Тақырып 7.5 Шетелдік интервенция және азамат соғысы кезіндегі қазақ өлкесі.
ЖОСПАР:
1. Шетелдік интервенция және азамат соғысы. Қазақ өлкесіндегі майдандар, “Әскери коммунизм саясаты”.
2. Жер мен өнеркәсіп кәсіп орындарын мемлекеттік меншікке алу.
Қазақстан азамат соғысы жылдарында — жұмысшы-шаруа Кеңестерінің орталықтағы және жергілікті жерлердегі билікті басып алуы алғашқы күннен-ақ құлатылған таптардың қарулы қарсылығын туғызды. Азамат соғысы билік үшін күрестің жалғасы болып шықты, сондықтан 1917 жылғы Қазан қарулы көтерілісі мен Азамат соғысының арасында айқын шек болмады. Ел 1917 жылғы 25 казаннан бастап Азамат соғысы жағдайында өмір сүрді немесе бұл дата елді таптық белгісі бойынша бір-біріне жау екі лагерьге бөліп тастады, арадағы күрес бітіспес қанды қырғынға ұласты.
Қазақстанда Азамат соғысы ошақтарының бірі Орынбор губерниясы мен Торғай Облысының әкімшілік орталығы Орынборда — қазақ атаманы Дутовтың 1917 жылы қарашаның аяғында Кеңес өкіметін құлатып, Кеңестердің II Бүкілресейлік съезінің делегаты С. Цвиллинг бастаған революциялық комитетті тұтқындауымен пайда болды. Жоғарыда айтылғандай, 1917 жылы 5—13 желтоқсанда Орынборда «Алаш» партиясының II Бүкілқазақ съезі болып өтті. Съезде Уақытша халықтық кеңес — «Алашорда» (Алаш автономиясы үкіметі) құрылды. Азамат соғысы басталысымен Алашорда бастаған және Кеңестер мен большевиктерді қолдаған екі жақ бір-біріне қарсы тұрды.
Кеңеске қарсы күштер Орынбордан басқа Жетісу мен да топтасты. Бұл аймақта антикеңестік күштердің әлеуметтік базасын Жетісу мен Оралдағы қазақ әскерлері, көпестер мен саудагерлер құрады. Кеңес өкіметіне жергілікті алашордашылар да қарсы шықты.
Ақ гвардияшылар коммунистерді, белсенді кеңес қызметкерлері мен оларды жақтаушыларды қатаң жазалады. Мәселен, К. Сүтішев, И. Дубынин, П. Калюжная, Г. Ыдырысов, К. Шұғаев, И. Салов және т.б. көптеген адамдар қаза тапты. Өскемен Кеңесінің басшысы Яков Ушановты кеменің оттығына тірідей жағып жіберді.
Жазында Орал, Ақмола, Семей және Торғай облысының басым бөлігін ақ гвардияшылар толықтай дерлік басып алды. Семей облысы жағынан Жетісудың солтүстігіне қарай бұзып-жарып өтіп, 21 шілдеде Сергиопольді қолдарына қаратты. Оларды станицалардағы бүлікші қазақтар қолдады.
22 шілдеде Жетісу облысы атқару комитетінің қаулысымен Жетісу майданы әскерлерінің штабы құрылды. Алайда облыстың біріккен қарулы күштері ақ гвардияшыларға соққы бере алмады. Қызыл гвардия отряды командир И. Мамонтовтын қайтыс болуына байланысты Абакумов станицасына қарай шегінуге мәжбүр болды. Қоныс аударушы шаруалардың үлкен тобы Черкасск селосында қорғаныс шарасын ұйымдастырды. Бұл «Черкасск қорғанысы» деп аталды.
1918 жылы жазда Кеңес өкіметі Қазақстанда Жетісудың басым бөлігінде, Сырдария облысында, Торғай облысынын оңтүстік өңірлерінде және Бөкей Ордасының бірқатар аумағында ғана сақталып қалды.
Азамат соғысы жағдайында барлық материалдық ресурстарды, бірінші кезекте азық-түлікті майдан қажетіне жұмылдыру халықтың әр түрлі топтары арасында азық-түлікті тұтынудың жаңа әдісін енгізу қажеттігі туындады. Бұл күрделі міндетті шешу үшін Кеңес үкіметі Азамат соғысы басталысымен «әскери коммунизм» саясаты деп аталатын экономика саласында төтенше шаралардын тұтас жүйесін енгізді. «Әскери коммунизм» саясаты өндіріс пен бөлуді орталықтандырудың мемлекет қолына елдің қорғаныс мүдделеріне сай азық-түлік пен шикізат, өнеркәсіп өнімдерін т.б. ресурстарды шоғырландыру мен тиімді пайдалануды көздеді. Ірі кәсіпорындармен қатар орта, тіпті ұсақ кәсіпорындар да национализациялануы, астық монополиясы мен азық-түлік салғырты және жалпыға бірдей еңбек міндеткерлігі енгізілуі тиіс болды.
«Әскери коммунизм» саясатының негізгі мәні азық-түлікті жоспарлы түрде болу болып табылды. Кеңес өкіметі В.И. Лениннің айтуы бойынша «шаруалардың өңдірген өнімінің өздерінін күнкөрістеріне жететін шағын бөлігінен басқасының бәрін армия мен өнеркәсіптің мұқтажы үшін мәжбүрлеу жолымен». алуға тиіс болды. Азық-түлік салғырты шаруалардан «артық өнімді» тартып алу үшін қарулы азық-түлік отрядтары мен армияға артықша құқық берді.
Әскери коммунизм саясаты. «Әскери коммунизм» саясаты РКФСР-дағы нысанда, дәл сондай ауқымда жүргізілмегенмен, оның жекелеген элементтері Қазақстанда да іске асырылды. Қазақстанның революция орталығынан алыс жатқандығы, өлкенің едәуір аумағында жүріп жатқан әскери қимылдардан шаруашылықтың құлдырауы, жекелеген уездер мен облыстардағы шаруашылық-экономикалық дамудың өзіне тән ерекшелігі және басқа факторлар өлкеде азық-түлік салғыртын енгізуге мүмкіндік бермеді. Бұл саясатты толықтай жүзеге асыру негізгі астықты өңірлерді «ақтардан» азат еткеннен кейін, яғни 1920 жылдың басында ғана мүмкін болды.
Бұл екі арада Азамат соғысы елде кеңінен қанат жая түсті. Қазақстанмен шектесетін аумақтарда бірқатар аймақтық кеңеске қарсы үкіметтер пайда болды.
Антанта елдері қолдаған чехословак корпусының көмегімен Самарада әсер-ақгвардияшылар үкіметі - Құрылтай жиналысы комитеті (Комуч), Омбыда адмирал Колчак баскарған Уақытша Сібір үкіметі құрылды. 1918 жылы 18 қаңтарда Орынбордан куылған атаман Дутов Кенестерге қарсы қайта шабуылға шықты, 1918 жылы 3 шілдеде Орынборды басып алып, Кеңестік Түркістанды Орталық Ресейден бөліп тастады.
Қазақстанның көптетен өңірлерінде Азамат соғысының етек жайып, Кеңес өкіметін құлату жағдайларында Алашорда (Алаш автономиясының үкіметі) Кеңестерге қарсы бірігіп күресу үшін Орынборда атаман Дутовпен одақ құрды. Омбыдағы Уақытша Сібір үкіметімен және Самарадағы Құрылтай жиналысы комитетімен (Комуч) тығыз байланыс орнатты, Кеңестерге қарсы бірлесе күрес жүргізу мақсатымен Орал, Сібір және Жетісу қазақтарымен байланысын нығайта түсті.
Азамат соғысының барысы саяси шешімдерді қарулы күштердің қимылымен бекітіп отырмаса, олар сөз жүзінде қала беретіндігін көрсетті. II Бүкілқазақ съезінің шешіміне сәйкес Алаш басшылығы жалпы саяси мәселелер — Құрылтай жиналысы мен ұлттық автономия мәселесін жүзеге асырумен қатар, аймақтық үкіметтермен байланыс орнату үшін тездетіп ұлттық қарулы күштерді құруы тиіс болды.
1918 жылы маусымда Алашорда үкіметі жергілікті жерлерде нақты билікке қол жеткізу үшін біркатар декреттер қабылдады, соған сәйкес Алаш автономиясының аумағында Кеңес өкіметі шығарған барлық құжаттар мен заң актілері жарамсыз деп танылды. Алашорданың жанынан «большевиктермен күресу үшін жігіттерді әскерге шақыру» міндетін орындайтын «әскери министрліктің қызметін» атқаратын үш адамнан тұратын әскери кеңес құрылды.
1918 жылғы 24 маусымдағы заң актісімен «Алаш аумағында 1917 жылы 17 маусымда Уақытша үкіметтің қаулысымен енгізіліп, оны Кеңес өкіметі жойып жіберген земстволық мекемелер қайта қалпына келтірілді». Сонымен бірге Алаш автономиясы барлық әдіс-амалдармен жаңа құрылған Ресей үкіметтерінен II Бүкілқазақ съезі шешімінің негізінде қазақ автономиясын мойындауларына бар күшін салды. Әр түрлі үкіметтермен (Құрылтай жиналысының комитеті, Сібір облыстық думасы, Уақытша Сібір үкіметі және т.б.), Ресейдің бірқатар саяси партияларының көсемдерімен келіссөздер жүргізе отырып, Ә. Бөкейханов бастаған Алашорда басшылары қандай жағдай болса да қазақ халқына ұлттық мемлекеттілік құру мүмкіндігін күн тәртібіне қойды.
Қазақ Ұлттық автономиясын құру туралы II Бүкілқазақ съезінің шешімін жүзеге асыруға кіріскен Ә. Н. Бөкейханов бірден кезек күттірмейтін бірқатар маңызды мәселелерді қарастырды. Қазақстанның батысында, солтүстігінде, шығысында саяси жағдай әр түрлі еді. Алаш қайраткерлерінің басқа саяси күштерге қатынасы да түрліше қалыптасты. Бөкейханов пен онын айналасындағылар бұл жағдайларды толықтай есепке алды. Семейде Кеңес өкіметі құласымен осында келген Ә.Н. Бөкейханов жаңа жағдайда қимыл жасау тактикасы туралы нұсқау берді. Облыстар мен уездердегі өз әріптестеріне тапсырыс берген нұсқауларының мәтіні Алаш көсемінің мәселеге әр қырынан келгендігін көрсетеді. Мәселен, Орынбордағы Торғай облыстық Алаш комитетінің басшысы Сейітқазым Қадырбаевқа жіберілген жеделхатта былай делінеді: «24 маусымда Алашорда өз жұмысына кірісті. II Бүкілқазақ съезінің шешімдерін жүзеге асыратын болады. Башқұрт және Сібір автономияларына туысқан автономиялар ретінде қараймыз. Большевиктерді тарату ісінде олармен одақтаспыз. Басқа облыстарда да тізе қоса отырып жұмыс істейміз. Торғайда Алашорданың облыстық бөлімін, уездерде уездік бөлімдерін ашуға кірісіңіздер. Олардың мүшелері земстволық мекемелерден құралсын. Уездік бөлімдер 3—5 адамнан тұрады, олардың біреуі қазақ милициясына қатысты істерді жүргізеді. Екіншісі ақша қаражатын жинаумен айналысады. Земство белгілі бір уақытка дейін сақталады. Земство ісіне Алашорда араласпайды.
Алашорда саясат және мәдениет саласындағы қазаққа қатысты істерді жүргізеді. Қазақ халқы үшін Алашордадан басқа өкімет жоқ. Әр болыстан халық милициясын құру үшін дереу 30 жігіттен жинаңыздар. Қару-жарақ, киім-кешекпен қамтамасыз ету, офицерлерді оқыту мәселелері бойынша Дутовпен сөйлесіңіздер. Ақмола мен Семей облыстарында жігіттер жиналып жатыр. Семейлік жігіттер Алтай губерниясындағы ұрыстан жеңіспен оралды... Дутовпен және Ахмед-Закимен (Валидимен) байланысыңыздар, Түркістанды большевиктерден азат ету үшін қолдан келген барлық мүмкіндікті пайдаланыңыздар. Бұл мәселеде Алашорда Дутовпен және Ахмед-Закимен бірдесе әрекет етеді.
Әлімхан (Ермеков. — авт.), Ахмет (Байтұрсынов. — авт.) және Мырзағазы (Есболов. — авт.) Омбыдағы Сібір үкіметімен келіссөз жүргізуде. Большевиктер құйыршықтарына ешқандай аяушылық болмасын! Алашорда төрағасы Әлихан (Бөкейханов)».
Алаштың Орал облыстық комитетінің басшылығына Ә. Бөкейханов қосымша мынадай ұсыныс жасады:«... он жетінші, он сегізінші жылдардың салығын жинауға дереу кірісіңіздер, атты милицияға адам тартыңыздар, бірінші кезекте еріктілерді алыңыздар... милиция құрамын жасақтау жеделхатты алған күннен бастап үш апта ішінде аяқталуға тиіс». Омбы, Зайсан, Өскемен, Көкпекті, Қарқаралы, Павлодар, петропавл, Көкшетау, Ақмола, Атбасар, Баянауылдағы Алаш комитеттеріне келетін болсақ, олар мұнымен қоса қазақ халқынын өкілі міндетін мойнына алып, «Сібірлік уақытша үкіметтің жергілікті өкілдерімен» тығыз байланыста жұмыс істеуі керек.
Алайда ұлттық автономия идеясы большевиктер тарапынан кеңестік тұғырнама мен таптық принцип тұрғысында ғана қолдау тапты. Басқа саяси күштердің бәрі бұл идеяның шешімін Бүкілресейлік Құрылтай жиналысының еркімен байланыстырды.
Тақырып бойынша сұрақтар:
1. Алаш өкілдерін Кеңес өкіметі жағына шығаруға итермелеген жағдай?
2. 1918 жылы 3 шілдеде қандай жағдай болды?
3. «Алаш» партиясының II Бүкілқазақ съезі қашан өтті?
Достарыңызбен бөлісу: |