Тақырыбы: «Ата-аналармен жұмысты ұйымдастырудың
дәстүрден тыс түрі»
Болашақ ұрпақ тәрбиесін іске асырып отырған кезкелген мекеме үшін отбасымен жұмысты тиісті дәрежеде ұйымдастырудың маңызы өте зор. Себебі, отбасы баланың түпкі тамыры, болмысын қалайтын мекен. Отбасымен жұмыс мүмкін педагогтардың жүргізетін жұмыстарының ең қызықты бір бағыты шығар. Бір жағынан, бұл жұмыс аса бір шеберлікті, құпиялықты, мәдениетті, білімді, тәжірибені қажет ететін жұмыстардың бірі. Өйткені, отбасымен жұмыс жүргізген кезде түрлі адамдармен, түрлі түсініктермен, түрлі мінез-құлықтармен, түрлі қиыншылықтармен қарама-қарсы кездесесің. Осының барлығынан педагогтық абыройыңа кір келтірмей шығу үлкен өнерді қажет етеді. Сол себептен білім беру мекемесінде отбасымен жүргізілетін жұмыстарды әдістемелік жағынан орынды ұйымдастырудың маңызы өте зор. Отбасымен жүргізілетін жұмысты әдістемелік дұрыс ұйымдастыру дегеніміз не ? Бұл - мекеме ішінде отбасымен жүргізілетін жұмыстарды педагогикалық қағидаларға сәйкес, баланы жан-жақты дамытуға негізделген, бала құқығын сақтауға және қорғауға бағдарланған түрде ұйымдастыру. Отбасымен жүргізілетін жұмыстарды әдістемелік жағынан белгілі бір ретпен, жүйелі түрде ұйымдастыру жүргізілген жұмыстың нәтижесіне әсер етеді. Бірнеше жылдар көлемінде біздің №15 «Әсел» мектеп-бақшасында отбасымен жұмысқа аса терең мән беріліп келеді. Әсіресе бұл жұмыс «Тәй-тәй» технологиясымен эксперименттік жұмыстарды бастаған уақыттан алға баса бастады. Себебі, «Тәй-тәй» технологиясының басты шарттарының бірі – оқу-тәрбие үдерісіне отбасын белсенді араластыру болып табылады. Осының негізінде мекемеде жұмыстың жаңа түрлері жарық көрді. Бұл жұмыстар алдыңғы уақытта жүргізілетін жұмыстарға ұқсамайтын және жаңашыл бағытта болды. Яғни оның негізінде отбасымен ашық қарым-қатынас жатты. Бүгінгі таңда сол жұмыстар заманның талабына сай, бала мен отбасының қажеттігіне сай өзгертіліп, әртараптандырылып отырылуда. Бірнеше жылғы іс-тәжірибе мекемемізде отбасымен жүргізілетін жұмыстардың белгілі бір тұрақтылығы мен заңдылығының қалыптасуына әкелді. Біздің Көкшетау қаласындағы №15 «Әсел» мектеп-бақшасында бұл жұмыс төмендегідей бағыттарда жүзеге асырылады:
1. Мекеме ішінде отбасымен жүргізілетін жұмыстардың жоспарын құру
2. Педагогтарды отбасымен жұмыс жүргізу шеберлігіне дайындау
3. Отбасымен жүргізілетін жұмыстардың жаңа бағыттарын үздіксіз игеру.
Мекеме ішінде отбасымен жүргізілетін жұмыс жоспарының мақсаты – отбасымен қарым-қатынастың тиімді, оңтайлы түрлері арқылы отбасын мекеме жұмысына белсендіре араластыру, бала тәрбиесіне деген қызығушылықтарын арттыру болып табылады. Осыған байланысты жылдық жоспарда мынадай жұмыс түрлері жоспарланады:
· Ата-аналарды балабақшамен таныстыру (презентация);
· Ата-аналарға арналған ашық сабақтар;
· Ата-аналарға арналған педагогикалық кеңестер (оқу жылында 1 кеңесті арнауға болады);
· Педагогикалық әңгімелер
· Тақырыптық кеңестер (әр топта оқу жылында 3-4 рет және осынша жалпы түрде);
· Жиналыстар (оқу жылында 3-4 рет);
· «Дөңгелек үстелдер» (дәстүрден тыс түрде ата-аналармен өзекті тақырыптар төңірегінде әңгімелесу);
· Ата-аналарға арналған конференция (ата-аналар, шектеулі мамандар, тәрбиешілер өмірлік жағдаяттарды моделдейді, тақырыптар аналарға арналған «Анам жайлы әңмелесейікші», әкелерге арналған «Мен үшін ең қымбат жан» т.с.с.);
· Ата-аналардың педагогикалық және психологиялық сауаттылығын қамтамасыз ету;
· Көрнекі насихаттық жұмыстар.
Балабақшамен таныстыру жұмысы – жылына 1 рет оқу жылының басында жүргізіледі. Бұл жұмыстың негізгі мақсаты ата-аналарды балалардың білім алу және тәрбиелену ортасымен таныстыру болып табылады. Яғни, отбасын балалар өмір сүріп отырған ортаның материалдық-техникалық базасымен және осы ортаның оқу-әдістемелік қамтамасыздану дәрежесімен, педагогикалық ұжыммен, мамандармен таныстыру және осы арқылы олардың оң көзқарастарын қалыптастыру, достық қарым-қатынас құру.
Ата-аналарға арналған ашық сабақтар – отбасына баланың белсенділігін, даму деңгейін ғана көрсетіп қоймайды, сонымен қатар топ ішінде сабақтардың ұйымдастырылу ерекшеліктерімен де таныстырады. Сондай-ақ балабақшада балалар тек ойын әрекетімен айналысады деген жансақ ойлардан сақтайды.
Ата-аналарға арналған педагогикалық кеңестер – оқу жылында 1 рет болуы мүмкін. Бұл кеңесті әсіресе оқу жылының басында өткізген ыңғайлы. Көбіне бұл бала тәрбиесінде кездесетін өзекті мәселелерге арналады.
Педагогикалық әңгімелер – отбасына баланы таңертең әкелгенде және кешке әкеткенде тәрбиешінің ата-анамен әңгімелесуінен бастау алады, тәрбиеші оларға бала тәрбиесіне қатысты бағдар көрсетеді, өз ойын айтып, ата-ана ойын тыңдайды. Бұл әңгімені жалпылай да өткізуге болады.
Тақырыптық кеңестер – белгілі бір тақырыпқа байланысты болуы мүмкін. Бұл кеңестерді тәрбиеші, дәрігер, шектеулі мамандар бере алады. Тақырыптар жиі кездесетін сұрақтар төңірегінде таңдалады.
Жиналыстар – оқу жылында бірнеше рет ұйымдастырылады. Баланың жетістіктері жайында ата-аналарға ақпараттар беріліп, топтың түрлі мәселелері шешіледі.
Дөңгелек үстелдер – еркін түрде ұйымдастырылып, еркін ашық әңгімелесуге бағытталған. Бұл ата-аналардың ашылып әңгімелесулеріне мүмкіндік береді. Тақырыптар тәрбиешінің қалауымен немесе ата-аналардың сұранысымен таңдалуы мүмкін.
Конференция – түрлі жағдаяттарды моделдеу арқылы ата-аналарға балабақшаның тыныс-тіршілігін таныстыруға мүмкіндік туады.
Ата-аналардың педагогикалық және психологиялық сауаттылығын қамтамасыз ету – бұл ата-аналарға бала дамуындағы ерекшеліктер туралы кәсіби кеңестер беру. Арнайы педагогикалық немесе медециналық мамандықтары жоқ ата-аналар кей кездері қиыншылықтармен, түсініспеушіліктермен кездесіп қалуы әбден мүмкін. Осыған байланысты мұндай кеңестердің маңызы өте зор.
Көрнекі-насихаттық жұмыстар - бәрімізге таныс хабарландыру, дәрігер бұрышы, мәзір т.с.с. ұқсас, күнделікті бағыттармен ғана шектелмеуі керек. Көрнекі ақпараттар ата-аналарға өте жақсы әсер етеді. Сол себептен бұл жұмыс түріне аса бір шығармашылықпен қарған жөн. Осыған орай мынадай қызықты жұмыстарды жүргізуге болды:
«Біз кішкентай болғанда» - ата-аналардың өз балаларының кішірек кезі жайындағы қысқаша әңгімелері.
«Мен үйренген нәрсе» - әр баланың жетістігі туралы тәрбиеші тарапынан жасалатын ақпарат.
«Бала тілімен» - балалардың тосын айтқан қызықты әңгімелері.
«Мен не туралы ойлаймын» - баланың қандайда бір адамға байланысты, құбылысқа байланысты айтқан қызықты ойларының жазбасы.
«Өзім жайлы» - әр бала туралы қысқаша таныстыру ақпараты. Бұл парақтар топқа әкелетін дәліз бойымен қабырғаға ілінуі немесе топтық қабылдау бөлмесінің қабырғасына ілінуі мүмкін.
«Эстафеталық кітапша» - ата-аналар бала тәрбиесінде кездесіп жүрген қиыншылықтарымен бөлісетін арнайы кітапша. Бұл сұрақтарға ата-аналар да, тәрбиешілер де өз ойларын жазып білдірулері мүмкін. Жұмыстың бұл түрі отбасымен тығыз қарым-қатынас жасауға, достық қарым-қатынас жасауға мүмкіндік береді.
Педагогтарды отбасымен жұмыс жүргізу шеберлігіне дайындаудың мақсаты – оларды ата-аналармен және отбасы мүшелерімен мәдени қарым-қатынас жасауға үйрету. Аталған бағыт бойынша мекемеде төмендегідей жұмыс түрлері жүргізіледі:
· Топ ішінде отбасымен жүргізілетін жұмыстардың жоспарын құру бойынша әдістемелік көмек көрсету және осы жұмыстарды қадағалау;
· Отбасымен жүргізілетін жұмыстардың барлығын салауатты рәсімдеуді қамтамасыз ету;
· Отбасы мүшелірімен қарым-қатынас жасау мәдениеті бойынша психолог тарапынан кеңестер беру және осы жұмыстың орындалуын қадағалау;
· Педагогтардың ата-аналар мен мекеме арасында жасалатын келісім-шарттың мазмұнын нақты білулерін қамтамасыз ету;
· Ата-аналармен болуы мүмкін келеңсіздіктердің алдын алу жұмыстары;
· Бала құқығын қорғау конвенциясының мазмұнын меңгерулерін қамтамасыз ету;
· Отбасымен жүргізілетін жұмыстардың мониторингін жүргізу.
Отбасымен жүргізілетін жұмыстардың жаңа бағыттарын игерудің мақсаты – отбасымен қарым-қатынасты жақсартуға мүмкіндік беретін тиімді әдіс-тәсілдерді ендіру, тәжірибеде қолдану.
· Білім кеңістігінде пайда болған отбасымен қарым-қатынастың жаңа формаларын игеру, озық тәжірибелерді ендіру;
· Ата-аналардың белсенділіктерін арттыруға мүмкіндік беретін дәстүрден тыс қарым-қатынас түрлерін тәжірибеде қолдану (сайыстар, рингтер, дөңгелек үстелдер, диспуттар, пікірталастар т.с.с.);
· Отбасымен жүргізілетін жұмыстар бойынша өзінің жаңа авторлық жобасын ұсынған педагогтарға қолдау көрсету.
Жоғарыда аталған жұмыстардың барлығы бүгінгі күні біздің мекемемізде кеңінен қолдануда. Әрине, бүгінгі таңда бұл жұмыстар өз нәтижелерін беруде. Дегенмен, отбасымен жүргізілетін жұмыстар үздіксіз өзгерістерді қажет етеді. Себебі, бүгінгі күннің ата-аналары жаңа заманның, озық технологиялардың адамдары. Осыдан бірнеше жыл бұрыңғы ата-аналар үшін балаларының уақытылы тамақтанылуы, қаралуы ғана маңызды болса, бүгінгі ата-аналар үшін аталған шарттармен қатар баланың сапалы білім мен саналы тәрбиемен қамтамасыз етілуі де аса маңызды. Сондықтан ата-аналар қауымын мекеме жұмысымен таныстырудың бірден бір жолы оларды мекеме жұмысына, яғни бала тәрбиесіне белсендіре араластыру болып табылады. Ал ол үшін ата-аналарды мекемеде жасалып жатқан жұмыстарға қызықтыра білу керек.
Достарыңызбен бөлісу: |