Қарлығаш
Арктика мен Антарктидадан басқа аймақтарда кеңінен таралған, 20 туысқа бірігетін 79 түрі бар. Қазақстанда 5 түрі (жар қарлығашы, құз Қарлығашы, қосреңді Қарлығаш, секпілтөс Қарлығаш, кент Қарлығашы) кездеседі.
Қарлығаштың тұмсығы қысқа, тұмсығының түбі кең, езулерінің арасы алшақ. Қанаттары жіңішке әрі ұзын. Дене бітімі ерекше сымбатты. Саусақтары қысқа, әрі әлсіз, жерде жүруі ебедейсіз. Қ-тың қауырсыны тығыз, жотасы қара түсті жылтыр. Сыртқы түрінен еркегі мен ұрғашысының айырмашылығы байқалмайды. Дене тұрқы 9—23 см, салм. 10—60 г.
Қарлығаш өте жақсы ұшады, тіршілігінің көп уақытын ауада ұшып жүріп өткізеді. Су үстінен ұшып бара жатып-ақ су іше береді. Ұшып жүріп қорегін ұстап жейді. Дауысы онша қатты емес. Қарлығаш ұясын саз балшықтан сілекейімен араластырып бекем етіп жартас қуыстарына, жағалаудағы жарға, үй ішіне, кейде ағаш басына да салады. Ұясы жарты ай немесе түбі кең, аузы тар құмыра пішінді. Ұясының түбіне қауырсыннан, т.б. заттардан жұмсақ төсеніш жасайды. Ашық ұядағы жұмыртқа қара теңбілді шұбар, жабық ұядағы жұмыртқа ақ түсті болады. Жылына 1, кейде 2 рет 3—7 жұмыртқа салып, балапан басып шығарады. Балапандары қызылшақа болып туады.
Қорегі көбіне ұсақ жәндіктер. Ашық күндері биіктеп ұшады да, ауа райы жауын-шашынды болар алдында жер бауырлап ұшады. Сондықтан да қарлығаштың ұшу ерекшелігіне қарап ауа райының өзгерісін алдын-ала болжауға болады. Сұр қарлығаш сағатына 170 км жылдамдықта ұшады екен.
Орнитология– зоологияның құстар, олардың жүйеленімі, жекеше және тарихи дамуы, физиологиясы, экологиясы, жер бетіне таралуын зерттейтін саласы. Орнитология терминін алғаш рет ғылымға XVI ғасырда италия ғалымы У.Альдрованди енгізді. Қазақстан құс фаунасы жөніндегі алғашқы мәліметтер (XIX ғасырдың басы) орыс ғалымдарының (П.С. Паллас, Н.Я. Озерецковский, С.П. Крашенинниковеңбектерінде айтылған. Олар құстардың ғылымға белгісіз түрлерін ашып, сипаттама берді. Кейіннен құс түрлерінің қазақ даласына таралуы жөнінде жаңа заңдылықтар ашты . XX ғасырдың 70 – 80 ж. жалпы Қазақстан аумағында, әсіресе, аз зерттелген Тянь-Шань, Алтай тауларын, Бетпақдала өңірі мен Маңғыстау, Бозащы шөлейтті аймақтарын мекендейтін құстарға орнитология зерттеулер толықтай жүргізілді. Құстардың қоныс аударуы (республика әуе жолымен ұшып өтетін жолдары, саны, оның маусым, тәулік ішінде өзгеруі, құсқа сақина салу нәтижелері), олардың қоректенуі, көбеюі, қазіргі кездегі құс популяциясының жағдайы, сирек кездесетін және жойылып бара жатқан түрлерінің экологиясы зерттеліп, құнды ғылыми мәліметтер алынды. Құстар жүйеленімі мен морфологиясына арналған зерттеулер одан әрі жалғасуда; су құстарын пайдалану, жәндікқоректі пайдалы құстарды өзен бойындағы және таудағы ормандарға қоныстандыру, құстың ауыл шаруашылғы дақылдарына тигізетін зиянын азайту жолдары іздестірілуде; антропогендік факторлар әрекетінің өсуіне байланысты далалық, шөл-шөлейтті аймақтардың, тау экожүйелеріндегі құс фаунастик. кешендердің қалыптасу заңдылықтарын анықтау, Арал теңізінің тартылып қалған жерлеріндегі орнитофаунаның қалыптасуына бақылау жүргізілуде. Құстар әр түрлі қауіпті жұқпалы аурулардың қоздырғышын (энцефалиттер, арбовирустар, гельминттер, т.б.) денесінде сақтаушы және тасымалдаушы, соған байланысты адам мен мал арасына паразиттер мен түрлі ауру таратуға құстың қандай қатысы бар екені анықталды.
Достарыңызбен бөлісу: |