Алаш автономиясының жариялануына қатысты және бір мәселе – Алаш көсемі Ә.Бөкейхан бастаған топтың дәл сол шақта автономия жариялауға қарсы болуы бүгін кейбір зерттеушілер жете ұғынбай жүрген Алаш көсемінің қайраткерлік тәуекелге бармауы емес, саяси тұлға ретіндегі ең дұрыс стратегиялық шешім. Сібір, Колчак үкіметтері, сепаратистік пиғылдағы казактар басқа да империяның қолында қаруы бар қалдықтары егер Алаш автономиясы ІІ жалпықазақ сиезінде жарияланса, қарсы әрекетке көшер еді. Нәтижесінде не болар еді, Алаш автономиясы мүлде құрылмай қалар еді, ең қауіптісі – қазақ жері территориялық жағынан талан-таражға салынып, ұлттық тұтастығымызға қауіп төнбек. Егер саяси оқиғалар осы сценарий бойынша жүрсе, онда Алаш көсемдері айбынды, қуатты саяси күш ретінде кеңестік билікпен келіссөзге бара алмас та еді. Онда 1920 жылы 26 тамызда кеңестік болса да қазақ автономиясының құрылуы, қазақ шекарасының межеленуі де іске асар-аспасы да күмәнға айналмақ. Осыларға талдау жасар болсақ, онда Әлихан Бөкейхан бастаған топтың стратегиялық қадамын түсінуіміз қажет. Сондай-ақ, Алаш автономиясын бірден жариялауды жақтаған Б.Құлманов, Халел мен Жанша Досмұхамедұлдары бастаған делегаттар тобының да елшілдік идеясын түсіністікпен қабылдауға тиіспіз. Автономия мәселесінде ІІ жалпықазақ сиезіндегі дауыс берудегі екі топтың қарсылығы өзара жаппай қарсылыққа немесе кекшілдікке ұласқан жоқ. Алаш автономиясы да, Алашорда Халық Кеңесі мүшелері де жалпы Алаш қайраткерлері де біртұтас идея төңірегіне топтаса білді. Оны Алаш әскерінің іс-қимылдары, Уфа мемлекеттік мәжілісіне барған қазақ делегаттарының Ә.Бөкейхан төрағалығымен өткен жиналысында Алашорданың Батыс бөлімінің құрылуы айғақтады. Таратыңқырап айтар болсақ, Досмұхамедұлылар тобы Ә.Бөкейханды Алашорда басшысы ретінде толық мойындады және оның басқаруындағы жалпы Алашорданың бөлімі болуға келісім берді. Сол себепті осындай тарихи деректерді ескеріп, Алаш көсемдері мен қайраткерлерін олардың жеке пікірлеріне, белгілі бір кезеңде орын алған ұстанымдарына немесе әлдебір рулық, аймақтық ойдан шығарылған мәселелерге байланысты қарсы қоюға мүлдем болмайды, қайта сол аласапыран тұстағы Алаш қайраткерлерінің бірлігі мен бауырластық әрекеттері, ұлттық мұрат бағытындағы идеялары бүгін ел аман жұрт тынышта БАҚ-та, әлеуметтік желілерде бір-бірі қаралап жатқан ергежейлі «қайраткерлерге» сабақ болса дейміз. Асылы, данышпан Абайдың: «Біріңді қазақ, бірің дос, Көрмесең істің бәрі бос» дегені жаңағыдай әсіре белсенді қайраткерсымақтардан сақтануға шақырса игі.
Достарыңызбен бөлісу: |