Бу қазанының ЖЭС технологиялық сұлбасындағы орны
ЖЭС-дың негiзгi екi агрегаты болады – бу қазаны (генераторы) және бу турбинасы. Бу қазаны отынның жылуымен суды қыздырып бу өндiредi, ал өндiрiлген бу турбинаның роторын айналдырады. Турбинаның роторына электр генераторының роторы қосылған, сондықтан электр генераторының роторы айналғанда, электр энергиясы өндiрiледi.
Бу қазандары қолданатын отынға байланысты газ, мазут және көмiр жағатын; бу қысымына байланысты төмен, орташа, жоғары, аса жоғары қысымды болып бөлінеді. Қатты отын жағатын ЖЭС-ларында көмiр қоймадан ұнтақтайтын жүйеге жiберiледi (2 сурет), ұнтақталған көмiр бу генера-торында жанып, бөлінген жылу арқылы суды буға айналдырады. Бу генераторынан шыққан қыздырылған бу құбырлармен турбинаға жiберiледi. Бу өзiнiң энергиясы арқылы турбинаның роторын және оған қосылған электргенераторының роторын айналдырады, ал электр генераторы электр қуатын өндiредi. Турбинадан шыққан бу конденсаторда суға айналады да қайтадан бу генераторына жiберiледi - сонымен цикл қайта басталады.
Бу генераторында отын жану үшiн, желдеткiшпен оттығына ауа жiберiледi. Отын жанған соң түтiн күлден тазалану үшiн фильтрден өтiп, түтiн сорғышпен мұржа арқылы ауаға таратылады. Күл мен шлак күл қоймасына жиналады.
Жылу электрстанциясының отынды дайындап электр энергиясын шығаруға дейінгі технологиялық сұлбасы 3 суретінде көрсетілінген.
Жылу электрстанциялары (ЖЭС) қатты отынмен темір жол арқылы қамтамасыздандырылады. Темір жол вагонымен келген отын таразымен өлшенеді, қыс уақытында жылыту бөлімінен өтіп, вагонаударғышпен (1) түсіріледі. Түсірілген отын қабылдағыш бункерінен (2) конвейерлер арқылы отын қоймасына (4) немесе отын ұсатқыштар бөліміне жіберіледі (5). Ұсатқыштардан өткен отын (көмір) конвейермен бу генераторлар бөліміндегі бункерге (6) жеткізіленеді. Отынның осы өткен дайындалу жолы отын дайындап беру цехына қатысты. Ұсатылған көмір диірменнен (7) өтіп ұнтақталады да ыстық ауамен бу генераторының (19) жанарғыларына жіберіледі. Ауа жылытқыштан (8) ыстық ауа үрлегіш желдеткіш (9) арқылы диірменге (7) және бу генераторының жанарғыларына жіберіледі.
Қатты отын жағатын бу генераторларының тұтатқыш отыны болуы керек, ол көбіне мазут болады. Жылу электрстанциясына мазутты темір жол цистернасымен (10) тасымалдайды. Мазутты құйып алу үшін бумен қыздырады. Қыздырылған мазут рельс аралығындағы арықпен (11) мазут қабылдағыш резервуарына (12) құйылады да мазут сорғысымен (13) қойма резервуарларына (14) құйылады. Бірінші қысымды көтеру сорғысымен (15), мазут жылытқыш (16) арқылы, екінші қысым көтеру сорғысымен (17) бу генераторындағы тұтатқыш мазут шашыратқыштарына жіберіледі. Егер отын түрі табиғи газ болса, ол газреттеу пунктынан (18) газқұбыры арқылы бу генераторлар бөліміне келеді.
Достарыңызбен бөлісу: |