196
Сонда, Қазақстанда «орыстілділер» кім болғаны? Шын мәнісінде,
этнолингвистикалық принцип бойынша, «орыстілділерге» орыстар ғана
жатады. Ал Қазақстанда жасайтын халықтардың қалғаны (оның ішінде
орыс тілін 100 процент білетін украин, белорус, кәріс, немістер, сондай-ақ
99 процент білетін қазақтар мен басқа халықтар) «орыс тілін білетіндер»
санатына жатуға тиіс.
Популистік мүддеге байланысты бұл ұғымдарды шатастырып,
қарапайым халықтың басын қатыру – ұлтаралық қарым-қатынасты
саналы түрде шиеленістіру. «Ой-бай, «орыстілділерді» құрметтемесеңдер,
олардың айтқанын істемесеңдер, қан төгіс болуы ықтимал, қырып тастауы
мүмкін» деп, елдің үрейін ұшырушылар бүгінде арамызда аз емес.
Басқалардың жөні бөлек, ал дәл осы себептерді көлденең тартып,
«екінші мемлекеттік тілді алмасаңдар, бір пәленің болғаны, болғаны..!»
деп, қазақ қандастарының үрейін ұшырып, ультиматум қойып отырған
Олжас інімізге не жорық?! Өз басым осыны түсіне алмадым.
Ал орыс халқының атынан реті келсе де, келмесе де сөйлеп, өздерін
оның қамқоршысы, көсемі етіп көрсетуге тыраштанып жүрген ат
төбеліндей саясаткерлердің Қазақстанда, кешегі тоталитарлық заманда
қалыптасып қалған этнодемографиялық жағдайды (ситуацияны) тілге
тиек етіп, қайта-қайта тіл төңірегінде әңгіме қобыратып, орыс тілін
екінші мемлекеттік тіл ретінде тықпыштай беруі, сайып келгенде,
тілге байланысты емес, ағайын, саяси билікті көксеуге байланысты,
көптен қалыптасып қалған өктемдікті сақтап қалудың қамы. Әрине,
тұғырдан түсу оңай емес. Ал кеше ғана қазақ тілін көзіне ілмей келген
әлеуметтік топтардың бүгін бір-екі-үш жылдың ішінде мемлекеттік
тіл мәртебесін мойындай қоюы, әрине, оңай емес. Сондықтан да орыс
тілінің «ұлтаралық қатынас құралы» деген статусын, мемлекеттік тілден
кейін тұратын, қолданыс аясы мен қызмет ауқымы онымен бірдей болып
отырған бүгінгі жағдайын місе тұтпайтын кейбіреулердің байбаламы
аттан түссе де, үзеңгіден аяғын босатқысы келмейтін кешегі атқамінер,
мансапқорлардың тірлігіне ұқсайды. Бір өкініштісі – осы бір қарбалас
топтың арасында Олжастың да жүруі.
Әрине, мәселе Олжастың өз басында ғана емес, ұлттық мүддеде,
қазақ тілінің тағдыры тәуелсіз мемлекетіміздің болашағымен бірге
безбен басына түсіп отырған бүгінгі бір алмағайып кезеңде Олжас
сияқты абырой-атағы жер жарған, халқының біртума ұлдарының ел
алдындағы азаматтық парызын, ана тілі алдындағы перзенттік борышын
қалай ақтауында болып отырған жоқ па?
197
Олжас – шын мәнісінде көрнекті тұлға, табиғатынан дарынды жан.
Оның барлық өмір-тіршілігі, игілікті істері мен небір тамаша қасиеттері
баршаға мәлім. Дарынды ақынның шығармалары орыс тілінде жазылса
да, одан қазақ даласының иісі аңқып, қазақ даналығының рухы білініп
тұрады. «АЗ и Я-ны» жазған Олжасты қазақ қана емес, бүкіл түркі
халықтары ойшыл ғалым, батыл зерттеуші, түрікжанды азамат деп
бағалады. Моңғолиядағы орхон-енесей тас жазба ескерткіштерін
қорғап қалу мәселесін ЮНЕСКО-да сөз етуі Олжастың шынайы
отаншылдығын таныта түсті. «Семей-Невада» қозғалысын басқарып,
елімізді ядролық апаттан сақтап қалудағы қайсар әрекеті оның зор
қоғам қайраткері екендігін жер жүзіне паш етті, т.т.
Айта берсе, Олжасқа тән мұндай ізгі қасиет көп-ақ. Сондықтан
да болар, оны кезінде дарындылығы үшін, отаншылдығы үшін,
ұлтшылдығы үшін айыптаушы аз болған жоқ.
Ал қайнаған өміріміздің барлық саласына қызу араласып,
халқының құрметіне бөленіп келген Олжас інімізді қасиетті ана
тіліміздің тағдырына байланысты біз қай қырынан көріп келеміз?
Кешегі Колбин заманында қазақ тілінің тағдыры мен болашағы үшін
барша саналы азаматтар мен зиялы қауымның өкілдері түгел атсалысып,
«оны сақтап қалудың бірден-бір жолы – оған мемлекеттік мәртебе беру»
деп, жанталаса күресіп жатқанда, біз Олжасты олардың арасынан таба
алмай қиналдық. Несін жасырып, мәймөңкелетеміз: Колбиннің «тіл
саясатын» қолдап, «Қазақстанда мәңгі-бақи мемлекеттік қос тілділіктің
негізін қалаймыз» деп белсене кіріскен қазақ зиялыларының бірі
болып, Олжас та «қос тілділік» жөнінде мақала жазса, енді біреулері
қазақ тілі өз бетінше мемлекеттік тіл бола алмайды немесе «қазақ тілі
орыс тілімен қатар тұрғанда ғана мемлекеттік тіл бола алады» деп,
ақылгөйсіді.
Дегенмен, іштей қасарысушылар мен ашық қарсыласушылар
қаншама тыраштанса да, ел-жұрттың талабымен қазақ тілі мемлекеттік
мәртебе алды ғой. Қалың жұртшылықтың санасын оятып, ана тіліміздің
қадір-қасиетін көтеру мақсатымен құрылған респубикалық «Қазақ тілі»
қоғамы, оның үні – «Ана тілі» апталығы және миллионға жуық тілдің
шынайы жанашырлары және бұларға келіп қосылған ресми мекеме –
Тіл комитеті – бәрі де күні бүгінге дейін қазақ тілінің мәртебесі үшін
әлі де сол қарсыластармен күресумен келеді. Бұл күресті ана тіліміздің
мемлекет тілі ретінде мерейі үстем болып, өзінің биік тұғырынан толық
көрінгенінше жүргізе бермекшіміз.
198
Алайда бүгінгі жағдай, тіл төңірегінде қайтадан қаулай түскен қарбалас
тіл жанашырларын қатты алаңдатады. Сексенінші жылдары өз мұратын
«Тауларды аласартпай, даланы асқақтату» деп ұрандатып, қазақ тілін орыс
тілінің дәрежесіне көтеруге әрекеттенген Олжастың бүгіндері, керісінше
ұран тастауы біздерге түсініксіз.
Бұл пәлсапаның мәні жөнінде ойланып қарайықшы. Біріншіден, биік
таулар символынан біз жалпы орыс мәдениетін, орыс тілін аңғарсақ, оларды
аласарту кеше де, бүгін де, ешқашан да мүмкін емес. Олай деп ойлаушылар
да жоқ. Екіншіден, «даланы асқақтату» дәрежесіне жеткізу деп түсінсек, ол да
арман ретінде ғана айтуға болатын, бірақ іске асыру қиыннан қиын дүние ғой!
Олжастың ашық хатқа жауабын біз дұрыс түсінсек, ол енді Қазақстандағы
орыс тілін «мәртебесі биіктеп кеткен» (?!) қазақ тілінің дәрежесіне көтерумен
шұғылданбақшы. Ау, ағайындар, қазақ тілінің қазірше жалғыз қағаз жүзіндегі
мәртебесі болмаса, орыс тілін теңестіретін, бәсекелестіретін қандай қасиеті
бар? «Осынау бір қарапайым шындықты Олжас білмей немесе ана тіліне
жаны ашығандықтан айтып отыр» дегенге өз басым сенбеймін. Сенбейтін
себебім: ол қазақ тіліне жалпы қамқорлық жасағаны болмаса (1986-жылғы
Ғ.Мүсірепов бастаған тіл туралы мәжіліс – соның бір кепілі), Олжас ініміз
басқалардай оның ыстығына күйіп, суығына тоңа қойған жоқ.
Сөзіміз дәйекті болу үшін бір мысал келтіре кетейік.
1992-жылы Мұқтар Шаханов пен Олжас Сүлейменовтер басшылығымен
Халық конгресі партиясы құрылды. Оны құрарда Мұқтар республикалық
«Қазақ тілі» қоғамының жәрдемін сұрады. Қолдан келген жәрдемнің бәрін
жасадық. Он тоғыз облыстағы ұйымдардан өкілдер сайланып, бірінші
құрылтайын өткізуге белсене атсалыстық. Жиналысты Олжас орысша
басқарып, Мұқтар партияның міндет-мақсаты жөнінде қазақша баяндама
жасады. Шынын айту керек, «Қазақ тілі» қоғамы атынан келген елуден астам
өкілдер жиналыстың барысына онша қанағаттанбады. Өйткені олар күткен
тіл проблемасы жөнінде ауыз тұшырлық пікір айтылмады. Сондықтан да
болар біздің делегаттар үзіліс кезінде мені қоршап алып, партияны қолдау-
қолдамау жөнінде пікір алысуды талап етті. Ақылдаса келе келешек жаңа
парламентте Қазақ мемлекеттік тілінің мүддесін қорғау үшін қоғамның да
ХКП қатарында болуы қажет деп таптық.
Өкінішке орай, біздің бұл сеніміміз ақталмады. Олжас бастаған ХКП
өз күйін күйттеп, қазақ тіліне ту сыртын көрсете бастады. Көп адам (оның
ішінде өзім де бар) бұл партиядан бас тартуға мәжбүр болды. Партияның тіл
саясаты туралы келісімге келе алмайтындығымызды ашық айтып, газеттерге
де жаздық.
Достарыңызбен бөлісу: |