Өсімдік шаруашылығы – ғылыми пән. Ауыл шаруашылығы өндірісінің алдында тұрған үлкен міндеттерді шешуде өсімдік шаруашылығының ғылыми пән ретінде атқаратын рөлі зор.
Өсімдік шаруашылығы ғылыми пән ретінде XVIII–ғасырдан бастау алады және оның дамуына үлкен үлес қосқан жақын шетел ғалымдары, оның ішінде М.В. Ломоносов (Ресей ғылым академиясында «егіншілік сыныбын» ашқан ғалым), И.И. Комов («Егіншілік жөнінде» атты кітап жазған), ал XIX ғ. басында А.Т. Болотов (топырақ өңдеу, тыңайтқыш енгізу мәселелерін зерттеген, құнды ұсыныстар жасаған) сияқты Ресей ғалымдарын атап өтуге болады. Алайда өсімдік шаруашылығының ғылым ретінде қарқынды зерттеу, ғылыми жетістіктерді жарнамалау мақсатында ірі ғылыми жұмыстар жазу бағытында жемісті еңбектерімен XIX ғасыр мен XX ғ. басында ресейдің ұлы ғалымдары К.А. Тимирязев, И.А. Стебут, Д.Н. Прянишников, Н.И. Вавилов іске асырды.
- К.А.Тимирязев, фотосинтез ілімін жасауда ірі эксперименттік зерттеулер жүргізіп, солардың негізінде әлемге әйгілі «Өсімдіктер тіршілігі» ж.б. классикалық ғылыми еңбектер жазып қалдырған.
- И.А.Стебут, тұңғыш рет танаптық дақылдарды өсіру жөніндегі шашыраңқы материалдарды біріктіріп, ірі-ірі ғылыми еңбектер жазған.
- Д.Н.Прянишников, өсімдіктердің қоректенуі және тыңайтқыштар қолдану мәселелерін (проблемаларын) зерттеген.
- Н.И.Вавилов, өсімдік шаруашылығы, мәдени өсімдіктердің биологиясы, систематикасы (жүйелеуі) және таралу географиясы жағынан баға жетпес құнды үлес қосқан (оның «Мәдени өсімдіктердің дүниежүзілік шығу орталықтары», «Гомологтық қатарлар заңдары» ілімін әлем мойындаған).
Өсімдік шаруашылығы ғылымының өрісін кеңейтуге үлес қосқан селекционер-ғалымдар: И.В.Якушкин, Н.Н. Кулешов, А.И. Носатовский, Н.А. Майсурян, П.П. Лукьяненко, В.С. Пустовойт, В.Н. Ремесло, В.Я. Юрьев, В.Н. Мамонов, В.П. Кузьмин ж.б..
Өсімдік шаруашылығының ғылым ретінде дамуына үлес қосқан Қазақстандық ғалымдар:
- А.Ж. Жұматов - белгілі өсімдік шаруашылығы ғалымы, дәнді және басқа дақылдардың өсіру технологиялары мәселелерімен айналысқан.
- К.М. Мыңбаев –ірі өсімдік шаруашылығы ғалымы, селекционер-генетик, ғылым докторы, кезінде Ленин атындағы Бүкілодақтық ауыл шаруашылығы ғылым академиясының Қазақ филиалы президиумының алғашқы төрағасы;
- М.Н. Ерлепесов- көп жылдар бойы В.Р. Вильямс атындағы Қазақ егіншілік ғылыми зерттеу институтының директоры болған, ғылым докторы, профессор, ҚазССР-ның ғылымға еңбегі сіңген қызметкері, көптеген орден, медалдардың иегері;
- Р.А. Оразалиев – есімі әлемге әйгілі селекционер, ғылым докторы, профессор, Ресей АШХА, Украина ҒА, ҚР ұлттық ҒА академигі, Triticum туыстығының 30-дан астам өндіріске енгізілген сорттарының туындыгері (авторы);
- И.А. Абуғалиев – көп жыл бойы В.Р. Вильямс атындағы Қазақ егіншілік ғылыми зерттеу институтына жетекшілік еткен, өсімдік шаруашылығының белгілі ғалымы, ғылым докторы, профессор, Ленин атындағы бүкілодақтық ауыл шаруашылығы ғылым академиясының корреспондент мүшесі, ҚР ұлттық ғылым академиясының академигі;
- А.И. Бараев – кезінде көп жыл бойы Бүкілодақтық астық шаруашылығы ғылыми зерттеу институтының директоры (Шортанды), ғылым докторы, академик, Лениндік сыйлықтың иегері, оның жетекшілігімен елімізде топырақ қорғау жүйесі жасалып, өндіріске енгізілді;
- М.Қ. Сүлейменов – ғылым докторы, профессор, академик, егіншіліктің топырақ қорғау мәселелері, дақылдардың сорттық өсіру технологиялары мәселелерін зерттеп, құнды ғылыми еңбектер жазды;
- А.А. Цепенко – бастапқы тұқым шаруашылығы, тұқым өсіру технологиялары ж.б. өсімдік шаруашылығы мәселелерін зерттеп, құнды ғылыми еңбектер қалдырған.
Өсімдік шаруашылығының ілімдік (теориялық) негізі – биология болып табылады, ол өсімдіктердің даму ерекшеліктерін ашады және олардың қоршаған орта факторларына қоятын талаптары жөнінде толық мағлұмат береді.
Достарыңызбен бөлісу: |