«Неологизм» терминіне анықтама бердік, ендігі кезекте аудару барысында неологизмдерді анықтаудың келесі әдістерін жеке-жеке қарастырамыз: неологизмнің мағынасын анықтауда сөздікті пайдалану, неологизмнің мағынасын контекстен анықтау, неологизмнің мағынасын анықтау үшін құрылымын талдау.
1 Неологизмнің мағынасын анықтауда сөздікті пайдалану
Неологизмдерді аударудағы негізгі қиындық-ол жаңа сөздің маңыздылығын анықтау. Негізінен неологизмді аударудың маңыздылығын аудармашы білуі тиіс. Аудармашының мақсаты неологизмнің қай сөздік типке жататындығын анықтап, төмендегі әдістерді қолдану болып табылады.
Егер жаңа сөз ағылшын-қазақ сөздігінде болмаса, онда ол сөзді ағылшын анықтамалық сөздігінен іздестіру қажет. Кең таралған сөздіктердің көбінде «Жаңа сөздер» (New Words Section) атты бөлімдер бар. Сонымен қатар ең соңғы басылымдарда шығарылған сөздіктерді пайдалану ұсынылады. Кіші және орта көлемдегі сөздіктер көптеп дайындалып басып шығарылатынын есте ұстау керек. Бірақ сөздік қорының шектеулі болуына байланысты бұл сөздіктер маманның қажеттілігін қанағаттандыра алмайды.
Қазақ лексикографиясында негізі кейбір неологизмдер арнайы сөздіктерде тіркеледі. Олардың ішінде Мұстапа Бұралқыұлының «Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі», Т. Жанұзақовтың «Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі: 50 мыңға жуық сөз бен сөз тіркесі», А. Ысқақов, Н. Уәлилер басқарған «Қазақ әдеби тілінің сөздігі» он бес томы, С. Қ. Әлісжановтың «Қазақ терминологиясы: теория жіне тәжірибе» еңбектерін атап көрсетуге болады. [9-145б] Сонымен қатар сөздіктер объективті себептерге байланысты толық мөлшерде жаңадан пайда болған сөздерді бейнелей алмайды. Өйткені көпшілік лексикографтар сөздіктеріне басқа жеке авторлар енгізген жаңа сөздерді, яғни «тосын» неологизмдерді қосудан сескенеді. Мұндай сөздер көбіне аз өмір сүреді және тез жойылып кетеді. [4-79б]
2 Неологизмнің мағынасын контекстен анықтау
«Неологизм» терминін анықтау барысында, аудармашы неологизмге алғаш рет тап болғанда неологизм түсінігін білмеуі де мүмкін. Сондықтан неологизмнің белгілерін негізінен контексттен анықтауға тура келеді. Жазбаша аударуда контекст мағлұматқа толы болады. [4-72б]
Сөзді аудару процессінде негізінен 2 кезең ерекшеленеді:
контексттегі сөздердің мағынасын анықтау;
бұл мағыналарды тіл құралдары арқылы аудару.
Неологизмді аудару барысындағы бірінші кезең жоғарыда айтылғандай шешуші ролді ойнайды. Екінші кезең тек техникалық тұрғыдан қаралса да, аударылуға тиіс тілге ең ыңғайлы тәсілдермен шешу қажет.
Жалпы контекст түсінігі шеңберінде тар мағыналы контекст (микроконтекст) және кең мағыналы контекст (макроконтекст) ерекшеленеді. Тар мағыналы контекст дегеніміз-сөйлем шеңберінен шықпай, аталған бірліктерді құрайтын сөйлемнің лингвистикалық бірлігін айтамыз. Кең мағыналы контекст дегеніміз–сөйлем шеңберінен тыс тілдік бірліктердің байланысын айтамыз. Кең мағыналы контексттердің нақты шеңберін белгілеу мүмкін емес, ол топтық сөйлемнің мәтіні, абзац, тарау немесе шығарма (мысалы, әңгіме, мақала немесе роман) да болуы ықтимал. Неологизмдердің мағынасын анықтауда макроконтекстті яғни сөйлем шеңберінен тыс тілдік бірліктердің байланысын ескеру қажет, себебі онда көмекші сыбыр сөз бар. [5-81б].
Тар мағыналы контекстті синтаксистік және лексикалық контексттер деп ажыратуға болады. [5-88б]
Синтаксистік контекст-белгілі бір сөз немесе құрамдас сөйлем қолданылатын синтаксистік конструкцияны атаймыз. Лексикалық контекст лексикалық бірліктің, сөз және тұрақты сөз құрауыштардың қарым-қатынасын айтамыз. [5-91б]
Егер аудармашы синтаксистік контекстті ескеретін болса неологизмнің қай сөз табына жататындығын анықтай алады. Неологизмдердің мағынасын айқындауда лексикалық контекст шешуші роль атқарады.
3 Неологизмнің мағынасын анықтау үшін құрылымын талдау
Негізінен жаңа сөздер тілдегі бұрыннан бар сөздер мен морфемалар барысында пайда болады. Осы сөздер мен морфемаларды талдау неологизмнің мағынасын анықтауда аудармашыға көптеп көмегін тигізеді. Бұл үшін ағылшын тіліндегі сөздің жасалу әдістерін жақсы білу қажет. Ал енді сондай әдістерді қарастырайық:
1. Бұрыннан бар сөзге тағы бір мағына беру.
Мысалы, call сөзі ағылшын тілінде «атау», «шақырту», «шақыру», «сымтетік қоңырауы», «қоңырау» және тағы басқа мағыналарды білдіреді. Бірақ жақын арада биржалық істердің дамуына байланысты бұл сөздердің жаңа мағынасы пайда болды, ол «колл, опцион колл» сөздерімен белгіленді (белгілі бір уақыт ішінде келісілген бағада құнды қағаздарды сатып алу құқығы), банк ісінің дамуына байланысты бұл сөз «шарттардың бұзылуына байланысты тез арада несиесін төлеу жөніндегі алымшыға банк тарапынан қойылған талабы» деген мағынаға ие болды. [6-105б]
2. Сөздердің бірігу жолымен жасалуы.
Ағылшын тілінде сөз жасалуының әмбебап, жан-жақты және көп таралған әдісінің бірі сөздердің бірігуі. Сөздердің бірігуі қазірге дейін өз белсенділігін жоғалтпаған. Қазіргі ағылшын тіліндегі барлық жаңа сөз қалыптастырушылардың үштен бірі – күрделі сөздер. [6-89б]
Сөздің жасалу үрдісі омонимдік сөздік форма ретінде екі негіздің жанасуынан пайда болады. Мысалы, carryback- «шығындардың алдыңғы «кезеңге ауыстырылуы», citiplus- «Ситибанк» (АҚШ) банкінің өз клиенттеріне ұсынатын құрал және т.с.с.
Бүгінгі таңда ағылшын тілінің нормалары бірдей лексикалық және грамматикалық сипатқа ие сөздердің негіздерінің бірігіп, сөз тіркестерін жасауға жол береді, сондықтан да аудармшыға қай жағдайда күрделі сөздің неологизм екені, ал қай жағдайда сөз тіркесі екенін ажырату қиынға соғады. Салыстырайық: "closing bank " – бірнеше банк қатысқан мәмілені аяқтаушы банк, " closing bank " жабылып жатқан банк және т.с.с.
Қазіргі таңда күрделі сөздер мен сөз тіркестерін ажыратудың бірнеше қағидалары бар. Ағылшын тіліндегі неологизмдерді аударуда орфографиялық қағидалары ерекше маңызды. Бұл қағидалар бойынша барлық қосылып немесе дефис (сызықша) арқылы жазылғандар сөздерді күрделі сөз ретінде, ал бөлек жазылған сөздерді сөз тіркестері ретінде қарастырады.
dividend-right certieicate-«дивиденд алуға құқық беретін сертификат».
dear-money policy -«пайыздық жүктемелерді көтеру арқылы несиені шектеу».
fill-or-kill order -« клиенттің брокерге тез арада жойылатын немесе жоққа шығарылатын бұйрығы».
Бірдей дауысты немесе дауыссыз дыбысқа аяқталған сөздер бірігетін жағдайда олардың біреуі түсіп қалады:
net + etiquette = netiquette «Интернетке мағлұмат таратудың жалды қолданыстағы ережесі».
Бірақ бұл ереже барлық жағдайда орынды болып табылмайтындығын ескеруіміз қажет, келесі сөйлемде “cyberrape” сөзінде r әрпі түсіп қалмай қосарлана жазылған:
Some sections of the American press are upping the case still further by using an even more emotive term “cyberrape”, to describe the actions of Jake Baker, a 20-year-old American student. (The Independent, 1998).
Кейбір американдық басылымдар өте сезімтал «кибер-зорлау» сөзін пайдалану арқылы отқа май құяды (жиырма жасар американдық студент Джеймс Бейкердің іс-әрекеттеріне байланысты шыққан сөз). [7-115б]
Бірақ көп жағдайда тіпті бір жиынтықтың жазылуында өзгешеліктер байқалатынын атап өтуіміз керек. Мысалы, man-made - «қолдан жасалған, адам жасаған», мұнда-6 %- бөлек жазылулар, 82 %-сызықша арқылы, 12 %- бірге жазылғандар. [6-136б]
Күрделі сөздердің құрамына кіретін компоненттердің лексикалық белгілерін біле талдау нәтижесінде аудармашы барлық құрылымның маңыздылығын анықтай алады:
Graphite bombing caused power lines destruction turning off life-supports in Belgrade hospitals (Fox News Direct, 1999). Байқап тұрғанымыздай life-supports неологизмі екі бөліктен құралған, life («өмір») және support («қолдау»), яғни мұнда өмірді немесе өмір сүру мүмкіндіктерін қолдау туралы әңгіме жүруде, ал s –суффиксі әңгіме көпше түрдегі санаулы зат есім жайында екенін көрсетіп тұр. Сондықтан да контекстті саралай отырып бұл неологизмді «тіршілік ету жабдығы» деп аударуға болады.
Графитті жарылғыш заттармен жару кезінде жарықпен қамтамасыз ету линиясы зақымданып, нәтижесінде Белград емханаларында тіршілік ету жабдықтарының өшірілуіне себеп болды.
О. Д. Мешков айтып өткендей, күрделі неологизмдер екі жолмен жасалады: сөз тіркестерінен және үлгі бойынша. Соңғысы келесі екі жағдайда анықталады:
- Жаңа күрделі сөз ешқандай дайындықсыз, шын мәнінде болып жатқан жағдайға байланысты туындаса;
- Күрделі сөздер қолданыстағы сөздің құрамдас бөліктерінің алмастырылуымен жасалса. [7-145б]
Айтылған екі әдісті толығырақ қарастырайық:
Сөз тіркестерінен күрделі сөздің жасалуы. Мұндай жолмен жасалған неологизмдерді сөз тіркестері түрінде қарастыруға болады: armor-bewitching (charm) – armor which are bewitched (рыцарларлық қару-жарақтарды гимн айтуға сиқырлау.) Байқап тұрғанымыздай сөздер әр түрлі сөз табынан құрылған және сызықша арқылы жазылған. Тағы бір мысал қарастырайық.
Leg-locker (curse) (бұғау лағнеті) күрделі сөзі leg – «аяқ», lock – «бекіткіш, құлып» негіздерінен және –er жұрнағынан жасалған. Аудару барысынды функционалды алмастыру әдісі қолданылған. Себебі алмастырмай, тікелей аударса «аяқ бекіткіш» деп аударылады. Ал қазақ тілінде «аяқ бекіткіш» сөзінің мағынасы жоқ, яғни лексикамызда ондай сөз кездеспейді. Сондықтан да функционалды алмастыру әдісін пайдаландық. [8-128б]
How he had managed to climb through the portrait hole was anyone’s guess, because his legs had been stuck together with what they recognized at once as the Leg-Locker Curse.
Суреттің артындағы тесікке қалай кіріп кеткені жұмбақ болып қалды, оның аяқтары Бұғау Лағнетімен оралғаны бір көргеннен белгілі еді.
Үлгі бойынша күрделі сөздердің жасалуын төмендегідей қарастыруға болады:
а) Ақиқат әрекет бойынша анықталған жаңа күрделі сөздердің жасалуы.
Ashwinder неологизмі үш құрамдас бөліктен жасалған: ash (күл, қалдық табыт, to ash – күлге айналу) , wind ( to wind – өрілу, иректету, ширатылу, иректелу, бұйраланужәне іс-әрекеттің субъектісі – er суффиксі. Аудару үшін функционалды алмастыру әдісі қолданылған. Сондай-ақ бұл сөзді контекстен мағынасы бойынша аударуға болады:
A thin, pale-grey serpent with glowing red eyes, it will rise from the embers of an unsupervised fire and slither away into the shadows of the dwelling in which it finds itself, leaving an ashy trail behind it.
Бұл жіңішке сұп- сұр жылан өзінің жалындаған, жалынды метал көздерімен қараусыз қалған оттың күлінде туылады және өзінің артынан күлді із қалдыра отырып, әйтеуір бір жерге жылжып барады. [12-91б]
б) Құрамдас бөліктерінің алмастырылуы бойынша неолгизмдердің жасалуы. deathday party сөз тіркесі әр түрлі әдебиеттерде әр-қалай аударылады, «әрауқтың туылған күні», «өлім мүшелтойы». Deathday неологизмі birthday (туылған күн) сөзіне ұқсас death day (өлім күні) сөз тіркесінен жасалған. (deathday және birthday) сөздерінде ортақ семантикалық ұқсастықтарды ажыратуға болады: мейрам, мереке, думан.
Авторлық неологизмді аудару үшін функционалды алмастыру әдісі қолданылды.
“A deathday?” said Hermione… “I bet there aren't many living people who can say they've been to one of those—it'll be fascinating!”
«Өлім мүшелтойы ма?» – деп айқайлап жіберді Гермиона «–Ант етуге дайынмын, тірі адамдар арасында мұндай мейрамда ешкім болып көрмеген – бұл деген керемет қой!»
3. Неологизмдердің жасалуының аффиксті әдісі
Бұл жол арқылы құрастырылған неологизмдерді дұрыс түсіну үшін аудармашы қазіргі ағылшын тіліндегі аффикстерді білуі тиіс және ол сөздерді құрамдас бөліктерге дұрыс мүшелей алуы қажет. [13-47б]
kiteflyer -«жалған вексель арқылы ақша алушы, жалған вексельді қолданушы». (fly kites «Инкассаға бармай тұрып қаражатты алу үшін жалған чектерді пайдалану» )
Көбіне осы жолмен қалыптасқан неологизмдер сатирикалық сипатқа ие, әсіресе пресса беттерінде:
...that they taste the same in Peking as they do in London or New York, and so it was that world burgernomics was born by McDonald’s. (The Independent, 1998).
Бұл жағдайда мақаланың иесі өзінің заңы, тәртібі бар және басқа да экономикалық заң сияқты барлық елде бірдей «Макдональс» жүйелі мейрамханаларының едәуір тез дамуын оқырмандар назарына салады:
... бұл тағамдардың дәмі Лондон немесе Нью-Йорктегі сияқты Пекинде де сондай, осылайша «Макдональдс» әлемдік гамбургерномиканың негізін салды.
Бұл жағдайда мақала иесі «Макдональс» жүйелі мейрамханаларының едәуір тез дамуын оқырмандар назарына сатирикалық жазуы арқылы жеткізді, нәтижесінде гамбургерномика неологизмі қалыптасты.
4. Конверсия.
Конверсия дегеніміз сөздің бір сөйлем мүшесінен екіншісіне өтуін, яғни бір сөздің әр-түрлі сөйлем мүшесі ретінде қолданылуын айтамыз. Бірақ кейбір ғалымдар (А.И. Смирницкий, В. Н. Ярцева) конверсияны сөз қалыптастыруда сөздер бір-біріне омонимді кездеседі және парадигмаларымен ерекшеленеді деп есептейді. Мысалы, қазір Интернет желісінде E-mail me/us to жиі кездестіреміз. Мұндай неологизмнің белгілерін анықтау қиынға соқпайды. Синтаксистік контекст арқылы бұл сөздің өтпелі етістіктерге жататындығын анықтаймыз. Сөйтіп, E-mail (электронды пошта) сөзінің мағынасын біле отырып былайша аударамыз: «Хаттарыңызды электронды пошта арқылы мына мекен-жайға жіберіңіз. [13-101б]
5. Басқа тілден енген кірме сөздер.
Кірме сөздер дегеніміз - өзіндік сөзжасам тəсілімен емес, басқа тілдің ықпалымен жасалған немесе олардан енген сөздер, яғни шығу төркіні жағынан басқа тілдік сөздер əрбір тілдің лексикасында да бар. Сөздік құрамына басқа тілден сөз енбеген тіл жоқ деуге болады. Дүние жүзіндегі түрлі-түрлі тілдерде сөйлейтін халықтар өзара бір-бірімен əр түрлі қарым- қатынаста болады да, бір-біріне сөз ауысады. Əрбір тілдегі басқа тілдік сөздер санының аз немесе көптігі тарихи жəне психологиялық жағдайлармен де байланысты болып келеді. Парсы тілінің лексикасында араб тілінен енген көптеген сөздер бар. Ағылшын тілінің лексикасынан роман тілдерінен енген сөздерді өте жиі кездестіруге болады. Болгар тілінде түрік тілінен енген сөздердің саны өте көп . [13-139б]
Тілдерге кірме сөздердің ену сипаты түрліше болады. Бір тілден екінші тілге сөздердің ауысуы белгіленетін заттар мен ұғымдардың ауысып келуімен байланысты. Сөздердің жаңа заттар немесе жаңа ұғымдармен бірге ену құбылысы тіл-тілде сөз алмасудағы басты жəне дағдылы құбылыс болып саналады.
Тіл-тілдің лексикасында ауызша енген кірме сөздер де, жазбаша енген кірме сөздер де бар. Ауызша түрде енген сөздердің көпшілігі тұрмыс қажетіне байланысты зат атаулары болып келеді: мысалы, темір, алтын, орамал, сандық, т.б. Мұнымен қатар олардың ішінде мəдениетке байланысты ұғымдардың да атаулары болады: əдебиет, ғылым, мəдениет, кітап, т.б.
Ауызша кірме сөздерге өте-мөте тəн ерекшелік сол – олар қабылдаушы тілдің дыбыстық (фонетикалық) заңдарына, орфоэпиялық ерекшеліктеріне бағынып, соған сəйкестендірілген. Жазбаша немесе кітаби кірме сөздер, көбінесе ғылыми-техникалық əдебиет пен өнер, т.б. арқылы енген жəне солардың белгілі бір саласында бейімделіп қолданылатын сөздер болып табылады. Бұлар өркениет ұғымдарына телінген сөздер болу қасиетімен сипатталады. Сөздердің бұл тобының білдіретін ұғымы мен мəніне байланысты интернационалдық сөздер болады да, олардың тілден тілге ауысуы, кең түрде таралу қасиеті басым болады. Сөздердің интернационализм тобының ішінде, əсіресе, грек, латын тілдерінің элементтері, кейде осы екеуінің қосындысымен жасалған сөздер жиі ұшырасады. Ғылыми-техникалық терминдерді жасауда: телефон (грек тілінен tele – алыс, phone - дыбыс, демек алысқа естілетін дыбыс), автомобиль (грек тілінен autos – өзі, латын тілінен mobilis – қозғалушы, жүруші), т.б. жасалғанда, оларды атау үшін, сол кездегі дəстүр бойынша, ежелгі классикалық тілдердің сөздері халықаралық ғылыми терминдердің жасалып келген негізі ретінде пайдаланған. Жазбаша түрде енген сөздерге тəн қасиеттің бірі сол – олардың басым көпшілігі өзінің дыбысталу түрін, жазылу қалпын сақтайды. Шет тілден енген сөздердің басым көпшілігі өздерінің мағынасын сақтап, семантикалық жақтан өзгеріске көп ұшырамайды. Дегенмен де уақыт озған сайын басқа тілден енген сөздер əбден кірігіп, фонетикалық, грамматикалық жəне семантикалық жақтан игеріліп, сіңісіп кетеді. Басқа тілдік сөздердің қабылдаушы тілдің фонетикалық ерекшеліктеріне икемделіп игерілуі құбылысын шет тілдік бір сөздің əрбір тілдің дыбыс заңдарына сəйкес əр түрлі болып өзгеруінен айқын аңғаруға болады. Мысалы, орыс тілінің дуга, сумма деген сөздері қазақ тілінде доға, сома болып өзгеріледі.
Шет тілден сөз қабылданғанда, сөздің (оның) ішкі формасы, дəлелдемесі ұмытылады. Мысалы: “бидің бір түрін” білдіретін фокстрот шығу тегі жағынан ағылшынның foxtrat сөзі, сөзбе-сөз аударғанда “түлкінің қадамы” (лисий шаг) деген сөз. Орыс тілі мен қазақ тілінде, сондай-ақ басқа тілдерде де бұл сөздің арғы төркіні, шығу тегі мүлдем ескерілмейді, ол жағы бізге тіптен белгісіз, оған мəн беріп жатқан ешкім де жоқ.
Then his telefonino rang, or rather squeaked piercingly... It is impossible to get away from the wretched telefonino wherever you are in Italy. Of all the countries in Europe, only Britain has more mobile telephones.
Кейіннен қоңырау шалынды немесе оның шағын-сымтетігі шырылдады. Италияның қай бөлігінде жүрсеңіз де жабысқақ телефониолардан айырыла алмайсыз. Барлық Еуропа елдерінің ішінде тек Ұлыбританияда ғана ұялы сымтетіктер көп кездеседі.
The Soviets had Sputnik, but the Americans had their open-plan kitchen. No contest. Кеңестер Одағы «Спутникті» шығарса, американдықтар ашық үлгідегі асхананы ашты. Бәсекелесуге тұрмайды.
-кері деривация.
Кері деривация дегеніміз бастауыштардан суффикстердің қысқарту жолымен етістіктің пайда болуын айтамыз. Мысалы, televise «теледидардан көрсету», television «теледидар» сөзінен шыққан.
6. Бітіп тұтасу.
Бітіп тұтасу – бір сөздің кескін түбірі мен екінші толық сөздің немесе екі кескін түбірдің бірігуі.
forex reserve (forex = foreign + exchange) –«шетел валютасының қоры».
impex transactions (impex = import + export) - «экспорт-импорт келісім-шарттары.
7. Аббревиация;
Аббревиация – бірнеше сөзден құрастырылған зат есім жасалуының бір түрі, жасалу барысында сөздердің негіздер емес, қалауынша алынған сөздің бөліктері алынады.
Сөз қалыптастыру әдістерінің ішіндегі бұл әдіс құрамдас бөлік элементтерін ішінара инициалды қысқартуға көңіл бөледі, мысалы, , B-unit (Barclays currency unit) - «Барклейз банк интернешл» банкінің халықаралық ақша бірілігі, Fed Wire - федералды резервті банктердің электронды байланыс жүйесі. (АҚШ)
Достарыңызбен бөлісу: |