250. Қазақстан заңнамасында мүгедектердің физикалық және психикалық тұтастылығын құрметтеу құқығы белгіленген.
Мәжбүрлеп емдеу соттың шешімі негізінде ғана жүзеге асырылады. Азаматтардың келісімінсіз: өз еркін білдіруге мүмкіндік бермейтін есеңгіреген, ес-түссіз жағдайдағы; айналасындағыларға қауіп төндіретін аурулардан зардап шегуші; психикасының ауыр түрде бұзылуынан (ауруынан) зардап шегуші; психикасының бұзылуынан (ауруынан) зардап шегуші және қоғамға қауіпті әрекет жасаған адамдарға қатысты медициналық көмек көрсетуге жол беріледі.
2016 жылы денсаулық сақтау органдарының есебінде психикасының бұзылуынан зардап шегуші 190 945 адам тұрды, оның ішінде 55 364-і емдеу және оңалтудан өз еркімен, 280 – мәжбүрлі түрде өтті.
Адамның еріксіз және саналы түрде келісуінсіз ұсынылатын медициналық көмектен немесе өзге араласудан мүгедектерді қорғауға бағытталған шараларға, атап айтқанда, ағзаларды ерікті түрде транспланттауды жатқызу қажет («Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодекстің 88-бабы 1-тармағының 12) тармақшасы). Осы норма ұлттық заңнаманы жаңғырту шеңберінде, оның ішінде Конвенция ережелерін іске асыру шеңберінде енгізілді.
Қазақстанда әрбір әйел ана болу туралы мәселені дербес шешеді. Жүктілікті жасанды тоқтату хабардар етілген ерікті түрдегі келісімі болған кезде әйелдің ниеті бойынша жүргізіледі.
2012 – 2016 жылдары мүгедектігі бар әйелдердің жүктілігін тоқтатудың 213 жағдайы тіркелген, оның ішінде 201 жағдай – медициналық көрсетілімдер бойынша, 12 – әлеуметтік көрсетілімдер бойынша.
256. Адамды ұрпақты болу қабілетінен айыру мақсатында немесе контрацепция әдісі түріндегі арнайы медициналық араласу ретінде хирургиялық «стерилизациялау» отыз бес жастан асқан немесе кемінде екі баласы бар азаматтарға қатысты, ал медициналық көрсетілімдер мен кәмелеттік жастағы азаматтың келісімі болған жағдайда - жасына және балаларының бар-жоғына қарамастан жасалуы мүмкін («Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодекстің 103-бабы).
18-бап. Еркін жүріп-тұру және азаматтық
257. Қазақстан Республикасының аумағында заңды тұратын әрбір адамның оның аумағы бойынша еркін қозғалуға және тұрғылықты жерді еркін таңдауға құқығы бар; әркімнің Қазақстан Республикасынан тыс жерлерге шығуға құқығы бар. Республика азаматтарының республикаға кедергісіз қайтып оралуына құқығы бар (Конституцияның 21-бабы).
258. «Азаматтық туралы» Қазақстан Республикасы Заңының ережелерінде мүгедектердің азаматтық алу бойынша қандай да бір шектеулері көзделмеген. Осы Заңға сәйкес Қазақстан азаматын ешбір жағдайларда азаматтығынан, өзінің азаматтығын өзгерту құқығынан айыруға болмайды, сондай-ақ Қазақстаннан тыс жерлерге қуылмайды.
259. Қазақстан азаматтығы қағидаттарында және азаматтық мәселелерін реттейтін қағидаларда әлеуметтiк жағдайына, нәсiлi мен ұлтына, тiлiне, дiнге көзқарасына байланысты азаматтардың құқықтарын шектейтін ережелер жоқ («Қазақстан Республикасының азаматтығы туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 5-бабы). Қазақстан Республикасының азаматтығы, оның қандай негiзде алынғанына қарамастан, бiрыңғай және тең болып табылады.
260. Ұлттық заңнамада «тууы бойынша» Қазақстан Республикасының азаматтығын алу негіздемесі бекітілген. Бала туған кезде ата-анасының екеуі де немесе жалғыз ата-анасы Қазақстан Республикасының азаматы болса, ол Қазақстан Республикасының азаматтығын (туған жеріне қарамастан) алады. Бала егер Қазақстан Республикасының аумағында туған болса және оның ата-анасы азаматтығы жоқ адамдар болып табылған жағдайда да Қазақстан Республикасының азаматтығын алады («Қазақстан Республикасының азаматтығы туралы» Қазақстан Республикасының Заңы, 22.12.2016 ж. жағдай бойынша өзгерістермен және толықтырулармен).
261. «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» Кодекстің 46-бабына сәйкес бала туғаннан кейін бірден тіркеледі және туылған кезінен бастап атын алуға және азаматтық алуға құқығы, сондай-ақ мүмкіндігіне қарай, өз ата-аналарын білуге құқығы және олардың қамқорлығына құқығы болады. Кодексте балалардың дене бітімі жағдайы бойынша оларды шектейтін нормалар жоқ. Осылайша, барлық балалар, оның ішінде мүгедек балалар туған сәтінен бастап тіркеу органдарында тіркелуге жатады.
Конвенцияның 19-бабы. Дербес өмір сүру салты және жергілікті қоғамдастықтарға тартылу
Қазақстан Республикасында мүгедектер басқа адамдармен бірдей өздерінің тұрғылықты жерлерін таңдау мүмкіндігіне ие. Ешкімді тұрғын үйінен еркінен тыс айыруға болмайды.
Іріктеме зерттеу дерегі бойынша сұрау жүргізілген мүгедектердің 96,1 %-ы жеке меншік үйлерде және пәтерлерде, 2 %-ы – медициналық-әлеуметтік мекемелерде, респонденттердің 0,9 %-ы жатақханадағы бөлмелерде тұрады және тағы 0,9 %-ы өздерінің тұрғылықты жерлерін саяжай үйлері немесе басқа түрдегі үй-жайлар деп атаған.
Мүгедектердің өздерінің тұрғылықты жерлеріне құқықтарын қамтамасыз ету мақсатында «Қазақстан Республикасында мүгедектерді әлеуметтік қорғау туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 26-бабында жергілікті атқарушы органдар мүгедектерді есепке алатыны, тұрғын үйге мұқтаж мүгедектерге тұрғын үйді пайдалануға беретіні; мүгедектерге немесе құрамында мүгедек адам бар отбасыларға берілетін тұрғын үйлерді арнайы құрылғылармен және құралдармен жабдықтайтыны көзделген.
Бірінші және екінші топтағы мүгедектер, мүгедек балалары бар немесе оларды тәрбиелеп отырған отбасылар коммуналдық тұрғын үй қорынан тұрғын үй алуға немесе жеке меншік тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы органдар жалдап отырған тұрғын үйді алуға құқылы («Тұрғын үй қатынастары туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 67-бабының 2-тармағы).
Тұрғын үйге мұқтаж азаматтарды есепке алуды тұрғылықты жері бойынша жергілікті атқарушы органдар жүзеге асырады.
Тұрғын үй заңнамасына сәйкес мүгедектерге үйдің қабаттылығын, ғимараттың түрін, абаттандыру дәрежесін және тұру үшін басқа қажетті жағдайларды ескере отырып, тұрғын үйді таңдау құқығы беріледі.
Конвенцияны ратификациялағаннан кейін тұрғын үй қатынастары туралы заңнамаға түзетулер енгізілді, оларға сәйкес тірек-қозғалыс аппараты бұзылған мүгедектер екінші қабаттан жоғары болмайтын тұрғын үймен қамтамасыз етіледі, үшінші топтағы мүгедектер тұруға жарайтын басқа жайды бергенге дейін қызметтік тұрғын үйден шығарылмайтын адамдар тізбесіне енгізіледі; мүгедек медициналық-әлеуметтік мекемеде уақытша тұрған жағдайда оның тұрғын үйге құқығы сақталады.
Жергілікті атқарушы органдардың деректері бойынша 2016 жылдың соңына құрамында мүгедек адам бар 26 293 отбасы мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үй алу кезегінде тұр. 2012 – 2016 жылдары 2021 мүгедек тұрғын үй алды.
Конвенцияның дербес өмір сүру салты және мүгедектердің жергілікті қоғамдастықтарға тартылуы туралы ережелерін іске асыруға Арнаулы әлеуметтік қызметтер туралы заңның нормалары бағытталған, оларда мүгедек балаларға, қарт және жасы 18 жастан асқан мүгедектерге үйде қызмет көрсету және ОЖБ негізінде тұрғылықты жері бойынша күндіз болу бөлімшелерінде қызметтер алу құқығын ұсыну көзделген.
Үнемі басқа адамның көмегін қажет ететін мүгедектерге әлеуметтік-тұрмыстық; әлеуметтік-медициналық, әлеуметтік-психологиялық; әлеуметтік-педагогикалық; әлеуметтік-еңбек; әлеуметтік-мәдени; әлеуметтік-экономикалық және әлеуметтік-құқықтық қызметтер тікелей үйде немесе тұрғылықты жеріне жақын жерде тегін (мемлекеттік бюджет есебінен) көрсетіледі.
Қазақстан Республикасында мынадай мекемелер жұмыс істейді:
- 53 мемлекеттік күндіз болу орталығы, онда психоневрологиялық аурулары бар және тірек-қозғалыс аппараттары бұзылған 5 285 қарт, мүгедек, мүгедек бала қызмет алып жатыр;
- 508 мемлекеттік бөлімше үйге барып әлеуметтік көмек көрсетеді, оның ішінде 141 бөлімше психоневрологиялық аурулары бар мүгедектер мен мүгедек балаларға арналған, 301 бөлімше қарттарға және мүгедектерге арналған, 66 аралас типтегі бөлімше. Әлеуметтік қызметкерлер үнемі басқа адамның көмегін қажет ететін 13 974 адамға үйінде қызмет көрсетеді.
Жергілікті қоғамдастықтарға мүгедектерді қосу және тартуда ҮЕҰ ерекше рөл атқарады. 2016 жылдың соңына 106 ҮЕҰ мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберінде тұрғылықты жері бойынша 6 291 адамға арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетуде.
Отбасыға көмек көрсету шараларын бір мезгілде қабылдау арқылы арнаулы әлеуметтік көмекті тұрғылықты жері бойынша ұсыну саясатын жүзеге асыру психоневрологиялық аурулары бар 626 баланы медициналық-әлеуметтік стационарлардан отбасыларына қайтаруға мүмкіндік туғызды.
275. Жергілікті қоғамдастықтарда мүгедектердің дербес өмір сүру салтын қамтамасыз ету мақсатында әлеуметтік саясатты одан әрі жетілдірудің негізгі бағыттары мүгедектерге әлеуметтік қызмет көрсетудің инновациялық түрлерін (сыйымдылығы шағын, өз бетінше тұру үйлерін, патронат отбасыларға мүгедектерді орналастыру практикасын және басқаларды дамыту) және оларға әлеуметтік қызметтерді ұсыну саласында бәсекелестік ортаны дамыту болып табылады.
Конвенцияның 20-бабы. Жеке ұтқырлық
Үкімет мүгедектердің жеке ұтқырлығын олардың барынша мүмкін дәрежедегі дербестігін қамтамасыз ету үшін шаралар қабылдайды, оның ішінде:
- кедергілерді жою және қолжетімді ортаны құру бойынша шаралар қабылдау;
- мүгедектерді техникалық көмекші (компенсаторлық) құралдармен және арнайы жүріп-тұру құралдарымен қамтамасыз ету;
- қолжетімді көлік құралдарын ұсыну;
- жеке көмекшілердің және ымдау тілі мамандарының қызметтерін көрсету;
- мүгедектермен жұмыс істейтін мамандарды оқыту.
Мүгедектерге әлеуметтік және көлік инфрақұрылымы объектілерінің қолжетімділігін қамтамасыз етуге қатысты қабылданып жатқан шаралар баяндамада Конвенцияның 9-бабы бойынша бөлімде сипатталған.
Мүгедектердің еркін жүріп-тұруына жағдай жасау мақсатында мемлекет мүгедектерді оңалтудың техникалық көмекші (компенсаторлық) құралдарымен (бұдан әрі – ОТҚ), оның ішінде олардың жеке ұтқырлығын қамтамасыз ететін құралдармен қамтамасыз ету бойынша шараларды іске асыруда. Жыл сайын мүгедектерге денсаулықтың зақымдануы және ауру салдарынан организмнің бұзылған немесе жойылған функцияларын өтейтін дененің жоқ мүшелерін ауыстыратын заттардың 100 мың бірліктен астамы тегін беріледі.
ОТҚ мүгедектерге Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2005 жылғы 20 шілдедегі № 754 қаулысымен (5-қосымша) бекітілген мүгедектерге берілетін техникалық көмекші (орнын толтырушы) құралдар мен арнаулы жүріп-тұру құралдарының тізбесіне сәйкес ОЖБ негізінде беріледі.
Конвенцияны ратификациялағаннан кейін ОТҚ тізбесі жандандырылды, 2017 жылдан бастап ол айтарлықтай кеңейтілетін болады (32-ден 55 бұйым түріне дейін).
Протездік-ортопедиялық кәсіпорындарда 90-ға жуық протездік-ортопедиялық бұйым атауы дайындалады: ортездер, жоғары және төменгі мүшелердің, емшек бездерінің протездері, олардың жабдықтары, аппараттар, ортопедиялық аяқкиім, бандаждар, корсеттер, тростар, балдақтар, жетек арбалар, жаңа технологиялар бойынша жасалған протездер, сондай-ақ оларға жөндеу жүргізіледі.
Қабылдау гильзасын тез дайындау жүйесімен жаңа технология бойынша жасалған тізе протезі; қатты сору әдісімен дайындалған термолиннен жасалған өлшеу гильзасы бар жаңа технология бойынша жамбас протезі; силикон-лайнер қаптамасы бар жамбас протезі, қосалқы құралдарының ассортименті кеңейтілген, фасондары өзгертілген ортопедиялық аяқкиімнің жаңа түрлері (ұлтарақ, бандаж, корсеттер) әзірленіп, өндіріске енгізілді.
Сапалы және қауіпсіз техникалық құралдарды алуға мүгедектердің құқықтарын қорғауға ерекше көңіл бөлінеді. Осыған орай протездік-ортопедиялық бұйымдар өндірісі мүгедектерді оңалту саласындағы 17 мемлекеттік техникалық стандартқа сәйкес жүзеге асырылады.
2016 жылы протездік-ортопедиялық бұйымдар және қосалқы оңалту, оның ішінде протездерде дербес жүріп-тұру дағдыларына үйрету бойынша қызметтерді 24 700 мүгедек алды.
Мүгедектерге көлік құралдары мемлекеттік бюджет есебінен, сондай-ақ жеке қаражаты есебінен ұсынылады.
Қазақстан Республикасы Көлік және коммуникация министрінің 2013 жылғы 1 қарашадағы № 859 бұйрығымен бекітілген Автомобиль көлiгiмен мүгедектердi тасымалдау жөнiнде қызметтер көрсету қағидаларына сәйкес жолаушылар мен багажды таксимен тасымалдауды ұйымдастыру кезінде жеке кәсіпкер немесе заңды тұлғаның отыз және одан да көп таксиі болған кезде әр отыз таксиге арнайы қозғалыс құралдарын пайдаланатын мүгедектерді тасымалдау үшін бейімделген кемінде бір таксиі болады. Мұндай таксидің қызметтерін мүгедек жалпы тариф бойынша төлейді.
Елдің барлық өңірлерінде жергілікті атқарушы органдар ҮЕҰ арасында мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты орналастыру жолымен инватакси қызметтерінің жұмысын ұйымдастырады.
Мүгедектер жұмыс орнына; оқу орындарына; жергілікті өкілді және атқарушы органдарға; сотқа, прокуратураға, нотариалдық контораларға; медициналық мекемелерге (кезек күттірмейтін медициналық көмектен басқа жағдайларды қоспағанда); әуежайларға, теміржол вокзалдарына, автовокзалдарға, теңіз және өзен порттарына; арнайы әлеуметтік қызметтер көрсететін ұйымдарға және басқа әлеуметтік сала объектілеріне дейін (және кері) тегін жеткізіледі.
Республикада 89 инватакси қызметі жұмыс істейді, олардың паркінде 211 автомашина бар, оның ішінде 140 – арнайы көтеру құралдарымен жабдықталған. Жыл сайын қызметтерді 25 мыңға жуық мүгедек қолданады, оның ішінде 31,7 %-ы – кресло-арбаның көмегімен қозғалатындар, 21,3 %-ы – көру қабілеті нашар адамдар. 2014 – 2016 жылдары жергілікті бюджеттің инватаксиді ұстауға жұмсалған шығындары 534,2 млн. теңгені құрады.
Конвенцияны ратификациялағаннан кейін Үкімет инватаксидің жергілікті қызметтерін қолдау және одан әрі дамыту бойынша шаралар қабылдады. 2014 жылдан бастап осы мақсаттарға бюджеттен 306,1 млн. теңге бөлінді.
Қоғамдық көлікте жүру бойынша мүгедектерге жеңілдіктер ұсынуда мүгедектердің дербес ұтқырлығын арттыруға жағдай жасайды. Өңірлердің басым бөлігінде жергілікті билік органдарының шешімдерімен қалалық және қала маңына қатынайтын жалпы қолданыстағы көліктің барлық түрлерінде мүгедектердің жолақысын төлеу бойынша жеңілдіктер ұсынылады.
Мемлекет қоғамдық көлікте мүгедектерге кедергісіз қызмет көрсету үшін жағдайлар жасау мақсатында қабылданатын шаралардан басқа мүгедектердің жеке автокөлігімен қозғалуы үшін қолайлы жағдайлар жасау бойынша шаралар қабылдауда.
Мүгедектерді әлеуметтік қорғау туралы заңға сәйкес әр автокөлік тұрағында (аялдамасында), оның ішінде, сауда, қызмет көрсету саласы, медициналық, спорттық және мәдени-ойын-сауық мекемелерінің маңында мүгедектердің арнайы автокөлік құралдарының тұрақтары үшін орындар бөлінеді. Мүгедектер арнайы автокөліктер тұрақтарына арналған орындарды тегін қолданады.
Барлық топтағы мүгедектер, сондай-ақ бала жасынан мүгедек адамның ата-анасының біреуі автомобильге, автомобильге тіркемеге және мотокөлікке мемлекеттік тіркеу нөмірін алу кезінде мемлекеттік баж салығын төлеуден босатылады («Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы (Салық кодексі)» Қазақстан Республикасы Кодексінің 546-бабының 7) тармақшасы).
Азаматтық кодексте (937-бап) мүгедектердің белгіленген тәртіппен кәсіптік аурудан немесе еңбекте мертігуден денсаулығының зақымдануынан болған шығыстарды өтеуге, оның ішінде арнайы көлік (автомобиль) сатып алуға құқығы көзделген. Мұндай шығыстарды жұмыскердің денсаулығына зиян келтірген жұмыс беруші өтейді.
Достарыңызбен бөлісу: |