Бөлшектердің үйкелу, желіну түрлері - Үйкеліс пен желінуді зерттейтін ғылымды триботехника (трибо – грек сөзінен үйкеліс деген мағына білдіреді) деп атайды. Үйкеліс пен желінудің негізгі терминдері МЕСТ 23.002-78 стандартында қарастырылған. Негізгі терминдерге: желіну, тозу, желіну жылдамдығы, желіну қарқындылығы, тозу төзімділігі, үйкеліс жатады
- Желіну - бөлшектердің үйкеліс кезіндегі бүліну жəне оның беткі қабатының материалдарының бөліну не болмаса, қалдық деформациясының жинақталып, бөлшектің формасы мен өлшемдерінің өзгеру процесін айтады. Тозу – желіну процесінің нəтижесі деп саналады. Тозу бірліктеріне ұзындық, көлем, масса бірліктері жатады
- Үйкелістің тыныштық жəне қозғалыс деген екі түрі бар. Ол техникада, екі бөлшектің арасындағы майдың бар-жоғына байланысты. Желіну түрлері желінудің ерекшелігіне байланысты үш топқа бөлінеді: механикалық, коррозиялық – механикалық, электр тоғы əсерінен желіну (1.2 кесте).
- Абразивті желіну – қатты бөлшектердің тырнауы жəне кесуі əсерінде материалдардың механикалық желінуі. Майда қиыршық тастар, кварцтың, граниттің үгінділері, ұнтақтары абразивті бөлшектердің рөлін атқарады. Мысалы, сораптармен мұнай өндіру процесінде сүзгіштің жақсы жұмыс істемеуі жəне сұйықтың тазартылмауы əсерінен цилиндр-поршенді топтың желінуі абразивті желінуге жатады. Шаршап-қажып желіну – бөлшек беттерінің қайталап деформациялануы əсерінен болады. Мұндай желіну үйкелістің сырғанау түрінде де, теңселу түрінде де кездеседі. Бөлшектердің түйісу аудандарында металдың пластикалық деформациясы пайда болып, бөлшек беттері тығыздалады. Осы бетте күштің əсерінен қайталап деформация пайда болған кезде, тығыздалған бет қабыршаланып бүліне бастайды. Шаршап-қажу желінуі шестерниялар мен тісті дөңгелектерде, шарикті подшипниктердің жүгіру жолдарында жиі кездеседі
- Эрозиялық желіну – сұйық немесе газ түріндегі заттардың бөлшек беттерін жиі ұрғылап – соғу əсерінен болатын процесс. Мұндай желіну су сораптары мен май сораптарында жиі кездеседі.
- Кавитациялық желіну деп – қатты дененің сұйықтық ішінде қозғалуы кезінде болатын гидроэрозиялық желінуді атайды.
- Тістесіп желіну – бөлшек беттерінің бір-біріне жабысып, бір бөлшек материалының жұлынып, екінші бөлшек бетіне жабысуынан болады. Бөлшектер майланбаған жағдайда үйкеліс күшейіп, меншікті қысым мен температура көбейіп бөлшектері желіне бастайды. Коррозиялық – механикалық желіну – үйкеліс беттері агрессиялық ортада жұмыс істегенде білінеді, яғни механикалық үйкеліс пен химиялық ортаның бірлескен əсерінен болатын желініс түріне жатады. Мұндай желініске сораптардың цилиндрлері жиі ұшырайды.
- Тотықтанып желіну деп – майланбаған үйкеліс беттерінде немесе шекаралық үйкеліс пен үлкен күштердің, кейде температураның əсерінен болатын желіністі айтады. Фреттинг – коррозия желінісі – кішкене ғана амплитудалы дірілді қозғалыс кезіндегі желініс. Желіністің мұндай түрі қозғалмайтын қосылыстарда, подшипниктердің отырысында, болтты, шпонкалық қосылыстарда кездеседі.
- Электр тоғы əсерімен желіну – бөлшектермен тоқ жүрген кезде, разрядтардың əсерімен болатын эрозиялық желініс. Мұндай желініске білтелердің электродтары, үзгіштердің (прерыватели) контактілері, электрқозғалтқыштар мен генератордың коллекторлары ұшырайды. Үйкелу мен тозу, олардың түрлері жəне тозудың белгілі мөлшерлері машиналар мен жабдықтарды пайдалану кезінде əсер ететін факторларға байланысты болады.
Достарыңызбен бөлісу: |