Дамуында мүмкіндіктері шектеулі балаларға инклюзивті (кіріктіре) білім беруді ұйымдастыру бойынша әдістемелік ұсынымдар
(Қазақстан Республикасы Білім және ғылым Министрлігінің
2009 жылғы наурыздың 16-ндағы № 4-02-4/450 хаты)
1. Жалпы ережелер
1. Осы ұсынымдар мүмкіндіктері шектеулі балаларды оқытуды жүзеге асыратын меншік түріне қарамастан жалпы білім беру мектептерінде дамуында мүмкіндіктері шектеулі балаларға инклюзивті (кіріктіре) білім беруді ұйымдастыруды қарастырады.
2. Кіріктіре (инклюзивті) білім берудің негізгі мақсаты ретінде дамуында мүмкіндіктері шектеулі балалардың танымдық мүмкіндіктері мен қабілеттеріне қарай тұрғылықты жері бойынша білім алуға, әлеуметтік бейімделуге және қоғамға кірігуіне құқығын жүзеге асыру, отбасының баласын тәрбиелеу мен дамытуында рөлін көтеру болып табылады.
3. Мүмкіндіктері шектеулі балаларды жалпы білім беру мектебіне қабылдау ата-аналардың немесе заңды өкілдердің жазбаша өтініші негізінде психологиялық-медициналық-педагогикалық кеңестің (бұдан ары – ПМПК) оқыту формасы көрсетілген қорытындысы негізінде жүзеге асырылады.
4. Ата-аналардың (өзге де заңды өкілдердің) мүдделерін ескере отыра мүмкіндіктері шектеулі балалардың саны жеткілікті болған жағдайда білім беру органдарының келісімі бойынша төмендегідей сыныптар ашылуы мүмкін:
дамуында мүмкіндіктері шектеулі балаларды толықтай кіріктіре оқытуды жүзеге асыратын кіріктіре білім беру сыныптары. Бұндай сыныптардың біреуінде мүмкіндіктері шектеулі үш баладан артық емес оқушы болуы мүмкін;
дамуында мүмкіндіктері шектеулі балаларды жалпы білім беру үдерісіне жартылай кіріктіруді жүзеге асыратын арнайы (түзету) сыныптары (бұдан ары – арнайы сыныптар).
5. Арнайы сыныптар бұзылыс түріне қарай жіктеліп, төмендегідей толымдылыққа ие: естімейтін балаларға арналған – 8 баладан артық емес;
нашар еститін және кейіннен естімей қалған балаларға арналған – 10 баладан артық емес;
көрмейтін балаларға арналған – 8 баладан артық емес;
нашар көретін және кейіннен көрмей қалған балаларға арналған – 12 баладан артық емес;
сөйлеу тілінде ауыр бұзылыстары бар балаларға арналған – 12 баладан артық емес;
тірек-қимыл аппаратында бұзылыстары бар балаларға арналған – 12 баладан артық емес;
эмоционалды-ерік саласында бұзылыстары (ерте жастағы аутизм) бар балаларға арналған – 6 баладан артық емес;
психикалық дамуы тежелген балаларға арналған, оның ішінде түзете-дамыту сыныптарында оқыту бар – 12 баладан артық емес;
зердесінің дамуында жеңіл түрдегі бұзылыстары бар балаларға арналған – 12 баладан артық емес;
зердесінің дамуында орташа түрдегі бұзылыстары бар балаларға арналған – 10 баладан артық емес.
6. Арнайы сыныптар ПМПК-тің сәйкес келетін қорытындысы бар балалардың саны жеткілікті болғанда ашылуы мүмкін. Арнайы сыныпты ашуға балалардың саны жеткіліксіз болған жағдайда дамуында мүмкіндіктері шектеулі балаларды кіріктіре білім беру сыныбында оқыту үшін жағдайлар жасалу керек.
7. Психикалық дамуы тежелген балаларға арналған арнайы сыныптар (түзете-дамыту сыныптары) бастауыш білім беру деңгейінде оқытудың бірінші және екінші жылдары ашылып, негізгі орта білім беру аяқталғанша жүзеге асады. Кейбір жағдайларда аталған сыныптар негізгі орта білім беру деңгейінде, бірақ 5-6 сыныптардан кеш емес уақытта ашылады.
8. Дамудың жақсы динамикасы және оқу бағдарламасын табысты меңгеру жағдайында дамуындағы кешеуілдеулерді жеңген және оқу әрекетінің керек дағдыларын меңгерген оқушылар оқытудың кез келген кезеңінде ПМПК-тің шешімі бойынша оқушылардың өзінің және ата-аналарының (өзге де заңды өкілдерінің) келісімімен жалпы сыныптарға ауыстырылуы мүмкін.
Достарыңызбен бөлісу: |