І ТАРАУ. ОЙЫН ТҮРЛЕРІ 1. Іскерлік ойын
Іскерлік ойындарды педагогтың кәсіби шеберлігін дамытуда, құзырлылығын анықтауда пайдалану арқылы оң нәтижелерге қол жеткізуге болатынын күнделікті тәжірибенің өзі дәлелдеуде. Іскерлік ойындардың өзі бірнеше топқа бөлінеді. Олар: иммитациялық, операциялық, рөлдерді орындау, іскерлік театр, психо және социодрамалар.
Психодраманың туып, дамуына ерекше үлес қосқан Джекобу Леви Морена болды. Классикалық психодрама – топтық жұмыстың өте айқын, ең эмоционалды бай бағыттарының бірі. Ол жүргізушіден жоғары кәсіби біліктілік пен зор шығармашылық қабілеттерді талап етеді. Өйткені ол бір мезетте режиссер, терапевт және сарапшы рөлін атқарады. Бұл әдістің мәні жүргізуші режиссер басқаруымен топ мүшелерінің арнайы ұйымдастырылған кеңістікте арнайы тәсілдер көмегімен спектакль қоюында.
Дәстүрлі театрландырылған қойылымдардан оның ерекшелігі- қатысушыларға бейтаныс жағдай емес, керісінше олардың өздерінің өмірлік тәжірибесі, жеке проблемалары немесе өзіндік әлеуметтік рөлдердің ойналуында болып табылады. Сондықтан сахналандырылатын қойылымның авторы қатысушылардың өздері болады. Оларға режиссер мен топтың басқа мүшелері көмектеседі. Мұнда суырып салмалық пен аяқ астынан туған, шын жүректен шыққан ойлар мен пайымдауларға ерекше мән беріледі, ал қойылымның сәтті шығуына кедергі келтіруі де ғажап емес. Әдетте, топта кәсіби актер режиссердің көмекшісі болуы міндетті емес. Психодрамалық сессияларды топтастырудың негізгі кезеңдері төмендегілер болып есептеледі.
-сергіту сәті (драмалық фазасы)
-психодрамалық әрекет фазасы (қойылымның жүзеге асуы)
-кіріктіру фазасы, қатысушылар өз пікірлері мен әсерлерімен алмасады.
Психодрамалық әрекеттер кульминациялық нүктесіне жеткенде, топтың эмоционалдық қуаты шарықтау шегіне жетіп, «катарсис» - жан дүниесінің тазаруы жүзеге асады. Эмоционалдыққабылдау сәтінде жағдайды басқаша бағалау, қабылдау жүзеге асқандықтан, тұлға аралық қақтығыстарды жағымды шешуге ықпал етеді. Психодрамалық әрекетке режиссер, протогонист (қойылым негізіне тәжірибесі алынып отырған адам), оның әріптестері және аудитория (рөлі жоқ көрермендер) қатысады.
Психодрамаға қатысушылар әрекетке түсу барысында ішкі қайшылықтар мен маза бермейтін ойларынан арылып, емдік терапия жүреді. Сонымен қатар көрермендер де терең эмоцианалдық қоюалжуды бастан кешіретіндіктен, топ мүшелерінің өзара сезіммен бөлісуі жүзеге асады. Рөлдік ойын барысында қатысушылар өз тәжірибесін басынан қайта кешіп қана қоймайды, оны талдап, мінез-құлықтың жаңа моделін сынап көреді.
Психодрамаларда сезімге қатысты мәселелер қарастырылса, әлеуметтік драмаларда өзара қатынас деңгейіндегі мәселелер қарастырылады.
Интерактивті әдістер – қарым-қатынас пен біріккен әрекетті танудың жолдары мен тәсілдеріне меңзейді, белсенді диалог негізінде құрылады. Қатысушылар бірігіп жұмыс жасауға үйренеді; өз ойларын ортаға салып, пікірталасқа түседі; өзін-өзі дамытуға деген қажеттіліктерді анықтап, өзін-өзі бақылай, бағалай білуге машықтанады. Олардың қатарында өзіміз тәжірибеде қолданып жүрген мынадай әдістерді атап өтуге болады: «ми шабуылы», «дөңгелек стол» рольдік және іскерлік ойындар, медитация, дискуссия, тренингтік жаттығулар және т.б. Білімгерлерді кең ойлауға, шабыттандыруға негізделген тренингтік жаттығулар жеке тұлға белсенділігін және топтық даму деңгейін көтеруге бағыталған әлеуметтік – психологиялық оқыту және білімгерлерді тәжірибелік бағытта психологиялық дайындауда мүмкіндік беретін оқыту әдістерінің ең тиімдісі ретінде сабақтарда кеңінен қолданылып жүр.
Мәселен рольдік ойын элементтерін пайдалана отырып, Абайдың он жетінші қара сөзін талдағанымызда білімгерлер «қайрат», «ақыл», «жүрек» рольдеріне ене отырып, пікірталасқа түсіп, ғылымға жүгінеді. Мұнда әрбір «роль» өзінің дұрыстығын, ақиқаттығын, адамзат үшін қажеттілігін, адалдығын дәлелдеп өзін жақсы тұстан көрсеткілері келеді. Сонда ғылым жүректің әрі билеуші, әрі әмірші екендігін айғақтап, үшеуінің де бір кісіде табылса, одан асқан бақыттың жоқ екендігін айтады. Мұндай талқылаулар білім құндылығы туралы түсінікті тереңдетіп, дамытады.
Сабақтарда осы сияқты пікірталастар қызықты да тартысты өтіп жүр. Оның бірден-бір себебі: оқытушы – білімгер, білімгер – білімгер арасында жағымды қарым-қатынастың орнауы. Жағымды қарым-қатынас - өзін-өзі және өзгені тану, білу, дамытуда ерекшеленіп, эгоцентризмнен, өзіндік ұстанымнан альтруизмге, өзгеге, басқаға бағыталған ұстанымға көшуде көрініс береді. Ол қатысушылардың өзара түсіністігін тереңдетіп, бірінің жан дүниесін бірі ұғынуға, жағдай жасайды.
Жағымды қарым-қатынасты іске асыру үшін қажетті өмірлік шарттар және қатысушылардың ішкі дайындығы үлкен роль атқарады. Интерактивті оқытуды ұйымдастыруда, біздің байқағанымыз, жағымды қарым-қатынас орната білетін білімгерлердің психикалық денсаулығы, мінездерінің біртұтастығы, салмақтылығы көзге түсердей. Осы тұста негізгі міндеттердің бірі – қарым-қатынасты реттеп отыру, қатынас мәдениетіне баулу.
Келесі кезекте психодрама жеке тұлғаның «өмір театрындағы» шығармашылық «Менін» дамытуға негізделіп ұйымдастырылды. Қатысушыларға тек өз ролін ғана емес, басқа да адамдардың роліне еніп шығармашылық тапқырлығын көрсете алатындығы, ойын адам өмірінің ажырамас бөлігі, оның әдеттен озбағаны, шектен шықпағаны абзал екендігі ескертілді.
Топты екі жұпқа бөле отырып «Менің құрбым», «Жетім бала» атты психодраманы рольдер арқылы көрсетуді ұсындық. Мұнда ойыншылар ішкі және сыртқы дамуға, тіл табысуға кері әсер беретін мәселелерге көңіл аударып, баса көрсетті.
Білімгерлерге психогимнастика, соның ішінде вербальді емес қарым-қатынасқа негізделген ойын жаттығуларын орындамас бұрын, бір-бірімізбен сөйлемей-ақ ұғыну арқылы тіл табысуға болатындығы, егер бізге мұндай ұғыну табылса онда тілдік қатынасқа түсу де жеңіл, әрі еркін сипат алатындығы түсіндірілді. Осы орайда ұйымдастырылған «арқамен – арқаға», «отырып және тұрып», «көзбен ұғыну» жаттығулары жағымды эмоциялық күй тудырып, ойыншыларды серігітті. Бұл жаттығулар «өзін-өзі тану»пәнінің үш «алыбы»: «қайырымды сөздер», «көзбен-көзге», «жанасу» бойынша құрылды.
Жаңа педагогикалық технологияны меңгеруге қатысты оқытудың әдістері төмендегідей болмақшы: проблемалық-іскерлік ойын; рефлексивті-рольдік ойын; педагогикалық шеберханалар; панорамалық сабақ; лекция; семинар; практикалық сабақтар; педагогикалық оқулар; педагогикалық ринг; педагогикалық идеялар, аукцион; сынақ мерзімін өткізу; бейнетаспаға түсірілген сабақтар көру; ашық сабақтарға кіру, талдау; педагогикалық тренинг.
2. Дидактикалық ойын
Педагогикада дидактикалық ойындарға былай анықтама беріледі: дидактикалық ойындар дегеніміз – балаларға белгілі бір білім беріп, іскерлік пен дағдыны қалыптастыру мақсатын көздейтін іс - әрекет. (1) Ендеше, бұл ойындар оқытуға арналған.
Бала ерте жастан – ақ қоршаған ортамен танысады. Ол адамдармен, жануарлармен, әртүрлі заттармен қарым – қатынасқа түсіп, олардың ерекшеліктері мен қасиет – сапалары туралы мағлұматтар алады. Бірақ, бала тек өзінің тәжірибесіне сүйеніп оқыса, оның білімі нақты болмайтыны сөзсіз. Сондықтан білімді пысықтау, бекіту үшін дидактикалық ойындар пайдаланылады.
Дидактикалық ойындардың басқа ойындардан ерекшелігі, оның негізгі мақсаты – баланы оқыту, олардың ойлау қабілеттерін жаттықтыру және дамыту, игі қасиеттерді тәрбиелеу.
Дидактикалық ойындардың мазмұны – қандай да болмасын ақыл – ой міндеттерін жүзеге асыру. Ережені орындау ойды, қиялды, есті дамытуға ықпал етеді. Дидактикалық ойын арқылы дүниені тану басқаша түрге ие болады, ол күнделікті оқуға ұқсамайды, мұнда қиял – ғажайып та, жауапты өз бетінше іздеу де, белгілі болмыс пен құбылысқа жаңаша көзқарас та, білімді толықтыру мен кеңейту де,жекеленген құбылыстар арасында өзара байланысты, ұқсастықты және айырмашылықты тағайындау да бар. Ал ең бастысы, оқушыларды еш қинамай, өздерінің қалауы бойынша дидактикалық ойын арқылы оқу материалын әртүрлі тұрғыдан бірнеше рет қайталауға мүмкіндік туады. Сонымен бірге дидактикалық ойын өзара жарыстыру мүмкіндігін туғызып, оқушыларға білімдерін әртүрлі жағдайда қолдануға негіз береді.
Дидактикалық ойын өзінің қызметі мен атына сай орындалуы үшін, оның арнайы құрылымы болуы шарт.
Оның құрылмы төмендегідей:
Міндеті.
Әрекет.
Ереже.
Нәтиже, ойынның аяқталуы.
Егер оның әрқайсысына жеке-жеке тоқталайық:
1. Міндеті - әрбір дидактикалық ойынның белгілі міндеті болады, ол дидактикалық мақсаттан келіп туындайды. Ойынның ( мақсаттан келіп ) міндеті, оның оқу мазмұнын құрайды. Ойын мазмұны балалардың қызығушылығын оятады, олардың танымдық іс - әрекетін белсендіреді және жаңа білім, іскерлік, дағдымен байытады.
2. Әрекет – ойынның негізгі бөлігі. Әрекетсіз ойынның мақсатын жүзеге асыру мүмкін емес. Әрбір дидактикалық ойынның міндеті әрбір оқушының мінез – құлқын анықтап, ұйымдастырып, бір тұтас ұжымға біріктіретін әрекет арқылы іске асады. Ол балалардың қызығушылығын тудырып, олардың ойынға деген эмоцияналдық қатынасын анықтайды. Дидактикалық ойында әрекет нақты анықталған және айқын түрде белгіленген. Ол әртүрлі болуы мүмкін, бұл жағдайда төмендегідей негізгі шарттарға сәйкес келуі тиіс:
а) ойын міндетіне бағыну керек, сол арқылы ойын мақсаты жүзеге асырылуы шарт;
ә) ойынның аяғына дейін тартымды, әрі қызықты болуы шарт.
3. Ереже – дидактикалық ойынның қажетті бөлігі болып табылады және ерекше орн алады, сондықтан кейде дидактикалық ойындарды «ережеге құрылған ойындар» деп те атайды. Ереже ойын міндетіне бағынады. Олар іс - әрекетті ойынның міндетін жүзеге асыруға бағыттай ұйымдастыруды көздейді. Сондықтан дидактикалық ойында іс - әрекет ережемен тығыз байланысты. Ережелер бала ойын үстінде не істеу керек және қалай істеу керек екендігін анықтайды. Ережесіз іс - әрекет жайбарақат дамып, дидактикалық міндеттің жүзеге асуына ықпал ете алмайды, сөйтіп өзінің негізгі сипатынан айырылады. Дидактикалық ойынның ережесі іс - әрекетті ұйымдастырып қана қоймайды, сонымен бірге оның тартымдылығын арттырады.
4. Ойын нәтижесі – бұл міндетті шешу мен ережені орындау. Нәтиже мен ойынның аяқталуын екі тұрғыдан бағалау қажет: баланың көзқарасы тұрғысынан және мұғалімнің немесе тірбиешінің көзқарасы тұрғысынан.
Егер ойын нәтижесін баланың көзқарасы тұрғысынан бағаласа, онда мұғалім ойынның балаға моральдық және рухани ләззат беру жағын есепке алады. Дидактикалық ойынның міндетін шешу баладан белгілі бір күш – жігерді талап етіп, олардың ойлау іс - әрекетіне талаптар қояды. Балалар ойын барысында ұшқырлық, алғырлық, тапқырлық танытады. Мұның барлығы балаларды моральдық тұрғыдан қанағаттандырып, олардың өз күштеріне сенімін арттырады, оларды қуаныш сезімге бөлейді.
Мұғалім мен тәрбиешіге дидактикалық ойындарды талдау кезінде міндеттің орындалғанын, әрекеттің жүзеге асырылғандығын, ойынның белгілі бір нәтижеге әкелгендігін қадағалаудың маңызы зор.
Адам өскен сайын ойын өзінің мәнін, жетекші ролін жоғалта бастайды. Бірақ ол кейбір адамдарда өмірлік іске айналады (шығармашылық, техникалық және басқа да мамандықтар). Ойын тарихы, оның еңбектен пайда болғанын көрсетеді, ендеше ол адамдар үшін еңбектің түрі болып қала береді. Сондықтан дидактикалық ойын – бастауыш сынып оқушыларын оқытудың ақыл – ой белсенділігін тәрбиелеудің маңызды құралы болып табылады.
Бастауыш сынып оқушыларының білуге деген ынтасы мен мүмкіндіктерін толық пайдалану, оларды оқу процесінде үздіксіз дамытып отыру және сабақ барысында алған білімдерін практикада қолдану дағдыларын қалыптастыру үшін дидактикалық ойындарды пайдаланудың орны ерекше.
Тиімді пайдаланған дидактикалық ойындар мұғалімнің түсіндіріп отырған материалын оқушылардың зор ынтамен тыңдап, оны берік меңгеруіне көмектеседі. Өйткені ойын мектепке келген оқушылардың әрекетін белсендіріп, оларды тәрбиелеп, дамытудың аса маңызды құралы болады. Ойынды педагогикалық процеске енгізе отырып, тәрбиеші балаларды ойнауға, яғни А.С.Макаренконың сөзімен айтқанда, «Жақсы ойын» жасауға үйретеді. Мұндай ойынның өзіне тән сапасы бар, ол – мазмұнының тәрбиелік – танымдық құрылымы, бейнелейтін түсініктерінің толықтығы мен дұрыстығы, белсенділігі мен ұйымшылдығы, ойынның ережелерге бағынуы.
Дидактикалық ойындардың өзіне тән ерекшеліктері бар. Бір жағынан – ойында ойындық әрекет негізге алынған, оның көмегімен жеке тұлғаның белгілі бір сапалары: зейін, байқағыштық, ес, ойлау, ізденімпаздық, белсенділік қалыптасады. Екінші жағынан – ойын сабақта белгілі бір дидактикалық міндетті, жаңа материалды оқып – үйрену, өткенді қайталау, іскерлік пен дағдыны қалыптастыру, білімді іс жүзінде пайдалану міндеттерін шешуді көздейді.
Бастауыш сынып оқушыларының оқу іс - әрекеті процесінде аса дайындықты қажетсінбейтін дидактикалық ойындарды пайдалану керек және олар оқытатын, үйрететін сипатқа ие болуы тиіс. Дидактикалық ойындарды ұйымдастырғанда, оның сабақтың мақсатына жетуге көмектесетін жағын ескеру маңызды. Оларды сабақтың әрбір кезеңіне сәйкес дұрыс пайдалану да өте тиімді. Сабақтың басында ойын баланың қызығушылығын оятады, оны ұйымдастырады,сабақтың ортасында ойын тақырыпты меңгертуге бағытталады,сабақтың аяғында ойын ізденіс сипатына ие болады. Бірақ ойын сабақтың қандай кезеңінде ұйымдастырылса да, қызықты, түсінікті болуы, оқушыларды іс - әрекеттің әр түріне баули алуы тиіс.
Әдіскер – ғалым Ж.В.Арутюнян бастауыш сынып оқушыларына математиканы оқытуда ойынды қолдану әдістемесін жасады. Ол «оқытуда ойынды қолдану әдістемесін компоненттердің белгілі бір жүйесінің жиынтығы», деп түсінеді. Оның негізгі компоненті ретінде ойынның мақсатын алады. Оған байланысты жүйенің басқа компоненттері қарастырылады: мазмұны, ұйымдастыру формасы, ойын түрлері, ойын құралдары, сонымен бірге олардың өзара байланысы.
Ойынның нақты мақсаты
Мазмұны
Құралдары
Ұйымдастыру формасы
Түрлері
Бұл жүйені бастауыш мектепте оқыту процесінде басшылыққа алуда мұғалімге әдістемелік талаптар қойылады.
Мұғалімге қойылатын бірінші талап – ойынның нақты мақсаттарын түсіну және білу болып табылады, ойынның негізгі мақсаттары төмендегідей:
Бастауыш сынып оқушыларына әрбір пән бойынша меңгеруге тиісті білім мөлшерін саналы түрде игеріп, оқушылардың іске икемділігін қалыптастыру;
Бала қабілетінің қырларын жан – жақты дамыту;
Ой - өрісін, дүниетанымын кеңейту;
Еңбек, дене тәрбиесін жетілдіру, оның өмірге көзқарасын, адамгершілік қасиеттерін қалыптастыру, эстетикалық талғамын арттыру;
Есте сақтау қабілетін дамыту.
Екінші талап – ойынның мазмұнын анықтау. Мұнда қажетті шарт – ойынның көмегімен жүзеге асырылатын деректі оқушының жас ерекшеліктеріне, бағдарламалық талаптарға, нақты мақсатқа сәйкес дәл білу болып табылады.
Ойынның мазмұны тек пәндік мақсаттар ғана емес, оқу әрекетінің іскерліктерін қалыптастыруғ бейнелік және логикалық ойлауды дамыту мақсаттарын да жүзеге асыруды қамтамасыз етуі қажет. Ойынның мазмұнына қойылатын негізгі талаптардың бірі ойынды және оның түрлерін ұйымдастырудың мүмкін формаларын есепке алу болып табылады.
Дидактикалық ойынды ұйымдастыру формаларына қойылатын талаптар: (ұжымдық, топтық және даралық таңдау ) ең алдымен оқушылардың ойлауының даму деңгейін, коммуникативтік іскерліктерді ( оқу, жазу ), қарым – қатынас іскерлігін қалыптастыру деңгейін нақты есепке алу негізінде анықталады 6 – 7 жасар балаларға тән көрнекті - әрекеттік және көрнекті – бейнелік ойлаудың даму ерекшеліктеріне сүйене отырып, біз топтық немесе дара ойындарды пайдалану тиімді деп есептейміз. Мұндай жағдайда мұғалім әрбір оқушы арқылы ойынның мақсатын жүзеге асыруды қамтамасыз ете алады. Ол үшін ойынға қатынасушыларды қажетті құрал – жабдықтармен қамтамасыз ету маңызды. Бұл тапсырмалар жазылған карточкалар, сюжетті суреттер, жинақтар, тағы басқа сондай болуы мүмкін. Ойынды ұйымдастыру формасына, оның түріне байланысты болу керек
Ойынның құралдарына қойылатын талаптар: ойынның мақсаты, мазмұны және формасы арқылы анықталады. Бұл жағдайда ойынға қатысты әрбір зат ( ойыншықтар, материалдар т.с.с ) оқушыларға жақсы таныс болуы керек.
Дидактикалық ойындарды таңдап алу, оларды дұрыс өткізу мен ұйымдастыру – оның табысты болуының шешуші шарттары. Ойынды оқу әрекетіне енгізу, біріншіден сабақта қолайлы жағдайдың болуы, екіншіден мұғалімнің шеберлігін, үшіншіден оқушылардың психологиялық көңіл – күйінің болуын талап етеді.
Дидактикалық ойындардың тиімділігі, олардың сабақтың кезеңіндегі орны мен міндетін және мақсатын дәл анықтауға, оны қолданудың теориясы мен практикасының мұғалімнің жетік игеруіне, шеберлік танытуына, ойынға қажетті материалдардың жиынтығын алдын – ала дайындап алуға, ойын процесіне оқушыларды белсенді ұйымдастыруға байланысты.
Дидактикалық ойындардың қайсысын болмасын өткізу барысында оқушылар түрлі іс - әрекеттерді орындайды. Дегенмен олардың қандай да бір іс - әрекеттің басым орындалуына орай топтастыруға болады. Демек, ойын барысында орындалатын негізгі іс - әрекеттерді анықтап, оның түрлерін іс - әрекетке орай алмастырып отыруға тура келеді. Кейбір дидактикалық ойындарда оқушылардың орындаушылықпен (қайта берілген үлгіге еліктей отырып), біршамасында еске түсіруімен, (қайта жаңғыртумен) байланысты, қайсы бірінде тексеру мен бақылау, өзгерту, түрлендіру, әртүрлі мүмкін варианттарды іздестіру сияқты іс - әрекеттер орындалады. Ойын элементтерін пайдалану нәтижелі болу үшін осы сияқты іс - әрекеттерді алмастыра отырып дидактикалық ойындардың өзгермелі болуын да жүзеге асыруымыз керек.
Рөлдік-мазмұндық ойын
Қоғам дамуының осы сатысында ойынның жаңа түрі — рольдік ойын пайда болады. Бұл ойын арқылы балалар өздерінің негізгі әлеуметтік қажеттілігін - үлкендермен бірге өмір сүруге ұмтылысын қанағаттандырады, өйткені бұл қажеттілік олардың еңбегіне қатысудың негізінде қанағаттандырылуы мүмкін емес. Өзімен-өзі жүрген балалар өзара бірігіп, қоғамдасып, үлкендердің әлеуметтік қатынасы мен еңбек іс-әрекеттерінің негізгі белгілерін қайталайтын ойын ұйымдастырып, өздері үлкендердің ролін орындауды алады. Сөйтіп, өндіріс пен өндірістік қатынастардың күрделіленуіне байланысты баланың қоғамдағы ерекше орнына олардың үлкендермен ортақ өмірінің ерекше формасы ретінде біреудің ролін ойнау пайда болады.
Рольдік ойында заттың іс-әрекеттерді жаңғырту екінші кезекке ығысады да, қоғамдық қатынастар мен еңбек функциясын жаңғырту бірінші кезекке шығады. Сол арқылы баланың үлкендермен байланыс жасауы мен ортақ өмірінің қоғам мүшесі ретіндегі негізі қажеттілігі қанағаттандырылады.
Рольдік ойынның алғышарттары ерте балалық шақ бойына заттық іс-әрекетте пайда болады. Олар заттың ерекше тегінің— ойыншықтардың іс-әрекеттерін игеруден тұрады. Ерте балалық шақтың өзінде-ақ балалар үлкендермен бірлесе қимыл жасап, ойыншықтарды ұстап-тұрудың кейбір әдістерін үйренеді, ал кейінірек оны өздігінен атқаратын болады. Мұндай іс-әрекеттерді, әдетте, ойын деп атайды, бірақ дәл мына жағдайда осылайша тек шартты түрде ғана айтылуы мүмкін.
Сәбилік шақтағы балалар ойындарында кең жайылған рольдер болмаса да рольдері бар ойындардың біртіндеп қалыптасуына алғышарттардың барын байқауға болады. Ойында заттардың баламасының пайда болуына байланысты балалар белгілі бір кісінің (мамасының, тәрбиешісінің, күтушісінің, дәрігердің, шаштараздың) іс-әрекеттерін бейнелей бастайды.
Рольдік ойын элементтері сәбилік шақта пайда болып, дами бастайтындығын біз айтып өткенбіз. Рольді ойындарда балалар үлкендермен бірге болуға тырысып, ерекше ойын түрінде ересектердің өзара қарым-қатынастары мен еңбектегі қызметін еске түсіреді.
Рольдік ойындар белгілі бір мақсатта,тілді меңгеруге ынтызарлықты оята отырып орындаушылық қабілетке де жетектейді.Рольдік ойынның мәні ойын барысында дәріс алушының тілдік қатынас жасауға деген талабын ашуда.Қажетті сөздерді үйренсем,тауып айтсам деген ойды да туғызады.Осындай ойындық жағдайда ғана қарым-қатынастық ерекше маңызға ие болады.Рольдік ойындар ғана үйренушінің сөздік қорын молайта түсіп,өз бетінше тілді үйренуге үлкен септігін тигізеді.
Рольдік ойындар,негізінен,тұрмыстық,қоғамдық-саяси,ғылыми,кәсіптік қарым-қатынасты ойдағыдай жүзеге асыруды көздейді.
«Жаңа таныс»ойыны.Сіз абитурентсіз.Сіздің қолыңызда емтиханға қажетті кітап болмай тұр.Сіз оны бейтаныс замандасыңыздың қолыннан кордіңіз.Енді осы сәтті пайдаланып сол кісімен танысыңыз.Кітабын сұрай отырып,әңгіме арасында тілдік әдеп формулаларын пайдалануыңызға болады.
Айналасындағыларға қатысты міндеттер — баланың өз басына алған рольді орындау қажет екендігін сезгендігі. Өзге балалар одан өзіне алған ролін дұрыс орындауды күтеді және талап етеді. Мысалы, сатып алушының ролінде бала өзінің алғандары үшін ақша төлемей кетуге болмайтындығын түсінеді. Дәрігердің ролі оны шыдамды болуға және ауруға талап қоя білу және тағы басқаға да міндеттейді. Міндеттерді орындай отырып, бала ойынға қатысушылардық ролін орындайтын басқалардың да праволарына ие болады. Мәселен, сатып алушының роліндегі бала өзіне ойыншықтар сөресінде бар кез келген товарды жіберуді талап етуге және басқа сатып алушыларға жасалатындай қатынасты талап етуге правосы бар. Дәрігер-өзіне құрмет пен сенімділік қарым-қатынасты, өзі берген нұсқауларды емдеушілердің орындауларын талап етуге правосы бар. Сюжетті ойынның мәні рольді орындаушының өзіне қойылған міндеттерді орындауы мен ойынға қатысушы өзгелерге де қатысты праволарды іске асыру болып табылады.
Ролъді ойын қиялдың дамуында анықтаушы орын алады. Оиын әрекетінде бала бір затты екінші затпен алмастыруға, өзіне түрліше рольдерді алуға үйренеді. Қиялды дамытудың негізіне осы қабілет жатады, Мектепке дейінгі ересек балалардың ойындарында балама заттардың болуы міндетті емес. Балалар затты ойша түсінуге және олармен амал істеуге және өз қиялында жаңа жағдайларды жасауға үйренеді. Мұндай жағдайда ойын баланың ішкі дүниесінде өтеді. Нәзік саусақтарымен жағын сүйеп, ойға шомған кішкентай қыздың қуыршаққа қарап отырған фотографиясын алты жасар Катюша көріп тұр. Қуыршақ іс тігетін ойыншық машинаның жанына отырғызылған. Катюшаның айтқаны: «Кішкентай қыз өзінің қуыршағы іс тігіп отыр деп ойлайды». Кішкене Катя өзінің түсіндіруі бойынша тек оның өзіне тән ойын тәсілін тапты. Баланың жеке басының дамуына ойынның өз ықпалы бар.
Ойын арқылы бала ересек адамдардың мінез-құлқы және қарым-қатынасымен танысады, ал бұлардың бәрі оның өз мінез-құлқының үлгісі болады, өз құрдастарымен қарым-қатынас жасауға қажетті қасиет болып саналатын араласа білудің ңегізігі дағдыларына ие болады. Ойын баланы еліктіре және оның өзіне алған роліндегі ережелерді орындауға итермелей отырып, сезімнің және мінез-құлықтың ерікті жігерді реттеудің дамуына себепші болады.
Баланың іс әрекетінің жемісті түрлері саналатын сурет салу мен құрастыру мектепке дейінгі балалық шақтың түрлі кезеңдерінде ойынмен тығыз байланысты. Мәселен, сурет сала отырып бала қандайда бір сюжетті ойнайды. Балалар өзара қырқысып жатқан, бірін-бірі қуып бара жатқан аңдардың, қонаққа бара жатқан және қонақтықтан қайтып келе жатқан адамдардың, соққан желден құлап түсіп жатқан алманың т.б. суреттерін салады. Текшелерден бірдеңені құрастыру ойын барысында ұштасады. Шофер ролін алған бала блоктарды құрылысқа апарады, сосын осы блоктарды машинадан түсіретін жүк түсіруші болады, ақырында ол үй тұрғызушы құрылысшы-жұмысшыға айналады. Бірлесіп ойнағанда бұл міндеттерді бірнеше бала өзара бөліседі. Сурет салуға, құрастырушылыққа деген ынталары басында тек ойын мақсатына сәйкес сурет салуға, құрастыруға бағытталған процесс ретінде болады. Тек мектепке дейінгі естияр да ересек жастағы балаларда ынта іс-әрекеттің нәтижесіне (мысалы, суретке) ауысады да іс ойын ықпалынан азат етіледі.
Ойын іс-әрекеті ішінде оқу ісі де қалыптаса бастайды, кейінірек ол бала іс-әрекетінің басты түріне айналады. Оқу ісің ересек адам енгізеді, бірақ ол тікелей ойыннан пайда болмайды. Бірақ мектеп жасына дейінгі бала ойнай жүріп оқи бастайды. Ол оқуға белгілі бір ережелері бар рольді ойынның ерекше түрі ретінде қарайды. Әйтсе де осы ережелерді орындап жүріп, қарапайым оқу әрекетін меңгеріп жүргенін баланың өзі де аңғармайды. Үлкендердің оқуға көзқарасы ойынға көзқарастан бүтіндей өзгеше. Үлкендер баланың оқуға көзқарасын ақырындап байқаусыз қалыптастырады. Балада оқуға деген тілек пен бастапқы іскерліктері қалыптасады.
Сюжеттік ойын
Балалар өздерінің рольді ойындарында айналасындағы шындықтың көп жақтылығын көрсетеді. Олар үй тұрмысынан, үлкендердің еңбектегі іс-әрекеті мен олардың еңбектегі қарым-қатынастарынан көріністер көрсетіп, замана оқиғаларын (космостық ұшулар, арктикалық экспедициялар) және басқаларды бейнелейді. Балалар ойындарында көрсетілетін шындық рольді ойындардың сюжеті болады. Балалар араласатын өмір ауқымы неғұрлым кең болса, ойын сюжеті де соғұрлым кең де сан алуан келеді. Сондықтан да, мектепке дейінгі кішкентайлардың ойын сюжеттері шағын, ал мектепке дейінгі ересектердің ойын сюжеттері өте сан алуан. Бес-алты жастағы балалар қонақтар, қызы мен анасы, балабақша ойындарын ғана емес, колхоз әмірі, көпір салу, космос кораблін ұшыру сияқты ойындарды да ойнайды.
Ойын сюжетінің әр алуандылығы артқан сайын ойын уақытының ұзақтығы да артады. Мәселен, үш-төрт жастағы балалар ойынының ұзақтығы бар болғаны 10-15 минут болса, төрт-бес жаста балалар ойынының ұзақтығы 40-45 минутқа, мектепке дейінгі ересектерінің ойыны бірнеше сағатқа, кейде тіпті бірнеше күнге созыла береді.
Балалар ойынының кейбір сюжеттері мектепке дейінгі кішкентайларда да, ересектерінде де қызы мен анасы, балабақша ойындары кездеседі. Бірақ ойын сюжеттері мектепке дейінгі жастағы балалардың бәріне ортақ болғанымен ойындардын ойналу сипаты түрліше: бір тақырып төңірегінің өзінде мектепке дейінгі ересектер ойыны кішкентайлар ойынына қарағанда анағұрлым алуан түрлі. Әрбір жасқа ортақ сюжет төңірегінде болмысты түрлі жақтарынан көрсете білу тән. Мәселен, челюскиншілер болып ойнауда балалар дамуының түрлі сатыларын байқауға болады. Сәбилер үшін бұл ойынның ең түйінді жері— мұзжарғышпен жүзу. Жас сатысы жоғары болғанда бірінші орынға полярлық эпопеяға қатысушылардың сыртқы әлеуметтік қарым-қатынастары мен әлеуметтік сатысы (кімнің жолы үлкен), капитанның, машинистің, радистің тағы басқаларының мінез-құлық ережелері шығады. Ақырында, моральдық, асқақ сезім түріндегі ішкі әлеуметтік қарым-қатынастардың бәрі өзекті мәселеге айналады. Ұқсас ойындарды балалар кез келген жаста ойнай береді, бірақ түрліше ойнайды.
Сонымен, сюжетке нұсқау ойынды толықтай сипаттамайды. Сюжетпен қатар рольді ойынның мазмұнын да ажырату қажет. Ересектер іс-әрекетінен бала нені негізгі сәт деп бөліп көрсетсе, ойынның мазмұны. сол болып табылады. Әр түрлі жастағы балалар тобы ортақ сюжетті ойынға түрліше мазмұн береді. Айталық, кішкентайлар ересектердің қандай да бір істерін еске түсіре отырып, тек белгілі бір заттармен белгілі бір қимылды әлденеше рет қайталайды. Заттар арқылы үлкен адамдардың шынайы істерін қайталап көрсету мектепке дейінгі кішкентайлар ойынының негізгі мазмұны болып табылады .Мысалы, сәбилер түскі тамақ ішу ойынын ойнағанда қандай да бір қимылды бірнеше рет қайталай отырып, нан тіледі, ботқа пісіреді, ыдыс-аяқ жуады. Әйтсе де балалар тілінген нанды үстел басындағы қуыршақтардың алдына қоймайды, пісірілген ботқаны тәрелкеге салмайды, таза тұрған ыдыстар жуылады. Мұнда ойын мазмұны тек қана заттар арқылы жүргізілетін қимылдармен көрсетіледі.
Мектепке дейінгі кіші жастағы бала, рольді ойындағы сияқты ойын сюжетін жоспарламайды, ол қолына іліккен затқа байланысты өздігінен пайда болады. Мысалы, баланың қолында түтік болса, ол дәрігер, ал термометр болса, онда ол медсестра болады. Балалар арасындағы негізгі талас іс-әрекет жасайтын заттарды иемденуден пайда болады. Сондықтан да бір машинаны бір мезгілде екі шофер жүргізіп келе жатады, ауруды бірнеше дәрігер қарайды, түскі тамақты бірнеше ана пісіреді. Міне, сондықтан да рольдер бір заттан екінші затқа ауысуға байланысты жиі ауысып отырады.
Сонымен бірге мектепке дейінгі кіші жастағы балалар арасында ойынньщ мазмүны ретінде көбіне адамдар арасындағм қарым-қатынас көрінеді.
Ойын кезінде адамдар арасындағы қарым-қатынасты толығынан бере білу баланы белгілі ережелерге бағынуға үйретеді. Ойын арқылы балалар үлкендердің қоғамдық өмірімен таныса отырып, адамдардың қоғамдық функңиясы мен олардың арасындағы қарым-қатынас ережелерін түсінуге де араласады.
Мектепке дейінгі ересектердің рольді ойынының мазмұны өзі қалаған рольден туындайтын ережелерге бағыну болып табылады. Бұл жастағы балалар ережелерді орыңдауға төтенше міншіл келеді. Ойында қоғамдық мінез-құлық ережелерін орындай отырып «не болатынына?» назар аударады. Сондықтан олар ненің болатындығы, ненің болмайтындығы жөнінде пікір таластырып: «Аналар бұлай істемейді», «Дәрігер ауруларды осылай қарай ма?» - және т. б. дейді.
Сонымен, рольді ойын сюжеті мен мазмұнының дамуы айналасындағы үлкендердің өмірін баланың барған сайын тереңірек үғына түскендігін бейнелейді.
Ойын жайындағы балалардың шынайы өзара қарым-қатынастары олар тек өздері келіскенде ғана пайда болады, бірақ байқаусыз түрде ойын барысында да өтуі мүмкін. Ойын жөнінде пайда болатын шынайы өзара қарым-қатынастар, біраз кейінірек, ойын сюжетімен анықталатын өзара қарым-қатынастарға да ауысады. Бұл жағдайда сюжетті қарым-қатынастар формаға айналады да одан шынайы қарым-қатынастар байқалады.
Балалар арасындағы шынайы өзара қарым-қатынас сюжетті байланыстарды мүмкін болатын логикасына сәйкес келуі мүмкін. Мысалы, самолет және жол жүрісі тәртібін реттеушісі ойынын бастаушы осы ойынды ұсына отырып, өзі жол жүрісі тәртібін реттеуші болады. Бұл жағдайда ойын бастаушы өзіне тиісті роль бойынша басқа балаларға жетекші болу мүмкіндігіне ие болады.
Балалар арасындағы шынайы қарым-қатынас сюжетті байланыстың логикасына сәйкес келмеуі де мүмкін. Мысалы, ойын бастаушы өзіне бағыныңқы рольдің бірін (ол бүкіл эскадрилья самолетінің бірін бейнелейді) алады да, жол жүрісі тәртібін реттеушінің ролін алған балаға бағынады.
Егер бастаушы өзіне бағыныңқы рольді алса, бірақ ойынға нақтылы түрде жетекшілік етіп отырса, онда ойындағы өзара қарым-қатынастар шынайы қарым-қатынастар болып күрделенуі мүмкін.
Жайылған сюжетті түпкі ойын жасау бірлескен іс-әрекетті жоспарлау шеберлігін дамытумен бала өзімен бірге ойнаушылар арасында тез орнын табудың қажеттігін, олармен байланыс орнатуды, ойнаушылардың тілегін түсіне білуді, өз тілегі мен мүмкіндіктерін салыстыра білудің қажеттігін ұғына бастайды. Мұнда әр бала ойынның жалпы жағдайы мен осы топтағы балалардың құрамына сәйкес өзін-өзі соларға икемдеуге үйренеді. Ойынға кіріскенде балалар өздерінің жеке бастарының ерекшеліктерін көрсете бастайды. Біреуі талап етіп айқай салады: «Мен бастық боламын! Мен!». Балалардың бірәзы бұл тілекті үн-түнсіз қабылдайды. Бірақ арасында оның мұндай мәлімдемесіне келіспеушілердің табылуы ықтимал. Мұндайда дау-жанжал туады. Рольді бөлісуге қанағаттанбаған бала ойынға қатысудан бас тартуы мүмкін: «Сендермен ойнамаймын. Бітті!» Бірақ ол бірінші орынға ие болғысы келген баланы ығыстыруы да мүмкін: «Кәне бері келіңдер! Бұйрықты мен беремін!»
Егер балалар өзара келіспесе, ойын бұзылады. Ойынға деген қызығу, оған қатысуға деген тілек балаларды өзара келісімге де келтіреді.
Е.С. Слеповичтің «Сюжеттік-ойын» әдістемесі.
Мақсаты: Баланың өз іс-әрекетін ұйымдастыра білуін анықтау.
Әдістеме арнайы іріктелген топта жүргізілген. Балаларды алдын-ала дайындалған бөлмеге алып барған. Онда келесі тақырыптарға сай ойыншықтар дайындалған: «Емхана», «Дүкен», «Отбасы», «Құрылыс». Әдістеме психикалық дамуы тежелген балалармен жүргізілген.
Е.С.Слепович және оның шәкірттері жүргізген әдістемеде анықталғандай, қарастырылып отырған топтағы балалар өздігінен ойын бастамайды. Олар кейде ойыншықтарды алып, оларды қарап заттық-ойындық іс-әрекеттеттер жасаған. Не істеп жатырсыңдар деген сұраққа,
олар: «машинаны жүргізіп жатырмын», «қуыршақты киіндіремін» деп жауап берген. Тағы бір жағдайларда балалар іс-әрекеттерді өздерінің қиялынан шығаратыны байқалған. Егер эксперимент жүргізуші ойын шартын ұсынбай жатып, ойынды бастауға итермелесе бұрынғы көрсеткіштер қайталанып отырды, яғни өздігінен ойын бастамады. Алайда, уақыт өте келе ойынды ұйымдастыруға деген талап арта түсті. Сонымен бірге топтың бір бөлігі ауыр түрдегі ПДТ балалар ойын бастауға ықыласы болмай, бөлме ішінде жүгіріп жүрді немесе басқа іспен айналысты. Кейде үлкен адам ойынның нақты тақырыбын берсе де, балалардың тек жартысы ғана ұсынылған ойынның шарты бойынша ойынды бастаған. Сонымен қатар жан-жағына қарап қасындағы баланың немен айналысып жатқанымен жұмысы болмады. Қарастырылып отырған топтағы мектепке дейінгі балаларда ойыншықтарға деген көзқарасы өзгеше. Эмоционалды қатынасының төмендігі сүйікті ойыншығының болмауынан байқалады. Бұл жағдай зерттеу жүргізгеннен ғана емес, ата-аналарымен сұхбаттан кейін де мәлім болды. Олардың айтуы бойынша, балаларының белгілі, ұнататын ойыншығы жоқ.
Бұл әдістемені жүргізу барысында балалардың қоршаған орта туралы білімін, үлкендердің іс-әрекеті туралы білімін, адамдар арасындағы қарым-қатынасты түсінуін, жинаған білімін ойын шартында қолдана білуін, өз ролін түсініп және басқалармен қатынас жасауын байқаған. Ойында сонымен қатар, балалардың өз әрекеттеріне және құрбыларының әрекеттеріне эмоционалдық қатынасы байқалған.
Психикалық дамуы тежелген балалардың ойыны жайында жалпы айтсақ: оларға бірқалыптылық, шығармашылықсыздық, жеткіліксіз эмоция тән. Қалыпты дамудағы балаларда 6 жаста сюжеттік ойын өзінің даму шыңына қол жеткізеді. Ал, қарастырылып отырған ПДТ балаларда ойыншылардың өз міндеттерін дұрыс бөлмеуімен, ойын ережелерінің сақталмауымен ерекшеленеді. Мұндай ерекшеліктер қалыпты дамудағы мектепке дейінгі жастағы балаларға тән.
Ойынды дамыту үшін түрлі ережелер мен ойнайтын ойындардың да үлкен дидактикалық мәні бар. Сондықтан тәрбиешілер мен ата-аналар бұл ойындарды белгілі талапқа сәйкес ұйымдастырып отырулары қажет. Балалардың ойынына үлкендер тарапынан жетекшілік болмайынша, олардың әрекеттік мазмұны өзінің негізгі мақсатына жете қоймайды. Мәселен, бала әкесіне еліктеп, түрлі заттарды шегелеуді үлкен дәреже кореді. Баланың осы тілегін қолдау керек. Осындай ойын арқылы бала еңбек дағдысына үйрене бастайды. Бұл өзінше «ойын» болып сақталғанымен, баланың барлық күш-жігерін, зейінін озіне аударып отыр. Балалар ойынына үнемі дұрыс басшылық етіп отыру - ой-орісінің, өмір тәжірибесінің жан-жақты қалыптасуына байланысты жүргізілетін жұмыстардың басты бір бөлегі.
Мектепке түскеннен кейін бала ойынының мазмұны кеңейе бастайды. Мәселен мектепке дейін тұрмыстық ойындарды (семья, магазинге бару т. б.) көбірек ойнайтын болса, енді қоғамдық-саяси мәні бар, еңбек процесінің сан алуан жақтарын көрсететін сюжеттік ойындарды ойнауға ауысады. Мәселен, бірінші сыныптағылар қуыршақтарына, үйдегі кішкентай балаларға сабақ үйрете бастайды, олардың бірі — мүғалімнің, қалғандары оқушының рөлін атқарады. Ойында мектеп өмірінің бейнелеуі екінші сынып балаларында біртіндеп кеми бастайды, оның орнын творчестволық ойындар басады. Адамдардың жай қимыл-қозғалысын көрсетуден гөрі бала олардың бір-бірімен қатынасын, сезімдері мен көңіл-күйлерін көрсетуге талаптанады. Енді оқыған кітаптары, көрген кинолары, үлкендерден естіген өңгімелері баланың ойын мазмұнына кіреді.
5. Жаттығулар мен спорттық ойындар
Бұл кезеңнің ерекшеленетін себебі: Бала алғаш рет мектеп табалдырығын аттайды, сабақтардан тез шаршайды, бұрынғыдай қимылдай бермейтін болады. Өйткені бұған дейін балалар үнемі қозғалыста болады, ойнайды, жүгіреді, ертеден ұйқыға жатқанға дейін 6 сағаттан аса қозғалыста болады. Ал мектеп табалдырығын аттағаннан кейін жүріс-тұрысы, қозғалысы таза ауада болатын уақыты әлде қайда азаяды, тіпті ұйқысы да бұзылады. Бұл олардың ден саулығының қалыптасуына кері әсерін тигізеді. Зерттеулер көрсеткендей мектеп оқушыларының 80 пайызының организмінде ақау болатыны - осының дәлелі. Әрине аптасына 3-ақ рет болатын дене шынықтыру сабағы организмнің күнделікті қозғалыс қажеттілігін қанағаттандыра алмайды. Мектеп табалдырығын аттаған 1 – сынып оқушысы мектеппен қалай танысса дене шынықтыру сабағымен де солай танысуы керек . Ал мектептегі жалпы дене шынықтыру, сауықтыру жұмыстарының басқа пәндермен салыстырғанда өзіндік ерекшеліктері бар. Оқушылар спорт залға, алаңға арнайы спорттық киіммен ғана шығуы тиіс десек, бұл – оларға қойылатын алғашқы талап. Бастауыш сыныптарда оқушыларға дене шынықтыру пәні бойынша теориялық білім мен практикалық дағдылар меңгеріледі. Сауықтыру шаралары ағзадағы физиологиялық өзгерістерді жақсартумен денені шынықтыруды көздейді. Бұған таң ертеңгі бой жазу жаттығулары, сабақ үстінде өткізілетін сергіту сәттері, үзіліс күні жасалатын жаттығулар мен ойналатын ойындар, сабақтан тыс уақыттағы ойындар мен жаттығулар жатады. Таң ертеңгі бой жазу жаттығулары оқушылар дене шынықтыру сабығында орындап, үйреніп, оларды үйде өз беттерімен қайталап жаттығады. Бұған оқулықтағы жалпы дамыту жаттығуларымен мұғалімнің өз қалауы бойынша іріктеп алынған жаттығуларды пайдаланады. Бой жазу жаттығулары музыка ырғағымен неше түрлі спорт құралдарын қолданып өткізсе оның құндылығы арта түседі. Қазір мектептердің көбінде үзіліс кезінде таза ауаға шығып бой жазып сергуіне мүмкіндік бола бермейді. Сондықтан оқушылар үзілісте азда болса ойнап, жаттығулар орындау арқылы, өздеріне керекті қимыл қозғалыстар жасау мақсаты үшін оқулықта шағын ғана орынды қажет ететін ойындар көрсетілген.
Сабақтан тыс кездері жасалатын жаттығуларды мұғалім көбінесе әрбір дене шынықтыру сабағы сайын үйге тапсырма ретінде беріп отырады, және тапсырмалардың дұрыс орындалуын қадағалап, тексеріп отыру керек.Таң ертеңгі бой жазу жаттығулары мазмұнына қарай 4 топқа бөлінеді:
Алғашқы жаттығуларды ұйымдастыру
Керіліп – созылу жаттығулары
Тыныс алу мүшелері мен организмінің қан айналымына әсер ететін жаттығулар
Аяқ қолдың бір мезетте қозғалуына, денені дұрыс ұстауға арналған жаттығулар.
Таң ертеңгі бой жазу жаттығуларының ойдағыдай өтуі, оның ұйымдастырылуына байланысты. Бастауыш сыныптарда өтетін спорт сағатының мақсаты – оқушыларды дағдылы қозғалыс түрлеріне (жүру, жүгіру, секіру,т.б.) спорттық жарыстарға қатысуға дайындау. Таң ертеңгі бой жазу жаттығуларын үйде орындауға бақылау жасау және т.б. Бала алғашқы кезде далаға шыққан бетте жаттығулар орындайтын жерге жеткенше тез жүгіріп барып, одан соң жүгіруді бастап, бара-бара жылдамдықты үдете беруі қажет. Ең әуелі жүгіруден бастаудың мәні қан айналу процесімен ішкі мүшелерді тиісті жүктемелерге дайындайды. 5 – 10 минут жүгіріп, одан кейін керіліп-созылу жаттығуларын орындайды. Кеудені кере дем алу, иық, кеуде және белді қозғау жаттығуларын орындап бірте-бірте күрделендіре береді. Бастауыш сыныптарды дене тәрбиесі сабағында оқушылардың дене жағынан даму процестері баса ескерілуі қажет. Сабақтың мақсатына қарай арнайы іріктеліп алынған жаттығулар мен ойындарды, оқушылар орындай алатындай болуы керек. Баланың өз құрбыларының арасында жүргенде көпшіл бола білу мінез-құлқын қалыптастыратын бірден-бір құрал ойын екені даусыз. Әрбір баланың мінез-құлқы ойын үстінде қалыптасады. Яғни біреуі әділ ойнайды, екінші біреуі алдайды, үшіншісінің жаттығуды орындауға шамасы келмейді, енді бірі жігерсіздік танытады. Сондықтан бастауыш сынып мұғалімдері ойын тәрбие құралының негізі ретінде пайдалану керек. Адамның жеке басының қасиеттері дененің қалыптасуымен байланысты. Денені жүйелі түрде шынықтыру мен ден саулықты нығайту. Адамның ойын өсіріп, шығармашылық қабілетін арттырады. Органзм шамасы келетін жаттығуды және дұрыс ұйымдастырылған жұмысты орындағанда ғана дамып, нығайып жетіледі.
Қазіргі мектептерде бір ауысымда оқитын оқушыларға күніне бір сағат; ден саулық сағаты; өткізіліп жүр. Денсаулық сағаты 2 немесе 3 сабақтан кейін барлық оқушылардың қатысуымен 45 минут бойы өткізіледі. «Денсаулық сағаты» жергілікті жағдайға және оқушылардың санына байланысты оқу күнінің басқа бір уақытында өткізуге де болады.
Бұл үлгі 6 сабақ кестесі бойынша беріліп отыр. «Денсаулық сағатын» үшінші сабақтан кейін қойғанда да осы уақыт кетеді. Бұрын бір ауысымда оқитын мектептерде 6 сабақ 14 сағат 25 минутта бітетін. Таңертеңгі бой жазу жаттығуларын орындау үшін, оқушылар мектепке 8 сағат 15 минутта келіп, 8 сағат 30 минутқа дейін таңертеңгі бой жазу жаттығуларын орындап, содан соң сабақ басталатын. Ал қазір оқушылар 8 сағат 15 минутта сабаққа отырады. Сонымен бұрынғы 30 минуттық, болмаса 20 минуттан екі рет өткізілетін ұзақ үзіліс уақыты денсаулық сағатына пайдаланылады.
Осылайша мектептегі бұрынғы қалыптасқан сабақ кестесі өзгермейді. Демек таңертеңгі бой жазу жаттығулары мен ұзақ үзіліс уақытынан күнде өткізіліп тұратын денсаулық сағаты шығады. Бұл сабақ тек далада өткізіледі. Күнделікті «денсаулық сағатын» өткізу балалардың қозғалыс белсенділігін арттырып, денсаулығын нығайтады, денесінің шынығу деңгейін көтереді. Әсіресе ақыл-ойына, мидың қабылдау процесіне әсер етеді. Демек мидың белгілі бір уақытта тынығуына жағдай жасайды.
Гимнастикалық жаттығуларды үйретіп, меңгертудің мақсаты – баланың бұлшық еттерін, күш – қайратын өз уақытында жетілдіруге дайындау, иіліп-бүгілгіштігін дамытуға жағдай жасау. Сондай-ақ оқушы өз қимыл-қозғалысын соған сәйкес музыка ырғағымен үйлестіруге үйренеді. Көркем гимнастика мен акробатикалық жаттығулардың элементтерін орындауға дағдыланады.
Ал жеңіл атлетиканың жүгіру, секіру, лақтыру жаттығуларының техникасын жетілдіргенде нәтижесі жақсарады. Жеңіл атлетика жаттығуларын кеңінен қолдану оқушының шапшаңдылық, күштілік, төзімділік қасиеттерін, қимыл-қозғалыстарын дамытып жетілуіне, күш-қайратының молаюына ықпал етеді. Жалпы дамыту жаттығулары – мойын, иық, кеуде, арқа және аяқ бұлшық еттерін дамытуға пайдасын тигізеді.
Дене тәрбиесі мен адам психологиясы өзара тығыз байланысты. Балалар өмірінде оның ой әрекетінен тыс ешбір процесс болмайды. Адамның жан-дүниесіндегі әрбір түйсік, қозғалыс түрінде білінетіндігі және керісінше әрбір қимыл-қозғалыс көңілге тікелей байланысты екендігі ғылыми түрде дәлелденген. Сөйтіп ақыл-ойға қозғау салмайтын бірде-бір қимыл жоқ, ой қызметі қимыл түрінде көрініс табады.
Ойынға баланың дене мүшелері түгел қатысады, ойын оның барлық рухани әрекетіне қозғау салады, сөйтіп жеңіл және гимнастиканың, дене тәрбиесінің барлық түрлерінің міндетін атқарады. Осылайша бастауыш мектеп оқушыларының күнделікті тіршілігіндегі қозғалыс белсенділігін арттыру мақсатында қолданылатын дене шынықтыру – сауықтыру жұмыстары дұрыс жолға қойылғанда ғана біздер денісау ұрпақ тәрбиелей аламыз.
Дене тәрбиесінің негізі – жеке тұлғаның өз қолында. Мысалы, әр күні дағдылы жаттығулар жасап, тазалықты қастерлеуді қалыптастырса, екіншіден, түрлі сауықтыру қимылдарын міндетті түрде (парыз) жасап, дене қимылдарын шынықтырса, онда ол денсаулығын, ой парасатын таза сақтай алады.
Дене тәрбиесі түрлі жаттығулар арқылы жеке тұлғаның бойындағы қимыл анализаторларын іске қосып, қимыл жүйесін, сымбатын, симметриялық салмағын қалыптастырады, оның ұстамдылығын, төзімділігін, еңбекке бейімділігін арттырады. Дене тәрбиесі сабақтар арқылы, спорттық жарыстар арқылы, түрлі дене шынықтыру-сауықтыру жұмыстары арқылы жүргізіледі.
Достарыңызбен бөлісу: |