Рухани-адамгершілік тәрбие
Мақсаты: қоғам өмірінің жалпыадамзаттық құндылықтарымен, нормаларымен және дәстүрлерімен келісілген рухани-адамгершілік және этикалық ұстанымдарын, моральдық қасиеттерін және көзқарастарын қалыптастыру.
Жақсы мінез бен ақыл күші біріксе – бұлар адамгершілік қасиеттер (Ыбырай Алтынсарин). Адамгершілік - адам бойындағы ең асыл қасиет және адамзат баласының ең жоғарғы мақсатына бағытталады. Бұл қасиет адамды мейірімділікке, Отанын, елін, отбасын сүюге үйретеді. Егер адамда адамгершілік қасиет болмаса, ол адам өз - өзін сыйламайды. Рухани - адамгершілік тәрбиесі - өзіндік сананы дамытуға жағдай жасауды, жеке тұлғаның әдеп ұстанымын, оның қоғам өмірінің нормалары мен дәстүрлерімен келістірілетін моральдік қасиеттерін және бағдарларын қалыптастыруды болжайды. Оқушыларды рухани - адамгершілікке тәрбиелеу, болашағына жол сілтеу – бүгінгі қажетті, кезек күттірмес мәселе. Халықта «Ағаш түзу өсу үшін оған көшет кезінде көмектесуге болады, ал үлкен ағаш болғанда оны түзете алмайсың» деп бекер айтылмаған. Сондықтан баланың бойына жастайынан ізгілік, мейірімділік, қайырымдылық, яғни адамгершілік құнды қасиеттерді сіңіріп, өз - өзіне сенімділікті тәрбиелеуде отбасы мен педагогтар шешуші роль атқарады. Рухани - адамгершілік тәрбие - екі жақты процесс. Адамгершілікке, еңбекке тәрбиелеу күнделікті өмірде, үлкендердің қолдан келетін жұмысты ұйымдастыру барысында, ойын және оқу ісінде жоспарлы түрде іске асады. Халқымыз «баланы ойын өсіреді» деген сөзін тегін айтпаса керек. Бала ойнап жүріп, ойланады, жүйкесі тынығады, ойы сергиді, денесі шымырланады. Өздерінің құрбы - құрдастарымен жақсы араласуды үйренеді. Сан алуан ойындар баланың дене тәрбиесін дамытып, жас жеткіншектің бойына адамгершілік, сүйіспеншілік, кішіге көмек, үлкенге құрмет көрсете білуге, қиыншылықтан қорықпауға, мақсатқа жетуде төзімділікті ұлғайтуға тәрбиелеуде ерекше мәні бар. Ең бастысы, ойын баланы жан - жақты, тез ойланып шешім қабылдауға, ойын шыншыл ойнауға кешірімді, жанашырлыққа тәрбиелейтіні анық. Адамгершілік тәрбиенің, адам бойында болуы, жанұяға, өскен ортасына байланысты. Бала ісінің дұрыс екенін қоштап, оң бағыт беріп, теріс жерін дереу жөндеп, демеп жіберу ата - ана мен тәрбиешіге жүктелер міндет.
Достарыңызбен бөлісу: |