252
ғылыми ой-толғауларға өзек болып отырған қазіргі терми-
нологиялық жүйе негізінен осы А. Байтұрсынұлынікі. Көре-
гендікпен жасалған терминсөздер арқылы Ахаң қаншама
ұрпақтың сауатын көтеріп, ғылыми ізденіске жол ашқанын
таңдана еске аламыз. Оның мұрасын игеру бүгінгі ұрпақ-
тың игі міндеті. А. Байтұрсынұлының еңбектерін сара-
лай келе, оның қазақ терминологиясының атасы екенінде
біршама дəлелдедік деп ойлаймыз.
14. Қазақ терминологиясы дейтін ұғымның мағынасы
мейлінше кең. Ол барлық ғылым салалары мен техника та-
рамдарын мерзімді баспасөз бен радио, теледидар тілін, оқу-
ағарту ісін, түрлі саяси, көркем, арнайы əдебиеттер тілін
қамтитын түсініктер, атаулар жиынтығы. Міне, осының
бəрінің даму қарқыны үдей түскен бүгінгі заманда тілдегі
жаңалықтар заңдылығын теориялық тұрғыдан талдап,
ғылыми бағасын бермек түгілі, солардың санын, жасалу
жолын, жүйесін, шеңберін анықтап алудың өзі оңайға
түспейді. Сондықтан біз бұл зерттеуімізде, негізінен
қоғамдық-саяси жəне гуманитарлық ғылымдар термино-
логиясын ғана тірек еттік. Мұның бірінші себебі, əлгіндей
болса, екінші себебі, бұл салалар қазақ тіліндегі терминдік
жүйенің жасалу, қалыптасу жағынан ғылыми ой-толғауға
өте мол да қызықты материал бере алатыны. Бұған қоса
қазақ тілінде қалыптасқан терминдер жүйесінен бірінші
кезекте тұратын осылар.
15. Осы сала бойынша сонау 20-жылдардан бастап күні
бүгінге дейін 40 шамалы екі тілді терминологиялық сөздік
жарық көрген екен. Олардың отыздан астамын электрон-
ды есептеу машинасының сарабына салып, реестр сөздерді
есептегенімізде (көптеген қайталаулар да осының ішінде)
қоғамдық жəне гуманитарлық ғылымдар терминдерінің
саны алпыс мыңнан (67000) асып кетті. Сонда мұның өзін
əлденеше салаға бөліп, жеке-жеке зерттеу қажеттігі көрі-
неді. Біз, бұл жолы, ойымызға тірек боларлық мысалдар-
ды ғана көсіп алып отырғанымыз болмаса, тереңдеп жəне
253
жан-жақты талдап үлгергеніміз жоқ. Жəне бұл – бір ғана
зерттеумен шектелмейтін, əлі талай ізденістерге мол мате-
риал беретін керемет бай халықтық қазына. Мұның үстіне
1982 жылдан бері қарай жинақталып келе жатқан термино-
логия мен аударма теориясы бөлімінің картотекалық қоры
қазір 500 мыңға таяу материалдарын да пайдаландық. Бұл
да болашақта талай ғылыми сарамандықты күтіп, талдауға
дайын тұрған байлығымыз.
16. Терминнің жасалуын өткен ғасырдан тартып, қау-
лап дамуын төңкеріс дəуірімен байланыстыра келе, мұның
ғылыми негізінің қарастырылуын 30-жылдардан бастаған
жөн. Қазақ терминологиясының барлық мəселелеріне ол
кезде Қазақ АССР Оқу халық комиссариаты жанындағы
Академиялық Орталық (Акцентр), сосын осы комисса-
риат жанындағы əдістемелік бюро басшылық еткен. Осы
шаралардың бəрінің басы-қасында белгілі тілші проф.
Қ.Жұбанов болған. Ал содан бергі жерде, яғни 1935 жыл-
дан бастап, қазақ əдеби тілінің ғылыми терминологиясын
жасау ісіне Қазақ ССР Министрлер Кеңесі жанындағы
Мемлекеттік терминология комиссиясы (қазір Қазақстан
Республикасы Министрлер Кабинеті жанындағы комис-
сия) басшылық жасап келеді. Сондай-ақ терминжасам ісі-
нің практикасымен мерзімді баспасөз айналысса, оның
ғылыми дəйектілігімен қал-қадарынша Қазақ КСР Ғылым
академиясы Тіл жəне əдебиет институты, БК(б)П Орталық
Комитеті жанындағы Маркс-Энгельс-Ленин институты-
ның қазақ филиалы шұғылданды.
17. Қазақ терминологиясының түзілуі мен қалыптасуы-
на себеп болған басты факторлардың бірі – жазу мəселесі.
Егер жазу болмаса, термин туралы əңгіме қозғаудың мəні
бола қоймас еді. Міне, сондықтан сауаттылық кепілі – жазу
мəселесі қазақ зиялыларын ə дегеннен-ақ толғандырған.
Қазақ мəдениеті тарихи қысқа мерзім ішінде үш жазуды
бастан кешіргені мəлім: араб, латын, орыс графикасына
негізделген бұлардың ұлттық тілімізді қалыптастырудағы
254
қызметі бірдей бола алмағанмен, əрқайсысының халық
мəдениеті тарихынан алатын өз орны бар. Ал термино-
логиялық лексиканы қалыптастыру ыңғайы жағынан бұл
үш жазудың үшеуі үш түрлі үлгіні салыстыра зерттеуге
қызғылықты материал береді деп қараймыз.
18. Термин сөздердің жасалуы мен қалыптасуында
аударманың рөлі орасан зор екеніне, əсіресе лингвисти-
калық ілім тұрғысынан жеткілікті мəн берілмей келгеніне
ерекше назар аударамыз. Зерттеу нəтижесі мұның өз ал-
дына бір үлкен проблема екенін көрсетті. Алдағы уақытта
мұны түпкілікті зерттеу нысанына айналдыру мүмкіндігін
қарастыру қажет деп санаймыз. Əсіресе мұның саяси
əдебиет, көркем əдебиет, ғылыми əдебиет жəне түрлі оқу-
лықтар мен оқу құралдарын аударуға байланысты туын-
дайтын таза терминологиялық проблемаларының өзі тия-
нақты ізденістердің жүргізілуін талап етеді.
Күні бүгінге дейін бізде аударманың, негізінен, көркем
əдебиетке байланысты мəселелері ғана сөз болып келді.
Яғни бұл проблема көбінесе əдебиеттану тұрғысынан
қарастырылып келгені мəлім. Ал оның лингвистикалық
тұр-ғыдан қарастырылатын жай-жапсары ескерусіз қала
бере-тін. Осы орайда, біз Қ. Жұбанов, С. Аманжолов тəрізді
белгілі тілші ғалымдар пікіріне жүгіне отырып, аудар-
машылардың ескере бермейтін ішкі мəселелеріне де назар
аудардық. Мұның аудару процесінде сəл де болса септігі
тиюі ықтимал. Мəселен, жеке сөздер мен сөз тіркестерінің
контекстегі қызметі мен жеке тұрғанда білдірер мағынасын
жете түсінбей тұрып, бірден аудару салдарынан кетер
кемшілікті талдайтын Қ. Жұбанов пікірін үлгі ретінде
ұсындық.
19. Қоғамдық жəне гуманитар ғылымдары бұл күнде
тармақтана сараланып, сала-салаға бөлініп, əрқайсысы өз
алдына бір-бір отау тігіп, даму жолына түсті. Соған орай
олардың əрқайсысының өзіндік терминологиялық жүйесі
жасалып, қалыптасты.
Достарыңызбен бөлісу: |