Қай халықтың болмасын, тұрмысы мен танымындағы бар дүние сол халықтың жадында сақталып, тек тілінде ғана көрініс табады. Тіл арқылы халықтың тарихын, салт-дәстүрін, мінезін, менталитетін танимыз. Халықтың дүниетанымы негізінде қалыптасқан мәдениеттің кейбір құпия сырлары тілдегі символ сөздерде жасырынған. Қазақ халқының ұлттық танымында қалыптасқан әрбір түр-түстік символдар халықтың рухани-материалдық мәдениетінен де, салтынын да орын алады. Бұл әр халықтың түр-түс табиғатын өзінше танып, өзінше анықтап, өз тілінде ат қойып, күнделікті қолданысына енгізуіне байланысты болса керек. Мәселен, ақ сөзімен келген тіркестердің мазмұны қазақ халқының ұлттық дүниетанымында қасиеттіліктің символдық галереясын сомдайды [4].
Басқа халықтар сияқты қазақ халқы үшін де ақ түсі қашанда игі, жақсы қасиеттердің белгісі болып есептеледі. Бұл түсінік халық арасына терең ұялап, оның тілі мен ойлау жүйесінен орын алған. Сондықтан, қазақ халқы өз қыздарының бойындағы сұлулықты ақ түсімен байланыстырып бейнелеген. Ақ етті, ақ маңдайлы, ақ сазандай т.б.
Сондай-ақ «Қыз Жібектің ақтығы Наурыздың ақша қарындай», Ақжүністің өзі айтатын: «Қара жерге қар жауар, Қарды көр де етім көр» деген теңеулерде де фольклорлық, мифологиялық астар бар. Таңның ағарып атуы ақ түсті қасиетті ұғым деп тануға жетелеген. Оның бір дәлелі − «Алдыңнан ақ Күн тусын» деген тілектің айтылуы.
Алма бет тіркесі қазақ қыздарының бетінің ұшы алмадай қызыл болып тұратындығын көз алдыңа елестетеді. Ал, алма мойын деген тіркесті естігенде қыз баланың мойны алмадай жұмыр, жылтыр, теп-тегісекендігін көз алдыңа келеді.
Қазақ халқы қыздарын алтындай бағалап, құрметтейтін болған. Осыған байланысты, алтын айдар, қалам қас, ай қабақ, алтын кірпік деп қыздарының сұлулықтарын бағалап отырған.
Қазақ қыздары қашанда имандылығымен, инабаттылығымен, парасаттылығымен ерекшеленген. Сол себептен қазақ халқы өз қыздарын сұлулықтың символы, тіршіліктің сәні гүлге балап, оларды өмірдің гүлі деп есептеген. Қыз - өмірдің қызғалдағы, -деп нәзік жанды аруларды ерекше бағалаған. Қыр гүліне тән нәзіктік пен батылдық бір бойына жарасқан қазақтың қыздарына тәнті болған жазушыларымыз шығармасына арқау етсе, ақындарымыз инабаттылығы мен нәзіктігін әнге қосып, өлең өрнектерімен көмкерген.
Халқымыздың қызға қатысты фразеологизмдерінде құстардың ішінде аққу, тоты секілді құстардың алынуы тегін емес. Өйткені қазақ халқы аққу құсын тазалық пен сұлулықтың, ал тотыны кербездік пен әсемдіктің символы деп есептеген. Аққулар – ұзақ өмір сүретін, өте әдемі, маңғаз, аса талғампаз әрі тәкаппар құстар. Өз сұлулығымен жұртты таңғалдыратын аққу табиғаттың әсем жаратылысы болғандықтан, қазақ халқы сұлу да көрікті қыздарын аққуға теңеп аққудың көгілдіріндей, аққудайын сыланып, тотыдайын таранған, аққу мойын ару сияқты тіркестерді келтірген.
Құс атаулысын халқымыз жақсы көріп, тіпті, өз қыздарының аттарын Қарлығаш, Бұлбұл, Аққу, Ақсұңқар деп қойған. Сонымен қатар, әсем де нәзік жаратылыс құстардың бойындағы кейбір қасиеттерді өз қыздарына ұқсатып тотыдайын таранған, сұқсырдай сыланған деп еркелете теңеген. Жан-жануарлардың ең әдемісі, даланың еркелері маралға, киікке, ақбөкенге қыздарын ұқсатқан.
Ежелден мал шаруашылығымен айналысқан ата-бабаларымыз, төрт-түлік малға жақын болған. Төрт түлікті ерекше құрметтеген. Өз перзенттерін «құлыным, қозым, қошақаным, ботам» деп, айналып-толғанып, еркелетіп отырған. Сұлу қыздарына бота көз, тана көз, жез бұйдалы нар тамақтай , қысыр емген тайдай, жүйрік аттай ойқастап, құнан қойдай бой тастап т.б. теңеулер айтқан. Мұнымен, ұлттық ерекшеліктерін таныта білген.
Тіліміздегі фразеологизмдердің мағыналық астарында халықтың ерте уақыттан бергі өмірінің қыр-сыры жан-жақты сақталып суреттеледі. Халықтың күн-көрісі, тұрмыс-тіршілік негізінде өрбіген түсінік пайымдаулары, соған байланысты қалыптасқан салт-дәстүр, әдет-ғұрыптар тілдік қолданыстағы фразеологизмдерден көрініс табады. Сондықтан фразеологизмдер халқымыздың ұлттық менталдық ерекшелігін бойына сіңірген басты мәдени байлығымыздың бірі болып есептеледі. Әр ұлт тіліндегі фразеологизмдердің тұтас жиынтығы сол ұлт тіліне тән өзіндік бейнелі сөз орамдары арқылы оның бүкіл заттық, рухани, мәдени өмірінен хабардар етеді.
Қазақта қыз баланың, жалпы әйел затының бойынан төменшектік, именшектік, ұялшақтықтан гөрі өжеттік, еркіндік, ақыл, парасат сияқты қасиеттерді жоғары бағалайды. Қазақ қыздарына қайсарлық, өжеттік, тәкаппарлық, көрегенділік пен даналық сияқты қасиеттер ғасырлар бойы ел аузындағы аңыз әңгімелерге, батырлар жырына, ән-жырға арқау болған Тұмар ханшайым, Зарина, Домалақ ене, Айша бибі, Құртқа, Гүлбаршындардан келгені анық. Әйел болмысы, оның еркектен ерекшелігі, ең алдымен, қыз баланың сұлулығынан көрінеді. Мәселен, қазақ тілінде мағыналас тұрақты айтылатын суретті сөз өрнектері қыз баланың сұлулығын айшықтай түседі – ай десе аузы, күн десе көзі бар, ай қабақ, алтын кірпік, көргеннің көзі тойғандай, жүзіктің көзінен өткендей, ай мен күндей, тілмен айтып жеткізе алмайтын, тал бойында бір мін жоқ,үріп ауызға салғандай,қас сұлу, хордың қызындай,жаңа туған айдай,сағағынан үзілген, қырмызыдай ажарлы, сүмбідей әдемі,тал шыбықтай бұралған. «Көз алдымда оның тал шыбықтай бұралған сұлу денесі тұратын» (І. Есенберлин).
«Абайдың "сұлулық" концептісін сипаттауы төмендегі тіркестер арқылы көрінеді: кең маңдай, қолаң шаш, ақ тамақ, қызыл жүз, қара көз, имек қас, қараса жан тоймас, аузың бал, қызыл гүл, ақ тісің кір шалмас, иісің - гүл аңқыған, нұрың - күн шалқыған, үлбіреген ақ етті, ашық жүзді, қақтаған ақ күмістей кең маңдайлы, аласы аз қара көзі нұр жайнайды, ақша жүз, алқызыл бет, маңдайдан тура түскен қырлы мұрын, қолаң қара шашы бар жібек талды, торғындай толқын ұрып көз таңдайды, т.б. Аталған тіркестерден қазақ халқының сұлулық туралы ұғымына сай мағыналары айқын аңғарылады.
Халқымыздың рухани шығармашылығының жемісі, тілдің ажарын кіргізетін, оның құдіретін арттыра түсетін, ойды бейнелеп, астарлап, жеткізетін, ата-бабадан мұра ретінде келген сөз қазынасының дайын қолданылатын үлкен саласы фразеологизмдеріміздің құны баға жетпес. Кешегі өткен тарихымыздан сыр шертетін, халқымыздың таным-түсініктерін өз бойында сақтаған фразеологиялық қорымызда ата-бабаларымыздың философиялық ойлары, дүниені танып-білуі, тұрмыс-тіршілігі, ұлттық мәдениеті көрініс тапқан.
Фразеологизмдердің ерекше қасиеті – олардың құрамында көнелік белгі, сөздердің байырғы күйі, ескілік сипаттары сақталады, тілдің өткендегісі мен бүгінгісін жалғастырып тұрады. Мұнда халықтың байырғы дүниетанымы, салт-дәстүрі көрініс тауып, олар қаз-қалпында беріледі. Сондықтан фразеологизмдерді ұлттық төл мәдениетіміздің қоймасы, оны сақтаушы және бүгінгі заманға жеткізуші деп білеміз.
Қазақ халқының әйелге, оның ішінде қыз балаға байланысты ұғым-түсініктері, қалыптасқан көзқарасы ғасырлар бойғы өмір тәжірибесінде түйінделіп, елеп-екшеліп, сұрыпталудан өткен халық даналығының мәйегі - фразеологизмдерде сақталған.
Халықтың тарихи қалыптасу, даму кезеңдеріндегі тіршілік-тынысын, дүниетанымын, ұлттық ерекшеліктерін, әдет-ғұрпын, адам мінез-құлқын сипаттаудың мақал-мәтелдерден де, фразеологизмдерден де, сондай-ақ олардың құрамындағы, заманның өзгеруіне байланысты көнерген сөздерден де анық көруге болады. Сөз де халықпен бірге бірнеше заманды басынан кешіргендіктен, сөздердің көнеріп тілден шығып қалуы қоғамда болатын тарихи өзгерістерге байланысты.
«Қылышы өткір ұлыстың қызы да өткір,
Сүймейді сені алдымен жылатып алмай (Ж.Жақыпбаев);
Құдықтай тұнық суы тартылмаған, торғын да торғын шаштары тобық көметін Тоты қыздарға деуші едік, шіркін, үйленсек;
Қыздың беті - қызарып піскен алма,
Күннің нұрын уылжып ішкен ол да»
Фразеологизмдер – тілдің мазмұндық жағының көпғасырлық дамуының нәтижесі. Олар бізді қоршаған шындық туралы анағұрлым күрделі ұғымдар мен түсініктерді қысқа әрі ықшамды, бейнелі және эмоционалды түрде беруге өте қабілетті. Алайда әр түрлі жағдайда туындаған фразеологизмдердің жалпы сипаттамасы өзара жіктеледі. Қыз балаға қатысты сипатталатын фразеологизмдердің көпшілігі сырт пішінін, кескін-келбетін, жүріс-тұрысын сырт көзбен қарап, бейнелі түрде салыстырып, бақылау жасау негізінде туындаған. Мәселен, қазақ тілінде кездесетін «Атқан таңдай», «Үріп ауызға салғандай», «Ақбөкеннің таңындай», «Күн шалмаған аппақ», «Ақ күмістей», «Бетінен нұры төгілген», «Аққудың көгілдіріндей», «Аққудайын сыланып, тотыдайын таранған», «Айдай сұлу, күндей көрікті», «Қиылған қас, жазық маңдай», «Сымға тартқандай», «Жауған қардай аппақ», «Маржандай аппақ тісті» тіркестерінен қазақ ұлтының қыз баланың сұлулығына ерекше көңіл бөлгенін, бағалау, сипаттау ерекшеліктерін байқаймыз.
Қазақ халқы көшпелі өмір сүріп көп нәрсе жоғалтса да, тілін жоғалтпады, керісінше, байытып ұрпақтан-ұрпаққа мұра ғып қалдырып отырды. Қазақ ұлтының мәдени өмірінің көрінісі – фразеологиялық қордан ерекше байқалады. Өйткені қазақ фразеологизмдері – халық өмірінің айнасы, ұлт тарихын, мәдениетін танып-білудің қайнар көздері.
Ана тіліміз арқылы сақталып келе жатқан керемет бай этнолингвистикалық мұрамыз, сөз маржандары – фразеологизмдерді халқымыздың мәдени, рухани ескерткіші ретінде сақтап, келер ұрпаққа аманат ету біздің абыройлы міндетіміз.
Пайдаланған әдебиеттер:
Авакова Р.Ә. Фразеология теориясы. – А.: Қазақ университеті, 2009. -292б.
Смағұлова Г. Мағыналас фразеологизмдер сөздігі. Алматы, 2010-252б.
Уәлиұлы Н. Фразеология және тілдік норма. Алматы, 1998
Лауланбекова Р.Т. Түр-түс компонентті күрделі аталымдардың танымдық сипаты (сын есім + зат есім үлгісі бойынша) // http://kk.conv-docs.org/docs/index-36705.html
ҚАЗАҚ ТІЛІ ДЫБЫСТАРЫ ҚҰРАМЫНЫҢ ЗЕРТТЕЛУ ЖАЙЫ
ҚазМемҚызПУ 2- курс магистранты К. Акбажакова
Ғылыми жетекшісі:ф.ғ.к., доцент Г.К.Қайдарова
Қазақ тіліндегі дыбыстарының жасалымын қарастыру үшін, алдымен қазақ тілі дыбыстарының құрамын анықтап алу керек болады. Өйткені қазіргі кезге дейін қазақ тілінің дыбыс құрамына деген көзқарас бір арнаға түскен жоқ. Оқулықтар мен оқу-бағдарламасында болсын, ғылыми монографияларда мен мақалалар болсын дыбыс саны әртүрлі аталып келеді. Қазақ тілінің дыбыс құрамы дұрыс анықталмаса, онда дыбыс түрленімінің жүйесі бұзылады.
Қазақ тілінің дыбыс түрленіміне келгенде зерттеушілердің тек жуан-жіңішкелікке ғана мән беріп отырғанын көреміз. Жуан-жіңішкелікті алғаш аңғарғандардың бірі Н.И.Ильминский болған: «Подобно гласным согласные бывают толстые и тонкие» [1,8 б] деп жазады. Қазақ сөздерінің құрамындағы үндесім белгілердің алғаш аталып отырғанын байқаймыз. Кезінде В.В.Радлов түркі тілдеріндегі л дауыссызының екі түрлі жуан-жіңішке болып дыбысталатынына мән беріп, жазуда екі түрлі таңбалап отырған [2,6 б]. Өзге дауыссыздардың жуан-жіңішкелік белгілерін жеке-жеке таңбаламаған. Дауыссыздардың үйлесім түрленіміне де мән берілмеген болатын.
В.В.Радлов нұсқасы (ХІХ ғ.):
а, ә, е, о, ө, ы, і, ұ, ү; к, қ, х, ғ, г, ж, дж, з, й, л, і, м, н, ң, р, с,
т, б, у(w), п, ш, д
А.Байтұрсынұлы қазақ тілінің дыбыс құрамын анықтағанда да дыбыстардың үндесім варианттарына баса көңіл бөліп отырған. Ғалым қазақ тілінің негізгі әліпби үлгілерін түгендей келіп, «өзге 19 дыбыстардың һәр қайсысы бірде жуан, бірде жіңішке айтылады» [3,324б]. Сонда қазақ тілінде бас-аяғы 43 дауысты-дауыссыз дыбыс бар деген қорытынды жасайды. А.Байтұрсынұлы жуан-жіңішкелік дауысты мен дауыссызға бірдей тән деп қарап, қазақ тілінде 5 дауысты бар деген қорытындыға келеді.
Бұл жерде де қазақ тілінің дыбыс құрамы үндесім тұрғысынан және де тілдің көлденең қалпына байланысты бірде жуан, бірде жіңішке айтылатын дыбыс белгілері ескеріліп отыр. А.Байтұрсынұлы пікірінің ең басты құндылығы деп үндесім әуезінің қазақ тіліндегі барлық дыбыстарға бірдей тән деп отырғандығын айтамыз. Бұл өзіне дейінгі зерттеушілер мән бермеген тілдік (фонетикалық) құбылыстың қазақ тілі үшін маңызын ашып берген нәтиже болды.
А.Байтұрсынұлы нұсқасы (ХХ ғ. басы):
а, ә, ы, і, о, ө, ұ, ү; б, д, ғ, г, ж, з, қ, к, п, т, с, ш, м, н, ң, л, р,
й, у, х, һ
Қазақ сөзінің үндесім айтылуына сол тұстағы қазақ зерттеушілердің бәрі көңіл аударған. Х. Досмұхамедұлы «Бір сөздің жуан, я жіңішке болып екі түрлі айтылуы қазақ-қырғыз тіліндегі әр дыбыстың біресе жуан, біресе жіңішке болып қос айтылуынан» [4,83б] деп түйіндейді. Х.Досмұхамедұлы жуан және жіңішке атылымның артикуляциялық себебін де түсіндіріп өткен: «Дыбыс жуан айтылғанда тілдің түбімен айтылып, тамақтан (көмейден) шыққандай болып сезіледі; сол дыбыс жіңішке айтылғанда тілдің ұшымен сөйлегендей болып, ауыздың алдыңғы жағынан шыққандай болып сезіледі» [4]. Әрине ол кезде қазіргідей қалыптасқан артикуляциялық ғылыми аппарат болған жоқ, сондықтан да анықтама қарапайым тілмен түсіндіріліп отыр. Ғалым «сол дыбыс» деп әңгіме тек бір дыбыстың екі үндесім варианты жайлы айтып отырғандығын баса көрсетеді. Оны қазіргі фонетикалық тілмен айтсақ, дыбыстың «үндесім аллофоны немесе варианты» болып шығады.
Қ.Кемеңгерұлының қазақ тілінің дыбыс құрамын талдағанда «фонема» атауын негізгі фонетикалық бірлік ретінде пайдаланғанын көреміз. Сонымен қатар қажет деген жерінде кейбір дыбыстардың артикуляциясының сипаттамасын берген.
Өткен ғасырдың бірінші жартысындағы қазақ тілінің дыбыс құрамына деген көзқарас сингармонизм фонологиясы деңгейінде шешіліп үлгергенін көреміз.
Қазақ тіліндегі үйлесім түрленім сықылды күрделі дыбыс түрленімі болса бұл кезде де зерттеу нысанына айналмағанын көреміз.
Өткен ғасырдың екінші жартысында қазақ фонетикасы жаңа деңгейге көтерілді, оның басты белгісі ретінде қазақ тілі дыбыстарының әрқайсысына өз алдына артикуляциялық сипаттама беріле бастағаны болатын.
Қазақ тілі дыбыстарының түрленім (вариант) құрамы негізінен қ-к, ғ-г дауыссыздарының артикуляциясына байланысты болды. І.Кеңесбаев «Қ мен к бір фонеманың екі түрлі айтылуы (немесе жуанды, жіңішкелі варианты) деп қарау дұрыс емес» [5,25б] деп, олардың арасындағы артикуляциялық айырмашылықты сөз мағынасын ажыратудың тәсілі ретінде қарастырады, ал қалған «дауыссыздардың әрқайсысының жуан-жіңішкелі болып келуінің фонематикалық мағынаға әсері жоқ» [5,25б] деген қорытындыға келеді. Сол кездегі фонетикалық теория осы қағиданы берік ұстап отырды. Ғылыми еңбектер мен оқулықтарда олар жеке фонема ретінде берілді.
І.Кеңесбаев және С.Мырзабеков нұсқасы (ХХ ғ. екінші жартысы):
а, ә, е, э, ы, і, о, ө, ұ, ү, и, у, я, ю, ё; б, д, ғ, г, ж, з, п, т, қ, к, с, ш,
м, н, ң, л, й, р, у, в, ф, х, ц, ч, щ, һ
Сингармонизм теориясының дамуына байланысты қазақ тілінің дыбыс құрамы үндесім тұрғысынан қайта қарастырыла бастады. Сингармонизм теориясы қазақ тілі дыбыстарының құрамын тек «әліпби дыбыстармен» («әліпби дыбыстар» деп Ә.Жүнісбек қазіргі әліпби тізіміне еніп отырған отырған дыбыстарды атайды) шектеуге болмайтынын көрсетті. А.Байтұрсынұлының ғылыми мұрасын жан-жақты зерттей келіп, М.Жүсіпұлы [6,21б] қазақ тілі дыбыстарының айтылым құрамы күрделі екенін көрсетті. Қазақ жазуының негізінде сингармонизм жатқанын және алдағы уақытта да емле-ережеге сингармонизмнің тікелей қатысы болу керектігін дәлелдеп, ұсыныстар жасаған. Сингармонизмен арнайы шұғылданған Ә.Жүнісбек [7,22б] оның екпін, тон тәрізді сөзқұрауыштық қызметінің табиғатын ашып берді. Үнді-европа тілдерінде екпіннің, буын тілдерде тонның тілдегі дыбыстардың басын құрап, сөз етіп біріктіретін қызметі түркі (оның ішінде қазақ тілі) тілдерінде сингармонизмге тән екен. Соған орай қазақ тілінің дыбыс құрамының әуез жіктелімін ұсынды. Сингармонизм тұрғысынан қазақ тілі дыбыстарының үндесім түрленімін Ж.Нәзбиев «...метод сингармонической сегментации казахской речи... позволяет выявить и описать все проиносительные единицы в казахском языке и провести их сингармоническую интерпретацию» [8,24б] талдап шықты.
Фонетиканың әр түрлі саласындағы мамандар үшін зерттеу нысаны ортақ, ол - қазақ тілінің дыбыс құрамы, бірақ әркім өз тұрғысынан, басқаша айтқанда қай тілдік деңгейде немесе қандай құбылыс ретінде талдайды, зерттеудің мақсаты мен міндеті соған байланысты болады.
Ә.Жүнісбек нұсқасы:
а ә п б м
ы і т д н
е қ(к) ғ(г) ң
ұ ү с з р
о ө ш ж л
й
у(w)
Ә.Жүнісбек ұсынған қазақ тілінің дыбыс құрамының өзіндік ерекшеліктері бар. Ең алдымен қазақ тілі дыбыстарын тізбектеп емес, негізгі белгілеріне қарай топтап береді. Дауысты/дауыссыздар өзара екі топқа жіктеледі. Дауыстылар жуан/жіңішке болып және бөлінеді. Ал дауыссыздар болса, дауыс қатысына қарай үшке бір топталса, жасалу тәсіліне қарай тоғысыңқы/жуысыңқы болып тағы жіктеледі. Қазақ тілі дыбыстарының осылай топталу тәсілі олардың жіктелім көрнекілігін арттырады.
Қазақ тілі дыбыстарының жасалымына ерін қатысы екі түрлі болады. Егер дыбыстардың үндесім (сингармонизм) түрленімін ескеретін болсақ, онда езулік [а, ә, ы, і, е] (А1-3 көрсеткіштері) және еріндік [ұ, ү, о, ө] (А4,5) деп екіге жіктей саламыз, ал егер дыбыстардың үйлесім (ассимилятив) түрленімін ескеретін болсақ, онда езуліктің өзін ашық езулік [а, ә] А1, қысаң езулік [ы, і] (А2) және емеурін езулік [е] (А3) деп үшке, еріндіктің өзін доғал еріндік [ұ, ү] (А4) және сүйір еріндік [о, ө] (А5) деп екіге жіктейміз. Сонда қазақ тілі дыбыстарының жасалымына ерін қатысының өзі бес түрлі болады. Мұның өзі қазақ тілі дыбыстарының жасалымында ерін қатысының маңызы үлкен екенін көрсетеді.
Қазақ тілі дыбыстарының жасалу орны ерін, тіл ұшы, тіл ортасы, тіл арты және тілшік болып табылады. Оның ішінде тіл ортасы [ә, і, ү, е, ө] (Е3) мен тіл арты [а, ы, ұ, о] (Е4) дауысты дыбыстарға қатысты болса, ерін [п, б, м, у(w)] (Е1), тіл ұшы [т, д, н, с, з, р, ш, ж, л] (Е2), тіл ортасы [к, г, й, ң] (Е3) және тілшік [қ, ғ, й, ң] (Е4) дауыссыз дыбыстарға қатысты.
Қазақ тілінің төл дыбыс құрамындағы у таңбасымен белгіленіп жүрген ерін-ерінді, жуысыңқы, тербелімді (үнді) дауыссыз дыбысын орыс тілінің у дауысты дыбысымен шатастыру жиі кездесіп жүргендіктен, оның халықаралық таңбасын жақша ішіне алып, арнайы көрсетіп отырмыз.
Оң жақтағы тік қанат дыбыстардың жасалу тәсілін (Б топтамасы) көрсетеді.
Сөйлеу мүшелерінің қазақ тілі дыбыстарының жасалу тәсіліне қатысы да күрделі болып шықты. Тілдің арқалығы (үсті) мен таңдайдың ара қашықтығына қарай ашық [а, ә] (Б1) және қысаң [ы, і, ұ, ү] (Б2) болып жіктеледі. Сонда дауыстылардың ашық/қысаң белгісін дыбыстардың жасалу тәсіліне жатқызып отырмыз. Қазақ тілінің жасалым негізінің фонетикалық заңдылығын сақтайтын болсақ, солай болуы керек. Сөйлеу мүшелерінің екеу ара қалпына қарай жуысыңқы [ш, ж, с, з, л, р, й, ғ(г) у(w)] (Б3-6) және тоғысыңқы [п, б, м, т, д, н, қ(к), ң] (Б7) болып жіктеледі. Жуысыңқының өзі жайылыңқы [ш, ж, ғ, й] (Б4), жиылыңқы (жинақы) [с, з, й, г, у(w)] (Б3), жанама [л] (Б5) және діріл [р] жуысыңқы (Б6) болып тағы төртке бөлінеді. Тоғысыңқы сол бір қалпында қалады.
Қазақ тіліндегі дыбыстардың жасалым түрленімін талдау тілдің дыбыс құрамына тікелей байланысты. Олай болса, қазақ тіліндегі фонетикалық құбылыстарды, оның ішінде дыбыстардың түрленімін, қарастыру үшін, алдымен қазақ тілі дыбыстарының құрамын анықтап алу керек болады. Өйткені оқулықтар мен оқу-бағдарламасында болсын, ғылыми монографиялар мен мақалаларда болсын дыбыс саны әртүрлі аталып келе жатқандығы көрінді. Өйткені қазақ тілінің дыбыс құрамы дұрыс анықталмаса, онда дыбыс түрленімінің жүйесі бұзылады.
Алғашқы дәуір (ХІХ ғ) зерттеушілері қазақ тілінде отызға жуық дыбысты атап өтеді. Оның себебі қазақ тіліне кейбір кірме дыбыстар мен дыбыстардың аллофон үлгілерін (аффрикат дж, кейбір дауыссыздардың жуан/жіңішке варианттарын) жеке дыбыстардың қатарына жатқызып отырды. Сол кездегі түркі тілдерін зерттеген ғалымдардың бәріне тән пікір болған. Дыбыстардың шеп түрленімі жайлы мәлімет табылмады.
Келесі дәуір (ХХ ғ. басы) зерттеушілері қазақ тілінің дыбыс құрамын анықтағанда да дыбыстардың үндесім варианттарына баса көңіл бөліп отырған. Үндесім әуезін қазақ тіліндегі барлық дыбыстарға бірдей тән деген. Қазақ тілі дыбыстарының шеп түрленімі жайлы арнайы сөз болмағанымен, дыбыс түрленіміне байланысты мәліметтер бар. Араб-парсы сөздерінің кітаби үлгісіне байланысты бірлі-жарым кірме дыбыстар қазақ дыбыстарының құрамына ене бастаған сәт болды.
Қазақ тілі дыбыстарының құрамының бірден өзгерген дәуірі ХХ ғ. екінші жартысы болды. Бұл кезде араб-парсы тілінен енген дыбыстар емле-ереже арқылы заңдастырылды және орыс тілі арқылы енген дыбыстардың сесебінен қазақ тілі дыбыстарының құрамы қырық шақты болды.Қазіргі кезде ғана кірме дыбыстар қазақ тілі дыбыстарының құрамынан шығарылып, төл дыбыстардың құрамы ықшамдалды.
Резюме
Бұл мақалада қазақ тіл дыбыстарының құрамының зерттелуі жайында айтылады.
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі
1. Ильминский Н.И. Материалы к изучению киргизского наречия. - Казань, 1860. -123 с.
2. Радлов В.В. Опыт словаря тюркских наречий. В 4-х томах (8-и книгах). Санкт-Петербург, 1888-1911.
3. Байтұрсынұлы А. Тіл тағылымы. – Алматы: Ана тілі, 1992. -446 б. 4.Досмұхамедұлы Х. Аламан. – Алматы: Ана тілі, 1991. – Б. 81-99.
5. Кеңесбаев І., Мұсабаев Ғ. Қазіргі қазақ тілі. - Алматы: Ғылым, 1975.
- 304 б.
6. Жүсіпұлы М. Ахмет Байтұрсынов және қазіргі қазақ тілі фонологиясы.
- Алматы: Ғылым, 1998. – 215 б.
7. Джунисбеков А. Сингармонизм в казахском языке. - Алма Ата: Нука, 1980. – 78 с.
8. Нәзбиев Ж. Сингармоническое описание произносительных единиц в казахском языке. – Алматы: Ғылым, - 1998. 166 с.
«ҚЫРЫҚ» САНЫНЫҢ ТАНЫМДЫҚ МӘНІ
А.Бақтиярова. ҚазҰПУ 4-курс студенті
Ғылыми жетекшісі: ф.ғ.д., профессор Б.Қасым
«Әр сан өзіндік ерекшелікке ие»
(Пифогор)
Қазақ халқы тілге бай. Әр сөзін талдай білген, әр сөзіне мән берген халық. Қазақ үшін әр сөздің ғана емес, әр санның өзіндік қасиеті, шариғатқа қатысы, тәрбиелік мәні, саналы орны болған. Расында қазақ бір санынан бастап, әр санның қадірі мен қасиетін салмақтап, өзіне тән ерекшелігін саралай білген, орнына, маңызына сай қолданған. Әр санда өзіндік ие болатынын мақсаты мен мағынасы болатынын сезе, түйсіне білген.
«Қырық» саның көне дәуірден келе жатқан ескерткіш, қолжазба, әдебиет мұраларынан білеміз. Бірақ олардың ерекше қасиетке ие болуы жөнінде ешбір жазба деректер қалмаған. Себебі мифтік сандардың адам мен табиғатқа қатынасы сиқырлық пен балгерлікке қолданылуы, өте құпия үйретіліп, атадан балаға мұра болып қалып отырған.
Қырық санының этимологиясы анық емес. Түрік халықтарында, соның ішінде қазақ халқында да қырық саны діни төтемдік ұғымдарға байланысты айтылады. Өлген кісінің артынан қырық күннен соң еске түсіру, қырқынберу, қырық қасық суға түсіру, ауыз әдебиетінде кездесетін қырық күн, қырық түн тәрізді қолданыстар сондай ұғымнан тууы мүмкін.
Жалып, қырық санының грамматикалық сипатын алып қарайтын болсақ қырық және төрт сөздерінің арасында ешқандай ұқсастық жоқ екенін айта келіп, қырық о баста жалпы, көп, мөлшерсіз көп ұғымын берген болу керек те, қырық сөзінің соңғы -қ қосымшасы сондай көптік ұғымның көрсеткіші болуы мүмкін деген жорамал жасалған.
Қырық саның қасиетілігі де, киелілігі де баланың ана құрсағында қырық апта болуынан бастау алған. Қырқынан шығару тұрақты тіркесі, баланы қырқынан шығару ғұрпынан, ескі наным-сенімнен өрбіген. Ескіде сәби дүниеге келгеннен кейінгі қырық күнге дейінгі уақытты қауіп-қатерлі кезең деп есептеген. Осы аралықта баланы тіл-көз тимес үшін көпшілікке көрсете бермеген.
Сәби дүниеге келгеннен кейін, қырық күн өткен соң, ыдыстың түбіне күміс салып, қырық қасық суға түсіріп, қарын шашын алады. Көрші қоланды шақырып, қырық шелпек пісіріп, шай береді. Адам өмірден өткенде, қырық күннен соң, ас беріп, еске алады.
«Адам жаны қырық күннен соң шығады» деген пікір бар. Қазақтың өлік жөнелту салтын ұзақ зерттеген Ш.Уәлиханов бұл жөнінде былай деп жазады: «Қазақ ұғымы бойынша,аруақ қырық күнге дейін өз шаңырағына келіп-кетіп бала-шағасының жай күйін біліп кетіп жүреді. Сондықтан да бұрын өлік шыққан үй қырық күн бойы ымырт жабылғанша, үйдің есігін ашып, оң босағаға шырақ жағып қоятын болған» [ Қайдар, 2004, 37 б.]. Қазіргі уақытта жарықты сөндірмейді, қырқын беру деген сөз осыдан қалған. Ауыз әдебиеті нұсқаларында қырық күн, қырық түн, қырық қыз, қырық жігіт, қырық әузір болып қолданылуына себеп, орта ғасыр магиясы мен көне дәуір мифология-сының әсерінен. Магия ертедегі Вавилон шумерлерінде пайда болып, көне дәуірдегі ғылымның әр саласы, әсіресе, магия өнері күшті өріс алып, Вавилон құдайлардың қақпасы, мифологияның отаны, астрологияның ата мекені аталынған.
Магия өнері арабтарға гректерден Рим, Византия арқылы ауысады да, Орта ғасыр дәуірінде ол кең өріс алып, 2000 жыл бойы (18ғ.д.) халық санасына мол сіңген. Осыған орай қырық саны Орта Азия халықтарына, қазақтарға арабтардың діни ықпалы арқылы еніп, өзіндік қасиетке ие болған.
Магия атадан балаға беріліп отырған. Магиялық өнердің әрбір курсы қырық күнге созылған. Үйренуші адамды психологиялық жағынан әзірлеу үшін жеті құлаш жер астындағы арнаулы мекенге түсіріп, тұзсыз тағам ішкізіп жын-пері шақырып, бақсылық сарындағы аят, дұғалық сөздер оқып, арыстан, айдаһар, қасқыр, самұрық т.б. адамға қауіпті бейнелерді көз алдына елестетеді. Қырық күнде дәу періні бағындырады деп сенген магтар үшін қырық саны әртүрлі дәрежедегі ортақ сан болған. Магтар адамды емдегенде қырық күн сүрені қырық рет оқыған.
Осындай ұғымға ие боған қырық саны қазақ халқына да еніп, қоғамның дамуына байланысты мағыналық өзгерістерге ұшырап, о бастағы ұғымнан сарқыншақтар ғана қалған.
Қырық туралы ұғым ескі дәуірге тән болғандықтан, онымен тіркесіп келген сөз тіркестерінің басым көпшілігін сол дәуірге жатқызуға болады. Қырықтың діни ұғымы басқа елдерде де бар. Мысалы, Стамбул түріктерінде біреуге қырық санымен келетін қайыр-садақа беру бар. Бұл туралы бер қырқы кепар қорқу деген сөз бар. Қырыққа толтырып ақша берсең, қорқыныш болмас деген мәнді білдіреді. Ислам дініне сенетін халықтың барлығы өлген кісінің қырқын береді. Мысалы, татарларда бұл салтты қырқын оздырмақ, орыста сорок дней дейді. Басқы балгерлер баланың ана құрсағанда жетілу кезеніңде киелі сандар қырық апта болады, осыған байланысты адамның бойында қырық пен жеті саны кездеседі деп есептеген. Мұндай жағдай қырық санының киелі деп ұғындырылуына себепкер болған тәрізді.
Құп тәңірім – қырық тәңір әулие,
Аппақ ұғым – Жеті тәңір табиғат (Қазақ бақсы-бал.,)
«Қырық тәңір» - ай, күн, от, су тәрізді негізгі тәңірлерге ілесе айтылатын қосалқы тәңірлер. Мысалы, төрт түлік мал тағы басқалары.
«Ғайып-ерен қырық шілтен.
Тіккені саудагердің қосы ма еді?
Кешегі Төлегенді жамандаған,
Көп дұшпан көре алмаған осы ма еді?» (Қыз жібек).
Араб тіліндегі ғайыф (ғайып) – Ұшқан құсқа қарап алдын-ала болжайтын әулие, ерен-йаран (жаран) сөзінің өзгерген нұсқасы тәрізді. Бұл сөздің йарам түбірі парсы тіліндегі йар-дос-жолдас, жәрдем және йарам – достық, жолдастық, достарына деген мағынадағы сөз болу керек. Сонымен, ғайыб – көрінбейтін ерен –жарандар, қырық және тән сөздерінен құрылған, аударып құрастырсақ «көрінбейтін қырық құдіретті адам» дегенді білдіреді.
Қазақ эпосында кездесетін бұл қырық шілтен образына мынадай діни түсінік бар. Бұл ислам дінімен ұштаса келген алғашқы элемент. Қырық шілтен, ең алдымен, Хорезм, Орта Азияда туады, Түркістан, Тараз, соның бір жағы ертедегі Шашты, Әзиз, Қорқыт культімен байланысты болған. Толстой өзінің «Древний Хорезм» деген еңбегінде: «Қырық шілтен» кейін софылық культіне айналған Мазхаб болған. Олар Орта Азияда қырық-қырықтан ұйысып, ресми дін, саяси тәртіппен жасырын күрескен, өздерінің құпия салттары болған. Орындайтын бастығын Як-тан, төрт құтыбын Палус деген [Доспамбетова, 1987, 10 б.]. Шілте шырақшы деген сөз. Үлкен мазар, обаларды мекендеп, шырақшылық істеген [ҚТТС. 10 б.]. Бұхар тәжіктері оларды ресми дінге жатқызған «қырық қарақшы» – деген. Толстойдың ойынша, шілтендер күндіз мешітке барып, түнде мазарларда болған, шөл кезіп жол тосқан, молдаларды өлтірген, жолаушыларға болысқан, шөлде оларға соқпай өтетін жан болмаған. Екінші жағынан олардан қорқуға болады. Мұндай аңызды орыс ғалымы Андреев Түркістан ауданынан да жазып алған екен. Кейбір деректер шілтендер бала ұрлаған. Шілтендер жақсы жұлдызшы, уақытты аймен санаушы балгер болған. Тәжік аңыздарында қалаға келіп жеміс ұрлаған шілтендер де болған [Доспамбетова, 1987, 12б.]. Шілтен – иран тілінен аударғанда қырық адам қырық әулие деген мағынаны, қырғыз, қазақ халқында қырық қосыла айтылады.
Египет, Месопатия, Грек мифологиясында қырық санының ерекше мәнге ие болуы адамның өлгеннен кейін қырық күн тозақта болып, сұрақ-жауап алынған; кейін жұмаққа баратыны не тозақта қалатынын белгілі болғандынғында деп түсінген. Египет мифологиясында Осирисенің қайта тірілу мифі күн, ай, жұлдыздардың есебіне байланысты болған. Онымен египет абыздары айналысқан. Осыдан барып магиялық, яғни сиқырлы сандар туындаған. Олардың түсіндіруі бойынша, адамның тағдырына ай фазы мен жұлдыз ғана әсер етеді. Бұл бүгінгі күні де астрологтардың, жұлдызшылардың жұлдызнамаларында кездесді.
Абыздар он екі айдағы үш жүз алпыс күнді аспан тәңірі деп білген. Жыл ішіндегі «әулиесі» деп бағалаған да, оның аспан (тәні) саны деп атаған, сол себепті көне дәуір халықтары қырық санын киелі деп білген. Осыған орай, қырық саны қазақ тұрмысынан кең орын алған.
Отыз күн ойланып, қырық күн толғанып – бұл тіркестің мәні ұзақ уақытты білдіреді. «Отыз күн ойланып, қырық күн тойын», «қырық жыл жүріпті». Аталған мысалдарда қырық сөзі қазақ мезгіл, уақытты білдіреді. Қырық күн шілде деп жаздың нағыз аспан айналып жерге түсер ыстығын айтады, ал басқаша айтқанда Үркердің жерге түсуі. Бұл – күннің қысқара, түннің ұзара бастаған кезі. Шілдені қазақ «жазғы шілде», «қысқы шілде» деп екіге бөлген. Қысқы шілде кезінде Үркер нақ төбеде тұрады да, жазғы шілде кезіндегі қырық күнді қазақтар киелі деп түсінген. Халық қырық күнді құдіретті кезең деп білгендіктен, дүниеге келген жас нәрестенің алғашқы қырық күні есебінде қазақ салтына еніп, шілдеханаға айналған деп жорамалдайды ғалымдар.
Көбейер күз басталса, жел менен күз кеткен соң
Қырық күн шілде, сарша тамыз (Айтыс, ІІ, 148 б.).
Қысқа күнде қырық өлді – қайта-қайта қорлық көре беру, ұятқа қала беру туралы айтылып тұр. Қысқа күнде қырық жерге қойма қойды – қайта-қайта бәле туды, айла-шараға тұзағын құрды. Бұл екі тіркес ауқыттың жиілігін білдіреді. Жоғарыда келтірілген мысалдардан қырық санының бір өлшем ретінде қолданылатындығын көреміз.
Қырық құбылу – сөзінде тұрмау, бәтуаздану, сан алуан күйге түсу деген мағынаны білдіреді. Нұржан осы кісінің қылтқып, қысқа күнде қырық рет өзгерген мінезіне таң (О.Бөкеев).
Қазақ халқы қыдырып келген адамның бетін қайырмаған қырық қазанның құлағын тістеу тіркесі сондай қыдырмашы кісі туралы айтылған.
Қу, айлакер, екі жеп биге шыққысы келетін адамдар жайында қырық қалта деген тіркес қолданылады.
Қырық иттің құйрығын түйістірген қу – мұнда аса айлакер адам туралы айтылған. Адамның ренжіп, кейіп, құрыстанып, жақтырмай отырған бейнесін қырық қабаттанып отыр дейміз. Өзгеше жаратылған; көп асылдың сынығын қырықтың қылауынан дейді.
Есілді өрлей қалың тал шығатын,
Тілімді менің айтқан алшы қатын,
Қырық темірдің қылауы қосылған жер,
Өзіңе анық сенсең баршы қатын (Б.ғ.ж.І.).
Қырық жамау. 1. Сау тамтығы жоқ ескі дүние деген мағынада. Алакөздің үйі қырық жамау, шұрық тесік, ішінен сырттары көрінетін құрым үй болса керек (Билер сөзі, 20-б). Бұл сөйлемнің өзі қырық жамаудың мағынасын ашып тұр. 2.Қырық жамау фразеологиялық тіркесі Абай өлеңінде ішкі сезім, көңілді білдіре отырып, екінші жағынан көрінеді.
Жүрегім менің қырық жамау,
Қиянатшыл дүниеден.
Қайтып аман қалсын сау.
Қайтқаннан соң әрнеден (Абай).
Қырық жамау Қарақалпақ тілінің түсіндірме сөздігінде қырық жамау - ийне тиймеген жери жоқ, дал-дал, жамау-жамау деп беріледі. Осы сөздікте қырық жарық – жаралану, жарылып кету тұрақты тіркесі бар. Бұл қазақ тілінде кездеспейді.
Қырық сан есімінен жасалған тұрақты тіркестер татар тілінде де көптік, сиқырлық мәнде орын тепкен. Кырык чое – кырылсын, бұл қазақ тіліндегі қырық пышақ болу тіркесіне сай келеді. Кырыкка ярала алман бит инде – қазақ тіліндегі қырыққа бөлінейін бе енді сөз тіркестеріне сәйкес, осы мәнде, бір кеше кырыкка ярылырлык кызу эш өсте тұрақты тіркесі кездеседі.
Қырық қасық суға түсіру. Ертеде көз тиген баланы қырық ожау немесе қырық қасық суға шомылдырады.
Қырық үйдің қылауынан. Адамның сүйегі сынған, мертіккенде қырық үйден мертік асын жинап әкеліп берген. Суық тиіп ауырған адамды қырық ағаштың жапырағын қайнатып бұлауға салған. Оңтүстік Қазақстан облысында тұратын халықтарды қыз немесе жігіт біреуге ғашық болып, махаббатың азабына шыдай алмай, сүйген адамы орала берсе, оған: «Cенің басыңды айналдырып қойған қырық ине бар» дейді, кейде «қырық инеден шыға алмай жүрсің бе?» деп те айтады. Бұл жағдайда, біріншіден, табиғи сүйіспеншілікті, қырық иненің құдіретіне таңданғандығын аңғартса, екіншіден қырық санының магияға байланысты екенін білдіреді. Бал емдік қасиеті мол тағам. Оны халқымыз қырық бір шөптің басы деп, қырықтың қасиеттілігіне, көптік мән беретініне апарып тіреген.
Қырық жілік болғыр. Қарғыс, сойылғыр деген мағынада. Малды сойғанда оны мүшелеп бірнеше жілікке бөліп тастайды. Әйелдер ыза болғанда, осындайды қара малға айтады. Қырық пышақ болғыр – таласып, араздасып, ала ауыз болу. «Қырық пышақ болып, қырқысып,жұлқысып, өтіңдер» (О.Бөкеев). Қырық жапырақ. Бірнеше бөлік. «Қырық үйлі күрлеуіт, қырық жапырақтан бөліп алайын деп пе едіңдер?» (Ғ.Мүсірепов).
Қырық саққа жүгірту. Сан түрлі құбылту. Әр жерге әр түрлі жеткізу. Бұл жерде қырық сан есімі көптік ұғым беріп тұр. Сақ – тайпа аты, Қырық сақ бізге тарихтан белгілі.
Жазалаудың бір түрі қамшымен дүре соғу. Қырық о баста өте көп деген мәнді береді. Соған байланысты қырық қамшы дүре өте көп дүре соғу десек, екінші жағынан, қасиетті сан қырықпен ұштасып жатыр. Есеней қыз алып қашуға келгендерге қырық қамшы дүре соқтырыпты (Ғ.Мүсірепов).
Байғұсты қисап,
Бақал жалаңаштап,
Қырық қамшы дүре салды (Дастандар).
Өсімдік, жәндік атауларындағы қырық сан есімі де о бастағы көптік мәнді береді: қырықбуын, қырықаяқ. Кейбір ғалымдарымыз «қыпшақ» сөзінің этимологиясын қырық пышақ сөз тіркесімен байланыстырады. Қы – пышақ деген, қы- қырық сөзінің қысқарған түрі, ал пышақ – қару, ұрыс құралы. Сол кезде пышақ соғыс-ұрыс мағынасында қолданылған болу керек [Ахметжанова, Дүсіпбева, 2001, 13 б.]. Ұрыс керістің қызған шағын қырық пышақ десе,онда қырық пышақ болып жатыр деуіміз содан болар деген жорамалдар бар.
Соңғы кезде қазақ сөзінің этнониміне байланысты даулы, шегім таппаған пікірлер, тұжырымдар өте көп. Сол пікірлердің бірі осы қырық саны мен байланысты. Қ.Мұқанұлы «Көне түріктер» атты еңбегінде: «қазақ сөзі қырық сақ сөз тіркесінің әртүрлі фонетикалық, морфологиялық өзгерістерге ұшырауының нәтижесінде пайда болған. Сақ империясы үлкен тойтарыс алып, қатты соққыға ұшырап жерге шашылған тарыдай бытырап, бірнеше бөлікке таралып кеткен, қырыққа бөлінген. Содан қырық сақ пайда болған. Бұл жердегі қырық шексіз деген ұғымды білдіреді. Қырық сақ ұғымы, сол бір сәтсіз кезеңде, қырық сынық болып бытыраған сақ жұрты бір елдігін үзбеген, ұмытпаған; қайда барсаңда да сақ алдыңнан шыққан. «Әні,қырық сақ» соның тарихи айғағы. «Сақ бол, балам» – бұ сақ жұртынан қалған мұра. Қырық сақ сөзінен туған қырсық сөзі бар. «Ой, мынау өзі қандай адам. Ой, мынау өзі қырық сақ екен ғой». Кейін келе қырық болып өзгерген. Сонымен, қырық сақ – қысақ – қазақ сөзі болып өзгерген»[ Ахметжанова, Дүсіпбева, 2001, 12 б.]. Қазақ сөзі кіріккен сөз деп қарасақ, оның бір түбірі қырық сан есімі болып тұрғаны көрінеді. Қырық өлшемсіз көп деген мәнді беріп тұр.
Табиғатты зерделеп тани білген қазақ халқының өзіндік білімінің бір көрінісі қалың малдан байқалады. Қалың мал мөлшері «отыз жеті», «қырық жеті» болады. Бұл аталған малдың баламасы, дүниенің саны емес. Адам баласының өсіп өркенуінің, өмірге келуінің бір белгісі, тұспалды сипаты.
Қалың мал қалыңдық пен анасына көрсететтін құрмет «қырық жеті» малдың саны емес, қырық рет жеті, қырық апта дегенді білдіреді. Бұл сәбидің ана құрсағында болу мерзімі тоғыз ай, он күнге жуық. «Қырық жетінің» көрінісі былайша сипатталады. Жеті қат көк бар. Ай, Күн, Шолпан, Есекқырғын, Қызылжұлдыз, Сатурн, Мүштәри. Әр көктің қырықтан періштесі бар, яғни қырық түрлі жақсылығы һәм ізгілігі бар. Ежелгі түсінік бойынша да, «Сан туралы ілімде» де адам баласының қолдап, қорғап, жебеп-желейтін өз иесі, сайраны, планетасы бар. Ана құрсағындағы баланың өсу кезеңінің әрбір күні періштенің бақылауында болады. Күн сайын бір періште қамқорлық жасап отырады. Бала дүниеге келгеннен кейін де, «періштесі күлдіріп жатыр», «періштесі қақты» деген тіркестер қолданылатына аян.
Қырық саны эпостық жырларда өзге сандардан ерекше көп қолданылады. Қобыланды жырында, қыз Құртқаны ұзатқан кезде оған жасау ретінде қырық түйе қазына, қырық құл мен қырық күң беріледі. Қалмаққа қарсы аттанатын Қараман батырдың серіктері – қырық. Қобыланды күресетін Қызыл ердің бойы – қырық бес кез. Тайбурылға Құртқа қырық күн қулықтың сүтін емізеді. Тайбурылдың қырық үш күн кемдігі болады. Қобыланды мен Қараман бет алған қалмақтар бекінісі – Қазан – қырық күншілік жерде, Қазан – қырық қақпалы шаһар. Қобыланды батыр қырық мың атты қызылбасты қырық кісідей көрмейді.
Аңыз бойынша, Көрұғлы өлі анасының кеудесін қырық күн сорып көрген, ал қырық бірінші күні ғайып ерен қырық шілтендер ана сүтін емізбей қояды.
Көне түркілік жырлар «Оғыз-наме» мен «Қорқыт ата» кітабында қырық саны тұрақты қолданылатын сөз. «Оғыз-намеде» – қырық сіре, қырық сәкі, қырық құлаш ағаш, «Қорқыт ата » кітабында – қырық күн тойлау, қырық шатыр, қырық жігіт, қырық қыз, қырық күң, қырық жара, қырық зұлым.бұл сөз тіркестері дәстүрдің ескілігін аңғартады. Әрі бұл сөз эпостық жырлардың барлығында кездеседі.
Қырық қыз – қарақалпақ халқының батырлық эпосы. Жырдың қай кезде шыққаны дәл анық емес. XVIII ғасырда Жиен Жырау Тағайұлы жырлаған.
Қырық өтірік – ғұрыптық фольклор үлгісі. Ұқсас нұсқалары қарақалпақ, татар, өзбек, түрікмен, саха, хакас, бурят, монғол халықтарының ауыз әдебиетінде де кездеседі. Бұл қырықтың ерекшелігінің туыстас елдерде де бар екенін тағы бір қырынан көрсетеді. Негізгі сюжеті тазша баланың немесе жас жігіттің қырық ауыз өтірік сөз айтып, ханның қызына үйленуі туралы оқиғаға құрылған.
Қырымның қырық батыры – қазақтың эпостық жыры. Жырды үш циклге бөлуге болады. Көптеген батырлардың ерліктері суреттелгендіктен, қырық көптік ұғыммен байланысты. Әрі қырық жырдан құралған. Аталған жырдың қырық жырдан құралуы жайдан-жай емес. Қырық сан есімі эпостық жырларда өзге сандардан ерекше көп қолданылады.
Қорыта келе қырық сан есімі – тұрақты тіркестер, мақал-мәтелдер, жұмбақтар, фразеологизмдер жасауда аса көп қолданылатын сан есімдердің бір түрі. Қырық саны, біріншіден, «көптік», «шексіз» ұғымды береді, екіншіден, орта ғасыр магиясы мен көне дәуір мифологиясының ықпалы негізінде жұмбаққа айналған, үшіншіден, қырық санының «қасиетті», «киелі» деп танылуы, баланың ана құрсағында жетілу мерзіміне байланысты.
Достарыңызбен бөлісу: |