Зертханалық зерттеулерге қақырықты алу
Қақырық–жөтел кезінде тыныс жолдарынан патологиялық бөліністер. Қақырықтың түсуі әрдайым өкпеде немесе бронхтарда патологиялық процестің бар екенін дәлелдейді. Дені сау адам қақырық тастамайды.
Қақырық бөлінген жағдайда оның тәуліктік мөлшері ( мөлшері созылмалы бронхиттерде 10-15 мл-ден бронхоэктазиялық ауруда 1 литрге дейін болуы мүмкін) анықталады.
Қақырықтың жалпы анализі
Көрсетпелері: тыныс алу және жүрек қан тамыр жүйесі аурулары.
Жабдықтау: құрғақ, таза мойны кең шыны ыдыс, жолдама, 5 % хлорамин ерітіндісі, 2% бикарбонат натрий ерітіндісі.
Мейірбикенің іс -әрекеті:
1. Зертханалық ыдысты дайындап, науқасқа кешке беріп, зерттеу барысын түсіндіру қажет.
2. Жолдама жазып оны ыдысқа дәріханалық резеңке арқылы бекіту.
3. Науқас таңертең сағат 8.00-де тісті жуып және ауызын жылы сумен шайып, содан соң бірнеше рет терең тыныс алып қақырықты шыны ыдысқа (3-5 мл) түкіреді.
4. Қақырық жиналған ыдысты 2 сағат ішінде зерттеуге клиникалық зертханаға жеткізу керек.
5. Алынған мәліметтерді келесі күні ауру тарихына жабыстыру.
Ескерту: Егер емделуші тісін жуғанда қызыл иегі қанаса, тісті жумау керек. Ауызын фурациллинмен, сода, таза сумен шаю керек.
Қақырықты туберкулез таяқшаларына флотация әдісімен зерттеуге жинау
1. Қақырық жуылған және залалсыздандырылған бірнеше рет қолданылатын герметикалық бұрандама ыдысына түсіріліп, қақпағы бар контейнерлерге жиналады. Бір рет қолданатын түкіргіш ыдысына сыртына науқастың аты-жөні, туған жылы, қақырық алынған күні жазылады. Әрбір сынама ТБ-05 форма жолдамасымен жазылады.
2. Зерттеуге әрбір күдіктенген емделуші қақырығының 3 сынамасы алынады. 1-ші сынама: қақырық емделушіге ауруханада немесе емханада (таңертең, арнайы қақырық жинайтын бөлмеде) медициналық қызметкердің қадағалауымен алынады. Емделушіге 2-ші күнге қақырық жинауға контейнер беріледі.
2-ші сынама: қақырықты екінші күні таңертең үйде алынып, зертханаға жіберіледі.
3-ші сынама: қақырық осы 2-ші күндегідей медициналық қызметкердің қадағалауымен алынады.
3. Ауру тарихынан белгілеулерді таңдап алып, зертханалық және аспаптық зерттеулер әдістерінің мәліметтерін сәйкес журналдарға тіркеу.
4. Медициналық қызметкер бет пердесінде, клеенкалы алжапқыш және резеңке қолғапта болуы қажет. Жұмыстан кейін қолғапты 15 минут бойы 2% сода ерітіндісінде қайнатады.
Мейірбикенің іс- әрекеті:
1. Науқасты тыныштандыру қажет. Тексеру себебін түсіндіріп, қақырықты өкпенің ең терең бөліктерінен жөтеліп шығару қажеттігін түсіндіру керек;
2. Науқастың аты-жөні және емдеу мекемесінің атауы жазылған этикеткасы бар ауызы ашық түкіргіш ыдысын беру керек.
3. Емделушінің артынан тұрып, түкіргішті ауызына жақындатып 3 рет ауа жұтып, үшінші рет тыныс алғанның соңында жөтеліп, қақырықты түкіргішке түкіруін сұрау керек.
4. Қажетті мөлшердегі қақырық (3-5 мл) алынғандығына және қақырықтың сілекейден емес, іріңді бөлімдерден тұратынына көзі жетуі керек (егер қақырық дұрыс жиналмаса, түкіргіш қолданылған болып есептеліп, оны залалсыздандыруға жібереді).
5. Қақырықтың болуы кезінде медициналық қызметкер түкіргіштің ауызын тығыз қақпақпен жауып, оны арнаулы жәшікке немесе тасымалдауға арналған металл бикске салады.
6. Медициналық қызметкер қолғап киген қолын сабындап жууы тиіс.
7. Емделушіге таза түкіргіш беріп келесі күні таңертеңгі қақырықты дұрыстап жинап, ыдысты қақпағымен тығыз жауып ауруханаға әкелуін сұрау керек.
Жиналған қақырықты зертханаға тәулік арасында жеткізуге тиісті белгілі себептермен ол жеткізілмей қалса, емдеу-сауықтыру мекемелерінде (құрғақ, суық жерде) сақтауға болады.
Қақырықты сақтау және тасымалдауда арнаулы хладоэлементтері бар 3 биксті контейнерлерді қолданады. Ішінде қақпағы бар түкіргіштер биксте тоңазытқышта сақталуы тиіс. Қақырықты ала алмаса, емдеу-сауықтыру мекемесінде жақсы бекітуші жағындыны дайындауға болады және оны зертханаға қайта жіберу керек. Себуге жиналған қақырықты залалсыздандырылған түкіргішке жинап, тоңазытқышта бір тәулік бойы сақтайды.
Әрбір медициналық қызметкер өзінің және әріптестерінің қауіпсіздіктеріне жауапты, қақырықтың жиналған бекітуші жағындылар биологиялық қауіпсіз үстелдерден жасалуы керек.
Туберкулезбен ауыратын науқастарды зерттейтін медициналық қызметкерлер артынан байланатын медициналық халат, клеенкалы алжапқыш, қолғап, қалпақ және маска киіп жұмыс істеуі керек . Жұмыс орнында темекі шегуге, тамақ ішуге болмайды.
Қолданылған лас заттарды дезинфекциялау керек немесе жою (құрамында 0,1% деохлор ерітіндіге 4 сағатқа салынады) керек. Түкіргіштерді тасымалдау алдында дұрыс дезинфекциялау (туберкулез инфекциясында қолданылатын дезинфекциялық ерітіндіге батырылған шүберекпен сүрту) керек.
Достарыңызбен бөлісу: |