ЗУХРА НҰРҒАЛИҚЫЗЫ ЕРМАҒАНБЕТОВА
Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік
университетінің аға оқытушысы,
филология ғылымдарының кандидаты
«Айқын» газетіндегі публицистиканың тақырыптық, проблемалық ерекшеліктері
Қазақ баспасөзінің қатарын толықтырған «Айқын» газеті алғашқы жарық көрген күннен бастап тәуелсіз еліміздің ақпарат кеңістігінен өзіне лайық орнын алды. Газеттің танымал болуының сыры – халықтың көкейінде жүрген кезек күттірмейтін мәселелерді дер кезінде көтере білуі және онан көп жағдайда қортынды шығара білуінде дер едік.
Басылымның атап айтар өзгешеліктерінің бірі – айдарлар атауында. Басқа басылымдармен салыстырғанда айдарлар көбінесе шылаулар арқылы берілген. Мысалы, «Бағыт пен бағдар», «Ғалам және ғарыш», «Мемлекет және мүдде», «Тұрмыс пен қылмыс», «Жарыс пен табыс», «Дерек пен дәйек», «Үміт пен күдік», «Сезім мен төзім», «Баға және базар», «Тіл мен діл», «Талап пен тәртіп» тағы басқа.
Ал «Не боп кетті өзі?», «Сұмдық-ай!», «Ал, ендеше...», «Жетпегені осы еді?» айдарларының атаулары сұраулы, лепті түрде, жалғаулықты шылаулар арқылы беріліп, қарапайым, әрі оқырманды елең еткізерліктей, оқуға еріксіз мәжбүр ететіндей құрылған.
«Айқынның» Оңтүстік Қазақстан облысындағы меншікті тілшісі журналист Қуандық Оразбекұлының өткір тілі, бұлтартпас деректері, нақты мысалдары негізінде осы өңірдегі жаңалықтар оқырманға түсінікті, әрі қызықты баяндалады. Аталмыш журналистің «Осы ғой енді...» айдарымен берілген «Тергеу абақтысына 45-ші директор отырды» атты хабарламасында облыс бойынша білім саласы қызметкерлерінің үстінен 103 қылмыстық іс қозғалғанын, соның 45-і мектеп директорының үстінен көтерілген іс екендігі айтылады. Заметканың соңы: «Директорлар, негізінен, жұмысқа қабылданғаны, жүктеме берген кезде сағатты көбірек бергені үшін ұстаздар қауымынан, яғни өз әріптестерінен пара аламыз деп отқа түскен көбелектей тергеу абақтысына қарай жөнелтіліп жатыр» [2],- деп аяқталады. Аталған тақырып бүгінгі күннің өзекті мәселесін қозғайды. Жұмысқа тұрғызу үшін пара алу фактісі әр аймақтың мемлекеттік мекемелерінде кездесіп тұратыны рас. Осы тақырыпты журналист дер кезінде көтере білген.
Сондай-ақ, Ұ. Райымбекұлының «Оңтүстікте ұстаздар ұятқа қалдырып жүр» [1] атты көлемді мақаласында Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша сыбайлас жемқор деп танылған 160 тұлғаның 130 -ы білім беру мекемесінің қызметкері екендігі анықталған. Автор нақты мысалдар келтіре отырып, политехникалық колледждің басқарушысы бұрын есепші болып қызмет атқарғандығын, білім беру саласындағы өзге де былықтар жайында ашына әңгімелейді.
Ал, «100 мың теңге берсең, әкім боласың» деген мақаланың тақырыбы нақты, өткір қойылған. Мұнда автор өзін Астана қалалық әкімшілігінің белді қызметкері ретінде таныстырған шенеуніктің Қарағанды облысына қарайтын бір ауылдың әкіміне қала әкімшілігіндегі екінің бірінің жамбасы иіскей бермейтін үлкен орынтақ ұсынғанын айтады. Ақысы да ат үркерлік емес, 100 мың теңге. Ары қарай журналист былай баяндайды: «Алайда мемқызметтің мейманасын тасыта жүріп адам танып қалған әкім – кадр мәселесінде «күннің қайдан шығып, қайдан бататынынан» хабары шамалы әлгі қудан іш жиып, қалалық құқық қорғаушылардың құлағына жеткізіп қойыпты. Сөйтсе, «шенеуніктің шекпенін киіп», қала әкімінің қасындағы қарқарадай орынтақты сыртынан саудаға салып жүрген «мықтың» бұрын осыған ұқсас қылмыстары үшін сотты болып, жазасын өтеуші ретінде Көкшетаудағы арнайы комендатурада есепте тұратын алаяқ болып шықты». Одан әрі айыпкердің үстінен қылмыстық іс қозғалғанын хабарлайды. Мақала соңы: «Шүкір. Тәубе. Алаяқты абақтыға салғанына емес, бізде мұндай әкімдердің қалғанына» [3] деп аяқталады.
«Осы ғой енді» айдарында алаяқтар, жемқорлар, парақорлар сыналып, орын алған кемшіліктер жайы қозғалады. «Зейнеткерлердің ақшасын жеген жемқорлар» атты корреспонденцияның авторы журналист Қайыржан Төрежан. Оның мәлімдеуінше қаржы полициясының Алматы қалалық департаменті Зейнетақы төлеу жөніндегі мемлекеттік орталықтың Бостандық ауданындағы бөлімшесінде 2000-2005 жылдар аралығында қызмет атқарған Г. Жантілекова, Г. Смағұлова, Г. Қасымбекова деген мемлекеттік қызметкерлер мемлекеттік меншікке, басқару жүйесіне қарсы ұйымдасқан қылмыс жасаған. Бұлар әлеуметтік жәрдемақы алатындардың санатына жатпайтын адамдарды электрондық базадағы тізімге енгізіп, солардың есепшотына зейнетақы, әлеуметтік жәрдемақының ақшасын аударып, бөліске салып отырған. Ұйымдасқан жемқор топтың мемлекеттік бюджеттен ұрлаған ақшасы 26 451 370,5 теңгені құраған [4 ]. Нақты фактілер мен деректерге құрылған бұл оқиға өмірде орын алған шындық. Тақырып айтылатын ойдың мазмұнын ашып тұр. Бұл газет публицистикасының басты ерекшелігі – күнделікті өмірдегі проблемаларды аңғарымпаздығы және сол проблемаларды дер кезінде қозғай білуі екендігін дәлелдейді. Қазіргі таңда қоғамдағы кеселдің бірі жең ұшынан жалғасқан сыбайлас жемқорлық баспасөзде жиі сыналып жүр.
«Жағымды жаңалық» айдарындағы «Голливуд әртісі Семей балаларына көмектеспек» атты заметкада Семей өңірінде бірнеше рет болып қайтқан голливудтық актриса Кимберли Джозефтің Америкадан арнайы дәрігер әкеліп, Семей ядролық полигон зардабынан ауруға шалдыққан балаларға операция жасатуға уәде бергендігі жайында жазылған. Бұған дейін ол Семей өңірінде фотосурет көрмесін ұйымдастырып, деректі фильм түсіріп, 25000 АҚШ доллары көлемінде қаржылай көмек көрсеткен /Айқын, 28 қараша, 2008/. Әрине, бұл ақпарат оқырманға қуаныш сыйлайды. Себебі, бүгінгідей алмағайып заманда Америка әртісінің Қазақстанның шалғай ауылына көмек қолын созуы екінің бірінің қолынан келе бермейтін іс. Бұл ретте Голливуд әртісіне риза болмасқа амалың жоқ.
Редактор Нұртөре Жүсіп газет бетінде жұртшылыққа ой тастау мақсатында қысқа көлемде мақалалар жазып тұрады. Соның бірі «Келе жатқан құт берекені қашыратынымыз қалай?» деп аталған. Мұнда журналист жаңа жылдық мерекеде Қытайдың тарсылдап, атылатын от-шашуларының адамға зияны жөнінде айта келе: «Отбасылық мереке болған соң түнгі сағат 12.00-де жаңа жылды қарсы алуға кіріседі. Дастархан басында жақсы тілектер айтылады. Сосын ... атыс басталады. Осы атыстан қаншама адамның көзі ағып түсті. Қазақстан бойынша 40 мыңға жуық адам зардап шегеді. Үй, қора-қопсы өртенеді. Өз үйімізге кіріп келе жатқан құт-берекені өзіміз қашырып отырған жоқпыз ба? Алланың берген жақсылығы мен игілігін атып, қарсы алсақ, құдіреті күшті жаратушы қандай күйде болады?!» [5],- деп толғанады. Жай сөйлеммен берілген, қысқа, әрі нұсқа айтылатын ой тізбегі журналистік шеберліктің үлгісіндей.
Соңғы жылдары қоғамымыздың демократиялануы барысында басқарушы органдарды, үкімет іс-әрекетін сынауда қазақ газеттері ауыз екі сөйлеу элементтерін пайдалана бастады. Бұл газет тілінде ауыз екі сөйлеу тілі әсерінің жоғалмағанын, керісінше арта түскенін байқатады, сонымен бірге кейбір газеттер құрылымындағы, олардың типтеріндегі өзгерістерден де хабардар етеді.
Мәслен, шақпа тілді журналист Жолдасбек Дуанабайдың «Мұздай болып келіп, қыздай болып кетті» немесе Мәсімов макетке неге қызығып жүр?» атты жарияланымы: «Мұздай киінген Мәсімовті жергілікті билік өкілдері аядай бөлмеде аз уақытқа ғана бөгесе де, көңілден шығатын көптеген мәліметтермен демеп жіберді» деп басталады.
Ары қарай оқырман ол қандай мәліметтер екен деп қызыға оқиды. Сөйтсе, алдағы уақытта жасалатын жұмыс барысын қағаз жүзінде асығыс тыңдаған басшы әрекеті жайында баяндалады екен. Мақаланың соңы: «Несін айтасыз, әзірше ауызша әңгімелер жүріп жатқан құрылыс төңірегіндегі түйткілдерді мұздай болып киінген Мәсімов қыздай болып тыңдап кетті. Сонда Астанадан арнайы ат сабылтып келген Премьердің бұл асығыс жүрісі не жүріс?!» [6] деген сауалмен аяқталады.
«Не десек екен?» айдарында «27 ауыл бос қалды, ал 116 ауыл қараңғылық құшағында отыр» деген проблемалық мақала берілген. Мұнда журналист: «Бүгінде елімізде 7093 ауыл бар екен. Сол ауылдардың проблемалары жетерлік. Ауызсу жетпеген, телефон тартылмаған. Тіпті әлі күнге тас қараңғылық құшағында отырған 116 ауыл бар»,- деп нақты сандық көрсеткіштерді пайдалана отырып, мысалдар келтіреді. Осыдан-ақ қазақ ауылдарының жай-күйін пайымдай беруге болады.
«Публицистикадағы тақырып пен проблема бір-бірімен тығыз байланысты. Кейде тақырыптың өзінен проблема көрініс береді. Проблема бір ғана фактімен шектелмейді, онда бірнеше фактілер жүйесі көрсетіледі. Сан алуан шешімін таппаған мәселелер тақырыпқа өзек болды» [7],- дейді зерттеуші ғалым Б.Жақып. Осы тұрғыдан келгенде өмірден орын алып отырған проблемалар газет бетінде тек айтылып, хабарланып қана қоймайды, ол терең талданады, сол түйткілді шешудің жолдары іздестіріледі.
«Мәселе» айдарымен берілетін материалдар легі қоғамдағы түйткілді тақырыпта мәселе көтереді. «Сектанттар аймақтағы елді жайлап барады» деген проблемалық мақалада автор Оңтүстік Қазақстан облысында етек алған діни ұйымдар жайында әңгімелейді. Көптеген діни бірлестіктер астыртын жұмыс жасайды. Әділет мекемелерінде тіркеуден өткен діни миссияларын олар көбіне «қайырымдылық», «гуманитарлық» деген сарындағы сөздермен жасырады. Ал, шындығында олар өзге мемлекеттерде діни секта, кейде тіпті қауіпті ұйымдар деп танылатындығына мысалдар келтіреді. Қазіргі кезде аталмыш тақырып ең бір өзекті мәселелердің бірі болып отыр. Оған елімізде етек алған діни ұйымдар дәлел. Жастардың көпшілігі адасып, саналары уланып басқа дінге кіруде. Осының әсерінен шырқы бұзылған отбасылар қаншама? Демек, бұл тақырыптың газет бетінен көрініс табуы орынды.
Жоғарыда атап өткен тақырыпқа ұқсас «Бір отбасының төрт баласы төрт сектада...» атты мақала берілген. Авторы Е. Қалымбайұлы. «Сырттан бізді ешқандай жау келіп алмайтыны белгілі. «Ендігі қауіп қай жақтан» дегенде санаға бүгінгі күні еліміздегі шиеленіскен діни ахуал сарт ете түседі. Бітеу жара... Әзірше жасырып, жауып бағудамыз. Бірақ соңы қорқынышты...»,- деп басталады бұл мақала. Кеңестік дәуір құрсағынан тіліміз шұбар, дініміз пәс болып шықтық. Бір отбасындағы төрт баланың бірігіп ас ішпеуі қасірет емес пе? Бұны мемлекеттің, ұлттың тұтастығына төнген қауіп деп санайтын журналист ел арасында кең етек алып бара жатқан мәселені қозғай отырып, оқырманды ойлануға шақырады.
«Қыжыл» айдарында «Қазақ тілі қашан зәру болады?» деген тақырыппен М. Арыновтың мақаласы берілген. Мұнда қазақ тілінің мәртебесін қайткенде көтереміз деген мәселе батыл қойылады. Автор Америкаға барып жұмыс істеймін деушілердің үгіт-насихатсыз-ақ ағылшын тілін шұғыл үйренуге әрекет жасайтынын сынға алады. Мәселен, Ресей, Украйна, Тәжікстан, Өзбекстан мемлекеттерінде осындай жағдай. Алайда, өз мәртебесін алған мемлекеттік тіл ендігі өзге елдер сияқты тіл бөгетін қолданса, сол күннен бастап тіліміздің мәртебесі биіктеп, ең керекті зәру тілге айнала бастайтындығына сенім білдіреді.
«Ұшқырлық, тездік. Батылдық, қандай да проблеманы ашық жазу, астарына үңілуге ұмтылу – журналистикамыздың жаңа сипаттары деуге саяды»[8, 144 б.] десек, «Айқын» газеті ақпарат таратуда жедел, әрі ұшқырлық танытып, өзекті тақырыптары батыл жазуда үлгі көрсетіп келеді.
Бұл ретте газет бетінде көтерілген мәселелердің тиісті орындардың құлағына жетіп, қорытындылар шығарылып отырғанын айта кету керек. Оның мысалын «Айқынның» кезекті сандарында жарық көрген «Айқын» жазды, Алланың шапағаты тиді», «Айқын» жазды, 130-ға келген қарияға әкім үй берді» деген ақпараттардан көруге болады. Мәселен, Қарлығаш Зарыққанқызының «Айқын» жазды, Алланың шапағаты тиді» деген хабарламасында жеті баламен дүңгіршекте тұрып жатқан Тұрсынхан Дүйшенәлиеваның Ақсай 3 ықшамауданынан екі бөлмелі пәтерге ие болғандығы туралы жазылған.
Газеттің алдыңғы сандарында кейіпкердің адам төзгісіз тірлігі жайында, жергілікті әкімқарарлардың Тұрсынханға барып, халін сұрап жәрдем берудің орнына «дүңгіршекті тұрған жерінен алып тастап, жеті баланы анасымен уақытша жатақханаға шығару керек» деп дігір салғаны туралы жазған болатын. Міне, басылым журналистерінің қозғау салу нәтижесінде қазақтың бір отбасысы баспаналы болды.
Сонымен бірге, «Айқын» жазды, 130-ға келген қарияға әкім үй берді» деген ақпарат әлемдегі ең қарт адам – 130-ға келген қарағандылық Сахан Досоваға қаланың «Көгілдір тоғандар» ауданынан екі бөлмелі пәтер берілгендігі жайында хабарланған. Әрине, жергілікті биліктің мұндай мырзалыққа оңайлықпен бармайтыны оқырманға белгілі. Қарияның бір баспанаға зар болып жүргені туралы дер кезінде дабыл қағып, бұл проблеманы жоғары жақтың құлағына жеткізген тағы да «Айқын» газеті болатын. Демек, газет бетінде көтерілген мәселердің оң шешімін табуы басылымның пәрменділігін көрсетеді.
Мәдениет, өнер адамдарын таныстыруда, қаламгерлерді насихаттауда, әдеби-мәдени саланың жетістік-кемшіліктерін саралауда да «Айқын» газетінің алар орны ерекше. Басылымның соңғы бетінде тұрақты айдарларға орын берілген. Мәселен, «Туған күніңізбен!», «Күле отырыңыз», «Біздің тұрақты оқырман», «Қаламгер құпиясы», «Танымал әннің тарихы».
«Туған күніңізбен!» айдарында газет ұжымы атынан республикамызға еңбегі сіңген, белгілі тұлғаларды туылған күндерімен құттықтайды. «Біздің тұрақты оқырман» айдарымен танымал адамдардың «Айқын» газетінің оқырманы екенін дәлелдейтін фотосуреттер беріледі. Бұл да басылымның өзіне тән әдістерінің бірі. Оқырманның қай-қайсысы да газеттен өзіне керекті мәліметті тауып алады. «Күле отырыңыз» айдарында күлкілі анекдоттар, әзіл айтқыштардың әңгімесі беріледі.
«Танымал әннің тарихы» айдарында аты айтып тұрғандай жұртшылыққа танымал қазақ әндерінің шығу, таралу тарихы туралы әнші-сазгерлердің әңгімесі қызықты етіп баяндалады. Ән авторының, мәтінін жазған ақынның, оны орындаушының әңгімесі арқылы тақырыпты аша түседі. Мәселен, «Күлдір, күлдір кісінетіп» деп аталатын Қаншайым Байдәулетованың мақаласында белгілі жазушы, журналист, ғалым Ақселеу Сейдімбектің компазиторлық қыры айтылады. Филология ғылымдарының докторы, профессор А.Сейдімбек жұртшылыққа өзінің ғылыми зерттеу еңбектерімен, бірнеше тарихи-мәдени, өнер тақырыптарында жазылған шығармаларымен таныс. Алайда, біз білетін ғалым ән де жазады екен. Ақтамберді жыраудың сөзіне жазылған «Күлдір, күлдір кісінетіп» әнінің авторы екенін оқырман осы басылым арқылы біледі десек артық айтқандық емес. «Мен мұны әншілігім тасып шығарғаным жоқ. Бірақ шынында да халықтың жүрегіне сенім ұялатқан, соншалықты желпінткен дүние болды»,- дейді автор. Туындыны алғаш Жәнібек Кәрменов орындаған екен. Бірақ көп ұзамай қайтыс болады. Бұл жазушының қабырғасына қатты батады. Ол туралы автор: «Мүмкін тірі болғанда әлі де көп дүние жазар ма едік... Кейде оны «Ақтамбердінің толғауы» деп хабарлап жатады. Бұл қате. Өлеңі Ақтамбердінікі болғанымен, толғауды дүниеге келтіруші – мен»,- деп нақтылай түседі. /Айқын. 3 ақпан, 2009/
Ал, «Қаламгер құпиясы» айдарында белгілі ақын-жазушылардың шығармашылық құпиясы сөз болады. Мұнда тақырып қызықты, әрі қаламгер құпиясының бір қырын ашатындай етіп қойылады. Мысалы: «Өтірік өлең жазып қоюдан сақтанатын ақында» ақын, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Әбубәкір Қайранның шығармашылық жолы сөз болады. Ақын ас үйде отырып жазғанды ұнатады екен. Жазарда қағаз таңдайды. Ақ қағазға өлеңді шимайламай шығарады. Егер өлең басталғаннан шимай түссе, басқа парақтан бастайды екен.
Сондай-ақ, «Жалқаулықты жаны сүйетін жазушыда» бірнеше прозалық кітаптардың авторы Жаңабек Шағатайұлының «Менің ең сүйетін ісім- жалқаулық. Диванда жатып, құрғақ қиялмен теледидар көргеннен артық ештеңе жоқ. КазМУ-дің журналистика факультетін асықпай 11 жыл оқыдым» деуінен шығармашылық адамының мінездері мен табиғаты әр түрлі болатынына көз жеткізесің.
Ал, Сәуле Әбединованың «Кітап ұрлағанды ұнататын ақын» деген мақаласы белгілі ақын, публицист Аманхан Әлім жайында. Ақын бала кезінен кітапты жақсы көргендіктен кітапханашы болуды армандапты. Бір күні ауыдың кітапханасынан бір қап кітап ұрлаған көрінеді. Ол кітапқа деген құмарлықтан болған оқиға болса керек. Кітап сыйлап, қолтаңба алғанды жақсы көретін ақынның үйінде үлкен кітапханасы бар.
«Айқын» газеті спорт тақырыбына ерекше көңіл бөледі. Аптасына бес мәрте шығатын газеттің әр санының тұтас бір беті спорт саласына арналған. Бұл – қуантарлық жайт. Өйткені қазақстандық газет-журналдардың көбінде бұл тақырып мүлде жоқ. Бар болған күннің өзінде ақпарат ретінде беріледі, тым аз жазылады. Аталмыш басылым Қазақстанда болып жатқан немесе отандастарымыздың қатысуымен өтетін жарыстарға көп тоқталады. Және аймақтық спортқа да ерекше көңіл бөледі. Кезінде ел спортына елеулі еңбек сіңірген азаматтар да ұмыт қалмайды. Бұл тақырыптар сұхбат, репортаж, сыни корреспонденция, мақала, оның ішінде проблемалық мақала, журналистік зерттеу түрінде беріледі.
Спорт бетін журналистер Ғалым Смағұл мен Нұрғазы Сасаев дайындайды. Спорттың әр түрінен өткен жарыстар қорытындысы, немесе өзге де жаңалықтар ақпараттар топтамасында түрлі айдарлармен беріледі. Ол айдарлар спорт түрлеріне орай қойылған. Мысалы, футбол, шайбалы хоккей, ауыр атлетика, көркем гимнастика, суда жүзу, бокс, кәсіпқой бокс, велоспорт, еркін күрес, дзюдо, самбо т.б. Көбінесе репортаж жанрында жазылған материалдар жиі кездеседі. Мысалы, «Намыс қайда, жігіттер?..» деп аталатын репортажда Қазақстан мен Белорусь футбол командаларының арасында өткен тартысты кездесу суреттеледі.
Жалпы газет бетінде көтерілген тақырыптарда қазақ тілінің мәртебесін көтеру, отансүйгіштік қасиетті шыңдаудағы кемшіліктер, ел байлығын шетелдіктердің талан-таражға салуынан сақтау, сыбайлас жемқорлыққа жол бермеу, қылмыскерлерді дер кезінде құрықтау, мемлекеттік қызметкерлердің қызмет бабын пайдалануы, жастар тәрбиесіндегі кемшіліктер, діни ағымдардың көбейіп кетуі т.б. ірілі-ұсақты мәселелер сынға алынады. Журналистердің ізгі дәстүрі мен еліміздегі және әлемдегі барлық оқиғаларға деген айрықша қызығушылықтың арқасында «Айқын» газеті оқырмандардың сүйікті басылымына айналды.
Қорыта айтқанда басылымның ақпарат берудегі, тақырып қоюдағы өзгешеліктерін мынадан аңғаруға болады:
Біріншіден, қоғамдағы ең өзекті, халықтың көкейінде жүрген мәселелерді дер кезінде көтере біледі
Екіншіден, ақпаратпен шектелмей, оған ашық пікір қосып айтады, еркін жазады.
Үшіншіден, кейбір басылымдардың өресі жете бермейтін тақырыптарды жазып, батыл пікірлер мен ұсыныстарды түрлі формада, ойната бере білуінде.
ПАЙДАЛАНҒАН ӘДЕБИЕТТЕР
Райымбекұлы Ұ. Оңтүстікте ұстаздар ұятқа қалдырып жүр. //Айқын. 2008, 21 қазан.
Оразбекұлы Қ. Тергеу абақтысына 45-ші директор отырды. //Айқын. 2008, 9 тамыз.
Оразбекұлы Қ. 100 мың теңге берсең, әкім боласың. //Айқын. 2008, 12 қараша.
Төрежан Қ. Зейнеткерлердің ақшасын жеген жемқорлар. //Айқын. 2008, 28 қараша.
Жүсіп Н. Келе жатқан құт берекені қашыратынымыз қалай? //Айқын. 2008, 31 желтоқсан.
Омашұлы Н. Жол үстінде журналист. –Алматы: Атамұра, 1999. -168 б.
Жақып Б. Публицистикалық шығармашылық негіздері. –Алматы: Қазақ университеті, 2007. -485б.
Достарыңызбен бөлісу: |