1 Философия ұғымы. Философия пәні, мақсаты және міндеттері. Философия қызметі.
2 Философияның анықтамалары, философиялық пайымдау тәсілдерінің әртүрлілігі.
3 Философия – білім мен рухани қызметтің ерекше түрі. Философияның негізгі бөлімдері.
4 Философия ғылым ретінде. Философияның негізгі мәселелері. Философия және дүниетаным ұғымдары, арақатынасы.
5 Философия мен философтың адам және қоғам өміріндегі рөлі. Қазіргі Қазақстанның үшінші модернизациясындағы философияның орны.
Кілт ұғымдар: дүниетаным, философия, даналық, даналыққа құштарлық, мифология, дін, космоцентризм, теоцентризм, антропоцентризм, скептицизм, фәлсафа
1 Философия ұғымы. Философия пәні, мақсаты және міндеттері. Философия қызметі.
Философия» сөзі грек «philos» – сүйетін және «sophos» – дана сөзінен шыққан, алғашқы мағынасы «даналыққа деген сүйіспеншілікті» білдіреді. Бірақ бұл бізге философияны түсінуімізге аздық етеді. Философия – ғылым. Философия бүкіл әлемді, оның басты салалары: табиғат, қоғам, адам санасын тұтастай алып, оның жалпы заңдылықтарын ашады. Философия адамзат дамуымен басталады. Яғни, философия ғылымы біздің заманымызға дейінгі мыңжылдықтың басында дүниеге келді. Адамзат баласының ой-өрісі кеңіген сайын философия да тереңдей түсті.
Тарихи дерек көздеріне сүйенсек, Философия Ежелгі Шығыс елінде және грек жерінде бір кезеңде дүниеге келген. Мифология негізінде кейінірек дін дүниеге келді. Дін жаратушы кушке сенуді, илануды талап етті. Діннің табиғаты философиядан басқаша еді. Әр нәрсенің себебін білгсі келгендер дінмен қанағаттанбады, көңілдері толмады. Бұл басқаша ойлауды туғызды, оларды адамзат тарихында философтар деп атады.
Бүгінде «Философия» – рухани мәдениет пен адамзаттық білімнің көне және қызықты салаларының бірінен саналады..
Философия пәнінің мақсаты – студенттердің философияны дүниені танып білудің ерекше формасы ретінде түсінуін қалыптастырып, олардың келешек кәсіби қызметтері аясында оның негізгі тараулары, мәселелері мен әдістері туралы тұтас білім беру.
Философияны меңгерудегі міндеттерге келсек, студент өмірге, қоғамға және айналасына көзқарасын кәсіби, гуманды бағытта тұрақтандыру әдістерін танып, қабылдауға және оны ары қарай дамытуға үйренуді қамтамасыз етуге тиісті. Пәнді меңгеру барысында, студент міндетті:
1 қоғамдық сананы жаңартудағы және қазіргі заманның жаһандық міндеттерін шешудегі философияның рөлін түсіну аясында философиялық-көзқарастық және әдістемелік мәдениет негіздерін игеруге;
2 студенттердің бойында философиялық рефлексияны, өзін-өзі сараптау және адамгершіліктік өзін-өзі реттеу дағдыларын қалыптастыруға;
3 ғылыми зерттеу қабілеттерін дамытуға, интеллектуалдық және шығармашылық әлеуетті қалыптастыруға;
4 сананың ашықтығы дағдыларын және прагматикалық білімді өмірде қолдана білу қабілеттерін қалыптастыруға.
Сонымен қатар, философия пәнін «Рухани Жаңғыру» мемлекеттік бағдарламасы аясындағы «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы негізінде тереңдете оқыту, студенттердің философиялық білімін тереңдете отырып тәжірибелік өрісте кәсіби-тұлғалық мүмкіндіктерін кеңейту курстың мақсатын толықтыра түседі.
Философияның қоғамдағы қызметі орасан зор және негізгі функциялары сан қырлы, мәселен:
- дүниеге көзқарастық функция – дүниенің біртұтастық бейнесін жасау, оның құрылымы жөнінде, дүниедегі адам орны, оның қоршаған ортамен байланысы туралы көзқарасты қалыптастыру.
- методологиялық функция – философия коршаған дүниені, шындықты, ақиқатты танудың негізгі әдістерін жасайды.
- теориялық функция – философия бүкіл дүниені, құбылыстарды ұғынуды мейлінше жалпылайды, концептуалды-логикалық жүйелер жасайды, теориялық тұжырымдарды жасайды, толықтырып отырады.
- гносеологиялық функция – философия қоршаған дүниені, шындықты, дұрыс әрі айқын тануды (таным тетігін) мақсат етеді.
- сыншылдық функция – философия кез келген теорияны, білім қағидаларын сыни ойлаудан өткізіп, ондағы қайшылықтарды анықтап, мәнді тұстарын айқындайды. Бұл функцияның міндеті - догмаларды әшкерелеу, білімнің дәйектілігін пысықтау және таным шеңберін мейлінше кеңейту.
- аксиологиялық функция – философия заттар мен құбылыстарды бағалағанда оларды моральдік-әдептілік, этикалық, әлеуметтік, идеологиялық, мәдени, рухани және т.б. құндылықтар жағынан қарастырады.
- әлеуметтік функция – философия қоғамды зерттегенде, оның пайда болу себептерін, дамуын, құрылымын, қозғаушы күштерін, қоғамда болатын қайшылықтарды айқындап, оны шешу жолдарын, жетілдіру мәселелерін карастырады.
- тәрбиелік функция – философия гуманистік құндылықтар мен мұраттарды адам, адамзат пен қоғам игілігіне жаратуды көздейді. Философия - тарих қойнауындағы барлық адмгершілік ізгіліктердің тәрбиелік мәнін ашып көрсетеді.
- эвристикалық функция – философиялану, яғни философияны оқып-үйрену процесінде адам дүниеге, бүкіл болмысқа жаңаша көзқараспен қарайды, оны бейне бір құлшыныс, шабыт сезімі, инсайт билейді. Ой кешуде, тылсым дүниенің інжу-маржанын тапқанда ойшыл адам сыр мен кемел сезімге бөленеді.
Күнделікті практикалық өмірдің барысында әрбір адам философиялық мәселелермен соқтығысады. Терминнің шығу тегін грек ойшылдары Пифагор, Сократ, Платон, Аристотель есімдерімен байланыстырады. Осыдан кейін «ғылымдардың ғылымы» ретінде саналатын философиядан тарихи түрде әртүрлі білім салалары бөлініп шығады: астрономия, математика, механика, физика, медицина және т.б. Ғылымдар кеңістігінде философияның ғылым ретінде тұғыры әрқашан биік болғаны анық.
2 Философияның анықтамалары, философиялық пайымдау тәсілдерінің әртүрлілігі.
Әрине, философия туралы жоғарыда айтылғандармен шектелуге де болар еді, бірақ оның мәнін ашып табиғатын толық түсіну үшін ол туралы жалпы сипаттамаларды мына түрде топтап айтуға да болады, мәселен:
Философия – адам рухының (немесе «ақыл-ойының», «санасының» және т.б.) сөз арқылы болуы, өмір сүруі. Ана тілінің өзі философиялық мәндерге және даналыққа толы, ол әлемді бейнелеу құралы, Алайда философия өзіндік өз тілін жасайды және тек қана сондай тіл арқылы, идеялы түрде әлемді оны игеруге, ұғуға қабілетті;
Философия – барлық бардың мәнін ашатын ақыл-парасат құралы. XX ғасырдың ұлы философтарының пайымдауынша, мән ең соңғы негіз, адамзат болмысының соңғы нақты тұрағы және сонымен қатар, сол болмысты игерудің жалғыз әмбебап құралы больш табылады. Олай болса, философия – адам қарекетін қалыптастыратын дүниетаным әмбебаптарын жасауды іске асырады;
Философия – адамның өз шеңберінен шығуға мүмкіндік беретін рухани форма. Пәнилік өмір шектелуі. Бірақ осы шектеуліктің шеңберінен шығарып, «өзгеге» құштарлықпен ұмтылуға мәжбүрлейтін кұдірет күші бар. Ол – рухани күш-жігер болып табылады және оны әртүрлі (Нирвана, Құдай, Ақыл-парасат, Табиғат және т.б.) атаулармен атайды және сол рухани күш-жігердің өзінен өздеріне деген сүйеніш жасайды;
Адам – саналы, ақыл-парасатты жан. Оның іс-әрекеті белгілі бір мақсатқа бағынады. Күрделі қазіргі әлемде мақсатқа сай қимылдау үшін көп біліп қана қоймай, сонымен қатар адамның түбірлі мүддесі мен заман талабына сай дұрыс шешімдер қабылдап, дұрыс мақсаттар таңдай білу қажет. Ол үшін ең алдымен әлемді терең және дұрыс түсіну, яғни жалпы және жеке мақсаттарға жету әрекетінің тәсілдерін тандауға мүмкіндік беретін дүниетанымның қажеттілігі шарт. Сондықтан ақыл-парасатқа сүйенетін философия дүниетанымның теориялық негізі;
Философия – моральдық өмірді басқаруға жағдай жасайтын ойлы ақыл. Эпикур бойынша ғалам табиғатын, өмір мен өлім мәнін және т.б. білмей адам жанында болатын қорқынышты жеңу мүмкін емес. Ал онсыз бақытқа жету мүмкін емес. Эпикурдың айтуынша бақыт – бұл еш нәрсемен бүркемеленбеген ләззат, ол «денеге тән қасреттің жоқтығынан» (арота) немесе жанның тебіреніссіз қалпынан көрінеді. Сондықтан Эпикур үшін нағыз идеал тәжірибелік даналық болып табылады, яғни моральдық өмірді басқаруға жағдай жасайтын ойлы ақыл. Ол өз замандастарына бақытқа жетудің жаңа жолын көрсетті: бақыт іштен туындайды және ол тек біздің қолымызда, ал қалған нәрсенің бәрі іш пыстыратын бос дүние;
Философиялық ой, әлемде белгілі бір заңдылықтың, тәртіптілік пен үйлесімділіктің бар екендігі туралы идеямен тығыз байланыста болады. Ол – адамның тұрақты және реттілікпен өмір сүруіне кепілдік беретін нәрсе, әрине ол – оның ақыл-парасаты. Демек, философия арқылы жасалатын ақыл-парасат рефлексиясы Адамға әлем туралы пайымдауға және ойларын қалыптастыруға мүмкіндік береді. Бұл, Әлемді ерекше сезу, Әлемге ерекше қатынас, ерекше өмір салты;
Философия ешбір нәрсемен шектелмей нағыз барлық бар туралы ойлану және соның ақырына дейін таныла алмайтындығын немесе сезімге, рефлексияға, көрінуге келмейтін ой қобалжулары арқылы трансценденталдықты игеру. Сондықтан ол – еркін қабылдауында трансцендентті сана. Тану бостандығы бұл жерде тануға болатынның бостандығымен сәйкес келеді, нәтижесінде өтіп жатқан барлық бар туралы, яғни әлем, болмыс, табиғат, өмір, керек десе Құдай туралы, өзге әлем туралы, кез келген идеалды конструкциялар туралы түсініктер пайда болады. Санадан тыс әлемді, өмірді, болмысты түсіну; илікпейтін идеалдылықты идеалды түрде көндіру.
Философия өзгермейтін мәтіннен гөрі күрделі, құбылмалы мәдени феномен. Оны ғылым ұғымына, өнерге, дінге сыйыстыруға болмайды. Ол – мәдениеттің ерекше түрі. Философиялық ойлаудың тақырыптары межесіз. Оның мәселелері жеткілікті: ол «сананың» басқарушы рөлін атқарды және ақылдың жаттықтырушысы.
Философия өзінше басқа, адамзат өмірінде оның аналогы жоқ. Әрине кез-келген білімнің өз философиясы болуы мүмкін, бірақ бұл негізінде нағыз философия емес. Нағыз философия – жанды білім, әрқашан ағымдағы ой. Оның өзі өмір – сананың өмірі. Қоғамда әртүрлі білімдер бар. Философия солардың барлығын біріктіруге қабілетті, бірақ механикалық, тіпті органикалық түрде де емес, өз әлемінде, өз болмысында. Міне, осы тұрғыда кейде философияны ғылым деп те айта алмаймыз, ол ғылымнан кең, бірақ ол дін де емес, себебі оның қалаған түрінде де бола алмаймыз.
3 Философия – білім мен рухани қызметтің ерекше түрі. Философияның негізгі бөлімдері.
Адам қашан терең ойлана бастайды? Бірінші мезетте, оның алдында дайын жауабы жоқ қандай да бір мәселе (проблема) немесе әлі де үйреншікті бола қоймаған жаңа ақпарат пайда болғанда. Екіншіден, адам бұл проблеманың жауабын табуға ұмтылыс жасағанда немесе жаңа нәрсені түсініп, оның байыбына жетуге тырысқанда.
Философия – қашанда бүкіл адамзат табысы, баршаға ортақ рухани жеміс, әлемдік өркениеттің, рухани мәдениетінің ажырамас бөлігі. Философия – дүниеге көзқарас қалыптастыратын ғылым. Қандай да бір адам болмасын, ол дүниеге белгілі бір көзқарассыз өмір сүрмейді. Өмірді танып, білу арқылы адам белгілі қорытындыға келеді: қабылдайды, теріске шығарады, қолдайды, ұнатпайды, т.б. Міне философияның методологиялық, дүниеге көзқарастық рөлі деп осыны айтамыз.
Философия – адамзат дамуының қайнарынан бастау алатын ғылым. Ол біздің заманымызға дейінгі мыңжылдықтың басында дүниеге келді. Сол кезден бастап ол үнемі даму үстінде. Адам баласының ой-өрісі кеңейген сайын философия да тереңдей түсті. Философияны дінге жақын, өйткені ол дін сияқты догмаға сүйенеді дейтіндер де бар. Бірақ ол дін емес. Дегенмен, философия нақты фактілерге жүгінеді. Сондықтан философия басқа ғылымдар сияқты қашанда обьективтік факторларға сүйенеді. Басқа ғылымдар сияқты оның заңдары мен категориялары бар.
Философия – дін мен ғылым екеуінің арасындағы дәнекер дейтін көзқарас та кездеседі. Әрине, философия – өз алдында ғылым. Ол, ең алдымен, дүниетанымдық, теориялық, методологиялық ғылым. Философия бүкіл әлемді, оның басты салалары – табиғат, қоғам, адам санасын тұтас құбылыс ретінде алып, оның жалпы заңдылықтарын ашады, обьективтік шындық жөніндегі белгілі қағидалар жүйесін қалыптастырады. Сол мақсатқа жетуде ол басқа ғылымдар сияқты қоғам тарихында өз орны бар ғылым ретінде өмір сүреді. Философия ғылымының заңдылықтары басқа ғылымдар заңдылықтарын жоққа шығармайды. Өйткені оның заңдары басқа ғылым заңдарын бірдей қамти алатын жалпы қасиетке ие. Солармен қатар және бірге өмір сүреді.
Философия ғылымы көптеген салалардан тұрады, соның ішінде үш негізгі бөлімге тоқтала кетейік:
1 Онтология – болмыс, болмыс туралы философиялық ілім. Жеке ғылымдармен байланысы жоқ, таза ақыл-ой жолымен құрылған Теория тәжірибелерге қарамай жаратылыстану дамуымен Француз материалистері сынға ұшырады;
2 Гносеология – таным теориясы, таным мәні, заңдылықтары және формалары туралы ілім. Оның басты мәселелері: таным пәні мен көздері қандай, оның негізінде не және оларға не қозғайды, таным әдістері мен формалары қандай, шындық деген не, адамдардың танымдық және практикалық қызметі мен т.б. арасындағы қарым - қатынас қандай? Идеализм білім бастапқы, пәндік әлем білімден (Юм, Кант) шыққан нәрсе ретінде түсіндіріледі деп есептейді. Сондай-ақ материалистер пікірінше, бастапқы болмыс, білу бар болмыстың көрінісі (неміс ойшылдар 18-19 ғғ. - Гегель). Философтар арасындағы таным көзқарасындағы айырмашылық танымдық үдерістегі қандай сәттерді олар негіз қалаушы деп есептеумен байланысты. Мәселен, Эмпиризм – барлық білімнің негізі және байқалатын фактілерді сипаттауға теорияны жинақтайтын фактілерді қарастыру, ал Рационализм – абстрактілі ойлаудың, теориялық танымның рөлін асыра көтеру, Иррационализм – ақылға қарсы тұру, интуицияны затты оның тұтастығына түсірудің құралы ретінде қарастыру;
3 Философияда адам мәселелерін зерттеумен айналысатын бөлім «философиялық антропология» деп аталады. Антропология – адамның биологиялық және биологиялық ерекшеліктерін зерттейтін ғылым, ал философиялық антропология адамның табиғи, қоғамдық және әлеуметтік өміріндегі ең маңызды объективті – ғылыми және құндылық аспектілерін зерттеумен айналысады. Бұл зерттеулердің мақсаты – адамның жалпы тұжырымдамасын құру. Адам туралы философиялық білімді тағайындау-адамның жалпы көзқарасы мен теориясын қамтамасыз ету.
Қазіргі антропологияда өзі шешетін бірқатар негізгі міндеттер мен проблемаларды бөліп көрсетуге болады:
- ол адам тұжырымдамасының адам туралы социологиялық, әлеуметтік-психикалық, этикалық және т.б. нақты теориялармен байланысын анықтайды;
- адамның қажеттіліктері мен қабілеттерінде ұсынылған рулық мәні бар күштерінің мәселелерін зерттейді;
- табиғат эволюциясы процесінде адамның және қоғамның жер бетінде пайда болуын түсіндіреді;
- адамның іс жүзіндегі мәнін, оның бостандығы мен жауапкершілігін, құндылықтары мен идеалдарын талдайды;
- адамның гуманистік сипатын дәлелдейді.
4 Философия ғылым ретінде. Философияның негізгі мәселелері. Философия және дүниетаным ұғымдары, арақатынасы.
Философия ерекше ғылым ретінде өзінің зерттеу объектісі мен пәні, қолданатын әдістері мен амалдары, сол сияқты принциптері, заңдары, категориялары, атқаратын әртүрлі функциялары бар. Философия көптеген ғылымдармен тығыз байланыста, олардың жетістіктері мен теорияларын кең пайдаланады. Бірақ нақты ғылымдар да философияның қорытындыларына, қағидаларына, заңдарына үнемі сүйенеді, философия ғылым үшін методологиялық, әдіснамалық (жетекшілік) роль атқарады.
Философия мен нақты ғылымдар арасында тығыз байланыс бар. Олар бірінсіз-бірі өмір сүрмейді. Өйткені философия – жалпы теориялық ілім. Ол объективтік шындықтың жалпы заңдылықтарын зерттеп, теориялық қортынды жасайды. Әрине ол үшін нақты ғылымдардың жетістіктерімен ұдайы қаруланып отыру қажет. Нақты ғылымдар объективті шындықтың тек бір бөлігін алып зерттейді.
Дүниетанымдық ілім ретінде философиялық білімнің ерекшеліктері бар:
- құрылымы күрделі (онтология, гносеология, логика және т.б.);
- шегіне жеткен жалпы, теориялық сипатқа ие;
- өзге ғылымдардың негізінде жатқан базалық, басты идеялар мен ұғымдарға сүйенеді;
- көбінесе субъективті – философиялық білімде тұлғаның және жеке философтардың көзқарасының әсері сезіледі;
- объективті – білімдер мен құндылықтардың, моральдық идеялардың жиынтығы болып табылады, сол сияқты дәуірдің әсері тиеді;
- қоғам әрқашан бұрынғы философтар жасап кеткен ілімдердің күшті ықпалын үнемі сезеді, себебі, ол ілімдер – өмірмәнді, өміршең;
- философиялық білім динамикалық сипатта, яғни үнемі даму, толығу мен жаңару үстінде болады;
- мәні бойынша шексіз, сарқылмас терең;
- адамның (танушы субъектінің) танымдық мүмкіншіліктеріне байланысты шектеулі және логикалық тұрғыдан анық шешілмейтін «мәңгілік» проблемалармен айналысады ( мәселен, болмыстың пайда болуы, табиғаты, материяның немесе сананың біріншілігі, тіршіліктің пайда болуы, жанның ажалсыздығы, құдайдың бар – жоқтығы, оның дүниеге әсері және т.б.).
Қорыта айтқанда, философия дегеніміз – табиғаттың, қоғамның және адам ойлауының дамуының жалпы заңдылықтары туралы ғылым.
Философияның негізгі мәселелеріне келсек, тарихында мынадай үш мәселені қарастыру олар үшін маңызды:
• Бірде бір жеке ғылым әлем туралы, адам туралы, жалпы тұтас, интегралды білімді зерттей алмайды;
• Философия әлемді тек қана танымайды, сонымен қатар бағалайды;
• Ол дүниені тану әдістерін меңгереді.
Философтар неге бір бағытта емес, мәселен математиктер, физиктер сияқты. Философтар материалист, идеалист, ал енді біреулері диалектик, антидиалектик, метафизик т.б. болып бөлінеді. Бұл неге байланысты, ол жоғарыда айтып кеткен мәселелерге байланысты және сана мен материя, болмыс пен рухани дүние, идея арақатынасын шешуден туындайды.
Жалпы алғанда дүниегекөзқарас бойынша философтар басты екі үлкен әрі маңызды лагерьге бөлінеді: материалистер және идеалистер. Материяны алғашқы дейтіндер материалистер, ал сананың алғашқылығын мойындайтындар идеалистер. Бұл екі бағыттың адамзат қоғамындағы маңызы өте жоғары.
«Дүниетаным» – дүниеге көзқарас адам қоғамымен бірге пайда болған қоғамдық тарихи құбылыс. Кез келген адам күнделікті өмірде өзіне қажет көптеген мәселелерді шешуі қажет. Ол үшін адамда ерекше білімдер жүйесі қалыптасуы керек. Айнала қоршаған орта, бүкіл әлем, тұтас дүние туралы, ондағы адамдардың орны, тіршіліктің мән-мағынасы туралы білімдердің, көзқарастардың жүйеленген жиынтығы дүниеге көзқарас немесе дүниетаным деген ұғымды білдіреді.
Дүниетаным – адам санасының, танымының қажетті құрамдас бөлігі. Ол адам танымының бір элементі емес, оның күрделі өзара әрекеттесуі. Түрлі білімдер, адамның сезімі, көңіл-күйі, үміті, ұмтылысы, мақсаты – бәрі дүниеге көзқарасқа бірігіп, адамның өзін және дүниені толығымен түсіндіреді.
Сонымен, дүниетаным – деп, дүниені түсінудің, ондағы адамның алар орны және өмірлік позициясы туралы көзқарастардың, принциптердің жиынтығын айтамыз.
Философия – дүниеге көзқарас қалыптастыратын ғылым. Қандай да бір адамды алсақ, ол дүниеге белгілі бір көзқараспен өмір сүреді. Яғни әрбір адам дүниеге, әрбір құбылысқа белгілі пікір айтады, өзінің өмірлік позициясын белгілейді.
Көзқарас әр қилы болады: ғылыми, ғылыми емес, дәйекті, дәйексіз т.б. Яғни осы көзқарастардың жүйелі болуын қамтамасыз ететін философия ғылыми болып табылады.
Философия – барлық қоғамдық ғылымдардың түп атасы. Ол үнемі дамып, адамзат ақыл-ойының жетістіктерімен толықтырылып отыратын ғылым. Сондықтан бұл пәнді дүние жүзі өркениетті елдерінің бәрі де бағалайды.
Философия дүние мен адам туралы тұтас ілім ретінде өзіне мәнді, маңызды мәселелердің жиынтығын қоса қарастырады. Философия адамзат қоғамының басты құндылықтарының жағымды және жағымсыз қатынастарын анықтайды. Философиялық білімнің негізгі мәнісі оның екі жақтылығында:
1 Оның ғылыми біліммен ұқсастықтары өте көп, мысалы, пәні, әдістері, логикалық-түсініктік ойлау аппараты.
2 Бір жағынан философия таза күйдегі ғылыми білім емес.
Философияның басқа ғылымдардан басты айырмашылығы – ол философия адамдармен жалпы игерілген білімнің теоретикалық дүниетанымы болып табылады. Сөйтіп, философия дүниеге көзқарастың жоғарғы деңгейі мен түрі, оған рационалдық, жүйелілік, логикалық пен теориялық зерделеу тән.
Дүниеге көзқарас – объективтік дүниеге, болмысқа, адамға және тіршілікке деген неғұрлым жинақталған, қорытылған біртұтас көзқарастар мен қағидалар. Дүниеге көзқарастың негізгі үш формасы бар:
• Мифология;
• Дін;
• Философия.
Мифология – алғашқы қауымдық қоғамға тән дүние туралы қиял-ғажайып, танымдық қоғами сана формасы. Әдетте, миф мына негізгі мәселелерге көңіл аударады:
• Әлем, жер және адамның пайда болуы;
• Табиғи құбылыстарды ұғыну.
Дін – жаратылыстан, адам мен адамзаттан тыс трансцендентальдық, құдіретті күшке сенуге негізделген дәстүрлі қоғами сана формасы. Дін мына мәселелерді қарастырады:
- Құдайдың бар екеніне шек келтірмеу;
- Табиғат құбылыстарын өздігінше ұғыну;
- Әлемнің, адамның, фәни мен бақидағы өмірдің, барлық тіршіліктің пайда болуы, жаратылуы.
Философия дүниеге көзқарас тұрғысында өзінің эволюциялық дамуы жағынан үш кезеңнен өтті:
- космоцентризм;
- теоцентризм;
- антропоцентризм.
5 Философия мен философтың адам және қоғам өміріндегі рөлі. Қазіргі Қазақстанның үшінші модернизациясындағы философияның орны.
Адамның өмірі қысқа. Ең бастысы адам мынаны түсіну керек. Әрбір адамның өмір бойы табиғи немесе саналы түрде дүниетанымы қалыптасады. Әрине, әрбір адам әлемнің дұрыс, объективті көрінісін түсіне алуға ұмтылады… Бұл – жеке эмпирикалық тәжірибе.
Философия – бұл философиялық ойшылдардың алдыңғы ұрпақтарынан мұра боп қалған тамаша құндылық, жинақталған білім қоры. Философия тарихының әр кезеңінен осы қордың жиналған үлкен көлемді орнын, қоймасын табуға болады, міне, адамзатты өмір бойы осы қызықтырды да, ойға батырды, әрі кейде қорқыныш та ұялатты. Ондағы барлықтың бәрін көру үшін өмірің жетпеуі де мүмкін. Сондықтан адамға өзіне қажеттіні таңдау керек. Бұл – белгілі-бір философиялық идеяны, теорияны зерттеу. Ол уақытты қажет етеді. Уақыт – біздегі ең қымбат ресурс және ол шектеулі.
Әлемді түсіну құралдарының жалпы арсеналында философия қандай орын алады? Басқаша айтқанда: адам және қоғам дүниетанымын қалыптастырудағы философияның рөлі? Бұл рөлді жоғарыда аталған дүниетанымды қалыптастырудың келесі көздерінің үйлесімі контекстінде қарастыру керек:
1 жеке эмпирикалық тәжірибе;
2 мәдениет;
3 дін;
4 ғылым;
5 философия.
Философияның рөлі туралы пікірлер – бүгінде өте кең. Бағалау, біріншіден, субъективті себептерге, философияның орнын және оның әлеуметтік мәртебесін бағалайтын адамның жеке тәжірибесіне байланысты. Егер адам «кәсіби» философ болса, философияны бағалау жоғары болады. Екіншіден, бағалау объективті себептерге де байланысты.
Ең алдымен, бағалау өз уақыт кезеңіне байланысты. Тарихтың әртүрлі кезеңдерінде философияның дүниетаным жүйесі ретіндегі рөлі өте жоғары немесе тіпті елеусіз болуы да мүмкін болды. Мысалы, ежелгі әлемде (оның діни дүниетанымымен ресми болғанына қарамастан) Сократ, Платон және Аристотель сынды ежелгі грек философтарының ілімдері үлкен танымалдылыққа ие болған ғасырларын «философия салтанатының» уақыты деп атауға болады.
«Философия салтанатының» тағы бір мысалы 19 ғасыр Еуропасы: неміс классикалық философиясының (Кант, Фихте, Шеллинг, Гегель) күрт өсуі жағдайында христиандықтың әлсіреу процестері байқала бастады. ХХ ғасырда әлемде ғылымның беделі күрт өсті. Бұл кезекті рет философияның қоғамдағы әсерін төмендетуге ықпал етті.
Жалпы алғанда, философия бүгінгі күні XXI ғасырда қатаң дағдарысты бастан кешкенін мойындау керек. Философия дәл осы ғасырда «ғылымға», «мәдениетке» және «өнерге» айналуға мәжбүр. Философияның бүгінгі түсініксіз мәртебесіне философиямен кәсіби айналысатындар да нақты пікір айта алмауда. Мысалы, белгілі ресейлік философ Виктор Лега «Батыс философиясының тарихы» екі томдық басылымға алғысөзінде ол былай деп жазады: «философия ғылым емес, өйткені онда өнерден, өнерден, өнерден, ғылымға ұқсайтын нәрсе бар. Және бұл философияның ерекшелігі». Яғни, ғылыммен ортақ ерекшеліктерге ие бола отырып, философия өзі қызығатын сұрақтарға объективті көзқарастар ұсынады, бірақ өнердің кейбір ерекшеліктерін бөлісе отырып, философия өзіне таңдау құқығын қалдырады.
Философтардың ойлар мен көзқарастары негізінде дүниетанымдық мәселелер алға қойылып, оларға жауап ізделді. Мұндай мәселелерді түсіндіру адамдар үшін өмірдің маңызды мағынасы, негізгі мәні болып табылады.
Дін өзіне ғылымды қамти алмайды, ғылым болса дінді қамти алмайды, ал философия болса өзіне: дінді, ғылымды, мифологияны, окультизмді магияны, алхимияны, астрологияны ... қамти алады. Әлемді діни тұрғыда түсіну – діни түсінік, әлемді ғылыми тұрғыда түсіну – ғылыми түсінік, әлемді философиялық тұрғыда түсіну – философиялық, бірақ тек қана ол емес: философия сонымен қатар жалпы көлемі жағынан толық болмағанмен мүмкіндігі жеткен білімді бере алады. Дәл осылай бейнеленген санадағы сурет – философиялық бейнеден өзге тиімді, әрі толық жоқ және оған қоса ерікті ештеңе жоқ.
Егер осы айтылғандарды қорытындылап айтсақ, адамдардың алдында тек қана өндірістік, шаруашылық және т.б. күнделікті тәжрибелік мәселелерді шешуге байланысты мақсаттар ғана тұрмайды екен. Олар басқа да сұрақтарға жауаптарды табуға тырысады. Сұрақтардың күрделілерінің бірі, мысалы: бізді қоршаған Әлем қалай, неден жаралған және осы Әлемдегі адамның алатын орыны, тағдыры қандай? Әлемдегі барлық бардың негізінде не жатады – материалдылық па немесе руханилық бастама ма? Әлем белгілі бір заңға бағынышты ма немесе онда хаос үстемдік жасайды ма? Адамның қоршаған Әлемді танып білуіне мүмкіндігі бар ма және танымды қалай анықтай алуға болады? Таным арқылы, адам «өмірдің ақырын» түсіне алады ма? Адамдық өмірдің мақсаты және оның құндылығы, мәні неде? Және т.б.
Міне осы тектес және басқа да, жалпы дүниеге көзқарас болып табылатын: ар, намыс, борыш, жауапкершілік, жақсылық, зұлымдық, бостандық, әділеттілік, әсемдік сияқты сұрақтар туралы адам ойланып толғанады. Олар ойланып-толғануда, адам тіршіліктегі тәжірибеге және дені дұрыс мәнге, жаратылыстан тыс сенімге немесе ғылыми білімдерге сүйене алады. Осылайша олар дүниеге көзқарас түрлеріне тәуелді, философия болса сол көзқарастардың аса маңызды түрі, теориялық негізі болып табылады.
Кез келген адам күнделікті өмірде көптеген мәселелерді шешуге ерекше білімдер жүйесін қажет етеді. Сондай-ақ, адам өмірдің мәнін білуге ұмтылады, сыртқы дүниені түсінуге тырысады, ондағы адамның орнын іздейді. Осындай дүние және ондағы адамның орны туралы білімдер адамның дүниеге көзқарасын қалыптастыра бастайды. Құбылыстар жан-жақты, олар адам өмірінің әр түрлі салаларында практикада, мәдениетте қалыптасады. Дүниеге көзқарастың рухани бөлігін философия оқып үйретеді.
Философия – бүкіл ғылыми жүйелердің ішіндегі ең алғашқысы, ең көнесі. Оның басты ерекшелігі – әлемді, бүкіл дүниені тұтас қарастыруында және оның ішкі байланысын, даму зандылықтарын жүйелі зерттеуінде. Ол – дүниетанымдық ғылыми жүйе болып табылады. Философияның рөлі дүниеге көзқарастық мәселелерді шешуде үлкен. Сондықтан философияның маңызын, пәнін тереңірек түсіну үшін алдымен, дүниетаным дегеніміз не деген мәселені анықтап алайық.
Бүгін, біздің алдымызда «Қазақстан – 2050» Стратегиясында белгіленген жаңа міндеттер тұр. Сана мен ойлаудың бұрынғы моделін сақтай отырып, дамудың жаңа сапасына қол жеткізу мүмкін емес. Әлем өзгереді, біз онымен бірге өзгереміз. Жаһандану үдерісін тоқтату мүмкін емес – бұл прогресті қозғап, жойқын дауылға айналуы мүмкін апат. Бұл бір жағынан соңғы технологиялық жетістіктерге жетуге мүмкіндік береді, ал екінші жағынан – проблемалардың тұтас кешенін туындатады.
Сонымен Қазақстанның Үшінші жаңғыруы қалай болмақ? Бұл сұраққа Президент Жолдауында: «Бұл жаңғыру – қазіргі жаһандық сын-қатерлермен күрес жоспары емес, болашаққа, «Қазақстан-2050» стратегиясы мақсаттарына бастайтын сенімді көпір болмақ. Ол Ұлт жоспары – «100 нақты қадам» базасында өткізіледі» деген жауап берілді. Бұнда экономиканың әлемдік өсімінің орта деңгейден жоғары қарқынын қамтамасыз етуге және 30 озық елдің қатарына қарай тұрақты түрде ілгерілеуге лайықталған негізгі бес басымдық қарастырылады.
«Адами капитал сапасын жақсарту» атты төртінші басымдылықта әлемдік деңгейдегі білім беру мен денсаулық сақтау жүйелерін қалыптастырмай Үшінші жаңғыруды жүзеге асыру да еш мүмкін еместігі Жолдауда ерекше айтылып өтті. Бұл ретте жаһандық жаңа қатерлерге қарсы адами капиталды да сапалы дамыту қажет. Ал адами капиталдың өзегі – білім. Білім болашақ дамудың кепілі. Сондықтан да, Елбасы бұл басымдық бойынша білім беру жүйесінің рөлін өзгертуді меңзейді. Білім арқылы бәсекеге түсу, білім арқылы озу – қай жағынан алғанда маңызды міндет. Өйткені ғылым дамымай дүние дамымайтыны әмбеге аян. Бұл ретте қазақстандық білім берудің басты міндет – білім беруді экономикалық өсудің жаңа моделінің орталық буынына айналдыру.
Елбасы білім саласын дамыту туралы айтқанда, оқыту бағдарламаларын сыни ойлау қабілетін және өз бетімен іздену дағдыларын дамытуға бағыттауды, IT-білімді, қаржылық сауаттылықты қалыптастыруға, ұлтжандылықты дамытуға баса көңіл бөлу керектігін алға тартады. Қала мен ауыл мектептері арасындағы білім беру сапасының алшақтығын азайтуға назар аударады. Ал Үкіметке жүктелген тапсырмалар қатарында үш тілді оқуға кезең-кезеңмен көшу мәселесі бойынша ұсыныстар әзірлеу белгіленді. Бүгінде ағылшын тілі - жаңа технология, жаңа индустрия, жаңа экономика тілі. Қазіргі кезде 90% ақпарат ағылшын тілінде жарияланады. Әрбір екі жыл сайын олардың көлемі 2 есе ұлғайып отырады. Ағылшын тілін меңгермей, Қазақстан жалпы ұлттық прогреске жете алмайды. Бұл мәселені тиянақты ойланып, ақылмен шешу қажет».
Адами капиталды дамытуда ұрпақ саулығы да ерекше рөл атқарады. Яғни, ұрпақ саулығы - ұлт саулығы».
Бекітуге арналған сұрақтар:
1 Философия ғылым ретінде деген ұғымды қалай қабылдайсыз?
2 Философияның ғылыммен арақатынасын қалай түсінесіз, бағалайсыз?
3 Философияның мифологиямен және дінмен сабақтастығының мәні неде?
4 «Адами капиталдың өзегі – білім» мағынасы?
5 Философия мен философтың адам және қоғам өміріндегі маңызы?
6 «Рухани Жаңғыру» стратегиясының болашағымыз үшін мәні?
Қолдануға ұсынылатын әдебиеттер:
1 Л.Виктор «Батыс философиясының тарихы» 1,2 том. Оқу құралы. 2014ж.
2 Н. Назарбаев «Болашаққа көзқарас: қоғамдық сананың жаңғыруы». http://www.akorda.kz.
3 Н. Назарбаев. «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы,17 қараша 2018ж.
4 Дерек Джонстон. Философияның қысқаша тарихы. Сократтан Дерридаға дейін. «Ұлттық аударма бюросы» қоғамдық қоры, 2018ж. – 216 бет (9-13бб)
Достарыңызбен бөлісу: |