ұйымдасқан түрде жүзеге асырылады. Сондықтан оқыту мазмұнының өзіне тән әдістері, ұйымдастыру формалары мен нәтижесі болады. Ол жастарға білім беру мен дағдыны меңгеруді көздейді. Оқушы білім алуы үшін оқу үрдісінде өзінің танымдық қабілеттерін арттырады. Кейбір авторлар оқытуға анықтама бергенде, оны (оқытуды) оқушының ойлау әрекетін басқару деп қарайды. Мұндай анықтама дұрыс та сияқты. Бірақ оқушының танымдық әрекеттері ішінде ойлау әрекеті жетекші роль атқарады. Дегенмен, бұл көзқарас толықтыруды қажет етеді. Өйткені оқушының танымдық әрекеті тек ойлаумен ғана шектелмейді. Оқыту баладан ойлау әрекетімен қатар басқа да психикалық үрдістерді: сезімдер мен эмоцияларын, мативтер мен қызығуларын, жігер мен қабілеттерін, т.б. жеке бастық қасиеттерін керек етеді.
Оқу ойынға қарағанда күрделі болғандықтан, балалардың кейбіреулерінің оқуға ықыласы бола бермейді. Оларды оқуға үгіттеу арқылы тарату да қиын. Сондықтан оқуға деген ықыласты тудыру үшін тапсырмаларды орындата отырып осыдан нәтиже шыққанда мадақтау керек. Орындалған тапсырма үшін қуану кейінгі тапсырманы орындауға түрткі болады. Әдетте ықыластың тікелей және жанама түрі бар. Тікелей ықылас оқушының бәлендей нәрсеге қызығуынан болады. Ал жанама ықылас сол нәрсе қызық болса да жалпы сабақ үлгерімін жақсартқысы келгендіктен болады. Ықыластың соңғы түрі бастауыш сынып оқушыларының өмірінде негізгі роль атқаруы тиіс.
Кіші жастағы оқушылар көпке дейін тапсырманы қалай орындаудың тәсілін жақсы білмейді. Мысалы, бұлар берілген тапсырманы жаттап алғысы келіп тұрады. Солай болуы олардың жаттауға икемділігінің молдығынан емес, оқуға әлі төселмегендігінен, қалай жұмыс істеуге ешкім оны үйретпегендлігінен кездеседі.
Бастауыш мектепте тапсырма балаларға мынадай екі түрлі жолмен беріледі: біріншіден, берілген тапсырманы орындау үшін жауапты бала өздігінен іздестіреді. Екіншіден, тапсырма жауап іздестіру ретінде берілмейді. Оны орындау үшін соның үлгісі беріледі. Мысалы, тақпақты жаттау үшін, оның мәтіні беріледі. Оған өзгеріс енгізуге рұқсат етілмейді. Сондықтан мәтінге ғана сүйене отырып бала оны жаттап алады.
Ал тапсырманың соңғы түрі өте сирек кездеседі. Баланың оқу әрекеті деп тапсырманы орындаудың бірінші түрін және ділгірлік мәселелерді орындай білуді айтады. Бұл үшін оқушы алдын ала дайындық жұмысынан өтуі тиіс. Егер бала тиісті дайындық кезеңдерінен өтпей, оның бір немесе бірнеше тізбегін орындауға үйренбей, тастап кетсе тапсырманы орындай алуы мүмкін емес. Бұл жерде оқу жағдаяты деп отырғаны бәлендей жұмбақ мәселелерді шешу үшін осыған орай жағдайды еске алу керек деген мағынаны білдіреді.
Ал оқу әрекетінің келесі бір бөлшегі тиісті мағлұматтарды пайдалана отырып, сол тапсырманы орындаудан тұрады. Оны оқыту әрекеті дейді. Міне, осы сияқты жеке әрекеттер орындалған соң олардың қалай орындалғанын баланың өзі тексере білуі шарт. Егер орындалғаны дұрыс болып келсе, бала келесі тапсырманы орындауға көшеді. Қате болса соны қайтадан орындауға көшеді. (Мұны «қайта оралу хабары» деп атайды).
Мұғалім тек қана баға қояды. Оқу әрекетінің бұл құрамы бастауыш мектеп балаларының жұмысында жиі кездеседі.
1.4. Оқушылардың шығармашылыққа деген қызығушылығын
қалыптастыру негіздері
Шығармашылық тұлға - бұл шығармашылыққа деген тұрақты да жоғары қызығушылығын білдіретін, шығармашылық қабілетті қалыптастырудың органикалық бірлігінде көрінетін, оған бір немесе бірнеше әрекет түрлеріне прогресивті, жеке мәнді шығармашылық нәтижелерге қол жеткізуге мүмкіндік беретін мотивациялық-шығармашылық белсенділік тән-тұлға. Бүгінгі психология, қызығушылық туыла біткен сапа емес, ол тұлғаның қалыптастыру нәтижесі болып саналып, қоршаған ортамен, әсіресе, тәрбие және оқыту процесімен айқындалады деп есептейді. «Адамның әрбір даму сатысындағы психологиялық функциялары жүйесіз, автоматты, кездейсоқ түрде емес, ол тұлға бойындағы белгілі бір қызығушылықтарға, белгілі бір бағытқа бағыттап, белгілі бір жүйе арқылы әсер етеді», - деп жазды Л.С.Выготский.
Төменгі класс оқушыларының шығармашылыққа талпынысы, оның танымдық мотивациясын қалыптастырушы ретінде, шығармашылық процестің «оталдырғыш» механизмі болып саналады. Балалар шығармашылықты танып-білуге құштарлығы ынта-ықыласпен іс-әрекет барысында көрінеді. Ол іс-әрекеттің шығармашылық стилін айқындап, баланы жасаушы, жалғастырушы позициясына қояды.
Шығармашылық - бұл ішкі дүниедегі толассыз өзгерісті және ондағы пайда болған жаңа мазмұнды үнемі түйсіну. Бұл жерде ақпараттың келіп түсуіне деген сұранымға адам сыртқы дүниеден түсетін ақпаратты ғана қажет етпейді, сондай-ақ ішкі дүниеден жаңаны шығаруы жатады.
Шығармашылықпен айналысатын адам шығармашылықпен айналыспайтын адамнан өзінің ішкі дүниесіндегі жаңалыққа қызығушылығы - ішкі дүниесіндегі бейнелер, ойлармен ерекшеленеді.
Оның үстіне оған осы ішкі дүниесіндегі тағы да қандай нәрсеге лайық екендігін білу қызық болып көрінеді. Сондықтан да нағыз шығармашылық адамның мүмкіндіктерін байқап көруі болып саналады.
Әуестіктің, қанағаттанудың, жеңіске жету сезімдерінің, интеллектуалдық сезімдерді, шығармашылық процесс барысында жаңалық ашудағы таңдану, таң қалу, күту эмоциялары, психологтардың пікірінше, өз кезегінде танымдық процестерді реттеуді іске асыратын кері байланыс ролін атқарады. Олар мақсатқа жету жолындағы қиындықтарды жеңуге байланысты, шығармашылық іс-әрекетті орнықтырады. Сезім мен интеллектуалдық, шығармашылықтық белсенділіктің қозғаушы күші ретінде көрініп, ол іс-әрекетке деген ықыласты арттырып, оның өту жылдамдығы мен нәтижелілігін реттеп отырады. Мысалы, О.К.Тихомировтың экспериментальдық зерттеуі, ойлау мен эмоционалдық процестер арасында міндетті шешуге байланысты ойдың пайда болуы, болжаудың қалыптасуы, оның дұрыстығын дәлелдеу кезеңдеріндегі байланысты белгілейді. Мұндай эксперименттік мәліметтер шешім қабылдаудағы эмоцияның жай ғана роліне тоқталмай, эфристикалық функцияларын, шығармашылықтық ойлау жүйесін іске асырады.
Біз, М.Мұхановтың шығармашылықты интелектуалдық іс-әрекет, жоғары күй талап етеді және қалайда сезімдік мотивациясы болады деген пікіріне қосыламыз. Шынында да эмоция мен сезім жаңа идеялардың генераторы болып саналады, жаңа білімге қаланған жолдағы кедергілерді жоюды солар атқарады, өйткені «адамзатқа тән эмоциясыз, адамзаттық ақиқатты іздестіру болған емес және болмайды да». Ақыл-ойдың маңызды қасиеттері - оның үзақ уақыт шоғырлануы, - деп жазды, себебі... - «Егер эмоция болмаса онда мидың қабы өзінің негізгі күш көзінен айрылады».
Сонымен қызығушылық сұраным мен эмоцияға тығыз байланысқан тұлға бағыттылығының өздігінше көрінуі ретінде қарастырылады. А.Г.Ковалевтің берген анықтамасы бойынша «қызығушылық - бұл маңызы өмірлік мәні мен эмоционалдық тартымдылығында көрінетін тұлғаның нысанаға деген таңдап алған қарым-қатынасы».
Шығармашылыққа деген қызығушылықтарды қалыптастыру үшін, олардың үш типологиялық айырмашылықтарын білу қажет.
Қызығушылықтың дамуы үш сатыдан тұрады. Олар: әуестік, құмарлық және таза қызығушылық. Әуестік - әдеттен тыс, таңқаларлық, күлкілі нәрселерге бала бойында уақытша байқалатын сырттай қызығушылық.
Құмарлық - қызығушылықтың күрделі сатысы. Мұнда нысанамен (объектімен) тереңірек танысуға, бірқатар сұрақтарға жауап іздестіруге ынта-ықылас пайда болады. Құмарлық жеке тұлға бойына тұрақты бір қасиет болып орныққаннан кейін, әр түрлі салаларда көрініп, танымдық белсенділікті арттыруы мүмкін. Нағыз қызығушылық - бұл іс-әрекеттің бір немесе бірнеше бағытындағы тұлғаның танымға деген тұрақты ұмтылысы.
Төменгі класс оқушыларының шығармашылыққа қызығушылығын тәрбиелеу және қалыптастыру үшін, қызғылықты жаңалықты санқилылық мазмұндағы іс-әрекеттің, мазмұны жас ерекшелігіне сәйкестілігімен сипатталатын іс-әрекет ыңғайлы негіз болып табылады. Шығармашылыққа қызығушылықты туындататын негіздің бірі - ол балалардың проблемалық сипаттағы дербес шығармашылық әрекеті, мұндай іс-әрекет тапсырманы жеке даралайтын шығармашылық міндеттерді шешудің тиімді әдістерін, жаңа құралдарын қарастыруды ұйымдастыру, табысқа жету мен жеңіп шығу жағдайын қалыптастыруды, қол жеткен жетістіктердің барабарлық (адекваттық) бағасын беру, іс-әрекеттің әр түрлі формаларын қолдануды ойластырады. Шығармашылыққа деген қызығушылықты қалыптастыруға қажетті жағдайларға балалардың өзара және тәрбиешілермен арадағы қарым-қатынасты ұйымдастыру деңгейі, іс-әрекеттегі (интеллектуалдық-шығармашылық көңіл-күй, қарым-қатынастағы байсалды, тілектестік сарын, қиыншылық пен табысқа ортақтастық, өзара көтермелеу, педагогтың бала шығармашылығына деген сенімі және оны ынталандыру) жоғары эмоциональды толысуымен ерекшеленетін қатынас, педагогтың өзінің шығармашылық көңіл-күйіне, сондай-ақ жарыстық тыныс пен мадақтаудың барабарлығымен ерекшелінеді.
Шығармашылыққа қызығушылық шығармашылықпен ойлау қабілеті сияқты өзінің дамуында жекелеген ерекшеліктерге ие болады. Г.И.Шукинаның жазғанындай балалар шығармашылығының көрінуіне жататын танымдық, қызығушылық нәтижелері, сондай-ақ төменгі класс оқушыларының шығармашылық әркетіндегі қызығушылық сипатын, оның тәжірибелік эксперименттік жұмыстардағы даму динамикасы барысын бақылау негізінде, төменгі класс оқушыларының шығармашылыққа қызығушылығының негізгі нәтижелерін айқындауы мүмкін және оның даму деңгейін бағалайды. Олар: белсенділік, іс-әрекетті бастамашылдық; дербестік; эмоционалдық түрде көріну, ерекшелікке ұмтылыс, қызығушылықтың (сыртқы немесе іс-әрекет процесінде) көріну сипаты; жоғары бағаланатын іс-әрекет деңгейінің (орындаушылық немесе шығармашылықтық) типі, ынта-ықыластың бір жерге шоғырлануы жатады.
Аталмыш көрсеткіштер, төменгі класс оқушыларының шығармашылыққа қызығушылық деңгейлерін: төменгі, ортаңғы, жоғарғы деңгейлерінің сипаттамасын жасаған кезде негізге алынуға тиісті.
Сонымен оқушылар қызығушылығының қалыптасу теориясы мен практикасына қатысты мәселелерге жасалынған талдама негізінде, біз шығармашылыққа деген қызығушылықтың пайда болуы, орнығуы және дамуына қозғау салатын қайнар көзіне: шығармашылық іс-әрекеттің мазмұны: дербес не болмаса топтық шығармашылық әрекет: балалар шығармашылығын ұйымдастыру мен өту сипаты; шығармашылық процеске қатысушылар арасындағы қалыптасатын қарым-қатынас жатады деген қорытындыға келдік.
1.5. Шығармашылық - нәтижелі оқыту негізі.
Оқушыға белгілі бір көлемдегі білім, білік-дағдыларды меңгертумен бірге табиғат, қоршаған дүние туралы түсініктерін кеңейте отырып, оларды шығармашылық бағытта жан-жақты дамыту - бүгінгі күннің талабы.
Жалпы білім беру үрдісінде:
- жаңа педагогикалық технологияларды ендіре отырып, оқыту үрдісінде демократияландыру және ізгілендіру, субъект қатынасын қалыптастыру, сабақтағы оқушының шығармашылық ролін аттырып, еркіндігін қамтамасыз ету, сол арқылы оқушылардың даралық интеллектуалдық және шығармашылық қабілеттерін, бейімділіктерін ашу және дамыту.
Шығармашылық қабілеттердің белгілері ретінде:
- мәселені қарастыруда қырағылық, көрегенділікті;
- ақылдың икемдігі, ойдың орамдылығын;
- әрекетті бағалай білуді қарастырады; Адам әрекеті:
- шығармашылықтардағы қарама-қайшылықтардың болуы;
- әлеуметтік немесе жеке адамға деген мәнінің болуы;
- шығармашылыққа арналған шарттардың, жағдайлардың болуы;
- шығармашылық түлғаның жекелік қасиеттерінің болуы;
- нәтиженің жаңалығы;
Бұдан шығармашылық - қайшылықтарды шешуге бағытталған, ол үшін жекелік қасиеттердің болуын талап ететін, нәтижеде әлеуметтік не жеке адам үшін мәні бар, соны жаңалыққа әкелетін адам әрекеті деген тұжырым жасалады.
Шығармашылықтың негізгі сипаты жаңалық ашуға, жаңа тәсілдер табуға ұмтылу деп айтуға толық негіз бар. Шығармашылыққа, жаңа, тың нәрсе жасау тән десек, ертеден белгілі нәрсені қайталауды немесе көшіруді шығармашылық деп айтуға болмайды, бірақ бұрыннан белгілі таныс
нәрселердің өзінен қандай да бір ерекшелік табу, оны жаңаша түрде жасау, ерекше қасиеттерін табу шығармашылыққа тән құбылыс деуге болады.
Шығармашылық әрекетке - оқушының проблеманы көре білуі, өз іс-әрекетінің бағдарламасын жасай білуі және ойды іске асыру үшін жаңа идеялар алуы жатады.
Оқыту сабактарының шығармашылық сипаты оқушының танымдық белсенділігін оятып, шығармашылық қабілеттерінің дамуына, тәртіптілік пен жолдастыққа, адамгершілік қасиеттеріне әсер етеді. Ұжымдық сабақтарда өзінің сыныптасының кемшілігін көруге, оған достық қолын созуға, өзгелердің ісінен сабақ алуға, саналылыққа, танымдылық, әлеуметтік ұстанымының қалыптасуына өз ортасының пікірінің әсері зор. Мұндай сабақтарда оқушылардың ұжымдық ой пікірлері қалыптасып, сыныптағылардың пікірі бойынша ортақ тұжырым жасауға үйренеді: ортақ іске өз үлесін қосады, жолдасының жауабына пікір айтып, бағалауға үйренеді; оқушының өзіндік жұмысы талқыланады: шығарма, реферат, баяндама, бақылау жұмысы, т.б; сайыстар ұйымдастырылып, оқушылардың жарысу серпінін туғызады; ортақ мақсаттарының болуы есебінен ұжымдық шешім шығады, болжамдар жасайды, эксперименттер жүргізіледі.
Оқушылардың шығармашылық қабілетін дамыту проблемасын ұқыпты қадағалау, оқу процесінің тиімді болуында қандай көрініс табады? Жалпы үлгерім, яғни олардың шығармашылық қабілетін дамытуға және логикасын дамытуға бағытталған тапсырмалар тек білім мен ұқыптылығына ғана әсер етіп қана қоймай оқушылардың ойлау қабілетін дамытады. Баланың ойлау қабілетін дамыту мәселесі мектеп тәжірибесінде үлкен орын алады. Оқушы қабілетіне қарай ең басты мәселені айыра білсе, демек, ол күрделі шығармашылық мәндегі тапсырмаларды орындай алады.
Оқушының шығармашылық қабілеті практикалық әрекеттері, ізденімпаздығы арқылы дамиды. Шығармашылыққа үйрететін сабақтар -жаңа технологияларды қолдану болып табылады. Мұндай сабақтарда оқушыға ерекше ахуал, мұғалім мен оқушы арасында ынтымақтастық
қабілет қалыптасады. Мұғалім бұл жағдайда білімді түсіндіріп қоюшы, бақылаушы емес, бағалаушы емес, танымдық іс-әрекетін ұйымдастыратын, ұжымдық, шығармашылық істердің ұйытқысы. Тек осындай оқыту ғана оқушы интеллектісінің көзін ашып, шығармашылығын дамытады.
Сонымен қатар, шығармашылыққа үйрету интеллектуалдық аспектісі ғана емес, оның психологиялық, мінез-құлық ерекшеліктерін көздейді. Оған жігерлілік, жаңа жағдайларға бейімделуге икемділік, қажырлылық пен табандылық, тәуелсіздік пен адамгершілік сезімі, ынтымақтастық, қажырлы еңбекке қабілеті, белгісіз жағдайдағы өзіне сенімділік, ақиқатты іздеудегі және қарым-қатынастағы адалдық жатады. Әр аудиторияда әр оқушыға байланысты мұғалім өзінің мақсатқа жету жолдарын іздейді. Оның басты шарты - аталған қасиеттерді көрсетуге тырысады.
Оқушылардың шығармашылығын, ізденімпаздығын қалыптастыруда сыныптан тыс, жеке, ұжымдық жұмыстар ұйымдастыруда шығармашылық, пәндік апталықтар мен ғылыми шығармашылық апталық, жобалар, пәндік үйірмелер мен факультативтік сабақтардың маңызы зор. Барлық жұмыстарда оқушылардың қалауы, таңдауы мен ұсыныстарын ескеру қажет. Оқушылардың танымдық ізденімпаздығы мен белсенділігін, шығармашылық бағыттылығына негізделген жұмыс түрлерін пайдалану - олардың танымдық қажеттіліктерін қанағаттандыра алады. Сондай-ақ мектептегі пәндік олимпиадалар, сайыстар, көркемөнер және техникалық көрмелер, түрлі шығармашылық кештер оқушылардың ізденіс қабілетін ұштап, дербес оң нәтижеге жетуге ықпал етеді.
Оқу процесінде шығармашылық түсінігін жеке бастың қасиеті емес, оқушының оқу процесіндегі іс-әрекет құралы табыстың белгісі деп білу керек. Оқу процесіндегі негізгі мәселеле - оқушылардың белсенді іс-әрекеті және ол шығармашылықтың дамуына негіз болады. Оқушылардың іс-әрекеті неғұрлым үйлесімді, кемелденеген, тиімді оқыту әдістермен ұйымдастырылса, онда олардың белсенділігі де соғұрлым жоғары болып, шығармашылықтың дамуы қарқынды түрде көрінеді.
Осы бағытта алғашқы маңызды қадамдар жасалып та үлгерді. Республикамыздағы қосымша білім беру жүйесін бағалау және мониторингін іске асыру мақсатында балалардың қоғамдық ұйымдары (135 тіркелген), мектептен тыс ұйымдары (649), үздік қосымша білім беру педагогтері (90 педагог), облыстарға тиесілі балалардың сауықтыру лагерлері (266 лагерь) бойынша негізгі мәліметтер банкі құрылды. Еліміздің барлық мектептен тыс ұйымдарымен дәстүрлі байланыс құралдары және электрондық пошта арқылы байланыстар орнатылды. «Қосымша білім және тәрбие. Внешкольник Казахстана» республикалық оқу-әдістемелік журналын шығару жүзеге асты.
Республикалық қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығының ақпараттық сайты ашылды және ол апта сайын жаңартылып отырады. Еліміздің барлық мектептен тыс ұйымдарын біріктіру мақсатында Интернетте бірыңғай портал құру жөнінде жұмыстар жүргізілуде (облыстық мектептен тыс ұйымдарда серверлер орнату, сайттар ашу және жаңарту, т.б.)
Сондай-ақ, республикалық қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығында және республика деңгейінде өткізілген шараларға сапалық және сандық жағынан талдау жұмыстары жүргізілетін болады.
Республикамыздағы қосымша білім беру жүйесіндегі жұмыстардың жағдайына талдау жасауға 2005 жылы өткен авторлық бағдарламалардың, мектептен тыс ұйымдардың және қосымша білім беру педагогтерінің республикалық байқауларының қорытындысы мүмкіндік туғызды. Дегенмен, жергілікті жерлерден жіберілетін кеңейтілген есептерсіз бұл мәліметтер толық болмайтыны және белгілі. Демек, бұл үшін білім беру ұйымдарындағы балалар мен жасөспірімдердің білім сапасын анықтау, мектептен тыс ұйымдардың қызметтерін бағалау, түрлі типті мектептен тыс ұйымдарды материалдық-техникалық қамтамасыз ету және ғимарат алаңдары нормаларын анықтайтын белгілер (критерий) әзірлеу жөнінде алдағы уақытта қыруар жұмыстар атқару қажет. Сол сияқты республика бойынша қосымша білім беретін педагог кадрларға деген сұранысының болжамына талдау жүргізген жөн.
Жүргізілген талдау жұмыстарының қорытындысы бойынша ҚР Білім және ғылым министрлігіне еліміздің жоғары оқу орындарында қосымша білім беретін мамандар даярлау туралы ұсыныс жасауға болады. Сондықтан қосымша білім беру ұйымдарының типтері және түрлері бойынша анықтау жұмыстарын жүргізу қажет.
Оқыту үрдісі екі жақты процесс болғандықтан, оқушының өздік жұмысы, дербес іс-әрекетті мұғалімнің басшылығымен қатар олардың іздемпаздығын, белсенділігін, өз ықыласымен жасайтын әрекетін де керек етеді. Осыған байланысты кейбір педагогтар мен психологтар оқушылардың өздік жұмыстарын негізгі ерекшеліктері - олардың ықыласын және өз еркімен әрекет жасауына байланысты деп пікір айтады.
Оқушылардың өздік жұмысының жоғарғы түріне олардың өз еркімен амал-тәсілдер қолданып жасайтын шығармалық жұмыстары жатады.
Өз бетінше іздемпаздықпен жұмыс істей білу, яғни оқу материалын таңдау, жаңаны қабылдау мен меңгеру, алған білімдерін іс жүзінде қолдана білу, оңайлы әдістерді таңдап алу, белгілі бір нәтижеге жетуге үмтылу, т.б.
Оқушылардың шығармашылық дербестігін қалыптастырудың алғашқы болып табылады. Шығармашылық дербестік, өзіндік жұмыс істеу шеберлігі мен дағдылары өзінен өзі пайда болады, ол мақсатты оқу қызметінің нәтижесі және өз кезегінде шығармашылық, практикалық сипаттағы әртүрлі тапсырмаларды орындау үрдісінде қалыптасады.
Оқудағы дербестік оқып-үйренген тақырыпқа, пайда болған мәселеге, міндетке тұрақты ынталық пайда болумен, назар мен ой-сана әрекетінің бағыттылығымен (талдау мен жинақтау, салыстыру мен салмақтау, т.б.), оқып жатқан материалды түсінумен бейімделінеді.
Белсендірудің қандай да тәсілі мен әдістерін пайдалануда оқушының қабілет дәрежесін ескеру керек. Күрделі танымдық міндеттерді танымдық қабілет дәрежесі жоғары оқушыларға ғана тапсыруға болады. Оқушыға таным күшіне сәйкес келмейтін, мүмкіндігінен жоғары, білім деңгейінен анағұрлым асып түсетін міндеттер жүктеу, білім беруде оңды нәтиже бермейді.
Оқушылардың шығармашылық дербестігін, іздемпаздығын қалыптастыруда сыныптан тыс, жеке, ұжымдық жұмыстар ұйымдастыруда шығармашылық ой, пәндік апталықтар мен ғылыми - шығармашылық апталық, жобалар, пәндік үйірмелер мен факультативтік сабақтардың маңызы зор. Барлық жұмыстарда оқушылардың таңдауы, қалауы мен ұсыныстарын ескеру қажет. Оқушылардың танымдық іздемпаздығы мен белсенділігін, шығармашылық бағыттылығына негізделген жұмыс түрлерін пайдалану - олардың танымдық қажеттіліктерін қанағаттандыра алады. Сондай-ақ мектептегі пәндік олимпиадалар, сайыстар, көркемөнер және техникалық көрмелер, түрлі шығармашылық кештер оқушылардың ізденіс қабілетін ұштап, дербес оң нәтижеге жетуге ықпал етеді.
Сонымен қатар, оқушылардың шығармашылық дербестігі мен іздемпаздығын қалыптастыруда мұғалімнің педагогикалық шеберлігі қажет.
Мұғалім оқушыларға шығармашылық іс-әрекетін ұйымдастыру мақсатында түрлі танымдық тапсырмалар дайындауда мынадай талаптар қойылады.
- шығармашылық тапсырмалар дайындауда оқылатын пәннің жеке сипатын, мазмұнын ескеру;
- шығармашылық тапсырмалар түрлі деңгейде болуы;
- кезекті тапсырма бұрын берілген тапсырмамен байланыста және бір жүйеде берілуі;
- білім мен біліктерін жетілдіретіндей болуы;
- тапсырмалардың қарапайымнан күрделіге қарай өзгеруі;
- оқушының жеке қабілеттерін ашатындай болуы және шығармашылық дербестігін дамытатындай дәрежеде болуы керек.
Сонымен, оқушылардың дербес, шығармашылықпен жұмыс істей алу әрекеті мейлінше белсенділікті, ынталықты, іздемпаздылықты, өз еркімен жүйелі жұмыс істеуді талап етеді, оны оңтайландыру оқушының күнделікті рухани қажетіне айналдыру орта мектептің қазіргі кезеңдегі маңызды міндеті.
Шығармашылық - оқушының танымдық қабілеттеріне мотивациялық тұрғыда басшылық жасау нәтижесінде туындайды.
Оқушының шығармашылық дербестігінің пайда болуы оның іс-әрекетінен айқын аңғарылады. Ең әуелі оқушының іс-әрекетке деген көзқарасы өзгеріп, танымдық белсенділігі арта түседі. Оқушының шығармашылық дербестігі қалыптасқанда баланың бүкіл болмысы жаңа сипатқа ие болады.
Шығармашылық дербестік әртүрлі сапада көрінуі мүмкін. Оның күрделі табиғатының өзі оның жеке адам дамуының түрткісі, қозғаушы күші екендігін көрсетеді.
Мәселені шешуде талданған негізгі ұғымдардың көлемі мен мазмұнына үңіле отырып, оқушының шығармашылық дербестігін қалыптастырудың мәні мынада деген тұжырымға келдік.
- қоғамда болып жатқан өзгерістерді танып-білуге, ғылым жаңалықтарына түрақты қызығушылықтың пайда болуына;
- оқу-танымдық міндеттер мен мақсаттарын орындауға талпыну;
- білім алуға, шығармашылық жұмыстарға тұрақты қызығушылық;
- оқушының танымдық ойлау белсенділігінің дамуы;
- жеке тұлғаның сапалық көрсеткіші ретінде көрінетін қасиеттерінің дамуы;
- жеке тұлғаның дербес интеллектуалдық ой-өрісінің кеңейуі;
- тұрақты ізденімпаздық, шығармашылық іс-әрекетінің нәтижелі дамуына әсер етеді;
Шығармашылық дербестік ұғымы төңірегіндегі тұжырымдар, анықтамалар бұл ұғымның өзіндік ерекшеліктерін, әртүрлі психикалық процестерден туындайтын интеллектуалдық, эмоциялық бағыттаушы (зейін, ерік) байланысын және жеке тұлғаға беретін білімнің маңызын ашып көрсетеді. Ғалымдардың бұл мәселе төңірегінде айтқан ойларын қолдай отырып, өз зерттеу пәнімізге байланысты шығармашылық дербестік ұғымына өз анықтамамызды береміз.
Біздің пайымдауымызшы, шығармашылық дербестік - жеке тұлғаның танымдық қажетсінуі мен қызығушылығын, белсенділігі мен танымдық іздемпаздығын қамтитын сан қырлы білім алуынан көрінетін, күрделі шығармашылық қалыптасуымен аяқталатын интеллектуалдық қабілет.
Шығармашылық дербестік оқушы іс-әрекетінің сапасы ретінде көріне отырып, үнемі ізденіп, белсенді әрекет ететін жеке тұлғасының қалыптасуына мүмкіндік туғызады. Шығармашылық дербестік адам өмірін жаңа деңгейге көтеріп, түрлі туындылар мен жаңалықтардың шығуына негіз болып, жағымды эмоциялық көңіл-күй орнатады.
Жүйелі жүргізілген зерттеулеріміз оқушының шығармашылық дербестігінің деңгейі, бағыты мұғалімнің педагогикалық іс-әрекетіне тікелей байланысты екендігін көрсетті.
Мұғалімнің педагогикалық шеберлігі, оқу материалының түсініктілігі, мазмұндылығы, оқытуды ұйымдастырудағы тиімді әдіс-тәсілдер, мұғалім мен оқушы арасындагы жылы қарым-қатынас оқушылардың шығармашылық дербестігінің қалыпатасуына үлкен септігін тигізді.
Демек, сабақтың жоғарғы деңгейде өтуі, оқушылардың дамуы мен дайындығына сәйкес әртүрлі әдістерді қолдану, жеке ерекшеліктерін ескеру, сабақта түрлі танымдық тапсырмаларды мейлінше кеңінен пайдалану оқушыларда оқу материалына деген қызығушылығын тудырады. Жұмыс түрлерін шығармашылық сипатқа өзгертіп, сабақтан тыс уақытта өздігінен ізденіп, белгілі бір оң нәтижеге жетуге бағыттау дербестіктің қалыптасуына негіз болады. Мәселен, бала сабақты жақсы оқиды, қабілетті, белсенді, бірақ оқу жұмысын ол міндеті ретінде түсінеді. Демек, баланың шығармашылық іс-әрекетке тұрақты қызығушылығы, ізденімпаздығы дамымаған. Мұғалімнің шығармашылық іс-әрекетке бағыттаушылығы болмаған жағдайда оқушыда «интеллектуалдық енжарлық» пайда болады.
Шығармашылық дербестік жеке тұлғаның тұрақты сапалық белгісі ретінде оқушының жан-жақты дамуына жағымды ықпал етеді, ақыл-ой және адамгершілік қуаты оның ерік-жігерін, ойлау, елестету қабілетін, эмоциясын белсендіретін қызықты интеллектуалдық іс-әрекетінде көрініс табады. Ол жеке тұлғаның қоғамда беделін көтеруде және оның өз-өзіне баға бере білуіне ықпал етеді.
Достарыңызбен бөлісу: |