1953-1991 жж. Қазақстанның мәдени өмірі.
60-80-ші жылдары мәдениет саласын нығайтуда біраз жұмыстар істелді. Селолық жерлерде 6 мыңнан астам клубтар мен мәдениет сарайлары қызмет көрсетті. Оларда 12 мыңнан астам көркемөнерпаздар ұжымы істеді. Ауыл-село тұрғындарының тұрмысына теледидар, радио, баспасөз, кино бұрынғыдан көбірек ене бастады. Қазақстанның село зиялыларының мәдени дәрежесі сан және сапа жағынан едәуір өсумен сипатталды. Орта есеппен бір колхоз бен совхозға 70-ші жылдардың басында 45 жоғары және арнайы орта білімі бар маманнан келді.
1970 жылға қарсы теледидар республиканың барлық облыстарына дерлік енді. Қазақстанда теледидардың 15 программалық орталығы және осынша студиясы, сондай-ақ теледидар бағдарламасын тарататын және қабылдап алып қайта тарататын жүйелер істеді. 4 республикалық және 19 облыстық бағдарламалар арқылы радио хабарлары қазақ, орыс, ұйғыр, корей тілдерінде жүргізілді. 1976 жылдың аяғында 10282 кино қондырғысы болып, олар бір жылда 290 миллион кино көрерменіне қызмет көрсетті.
Халық ағарту ісі де бірсыпыра алға басты. Мысалы, республиканың жалпы білім беретін 10154 мектебінде 1970 жылы 3 млн. 140,8 мың бала оқыса, 1977 жылы 9217 мектепте 3 млн. 266,1 мың бала оқыды. Мектептің оқу ісінің алдына 70-ші жылдары жаппай орта білім беру міндеті қойылды. 1984 ж. балаларды алты жастан бастап оқытуға көшу, еңбекпен ұштастыра оқыту үшін оқу-материалдық база жасау, оқу бағдарламасына жаңа пәндер қосу жөніндегі мектеп реформасы басталды. Бірақ, осымен бірге мектептегі оқу ісін дамытуда кемшіліктер де орын алды. Мектептерге партиялық әмір күшейе түсті. Оқу-тәрбие процестерін саясаттандырудың үстіне жалпы көрсеткішті қуалау, оқу процестерін жасанды жүргізу, оқушылардың оқуға немқұрайды қарауы қосылды. Ұлттық мектептерді қысқарту тенденциясы күшейіп, орыс мектептерінің саны көбейді. Мектептегі оқу ісінің дағдарысы экономикадағы, саясат пен идеологиядағы бұрмалаулардың көрінісі еді.
1970 жылы Қазақстанда 46 жоғары және 190 арнаулы орта оқу орны болып, оларда 416 мыңнан астам студент білім алды. Студенттер 160 мамандық бойынша әзірленді. Республиканың техникумдарында жастар 182 мамандық бойынша оқытылды. 1986 жылы республикада жоғары оқу орындарының саны 55-ке, ал арнаулы орта оқу орындарының саны 246-ға жетті. Жоғары оқу орындары мен техникумдарда 550 мыңдай студент оқыды. Республика халқының әрбір 10 мың адамына 160 студенттен келді.
Достарыңызбен бөлісу: |