Тіл майданы ІІ. ( Сардар мен сарбаздар) Алматы, 2004.
(Ө.Айтбаев‚ Т.Сайранбаев, К.Құрманәливтермен бірге)
Тәлім-тәрбие тілден басталады
КПСС Орталық Комитетінің «Қазақ Республикалық партия
ұйымының еңбекшілерге интернационалдық және патриоттық
тәрбие беру жөніндегі жұмысы туралы» қаулысында және Қазақстан
Компартиясы Орталық Комитеті мен Қазақ ССР Министрлер Советі
қабылдаған қазақ және орыс тілдерін оқып-үйренуді жақсарту туралы
арнаулы екі қаулы да ұлттық – қазақ тілі мен ұлтаралық – орыс тілінің
69
республика жағдайында халықтар достығын нығайтып, еңбекшілерге
интернационалдық тәрбие берудегі қоғамдық рөлі мен қатынас құралы
ретіндегі беделін арттыра түсудің нақтылы шаралары көзделген.
Міне, көпшіліктің көңілінен шыққан осы бір игілікті істен сырт
қалғысы келмеген зерделі де зейінді қауым оның қазіргі жайын білгісі
келеді, көптеген оқырмандар газер-журнал редакцияларына хат жолдап,
өздерінің талап-тілегін, ақыл-кеңесін ортаға сала, бұл игілікті іске
өз үлесін қосқысы келеді. Осындай хат-тілек, хат-кеңестердің біразы
«Социалистік Қазақстан» газетінің редакциясына да келіп түсіпті. Енді
біз сол хаттармен көпшілікті таныстыра отырып, баршамызға ортақ,
бәрімізді де толғандыратын тіл жайында және тілге байланысты тәлім-
тәрбие жайында пікір алысқымыз келеді.
Ең алдымен, «Біздің елде тіл проблемасы шешілген жоқ па еді?
Аталмыш қос қаулының біздің республикамызда қабылдануына қандай
қауырт жағдай себеп болды?» деген сұрауға жауап бере кеткен жөн.
Әрине, ондай қауырт жағдай жоқ: қазақ тілі де, орыс тілі де республика
көлемінде өздеріне тиісті қызметтерін барынша атқарып келеді. Мәселе
сол қызмет өскелең заман талабына сай ма, сай емес пе екендігінде.
Орыс тілінің тағдырлас, туыстас көп ұлтты, көп тілді совет
халықтарының бір семьяда қауымдаса, тату өмір сүруінде атқарып
отырған ерен қызметі баршамызға мәлім. Ал ол осы қызметін басқа ұлт
тілдерінің дербестігі, еркіндігі сақталмаған жағдайда дәл қазіргідей атқара
алмаған болар еді. В.И. Ленин көп ұлтты мемлекетте ортақ тіл мен ұлт
тілдерінің өзара қарым-қатысы, болашақ тағдыры жайында көп ойланып,
көп толғанғаны белгілі. Совет үкіметінің алғашқы жылдарындағы айтыс-
тартыстарда В.И. Ленин ұлтаралық қарым-қатынас қызметін атқара
алатын тіл – орыс тілі екендігін мойындай отыра, оны «міндетті түрдегі
мемлекет тілі» деп танудан бас тартқан болатын. Себебі: «мемлекеттік
тіл» деген ұғым сол мемлекетте өмір сүруші халықтардың міндетті түрде
сөйлейтін тілін танытатын еді. Демек, бұл ұғымның сыртында күштеудің,
зорлаудың элементі бар еді. В.И. Ленин «орыс тілі үшін мұндай зорлаудың,
күштеудің ешбір қажеті жоқ» деп ескертті. Осыған орай көсемнің «жаңа
қоғам орнатушы тағдырлас халықтар үшін орыс тілінің қажеттігі, оның
әмбебап қатынас құралы екендігі онсыз да айқын, тарихтың өзіне жүктеген
миссиясын ол толық атқара алатын ұлтаралық ортақ тіл екендігін әлі-
ақ танытады, оны әрбір совет азаматы өз ана тіліндей еркін де жетік
меңгеретін болады», деген даналық болжамын бүгінгі советтік өмір салты
толық дәлелдеп отыр. Бүкіл совет халқының 82 проценті, ал еліміздегі
70
түркі тілдес халықтардың 56,5 проценті орыс тілінде еркін сөйлей білуі
лениндік принципте шешілген табыстарымыздың айқын айғағы болса
керек.
Бірақ В.И. Ленин сол кездің өзінде-ақ орыс тілінің ұлтаралық қатынас
құралы ретінде кеңінен тарап, қанат жаюы ұлт тілдерінің есебінен емес,
қайта олардың да емін-еркін қатар дамуы арқылы жүзеге асады деп
үйреткен еді. Шынында да еліміздегі жүзден аса ұлт тілдерінің бүгінгі
жағдайы осыны көрсетеді. Қазір еліміздегі терезесі тең 130 ұлт тілдерінің
78-і жазу-сызуы бар әдеби тіл ретінде дамып отыр. Солардың бірі – жан-
жақты дамып, кемелденген, қоғамдық қызметі мейлінше кеңейген, ұлттық
тіл ретінде марқайып өскен қазақ әдеби тілі болып саналады.
Жалпы жағдай дәл осылай бола тұрса да, жоғарыда аталған екі
қаулының қабылдануы бекер болмаса керек. Қаулылардың түбегейлі
мақсатына келсек, ол республика жағдайында қазақ тілі мен орыс тілін
оқып-үйренуді әлі де болса жақсарта түсуді талап етіп отыр. Демек,
мәселенің түйіні тілге деген көзқарас заман талабына сай емес, тіл өресіне
кедергі болып отырған қырсыздықтар мен қыңырлықтар аз емес дегенге
барып саяды. Қазақтардың 52,3 проценті орыс тілін меңгерді деп (екінің
бірі білмейтіндер санатына жатса) онша мақтанарлық жайымыз жоқ. Ал
оның есесіне ана тілімізде сөйлеушілердің саны сақталса да, сапасы күрт
төмендеп кетуін де дені дұрыс құбылыс деп айту қиын. Мұндай жағдай,
әдетте, тіл саясатының бұрмалануына, ұлт тілі мен ұлтаралық тілдің
арасындағы өзара ынтымақ пен үйлесімділіктің бұзылуына байланысты
жүз көрсетеді де, ол барып халықтар достығына, интернационалдық
рухымызға аз да болса салқынын тигізеді.
Демек, ана тілімізге де, аға тілімізге де байланысты проблема бар
екен. Оның себеп-салдарын терең тексеріп, қыр-сырын ашып беру бір
бұл мақаланың міндеті емес. Дегенмен, бүгінгі жариялылық, демократия,
қайта құру талабына сай қалың көпшіліктің, оқырман қауымның тілге,
тілді оқып-үйретуге, тіл арқылы тәлім-тәрбие беруге қатысты көтеріп
отырған мәселелеріне мән беріп, ерекше тоқталып, пікір алыспасқа
болмайды.
Ең алдымен екітілділік жайында. Бұл – халықтар достығына бірден-
бір дәнекер болып, социалистік салтымызға сән беріп отырған тамаша
табыстарымыздың ең көрнектісі, ең маңыздысы. Екі тілді бірдей меңгеру
бүгінгі таңның талабына сай қажеттілік. Құсқа екі қанат қандай қажет
болса, әрбір азаматтың қоғам өмірінде құстай самғап ұшуына ана тілі
мен аға тілді жетік білуі сондай қажет. Бұл шындық! Ал, осы шындықтың
71
өмірдегі көрінісі қандай, тіл тәрбиесіндегі кейбір келеңсіз жағдайлардың,
көзге түрткі, көңілге көлеңке түсіріп жүрген жәйттердің себебі не?
Арқалық қаласынан редакцияға хат жазып отырған мұғалім Балғожа
Атығайұлы өмірден нақтылы деректер келтіре, осы сұрақтарға жауап
іздейді. Ол «КПСС Орталық Комитетінің қаулысында көрсетілген
«Екітілділіктің – ұлт тілі мен орыс тілінің одан әрі дамуы үшін қажетті
жағдай жасалсын», деген міндетке сәйкес тілді құрметтеу – халықты
құрметеу, оның әдебиетін, мәдениетін құрметтеудегі қайта құру ісі
жеделдей түссе екен!» деген тілек айтады.
Тілді құрметтеу – халықты құрметтеуден туады. Шынында да осы
бір сөз кейінгі кезде жиі айтылып, әсіресе, жергілікті халықтар тіліне
байланысты сол халықтардың тілек-ниетінен табылып, ерекше мәнге,
ілтипатқа ие бола бастады. Ұлы Лениннің тамаша идеясы салтанат
құрған көп ұлтты елімізде орыс тілін барлық ұлт өкілдері, оның ішінде
қазақтар да, жапа-тармағай үйреніп, жетік меңгеруге атсалысып жатқан
кезде, орыс халқының және Советтік Қазақстанда көптен бері аралас-
құралас тұратын, қазақтармен бірге өсіп, біте қайнасып кеткен басқа
халықтардың қазақ тіліне деген ілтипаты қандай? Қазақ халқының тілін
қомсыну, қажеті бола тұрса да, оны үйренуге емеурін танытпаудың
ұлтаралық достыққа қаншалық әсері бар? Осыған орай хат авторының
«Тіл арқылы болатын халыққа деген құрмет екі жаққа бірдей болғанда
ғана нәтижелі. Ұлттарды дос-бауыр ететін, жақындастыратын – ең
бірінші тіл, бірінің тілін бірі білу», деген пікірін біз де қолдаймыз.
Әрине, басқа ұлттың тілін білу-білмеу, үйрену-үйренбеу лениндік
принцип бойынша әркімнің өз еркінде. Ешбір зорлық жоқ. Бірақ
еркіндік, еріктілік бар да, қоғамның талабына, ұлттардың өзара
жақындасу мақсатына сай тіл үйренуге деген қажеттілік тағы бар.
Орыс тілін үйренудің, жетік білудің қажеттігі баршамызға белгілі. Ал
қазақстандықтар үшін – әртүрлі өндіріс, шаруашылық, ағарту-мәдениет,
ғылым мен техника саласында жергілікті қазақстандықтармен қоян-
қолтық бірге жұмыс істеп жүрген басқа ұлт өкілдері үшін еріншектікке
салынып, біржақты ғана қатынас жасаудың, тіпті кейде «орысша сөйле,
сенің сөзіңді түсінбеймін!..» деп, ұлттық сезімімізге тиетін ауыр сөздер
айтып, намысын қоздырудың қаншалық қажеті бар?
Қазақ халқы – сөз құдіретін қатты құрметтейтін халық. Айдалада
қой бағып жүрген шопанға ұлты бөлек тосын жан келіп, қазақшалап:
«Ассалаумағалейкүм, ақсақал! Мал-жан аман ба, бала-шағаңыз сау ма?
Бақуатты жүріп жатырсыз ба?..» дер болса, сол қойшының жаны қалмай,
72
әлгі адамның асты-үстіне түсіп, бәйек болатынына біз кепіл. Сондағысы
ана тілінде айтылған бір-ақ ауыз сөз ғой. «Халықтар достығы» деп
аталатын ұлағатты ағымның кейде бір ауыз сөзден басталатынын біз
ескере бермейміз. Осындай бір ауыз сөзді біз ұлы досымыз, орыс
халқының көптен қасымызда жүріп, ортақ ісімізбен мидай араласып
кеткен тағылымды ұл-қыздарынан да естігіміз келеді.
«Ал ол мүмкін бе?» деп сұрауыңыз да мүмкін. Әрине, мүмкін! Қазақ
тілін өз бетімен үйренушілерге қажетті оқу құралдары, программалар,
орысша-қазақша, қазақша-орысша шағын сөздіктер мен тілашарларды
баспалар біраз шығарып та үлгірді. Радио, телевизия мүмкіншіліктері
іске қосылып, жер-жерлерде екі тілді үйретудің курстары мен үйірмелері
ашылып, жұрт осы бір игілікті іске үлкен бетбұрыс жасап отыр. Әрине,
бұл іске бар ынтасымен, шынайы ниетімен кіріскен адам одан нәтиже
шығаруы сөзсіз. Бірақ жақсы басталған ісіміз, шынын айту керек,
көп жерлерде басталған бюрократизм, енжарлық, немқұрайдылық,
көзбояушылық салдарынан нәтижесіз болар ма екен деп те ойлаймыз.
Бұл істің басталғанына бір жылға жуық уақыт өтсе де, «мен қазақ тілін
өзіме қажет дәрежеде үйрендім, достарыммен сөйлесе аламын» деген
қуантарлық ақпардың жоқтығы себепсіз де емес сияқты. Алматының дәл
іргесіндегі Іле ауданының тұрғындары Б. Баймұратов, С. Досжанов (барлығы
17 адам болып) қол қойған бір хатта: «Қаулы шыққанына біраз уақыт болды.
Бірақ біздің ауылда бұл тілдерді оқып-үйренуге ешқандай жағдай жасалған
жоқ. Әсіресе қазақ тілін дамытуға мүмкіншілік болмай отыр» деп, дабыл
қағады.
Бұл мәселенің ұйымдастыру жағы. Ал жергілікті ұлт тілін үйренуге елдің
пиғылы, ілтипаты бар ма? Ілтипат болмаған жерде, ынталану жоқ жерде тіл
үйрету оңай емес, жас бала емес, әсіресе үлкендерді үйрету оңайға түспейді.
Ілтипат та, пиғыл да, сайып келгенде, қажеттілікке байланысты екенін аңғару
қиын емес. Ертеректе біздің ата-бабаларымыз өздерінің тамыр орыстары
жайында «Ой, біздің Шодыр қазақша сөйлесе, алдына жан салмайды, өзіңді
жаңылдырады!» – деп, мақтана айтып отырушы еді. Бүгінде осындай өнегелі
тәліммен елге үлгі болып отырған қазақстандық неміс, корей, дүңген, түрік,
ұйғыр сияқты халықтардың өкілдері аз емес, бірақ көп те емес. Сондықтан
болар, тілін сүйгенді жаны сүйген халқымыз талай дәстүрлі айтыс додасына
түсіп, жүлделі болып жүрген орыс қызы, қазақ ақыны Надежданы, халық
әндерін нақыш-мақамына келтіре шырқап, жұртты риза қылып жүрген үш
бірдей орыс қызы Татьяналарды, сондай-ақ неміс, қазақ, орыс тілдерінде
бірдей қалам тартып, қалың оқырмандарына үш ұлттың рухани байлығынан
73
сыр шертіп жүрген жазушы Г. Бельгер сияқты азаматтарды ерекше қадір
тұтады, мақтан етеді. Бұл қасиет осы жандардың елден ерекше артықтығын
көрсетеді. Қос қаулыда жергілікті ұлт тілін мүмкін болғанша меңгеру,
қажетіне жарату интернационалдық рухта тәрбиеленген әрбір азаматтың
абыройлы міндеті, абзал қасиеті, әдептілік пен өнегеліліктің нышаны деп
саналады. Осы орайда орыс тілін үйрене түсейік деп қазақтар атсалысып,
өнеге көрсетіп жатса, қазақ тілін үйрену инициативасын орыстардың, не
басқа халықтардың өздері көтеріп жатса, қандай жарасымды!
«Өзінің тілін құрметтемеген басқа тілдің де қадірін білмейді» деген
сөз бар. Біз көбінесе тілімізді сөз жүзінде дәріптейміз де, іс жүзінде оны
орындамаймыз. Біразымыз өз тілімізді жете білмейміз. Мұның себебін
кейбіреулер орыс тілінің ұлт тілдеріне жасап отырған күшті ықпалынан, оның
барлық салада кең жайылған қызметінен және ұлттардың өзара араласуынан
көреді. Ал шынында орыс тілінің бүгінгі атқарып отырған қоғамдық қызметі
ешқашан, еш жерде ұлт тілдерінің қызметін тежеп, мәнін түсіріп, шеттеп
көрген емес.
Шынында да, республикамызда бұл салада үлгі етерлік тамаша
ұстаздар аз ба? Аз емес. Дәл Алтынсариндей, дәл Шаталовтай болмаса
да, жас ұрпаққа ана тілімізді де, аға тілімізді де үйретуден жалықпай, жан-
тәнін салып жүрген жандар, тіл құдіретін шәкірт жүрегіне ұялата білген,
шебер мамандар республикамызда баршылық. Солардың бірі – Көкшетау
ауданындағы Ақан атындағы орыс-қазақ орта мектебінің мұғалімі орыс,
неміс, қазақ тілдеріне жетік Ольга Иосифовна Мырзагелдинованың қазақ
тілін оқытудағы үлгілі өнегесі мен озат тәжірибесін айтып, оқытушылар
қауымы бекер мақтамаса керек. Осындай абзал жандар мұғалімдер
арасынан көптеп табылады.
Ендігі әңгіме тақырыбы – мектепке дейінгі тіл тәрбиесі. Шындықты
мойындасақ, бұл жас ұрпақты тәрбиелеу жүйесіндегі «сырқатты» мәселе.
Сондықтан болу керек, редакцияға келіп түскен хаттар бұл мәселеге
көбірек тоқталады. Мектепке дейінгі тіл тәрбиесі, басқа тәрбие сияқты,
екі кезеңнен – семья мен бала бақша тәрбиесінен тұрады. Тіл тәрбиесі
үшін олардың шешуші роль атқаратындығына ешкім таласа қоймас.
Осыған орай, «баланы тілге жастайынан, алғаш семьяда, одан соң бала
бақшада үйрету қажет», деген пікір айтылады. Бұл ғылыми жағынан да
дұрыс пікір. Бала тәрбиесіндегі ата-ананың зор жауапкершілігін Сабыр
Қазыбаев А.С.Макаренконың «Бес жасқа дейінгі істегендеріңіз – бүкіл
тәрбие процесінің 90 проценті» деген ұлағатты ойымен дәлелдей келіп,
«адамның ойы кемел, тілі шешен болып қалыптасуы – ең алғашқы
74
тәрбиенің жемісі» деп, тілдік тәрбиенің де тым ерте басталуын
талап етеді. Демек, ата-ана алғашқы ұстаз. Ал ұстаздың ұстазы әр
үйдің алтын қазынасы әжелер, аталар емес пе? Ұлы Пушкин де, ұлы
Абай да өздерінің бойындағы ең асыл ақындық қасиеті үшін Арина
Родионовна, Зере сынды әжелеріне өмір бойы бас иіп кеткен емес пе
еді?
Шынында да, жас баланың тілді қабылдау, жадында сақтау
қабілеті өте күшті болады. Тілші психолог ғалымдар пікірінше,
баланың 8-9 жасқа келгенше сөйлеу аппараты толық қалыптасып
болады. Дәл осы кезге дейін ол кез келген тілді жетік меңгере алады
екен. Демек, тәлім-тәрбиенің басын тіл деп түсінсек, сол тіл тәрбиесі
тым ерте, яғни семьядан басталып, бала бақшасында қалыптасқаны
абзал деп білеміз. Жастайынан өзін қоршаған тілдік ортаның рухына
бойлай өскен бала ана тіліне де суық тарта береді. Ал тілді кенжелеп
барып, ересек тарта үйренген бала көбінесе оның нәзік те көркем
табиғатына терең бойлап, ұлан-ғайыр байлығын толық меңгере
алмаса керек.
Екітілділік – ұлт республикалары жағдайында дүниеге келген
тарихи фактор, социалистік мәдениетіміздің бүгінгі даму сипатын
анықтайтын қоғамдық құбылыс. Бір топ хаттың иесі орыс тілін
үйреніп, оны жетік меңгеруге деген елдің талабын және бұл орайдағы
кедергі-кемшіліктерді сөз етеді. Мәселен, Ақтөбе облысы Қарабұтақ
поселкесінен хат жолдап отырған Әбдібай Жетіруов: «Орыс тілі
– Ленин тілі, орыс халқының тілін білуді парыз санаймын» десе,
Шымкент облысы, Мақтаарал ауданынан Кәмшат Дүйсебаева: «Біз
орыс тілін меңгеруге ынтықпыз, – деп ағынан жарыла отыра, оның
себебін де жасырмайды, – Ауданда ауруханаға көрінуге барған
адам орыс тілін жөнді білмесе, орыс дәрігерлер оған күледі, ал
өздері бір ауыз қазақша білмейді». Дәл осы арадан біз екітілділік
проблемасының қаулыда айтылған екі жағын да, яғни тіл білуге
екі жақ та бірдей ынталанудың қажеттігін көріп отырмыз. Жамбыл
облысы Қордай ауданының тұрғыны Құдайбергенов Нұрділда,
алматылық Жұмағалиев, шымкенттік Рүстемов Мұхамеджан,
Петропавл қаласынан Кәдірбаев Бәйкен, ақтөбелік соғыс ардагері
Ділманов Айтқали және басқалары да осы екітілділікті дамыту
мәселелерін сөз етеді.
Аталмыш қаулыларды орындауға байланысты қабылданған
шаралардың біразы анықтама құралдар, оқулықтар, программалар
75
шығару болса, енді біразы орыс, қазақ тілдерін жер-жерде оқытуға,
оқу процестерін ұйымдастыруға бағытталған еді. Алайда 16
адамның қолы қойылып Семей облысынан келген хатта қаулылардың
орындалуына байланысты аталған көп кемшіліктердің қатарында
«қазақ тілін оқып-үйрену үйірмелері жоқ» деп хабарланған.
Бұл салада Қазақ ССР Оқу министрлігі, Қазақ ССР Ғылым
академиясының Тіл білімі институты, Қазақ Совет энциклопедиясының
бас редакциясы, «Мектеп», «Қазақстан» баспалары біршама жұмыс
істегенін атап айтуға болады. Мәселен Орал облысынан мұғалім
Оңғарбай Жұбатқановтың хатында Орал облыстық мұғалімдер білімін
жетілдіру институты негізінде 1987 жылы өткізілген мәжіліс жайы сөз
болады. Мұнда қос тілді оқып-үйренуге байланысты жұмыстардың
сапасын арттыру шаралары, тілден олимпиада өткізудің шарттары
бекітіліп, басқа да игілікті істер атқарылған.
Біраз хаттарда жалпы тіл мәдениетіне, жазу-сызу сауатын ашуға,
тіл байлығына, терминдерге қатысты анықтама құралдардың, әртүрлі
сөздіктердің қажеттілігі сөз етіледі. Бұл жөнінде айтарымыз мынау: Тіл
білімі институты тарапынан жоспардан тыс дайындалған 40 мыңнан
астам сөз бен сөз тұлғаларын қамтитын «Қазақ тілінің орфографиялық
сөздігінің» түзету енгізілген жаңа үшінші басылымы үстіміздегі жылдың
бірінші жартысында жарық көрмекші. Сондай-ақ «Қазақ тіліндегі кісі
аттары» деп аталатын үлкен сөздік те биыл баспадан шыққалы отыр.
Істеліп жатқан осындай басқа да жұмыстар баршылық. Москвадан
шығатын «Қазақша-орысша үлкен сөздік» қазір редакциялау үстінде.
Қорыта келгенде айтарымыз: ана тілі тағдыры – әрбір халық үшін
өмірінің өзекті мәселесі; қос тіл тағдыры – халықтар достығының
мызғымас негізі, ана тілі мен аға тілдің үйлесімділігі – бүгінгі социалистік
дәуірдің салтына сай болашаққа бастайтын сара жол. Ұлтаралық
қатынастың да, интернационалдық бірліктің де кепілі – қарым-қатынас
құралы тілде! Тәлім-тәрбиенің бәрі тілден басталады.
Достарыңызбен бөлісу: |