42.Тұқым қуалаушылықтың Гибридологиялық әдісі. Гибридологиялық әдіс. Тұқым қуалаушылықтың заңдылықтарын зерттеудің ғылыми негізінГрегор Мендель қалады. Ол өз тәжірибелеріне қолайлы объект ретінде асбұршақты (Pіsum satіvum) алды. Себебі, басқа өсімдіктермен салыстырғанда асбұршақтың мынадай айрықша қасиеттері бар: 1) бірнеше белгілері бойынша бір-бірінен айқын ажыратылатын көптеген сорттары бар; 2) өсіруге қолайлы; 3) гүліндегі жыныс мүшелері күлтежапырақшаларымен толық қалқаланып тұратындықтан, өсімдік өздігінен тозаңданады. Сондықтан, әр сорт өзінше таза дамып жетілетіндіктен, белгілері ұрпақтан-ұрпаққа өзгеріссіз беріледі; 4) бұл өсімдіктің сорттарын қолдан тозаңдандыру арқылы өсімтал будандар алуға болады.
Міне, сондықтан,Мендель асбұршақтың 34 сортынан белгілері айқын ажыратылатын 22 сортты таңдап алып, өз тәжірибелеріне пайдаланды. Ол өсімдіктің негізгі жеті белгісіне көңіл аударды: сабағының ұзындығы, тұқымының пішіні мен түсі, жемістерінің пішіні мен түсі, гүлдерінің реңі мен орналасуы. Мендель тәжірибелерінің келесі бір ерекшелігі белгілердің тұқым қуалауын зерттеуде гибридологиялық әдісті қолдану арқылы дәл және тиянақты нәтиже алуында болды. Бұл әдістің негізгі жағдайлары мыналар:
1) будандастыру үшін бір-бірінен айқын жұп белгілері бойынша ажыратылатын бір түрдің дарақтары алынады; 2) зерттелетін белгілер тұрақты, яғни бірнеше ұрпақ бойы қайталанып отырады; 3) әр ұрпақтағы алынған будандарға жеке талдау жасалып, нақтылы сандық есептеулер жүргізілді.
43. Будандастыру түрлері.ерекшеліктері.
Будандастыру — жануарлардың тұқым қуалайтын белгілерін тез өзгертудің барынша тиімді әдісі ғана емес, сонымен бірге, жаңа мол өнімді тұқымдар шығарудың да тиімді әдісі.
Будандыстырудың табысқа жетуі бастапқы тұқымдарды дұрыс тандай білуге, будандастырудың мақсаттары мен түріне; ұрпағының қасиеттеріне қарай тексерілген жақсы аталықтарды жұптастыруға; будан мал үшін жақсы азықтандыру және күтіп-бағу жағдайларын жасауға байланысты.
Будандастыру мал шаруашылығында еретеден-ақ қолданылып келеді. Халықтың Шығыстан Батыс Европаға қоныс аударуы, славяндардың ата-тектерінің Шығыс халықтарымен сауда байланыстарын орнатуы жануарлардың, ең алдымен жылқының әр түрлі тұқымдарын сұрапыл түрде будандастыруға түрткі болды. Орта ғасырлардың өзінде-ақ Батыс Еуропаға шығыс жылқылары кеңінен ене бастаған, сөйтіп олар жегілетін және салт мінетін жылқылардың бастамасы болған. Бұдан сәл ертерек Испанияда будандастыру жергілікті қылшық жүнді қойларды жақсарту үшін қолданылды, оларды мериностармен жұптастырған.
Будандастыру ХVІІІ ғасырдың аяғында және XIX ғасырда капитализм дами бастаған кезеңде кеңінен қолданылды. Англияда адамдардың бір ұрпағы ішінде будандастырудың көмегімен ірі қараның, шошқаның, қойдың, жылқының 60-қа жуық тұқымы шығарылды. Жануарлардың жаңа тұқымдарын шығару әдісі ретінде будандастыру, сондай-ақ, Ресейде, Швейцарияда, Францияда және басқа да елдерде қолданылды. Стихиялы түрде өмірге келгендіктен, мал өсірудің бұл әдісінің бастапқыда ғылыми негізі болмады. Кейінірек будандастырудың мәні және мал өнімділігін жетілдірудегі оның маңызы туралы әр түрлі теориялар пайда бола бастады. Юстинус тұқымдардың константтығы теориясын ұсынды. Ол жануарлар тұқымына табиғат тұқым қуалаушылықтың мызғымас күшін берген деп есептеді және ол жануар тұқымының құндылығын екі жолмен анықтады: шығу тегінің тазалығы және жаратылуының ұзақтығы, яғни тұқымның шығу тегі неғұрлым таза болса және ол неғұрлым ертерек жаратылған болса, ол соғұрлым құнды болмақ. Алайда мұндай таза константты, шығу тегі таза жануарлар болмайды, оның үстіне олардың мал шаруашылығына керегі де жоқ. Сонсон мен Ноден будандастыру ретсіз өзгергіштікті туғызады деп көрсетті. Ол замандағы көптеген селекциөнерлер тұқымды жақсарту немесе жаңа тұқым шығару үшін будандастыру әдісін қолданудан қауіптенді. Ч. Дарвиннің айтуынша, олар шығу тегі әр түрлі тұқымдардың бағалы қасиеттерін бойына сіңірген жаңа тұқымдарды шығару мүмкін емес деген жабайы сенімде болып, таза қан және тұқымның константтығы теориясынан ажырай алмады.
Бұдан кейінгі тұқым шығару жұмыстары мұндай қауіптерді серпіп тастап, мал өсірудің аса бағалы әдісі ретінде будандас-тырудың ғылыми негіздерін жасады. Орыс зоотехниясының классиктері П.Н. Кулешов, М.Ф. Иванов, Е.Ф. Лискун, Д.А. Кисловский және басқалары будандастырудың ғылыми биологиялық негіздерін талдауға зор үлес қосты. П.Н. Кулешовтың дәл айтқанындай, будандастыру дегеніміз ескі түбірлерге жаңа өскіндерді телу және бұл телуден ауыл шаруашылығы мақсаттары үшін едәуір пайдалы тұқымдар алу деген сөз.
Будандастырудың әр түрлі жолдарын пайдалану арқылы мына төмендегі зоотехниялық мәселелерді шешуге болады:
1. Өнімі төмен жергілікті мал тұқымын түбегейлі өзгерту;
2. Өсіріп отырған мал тұқымының кейбір кемшіліктерін тез арада жақсарту;
3. Жаңа мал тұқымын шығару;
4. Гетерозис құбылысын барынша пайдалану.
Будандастыру алға қойған мақсат пен жететін нәтижесіне қарай бес түрге бөлінеді: сіңіре (аудара) будандастыру, қан араластыра (түзетуші) будандастыру, зауыттық (тұқым түзуші) будандастыру, өнеркәсіптік будандастыру, кезек будандастыру.
Сіңіре будандастыру деп кең мағынада бір тұқымдық топтын, негізгі өнімдік белгі, қасиеттерін екінші тұқымдық топтың қасиеттерімен ауыстыруды, яғни өнімі төмен жергілікті тұқымды өнім сапасы мен саны жоғары тұқыммен будандастыру арқылы түбегейлі өзгертуді айтады. Ол үшін жергілікті тұқымның және әр келесі ұрпақтың аналықтарын бірнеше ұрпақ бойы тек жақсартқыш тұқымның аталығымен шағылыстырады. Осы ретте жергілікті тұқымды-жақсартылатын, өнімі мол тұқымды-жақсартқыш тұқым деп атайды. Сонымен, сіңіре будандастырудың нәтижесінде жергілікті тұқым түбегейлі өзгеріп, жақсартқыш тұқымға ұқсас мол өнімді мал тобы құрылады. Оның бірте-бірте тіпті жаңа тұқымға айналуы да мүмкін.
Сіңіре будандастырудың басты артықшылығы өнімі төмен жергілікті тұқым табындарын қысқа мерзімде, қауіпсіз, тез жақсартуға болады және мұны көп шығынсыз, әсіресе қолдан ұрықтандыру кең тараған жағдайда, іске асыруға болады. Сайып келгенде, қазіргі уақытта Қазақстанда кең өріс алған биязы жүнді және қаракөл қой шаруашылығы, етті және сүтті сиыр шаруашылықтары осы сіңіре будандастыруды сәтті пайдаланудың негізінде қалыптасқан.
Ал, сіңіре будандастырудың сәтті жүруі үшін не істеу керек?
Біріншіден, жақсартқыш тұқымды дұрыс тандай білу қажет. Жақсартқыш тұқымның саны шектеулі емес. Оның біреу де, бірнешеу де болуы мүмкін. Осыған орай сіңіре будандастыру қарапайым (егер жақсартқыш тұқым біреу болса) және күрделі (егер жақсартқыш тұқым бірнешеу болса) деп екіге болінеді.
Жақсартқыш тұқымдарға қойылатын негізгі талап олар мол өнімді болумен қатар, биологиялық қасиеттері (тіршілік талғамы) тұрғысынан жергілікті жағдайға бейімделе алатын болуы тиіс, яғни будандасатын тұқымдардың тіршілік талғамы мен жергілікті сыртқы орта жағдайларының әсеріне жауап беруі реакциясы арасында аса үлкен айырмашылық, қарама-қайшылық болмауы керек.
Екіншіден, сіңіре будандастыру жолын (схемасын) дұрыс ұйымдастыру. Сіңіре будандастырудың жалпы схемасы 51-суретте берілген.
Суреттен көрініп тұрғандай жергілікті жақсартылатын тұқым мен буданның аналықтарын бірнеше ұрпақ бойы (V ұрпаққа дейін) жақсартқыш тұқымның аталығымен шағылыстырады. Мәселе нешінші ұрпаққа дейін жақсартқыш тұқыммен шағылыстыруды дұрыс шешуде, яғни сіңіре будандастырудың шегін білу керек. Бұл әдетте будандастырылып отырған екі тұқым өнімдерінің айырмашылық дәрежесіне, жергілікті малдың жақсартылуға тиісті белгілерінің тұқым қуалаушылық ерекшеліктеріне байланысты болады. Сіңіре будандастырудың шегін анықтағанда алға қойған мақсатты басшылыққа алады. Мақсат — будандастырылып отырған екі тұқымның да жақсы жақтарын ұтымды ұштастыру. Әдетте, будандастырылып отырған екі тұқымның арасындағы айырмашылық үлкен болған сайын, сіңіре будандастыру ұзақ (4-5 - ұрпаққа дейін), ал айырмашылық аз болса, қысқа — екінші ұрпақты алумен-ақ шектеледі. Көпшілік жағдайда сіңіре будандастырудың нәтижесінде жергілікті жақсартылатын малдың белгілерін жақсартқыш тұқымның едәуір бағалы қасиеттері біртіндеп ығыстырады да, IV-V ұрпақта будандар таза жақсартқыш тұқымның жануарларына ұқсас болып шығады.
Сіңіре будандастырудың схемасында будандастырудың тек ұрғашылары көрсетіліп, еркектері көрсетілмеген. Себебі еркек будандар "өз ішінде" өсіргенге (суретте Fv) дейін, келесі ұрпақ алуға қатыстырылмайды. Үшіншіден, сіңіре будандастыру барысында будандарды тыянақты сұрыптау мен жұп таңдау үздіксіз жүргізілуі қажет. Төртіншіден, мүмкіншілігінше әр ұрпақка жақсы бағып-күту мен азықтандыру жағдайын туғызу керек.
Сіңіре будандастыруда әр келесі буындағы ұрпақтың бу- дандарында жақсартқыш тұқым қанының үлесі артады. Қанның үлесі деген не? Қандылық ұғымы зоотехнияға генетиканың ғылымы ретінде дамуынан әлдеқайда бұрын пайда болған. Ол өткен ғасырлардағы мал шаруашылығында пай¬да болып, практикаға будандар "өз ішінде" өсіріледі енгізілген. Алайда қан үлесі ұғымын осы заманғы гене¬тика тұрғысынан да түсіндіруге болады. Мысалы, бестужев тұқымы мен жергілікті малды сіңіре будандастырғанда оның қан үлесі былайша өзгерген: F1-де бестужев малы қанының үлесі 1/2, Ғ2-де - 3/4, Ғ3-те - 7/8 және т.с.с.
Достарыңызбен бөлісу: |