Дәрістің мазмұны
Қаржы ұғымы. Қаржы қызметінің ұғымы.
Қаржы жүйесі мен оның құрамы.
Мемлекеттік қаржы мен Қазақстан Республикасының қаржылық жүйесі.
Қаржы қызметін жүзеге асыру әдістері мен нысандары.
Мемлекеттік қаржылар экономикалық және материалдық тұрғыдан қарастырылады.
Экономикалық категория ретінде мемлекеттік қаржылар біртұтас алғанда мемлекеттің және оның жергілікті мемлекеттік басқару органдарының өз функцияларын атқаруға қажетті ақша қаражаттар қорларын қалыптастыру, бөлу және пайдалануды ұйымдастыру жөніндегі экономикалық қатынастардың жиынтығын білдіреді.
Ал, материалдық мағынасында м/қ қоғамның және мемлекеттің басымды мүдделерін қамтамасыз етуге қажетті әрі әрдайым мемлекет меншігінде болатын орталықтандырылған және орталықтандырылмаған ақша қаражаттары қорларының жиынтығынан көрсетеді.
Қаржылардың функцияларына ақша қаражаттарын жұмылдыру арқылы тиісті ақшалай қорларды қалыптастыру, қорлардың ақшалай ресурстарын бөлу және қайта бөлу, бөлінген қаражаттардың пайдаланылуын бақылау-есептеу функциялары жатады.
Материалдық мағынада мемлекеттің қаржы жүйесі:
жалпы мемлекеттік орталықтандырылған қаржылық ресурстар қоры;
әкімшілік – аумақтық құрылыстар ауқымында орталықтандырылған ақшалай қорлар;
мемлекеттік мақсатты қорлар;
бюджеттен тыс мемлекеттік мақсаттық қорлар;
мемлекеттің орталықтандырылған саудалық қоры;
мемлекеттік сақтандырудың мақсатты қаржылық резервтері;
мемлекеттік кәсіпорындар мен мемлекеттік мекемелердің орталықтандырылмаған ақшалай қорлары тәрізді ақшалай қорлардың жиынтығын білдіреді.
Экономикалық мағынада мемлекеттің қаржы жүйесі әр қайсысы өзіне тән белгілі бір мемлекеттік ақша қаражаттары қорларын білдіретін қаржы-экономикалық институттарының жиынтығынан тұрады.
Ал, қаржы-экономикалық институттар мемлекеттік ақшалай қорларын қалыптастыру, бөлу және пайдалануды ұйымдастыру жөніндегі қаржы-экономикалық қатынастардың жиынтығы ретінде:
республикалық бюджет;
жергілікті бюджет;
бюджеттен тыс мемлекеттік қорлардың қаржылары;
мемлекеттік банктердің қаржылары;
мемлекеттік сақтандыру ұйымдарының қорлары;
мемлекеттік кәсіпорындардың қаржылары;
мемлекеттік мекемелердің қорлары арқылы көрініс табады.
Сонымен мемлекеттің қаржы жүйесі мемлекеттік қазынаны қалыптастыру және бөлу кезінде жүзеге асырылатын мемлекеттік қаржылық-кредиттік билік өкілеттіктері жүйесі ретінде ерекшеленеді.
Мемлекеттің қаржы қызметі мемлекеттің біртұтас өзінің немесе оның уәкілетті органдарының мемлекеттің қаржылық құрылысын ұйымдастыру және оның тұрақтылығын, тиімді жұмыс істеуін қамтамасыз ету, қоғамдық мемлекеттік мүдделердің әлеуметтік-экономикалық және саяси - әкімшілік басымдықтарын айқындау, сондай-ақ мемлекеттік функцияларды атқаруға қажетті ақшалай қорларды қалыптастыру, бөлу және оларды пайдалануды ұйымдастыру, елдің қаржы жүйесін халықаралық қаржы жүйесіне интеграциялау жөніндегі және т.б. іс-қимылдары мен қызметін қамтиды.
Мемлекеттің қаржылық қызметінің негізгі бағыттары:
мемлекеттің ақшалай қорларын қалыптастыру;
мемлекеттің қаржылық ресурстарын бөлу;
мемлекеттің қаржылық ресурстарын пайдалануды ұйымдастыру;
мемлекеттік қаржылық жоспарлауды жузеге асыру;
мемлекеттің ақша қаражаттары қорларын қалыптастыру, бөлу (қайта қарау) және пайдалануды ұйымдастыру барысында мемлекеттік қаржыны бақылауды жүзеге асыру;
мемлекеттің мамандандырылған қаржы, несиелік және фискалдық органдарын қалыптастыру;
қаржылық заңдарды бұзылғаны үшін заңи жауапкершілік белгілеу;
мемлекет аумағында валют. реттеуді және валют. бақылауды жүзеге асыру;
мемлекеттегі баға тұрақтылығын қамтамасыз ету;
мемлекеттің қаржы жүйесінің тұрақтылығын қамтамасыз ету;
әкімшілік-аумақтық бірліктердің қаржы-экономикалық дербестіктерін және жауапкершіліктерін күшейту;
ауылдың өндірістік және әлеуметтік инфрақұрылымдарын тиісті деңгейде дамытуға қажетті мемлекеттік қаржылық инвестициялық және кредиттік көмектер көрсету.
Мемлекеттің қаржылық құрылысы аумағындағы мемлекеттің қаржылық қызметі мемлекеттің ақшалай қорларды қалыптастыру, мемлекеттік ақшалай қорларды бөлу және пайдалануды ұйымдастыру тәрізді негізгі үш әдіс арқылы жүзеге асырылады.
Мемлекеттік ақшалай қорларды қалыптастыру әдістеріне:
ақша қаражаттарын олардың иелерінен мәжбүрлі әрі қайтарымсыз түрде алып қою;
ақша қаражаттарын олардың иелерінен мәжбүрлі, бірақ қайтарымды түрде алып қою;
ақша қаражаттарын ерікті және қайтарымсыз түрде тарту;
мемлекеттік қызмет көрсету негізінде ақша қаражаттарын тарту;
мемлекеттік мүлікті сатудан және пайдаланудан түскен ақша қаражаттарын мемлекеттің кірісіне айналдыру;
ақша және мемлекеттің бағалы қағаздар эмиссиясы жатады.
Мемлекеттің ақшалай қорларды бөлу әдістері:
мемлекеттің ақша қаражаттарын бюджеттен біржола қайтарымсыз, әрі ақысыз түрде беру арқылы қаржыландыру;
мемлекеттің ақша қаражаттарын қайтарымды әрі ақылы негізде және белгілі мерзімге уақытша пайдалануға несие ретінде беру;
мемлекеттің өз кредиторлары алдындағы қаржылық міндеттемесін орындалуы жолымен іске асырылады;
мемлекеттік ақшалай қорларды пайдалануды ұйымдастыру;
ақшалай қаржыларды пайдалану басымдылығын және бағыттарын белгілеу;
мемлекеттің ақшалай қорларынан алынған ақша қаражаттарын пайдалану тәртібін белгілеу;
мемлекеттің ақша қаражаттарын пайдалануды жоспарлау;
мемлекеттің ақша қаражаттарын берудің қаржы нормативтерін және шекті мөлшерін белгілеу;
мемлекеттік кәсіпорындардың пайдаларын бөлудің нормативтерін және тәртібін белгілеу;
ақшалай қорларды пайдалану процесіне мемлекеттік қаржылық бақылау жүргізу сияқты әдістер арқылы жүзеге асырылады.
№ 2 дәріс
Тақырып: Қаржы құқығы құқық саласы ретінде
Достарыңызбен бөлісу: |