«Тас өңдеу өнерімен байланысты қалыптасқан кәсіби фразеологизмдер»
Тас қашау ісі тәрізді еңбек түрі жеке кәсіп ретінде тарихшы, этнографтар негізінде тек соңғы жылдарда ғана арнайы зерттеле бастады.
Қазақ даласындағы тас ескерткіштер ерте кездерден-ақ саяхатшылардың, әскери адамдардың, зерттеушілердің назарын аударған.
Қазақ тіліндегі бірсыпыра фразеологизмдердің шығу негізі тас өңдеу өнерімен байланысты қалыптасқандығы анықталды.
Атап айтқанда, «ұқсас, бір-бірінен айнымайды» деген мағынада жұмсалатын бір қалыпқа құйғандай//бір қалыптан шыққандай, «өте семіз» (түйе туралы) ұғымында қолданылатын жоны астаудай, қомы астаудай, «ірі денелі дөңкиген» мағынасында айтылатын төңкерілген астаудай, «шаруаға пысық болды, бәрін тындырды» дегенді аңғартатын диірмендей дөңгелетті, «біреуді, жұртты өзіне қаратты, игеріп алды» дегенді білдіретін ұршықтай иірді, «атын өшірмеді», «қадір-қасиетіне жетті, үмітін ақтады» деген мағынада қолданылатын басына ақ тас қойды, басына құлпытас қойды, басына көк тас қойды т.б. фразеологизмдеріне этнолингвистикалық талдау жасалады.
«Ағаш өңдеу өнерімен байланысты қалыптасқан кәсіби фразеологизмдер»
Бұл тараушада ағаш өңдеуді кәсіп еткен шеберлердің өндіретін бұйымдарына қарай үйші, ерші, арбашы, ұста (ағаш ұстасы) тәрізді мамандықтарға бөлінетіні, бұлардың әрқайсысы жеке-жеке өнер түріне айналғандығы, күнделікті тұрмыста ағаштан жасалған бұйымдардың өте көп болғандығы этнографиялық деректер негізінде баяндалып, киіз үйдің құрамдас бөліктерімен, жасау-жиһаздармен, тұрмыстық бұйымдармен, күш-көлік құралдарымен, музыкалық аспаптармен байланысты қалыптасқан фразеологизмдерге сипаттама беріледі. Мұндай фразеологизмдерге ұйтқы болған тірек компонент ретінде бірде материал атаулары, бірде өңдеу тәсілдерінің атаулары, кейде зат бөлшектерінің т.б. атаулары қолданылғанмен, олардың этномәдени негізі жағынан белгілі бір өнер, кәсіп түріне байланысты қалыптасқандығы анықталады.
Киіз үй мен оның құрамдас бөліктеріне байланысты қалыптасқан фразеологизмдерді былайша жіктеп көрсетуге болады:
Үйге қатысты фразеологизмдер: қалайылаған қасты орданың сырығы.– аса қадірлі, қымбатты, ел-жұрты бағалаған азамат. Бұл фразеологизм білдіретін мағынасы жағынан алтын ердің қасы еді ( Тайманның ұлы Исатай Ағайынның басы еді, Алтын ердің қасы еді — М.Өтемісұлы) фразасына жақын. Аталған фразеологизмді ХҮ ғасырда өмір сүрген Сүйінішұлы Қазтуған жыраудың мұрасынан кездестіреміз: «Сөйлесе қызыл тілдің шешені, Ұстаса Қашағанның ұзын құрығы, Қалайылаған қасты орданың сырығы» (Бес ғасыр жырлайды, 1 – том. Алматы:Жазушы, 1989, 28-б.).
Асыл тас өңдеумен (зергерлік өнер) байланысты қалыптасқан фразеологизмдер
Алтын мен күмістен сәндік бұйымдар мен әшекей заттарын жасайтын шеберді халық зергер деп атаған. Зергерлік шеберліктің шыңына жеткен өнер болып саналады. Кейбір зергерлер қолөнерінің бірнеше саласын қатар меңгерген. Этнографиялық еңбектерде зергерлердің әшекей бұйымдардан басқа ер-тұрман, жиһаз, музыка аспаптары мен ыдыс-аяқтарды, қару-жарақтарды әшекейлеумен бірге оларды бастан-аяқ өздері жасайтындығы атап көрсетілді. Басқаша айтқанда зергерлер ағашпен, таспен, темірмен, сүйекпен, тері өнімдерімен жұмыс істей білген әмбебеп өнер иелері болған.
Зергерлер тілінде материалдардың сапасына, өңделуіне байланысты көпшілік біле бермейтін көптеген атаулар пайда болған. Мәселен, бір ғана алтынның «таза алтын» деген ұғымда ши алтын, шым алтын, шымқай алтын, шора алтын, ұрғашы алтын, қарқ алтын, айырған алтын, сап алтын, сары алтын, қызыл алтын, тайтұяқ алтын, құйма алтын тәрізді 20-астам атауы, ал күмістің әртүрлі сапа-белгісін білдіретін жамбы, ақ жамбы, асық жамбы, жал күміс, балшабай күміс, нақыра күміс, құйма күміс, ұрғашы күміс (таза күміс) т.б. тәрізді 10 – нан астам атауы кездеседі.
Темір өңдеумен (ұсталық өнерге) байланысты қалыптасқан фразеологизмдер
Қазақ қолөнерінің белгілі бір түрімен немесе бірнеше түрімен қатар айналысқан шеберлерді ұста деп атай берген. Ұсталар, негізінде, ағашпен, темірмен, ішінара таспен жұмыс істеген. Соған байланысты ел ішінде оларды ағаш ұстасы, темір ұстасы деп атаған. Темір өңдеп, зат жасайтын шеберлерді қара ұста, ал, алтын-күміспен, асыл тастармен жұмыс істейтін шеберлерді ақ ұста деп ажыратып айту да болған.
Ұсталық кәсібіне байланысты атаулардың қатысуымен қалыптасқан фразеологизмдер: аузын айға біледі – тісін қайрады, өшікті (білеу — 1) зат жүзін өткірлейтін сопақ, қайрақ тас; 2) өткірлеу, қайрау; ай балтаның сабындай – жұп жұмыр ( ай балта – қару-жарақ аты); айтылған сөз атылған оқпен тең – тауып айтқан уәж өңменіңнен өтеді, қайтып алуға болмайды; ақ семсер – сапы мен қанжардан ірі екі жүзді қару (мұның түсі ақ емес); аузы қысқаш – тілі өткір; иегінен тағалы ат тайып жығылады – сақалы жоқ, көсе (таға – ат тайғанамау үшін тұяғына қағылатын темір зат). Бес аспап – қолынан бәрі келетін шебер; бес аспабы сайлаулы – бар қаруы дайын, жау- жарағы әзір. Дем берді – демеді, сүйемелдеді (дем беру – ұсталық кәсібінде көріктің аузына дем беру, отты үрлеу); дүкен құрды - әңгімелесті (дүкен — шеберхана) т.б.
Мал шаруашылығына байланысты қалыптасқан фразеологизмдер
Қазақ халқының ұлттық ерекшелігі мен болмысын танытатын қазақ тілінің сүбелі қабаттарының бірі – төрт түлік мал атауларына қатысты фразеологизмдер деуге болады.
Негізгі өмірі мал шаруашылығымен тікелей байланысты болған қазақ халқы үшін төрт түлік малдың орны ерекше. Қазақта түйе, жылқы, қой, сиыр малын қосып төрт түлік деп атайды. Қазақ тіліндегі фразеологизмдер төрт түлік малдың сыртқы пішіні, мінез-құлқы, әдеттеріне сәйкес адамның ерекшеліктерімен бейнелі салыстыру, қатар қою негізінде пайда болған. Соның ішінде түйе малына қатысты фразеологизмдер адамның әртүрлі көңіл-күйін, мінезін, әлеуметтік және саяси қатынастарын және т.б. қасиеттерін білдіреді. Мысалы, уақытты, көлемді, салмақты, биіктікті т.б. анықтау негізінде туындаған тұрақты тіркестер: түйенің табаны түсер жер – Мекке қажылыққа барар өте алыс жер; адамның мінезіне, психологиясы мен іс-әрекеттеріне байланысты туындаған тұрақты тіркестер: түйе үстінен сирақ үйіту, түйе шешкендей ету, боз інгендей боздау т.б. Түйе ежелден киелі мал саналған, пірі – Ойсылқара делінеді.
Түйе, атан, бура, аруана, інген, тайлақ, бота, нарға байланысты қазақ тілінде фразеологизмдер көптеп кездеседі. Мысалы, нар атандай, нар еді, мұрнын тескен тайлақтай, елпеңдеу, қаңтардағы бурадай тісін қайрау, нар бурадай шабынды, жаңа аяқтанған ботадай, бота тірсек, шоқ басқан тайлақтай т.б. Боталаған нардай зарлады – еміренді, мейірімі түсіп егілді. Ботадай боздады – еңіреді, ағыл-тегіл көзінің жасын бұлады. Ботасын бауырына алған інгендей – жақсы көргеннен бойы еріп, барлық жан-дүниесі балқып емірену. Бота тірсек бозбала – аяқты маймақ басып, былқ-сылқ еткен әлжуаз, қайратсыз жас. Бурадай бұрқылдады (зіркіреді, зіркілдеді, бұрқырады) – бұрқан-тарқан болып қатты ашуланды, қаһарланды. Жаман түйенің жабуындай – көбіне әбден тозығы жеткен, ескі, алба-жұлбасы шыққан сырт киім. Нарға жүгін салғысыз – өте күшті, өте ірі, қайратты деген мағынада. Нар бурадай шабынды – қатты айбат көрсетті, ашумен шиыршық атты. Нар жігіттер (нар жандар) – нендей қиынға салса да нағыз біртума нар сияқты ауырсынбай көтере беретін, тапсырылған істі ойдағыдай етпейінше, тынбайтын, мықты, еңбекқор ер азаматтар. Түйе жолы жіңішке – жоғалған нәрсе, мал тез табылмады деген мағынада. Түйе кекірік – қатты тойып кеткенде еріксіз өрескел шығатын кекірік және т.б осы сияқты төрт түлік малмен байланыстырылып айтылатын фразеологизмдер тілімізде көптеп кездеседі.[3]
Түр-түске байланысты қалыптасқан фразеологизмдер.
Тілімізде қолданылып жүрген түр-түске байланысты атаулар тура және ауыспалы мағыналарда қолданылады. Бұл тараушада түр-түс атауларына байланысты қазақ тіл біліміндегі зерттеулерге шолу жасай келіп, қолөнер бұйымдары мен материалдарының түр-түсіне қатысты қалыптасқан фразеологизмдердің ішкі мән-мазмұны сипатталады.
Ақ, қара түске байланысты қалыптасқан фразеологизмдер: ақ балта – шеберлердің өзі ғана ұстайтын өткір балта. Ал отын жаратын жай балтаны қара балта дейді. Қазақ эпостарында болаттан жасалған семсер, қылыштар ақ алмас, көк алмас деп сипаттама түрінде қолданылады. Ал зергерлер күмісті қоспасынан ажыратып, өңдеп қолданады. Әбден өңделген күміс жарқырап тұрады. Қақтаған ақ күмістей тұрақты теңеуінің шығуы күмістің осындай қасиетімен байланысты. Мұндай күміс ақ жамбы деп те аталған. Ал қара жамбы – көптен келе жатқан күміс құймасы. Қара сөзі ертеде “байырғы”, “қарапайым”, “көне”, тәрізді ұғымдарды білдірген. Мәселен, қара мылтық деп түсі қап-қара қаруды емес, темір ұсталары жасаған қарапайым, күміспен әшекейленбеген түрін атаған.
Көк сөзі де үнемі түр-түс ұғымын білдіре бермейді. Бұл сөздің бұрынғы уақыттарда “металл”, “темір”, “болат” тәрізді мағыналарда қолданылғандығы көк темір көре өлтірмес (қаруың болса, қапы қалмассың), көк кірсін, қызыл шықсын (ант, қарғыс мағынасындағы фраза) т.б.
Металдардың сапалық белгілерін аңғартатын, уәжі сары, қызыл түр-түске байланысты біраз фразеологизмдер бар: сары алтындай сақтады – мейілінше қастерледі. Тілдік деректерде алтынды сары деп қолдану да кездеседі: Сарының сарап біледі алтын, жезін (сары болып көрінген металдың сапасын маман адам, сарапшы айырады деген мағынада). Шеберлер тілінде сары алтын – қоспасыз, таза алтын [16, 106]. Металл сапасын білдіретін қызыл алтын (таза алтын) фразеологизмінің де түр-түске қатыстылығы байқалады.
Салт-дәстүрге байланысты қалыптасқан фразеологизмдер.
Күнделікті тұрмыста, салт-дәстүрде берік орын алған бірсыпыра зат, бұйымдар атқаратын қызметіне, белгілі бір наным-сенімге т.б. байланысты болып, фразеологизмдердің этномәдени уәжділігін көрсетеді.
Қазанның құлағын қағып қойған ат – о баста қойылған есім. Әр отбасының күнде тамақ пісіріп ішетін қазанды халық қастерлеп, жеті қазынаның бірі деп есептеген. Қазанға пісірілген ас дәмді әрі жұғымды, сондықтан да болар, қазан-ұрпақ жалғасуы мен отбасы берекесінің символы болып табылады. Мойнына кісе салды – Аллаға, Тәңірге сыйынып жалбарынды, тілек тіледі. Сырға тағар. Қазақ халқының тұрмысында құда болу салты айрықша орын алғандығы белгілі. Әдетте, қызды бесіктегі кезінде немесе ол бой жете бастаған кезде атастырған. Егер екі жақ балаларын бесікте жатқан кезінде атастырса, ұлдың ата-анасы қыздың бесігін кертіп белгі салған. Бұл ғұрыптың бесік-керті, бесік кертпе деп аталғандығы белгілі. Өсе келе ол қыз бесік кертпе қыз деп аталған. Шеге шапан. Салт бойынша құда тұсу рәсімі қыз үйіне жаушы жіберуден басталған. Жаушы арқылы жігіттің әкесі сыйлық беріп жіберген. Ол қарғы бау деп аталған. Этнограф А.А. Диваевтың көрсетуінше жаушы сөзін «Сізде лашын бар екен, бізде сұңқар бар екен» деп бастайды. Қыздың ата-анасы келісетін жағдайда қалың мал мөлшерін де белгілейді. Жаушы қыз әкесіне қарға бау береді. Қыз әкесі оған «уәдеміз шегедей мықты болсын» деп шапан кигізеді. Кейде шапанның орнына ат мінгізген. Қыз жағынан берілетін мұндай сый шеге шапан, шеге ат деп аталған. Қылауы түспеген құда. Құдаласқанына көп уақыт болмаған жаңа құда. «Жаңа құда» мағынасын аңғартатын қылауы түспеген құда тұрақты сөз тіркесінің жасалуына себеп болған қылау сөзінің ұсталар тіліндегі мағынасы – «өткірлегеннен кейін кескіш құралдардың жүзінде пайда болатын өте майда ұлпа, бүршік».[3]
Қорыта айтқанда, қазақ тіліндегі фразеологизмдердің бір тобы шығу төркіні, пайда болу жолы жағынан алғанда белгілі бір кәсіпке, өнер түріне байланысты қалыптасқан. Фразеологиялық мағынаның пайда болуына дәстүрлі тіршілік пен мәдени өмірдің әсері мол. Образға негізделген көрініс тіл арқылы жарыққа шыққанда, ондаған ұлттың қабылдау, қазақы дұниетанымен, ойлау ерекшеліктері бірден аңғарылады. Фразеологиялық мағынаға тірек, негіз болатын нәрсе - адамдардың күнделікті өмірінде көріп жұрген дүниедегі заттар, айналадағы құбылыстар, содан туындайтын жағдайлар, түрлі жағымды-жағымсыз әрекеттердің ықпалы әсер етіп отырады. Фразеологизмдер көркем әдебиет тілінің қажеттілігін өтеуде халықтың эстетикалық талғамын танытатын ең күшті тілдік құралдардың бірі болып есептеледі. Тілдің әдебилігінің сипаттарының бірін, әдеби тілдің даму кезеңдерінің көркемдік ерекшеліктерінің бірін фразеологизмдер танытатыны сөзсіз.
Пайдаланылған әдебиеттер:
Ғ. Қалиев, Ә. Болғанбаев «Қазіргі қазақ тілінің лексикологиясы мен фразеологиясы», Алматы «Дәуір» баспасы 2003 ж.
Фразеологиялық сөздік, Алматы «Арыс» 2007ж.
Ержанова Зохре «Қазақ қөленеріне байланысты фразеологизмдердің этномәдени аспектісі», диссертация, Алматы 2010 ж.
ҚАЗАҚ ТІЛ БІЛІМІНДЕГІ ИНТОНАЦИЯ МЕН ФУНКЦИОНАЛДЫ СТИЛЬДЕРДІҢ БАЙЛАНЫСУ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ
У.Байгалиева. ҚазМемҚызПУ 1-курс магистранты Ғылыми жетекшісі:ф.ғ.к., доцент Г.К.Қайдарова
Интонация түрлі бірліктердің басын қоса отырып, түрлі мағынаны білдіреді. Интонация ирониялы, әзілді, пафосты, толқымалы келеді. Осындай көп мағыналы қасиетін оның атқаратын функциясымен түсіндіруге болады. Осы уақытқа дейінгі зерттеу жұмыстарында да интонацияның функциялары туралы сөз болған. З.М. Базарбаева интонацияның негізгі бес функциясын атайды: 1. Сөйлемнің жалпы коммуникативтік түрін анықтау. 2. Жеке коммуникативтік типтерін ажырату. 3. Мазмұн өзгешелігін ажырату. 4. Сөйлемді, синтагманы мәтінде бір - бірінен айырып, бөліп қарау. 5. Әртүрлі эмоцияларды дифференциялау [1, 32 б.].
Интонацияның қызметі сөйлемнің мағынасы мен оның түрлерін ажыратып, олардың не хабарлы, не сұраулы немесе бұйрықты екенін анықтайды. Ал, екінші жеке коммуникативтік типтерді ажырату функциясы - сөйлемді мүшеге бөлуге қатысады. Үшінші функциясына, мазмұнның ерекшелігін ажырату жатады.
Интонацияның төртінші қызметі мәтіндегі сөйлемдерді бір – бірімен ажыратып, олардың жігін белгілейді. Және бесінші функциясы әр түрлі эмоцияларды айқындау болып табылады. Сөйлемнің коммуникативтік қызметі мен қоса эмоциялық - экспрессивтік түрін анықтауға көмектеседі. Бұл функция адамның көңіл-күйімен байланысты. Интонация мен функционалды стильдің ара қатынасын анықтауда интонацияның бұл функцияларын білудің маңызы зор.
Ғалымдар интонацияның екі негізгі функциясын көрсетеді. Олар: логикалық және эмоционалды - модальді. Логикалық функциясы негізгі ойды жеткізуде көрінсе, эмоционалды-модальді функция коммуникативтік қарым-қатынас мақсатында пайдаланылады. Екі функция бір-бірімен тығыз байланысты және бір-біріне қарама-қарсы. Сонымен интонация тілде бірнеше қызмет атқарады, ең бастысы ол белгілі бір ақпаратты жеткізу үшін және басқа да тілдік амалдармен қарым-қатынасқа түсіру қызметін атқарады.
Ал,интонацияның стиль түзудегі фонетикалық функциясы, эмоционалды-экспрессиялық, синтаксистік, стильдік мағына ажыратушылық функциялары бар. Біздің ойымызша бұлар интонацияның негізгі функциялары болып табылады.
Интонацияның фонетикалық функциясы дыбысталған мәтінді безендіріп тұрған суперсегменттік бірліктердің орын алуымен түсіндіріледі. Ол әр стильдегі мәтінде әр түрлі деңгейде көрінеді. Суперсегменттік бірліктер сөйлеу ағымын фазаларға бөле отырып, біріктіруші және ажыратушы интонациялық мүшеленуге ықпал жасайды.
Интонацияның эмоциналды-экспрессиялық функциясы түрлі стиль мәтініндегі боямалы ойды жеткізуде негіз болып, сөйлеушінің көңіл-күйін, еркін, әсерін көрсетеді. Эмоционалды-экспрессиялық әсер, бояма мағына шексіз оны нақты есепке алу мүмкін емес.
Орыс, қазақ тілдерінің салыстырмалы фонетикасы атты еңбегінде Н.У. Туркбенбаев интонацияның синтаксистік және модалдық функцияларын көрсетеді [2, 47 б.]. Интонацияның функциясының бірі синтаксистік бірліктерден құралады. Синтаксистік бірліктердің интонациямен арақатынасы туралы мәселе зерттеуді қажет етеді. Ол мәселе төңірегінде фонетистер мен синтаксистер түрлі пікірде. Интонацияны синтаксистер дыбысталған мәтіндегі синтаксистік бірлікті көрсетудің бір тәсілі ретінде қарастырады. Сондықтан, интонацияға деген қызығушылық алғаш рет А.А. Шахматов пен А.М. Пешковскидің еңбектерінде синтаксисті зерттеумен байланысты сөйлеу тілі стилін қарастырғанда пайда болды. А.М. Пешковскидің ойынша, синтаксис пен фразалық интонация арасындағы қатынас өте күрделі, ол күрделілік фразалы-интонациялық құбылыстың өзіне ғана тән ерекшелігіне байланысты түсіндіріледі [3, 47 б.].
Қазіргі синтаксиске қатысты зерттеулерде интонацияға деген қызығушылық саябырлаған. Синтаксистік бірліктерді толықтырушы бір тәсіл ретінде ғана қарастырылады. Фонетикалық зерттеулерде бұл құбылыс екі түрлі бағытта қарастырылуда: бірі-белгілі синтаксистік конструкциялардың интонациясын эксперимент тұрғысынан зерттеу болса; екіншісі-жалпы тілдің интонациялық жүйесін қарастыру.
Соңғы уақыттарда бір-екі синтаксистік конструкциялардағы (сұраулы, хабарлы, құрмалас сөйлемдер) интонация көрінісінің нақтылы қасиетін танытатын инстурменталды талдау жасауға қызығушылық артты. Біз интонацияны стильжасамдық қырынан қарастырдық. Басқа бағыттағы жұмыстар интонологтардың белгілі синтаксистік құрылымның негізінде интонациялық бірліктерге өзінің жіктемесін (машинамен зерттеудегі нақтылы әдістердің көмегімен) ұсынумен сипатталады.
Синтаксистің интонациямен байланысы бірқатар синтаксистік конструкциялардың (аяқталмаған фразаның конструкциясы, жалпы, жеке, бұйрықты мәндегі бір фразалы сөйлемдер) ерекше интонациялық амалдың болуымен түсіндіріледі. Е.А. Брызгунова интонациялық конструкцияның синтакисиспен байланысын көрсетті [4, 18 б.]. Бір интонациялық конструкция бірнеше синтаксистік мағына және бірнеше интонациялық конструкцияны көрсетіп екеуі де бір мағынаны береді, яғни интонациялық және синтаксистік конструкция арасында байланыс болмайды.
Синтаксис пен интонация арасында жүйелі байланыстың орнауы түрлі аралас белгілердің «тәуелділігі» мен «аяқталуына» байланысты атап айтқанда: жоғары типтегі интонациямен берілген тәуелді, аяқсыз мағына, төмен типтегі интонациямен берілген тәуелсіз, аяқталған мағына, жоғары және төмен, түзу типтегі интонациямен берілген аяқсыз мағына. Интонацияда бұл мағыналар анықтаушы болып табылады. Екі интонациялық типтің дәстүрлі көрінісі осы екі қарама-қайшылықтың негізінде болуы кездейсоқ емес, жоғары тип тәуелділік пен аяқсыз мағынаның орнын басса, төмен тип тәуелсіз, аяқталған мағынаның орнын басады.
Синтаксисте негізгі мағыналар тәуелді – тәуелсіз және аяқталған-аяқсыз тәрізді қарама-қайшылық арқылы байланысады. Осы мағыналардың бірлігінен синтаксис пен интонацияның жүйелі байланысы туындайды. Интонация үшін ең маңыздысы синтаксистік байланыстың сипаты: салаласу, сабақтасу, жай және құрамалас сөйлемнің жалғаулық шылаусыз келуі. Салалас байланыста сөйлем мүшелерін немесе сөйлемдерді біріктіретін тәуелсіз идея көрінеді. Сабақтаса байланысуда олардың тәуелсіз идеясы жалғаулық шылаусыз көрініс тауып, сол және басқа мағынаны білдіреді.
Сөйлеу ағымын жеке сөйлемдерге бөлуші синтаксистік конструкцияларда аяқталу мен аяқсыз қалу тікелей белгілі интонация тонын таңдауға байланысты. Синтаксистік және интонациялық мағына көрініс табатын сөйеудегі ең шағын бірлік фраза болып табылады. Ол салыстыру бірлігінің рөлін де атқарады. Кез келген синтаксистік мағына тек фразаның көлемі арқылы ғана интонациялық көрініске ие болады.
Сонымен аяқталған - аяқсыз және тәуелді - тәуелсіз мағыналардың негізінде фразалық аяқталған - синтаксистік және интонациялық мағыналар сәйкес келіп жатса, бұл конструкциялардағы интонация вариантсыз яғни, жоғары не төмен бір ғана интонациялық типке ие болады. Бұл жерде тип тонның қозғалысын сипаттаса, вариант екі фонологиялық қарама-қарсы интонациялық типті бір фразада пайдалану мүмкіндігін көрсетеді. Бұл сәйкестікке мысал ретінде екі фразадан тұратын екі құрамды сөйлемді келтіруге болады. Екінші фраза төмен интонациялық типтің біріне сәйкес келетін тәуелсіз және аяқталған мағынаны береді. Сондықтан мұндай сөйлемде интонациялық варианттың болуы мүмкін емес.
Тілдің интонациясын мазмұндау ол ең алдымен интонацияның мағына ажыраушылық функциясын анықтау болып табылады. Ол үшін интонация деңгейіндегі тілдің мағына ажыратушылық бірліктері мен оның позициялық кезектесу интонемасы туралы білу қажет.
Интонеманы анықтау интонация нормасы мәселесін шешу үшін қажет, яғни қандай жағдай болмасын интонацияның дұрыс, бұрыстығын білу үшін керек; интонемалар жазба мәтіннің интонациясы мен интонацияның авторлық ерекшелігін түсінуге көмектеседі, ал дыбысталған мәтінді талдағанда автор интонациясын шынайы дыбысталған мәтіннің интонациясымен салыстыра отырып, оның экспрессиялық бояуын бағалауға болады.
Интонемалар тілдік бірлік ретінде дыбысталған мәтіннен ғана емес, сондай-ақ, жазбаша мәтіннен де анықталады. Мәтінде түзу типтегі интонация неғұрлым көп болса, оның нұсқалылығы соғұрлым жоғары болады. Жазып отырғандарға пунктуация белгілері осы нұсқалылықты шектеп, автордың ойын әсерлірек жеткізуге мүмкіндік береді.
Жалпы тілдің интонациясы интонеманың үш бірлік жүйесінен тұрады. Интонема - ол тон қозғалысы бағытының көмегімен бір текті лексико-грамматикалық құрылымның фразалық мағынасын ажыратушы суперсегменттік фонетиканың функционалды бірлігі. Интонемалар суперсегменттік тәсілдердің көмегімен біркелкі фразада сөйлеу легінде іске асады. Олар: тон қозғалысы, интонациялық орта, интонациялық мүшелену шегі. Интонеманың ерекше белгісі фразадағы тон қозғалысы болып табылады .
Тілдегі үш түрлі интонеманы көрсетуге болады. Жоғары типтегі интонема, төмен типтегі интонема, қалыпты типтегі интонема. Интонема пішініне қарай тон қозғалысының түрлі бағыттары жоғары, төмен, қалыпты болып келеді. Интонема мағынасына қарай жоғары типтегі интонация, тәуелді және аяқталмаған, төмен типтегі интонация тәуелсіз және аяқталған, қалыпты типтегі интонема тәуелсіз және аяқталмаған, тәуелді және аяқталғандығымен тон қозғалысының түрлі бағыттары бір-біріне қарама-қарсы. Интонемалар дыбыстағанда интонациялық конструкциялар арқылы іске асады. Ол оның позициясына байланысты. Интонеманың позициясы дегеніміз интонеманы іске асыратын фразалардың лексико-семантикалық құрылым болып табылады.
Лексико-грамматикалық құрылымның интонацияға қатты немесе жай әсерде болуы мүмкін бірақ, ол көрінбеуі мүмкін емес. Бұл жағдайда фразаның синтаксистік мағынасы тек интонация арқылы ғана көрінеді. Бұл интонема үшін күшті позиция болып табылады. Ол екі шартты орындауы керек: бірінші, интонация фразаның синтаксистік мағынасын көрсетудегі жалғыз бірлік және екіншіден, бұл позицияда үш интонема бір-біріне қарама-қарсы қойылмайды.
Келесі интонацияның әлсіз функциясы онда фразаның синтаксистік мағынасы интонациялық емес келесідей тәсілдермен көрінеді: лексикалық, морфологиялық, синтаксистік тәсілдер; ал, интонация тек фразаны фонетикалық жағынан безендіруде қосымша рөл атқарады. Өзге интонемаларға тон бағыты бойынша қарама-қарсылықты сақтайтын позицияның түрі де, көрінеді ол перцептивті-әлсіз позиция болып табылады.
Интонацияның мағына ажыратушы функциясы әлсіз позицияда әлсірейтіндіктен, интонацияның басқа функциялары көрініс табады, соның ішінде интонацияның стилистикалық функциясының қалпын атауға болады. Интонемаларды бір-біріне қарама-қарсы қоюға келмейтін позиция болады, ол-сигникатифті әлсіз позиция. Синтаксистік мағына грамматикалық тәсілдермен көрінетіндіктен, бұл позицияда интонация одан бетер әлсірей түседі. Бұл позицияда эмоционалды-экспрессивті және модалді позиция көрінеді және бір фразадан тұратын коммуникативті типтегі сөйлемдер мысал бола алады.
Қорыта келгенде,интонацияның стильдік және эмоционалды-экспрессиялық функциясын ажырату үшін боямасыз интонациядан не түсінетінімізді білу қажет. Кез келген дыбысталған не жазба мәтін интонемалар туралы ақпаратты мазмұндайды. Егер дыбыстаған мәтінде интонация болжалды интонацияға сай келсе, онда авторға жүктелген міндет шешіледі. Мұндай жағдайда мәтіннің стилистикалық және экспрессиялық бояуы авторлық мәтінге сай келеді.
Резюме
Бұл мақалада қазақ тіл біліміндегі интонация мен функционалды стильдердің байланысы жайлы қарастырылған.
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі
1. Базарбаева З.М Қазақ тілі интонациясының негіздері. – Алматы, 2002. – 202 б.
2.Туркбенбаев Н.У. Сравнительная фонетика русского и казахского языков. – Алматы: Мектеп, 1989. – 47 с.
3.Пешковский А.М. Интонация и граммтика. – М.: 1948. – 453с.
4. Брызгунова Е.А Эмоционально-стилистические различия русской звучащей речи. – М.: 1984. – 18 б.
ТІЛДІК ТҰЛҒАНЫ ҚАЛЫПТАСТЫРУДАҒЫ АФОРИЗМДЕРДІҢ РӨЛІ
Төкешова Гүлжайна ҚазМемҚызПУ 4-курс студенті
Ғылыми жетекші: Қанабекова М.Қ.
Антропоөзектік бағыттағы тілдік тұлға мәселесін зерттеу ісі қазіргі тілтаным ғылымында жанданып келеді, лингвистикалық категория ретінде бұл мәселе жаңа бағыттағы зерттеулердің ғылыми нысанына айналып отыр. Ұлттық тұлғаның тілдік болмысын түсінуге, зерделеуге жетелейтін осы бағыттағы зерттеу мақаламызда танымал ақын М.Шахановты өзіндік шығармашылық қолтаңбасы бар, рухани-мәдени өресі биік ірі тұлға ретінде тани отырып, оған дәлел тілдік деректер негізінде өзіндік талдау жасағанды жөн көрдік.
Ақын тілдік тұлғасын танудың қырларының бірі – оның прагматиконындағы терең ой мазмұнына құрылған афоризмдерін, яғни нақыл сөздерін арнайы сөз етуді қажет етеді.
Ақынның афоризмдері оның ой ұшқырлығы мен көркемдік шеберлігін бір арнаға тоғыстырған дүниетаным тереңдігінен туған сөз үлгілері болып табылады. Зерделеу барысында М.Шаханов поэзиясында афоризмдердің жиі қолданылғанын байқадық. Афоризмдер мазмұнында ықшамдалған ой-түйіндер жымдаса бірігіп, жүйелі де тұтас ойдың бір сілеміндей болып, автор идеясы мен мәтін құрылымын бекітетін қызмет атқарады.
Кез келгеннің қолы жетпес,
Кез келгеннің жолы жетпес,
Айналайын ұлы достық, ұлы достық, атыңнан.
Достықтың ұлы сезім екенін, оны махаббаттан да жоғары қойған ақынның ой-түйіні – достыққа адал болу. Дос бақытын өз бақытындай көру – ақын ойының түйіні.
«Афоризмдер – терең ойға құрылған, жан-жақты байыптау барысында алынған, барынша қысқа да ықшам, көркем келісіммен келген, нақты бір автордың қаламынан туған тиянақты ой жүйесі. Афоризм – қазақ менталитетіне аса жақын жанр. Афоризм – өзінің құнарлы ойларын «тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін түйіп» үйренген қазақ халқына тән сөз өнері» [1].
Ақын уақыт талабына лайық келетін әдеби үлгіні қару етіп, оны әлеуметтік қызметке жұмсады, тәрбие құралы ретінде пайдаланды.
Көлдің көркі – орман.
Туған елдің гүлі –
Тағдырының нұры.
Туған жерге деген сүйіспеншілік, туған жер табиғатын аялау т.б. ақын поэзиясында афоризмнің пайда болуына әсер еткен экстралингвистикалық құбылыстар.
Үш өлшем бар –
Биіктік пен тереңдік,
Бұл үшеуін бағаламау – көзсіздік һәм кереңдік.
Автордың үш өлшемге жатқызған тереңдік пен биіктік – күллі әлемді таң қалдырған білімділік пен ақылдылық болса, оны көрмеу – пенделік, осы өлшемді ұсынған ақынның көрегенділігі.
«Прозаик, ақын, иә, сыншы болсын қай-қайсы да жалпы халықтық тілді пайдаланатыны баршаға мәлім. Солай бола тұра, жеке таланттың тілі деген ұғымды қолданатынымыз да белгілі. Сол шарттылықтың өзінде шындық барын тағы ескермесе болмайды, өйткені көпшілікке етене таныс сөздерді жаңа қырымен, соны бояуымен өзгеше өңмен жұмсай білушілік – жазушы талантын танытатын құбылыс. Әр қаламгердің сөйлем құрау даралығы да осыны дәлелдейді» [2]. Мысалы, ұлы Абайдың «Білімсіздік – хайуандық», «Білімдіден шыққан сөз, талаптыға болсын кез» т.б. афоризмдерінің халық санасында берік орын алғандығы белгілі, бүгінгі күні ол даналық сөздер тілдік қолданыста мақал-мәтел ретінде жиі жұмсалады. Мақал-мәтел мен афоризмдер тіліміздің мәйегі болып табылады. Екеуінің айырмашылығы мақал-мәтел – халық даналығы, ал афоризмдер – белгілі қаламгердің төл туындысы.
Талантты ақын қолданған айшықтау құралдары, өзіндік метафоралары, соны теңеулері мен тың эпитеттері т.б. сөз қолданыстары сөздік қорымызға қосылған үлкен байлық деп білеміз. Сонымен қатар ұлы қаламгер қазақтың поэтикалық тіл өрнегінің бұрынғы дәстүр – нормаларын жетілдіру, түрлендіру, кеңейту жолында көп еңбек етті. Поэтикалық көріктеудің жаңа амалдарын, соны құралдарын ұсынды. М.Шахановтың поэтикалық тілінде көзге түсетін ең үлкен құбылыстың бірі – фразеология саласына тұрақты тіркестерді әкелуі, афоризмдерінің молдығы. Авторлық фразеологизмдердің уақыт өте келе афоризмдерге айналуы айқын байқалады. Тұрақты тіркестер тек көріктеу құралы ғана емес, жазушының көзқарасын, идеясын, суреттеп отырған кейіпкерінің ішкі жан дүниесін, болмысын таныту мақсатында да қолданылады. Сол себепті де көрнекті ғалым Р.Сыздық: «Көркем туындының тілін лингвистикалық стилистика тұрғысынан талдау дегеніміз – тілдің жеке бөліктерін (единицаларын) түгендеу емес, сол бөліктердің, айталық, сөздердің, тіркестердің, сөйлемдердің қолданысын, қолданыстағы көрінісін зерттеу болмақ. Нақтылай айтсақ, сол бөліктерді теріп алып, жалаң көрсете салу – көркем тілді зерттеушінің шаруасы емес, сол сөздердің қолданысы қандай мақсатты өтеп тұр, солар арқылы жазушы нені, қалай суреттеп тұр – осыларды тану керек», - дейді [3;5].
Қанатты сөздер – тарихи тұлғалар мен көрнекті қоғам қайраткерлерінің, ойшылдар мен көркем сөз шеберлерінің, ғалымдардың шығармаларында немесе фольклорлық, публицистикалық туындыларында кездесетін, қолдануға тұрақты, бейнелі, терең мағыналы нақыл сөздер, афоризмдер [4;198]. Қанатты сөздер де айтайын деген ойды бейнелі, мәнерлі етіп жеткізу мақсатында стилистикалық тәсіл ретінде жиі жұмсалады.
М.Шаханов туындыларында қанатты сөздер, яғни афоризмдер мол және қисынымен ұшырасады. Қанатты сөздерін оның шығармаларының қай- қайсысынан да кездестіруге болады.
Ән туады мұраттан,
Ой туады сұрақтан,
Небір үлкен өзендер басталады бұлақтан.
Мұндай нақылдан көркем сөзбен жеткізілген автордың философиялық ой-түйіні байқалады. Ақын барлық нәрсенің алғашқы көзі болатындығын түйіндей білген.
Өмір кейде тым қатал, өмір кейде тұйықтау,
Кей өзеннің жолына бөгет болар биік тау.
Келтірілген мына үзіндіден күнделікті тұрмыста түрлі кедергілердің болатынын айтқан бейнелі ой-тұжырымы анық аңғарылады.
Ақынның кейбір қанатты сөздері адам мінезін, қылығын, болмысын тануға байланысты болып келеді.
Достық деген ізгіліктің алаңы
немесе
Отанын да сатып кете алады,
Қиын шақта досын сатқан адамдар.
Афоризмдер адам санасына өзінің айрықша ой тереңдігімен әсер етеді. Әрі оның негізгі мағынасы бейнелі ойлау нәтижесінде ғана аңғарылады.
Ақын-жазушылардың айшықты сөздері нақыл сөзге айналу үшін терең мағыналы болумен бірге мақал-мәтелдер сияқты құрылысы жағынан ықшам, әрі көркем, «тілге жеңіл, жүрекке жылы тиетіндей» болуы қажет.
Мағыналы терең ойды қысқаша бейнелейтін мақал-мәтелге ұқсас, айтуға оңай көркем сөз тіркесін нақыл сөз дейміз. Яғни нақыл сөздерге сан алуан құбылыстарды, әлденеше рет бақылаудан туған қысқа, әрі ойлы, образды, үзілді-кесілді айтылған, авторы белгілі, баламалық қасиеті мол, тұжырымды ереже-қағидалар жатады. Қанатты сөз айтайын деген ойды қысқа, әрі бейнелі көркем түрде білдіретін өзіндік әуен, ырғағы бар, ел аузында жатқа айтылып кеткен, ұтымды сөздер тізбегі болып табылады: Тасын ала берсең, тау да таусылады (Халық сөзі). Ал өсиет-дидактикалық сөздер тобына қысқа сөзбен көп ойды білдіретін, ашық мағыналы, үгіт-насихаттық қызмет атқаратын аталы даналық қағидалар жатады.
Көркем сөздің басқа түрлерімен салыстырғанда ол өмір шындығынан жеке сезім мен ерекше жайларды ғана алмай, жалпы және типтік құбылыстарды алып, ой қорытады, соған орай бейнелілікке емес, ойға арқа сүйейді. Дегенмен әлі де қанатты сөз бен нақыл сөздің, мақал-мәтел мен өсиет сөздің ара жігін ажырату көпшілікке қиындық туғызып келе жатқаны сөзсіз. Осы орайда «ойды қысқа, бейнелі жеткізу» деген шарттардың өзі афоризмдер табиғатын тануға бірден-бір өлшем бола алмайды деп ойлаймыз. Өйткені айтылған ой үнемі ықшамдылығымен, бейнелігімен көңілде жаттала бермейді, ондай қасиеттер варваризм мен вульгаризмде де болады. Сөз арқылы сыртқы шыққан ойдың көпшілік көңіліне қонып, жатталып қалуы көбіне айтар ойдың қисындылығы мен тереңдігіне, сөз саптаудың шеберлігіне тікелей байланысты. Осы тұрғыдан келгенде, М.Шаханов – қазақ поэзиясының көш басында тұрған ірі тұлғалардың бірі десек, артық айтқандық емес. Ақын шығармаларының көпшілігінде ой тереңдігі басым жатады. Ол кейіпкердің ішкі тебіренісін шебер суреттей отырып, өзі де ой қосады, кейіпкерлеріне де терең мағыналы тұжырымдар жасатады. Осылай терең ой мен тегеурінді сөздердің ұштасып келуі оның шығармаларында «афоризм» деп толық тануға болатын сөз түйдектерін туғызады. Олар құрамына қарай кейде ықшам, кейде күрделі болғанымен, ой жинақылығы мен тұжырым тереңдігі, сөз әсерлілігіне орай оқырман көңіліне тез қонып, жатталып қалуға бейім тұрады.
Ақын поэзиясында «афоризм» деп бағалауға лайық көркем де ойлы тұжырымдардың мол болуы автордың ой түюінің қуаттылығын, халықтың тіл қазынасын еркін меңгергендігін аңғартады, шығармаларының көркемдік шеберлігін, экспрессивті-эмоционалды бояуын арттыра түскенін байқаймыз.
М.Шаханов тілдік тұлғасындағы афоризмдердің пайда болуының уәжі мынадай:
1. ауыз әдебиетінің ықпалы;
2. ел тағдырын ойлауы;
3. қоғамдағы жайттар.
Автордың сөйлеу әрекеті барысында оның жеке (индивидуалды) уәжіне негізделген, түрлі экстралингвистикалық жағдайларға байланысты пайда болған осындай тілдік құбылыстар М.Шаханов тілдік тұлғасының негізгі прагматикалық деңгейін құрайды. Басқаша айтқанда, автордың объективті әрекетінің басты талабы оның тілдік тұлғасында өз көрінісін береді.
Ақынның ғұламалық ой маржандарынан бірнеше үзінділер келтірелік:
... Киеліге қол көтерген жолығады бөгетке;
Бір қасиет бар әлемде, қаққан жұмбақ қанатын,
Артық кетсең қатал қолмен тәубаңды еске салатын;
Есің кетсе естіге кіріптарсың;
...Жақын барып үңілместен жауыңа,
Шығам деме ұлы жеңіс тауына;
Таяз су да ерке өзенмен жарысқан,
тым жарқырап көрінеді алыстан;
...Ал махаббат ажалы қызбалықтан;
Адам азса, ғашықтықтың жоқтығынан азады;
Жолықтырғыш мінезге бай жол деген;
Дос көңілін ұсынғанның бәрінен, Достық шыға бермейтінін ұмытпа.
М.Шаханов шығармашылығында поэтикалық афоризмдердің жиі кездесуі жалпы поэзия талабынан, мәнерлілігі мен көркемдік табиғатынан ғана туындамайды, оның толық уәжі – ақынның тілдік тұлғасының әдебиет өнері мен сөз қуатын, «сөз – қару» ретінде жұмсаған прагматикалық функциясына да тікелей байланысты деп түсінеміз.
1. Кейде тіпті биік болу қайғы екен,
Биігіне тұрса ешкім шыға алмай.
2. Ғашық адам сүйгені үшін бола алмайды жазалы
Адам азса ғашықтықтың жоқтығынан азады...
3. Мүгедектер тән саулығын аңсаған:
Біреуге аяқ, ал біреуге қол қайғы.
Өз борышын сезінуден қалса адам.
Бұдан асқан мүгедектік болмайды...
4. Кейде қызық. Тұлпар жүрген жолменен,
Есектер де кетіп бара жатады...
5. Намыстанам, бүркіт ұшқан қияда,
Жапалақтың ұясы бар дегенге...
6. Өз күшіне сенгендер күндемейді өзгені...
7. Азат арман қанат жайса, озат ойлар көбеймек....
Келтірілген шумақтар ақынның шешендік тұлғасын, ерекше дарындылығы мен алғырлығын айшықтай түседі. Оның шығармаларында көркемдік-бейнелеу құралдарының небір соны үлгілері де жиі ұшырайды. М.Шаханов жалпы нені жырласа да, тереңнен ой тартып, философиялық ойға құрылған тұжырымдар мен тың байламдар жасайды.
Жинақтай келгенде, көрнекті ақын М.Шаханов өз ұлтының рухани мәдениеті мен ой-санасын жаңа сатыға көтерді, жаңа рухани кеңістік ашты, шындықты көркем тұрғыда игерудің соны үлгілерін өрнектеді. Біздің дәстүрлі мәдениетіміздегі ерекше айырмашылығы бар үлгілер жасады. Ол жаңаша ойлау мен тың көзқарас негіздерін, дүниетанымдық және этикалық-эстетикалық құндылықтарды қалыптастыру, жетілдіру жолында орасан қызмет етіп келеді деп түйіндейміз.
Пайдаланылған әдебиеттер:
1.Мұратова А. Абайдың тілдік тұлғасы. Филол. ғыл. докт. дисс. –Алматы, 2009. –339 б.
2.Серғалиев М. Сөз сарасы. –Алматы, 1989. –198 бет.
3.Сыздық Р. Абай өлеңдерінің синтаксистік құрылысы. –Алматы, 1970.
4.Кеңесбаев І. Қазақ тілінің фразеологиялық сөздігі. –А., 1977. –590 б.–326 б.
Резюме
В статье рассматривается роль афоризмов в становлении языковую личность видного поэта М.Шаханова.
С. ИСАЕВТЫҢ ГРАММАТИКА САЛАСЫНДАҒЫ МҰРАСЫ
Шарапатова А.М. 4 – курс студенті
Ғылыми жетекшісі: ф.ғ.к., доцент А.З.Тілеуова
Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университеті, Ақтөбе қаласы
Сейілбек Мұқамеджарұлы Исаев 1938 жылы наурыз айының 13-i күні Омбы облысы Назыбай ауданының Күреңайғыр деген ауылында (" Еңбекші қазақ" колхозында) дүниеге келдi. 1952 ж. Ауылдың жеті жылдық мектебiн мақтау грамотасымен бiтiредi. 1952-1957 жж. Омбы педучилищесін "Бастауыш мектепте оқыту" мамандығы бойынша бiтiрiп шығады.
Қазақ тіл біліміндегі сөз таптары теориясына елеулі жаңалық енгізген С. Исаев болды. Ғалым еңбегі, ең алдымен, қазақ тіл білімінде грамматикалық мағына, грамматикалық форма, грамматикалық категория секіліді негізгі іргелі –іргелі грамматикалық ұғымдарды қазіргі лингвистиканың даму дәрежесіне сай нақты анықтап, басын ашып беруімен салмақты екенін айтқан жөн. Тілге қатысты әдебиеттерде бұрын да жиі қолданылғанымен, мән – мағынасы айқын емес бұл грамматикалық ұғымдарды дұрыс түсінбеу салдарынан сөз таптастыру проблемасында да бірқатар қателікке әкелгені белгілі болып отыр. Мысалы, бұрынғы зерттеу еңбектерде қазақ тілі сөздерінің алдымен атауыш сөздер, көмекші сөздер, кейде оларға үшінші топ одағайдың да қосылуы арқылы осылайша үш топқа жіктелуін «семантикалық және морфологиялық (формальдық) белгілеріне қарай» - деп түсініп келсек, С. Исаев тілдің лексикалық қабаты деңгейі мен грамматикалық қабаты деңгейінің ара жігін нақты ажырату арқылы бұл түсінікті жоққа шығарады. «Бұндай түсініктің қателігі – тілдегі грамматикалық құбылыс пен лексикалық құбылыстың өзара айырмашылығын, олар тілдің бөлек – бөлек деңгейі екенін ажырата алмау болып табылады» дей отырып, ғалым алдымен сөздерді жоғарыдағыдай үш топқа бөлуде сөздердің морфологиялық белгілерінің еш қатысы жоқ екендігін айтады, өйткені «атаушы сөздердің де түрленетіндері (зат есім, есімдіктің біразы, етістік) бар, түрленбейтіндері (сын есім, сан есім, есімдіктің кейбірі, үстеу) бар», сол сияқты бұл көмекші сөздерге де тән, яғни көмекші есім, көмекші етістік түрленсе, шылау, еліктеуіш сөздер түрленбейді. Сондықтан, автор дұрыс айтып отырғандай, морфологиялық белгілердің тілдегі сөздерді атаушы, көмекші, одағай деп бөлуде негіз бола алмайтындығы шындық.
С. Исаев лексикалық семантика мен грамматикалық семантиканы ажырату арқылы сөз таптарын «сөздердің грамматикалық (лексикалық емес) сипаттарына негізделген ортақ белгілері арқылы біріктірілетін грамматикалық топтары» - деп таныса, жоғарыдағы үш сөз тобын (атаушы сөздер, көмекші сөздер, одағай) лексика –семантикалық сипаты, белгілері арқылы жіктелгендіктен , оларды тілдің лексикалық қабаты деңгейіндегі құбылыс деп түсінеді, демек «сөз таптары грамматикалық сиапттағы топ та, бұлар (атаушы, көмекші сөздер , одағай ) лексикалық сипаттағы сөздер» болып табылады. Көмекші есімдердің сөз табы ретіндегі зат есімнің, көмекші етістіктердің лексикалық мағынасы бар жоғына қарамастан етістік аясында қаралуы да сөз таптарының грамматикалық сипаттағы топ екендігін дәлелдейді. С. Исаев сөзге грамматикалық негізгі өзек болатын грамматикалық мағынаның лексикалық мағынадан айырмашылығын көрсете отырып, оған (грамматикалық мағынаға) төмендегіше анықтама береді: «...Грамматикалық мағына – сөздің тым жалпы мағынасы, сол сөздің әр түрлі тұлғалар арқылы түрленуі нәтижесінде немесе басқа сөздермен әр алуан қарым-қатынасқа түсу салдарынан пайда болатын және сөздердің бір−бірінен бөлмей, керісінше, белгілі бір грамматикалық топтарға ортақ қасиеттер арқылы біріктіретін жалпы мағыналары болып табылады». Ғалым грамматикалық мағынаны жасалу тәсіліне, сөздің грамматикалық сипатын анықтаудағы мәніне қарай жалпы грамматикалық мағына, категориялық мағына, қатыстық грамматикалық мағына (терминдерде С. Исаевтікі) деп іштей үшке бөлінеді. Автор жалпы грамматикалық мағынаның сөздің лексикалық мағынасының жалпылануы арқылы, ғалымның өз сөзімен айтсақ, «грамматикалық формасыз–ақ ішкі семантиканың абстракциялануы, жалпылана түсуі арқылы » - қалыптасу процесін дәл байқап, сөз таптастырудың семантикалық принципі негізінде осы жалпы грамматикалық мағына жатқанын айтады, яғни осы процесс нәтижесінде: «1) сөздердің семантикалық жақындығы; 2)ортақтығы пайда болып; 3) грамматикалық топтарға құралады » - дейді. Ғалым тілдегі грамматикалық формалар (қосымшалар) арқылы берілетін грамматикалық мағынаны категориялық грамматикалық мағына деп атайды. Автор категориялық грамматикалық мағынаны беруші формаларды белгілі бір грамматикалық топтағы сөздердің (сөз таптарының) түрлену жүйесі ретінде де танып, сөз таптастырудың морфологиялық принципі негізінде осы категориялық грамматикалық мағына жатқанына назар аударады. Ғалымның айтуынша, мысалы, шақтық мағына белгілі шақ тұлғалары, есімше, көсемше немесе қалып етістіктері , т.б. арқылы беріліп, етістіктің шақ категориясын жасауға негіз болады. Басқаша айтсақ, категориялық грамматикалық мағына әрбір жеке сөз табының түрлену жүйесін, парагдигмалық сипатын анықтауы арқылы сөздерді түрлі тапқа жіктеуге морфологиялық принцип ретінде қызмет етеді.
Осы салада зерттеулер жазған ғалым А. Ысқақов сөз тудырушы жұрнақтарды да сөз табын ажыратуда олардың (әр сөз табының) морфологиялық белгісі ретінде таныған. С. Исаев сөзжасамға қатысты тілдік материалдарды талдау арқылы бұл пікірді жоққа шығарады. «...кез−келген сөзжасам қосымшасы тек бір ғана сөз табының шеңберінде өмір сүрмейді, бір ғана сөз табының грамматикалық көрсеткіші бола алмайды. Айталық, -шы, -ші қосымшасы тілімізде қаншама жаңа туынды жасаса да, біріншіден, тек зат есім түбірге де (жасау –шы, жарату – шы, қанау- шы тап) жалғану мүмкіндігі бар. Тіпті бір қосымшаның семантикалық сипатына симайтын фактілер де бар: -ық, -ік, -к қосымшасы, бір жағынан, есім (зат есім, сын есім т.б.) түбірге жалғанып, соған қатысты нақты қимылды білдіретін сөз тудырады, семантикасының жалпылануы арқылы ол сөз етістік болады: қыз - ық (бірдеңеге қызығу), тар - ық, жол - ық, тоб - ық, бір - ік, көз - ік т.б., екінші жағынан, қимылды білдіретін (етістік) түбірлерге жалғанып қимылдың атауы, қимылдың нәтижесі мәніндегі сөздер жасайды ды, олар я зат, я сын есім болады: қыз – ық, (қызық іс дегенде), тол – ық, аш –ық, көл – ік, өл – ік, жасы - қ, сал- ық, бөл – ік т.б. . Бұндай қосымшалар саны бірқыдыру» - дейді ғалым. Автор сондай- ақ грамматикаларда зат есімнен зат есім жасайтын өнімді жұрнақ деп беріліп жүрген - шы, -ші қосымшасының зат есімнің көптік, септік, тәуелдік жалғаулары секілді барлық зат есімге жалғанып, грамматикалық абстракция жасай алмайтынын да сөзжасам қосымшалары сөз табының грамматикалық сипатын анықтайтын формалық көрсеткіші бола алмайтындығының дәлелі ретінде қарастырады. Ғалым келтірген мысалдар сөз тудырушы жұрнақтардың сөз табын айыруда нақты морфологиялық белгі ретінде меже бола алмайтынын көрсетеді. Сонымен қатар, біздіңше, бұл жерде сөз тудырушы жеке жұрнақтардың өнімді, өнімсіз қолданылу ситпатының әр сөз табына қатысты әр түрлі екенін де ескеру керек секілді.
С. Исаев, осылайша, сөз таптастырудың негізінде жалпы грамматикалық мағына жатқан семантикалық принципін, негізінде категориялық грамматикалық мағына жатқан морфологиялық принципін, негізінде қатыстық грамматикалық мағына жатқан синтаксистік принципін басшылыққа ала отырып, қазақ тілі сөздерін түрлі топқа жіктейді. Ғалым осы принциптер негізінде өзі анықтаған сөз таптарын, бұрынғы зерттеулерде айтыла беретіндей грамматикалық категория деп те танымайды, грамматикалық категория ұғымына нақты анықтама беруі арқылы автор сөз таптарын бұл өлшем сыртында қалдырады. Ғалымның сөз таптарына қатысты ой – тұжырымдарын талдау барысында, өзі ашып айтпаса да, оның сөз таптарын грамматикалық категория деп емес, сөздердің грамматикалық сипаттағы семантика –құрылымдық (немесе семантика – тұлғалық ) топтары деп танитыны байқалады.
С.Исаев қорытынды пікірі ретінде қазақ тіліндегі он сөз табын көрсетеді:
1. Зат есім;
2. Сын есім;
3. Сан есім;
4. Етістік;
5. Есімдік;
6. Үстеу;
7. Одағай;
8. Еліктеу сөз;
9. Шылау;
10. Модаль сөз.
Біз ғалымның модаль сөздерді жеке сөз табы ретінде қатарға қосуын өте орынды деп ойлаймыз, себебі сонау 1958 жылы Е. Жанпейісов «Қазіргі қазақ тіліндегі модаль сөздер» атты кандидаттық диссертациясында (бұл зерттеуде де модаль сөздер жеке сөз табы ретінде аталмайды ) жан – жақты зерттеп шықса да, сөз табы ретінде статус ала алмай келеді. Ал модаль сөздердің Е. Жанпейісов өз зерттеуінде көрсеткен семантика -құрылымдық белгілеріне қарағанда, сөз табы деп тануға әбден болатын сияқты. Модаль сөздер семантикалық белгісі жағынан (сөйлеушінің түрлі көзқарасын, сөйлемге түрліше грамматикалық мән беруі), синтаксистік белгісі жағынан ( сөйлем мүшесі қызметін атқармауы ) (сөз Е. Жанпейісов «группа вводно – модальных» деп бөліп көрсеткен , грамматикалану дәрежесі біршама айқын шамасы, мүмкін, әрине, рас, бәлкім, секілді, «таза» модаль сөздер туралы болып отыр – С.М ) одағайға ұқсас жағын ескерсек, одағайдың жеке сөз табы ретінде танылып, модаль сөздердің жеке сөз табы болып танылмауы ешбір қисынға сыймайды. Ал, біз өз тарапымыздан жоғарыда аталған модаль сөздер тобының тұрақты синтаксистік белгісі ретінде -ау, -ақ, демеуліктерін тіркестіретінін айтар едік. Мысалы, рас –ақ, бәсе-ау т.б. Сондықтан С. Исаевтың модаль сөздерді жеке сөз табы ретінде тану өте дұрыс деп санаймыз. Модаль сөздер секілді сөз табы ретінде бірде танылып, бірде танылмау қазақ тіл білімінде белгілі дәрежеде шылау сөздерге де қатысты болды. Қазақ тілі сөздерін түрлі топқа жіктеген Н. И. Ильминский, П. М. Мелиоранский, В. В. Катаринский сияқты орыс түркологтары еңбектерінде союз, послелог (кейде частица) деген атпен шылау сөздердің түрлері жеке - жеке сөз табы ретінде берілгені мәлім. Сөз таптырын алғаш рет қазақ тілінде жүйелеген А.Байтұрсынов та союз, послелогтарды тиісінше жалғаулық, демеулік деп атап, бөлек -бөлек сөз таптары ретінде таниды. Ал, 30 жылдардағы Қ. Жұбанов, С. Жиенбаев, С. Аманжолов еңбектерінен бастап, бұлар шылау сөздер деген ортақ атпен біріктіріліп, бір сөз табы ретінде анықталды. Ал, 50 жылдардың аяғы мен 60 жылдар ішінде шылау сөздердің түрлерін жеке сөз таптары ретінде тануға қайта ықылас болғаны байқалады.
Пайдаланған әдебиеттер тізімі:
Пайдалы зерттеу (сын: О.Төлегенов. Қазiргi қазақ тiлiндегi жалпы модальды және мақсат мәндi жай сөйлем типтерi. -Алматы: Мектеп, -1968) // Қазақ әдебиетi. -1968. -27 шiлде.
Қазақ тiлiндегi -ы, -i қосымшалары туралы // Қазақстан мектебi. -1971. -№11. -51-53-б.
Грамматикалық мағына мен форманың сәйкестiгi және нольдiк тұлға туралы. // Қазақстан мектебі, -1976. -№8. -92-96-б.
ҚАЗАҚ ЖӘНЕ АҒЫЛШЫН ТІЛІ САН ЕСІМДЕРІ
Қабылбек З.Е.ҚазМемҚызПУ 1 кур студенті
Ғылыми жетекші: оқытушы Ортаева Э.Қ.
Сан атаулары – өте ерте заманнан қолданыста келе жатқан сөздер.Сан есім сөздердің сөзжасам жүйесі ерте қалыптасқан, өзіндік сөзжасамдық бірліктері және ерекшеліктері бар.Сол ерекшеліктер мен ұқсастықтарды ағылшын тілі және қазақ тілі сан есімдерін қарастырып көрейік.
Жалпы сан есім дегеніміз – заттың санын, ретін, мөлшерін білдіретін, қанша? неше? нешінші? (how many?, which?) деген сұрақтарға жауап беретін сөз табы. Мысалы; бір, он екі, екі жүз алпыс, two (екі), first (бірінші), second (екінші), ninety-nine (тоқсан тоғыз).
Қазақ тілінде сан есім сөзжасам жүйесінде екі тәсілде: аналитикалық және синтетикалық тәсілде жасалады [1].Аналитикалық тәсіл-сандардың барлығы дерлік жасалатын негізгі тәсіл.Мысалы; он үш, екі.Ал синтетикалық тәсіл-ерте заманнан қалыптасқан, негіз санға қосымша жалғау арқылы жасалатын, санның лексикалық мағынасын түрлендіретін тәсіл түрі.Бірақ сан есім - қосымшаға өте кедей сөз табы.Мысалы, Олар төртеу-ақ. Жетеудің кемтігін жаба ала ма? (Ғ.Мұстафин).Бұлардың негізгі түбірі төрт, жеті. Жалғанған жұрнақтар төртеу, жетеу сан есімдеріне жинақтық мағына беріп, лексикалық мағынасын өзгертіп тұр.
Қазақ тілінде және ағылщын тілінде сан есім құрамына қарай төмендегіше бөлінеді: 1) дара сан есім (simple); 2) күрделі сан есім (compound); 3) негізгі сан есім (simple); 4) туынды сан есім (derivate).
Дара сан есім (simple numerals) - бір түбірден құралған негізгі және туынды сан есімдер.Мысалы, үш, елудей, жүз, алтау, 4th-fourth (төртінші), 3-three (үш).
Күрделі сан есім (compound numerals):
А) екі немесе одан да көп түбірдің тіркесуінен (жиырма бес, қырық шақты, сексен алты; 25- twenty five (жиырма бес), 1/3- one third (үштен бір)) жасалады.
Ә) қазақ тілінде сөздердің қосарлануы және қайталануы арқылы ( бес-бестен, үш-төрт) жасалады.
Б) қазақ сан есімі сөздердің кірігуі арқылы (сексен-сегіз он, тоқсан-тоғыз он) жасалады.
3. Негізгі сан есімдер қатарына тек қана есептік сандар жатады. Мысалы: бір, екі, үш; 1-one (бір), 3-three (үш), 6-six (алты).
4. Туынды сан есімдер қазақ тілінде негізгі есептік сан атауларына -ыншы, -інші, -ау, -ер, -тай, -тей, -дай, -дей қосымшалары, ағылшын тілінде негізгі санға –th, -teen, -ty қосымшалары қосылу арқылы жасалады. Мысалы: бір - бірінші, он - оныншы; екі - екеу, алты - алтау; бір - бірер, қырық - қырықтай, елу – елудей; 4th-fourth, 5th-fifth, 17-seventeen.
Қазақ тілінде сан есімдер лексикалық түрленіп 6 топқа бөлінеді;1)есептік сан есім, 2)реттік сан есім, 3)жинақтық сан есім, 4)топтық сан есім, 5)болжалдық сан есім, 6)бөлшектік сан есім.Сан есім түрлеріне жеке тоқталып өтейік.
1.Есептік сан есім-басқа сан есім түрлерінің жасалуына негіз болады, нақтылы сандық ұғымды білдіреді.Сан есім сөз табының негізінен есептік сандар құрастырады.Есептік сан есімнің қызметі, орны ерекше.Есептік сан есім негізінен күрделі сандардан тұрады.Мысалы, он екі, қырық, төрт.
2.Реттік сан есім-негіз санға –ыншы, -інші, -ншы, -нші жұрнақтары жалғанып, заттың ретін біліреді. Мысалы, Мен үшінші пәтерде тұрамын.
3. Жинақтық сан есім-есім тек бірден жетіге дейінгі сандардан жасалады, жасаушы жұрнақтар –ау, -еу. Мысалы, Біреу болса да жетеді.
4.Топтық сан есім-белгілі топтағы заттардың санын білдіретін, қосымшасы жоқ, шығыс септік жалғауы жалғанатын сан есім.Мысалы, оннан, мыңнан, жүзден т.б. Топтық сан есім қосарлану арқылы да жасалды. Мысалы, он-оннан, жүз-жүзден т.б.
5.Болжалдық сан есім- белгілі бір заттар мен құбылыстың сан мөлшерін дәл атамай, тұспалдап қана шамамен атайтын сөздер.Болжалдық сан есімнің жасалуы;
1) –дай, -дей, -тай, -тей жұрнағы есептік сан есімнен болжалдық сан есім жасайды;қырықтай керуен,елудей адамдар
2) –ер жұрнағы арқылы бір ғана болжалдық сан атауы жасалған. Ол – бірер деген сөз. Мысалы,Тойда Қабекең бірер сөз сөйледі
3) –даған, -деген жұрнағы арқылы да болжалдық сан есім жасалынады. Мысалы, Оған жүздеген адам қарсы дауыс берді.
Сонымен бірге көптік жалғауы жасалу арқылыда болжалдық сан есім жасалады. Мысалы, Сағат алтыларда жиналамыз (С.Жүнісов).
4) Сан атауларының қосарлану арқылы: он-он бес, қырық-елу.
5) Есептік сан атауларына шамалы, жуық, тарта, қаралы, шақты, аса, артық, астам, таяу, шамасында, жақын ылаулары тіркесу арқылы жасалады. Мысалы, Құдасының аулына Ұлжан отыз шақты адаммен келген (А.Құнанбаев).
6.Бөлшектік сан есімдер -белгілі бір заттар мен құбылыстардың сандық бөлшегін білдіреді. Мысалы, Халық арасында жүргізілген сауалнама нәтижесі бойынша жаңа заңға халықтың үштен екісі қарсы.
Ағылшын тілінде сан есім семантикалық мағыналарына қарай Cardinal numerals (есептік сан есім), Ordinal numerals (реттік сан есім), Fractional numerals (бөлшектік сан есім) болып үшке бөлінеді [2].
Есептік сан есім (Cardinal Numerals) заттың санын білдіріп how many (қанша?) деген сұраққа жауап береді, мысалы: one (бір), two (екі), three (үш), four (төрт) т.б.
Есептік сан есімдер –teen, -ty жұрнақтар арқылы жасалады. Есептік сан есімнің жасалуындағы ерекшеліктер;
1)1-ден 12-ке дейінгі есептік сан есімдер ешқандай жалғаулықсыз жасалады;1-one, 2-two, 3-three, 4-four, 5-five, 6-six,7- seven, 8- eight, 9- nine, 10-ten, 11- eleven,12- twelve.
2)13-тен 19-ға дейін есептік сан есімдер сол сандардың бірінші ондығына –teen жұрнағын жалғау арқылы жасалады (бұл жағдайда three және five сан есімдері өзгереді): four+teen= fourteen. Мысалы:13- thirteen,14- fourteen, 15- fifteen,16- sixteen,17- seventeen,18- eighteen, 19- nineteen.
13, 15 және 18 сан есімдердің жазылуы басқаша three – thirteen, five- fifteen, eight – eighteen.
3)Ондық сандар (20-90) сан есімдердің алғашқы ондыққа кіретін сандарына –ty жұрнағын қосу арқылы жасалады: six-sixty, seven-seventy.Бұл жағдайда two, three, four,five сан есімдері түбегейлі өзгереді: two-twenty, three-thirty, four-forty, five-fifty.
4)Ондық сан мен қосымша санның арасына дефис қойылады: fifty-two, forty-five, twenty-six.
5) Hundred (жүз), thousand (мың), million (миллион) сан есімдерінің алдына топтық мағына беретін «а» белгісіздік артиклі немесе «one» сан есімі пайдаланылады: a (one) hundred, a (one) thousand, a (one) million. Hundred, thousand, million сан есімдерінің алдында басқа сан есімдер тұрса, онда оларға –s жалғауы жалғанбайды: two hundred, three thousand.
6) Егер hundred, thousand, million – сан есімдері заттық ұғымды білдірсе, онда оларға көптік –s жалғауы жалғанып, оны анықтайтын of қосымшасы (предлогы) арқылы қолданылады.Hundreds of students –Жүздеген студенттер.
7) Ағылшын тілінде бір мыңдық, он мыңдық, миллиондық, т.б. сандар үтірмен ажыратылады, ал қазақ тілінде үтір қойылмайды.Мысалы; 7,250 – қазақ тілінде 7250; 1,380,000 – қазақ тілінде 1380000.
8) Күрделі сан есімдердегі ондық сандардың алдында and жалға уы қолданылады: 100 – a (one) hundred, 101 – a (one) hundred and one, 375 – three hundred and seventy-five
Реттік сан есім (Ordinal numerals) заттың ретін, қатарын білдіріп, which? (нешінші? қайсы?) деген сұраққа жауап береді.Мысалы, first (бірінші), third (үшінші).Реттік сан есімдерге –th жұрнағы жалғанады.Мысалы: 1st- first (бірінші), 2nd-second (екінші).Реттік сан есімнің жасалуы;
1)Реттік сан есімдер алдына білгілілік артиклі «the» қойылу арқылы сонымен қатар алғашқы үш саннан (first, second, third) басқа сандарға –th жұрнағы қойылу арқылы жасалады. Мысалы; 1st- the first, 2nd- second, 3rd- third, 4th- fourth, 5th-fifth,
2)Ағылшын тілінде күрделі реттік сан есімдер қазақ тіліндегідей екі бөліктен тұрады: бірінше бөлігі есептік сан есім, екінші бөлігі реттік сан есім. Мысалы; twenty-first (жиынма бірінші).
3)Реттік сан есімдерде әдетте –the белгілік артиклі қолданылады; One – the first,two – the second, three – the third.
4)20th – 90th сан есімдер –th жұрнағы жалғанғанда у әрпі іе-ге айналады:20 twenty – twentieth, 30 therty – thirtieth, 40 fourty – fourieth. Өзгеріске ұшырайтын сандар; five – fifth, eight – eighth, nine – ninth.
5)Күрделі реттік сан есімдердің алдыңғы бөлігі есептік сан есім түрінде берілсе, соңғы бөлігі реттік сан есім түрінде беріледі, сан есімдердің соңында –th жұрнағы жалғанады: Hundred and twenty-first – жүз жиырма бірінші.
Бөлшектік сан есім (fractional numerals) –заттың санын, мөлшерін білдіріп how many? (қанша? неше?) деген сұраққа жауап береді.Мысалы: 1/5 one fifth (бестен бір), 0.1 – nought point немесе one point one (нөл бүтін оннан бір).
Бөлшектік сан есімдер екі топқа: cammon fractions (жай бөлшек), decimal fractions (ондық бөлшек).
Cammon fractions (жай бөлшек): one and a half – бір бүтін екіден бір, two and a third – екі бүтін үштен бір.
Decimal fractions (ондық бөлшек): 2.35 two point three five – екі бүтін жүзден бес, 32,305 three two point three nought five – отыз екі бүтін мыңнан үш жүз бес.
Сөйлемде сан есім бастауыш, баяндауыш, толықтауыш, анықтауыш қызметін атқарады. Сөйлемде есептік және реттік сан есімдер әдетте зат есімнің алдында қолданылып, анықтауыш рөлін атқарады.
Сан есімнің сөйлемдегі қызметі (The Functions of Numerals in the Sentence)
Сан есімнің сөйлемдегі атқаратын қызметі әртүрлі.
Сан есім-бастауыш.Сан есім атау тұлғада тұрып бастауыш болады.Мысалы; Жетеуі де өнерлі екен (Кім өнерлі?). Three were absent from the lecture – Үшеуі лекцияда болған жоқ (кім болмады?).
Сан есім-баяндауыш.Қазақ тілінде сан есім жіктеліп немесе көмекші етістіктермен тіркесіп келіп баяндауыш болады.Мысалы; Келген адамдар алтау екен (нешеу екен?).The lecture will take place in lecture hall №15 – Лекция 15-ші аудиторияда болады.
Сан есім-толықтауыш.Сан есім барыс, табыс, жатыс, шығыс, көмектес септік жалғауларын меңгерсе, толықтауыш болады.Мысалы; тоғызға (неге?) сегізді (нені?) қосу.Ағылшын тілінде;
How many books did you take from the library?
I took five.
Сіз кітапханадан неше кітап алдыңыз?
Мен бесеу алдым. Сөйлемде five саны толықтауыш қызметін атқарып тұр.
Сан есім-анықтауыш.Сан есімнің сөйлемдегі негізгі қызметі – анықтауыш. Мысалы; Сегіз қызым – бір төбе, Кенжекейім – бір төбе.Сегіз (қанша?) қызым.Сан есім ілік септікте заттанып тұрып та анықтауыш болады.Мысалы; Қазақ ұғымында жетінің өзіндік орны бар (жетінің-нешенің?).The second lesson begihs at eleven o`clock – Екінші сабақ сағат 11-де басталады.
Кейбір сан есімдердің оқылуы
Ағылшын тілінде
|
Қазақ тілінде
|
Хронологиялық даталардың цифрлары қосарланып оқылады:
|
1900- nineteen hundred
1945-nineteen forty-five
|
1900- мың тоғыз жүзінші жыл
1945-мың тоғыз жүз қырық бесінші жыл
|
Күн, ай, жылға байланысты реттік сан есімдер:
|
15th May. 1948- The fifteenth of May, nineteen forty eight
May 15th, 1948 May the fifteenth. Nineteen forty eight
|
15- мамыр,1948- он бесінші мамыр, мың тоғыз жүз қырық сегіз
Мамырдың 15-і, 1948- мамырдың он бесі, мың тоғыз жүз қырық сегіз
|
Бөлім, тарау, параграф, бетке, т.б. байланысты сан есімдер:
|
The first part= part one
The fifth chapter=chapter five
|
Бірінші бөлім
Бесінші тарау
|
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі.
«Қазақ тілінің сөзжасамы», О.Нұржамал, Алматы 2002ж, 145-157 бб.
«English grammar, Past 1», Г.К.Рысбаева, Алматы «Өлке» 2006ж, 48-54 бб.
Түйін
Бұл мақалада қазақ және ағылшын сан есімдері, олардың айырмашылығы мен ұқсастықтары жазылған.
Резюме
В этом статье написаны английские числительное и казахское числительное,их сходство и различие.
Summary
In this summary written English numerals and Kazakh numerals, their similarities and differences.
2-секция
Қазақ және орыс әдебиеті: мәдени байланыстар
ЖАПОН ӘДЕБИЕТІНДЕГІ КҮНДЕЛІК ЖАНРЫНЫҢ ҚАЛЫПТАСУ, ДАМУ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ
Байболова Жансая Абай атындағы ҚазҰПУ
Ғылыми жетекшісі: ф.ғ.д., профессор, академик
Тебегенов Темірхан Сахаұлы
Соңғы жылдары оқырмандар арасында «нағыз» дерекке, өткен дәуір мен қазіргі болмыстағы көркем шындықты айғақтайтын әр түрлі автобиографиялық шығармаға – эпистолярлық мұра, мемуар – белгілі қоғам қайраткерлерінің күнделіктеріне қызығушылық артты. Мұның өзі қазақ әдебиетінде бұрынырақ тек жазушының өзіндік стилі, не көркем әдебиетке жатпайтын туынды деп қарастырып келген күнделікті әдеби теориялық тұрғыда талдауды қажет етеді. Әйтсе де, бұрын-соңды жанр ретінде ғылыми тұрғыдан арнайы зерттелмегендіктен қазақ әдебиетіндегі күнделік жанрын зерттемес бұрын, өзге де халықтарда кең таралған жанрдың ғылыми екшелгені жөніндегі мағлұматтарды ала отырып,өз әдебиетіміздегі тап сол шығарма түрінің зерттеу моделін жасап алуымыз қажет. Осы мақсатты көздей отырып, мен бұл мақаламда күнделік жанры кең таралған жапон әдебиетіндегі осы тектес шығармалардың қалыптасу, даму,зерттелу тарихын саралап көрдім.
“Қазақстан”: Ұлттық энцклопедиясында: «Мемуарлық жанрдың бір түрі болған күнделік – жазушының, ғалым, не саяхатшының өз көзімен көріп-білген жайларын есте сақтау үшін жазылатын шығарма» деп түсінік берілсе /1.4-б./, күнделік жанрын зерттеуші ғалым Н.Мещеряков «Күнделік» термині («никки» – күнделікті жазбалар) әр түрлі мазмұндағы мәліметтерді жинақтау ұғымын білдіреді» деген / 2. 136-б. /
Деректік жанрдың жапон әдебиетіндегі алар орны, оның қалыптасуы мен даму тарихын зерттеуде орыс әдебиеті ғалымдары көш бастады. Аталған жанрдағы шығармалардың құрылымы, әдеби, тілдік ерекшеліктері мен қоғамдық маңызы жайын А.Н.Мещеряков, Н.И.Конрад, В.Н.Горегляд, О.Г.Егоров сынды ғалымдар еңбектерінде мәселе етіп көтерді.
Күнделік – жапон әдебиетіндегі кең таралған жанр түрі.Тіпті өзге халықтар әдебиетіне қарағанда бұл халықта күнделік стиліндегі шығармалар оқырмандар арасында да өзіндік сұранысқа ие. Бірақ әр түрлі белгілеріне қарай жапон әдебиетіндегі күнделіктер еуропа ақын-жазушы күнделіктерінен өзгеше. Жазылу тіліне қарай оларды Н.И.Мещеряков 2 топқа бөледі:
1. қытай тілінде жазылған күнделіктер(камбуна);
2. жапон тілінде жазылған күнделіктер, мұнда қытай иероглифтері аз
мөлшерде кездеседі. /3.5-б./,
Біріншісінде көркем әдебиетке тән белгілер кездеспейді, ал жапон тілінде жазылған күнделіктерде троп түрлері қолданылған өлең жолдарын көруге болады, ал тілдік тұрғыда зерттеп қараған адамға көркемдік сапасын аңғару қиын емес.
«Никки» термині жапон әдебиеті тарихында VIII ғасырдан бастап кездеседі. XII ғасырға дейін бұл жазбалар қытай тілінде жазылып, онда әдеби сипаттағы күнделікке тән авторлық көзқарас болмады, тек басқарма сарайындағы болған оқиғаларды түзу мақсатында жүргізілген бұл күнделіктердегі жазбалар тек тарихи құнды мәліметтер болып есептеледі. VIII ғасырдан бастау алған «жолжазба» күнделіктер де авторлық көзқарасқа құрылмайды. Күнделіктің бұл түрі жапон саяхатшыларының Қытайға жасаған сапарларында көрген-білгендерін түйіп, Қытай елін сипаттауға арналған. Мұндай жолжазбалардың алғашқы үлгісіне Киби Макибидің «Дзайто никки» (693 – 775), Энниннің «Нитто гухо дзюнрэй коки» (794 – 864) деп аталатын жазбалары жатады. Алайда Киби Макибидің жазбаларының мәтіні сақталмаған. Ал IX ғасырда будда монахы Энниннің сақталған дін жолында жасаған саяхаты барысы жайлы жазылған жолжазбасы (794 – 864) қытай тілінде жазылған . Автордың 838 – 847 жылдар аралығын қамтыған бұл жазбаларда Корей, Қытай елдеріндегі будда шіркеулеріне барғандағы көрген-білгендері жазылады.Мұнда тек құрғақ баяндауды көре аламыз.
IX ғасырдан бастап жапон басқарма сарайында «ішкі жазбаларын жүргізуші» қызметі болған. Оның міндеті – император арыздарға берген жауабын жинақтау. Ол шенеунік өз жұмысының барысын, сарайдағы маңызды салтанатты жиындар турасындағы жазбаларды « Ішкі жазбаларға арналған шенеунік күнделігі» деп аталатын арнайы журналға тіркеп отырған. Мұндай журналды Жоғары императорлық кеңестің хатшысы да жүргізген. Ол – «Сыртқы жазбаларға арналған шенеунік күнделігі». Осы сипаттағы жазбалар будда храмында да болған. Онда храм қызметкерлері келушілердің тілектерін жазған.
Одан кейінгі уақыттарда қытай тіліндегі күнделік жазбаларын көптеген жапон шенеуніктері жүргізді. Бұл күнделіктерде жаратылыс өзгерістерін, өздерінің ғашықтарымен кездесуін, сарайдағы мерекелік кештер мен шенеуніктер тағайындау кездері жайлы жазылды. Аталған күнделіктердің әдеби сипатынан гөрі тарихи, деректік жағы басым болды.
Жапон жазуының дамуы күнделік жазбаларына да әсер етті. Бұрынырақ қытай иероглифтерімен жазылған жазбалар енді жапон жазуына көшті. Белгілі зерттеуші ғалымдар Д.Гуди мен И.Уатт атап көрсеткендей, жазу тілі мен қарым-қатынас тілінің өзгеруі, автордың өзіндік көзқарасын білдірудегі ұлттық ерекшелігін көрсетуге мүмкіндік береді.
Бұл заңдылықты жапон тіліндегі мәтіндерден толық аңғаруға болады: онда ауызекі сөйлеу тіліндегі дыбыстық ерекшеліктер жазба тілде көрініс табады. Мұндағы тақырыптық ерекшеліктер де автор көзқарасымен үндесіп жатады. Мәселен, Хейан ақсүйектерінің жазбаларынан авторды тек әлеуметтік дәрежесі бар адам ғана емес, эмоционалды-психологиялық күйдің иесі ретінде тани аламыз. Бұл, әрине, күнделіктің әдеби сипат ала бастағандығының бір көрінісі.
«Тоса никки» («Тоса күнделігі») – алғашқы әдеби сипаттағы күнделік болды. Бұл жазбаның авторы Ки-но Цураюки. Жапон тілінде жазылғанмен, күнделікте қытай тілінің дыбыстық, лексикалық ерекшеліктері кездеседі. Бұл жазба ескерткіш жапон әдебиеті тарихындағы ауыспалы кезең, бір дәуір әдебиеті мен келесі буындағы әдебиетті жалғаушы туынды болды. Мұнда болашақ жазушылар тарапынан жазылатын шығарма тілі мен келер буын бас тартатын қытай жазба тілінің элементтері болды. Сол себепті де «Тоса саяхаты күнделігін» өткен дәуір мен жаңа дәуір әдебиетін байланыстырған бірегей туынды деп айта аламыз.
«Тоса күнделігі» Тоса провинциясы губернаторының астанаға оралу кезеңіндегі оқиғаларды суреттейді.Теңіз арқылы жасалған саяхат 55 күнге созылған. Күнделіктегі жазбалар осы күндердің барлығын қамтыған. Бірақ күнделіктік жазбалар әрқалай болып келеді. Мысалы, бүгінгі болған оқиғаны келесі күні қайта жазбай, «кешегідей болды» деген секілді қысқа жазбалармен қайырып отырған. Күнделікте кейінгі дәуір жазбаларында кездесетіндей автордың дүниетанымын көрмейміз. Дегенмен, онда авторлық ремарка мен болған оқиғаға берілген бағалауларын ауық-ауық кездестіріп отырамыз. Бұл орайда автор өзі туралы жазбай, болған оқиғаның тек куәгері болып қалады. Өзі көрген-білгендерін жазған жазушы өзін оқиғалардың бақылаушысы, баяндаушысы ретінде ғана көрсетеді.
«Тоса никки» көпшілік ұғымындағы жай «күнделік» емес, басты кейіпкері де біз ойлағандай, автордың өзі емес, саяхат аяқталғанға дейінгі уақытты ғана қамтитын айналасындағы адамдар мен болып жатқан оқиғалар.
«Тоса никки» күнделік формасында жазылған, сонымен қатар бұл күнделікті жазушы оны әдеби мазмұнмен байытады.Сол уақыттағы көш басындағы поэзияның басты тақырыбы болған қашықтық, қоштасу мен айырылысу, сағынысу сезімінен туған өлеңдер жапон әдебиетін ілгерілетіп келсе, Ки-но Цураюки бұл заңдылықты бұзып, күнделігіндегі сезім, көңіл-күйінен сыр шерткенде, Тосаны қимастық пен айырылысуды емес, көптен күткен астанаға жақындау мен көрісу сәтін жазады.
«Тоса никки» – сезімге құрылған күнделіктік шығарма. Жазба тілін қытайдан жапон тіліне ауыстырған жазушы әдебиеттеріндегі қалыптасқан дәстүрді бұзады. Мысалы, саяхатшылар шығарған қытай өлеңдерін жазбайды, ал бұрынырақ әдеби шығармаларда қытай өлеңдері жиі кездесетін. Мұндай күнделік жазу үшін автор ер адам болса, әйел адамдай күй кешу керек болатын. «Тосса никки» мынадай сөзбен басталады: «Міне, мен, әйел, күнделік деп аталатын жазбаны жазып көруге бел будым, мұны еркектер де жүргізеді».
Жапон әдебиетіндегі «әдеби күнделікті» зерттегенде, оның авторының әйел не ер адам екендігі жөнінде айтпай кетпеске болмайды. Әсіресе күнделік авторының Хейан ақсүйектер әулеті әйелдеріне қатыстылығы зерделенеді. Бұл күнделіктің ер адамдар аз қалам тартып, әйелдердің әдебиетке келуіне мүмкіндік туғызған шығарма түрі болғандығын айқындайды. Тіпті ер адамдар әдеби күнделік жазған күннің өзінде Ки-но Цураюки секілді әйел затының атынан жүргізген. Әйелдер әдебиеттің басқа да жанрларынан қалам тартудан шет қалған жоқ. Бірақ әдебиет зерттеушілерінің саралауынша, прозалық шығармалардың басым көпшілігінің авторы ер адамдар болғаны байқалады. Әйелдер өлеңдер шығарған, ер адамдармен салыстырғанда олар стильдік еркіндікке бара білді.
Жапон күнделіктеріндегі мерзім көрсеткіштері төмендегідей болып келеді:
Жазбалардың барлығында мерзімі жазылмаған. Мәселен, «Тоса
саяхаты күнделігінде» барлық күндер, тіпті онда ешқандай оқиға болмаған күннің өзінде де мерзім белгіленген;
Кейбір жазбаларда уақыт жобалай белгіленеді, мұнда олар жазуда
басқа дерек көздеріне сүйенеді;
Кейбір жазбалардағы уақыт кейінгі дәуір ғалымдарының түпкілікті
зерттеуінің нәтижесінде ғана белгіленеді (мұнда автор жазба уақытын көрсетпеген);
Жазбада автор уақыт көрсетпеген, оны тіпті еш тарихи дерек
мәліметтеріне қарап та белгілеу мүмкіндігі болмайды.
Әдеби күнделіктердегі жалпы ұқсастық – ондағы жазылған соңғы оқиға көп уақыт араға салып, автордың есінде қалған жайлармен жазылған, онда әлбетте болған уақытта жазылмағандықтан әсірелеу, көркемдеу басым болып әдеби сипат алады.Жапон әдебиетіндегі күнделіктер жайлы сөз қозғағанда сол халықтың дәстүрі мен мәдениетіне бойламасқа болмайды. Бұл туралы айтар болсақ, жапон халқында поэзияның алар орны ерекше, нақтырақ айтсақ, белгілі оқиғаға арналған өлеңдер. Поэзиялық туындылар көбіне табиғат лирикасынан сыр шертті. Әсіресе, сакура гүлдегенде, күзбен келген суық емен ағаштары жапырақтарының түсін өзгерткенде, алғашқы қар жауғанда ақын жанды халықтың шабытын оятып, осынау кезде туындаған сезімдерін өлеңмен өрнектеген. Сондайда жапондықтар ақындар сайысын өткізген, ғашық жандар бір-біріне арнап өлең шығарған. Шығарылған өлеңдерді жанұя мүшелері жинақтап, олардың қандай жағдайда , қашан туындағанын қара сөзбен жазып түсіндірген. Кейбір өлеңдер сол уақытта жазылып алынбағандықтан, оның тек мазмұнын сөзбен жазып қойған. Міне осыдан күнделік жазбалардың жазылу ерекшеліктерін байқау қиын емес.
Өлеңдер саяхат кезінде де шығарылған: саяхатшылардың тыныққан кездерінде, өзара өлең сайыстарында, қонаққа барған уақыттарында. Сапар аяқталарда саяхатшы өзінің жолжазбасына осы сайыстар туралы, оның жалпы мазмұны жайлы жазады.Мәселен, Ки-но-Цураюки өзінің Тосаға жасаған саяхатынан бастаған «Күнделігін» астанаға оралғаннан кейінгі бірнеше айдан кейін аяқтайды. Ол сапар барысында асығыс жазылған өлеңдерді осы бірнеше ай ішінде поэзия талаптарына сай өңдейді. Бұл – деректік жолжазбаның әдеби күнделікке айналуының бір көрінісі еді.
Алғаш XI ғасырдан көрініс тапқан әдеби күнделік жазу үрдісінде көбіне әйел жазушылар белсенділік көрсетті, ал ерлер үшін бұл – ең аз қалам тартқан жанр түрі болды. Оның басты себебі мынада еді: аристократ ер адамдардың арнайы биографиясы жазылды: өмірге келуі, қызметі, отбасы, балалары, өлімі туралы. Ал әйелдер мұндай құрметке ие бола алмады, сондықтан өз өмірлерінің тарихын көркем тұрғыда күнделік арқылы жеткізді. Әйел күнделіктері – жалпы түсініктегі автобиография емес (туғанынан дүниеден өткенге дейінгі аралықты сипаттайтын), оның ішкі сезімі мен сырын жеткізуге мүмкіндік беретін автобиографиялық сипаты бар туынды.Аристократтар күнделігінде олардың өмір жолы толық қамтылмайды, көбіне сарай қызметіне келген уақыттан бастап бастан кешкендері жазылады.
Күнделіктік прозаның жеке адам мүддесіне қолданылуы, яғни күнделік жүргізуші автордың тек өз қызығушылықтары мен қозғаған тақырыптарының аясының тарлығы, қоғамдық мәселелердің қозғалмауы аталған стильдегі шығармалардың әдеби сипатын жоғалтып, поэзияның басымдығына жол берді. Осы тұста жапон поэзиясының көшбасында тұрған әйел ақын Сикибу Мурасаки күнделігі өз оқырманын тауып, жаңаша серпін алған туынды болды.
Автордың өмір сүрген ортасы күнделікте айқын көрініс табады. Себебі, бұл шығармалардың ерекшелігі сонда, автор не көрсе де, не естісе де, қайда бармасын, күнделік жазбалары өзімен бірге болады және сол уақытта, не көп ұзамай нақты деректермен жазылып отырады. Сондықтан Мурасаки «Күнделігінде» «көру», «есту» сөздері көп қолданылады. 1008 –1010 жылдар аралығын қамтитын Мурасакидің бұл күнделігі тек күнделікті жазбадан ғана емес, адамдар мен қоғам жайлы толғаныстар мен балалық шағынан естеліктермен толыққан.
«Күнделік» Фудзивара әулеті жайлы баяндаумен басталады. Әулет билеушісі Митинангтың қызы алғашқы босануына келіп, дайындық жүргізуі жайлы айтылады: салтанатты жиындар мен жағдаяттар – күнделіктің алғашқы бөлігінің тақырыбы болған. Одан кейінгі Мурасакидің назары жан-жағындағындағы әйел адамдарға ауады. Оның нық айтылған сындары мен берген бағасы белгісіз адресатқа арналады. Осындай әрқилы әдістер арқылы С.Мурасаки қоғамда болып жатқан оқиғаларға көзқарасы мен кейде болашаққа деген күдер үзгендегі күйініштерін сипаттап жазады.
Мурасакидің «Күнделігі» – өз халқының ақыл-ой мәдениетінің өсу жолын көрсететін әдеби шығарма. Тек бұл ғана емес, өзге де күнделіктер алдымен, жазушының өзін, қоршаған орта мен қоғамды танып-білудің басты құралы болды.
Пайдаланылған әдебиеттер:
1. “Қазақстан”: Ұлттық энцклопедия/Бас редактор Ә. Нысанбаев – Алматы “Қазақ энциклопедиясы” Бас редакциясы, 1998 жыл
2. А.Н.Мещеряков. Древняя Япония: культура и текст.Москва:Наука,1991.
3. Японские средневековые дневники. Санкт-Петербург, «Северо-Запад Пресс» 2001
Түйіндеме
Мақалада жапон әдебиетіндегі күнделік жанрының қалыптасуы мен даму ерекшеліктері қарастырылды.
Резюме
В статье рассматривался образование и развитие дневникового жанра в японской литературе
М.МАҒАУИННІҢ «ЖАРМАҚ» РОМАНЫНЫНЫҢ ФИЛОЛОГИЯЛЫҚ КЕҢІСТІКТЕГІ ЗЕРТТЕЛУІ
А.Ә.Найзабаева. Абай атындағы ҚазҰПУ-дің студенті 4-курс студенті
Жетекшісі: С.А.Жиренов – Абай атындағы ҚазҰПУ, ф.ғ.к.
(Алматы, Қазақстан)
Тәуелсіздік жылдарында ғаламдық әлеуметтік-экономикалық, саяси өзгерістердің ықпалынан жаңа көркемдік дүниелердің қалыптасып келе жатқаны байқалады. Оның бұрынғы көркемдік әлемінен айырмасы – шыншыл, өткен мен бүгінді әділ саралап, жан-жақты ойлай алатындығында. Қазақ жазушылары ұлттың өткені туралы білуге талпынуда. Кейінгі жиырма жылда кесек-кесек тарихи туындылар дүниеге келді.
Зерттеушілердің пікірінше, кейінгі жылдардың прозасында Кеңес үкіметінен қалған жаттанды түсініктер қала бастаған, ұлттық тұрмыстан қасақана аластатылған құндылықтарға қайта баға беру байқалады. Бұл қаламгерлердің шығармашылықтарында ұлтқа тән мәдени-тарихи бояудың, ұлттық тамырға оралу, өзіндік этникалық ерекшелікті түйсіну құбылысының кеңінен көрініс бере бастағанынан аңғарылады.
Тәуелсіздік тұсында дүниеге келген көркем шығармаларда жазушылар әдебиеттiң дәстүрлi принциптерiн сақтай отырып, болмыс жұмбақтары мен өмiрдiң мәнi туралы мифологиялық желiлер мен формалар енгiзiп рухани құндылықтарды жаңаша ойлау тұрғысынан қарастыру неомифологизм ағымын одан әрмен дамытуға алып келдi. Ендi бұрынғы дәстүрлi пайдаланып келген миф, аңыз, тәмсiл және т.б. фольклорлық элементтер орнына авторлық мифтудырушылық,символдық – мифологиялық инфрақұрылымдар, мифологиялық тiзбектер қатары қосылып жанрлық шеңбердiң кеңеюiне алып келдi. Жазушылар шығармаларында қаһармандардың рухани өмiрiн бейнелеуге иек артып, философиялық толғаныстарға барынша ден қоя бастады.
ХХ ғасырдың соңғы ширегiнде қаламгерлерiмiз экзистенциалистердiң күрделi концепцияларының бiрi – адам болмысының қоғамнан жатсыну, «әлемдiк жалғыздық» мәселелерiне ерекше көңiл бөлiп, психологиялық тұрғыдан суреттедi.
Адамның өз ортасынан, өз-өзiнен жатсыну, проблемалары кейiнгi қазақ прозалық шығармаларында кеңiнен көрiнiс табады. Ә.Нұрпейiсовтың «Соңғы парыз» роман – диологиясы, М.Мағауиннiң «Жармақ» романы, Т.Әбдiковтiң «Парасат майданы» повесi, С.Елубайдың «Жалған дүние» толғау-романы, К.Сегiзбаевтiң «Аюдың өтi» повесi, А.Алтайдың «Алтайдың алқызыл модағайы» роман-мифi, Д.Амантайдың «Түнгi жарық» романы, Р.Мұқанованың «Құдiрет – кие» повестер жинағында және кейiнгi толқын жазушылар шығармаларында адам санасының екiге жарылуы, екiншi Менiмен бейсаналық түрде айтысқа түсуi, әлеуметтiк, саяси, рухани келеңсiздiктердi жан-жақты терең көркем бейнелеу үшiн аллегориялық тәсiлдер ретiнде ғылыми айналымға енiп отыр.
Әрбiр жазушы өз шығармашылығында өмiр шындығын өзiнше түсiнедi. Қазақ әдебиетiнде постмодернистiк ұғымның да жат емес екендiгiн М.Мағауиннiң 2007 жылы Прага қаласында жарыққа шыққан «Жармақ» романынан көремiз. Романда бүгiнгi Қазақ елiнiң екi ғасыр шегiндегi көкейкестi мәселелерi көтерiледi, қазақ қоғамында асқынып, қатерлi сыпат алып бара жатқан өз ұлтынан жатсыну, дүниенiң бар байлығын ақшамен есептейтiн руханият болмысы, тәуелсiз елдiң жарқын болашағы, халық тағдырына байланысты терең толғаныстары шертiледi.
Нәтижесiнде күнделiктi өмiрде мың құбылып өзгерген заман ырқын пайымдау, ұлт психологиясына сызат түсiрген құбылыстарды суреттеу романның тынысын кеңейте түскен. Романда авторлық позицияны жеткiзуде көркемдiк құрал ретiнде қолданған шартты, қажеттi әдеби тәсiлдер, шығарманың замана шындығын аңғартуда реалистiк сыпат екендiгiне күман туғызбайды. Әсiресе, бүгiнгi күн ұлттық дiлiмiздiң, тiлiмiздiң қасiретiн таңбалаған «Жармақ» ұлттық прозамыздың көкжиегiн кеңейте түскендiгi шындық.
Қазақ романының жаңаша көрінісі ретінде филологиялық кеңістікке енген бұл роман ғылыми дәрежедегі арнайы зерттеу жұмысының тақырыбына айнала қойған жоқ. Дегенмен, ауқымды қоғамдық пікір тудырған «Жармақ» жайлы мерзімді басылымдарда жарық көрген мақалалар баршылық.
2007 жылы Прагада қазақ тілінде жарық көрген «Жармақ» романы туралы алғашқы сөз «Жас қазақ» газетінің 2008 жылғы 16-желтоқсанында жарияланған Ә.Балқыбектің «Жармақ», «Дон Кихот» және басқалары» атты сыни мақаласында қозғалды. Мақала авторы: «Әдебиетте шығарманы адам санасының екіге бөлініп, өзара айтысып-тартысуы, қос жақ болып тайталасуына құру деген тәсіл бар. Міне, қазақ әдебиетіне өзі алғашқы болып енгізген осы тәсіл арқылы Мағауин бүгінгі қазақ ұлтының бойындағы рухани дерттерге сараптама жасауға ұмтылады», -дей келе, «Жармақ» романына: «Бұл – ел үшін отқа түсуге бар азамат пен бәрін байлық арқылы сатып ала аламын деген көркеуденің майданы»[1.2б.], - деген түсініктеме берді.
Г.Бельгер бұл романның өзге шығармалардан бөлекше тұрғанын, оның қазіргі заманның саяси, әлеуметтік, эиткалық сипаттағы өткір мәселелерін, қоғамды іріткен моральдық індеттер мен «зиялы қауым» атанған топтың рухани жүдеуі, олардың ғасырлар бойы қалыптасып келе жатқан ұлттық құндылықтарға, бабалар аманаты – тілге, ділге, салт-дәстүр, әдет-ғұрыптарға, туған тарихқа жасаған сатқындықтарын психологиялық тұрғыдан дөп басып суреттейтіндігін айтты.
М.Мағауиннің «Жармақ» романы және оның тілі жөнінде қазақ ғалымдарынан тұңғыш рет арнайы пікір айтқан – С.Қасқабасов. Ғалым М.Мағауиннің 70 жылдығының қарсаңында «Қазақ әдебиеті» газетінің 2010 ж. 1-2сандарында «Мұхтар Мағауиннің «Жармақ» романы» деген көлемді мақала жариялап, бүгінгі қазақ әдебиетіндегі ағым, стиль, постмодерндік белгі жайында қысқаша мәлімет бере келіп, романның жазылу тәсілін сөз етті. Осы орайда ғалымның: «Бір адамның екіге бөлінуі (раздвоение личности) – философиялық тұрғыдан алғанда өте күрделі құбылыс, ал көркем өнерде, әдебиетте өмірдегі қайшылықтарды ашық айтуға бол бермейтін әлеуметтік, саяси, қоғамдық, рухани келеңсіздіктерді тереңінен көрсету үшін кейіпкерді екі жарып, екеуін айтыстырып, тартыстырып суреттейтін аллегориялық тәсіл. Жазушы тіршілікте болып жатқан істерге немесе саяси шешімдерге т.б. жағымсыз құбылыстар мен оқиғаларға деген өзінің көзқарасын білдіру үшін осы тәсілді қолданып, психологиялық шығарма тудырады. Мұны Мұхтар Мағауиннің «Жармақ» атты романынан да байқауға болады» [2.4б.], - деген тұжырымының мәні зор. Демек, С.Қасқабасовтың пайымдауынша, романның жазылу тәсілі бұрыннан әдебиетте бар, әсіресе өмір құбылыстарын, ондағы жағымсыз ахуалды суреттеу мақсатында көбінесе өзімізге таныс мысал жанрынан көрініс тауып отыратын аллегориялық тәсіл. Әрі осы ойды жазушының өзі де құптағандай: «Көркемдік тәсіл деп тануға тура келеді. Мен дегеннің бәрі – мен емес, ол дегеннің бәрі – ол емес. Ол деген – мен, мен деген – ол»,– деп жазады романның соңында. Осы ойды қуаттай түсу үшін ғалым «Жармақ» романының жазылу тәсілін фольклорлық шығармалардан орын алған сюжеттермен салыстыра қарайды да: «Романның басты кейіпкері басқа, өзіне беймәлім әлемге келеді. Бұл әлем ғажайып, оның өз үйі мұның шынашағына да татымайды. «Мың бір түндегі», қазақтың қиял-ғажайып ертегілеріндегі, хикаяларындағы, дастандарындағы патшалардың иран бағындай... Міне, кейіпкердің өз үйінен шығып, басқа бір тылсымды, ғажайып әлемге тап болатын жағдай көптеген ертегіде бар, әсіресе ғашықтық, хикаялық дастандарда өте көп», [2.5б.], – деп қорытынды жасайды. Енді романдағы осы ұқсастыққа назар салайық. Қараса, «аумағы ат шаптырым дерлік кең сарайдың кіреберіс босағасында тұр... Төбе толған әсем өрнек, әрқилы кейіпті, бір емес, қатарласа жамыраған әлденеше шаңырақ люстра, хрусталь моншақ, ұзынды-қысқалы салпыншақтарға жабысқан алтынды, күмісті, қызғылтым, көгілдір, ақшаңқан нұрдан көз тұнады. Төрт қабырға – алтын кәсекті, ескілікті, арғы, бергі заман суретшілерінің әрқилы туындылары. Еден есіктен төрге дейін түгі тусырылған, бөлек-бөлек емес, біртұтас көк-ала, қалы кілем. Осыншама сәнді, кең сарайдыі іші толған салтанатты қауым. Біразы төрде – ақ дастарханды дөңгелек столдар басында. Енді біразы – көбіне жастар тыпырлата билеп жүр. Ерекше жағдайдағы өзгеше бір мереке тәрізді» [3.10б.]. Міне, осылайша бас кейіпкер ғайыптан, не өңі емес, не түсі емес, өзінің шағын пәтерінен кең, жарқыраған сарайға тап болады. Сарайда той болып жатыр екен. Басқа әлемге тап болып, босағада аң-таң болып тұрған бас кейіпкер тойды көріп былай дейді: «Кенет... төрдің төбесінде, биігірек құрылған ұзыншақ дастархан үстінде, қақ ортада күлімсірей, ентелеп отырған екі жағында үш-төрт кісіден, әйел, еркек, оларда да бай мен бәйбіше – нағыз марқасқалар екені аңдалады... Сол үлкендердің үлкені, шын орталық, ең басты адамға ... көзім түсті. Менің – менің өзім отырмын қақ төрде. Той иесі, осыншама жұртқа мол дастархан жайылған думанды, мерекелі, салтанаттың басты тұлғасы – мына мен екем» [3.10б.].
Адам жанының тәннен дербес болатыны жайлы ежелгі наным ел арасына фольклорлық шығармалар арқылы өріс тауып, кейіннен қазақтың бұл көне нанымы Ислам дінінің тарлауымен бірге санаға әбден сіңісті болып кетті. Осылайша бұл құбылыс кезінде діни дастандардың дүниеге келуіне алғышарт болды. Академик С.Қасқабасов бұл жайлы: «Фольклордағы осы сарындар романның соңында орынды және ұтымды пайдаланылған да, астардың түйінді ойына негіз болып, оған үлкен мән-мағына берген», – дейді. Романның атауына елеулі мән берген ғалымның: «Иманнан айырылмасаңыз, барлық Мұрат орнына келері күмәнсіз!», - деп шығарманың не себепті Иман Қазақбай атынан берілгенін аңдатады, иманға шақырады», - деген байламы орынды. Расында да, романда Иман Қазақбай – Мұрат біртұтас ұғымға айналған. «Бұл Иманды қазақ жұрты мұратына жетеді деген сөз».
Бұдан біз ғалым С.Қасқабасовтың «Жармақ» романына психологиялық талдау жасағанын көреміз. Себебі мақалада мына мәселелер басты назарға алынған:
Біріншіден, психологиялық прозада оқиға, кейіпкер, кезең, уақыт, тақырып, идея т.б. деген әдеткі мәселелер алдыңғы сапқа шыға қоймаған. Үстіртін ғана тоқталып өткен.
Екіншіден, романда ең бастысы-жеке адамның ішкі өмірі, өмір мен өлім арасындағы кезеңде адам бастан кешетін азапты тағдыр тәлкегі, кейіпкердің күрделі тұлғаға айналуы көркемдік назарға алынған.
Үшіншіден, шығармада шым-шытырық оқиғалар тізбегінен гөрі жеке адам санасындағы сапалық өзгеріс, рухани қопарылыс, ішкі сезімдік құбылыстар тереңдетіле талданады.
Төртіншіден, психологиялық прозаның жанрлық талабына сай жеке санада жүріп жатқан ой мен сезім қайшылықтарын, сөз бен іс сәйкессіздіктерін тереңдеп талдап, көркемдік жүйеде саралайды[4.13б].
«Жұлдыз» журналының 2010 жылғы №2 санында «Мұрат пен Марат: Екі жарты – бір бүтін» деген атпен жарияланған мақаланың авторы Г.Бельгер романның ерекшелігі мен оның қоғамдық рөлі жайлы тұшымды әрі айқынырақ пікір айтты. «Қысқаша қайырсақ, оқиға жеке тұлғаның екіге бөлінуі һәм осы құбылыстың қым-қуыт салдары төңірегінде өрбиді. Ыдыраған, дәлірек айтқанда, жағдайдың ыңғайына қарай (әрі автордың еркімен, әрине) қақ жарылған генетикалық айрықша оқшау тұлға кенеттен қоғамдық болмыс пен ұлттық сана-сезімнің түрлі қиыр-кеңістігіне тап болады. Сонау бір жастықтың арайлы шағында бұл тұлға құйылған құрыштай сом, бүтін болатын: бір жүрек, бір жан, бір интеллект, яки мұрат-мүдде, білімге құштарлық, мінез-құлық, махаббат, арман – бәрі біртұтас еді. Міне, енді Ақиқатпен бетпен-бет жүздесетін сын сағаты соқты». Г.Бельгер шығармаға мынандай параметрлер бойынша талдау жасайды:
1) романның атауы, оның мәні;
2) кейіпкерлерінің жасалу жолдары;
3) романның тақырыптық және тілдік ерекшелігі;
4) шығарманың қазақ прозасындағы орны;
5) романның қоғамдағы рөлі;
Мақала авторы романның қос кейіпкері – Мұрат пен Мараттың арасындағы айқын айырмашылықты дөп басып көрсеткен. «Біз сөз ғып отырған жағдайда, бірінші бөлік, жармақтың нысыпы – Мұрат Бейсенұлы Қазыбеков; екіншісі – Марат Бейсенұлы Қазыбеков. Аттарын бөлектеп тұрған бір-ақ әріп. Бірақ қандай әріп десеңші! Түп-түбірімен айрықша мәнді қазақша – Ұ. Барынша шыншыл шығарманың қызықты да ғибратты оқиғасы бір кезде бір тән – бір бүтін болған ағайынды-сыңарлардың ымырасыз тартысы төңірегінде өрістейді», - деп, шығарма кейіпкерлерінің атауына үлкен мән береді. Яғни интернационалдық «А» мен ұлттық «Ұ» – Мұрат пен Мараттың арасындағы қайшылықтарды қоғамның бет пердесін көрсететін, тамыры тереңде жатқан өзекті проблемалар деп көрсетеді.
Мұрат пен Мараттың арасындағы қайшылықтың психологиялық сипаты өте күрделі. Бұл жайында Г.Бельгер: «Сонымен қатар Мұрат өзінің екінші жартысы Мараттың жай ғана антиподы емес, ол оның өзі, яки Мұрат дегеніміз – Марат, ал Марат дегеніміз – Мұрат», – дейді. Осы жағдайды романдағы мына жолдар да нақтылай түседі: «Екі жармақ емес, бір бүтін екем. Тұтас. Бір Жан... Енді мойындауға тура келді. Мұрат деген де мен, Марат деген де мен. Бір кісі. Мен өзім. Бірге тудық, бірге өстік, заманың тайғағында екі кейіпте дербес ғұмыр кешсек те, ақыры бірге өлдік. Енді ғарасат майданында бірге жауап береміз. Екі кісі, екі ғұмыр емес, бір кісі, бір ғұмыр ретінде. Мен ғана. Жалғыз өзім».
Романның қоғамдық рөліне басымдылық берген ғалым: «Роман біздің нақты уақыттық кезеңімізге, біздің жеке сипаттағы проблемаларымызға кіндігімен байланған, онда colour local басым. Бірақ ондағы көтерілген проблемалар тәуелсіз елдердің бәріне тән екені күмәнсіз», - деп ой түйеді. Сolour local деген ағылшын сөзінің қазақша мағынасы – түсті жер(цветное место). Автордың шығармада «colour local басым» деп отырғаны ондағы оқиғалардың өзектілігіне байланысты айтылса керек. Көлемі шағын болса да, мазмұны ауқымды осынау шығармаға оқырман назарын аудару мақсатында осы сөзді арнайы қолданғанын аңғаруға болады.
Жазушыны оқырман қауым көбінесе шығармасы немесе шығармашылық дара сипаты арқылы таниды. Осыны назарға алған зерттеуші романның бас кейіпкері Мұратқа үлкен мән береді. Ол «өзінің жауларына ешқашан есесін жібермейтін, тіпті о дүниеге аттанып кетсе де, рақымшылық етпейтін Мұрат» болып суреттеледі. Яғни кейіпкер Мұрат автордың шын мәніндегі өз бейнесіне ұқсайды. Біздіңше, оқырманға қауымға белгілі Мұхтар Мағауинің өзіндік «Мені» «Жармақтағы» Мұрат арқылы көрініс тапқан. Осы ойды Г.Бельгердің: «Жармақтың» кейіпкері де автордың өзі сияқты. Тарихшы. Ойшыл. Айтыскер. Күрескер.», «Шығармада суреттелетін Мұрат автордың өзіндік alter eqo-сы», – деген пікірі нақтылай түседі.
«Жармақ» туралы пікірлердің бірлі-жарым нұсқасын 2010 жылы «Заң» газетінің №18 (5 ақпан) санында жарияланған Серік Әбікенұлының «Мұхтар-Иманның мұңы немесе «Жармақ», 20-мамырда «Орталық Қазақстан» газетінде жарық көрген «М.Мағауин және ұлттық рух», 2012 жылы «Отбасы және денсаулық» журалының №9\10 санында жарық көрген Г.Бельгердің «Мұрат пен Марат» және «Түркістан» газетінің 2014жылғы 4-ақпандағы санында жарық көрген «Жармақ» мақалаларынан табамыз.
Мирас Асанұлы романды талдау барысында идеялық бағытты ұстанған. Мәселен, романды талдай келе ол: «Түптеп келгенде бұл екеу де бір адамның ішкі арпалысындағы екі кейіпкер. Бірі – ішкі «Мені», Екіншісі – Өзі. Бүтін адам да Мұрат, бөлінген бөлігі де Мұрат. Жазушы жұртқа ұғынықты болсын деп тәнді жармақтайды. Ал негізгі айтпағы – сана жармағы.», – дейді. Қайткенде же, М.Асанның аталған мақаласы қазіргі кездегі қазақ қоғамына баға беруімен, ондағы орын алып жатқан әлеуметтік, саяси құбылыстарды жіктеп, саралауымен құнды дей аламыз. Автор өз мақаласында тек романның құндылығын саралап қана емес, оның Абай шығармашылығымен үндестігіне назар аударып, ондағы ұқсастықтарға тоқталып өтеді. Бұл туралы автордың өзі: «Хакім Абай өз заманының «жарты адамын» талдады. Мұхтар Мағауин өз заманының «жармағын» жазды. Ұлттық рухты бойына бесіктен сіңірмеген боркеміктердің барлығы да жармақ», – деп ой түйеді.
«Жармақ» романы жайлы пікірін журналист Серік Әбікенұлы 2010жылғы "Заң" газетінің №18санына мақаласы арқылы білдіреді. Автор жарияланған «Мұхтар-Иманның мұңы немесе «Жармақ» атты мақаласында романға өзінше баға беріп талдайды. С.Әбікенұлы романдағы тартыстан саяси мән іздейді: «Әу баста өзіне қатты ұқсайтын екіжүзді Мараттан кей кезде ақшаның бетіне қарамайтын, оралмандарды «оңбаған» деп алалайтын әлгі миллионер ағамыздың да кескінін байқап қаласың. Сәлден кейін тағы бір аға... сосын тағы бірі... Көп екен... Ақыры бір Мараттың бойына сіңірген мінездерді саралаудан шаршайсың. Саясаттағы сайқалдықтың бәрі өріп жүр. Тұлыбын тірідей сыпырып алып, тіліндегісі мен тірлігі үйлеспейтін қай шендіге кигізсең де дәл келетіндей», –деп ашына суреттейді.
Қорыта айтсақ, М.Мағауиннің «Жармақ» романының филологиялық кеңістегі зерттелу аясы бүгінгі таңда қоғамдық басылымдарда жарияланған бірлі-жарым мақалалармен шектеледі. Ал романға әр қырынан толық талдау жүргізіп, оны зерттеу жұмысының нысанына айналдыру филолог мамандардың назарында болуы тиіс.
Пайдаланылған әдебиеттер:
1. «Жас қазақ» 2008. 26-желтоқсан
2. «Қазақ әдебиеті», 2010.15-21қаңтар
3. «Жұлдыз» журналы, 2010ж., №2
4.Пірәлиева Г. Қазіргі қазақ прозасындағы психологизм мәселелері Автореферат-Алматы, 2004.
ҚАЗІРГІ ТҮРКІ ӘЛЕМІ ӘДЕБИЕТТЕРІ
п.ғ.м., оқытушы Шамеева Шынар Казыбековна. ҚазМемҚызПУ
Еуразия кеңістігінің біршама бөлігін иемденіп жатқан түркі әлемі бір-бірінен ешқашан ажырамайтын, әдебиеті, мәдениеті, түп-төркіні, діні, ділі бір халықтардың тұтасып, ортақ мүдде мен мақсатты көздей отырып, бірігіп әрекет ететін ашық әлем екендігі баршамызға аян. Дүниежүзі халықтары жаһандану атты аждаһаның арынды азуына төтеп бере алмай отырған бүгінгі күні бір қайнаркөзден бастау алып, кейін қаншама тосқауылдар мен бөгеттерді жарып өтіп, әлем тарихында өзіндік адуынды ағысы, сан түрлі салалары мен сағаларын қалыптастырып,алып өзен іспеттес болып отырған түркі әлемінің арнасын кеңейтіп, дамыта түсу мәселесі ең өзекті тақырыптардың біріне айналған. Себебі, еуропалану үрдісінің қаншама халықтарды өзіндік болмысынан, тілінен, дінінен, табиғатынан жаңылдырып, өзінің құйынды тұңғиығына әкетіп жатқанын ескерсек,онсыз дажылдар бойы дініміз бен тіліміздің қадір-қасиетін жұтатып, қызыл қылышын сүйрете жүріп қаншама халықтың көз жасына қалған Кеңестер Одағы құрамындағы түркі тілдес елдердің бүгінгі халі көңіл қуантарлық емес екендігі тағы бар. Сондықтан да сонау ықылым заманнан бізгежеткен бүкілтүркі әлеміне ортақ мәдени, тарихи мұраларды сақтап, оны кейінгі ұрпаққа таза, саф күйінде жеткізу бүгінгі күннің негізгі міндеті болып тұр. Ендігі мақсат осы мұраларды қалайда сақтап қалу болса, бұл мақсатты іске асыру әсте де оңай дүние емес. Осы себептен де қазіргі кезде жеке-жеке өз алдына егемендігі бар, өзінің жеке дара саясаты бар, дегенмен сонау түп-тамыры бір жерден өсіп-өнген түркі халықтарының бірігіп, бір жеңнен қол, бір жағаданбас шығарып, бес саусақты бір жұдырыққа жұмылдырып, күш біріктіруі аса маңызды. Түркітілді кеңістік тарихи даму барысында қашан да мәдениеттердің алуан түрлілігімен ерекшеленетін, “Батыс пен Шығыс” арасындағы мәдени үнқатысуда өзгеге ұқсамайтын көпір іспеттес болған еді[1]. Сол көпірдің құрылысын қайта жасап, мәдениеттің өзіндік сара жолын қалыптастырған, әлем өркениетінің дамуына орасан зор үлес қосқан түркі әлемінің тұтастығын сақтап, беріктігін нығайту қажеттілігін Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев та түрлі басқосуларда айтып жүр. Мәселен, Түркітілдес мемлекеттер басшыларының 10-саммитінде: «Алдағы 2011 жыл – Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Түрікменстан мен Әзірбайжан үшін ерекше саяси мәнге ие тарихи жыл болмақ. Өйткені туыстас мемлекеттер өз тәуелсіздігінің 20 жылдығын тойлайтын болады. Бауырлас Түркия үшін де бұл ерекше, мерекелі күн болатынына сенімдімін», – деген ой білдірген еді. Бұл ойдың мән-мағынасы тереңде. Бұл ойдың астарында түркі тілдес мемлекеттерге ортақ үлкен қуаныш – егеменділік пен тәуелсіздік жатыр. Бұл тек 2011 жыл ғана емес, сондай-ақ, осыдан былайғы ғұмырында да түрік әлемінің жүрер жолы бір, ортақ екендігін көрсетеді. Бұл уақытқа бағынышты нәрсе емес, мұндай шараларды белгілі бір уақыт аясына сыйғыза алмайсың, бұл мәңгілік айтыла беретін біртұтастылық әні іспеттес. Яғни, бұл біздің жолымыздың мәңгілік ортақ екендігінің, болашағымыздың да бір арнаға тоғысқандығының белгісі. Бұған дейін де көптеген ел азаматтары түркі этногенезініңәлеми масштабтағы алар орны тек тұғырда екендігін дәлелдеп шыққан. Осы тұста, түркі ғылымы мен әдебиеті өкілдерінің де қалдырып кеткен аса құнды жәдігерлері мен еңбектері әлемдік даму үдерісінде тек қана жетекші рөлдерді иемденгенін бүкіл дүниежүзі ғалымдары мойындап отыр. Орта Азия ойшылдары мен көне түркі әдебиетінің бір өзі ғана түркі халықтарының түпкі өркениеттілігінің нақты мысалы болып отыр. Дегенмен, өз өркениетінен өзгені мойындауға қауқары жетпейтін еуропашылдар әлі күнге дейін түркі әлемінің құндылығы жөнінен баға жетпес бай мұраларын соқырша көрмей, мылқауша ауыз ашпай, кереңше естімей отыр. Басқа халықтар да өз тілі мен әдебиетін мақтан тұтады. Олар өздерінде бар бірді-екілі көне дастандарын теңдесі жоқ туынды деп есептейді. Бірақтүркілердің «Манас» пен «Көрұғлы», «Қырық қыз» бен «Қозы көрпеш – Баян сұлу», «Алпамыс» пен «Қобыланды», Ноғай дастандары секілді санына жету қиын жырларымен оларды салыстыру мүмкін емес. Небір тамаша дастандарымыз әлем әдебиетінің інжу-маржандары екені сөзсіз. Әттең, түрлі измдерге бой алдырған Еуропа ғалымдары түркілердің бұл ғажайып өнерін мойындағысы келмей, өздерінде бар бірді-екілі шығарманы аспандата мадақтайды[2].Сондықтан да бүгінгі түркі әлемін біртұтастандыра түсудің негізгі мәні де осы алпауыт күшке төтеп беру мақсатындағы күш біріктіру болып саналады.
Осы тұрғыдан алғанда, тек қана өткеннің еншісінен бізге бұйырған мұралар ғана емес, сонымен қатар бүгінгі күні әлемдік мәдениетке қосар үлесі зор, келешек үшін мән-маңызы да айтарлықтай бола алатын түркі әлемінің қазіргі әдеби жағдайы мен хал-ахуалын зерделеп, таразыға салудың да мағынасы терең екендігін айтып жату артық шығар. Себебі бүгінгі күн – ертеңгі мұра, болашаққа бүгінгі ұрпақтың бөліп берер еншісі, бүгінгі күннің мұрагері – болашақтың перзенттері. Ал әдебиет болса халықтың «көзі, құлағы һәм тілі», қоғам жаршысы, уақыт таразысы. Оны зерттеу, сараптау, саралау оны жетілдіру мен дамытудың бастауы. Осы бастауға біз де өз үлесімізді қоспаққа, бүгінгі түркі әлемінде орын алып жатқан әдеби құбылыстар мен жаңа тұлғалар ағымы туралы сараптама жасауды ұйғардық.Сондықтан да түркі әлемінің негізін құрайтын халықтар әдебиетінің қазіргі жайын жеке-жеке сарапқа салып өтсек дейміз.
Жалпы, түркі әдебиетінің қазіргі бет-болмысы туралы көптеген пікірлер бар. Әрине пікірлердің алуан түрлі болуы тек қана түркі халықтары әдебиетінің дамуы мен оның әрқилылығына ғана байланысты емес, сондай-ақ қазіргі әлем әдебиетінің даму үрдісінде орын алып отырған түрлі үдерістер мен құбылыстарға тікелей қатысы бар. Біздің көш қашанда әлемдік көшке қарай ойысып отырады. Жалпы, қазіргі түркі әлемінің әдебиетін Кеңес Үкіметі бұғауынан ада болған мемлекеттердің тәуелсіздікке ие болу кезеңінен бастаған дұрыс секілді. Себебі, тәуелсіздіктің жылы лебі осы халықтар әдебиетінің еркін тыныстауына, еркін самғауға, еркін көсілуге, демократияның әдемі үнін еркін сезінуге мүмкіндік әкелді. Көптеген әдебиет өкілдері халық басына қонған осынау егемендікті зор бақ деп түсінді. Туыстас Өзбекстан, Қазақстан, Қырғызстан, Әзербайжан секілді мемлекеттер өміріндегі осынау елеулі оқиғаға Түркияның ақын-жазушылары да өз ілтипаттарын білдіріп жатты. Міне осы дәуірден бастап, осыған дейін үзіліп қалған түркітілдес халықтар арасындағы байланыс қайта жалғасты. Қазақ арыстары аңсаған, Алаш қайраткерлері көксеген түркі әлемінің бірігуіне талпыныс жасала бастады. Кезінде Ататүрік қалдырған: "Ресей империясына қарайтын біздің көп бауырларымыз бар. Ертеме, кешпе, СССР империясы тарайды. Коммунистік режим күйрейді. Дүние бір орында тұра бермейді. Сол кезде біздің бауырларымыз бостандыққа шығады, өздерінің тәуелсіздігін алады. Біз сол кезде бауырларымызға жәрдем беруге дайын болуымыз керек!» – деген аманаты бізге қолдау көрсеткен түрік бауырларымыздыңда көбейе түсуіне өз игі ықпалын тигізді. Жалпы түркі әлемінің бірігу идеясын Елбасымыз Н.Назарбаев та аса зор ықыласпен қолдаған еді. Ол осыған байланысты түрлі бастамалар көтеріп, оны орындауға да өзі тікелей қатысып, қадағалап отырды. 2009 жылы қазанның 3-де Әзірбайжанның Нахчыван қаласында өткен Түркітілдес мемлекеттер басшыларының IX саммитінде Қазақстан Президенті Н. Назарбаев Түркі әлемін зерттейтін арнайы орталық құру жөніндегі бастаманы көтерген болатын. Онда сөйлеген сөзінде ол: «Түркі әлемі әлі толық зерттелмеген терең тұңғиық. Біздің ұлы бабаларымыз Алтайдан Ақ теңізге дейінгі Ұлы далада өз билігін жүргізді. Бізге өшпес қаһармандық эпос және мол рухани қазына қалдырды. Тұңғыш рет әлемге өнеге болған ортақ шаңырақ - киіз үйді, темірді, шалбарды, жебені, етікті және өкшені, үзеңгіні ойлап тапты. Осындай батырлық эпосты дүниеге танытудың кезі келді деп ойлаймын. Ол үшін жалпыға ортақ Түркі академиясын құру қажет» – деген. Осы секілді көптеген ұйымдар мен орталықтар, академиялардың саны күннен-күнге көбеймесе азайып жатқан жоқ. Әдебиет саласында да мұндай басқосулар жыл сайын өткізіліп тұрады. Мәселен, 2012 жылы Астана қаласындағы Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымы, Еуразия Жазушылар одағы және «Алтын Қыран» халықаралық қайырымдылық қорының ұйымдастыруымен Түркі әлемі әдеби журналдары редакторларының V конгресі өтті. Конгрестің мақсаты – түркі халықтарының әдеби байланыстарын дамыту арқылы ұлттық тілдегі қазіргі заманғы ақпарат алмасуын жетілдіру, әдебиет саласындағы үздік туындыларды, озық қаламгерлерд іанықтау[3]. Бұл басқосуды да түркі әлемі әдебиеттерін біртұтастандырудың бір көрінісі ретінде әбден қарастыруға болады. Себебі, Түркі әлемі әдеби журналдары редакторларының V конгресінде түркі тілдес халықтардың бүгінгі әдеби өміріндегі әдеби журналдардың қызметі сарапқа салынып, «Түркі әлемінің әдеби байланыстары: өткені, бүгіні, келешегі», «Әдебиет және әдеби журналдар», «Әдеби аударма және басылым», «Әдеби басылым және ұлттық тіл» атты мәжілістерде Түркия, Иран, Ирак, Қырым (Украина), Әзірбайжан, Өзбекстан, Қырғызстан, Қытай, Татарстан (РФ), Башқұртстан (РФ), Кабардин-Балқар (РФ), Саха-Якутия (РФ), Косово, Солтүстік Кипрден және Қазақстанның бірнеше қаласынан келген белгілі әдебиетшілер баяндама жасады. Сонымен қатар бұл шараның негізгі жақсылығы, ол – шара барысында бірнеше елдерден келген ғалымдардың шығармалары сарапқа салынып, оларға тиісті дәрежесінде баға берілді. Бұл да мұндай жиындардың ортақ әдебиетке қосар үлесі екенінің бір дәлелі.
Жалпы, түркі әлемі әдебиеттерінің түп-тамыры ежелден бір болған, олар бұған дейін ешқашан бөлінбегендігіне оның негізін қалаушылардың ойлау деңгейі, ой өрісі, ұлттық болмысының бір-біріне сай екендігі себепші болғандығын білеміз. Ал қазіргі түркі әлемінің әдеби байланыстары мен ұқсастықтары, ерекшеліктері мен бағыттары қандай? Бір ғасырға жуық бізден аластатылып қалған түрік ағайындар бүгінгі күні қандай әдеби жетістіктерімен ерекшеленеді? Олардың белгілі әдебиет өкілдері кімдер? Осы сұрақтарға жауап беріп көрелік.
Өз бастауларын Күлтегін, Тоныкөк (ҮІІ-ҮІІІ ғғ.) түркі жазба ескерткіштерінен алатын қазақ әдебиеті ғасырлар бойы түрлі даму сатыларынан, небір тарихи кезеңдерден өтіп, бүгінгі күнге дейін жетіп отыр. Қазақ әдебиеті тәуелсіздікке ие болған 90-жылдардан кейін-ақ өзіндік сара даму жолына түскенін де бұған дейін бірнеше мәрте айтып өттік. Жалпы, әдебиет саласының шарықтап дамыған тұсы кеңес үкіметі кезеңіне сәйкес келеді. Ал қазіргі қазақ әдебиетіне келер болсақ, постмодернизм үрдісіндегі қазіргі қазақ поэзиясында айналасына көңіліне толмау сарыны бәрінен басым дейді әдебиеттанушы ғалымдар. Лирикалық кейіпкерлер тартысты ғұмыр кешеді. Әлемдегі техногенді заман өзгерістеріне жылы ұшырай алмайды. Байырғы ұлттық құндылықтардың жойылып бара жатқанына наразылық күшті. Тәркі дүние соққыларына төтеп беру қиын.
М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты Тәуелсіздік дәуірдегі әдебиет бөлімінің меңгерушісі, филология ғылымының докторы, профессор Бақытжан Майтановтың пікірінше, қазіргі қазақ поэзиясында тотемдік архетиптердің семиотикалық мәнін бүгінгі шындықты шендестіріп бейнелеуге пайдалану үрдісі кеңінен етек жайып келеді. «Постмодернизм үрдісіндегі қазіргі қазақ поэзиясында айналасына көңіл толмау сарыны бәрінен басым. Лирикалық кейіпкерлер тартысты ғұмыр кешеді. Әлемдегі техногенді заман өзгерістеріне жылы ұшырай алмайды. Байырғы ұлттық құндылықтардың жойылып бара жатуына наразылық күшті. Тәркі дүние соққыларына төтеп беру қиын. Олар жалғанның опасыздығынан түңіледі де, белгісіз бағдарда, уақыт пен кеңістікті сезінбейтіндей жағдайда шарасыздық мұнарына сіңіп кетуге бет алады. Бұл ахуалдың шынайылығын толығымен теріске шығару жасандылыққа, әсіре саясатшылдыққа апарар еді» – деген пікір айтады ол бүгінгі қазақ әдебиетінің бағытына талдау жасай отырып. Жалпы әлемдегі әдебиетке деген көзқарастардың әрқилы болуы себепті қазақ әдебиетінің бүгінгі дамуы да әркелкі, жүйесіз, шашыраңқы болып тұрғаны жасырын емес. Көп жас жазушылар мен ақындар жаңа, тың бағыттарды өз туындысына арқау еткісі келіп, өзінше жаңа жол іздеп сарылуда. Дегенмен, әдебиет өкілдерінің алдыңғы буыны тарапынан кейінгі әдебиет ұрпағы тым сыршыл, тым әлжуаз, өжеттіліктен мүлдем ада, көп жағдайда шарасыздыққа ұласқан сарындағы (махаббат тақырыбы болсын, өмір, табиғат, Отан, тіл т.б. болсын) поэзияға бет бұрып келеді деген пікірлер де айтылып қалып жүр. Біздің ойымызша, мұның басты себебі халықтың рухани, материалды жағдайының жұпынылауы, жұтаңдануы болуы мүмкін. Себебі, әдебиеттің өзін халықтың интеллектуалды деңгейінің бір көрінісі десек, бұл деңгейдің көрсеткіші әрқашан адам дамуының индексіне бағынышты болады. Ал адам дамуының индексі әрине бірінші кезекте халықтың материалды жағдайына тікелей байланысты болады.
Әйтсе, де қазіргі қазақ әдебиетінің дамуы мәселесі айтарлықтай көңіл қуантпаса да, ауыз толтырып айтарлықтай тың дүниелермен толығу үдерісін бастан кешіруде.
Қазіргі замандағы қазақ әдебиетіндегі поэзия, проза, драматургия саласы да өз жемістерін беріп келеді. Әңгімені осы драматургиядан бастасақ. Әлем өркениетіндегі классикалық жанрлар үлгісімен сусындаған қазақ драматургтері де республикамыз егемендік алған кезеңдерден кейінгі түрлі өзгерістерді қабылдай отырып, қоғам мен халықтың мұңын мұңдап, жоғын жоқтайтын өміршең әдебиеттің өркен жаюына өз үлестерін қосып келеді. Бұл орайда Қалихан Ысқақов, Дулат Исабеков, Иранбек Оразбаев (Иранғайып), Сұлтанәлі Балғабаев пьесалары сахнадан түспей келеді.
20-ғасырдың 90-жылдарында ұлттық драматургияның ең басты нысанасы болған Кекiлбаевтың «Абылай хан», Ш.Құсайыновтың «Томирис», М.Байсеркеновтың «Абылай ханның ақырғы күндерi» тарихи драмалары ендi ғана тәуелсiздiк алған елдiңегемендiгiн сақтап қалудағы қиын күрестiңтiрегiнiздеудiң ерекше түрiiспеттi болады.
Мәселен, З.Қабдолов өз өмірбаянын ұстазы М.Әуезов төңірегінде өрбітсе, Ш.Мұртазаның «Ай мен Айшасы» анасының бейнесімен ашыла түскен. Д.Досжановтың «Алыптың азабы» романы да Мұқаңның бейнесін толықтырған еңбек. Ол мұрағат материалдарына сүйенеді. Сондай-ақ бір тақырыпқа, бейнеге әр қырынан келуге болады. Мемуарлық көркем туынды жазу еркіндігімен ерекшеленеді. Көркем прозаның осы түріне Ш.Мұртаза, Ә.Нұршайықов, Қ.Жұмаділов, Қ.Қамбаровтар үлес қосты. Осылардың барлығы да көркем әдебиетке бар өмірлерін арнағандар.
Қазіргі заманның қаламгерлері көбіне бір оқиғаны баяндау, тарихи деректі негізге алу, мистика, фантастика негізінде қалам тербейді. Жас жазушылар қатарын бүгінде толықтырып жүргендер: М.Рсалин («Әр істің түбінде бір қайыр бар», «Адалдық», «Үш жүз шақырымнан іздеп тапқан», «Қасқырлар шабуылы», «Қожайыны үшін кек алған ит», т.б.), Лира Қоныс («Менің Аяным», «Келіншектал», «Тиын», «Ертегі», «Тобырдың тойымсыз жанары», «Сурет», т.б.), Мақсат Мәлік («Шарт», «Аспалы кереует», т.б), Бейбіт Сарыбай («Менің – Қазақстаным», «Өліара», «Рауғаш ерте гүлдейді», «Мейірім», «Қарағаш», т.б.), Мәди Алжанбай («Түс»,т.б.), Мадина Омарова («Жұмбақ», «Мысық», «Сұлулық», «Суретші», «Қария», «Жол үстінде», «Ғажайып көл», т.б.), Ақберен Елгезек («Қара теңіздің ар жағында не бар?», «Болмаған балалық шақ», «Карл Маркс», т.б
Т.Медетбек, Ә.Қайран, Т.Әбдікәкімұлы, Ж.Бөдеш, Б.Сарыбай, Б.Қарағызұлы, А.Жатқанбай сияқты, т.б. ақындар шығармаларынан дәл жоғарыдағыдай дүние сырын қорытудағы оқшау көзқарасты аңғарамыз. Біз жан әлемін терең мұңды, нәзік суреттейтін Н.Оразалин, Ұ.Есдәулет, Е.Раушанов немесе модернизмнің импрессионистік тармағына хас эстетикаға сай жыр толғайтын Г.Салықбаева, М.Райымбек, З.Елғондинова, Ж.Әскербек, Т.Толқын, Ж.Қадырованы т.б. айтып отырғамыз жоқ. Ал, Т.Медетбек, Ж.Бөдеш, Ә.Қайранның мейлінше таза реализм не оның романтизммен аралас құйылымына лайық туындылары да мол екенін жоққа шығармаймыз.Қазіргі қазақ ақындарынан постмодерндік ағымға мейлінше жақын тұрған – Тыныштықбек Әбдікәкімов. Оған өлең құрылымы мен поэтикалық жүйе, өзіне ғана ұқсас ойлау жүйесі куәгер.
Түркі әлемі әдебиетінің негізгі бір тармағы, әрине, өзбек халқының әдебиеті болып табылады. Сонау Махмұд Қашғари, Әбу Райхан Бируни, сонымен қатар Әлішер Науаи сынды әдебиет майталмандарынан бастау алатын өзбек әдебиетінің бүгінгі келбетіне аз-кем назар салып көрсек.
Бүгінде өзбек әдебиеті өзіндік қара дүрсіндік сарыннан ада болып, алуан түрлі қырларымен ерекшеленіп, пішін мен стильдік тұрғыдан анағұрлым кеңірек ауқымға ие болған. Алайда көптеген әдебиеттанушы ғалымдардың пікірінше, шығармашылық еркіндікке ие болған және әдебиет сынында пікірлер плюрализмі етек жая бастаған өзбек әдебиетінде дарынсыз туындылар пайда болу қаупі жоғары.
Бірнеше ғасырлар бойғы басты орында тұрған өзбек поэзиясы ұлттық әдебиеттің көшбасшысы ретінде әлі де өз тұғырынан айрылған жоқ. Поэзияның жаңа буын өкілдері Аман Матчан, Барат Байкабулов, СиражиддинСайид, Нармурад Нарзуллаев, Шавкат Рахман, Шолпан Ерғаш, Әзім Сүйін, Осман Әзім, Икрам Атамурад, Абдуәли Құтбиддин, Әзиз Сайд, Бахрам Рузимухаммад, Мухаммад Юсуф, ИкболМирза, Фахриер, Зеба Мирзаева, Гулжамол және басқа да ақындар шығармашылығында өмірлік дүниетаным мен ондағы поэтикалық түйсікжаңа белеске көтерілді.
Қазіргі өзбек поэзиясында Орта Азия ойшылдарында кездесетін өнеге айту немесе айрықша ойлар айту үрдісі байқалмайды. Керісінше заманауи поэзия өкілдері өз туындылары арқылы адам жанының күрделі қырларын ашуға тырысу мен адам сезімдерінің сырларына қанығу деген ұмтылыс байқалады. Адамның рухани байлықтарын меңгеру, зерттеу де дәл қазіргі поэзия өнімдерінен көрініс табады.
Қазіргі поээияға тән сипаттар Ш. Рахманның "Түркілер", "Мойындау" ("Икрор"), А.Сүйіннің "Тәубе"; ("Истигфор";), "Ақ пен қара"; ("Оквакора";), А.Құтбидиннің"Түсіндірмесіз сөздік"; ("Изохсизлугат";), А.Сайдтың"Түс"; ("Туш";), "Жол"; ("Йул";) шығармаларында кездеседі. Бұл кезең поэзиясы тән сипаттар пішіндер мен стильдердің әртүрлілігі, Шығыс пен Батыс поэзиясының озықдәстүрлерін жинақтау болып табылады. Басты қасиеттерінің бірі өзбек поэзиясының өз бастауларына қайта оралып келуі, шынай сезімдерді беру, адам жанының сырларын ашып көрсету. Күннен-күнге ой өрісі кең адамдарға арналған элитарлы поэзияның басымдылығы артып келеді. Әрине, бұл оқырман санының азаюына әкелуі де мүмкін, дегенмен өлеңсүйер қауымның эстетикалық талғамының өсуіне әсер етіп, көркем сөз бен бейнелі суреттеудің өз дәрежесінде түсінілуіне ықпал етеді. Қазіргі поэзия өз оқырмандарының деңгейін көтеруге септігін тигізеді.
Қазіргі өзбек өлеңсүйер қауымы ешбір тыныс белгісі жоқ нәзік поэзияны да, абстрактылы поэзияны да, суфилердіңкөпмағыналы поэтикалық шумақтарын да қабылдауға дайын. Бүгінде өзбек оқырманының эстетикалық талғамы айтарлықтай өскен, поэзияны тереңнен түсінуі, ұйқас қуушылық пен нағыз шынайы поэзиялық туындыны қабылдау қасиетін бойларына сіңірген.Егер қазіргі өзбек ұлттық поэзиясыжаңа буын өкілдерібелсенділігінің артып, жаңа есімдердің пайда болуымен ерекшеленсе, прозада аға буын өкілдерінің дәстүр жалғастығы байқалады. Мәселен, Адыл Якубов, Сайд Ахмад, Шүкір Халмирзаев, Уткур Хашимов, Аман Мухтар, Тахир Малик, Мурад Мухаммад Дуст, Тогай Мурад, Эркин Агзамов, Хайриддин Султанов, Хуршид Дустмухаммад, Назар Эшонкулов, Нармурад Наркабилов, Тухтамурад Рустамов, Абдукаюм Юлдашев, Рахим Атаули және т.б.Бұл кезеңдегі өзбек прозасының басты ерекшеліктері болып кездейсоқ шығармашылық шешімдер мен белгілі бір қағидаттардың бұзылу үрдісі саналады. Аман Мұхтардың"Көпжүзділік" ("Мингбиркиёфа") метароманында, Н. Эшанқұлдың "Қара кітап" ("Коракитоб") атты повестінде әлем прозасында орын алып отырған ең соңғы тәжірибелер қолданылған. "Шамолнитутиббулмайди", Тобутшахар", "Куюн"және т.б. жаңа бағыттағы әңгімелер ұлттық әдебиеттегі жаңа эстетикалық құбылыс. Бұл жазушылардың туындылары өзіндік суреттеу тәсілдерімен, әлемді жаңа көзқараста қабылдауымен және адам жанының ең түкпірін көрсете білумен ерекшеленеді.
Өзбек прозашысы Ш. Халмирзаев өзінің "Олабужи" және "Динозавр" романдарында, "Будуттусган ой", "Озодлик", "Навруз, навруз" әңгімелерінде, Н. Наркабилов өз"Окбуйин", "Комархамйиглайди", "Тогодами" повестерінде, "Орият", "Кувончликун" әңгімелерінде замандастарының көркем бейнесін жасай отырып, суреттеудің дәстүрлі стилін қолданған. Ш.Бутаевтың "Шуроданколганодамлар" повесі мен "Чинара" әңгімесінде, X. Дустмухаммадтың Оромкурси" повесі мен "Жажман", "Ибн Муганни" әңгімелерінде, Тоғай Мурадтың "Отамданколган далалар" романында дәстүрлі баяндау стилі мен әлем әдебиетінің жаңалықтары сәтті сәйкестендірілген. Егер өзбек жазушыларының туындыларына назар салсақ, қазіргі өзбек прозасының адам жанының рухани әлеміне терең бойлап, оның түрлі қырларын жан-жақты ашуға бағытталатынын көруге болады. Ұлттық әдебиет Байнамомо, Ултон, Гулсара, Таваккал, Хусанпалван, Зухра, Эрназарпалван, Усар Кукламсекілді жаңа әдеби кейіпкерлермен толыға түсті.
Қазіргі өзбек драматургиясындағы Ш. Башбековтың"Темирхотин", У. Азимовтің "Кундузсизкечалар", "Бир кадам йул"), У. Хошимовтің "Катагон", А. Ағзамның "УсмонНосир, Кайдасан?", "ДугохиХусайний", А. Ариповтің "Сохибкирон", А. Якубовтің" ФотихиМузаффар...", "Биркошонасирлари", X. Шариповтің "Совчичоллар", Э.Хушвактовтың "Чимилдик", "Алпомишнингкайтиши" секілді пьесаларда қоғамда орын алып отырған өзекті мәселелер қозғалған [6].
Өзінің ерте дәуір заманындағы әлемге танымал болған әдебиет өкілдерімен әйгілі, әлем әдебиетіне Нобель сыйлығын алу арқылы үлес қосқан Шыңғыс Айтматовтай ұлы перзенті бар, түркі халықтарының ішіндегі қазақ халқына тарихи тағдырымен де, географиялық орналасуымен де, тілімен де, дінімен де біршама жақын қырғыз халқының әдебиетінде де біздің әдебиетке ұқсас үдерістер жүріп жатты. Мәселен, тәуелсіздік алған жылдардағы қырғыз әдебиетіне көз салсақ, 90-жылдардағы әдебиет сол кездегі қоғамдық-саяси санадағы болып жатқан өзгерістердің айнасы іспетті болды. С.Ералиевтің «Сүйіктіме хат», Т.Байзақовтың «Махаббат оты», О.Сұлтановтың «Махаббатқа өз жанымды беремін», А.Өмірқановтың «Күн бетіндегі дақ», С.Ахметбекованың «Ақшамдағы әндер», Е.Ерматовтың «Махаббат әні», Ш.Дүйшеевтің «Арбадағы әндер», К.Күлтегіннің «Жолдарға ашылатын қақпалар» және т.б. жыр жинақтары қырғыз поэзиясының шығармашылық ізденіс үстінде екендігінің айқын дәлелі. С.Жусуевтің «Құрманжан датқа» романы эпикалық жанрдағы тарихи тақырыптарды ашудың кең мүмкіндіктері бар екендігінің дәлелі болды. 1998 жылы С.Жусуевтің аталған романы мен Б.Сарноғаевтің «Асуда берілген есеп» атты жыр жинағы Қырғыз Республикасының Тоқтағұл атындағы Мемлекеттік сыйлығына ие болды. 1991 жылы А.Матисақовтың «Сүйменқұл туралы аңыз», С.Раевтың «Қолына күн ұстаған бала», Ж.Саалаевтың «Шарасыздық әндері», Б.Бұғыбаевтің «Ақ боран» кітаптары жастар сыйлығын алды. А.Өмірқановтың «Жасыл жапырақ»(1990), Т.Самудиновтың«Сөздерден әр кетпесін» (1992), Қ.Сабыровтың «Өсиет», К.Күлтегіннің «Жолдарға ашылатын қақпалар», Ф.Абдалованың «Ай жарығында», А.Ақбаровтың «Құдайдың әні» (2001) атты жыр жинақтары Қырғызстан жазушылар Одағының Алықұл Осмонов атындағы сыйлығын алды.
Жаңашылдық ізденістер Ш.Айтматовтың «Кассандраның таңбасы» романы мен «Шыңғысханның ақ бұлты» повесінде байқалады.Т.Қасымбековтың толықтырылған және қайта өңделген «Сынған қылыш» романы, О.Дәнікеевтің «Басқын», С.Жетімішевтің «Адамдар арасында», А.Жақыпбековтың « Теңір Манас», Е.Тұрсыновтың « Отан», Қ.Жүсіповтың «Манас» («Манас» эпосының ізімен), Қ.Жүсіпәлиевтің «Суық қабырғалар», А.Стамовтың «Қашу», К.Акматовтың «Күнді айналған жылдар», М.Абакировтың «Қатігез ғасыр» туындылары қырғыз прозасында оқиғаларды бейнелеуден оларды ддраматизациялауға, хабарлау концепциясынан көркемдік жинақтауға және кейіпкерлердің ішкі әлемін ашуға қарайойысқанын көрсетеді. А.Жақыпбеков өзінің «Манас» эпосының желісімен жазылған «Теңір Манас» романында ол өлең түрінде жазылған сюжеттік негізді ала отырып, оны прозаға айналдыруға тырысқан. 1996 жылы А.Жақыпбеков, 2000 жылы Т.Қасымбеков Қырғыз Республикасының Тоқтағұл атындағы Мемлекттік сыйлыққа ие болды. Қырғыз халқының өміріндегі үлкен оқиғалардың бірі Т.Сыдықбеков пен Ш.Айтматовқа Қырғыз Республикасының Батыры атағының берілуі болды. Молда Нияздың, Молда Қылыштың, Арыстанбектің, Боғашының, О.Сыдықовтың, К.Тыныстановтың, Б.Кененсариннің және т.басқалардың көркем мұралары жариялану үстінде.
Қырғыз әдебиеті өзінің тарихи даму барысында халықтың рухани баюына жол ашты, сондықтан ол ұлттық байлық болып табылады. Бұл әдебиет өмірдің алуан қырларын тану формасы бола отырып бүкіл әлемдік көркемдік мәдениетте өз орнын алады деуге толық негіз бар.
Азербайжан әдебиеті. Тәуелсіздік алғаннан кейінгі он жыл ішіндегі әдебиет әзербайжан әдеби сынында өзіндік жаңа стиль қалыптастыруды көздейтін өтпелі кезең ретінде тарихта қалды. Бұл уақыт аралығында ел әдебиеті өзінің эстетикалық бағыттарын түгелдей айқындаған еді. Алайда өз ұстанымдарына берік постмодернистер классикалық әдебиетті әлі күнге сынға алып, ирониялық ревизиялауын жалғастырып келеді. Оларға Физули, Ахундов, СамедВургун, Расул Ырза сынды кеңес кезеңіндегі әдебиет майталмандары ретінде есептеліп келген әдебиет өкілдерін олар мойындамақ түгілі, жоққа шығаруда. Ал қазіргі әзербайжан прозасында (Анар, М. Сулейманлы, Н. Расулзаде, Р. Рахманоглы) детектив, фантастика, антиутопия, түрік мифологиясы, шығыс сюрреализмі элементтері көрініс тауып отыр. Стильдік және концептуалдық тұрғыдан алғанда Анар, А. Айлисли, Р.Ибрагимбеков, Елшін, И.Муган, С.Ахмедлі, Н. Расулзаде, А.Абдулла, С.Алышарлы, А. Масуд секілді белгілі орта және аға буын әдебиет өкілдерінің прозасында адам жанының ашылмаған құпиялары мен қырларын ашу, көрсету үрдісі қарқын алды. Сонымен қатар қазіргі әзербайжан әдебиеті үдерісінде ақындардың ірі прозаикалық шығармаларға қалам сілтеу тенденциясы орын алып отыр. Бұған мысал ретінде Р. Ровшан мен Ф.Годжа повестерін, С. Рустамханлының «ГекТанры», И. Фахмидің «Актриса» және «Қарғаның ұясы», С.Сехаветтің «Некролог» романдарын келтіруге болады. Бұл әрине ең алдымен оқырмандар тарапынан сұранысқа ие болып отырған болса, екінші жағынан уақыттың жанрлық талабынан туындап отырған құбылыс. Қазіргі әдеби әлемде жаңа әзербайжан реализмі күннен-күнге күш алып келе жатыр. Идеологиялық тыйысдардың жойылуы әдебиеттің жас буын өкілдерінің ұлттық тарих пен этникалық сипатқа бағытталды. Осы тұста Э. Гусейнбейлидің «Он үшінші апостол немесе жүз қырық бірінші Дон Жуан» тарихи-синтетикалық романы мен Ю.Огуздың «Шах-Аббас» тарихи романын атап өтуге болады.
Жанрдың синкретикалығымен ерекшеленетін қазіргі әзербайжан әдебиеті бүгінде дәстүрлі пішіндерден бас тартып, жаңа жанрлық кеңістіктерді іздеу үстінде. Қазіргі Әзербайжан әдеби үдерісіне тән белгілердің бірі Джойс, Сартир, Бахтин, Лосев,Эко және т.б. авторлардың теориялық және эстетикалық ұстанымдарына сүйенеді. Еуропа әдеби дәстүрінің көркемдік эстетикалық идеяларымен қанығып, бойларына әбден сіңірген қазіргі әзербайжан жазушылары шығармашылығы өзіндік жол табуға, жаңа пішін мен мазмұнға ие болуға талпыныс жасап отыр [4]. Сондай-ақ, бүгінгі әзербайжан әдебиетінде байқалып келе жатқан тағы бір үрдіс ол верлибр мінезі басым болып келетін туындылардың көптеп жазыла бастауы дейді әзербайжан әдеби сыншылары. Дегенмен, бұл үдеріс дәстүрлерді сақтау арқылы жүзеге асып отыр. Мұнің басты себебі, әзербайжан әдебиеті мен түрік әдебиетінің өте жақын қарым-қатынаста дами түскені деп білеміз. Әсіресе түрік поэзиясының өкілі Назым Хикмет поэзиясының ықпалы бұл тұста өте зор. Әрине, верлибр жанры бұрын да И.Исмаилзаде А. Салахзаде, В.Самедоглу, Ч.Алиоглу, В.Баятлы секілді жекелеген әзербайжан ақындарын қызықтырған болатын. Бірақ бұл жанрдың бүгінгідей кең ауқымда тұтастай бір тенденцияға айналғаны алғашқы рет орын алып отырған жағдай. Верлибр жанрына түсінік бере кетсек, (фр. vers libre) бұл — рифмометериялық композициядан еркін өлең, еуропа қоғамында, әсіресе ағылшын поэзиясына тән, 20 ғасырда кең етек алған жанр [5]. Әзербайжан әдебиетінде жаңа дарынды велибристер толқыны па йда болды. Олар: С.Бабуллаоглу, А.Мирсеид, А.Кюр, Э.Башкечид, Г.Херисчи, Э.Караханлы, Акшин, Ниджат, З.Азамат.
Әзербайжан әдебиетінің соңғы онжылдығына көз жүгіртер болсақ, ондағы поэзияның дәстүрлі бағыты бойынша дамып келе жатқан шығармашылық әлі күнге дейін өз мәнін жойған жоқ. Дегенмен, бұл бағыттың да жыл өткен сайын тақырыптық және ритмдік-интонациялық палитрасы өзгеріске ұшырауда дейді әзербайжан ғалымдары. Жалпы, бұл жылдар драматургтер шығармашылығының анағұрлым жемісті болуымен ерекшеленеді. Олар осы соңғы кезеңде үлкен белестерден көріне білді. Бұған дәлел Ф.Годжа, Елшін, К.Абдулла, А.Масуд, Г.Мираламов, Э.Гусейнбейли, А.Рагимова, Р.Акбера және т.б.жазушыларының пьесаларының сәтті қойылымдары. Ф. Годжаның «Үшіншілер» трагедиясы республиканың әлеуметтік-тұрмыстық және қоғамдық-саяси өмірінің айқын көрінісін береді. Бұл соғыс құрбандары армяндар мен әзербайжан халқы өкілдері арасындағы құрылған аралас некедегі ащы тағдырлар туралы пьеса. Әзербайжан драматургы А.Амирлидің пьесаларының арасындағы сәтті сахналық қойылымға ие болған «Меценат» пьесасы болды. Оның сюжеті әзербайжан мұнай магнаты ГаджиТагиевтің қайырымдылыққа қосқан үлесі мен оның кеңес кезеңінде трагедиялық өміріне арналады.
Жалпы, түркітілдес халықтардың бірі әзербайжан халқының кеңес үкіметі құлағаннан кейінгі әдеби сахнаның жай күйі осы сценарий бойынша дамып келеді. Оның әдеби өміріндегі өзге елдердікіне ұқсамайтын, дәл сол елдің өзіндік тарихи келбетіне байланысты түрлі құбылыстар оны ортақ әдебиеттен оқшаулайды. Дей тұрғанмен, қашанда бір бұлақтан сусындаған түркі әлемі әдебиетінің бір бөлігі болатын әзербайжан әдебиетімен өзге де түркі әдебиеттері тармақтарын байланыстырып жатқан жайттар өте көп. Дәл сол факторлар осы халықтар әдебиетін көзге көрінбес сиқырлы жіппен байланыстырып отырғаны де белгілі.
Түркі тілдес халықтар ішіндегі қазаққа етене жақыны, ежелден бауырымыз деп бір-бірін айрықша құрмет тұтатын ағайындардың бірі башқұрт халқы. Өмірінің жартысын башқұрт сатира журналына арнаған башқұрт жазушы-сатиригі, «Акторна» халықаралық конкурсының ұйымдастырушысы (Башқұртстан, РФ) Марсел Салимов түркітілдес халықтардың арасындағы әдеби аударма туралы аудармалардың бәрі алдымен орыс тіліне аударылып, содан кейін барып қана түркі ағайындардың тіліне аударылатыны жайында айтады. Әрине, оның барлығы түркі халықтарының арасында тілдік ұқсастықтары болса да олардың дәнекершісі орыс тілі болып тұрғанын және бұл өзара әдеби түсіністікке өз әсерін тигізеді деген ой айтады. Бұл жайт та түркі әлемі әдебиетінде орын алып отырған қазіргі жағдайды айқын көрсетіпбереді.
Жалпы, түркі әлемінің бір бөлшегінен саналатын ұлттардың қазіргі әдеби ахуалына жеке жеке тоқталып өттік. Кез келген әдебиет өзінің даму барысында түрлі кедергілер мен өзгерістерге ұшырайтынын ескерсек, түркі халықтары әдебиеті де бұл үдерістен тыс қалған жоқ. Әсіресе ТМД аумағындағы түркі халықтарының әдебиеті кеңестік империя құлағаннан кейінгі кезеңде, тоқсаныншы жылдары, қалыптасып қалған қағидалардан бас тартып, өзіндік жаңа жол, жаңа арна табуға тырысты. Мұны біз осы мерзім ішінде жарық көрген туындылардың мысалынан көрдік. Яғни, қоғамдық ой санасы өзгерістерге ұшыраған жаңа оқырмандарға жаңа әдебиет бет бұрды. Осы тұстан бастап түркі әлемі өзінің тарихи зердесін оятып, өткеніне көз жүгірте бастады, өзінің біртұтас тарихи болмысын қалыптастыру үдерісіне аяқ басты. Алыстағы түрік ағайындармен байланыс нығая түсті. Беті жылдар бойы жабулы қалған архивтер ашылып, жаңа деректер пайда болғаннан кейін әдебиет өкілдеріне оны өз шығармашылығында пайдалануға кең жол ашылды. Түркі халықтары әдебиетінің бірігуіне сондай ақ қазіргі әлемде тез қарқынмен жүріп жатқанжаһанданудың халықтардың тіл мәселесін болу не болмау деген тұрғысында алғашқы кезекке шығаруы түрткі болды. Бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығару қажеттігі туындағанын да айтып өттік. Түбі бір түркі жұртының ортақ материалдық және мәдени игілігін сақтап, дамыта отырып, болашаққа ұрпаққа аманат етуді көздеген түркітілдес елдердің халықаралық ұйымы өзінің бастауын 1992 жылдың ішінде Бакуде және Ыстамбұлда өткен Әзірбайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Түркия және Түркіменстан мәдениет министрлерінің кездесулерінен алады. Сол кездесулерде еуразиялық кеңістіктегі түркі мәдениетінің қайнарларын бірлесе дамыту үшін ынтымақтасуды көздеген бұл жоба 1993 жылғы 12 шілдеде Алматыда Түркі мәдениеті мен өнерін бірлесе дамыту ұйымын құру жөнінде келісім жасады. (ТҮРКІСОЙ атауы түріктің «TürkKültürveSanatlarıOrtakYönetimi» деген сөздерінің аббревиатурасынан алынған). Бүгінде ол 14 түркі елдерін біріктіреді. ТҮРКІСОЙ түркі мәдениетіне қатысты көптеген халықаралық ауқымды шараларға мұрындық болды. Айталық, Ұйым бастамасымен түркі халықтарының ортақ мерекесі - Наурыз мейрамы Парижде, Ұлыбританияда, Еуропаның көптеген мемлекеттерінде аталып өтілуде. Біріккен Ұлттар Ұйымы Наурыз мерекесіне халықаралық мәдениет құндылығы мәртебесін берді. Ұйым қызметі аясында қазақ халқының эпикалық ауыз әдебиетінің көрнекті үлгісі «Қыз Жібек» жырының 500 жылдығы, түркі жұртының көптеген елдерінің дастаны «Алпамыс батыр» жыры халықтарымыздың ортақ құндылығына айналды. «Түркі дүниесінің бесігі - Алтай» халықаралық форумы өткізілді. 2011 жылды түркі дүниесі татар әдебиетінің классигі Ғабдолла Тоқай жылы ретінде атап өтті. Ортақ мәдениеттің негізінде құрылған ТҮРКІСОЙ қазір ешқандай саяси астарсыз, тек халықтар арасындағы достықты нығайту үшін қызмет етіп келеді. Түркі өркениеті әлемдік өркениеттердің қатарынан ойып орын алуға әбден лайықты. Оның тарихи да, мәдени де алғышарттары жеткілікті. Әлем түркі этносының қайта ояну дәуірінің куәсі болуда[7]. Түркі мемлекеттері, түркі халықтары арасында әртүрлі саяси, экономикалық, мәдени, ағартушылық байланыстар орнауда. Сондай нақты іргелі істің бірі - Астана қаласында елбасы Н.Назарбаевтың бастамасымен халықаралық Түркі академиясының шаңырақ көтеруі болып отыр.«Түркі дүниесі»альманахын жыл сайын болатын Түркі кеңесінің саммиті қарсаңында ғылыми халықаралық басылым ретінде шығару дәстүрге айналмақ.Бұл альманах қазақ, түрік, әзірбайжан, қырғыз, орыс, ағылшын тілдерінде жарық көріп отыр. «Асыл мұра» антологиясынажалпыадамзат өркениетінде өзіндік орны бар түркі халықтарына тиесілі жазба ескерткіштер мен түркі халықтары тарихындағы ұлы тұлғалардың еңбектерін қамтитын ҮІІІ-ХҮ ғасырларда хатқа түскен ортақ мұралардан, дербес тілдік белгілері айқын ХҮІ-ХҮІІІ ғасыр түркі жәдігерлерінен және қазіргі түркі әдебиетінің классикалық шығармаларынан үзінділер іріктелді. Антологияға жалпыадамзат өркениетінде өзіндік орны бар түркі халықтарына тиесілі жазба ескерткіштер мен түркі халықтары тарихындағы ұлы тұлғалардың еңбектерін қамтитын VІІІ-ХVІ ғасырларда хатқа түскен ортақ мұралардан – Күлтегін (VIII ғ.), Тоныкөк (VIII ғ.), Білге қаған (VIII ғ.) ескерткіштерінен, «Қорқыт ата кітабынан» (VIII ғ.), түркілердің асыл мұрасы – қырғыз эпосы «Манастан»;Әбу Насыр әл-Фарабидің (ІХ-Х ғғ.) «Мемлекет қайраткерлерінің нақыл сөздері» трактатынан, Жүсіп Баласағұнның «Құдатғу білік» дастанынан (ХІ ғ.), Махмұд Қашқаридің «Диуани лұғат ит-түрк» сөздігінен (ХІ ғ.), Қожа Ахмет Йасауидің «Диуани хикметінен» (ХІІ ғ.), Ахмет Йүгінекидің «Хибатулхақаик» кітабынан (ХІІ ғ.), Низами Гәнжауидің шығармаларынан (ХІІ-ХІІІ ғғ.), «Кодекс куманикус» ескерткішінен (ХІІІ ғ.), Қажы Бекташ Уәлидің (ХІІІ ғ.), Юнус Эмренің (1238-1321 жж.) шығармаларынан, Рабғузидің «Қисса-с-уланбийа» еңбегінен (ХІV ғ.), Хорезмидің «Мұхаббат-наме» дастанынан (ХІV ғ.), Сайф Сараидің «Гүлістанбит-түрки» аударма дастанынан (ХІV ғ.), Әлішер Науаи (1441-1501 жж.) шығармаларынан; дербес тілдік белгілері айқын ХVІ-ХVІІ ғасыр жәдігерлерінен - Махмуд ибн Әлидің «Нахджул-фарадисынан» (ХVІ ғ.), Физули Сүлейман Бағдади (ХVІ ғ.) өлеңдерінен, Захир ад-дин Мұхаммед Бабырдың (1483-1530 жж.) «Бабырнама» шығармасынан, Қадырғали Жалаиридің «Жамиаттауарих» (ХVІІ ғ.) жылнамасынан;қазіргі түркі әдебиетінің көшбасшылары (ХІХ-ХХ ғғ.) - қазақ әдебиетінің өкілі Абай Құнанбайұлының (1845-1904 жж.), түрік халқының өкілі Зия Гөкалыптың (1876-1924 жж.), түрікмен әдебиетінің өкілі МолланепесКадырбердыоглының (ХІХ ғ.), өзбек әдебиетінің өкілі АбдурауфФитраттың (1885-1938 жж.), татар әдебиетінің өкілі Ғабдолла Тоқайдың (1886-1913 жж.), башқұрт әдебиетінің өкілі Ақмолда Мұхамедияровтың (ХІХ ғ.), қырым татарларының өкілі Исмайыл Гаспыралының (1851-1914 жж.), қырғыз халқының ақын-жырауы Тоқтағұл Сатылғановтың (1864-1932 жж.), әзірбайжан әдебиетінің көрнекті өкілі Хусеин Джавидтің (1882-1941 жж.), қазақ халқының бірегей ақыны Мағжан Жұмабаевтың (1893-1938 жж.) шығармаларынан үзінділер топтастырылды[8]. Туғанына 85 жыл толған түркілерге ортақ қырғыздың әлемге әйгілі жазушысы Шыңғыс Айтматовтың бұл мерейтойы барлық түркі мемлекеттерінде аталып өтуде.Сонымен қатар, 2013 жылдың ақпан айында қазақтың көрнекті жазушысы – ТөленӘбдік Түркі әлемі әдебиетінің жыл адамы атанды. Анкарадағы Еуразия Жазушылар Одағы осындай шешім қабылдады. Түркі әлемі әдебиетінің басын біріктіретін ұйым қазір Төлен Әбдіктің бірнеше шығармаларын түрік тіліне аударып жатыр. Кейін бұл кітаптар арнайы өткізілетін конференцияда таныстырылады.
Еуразия Жазушылар Одағы 2006 жылы құрылған. Мақсат – түркі тілдес елдердің әдебитеттерін бір біріне кеңірек таныту. Бұл ұйым жыл сайын жылдың әдебиет адамын таңдап тұрады.
2013жылы 6 қарашада Түркі Академиясының ұйымдастыруымен түркі кеңістігіндегі әйгілі ақын-жазушылар мен әдебиеттанушы-ғалымдарқатысқан «Шыңғыс Aйтматов және қазіргі түркі әлемі» халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясы болып өтті.
Шығыс елдерінің тарихын зерттеудің ұзақ кезеңін жинақтай келе мынадай қорытынды жасауға болады. Бүгінгі таңда негізінен деректерді жинақтау кезеңі аяқталды. Соңғы екі ғасырда ғалымдар жинаған қыруар деректер қорыжаңа көзқарастағы ғылыми еңбектер мен зерттеу жұмыстарының жасалуын талап етіп отырғандығы тағы аян. Осы істің қажеттілігін айқын түсінген ғалымдар бірлесе жұмыс жасап отырғанмен, бұл бағытта әлі де көп жұмыс атқарылып, қаншама деректер толықтай зерттеліп, игерілуі қажет.Түркі әлеміне ортақ әдебиеттің жаңа кезеңі дәуірлеп, одан туындайтын тың әрі тарихи дүниелер бүкіләлемнің ортақ мәдени әрі тарихи құндылығына айналуы тиіс. Жаңа мүмкіндіктер мен жаңа даму сатысына көтерілген түркі әлемінің әдебиеті бірлесіп, ортақ бір дәуір әдебиетіне айналуы тиіс деген пікір де түркітілдес мемлекеттер ғалымдарының жиі айтып жүрген пікірі. Бұл пікірді қолдаушылар да, оның нақты әлемдік сахнадағы тарихи мәнінің дұрыстығын дәлелдеп жатқандар да баршылық. Және осы төңіректегі ойлардың дәйектілігін, деректілігін, маңыздылығын ел болып, халық болып түсінгеніміз жөн.
Сондықтан да сонау ықылым заманнан бізгежеткен бүкіл түркі әлеміне ортақ мәдени, тарихи мұраларды сақтап, оны кейінгі ұрпаққа таза, саф күйінде жеткізу бүгінгі күннің негізгі міндеті болып тұр. Ендігі мақсат осы мұраларды қалайда сақтап қалу болса, бұл мақсатты іске асыру әсте де оңай дүние емес. Осы себептен де қазіргі кезде жеке-жеке өз алдына егемендігі бар, өзінің жеке дара саясаты бар, дегенмен сонау түп-тамыры бір жерден өсіп-өнген түркі халықтарының бірігіп, бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып, бес саусақты бір жұдырыққа жұмылдырып, күш біріктіруі аса маңызды.
Достарыңызбен бөлісу: |