Әдебиеттер: 2, 3,4, 5, 6,11, 12, 22, 23, 29, 34, 40, 41, 42, 43, 44, 45, 46, 47, 48, 49, 50
№6 дәріс
Тақырып: Ө.Тұрманжанов өлең-жырларындағы балаларды ерлік пен еңбекке, ынтымаққа баулу идеясы, фольклорлық сипаты. М.Әлімбаевтың, Қ.Толыбаевтың, М.Гумеровтің, М.Қабанбаевтың, С.Асылбеков, Ә.Дүйсенбиев, Ж.Смақов шығармаларының жанрлық түрлері, тақырыптық, көркемдік ерекшеліктері
Ө.Тұрманжанов - Ы,Алтынсарин, С.Көбеев, С.Дөнентаев секілді ағартушы ақындардың дәстүрін жалғастырушы. Ақын өз ұстаз ағалары сияқты балаларды өнер-білім үйренуге шақырады. Ө.Тұрманжановтың дидактикалық өлеңдері құрғақ ақыл айтумен шектелмейді. Ойын суретке жалғайды. Кейде белгілі бір оқиға, көріністі суреттей бастап, ойын ақылмен түйеді. Осының бәрі табиғи өріліп, өзара әдемі жымдасып жатыр. Ақынның ақыл айтқан қай өлеңі болсын, қимыл-қозғалысқа, бояуға толы динамикалы өлең болып келеді. Ө.Тұрманжанов ауыз әдебиеті асыл қайнарынан үйреніп өсті. Фольклорлық тақырып, желі, сюжетті пайдалану, ауыз әдебиетін шығармашылық күшті қуатпен меңгеру - Ө.Тұрманжанов әдеби мұрасының басты ерекшелігі.
М.Әлімбаев 1923 жылы Павлодар облысының Шарбақты ауданындағы Маралды аулында туған. Он бес жасында педучилищеге түсіп, оны аяқтаған. Ұлы Отан соғысына қатысқан. Университет бітірген. 1985 жылы М.Әлімбаевтың «Аспандағы әпке» жыр жинағына Қазақстан Мемлекеттік сыйлығы берілді.М.Әлімбаев аударған В.Маяковский, Ю.Тувим, С.Михалков, А.Барто, Қ.Мұхаммади, А.Қыдыров, Т.Махмуд, С.Баруздин т.б. өлеңдерін кішкентай оқырмандар сүйіп оқиды.
Ақынның балаларға арнап жазған кітаптары «Менің ойыншықтарым», «Жұмбақтар», «Биікке - биікке», «Шынықсаң шымыр боларсың», «Орақ – олақ», «Балдәурен, шіркін, балалық», «Ақсерек те көксерек», «Аспандағы әпке» деп аталады. Автордың отыздан астам өлеңі балдырғандардың сүйікті әніне айналған. Ақынның шығармалары жиырмадан астам тілге аударылған.
Құрманбай Толыбаев – қазақ балалар әдебиеттінің танымал жазушысы. Қ.Толыбаев 1926 жылы 14 наурызда Алматы обылысының Шелек ауданында дүниеге келген. 1963 жылы С.М.Киров атындағы қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факултетін тәмамдағаннан кейін республикалық «Қазақстан пионері» газетінде істеді. Кейін «Балдырған « журналына ауысып, сол журналда ұзақ жыл бойы, тұрақты жұмыс істеп келді.
М.Гумеров Башқұртстанның Асқын ауданындағы Күбияз елді мекенінде ауыл молдасының отбасында туған. 1937 жылы үй-ішімен Солтүстік Қазақстан облысына көшіп келіп, қазақ орта мектебінде оқыған. Ұлты татар болғанымен, шығармаларын тек қазақ тілінде жазады. 1957–1977 жылдары «Қазақстан», «Жазушы», «Жалын» баспаларында редактор болып қызмет атқарды.
Марат Қабанбаев Шығыс Қазақстан жерін басып өтетін Қара Ертістің сол жақ жағалауын жайлаған Зайсан ауданының Қараүңгір атты ауылында 1948 жылы 22-наурызда дүниеге келген. Марат Қабанбаевтың 1975 жылы жарық көрген «Бақбақ басы толған күн», 1977 жылы шыққан «Арыстан, мен, виолончель және қасапхана», 1986 жылғы «Пысық болдым, мінеки» атты повестері әр жылдары балалар мен жасөспірімдерге арналған таңдаулы шығармалардың республикалық конкурсында бірінші, екінші, үшінші жүлделерді жеңіп алған.
С.Асылбеков 1951 жылы 18 қыркүйекте Қызылорда облысының Қазалы ауданында дүниеге келген. 2001–2008 жылдары Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық Өнер академиясының аға оқытушысы, доценті, профессоры болып қызмет еткен. Қазір Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінің қазақ әдебиеті кафедрасында қызмет істейді.
Ә.Дүйсенбиев 1931 жылы 25 қазанда Алматы облысы Жамбыл аданының Қарақыстақ ауылында дүниеге келген. Әл-Фараби атындағы Қазақтың мемлекеттік ұлттық университетін 1964 жылы бітірген. Қазақтың мемлекеттік көркем әдебиет баспасында 1956-1958 жылдар аралығында редактор болған. 1958-1970 жылдары «Балдырған» журналының жауапты хатшысы болған. 1970-71 жылдары Қазақстан Республикасы Телеизия және радиохабар жөніндегі мемлекеттік комитетінде 1971-79 жылдары «Жалын», «Жазушы» баспаларында аға редактор болып қызмет істеген. Ә.Дүйсенбиевтің балалар өмірін арқау еткен өлеңдері баспасөзде 50-жылдардан бастап жарияланды. Тұңғыш кітабы «Парадта» 1955 жылы жары көрді.
Жақан Смақов (1932 – 1974) Қарағанды облысы, Жаңаарқа ауданы, Ынталы аулында туған. Он жылдықты бітіргеннен кейін КазГУ-дің журналистика факультетін бітірген. 1953 ж. «Пионер» журналында балаларға арналған «Арамшөп пен бидай»” деген алғашқы өлеңі жарық көрген. Бөбектерге арнап «Сыйлық», «Қаз-қаз бас», «Жастық сыры», «Ойындар мен жұмбақтар», «Күлдірген», «Сылдырмақ», «Жүз бір жұмбақ» деген өлеңдер жинағы жарыққа шыққан. 1955 ж. университетті бітіргеннен кейін Талдықорған облыстық “Жетісу” газетінде, кейіннен «Қазақстан пионері» газетінде қызмет еткен. 1958 жылы Алматы телестудиясы өз жұмысын бастағанда, мұнда балалар хабары редакциясының редакторы болған.1958 ж. Москвадағы Қазақ әдебиеті мен өнерінің онкүндігі қарсаңында «Бүгінгі күн» жинағында орыс тілінде бір топ өлеңдері басылған. Балаларға арнап өзінің «Сылдырмақ» жинағын орыс тіліне аударған.
Достарыңызбен бөлісу: |