«Самұрық-Қазына»
ұлттық әл-ауқат қоры»
акционерлік қоғамы
Басқармасының
2015 жылғы 27 мамырдағы
шешімімен (№22/15 хаттама)
бекітілген
Корпоративтік басқару кодексі
МАЗМҰНЫ
Кіріспе
1-бөлім. «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» акционерлік қоғамының корпоративтік басқару қағидаттары
1-тарау. Үкімет Қордың акционері ретінде
2-тарау. Қор мен ұйымдардың өзара іс-қимылы. Қордың ұлттық басқарушы холдинг ретіндегі рөлі
3-тарау. Орнықты даму
4-тарау. Акционерлердің (қатысушылардың) құқықтары және акционерлерге (қатысушыларға) әділ қарым-қатынас
5-тарау. Директорлар кеңесінің және атқарушы органның тиімділігі
6-тарау. Тәуекелдерді басқару, ішкі бақылау және аудит
7-тарау. Ашықтық
2-бөлім. «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» акционерлік қоғамының корпоративтік басқару қағидаттарына аннотациялар
1-тарау. Үкімет Қордың акционері ретінде
2-тарау. Қор мен ұйымдардың өзара іс-қимылы. Қордың ұлттық басқарушы холдинг ретіндегі рөлі
3-тарау. Орнықты даму
4-тарау. Акционерлердің (қатысушылардың) құқықтары және акционерлерге (қатысушыларға) әділ қарым-қатынас
5-тарау. Директорлар кеңесі мен атқарушы органның тиімділігі
6-тарау. Тәуекелдерді басқару, ішкі бақылау және аудит
7-тарау. Ашықтық
Кіріспе
1. Осы «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» акционерлік қоғамының корпоративтік басқару кодексі (бұдан әрі - Кодекс) «Самұрық- Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» акционерлік қоғамына (бұдан әрі - Қор) және дауыс беретін акцияларының (қатысу үлестерінің) елу пайызынан астамы тікелей немесе жанама түрде Қорға тиесілі ұйымдарда (бұдан әрі - ұйымдар) қолданылады. Басқа акционерлері (қатысушылары) бар ұйымдар үшін осы Кодексті акционерлердің (қатысушылардың) жалпы жиналысында бекіту ұсынылады. Холдингтік компаниялар осы Кодексті өз тобына енгізуді қамтамасыз етуге тиіс.
2. Осы Кодекстің мақсаты Қорда және ұйымдарда корпоративтік басқаруды жетілдіру, басқарудың ашықтығын қамтамасыз ету, Қордың және ұйымдардың тиісті корпоративтік басқару стандарттарын басшылыққа алуға бейілділігін растау болып табылады. Кодекс екі бөліктен: негізгі қағидаттар мен аннотациялардан - негізгі қағидаттарды іске асыруға арналған қағидалар мен түсініктерден тұрады.
3. Осы Кодекс Қазақстанда және әлемде дамып келе жатқан корпоративтік басқару практикасы ескеріле отырып, Қазақстан Республикасының заңнамасына, Қордың ішкі құжаттарына, Қордың Директорлар кеңесінің шешімімен (2014 жылғы 17 қыркүйектегі № 113 хаттама) бекітілген Қордың Трансформациялау бағдарламасына сәйкес әзірленді. Осы Кодекстің ережелері Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген ерекшеліктер ескеріле отырып қолданылады.
4. Жауапкершілігі шектеулі серіктестік ұйымдық-құқықтық нысанындағы заңды тұлғалар осы Кодекстің «Жауапкершілігі шектеулі және қосымша жауапкершілігі бар серіктестіктер туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қайшы келмейтін бөлігіндегі ережелерді басшылыққа алуға тиіс.
5. Осы Кодекстің алғашқы екі тарауы өзіндік сипатқа ие және онда Қорды басқарудың, Қор мен Қазақстан Республикасының Үкіметі арасындағы өзара іс-қимылдың және Қор мен ұйымдардағы корпоративтік басқарудың ерекшеліктері сипатталады. Кодекстің кейінгі тарауларын Қор және ұйымдар алғашқы екі тарауда сипатталған ерекшеліктерді, сондай-ақ Қазақстан Республикасы заңнамасының ережелерін ескере отырып қолданады.
6. Қор және ұйымдар осы Кодекстің ережелерін сақтауға, сәйкес келмеген жағдайда жылдық есепте ережелердің әрқайсысының сақталмауы себептері туралы түсініктерді көрсетуге тиіс. Директорлар кеңесі жекелеген себептер бойынша осы Кодекстің жекелеген ережелерінің қолданылмайтыны немесе оларды сақтаудың мүмкін еместігі туралы қорытынды жасай алады. Егер Кодекстің ережелеріне сәйкессіздік алты айдан астам уақытқа созылса, ұйым Қорды хабардар етуге және себептерге тиісті түсінік беруге тиіс. Қордың және ұйымдардың осы Кодексті орындауын бақылау Қордың және ұйымдардың тиісті Директорлар кеңестеріне жүктеледі. Корпоративтік хатшылар мониторинг жүргізеді және Қордың және ұйымдардың Директорлар кеңестері мен атқарушы органына осы Кодекстің тиісінше сақталуы мәселелері бойынша консультация береді, сондай-ақ жыл сайынғы негізде оның қағидаттары мен ережелерінің сақталуы/сақталмауы туралы есеп дайындайды. Кейіннен осы есеп Директорлар кеңесінің тиісті комитеттерінің қарауына шығарылады, Директорлар кеңесі бекітеді және Қордың немесе ұйымның жылдық есебінің құрамына енгізіледі.
7. Қордың және ұйымдардың жылдық есебінде осы Кодекс ережелерінің сақталмау фактілері мен себептері туралы ақпараттың міндетті түрде ашылуы, сондай-ақ орнықты даму саласындағы есептілікті жариялау туралы талаптар 2017 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданылады.
8. Қордың және ұйымдардың құжаттары мен процестері осы Кодекстің ережелеріне сәйкес өзектілендірілуге тиіс.
9. Осы Кодекс ережелерінің сақталмауы жағдайлары Қорда және ұйымдарда корпоративтік басқаруды одан әрі жетілдіруге бағытталған тиісті шешімдер қабылдана отырып, тиісті комитеттер мен Директорлар кеңестерінің отырыстарында мұқият қаралуға тиіс.
10. Қор корпоративтік басқаруды диагностикалау әдістемесін қосымша енгізетін болады, ол арқылы Қорды және ұйымдарды корпоративтік басқару практикасының осы Кодекстің ережелеріне сәйкестігі бағаланатын болады. Осы Кодекстің нормалары Қазақстан Республикасы заңнамасының, қазақстандық және халықаралық практиканың, корпоративтік басқару стандарттарының өзгерістері ескеріле отырып, қайта қаралуға тиіс.
11. Қордың және ұйымның корпоративтік хатшылары осы Кодекстің ережелеріне және оларды қолдануға қатысты түсініктер береді.
12. Осы Кодексте мынадай негізгі ұғымдар:
1) акционер (қатысушы) - ұйым акцияларының (қатысу үлесінің) иесі болып табылатын тұлға;
2) лауазымды тұлға - Директорлар кеңесінің, атқарушы органның мүшесі немесе атқарушы органның функцияларын жеке-дара жүзеге асыратын тұлға;
3) мүдделі тараптар - заңнаманың нормаларына, жасалған шарттарға (келісімшарттарға) байланысты немесе жанама (қосалқы) түрде Қордың және/немесе ұйымның қызметіне, олардың өнімдеріне немесе қызметтеріне және осымен байланысты әрекеттерге әсер ететін немесе олардың әсерін бастан кешіруі мүмкін жеке тұлғалар, заңды тұлғалар, жеке немесе заңды тұлғалардың топтары; бұл анықтама Қормен және ұйыммен таныс болуы немесе олар туралы пікір білдіруі мүмкін барлық тұлғаларға қолданылмайды; акционерлер, қызметкерлер, клиенттер, өнім берушілер, мемлекеттік органдар, еншілес ұйымдар, облигацияларды ұстаушылар, кредиторлар, инвесторлар, қоғамдық ұйымдар, Қордың немесе ұйымның қызметі жүзеге асырылатын өңірлердің халқы мүдделі тараптардың негізгі өкілдері болып табылады;
4) компаниялар - ұлттық компаниялар және дауыс беретін акцияларының (қатысу үлестерінің) елу пайызынан астамы тікелей Қорға тиесілі басқа да заңды тұлғалар;
5) корпоративтік оқиғалар - «Акционерлік қоғамдар туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 79-бабында айқындалған акционерлік қоғамның қызметіне елеулі әсер ететін, акционерлік қоғамның акционерлері мен инвесторларының мүдделерін қозғайтын оқиғалар;
6) корпоративтік қақтығыс - мыналардың: акционерлер мен Қор немесе ұйым органдарының; Қор немесе ұйым органдарының; Директорлар кеңесі және атқарушы орган мүшелерінің, ішкі аудит қызметі басшысының, корпоративтік хатшының арасындағы келіспеушіліктер немесе дау;
7) қызметтің негізгі көрсеткіштері (индикаторлары) (бұдан әрі - ҚНК) - Қордың немесе ұйымның қызметі тиімділігінің деңгейін сипаттайтын, олардың, сондай-ақ Қор немесе ұйымның басшы қызметкерлерінің тұтас қызметінің тиімділігін бағалауға мүмкіндік беретін қызметтің негізгі көрсеткіштері. ҚНК-нің Қордың немесе ұйымның даму жоспарының құрамында бекітілетін және олардың жоспарлы және есепті кезең ішіндегі қызметінің нәтижелеріне сәйкес келетін сандық мәні болады;
8) тәуелсіз директор - жекелеген акционерлердің, атқарушы органның және өзге де мүдделі тараптардың ықпалынан еркін, тәуелсіз және объективті шешімдер қабылдау үшін жеткілікті кәсібилікті және дербестікті иеленетін Директорлар кеңесінің мүшесі. Тәуелсіз директорларға қойылатын талаптар «Акционерлік қоғамдар туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес белгіленеді және Қордың немесе ұйымның жарғысында бекітіледі;
9) акционерлердің (қатысушылардың) жалпы жиналысы - ұйымның жоғарғы органы. Акционерлердің жалпы жиналысын өткізу тәртібі Қазақстан Республикасының заңнамасында, ұйымның жарғысында айқындалады және осы Кодекстің 4-бөлімінде сипатталады;
10) омбудсмен - Қордың Директорлар кеңесі тағайындайтын, рөлі өзіне өтініш жасаған Қордың және ұйымдардың қызметкерлеріне консультация беру және еңбек дауларын, қақтығыстарды, әлеуметтік-еңбек сипатындағы проблемалық мәселелерді шешуге, сондай-ақ Қор және ұйым қызметкерлерінің іскерлік этика қағидаттарын сақтауына жәрдем көрсету болып табылатын тұлға;
11) ұйымдар - дауыс беретін акцияларының (қатысу үлестерінің) елу пайызынан астамы тікелей немесе жанама түрде, меншік немесе сенімгерлікпен басқару құқығында Қорға тиесілі заңды тұлғалар;
12) әріптестер - өнім берушілер және мердігерлер, бірлескен жобалардағы әріптестер;
13) даму жоспары - Қор немесе ұйым қызметінің негізгі бағыттарын және олардың қызметінің бес жылдық кезеңге арналған негізгі көрсеткіштерін айқындайтын, Директорлар кеңесі бекітетін құжат;
14) Үкімет - Қазақстан Республикасының Үкіметі, Қордың жалғыз акционері;
15) орнықты даму - бұл Қор және ұйым өз қызметінің қоршаған ортаға, экономикаға, қоғамға әсерін басқаратын және мүдделі тараптардың мүдделерін сақтауды ескере отырып шешім қабылдайтын даму;
16) Қор - «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» акционерлік қоғамы;
17) холдингтік компания - басқа ұйымдардағы акциялар (қатысу үлестері) оған тікелей немесе жанама түрде тиесілі болатын және осы ұйымдар қабылдайтын шешімдерге ықпал ету мүмкіндігі бар компания.
1-бөлім. «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» акционерлік қоғамының корпоративтік басқару қағидаттары
1-тарау. Үкімет Қордың акционері ретінде
1. Қазақстан Республикасының Үкіметі (бұдан әрі - Үкімет) Қордың жалғыз акционері ретіндегі өз өкілеттіктерінің және мемлекеттік реттеумен байланысты өкілеттіктерінің аражігін ажыратады. Үкімет Қордың және ұйымдардың ұзақ мерзімді құнын (құндылығын) ұлғайту және Қордың және ұйымдардың активтерін тиімді басқару арқылы Қазақстан Республикасының ұлттық әл-ауқатын арттыру мақсатында Қорды басқарады.
2. Қазақстан Республикасының Үкіметі Қордың жалғыз акционері болып табылады.
Қордың және ұйымдардың негізгі стратегиялық міндеті - бұл Қордың және ұйымдардың ұзақ мерзімді құнының өсуі және орнықты дамуы, ол Қордың және компаниялардың даму стратегиясында көрініс табады. Барлық қабылданатын шешімдер мен іс-қимылдар даму стратегиясына сәйкес келуге тиіс.
Қорда және компанияларда активтердің оңтайлы құрылымы құрылуға тиіс. Қор және компаниялар өз активтерінің және олардың ұйымдық-құқықтық нысандарының құрылымын барынша оңайлатуға ұмтылуға тиіс.
Ұйымдар өз қызметін өзінің негізгі (бейіндік) қызметінің шеңберінде жүзеге асырады. Қызметтің жаңа түрлерін жүзеге асыруға осы нарықта бәсекелестіктің болмауы немесе Қордың және ұйымдардың қатысуы шағын және орта бизнестің дамуына ықпал етуі шартымен жол беріледі.
Қордың ұйымдарында акциялардың (қатысу үлестерінің) бақылау пакетінің болуы және сақталуы ұсынылады.
3. Үкімет «Ұлттық әл-ауқат қоры туралы» Қазақстан Республикасының Заңында және Қордың жарғысында көзделген Қордың жалғыз акционерінің және Қордың Директорлар кеңесіндегі өкілдіктің өкілеттіктерін іске асыру арқылы ғана Қорды және ұйымдарды басқаруға қатысады. Үкімет пен Қордың өзара іс-қимылының негізгі қағидаттары және мәселелері Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 14 желтоқсандағы № 1599 қаулысымен мақұлданған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қордың арасындағы өзара іс-қимыл туралы келісімде регламенттелген (бұдан әрі - Өзара іс-қимыл туралы келісім). Акционер ретіндегі Үкіметке қатысты осы Кодекстің «Акционерлердің (қатысушылардың) құқықтары және акционерлерге (қатысушыларға) әділ қарым-қатынас» деген 4-тарауының «Ұлттық әл-ауқат қоры туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қайшы келмейтін бөлігіндегі қағидаттары қолданылады.
4. Елді тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамыту, экономиканың орнықтылығын қамтамасыз ету және ықтимал қолайсыз сыртқы факторлардың әсерінен қорғау мақсатында Қорды басқару мәселелері Қазақстан Республикасының Президенті басқаратын Қорды басқару жөніндегі кеңестің (бұдан әрі - ҚБК) отырыстарында қаралады. ҚБК өз қызметін Қазақстан Республикасы Президентінің 2010 жылғы 6 желтоқсандағы № 1116 Жарлығымен бекітілген ережеге сәйкес жүзеге асырады.
5. Үкімет Қорға және ұйымдарға толық операциялық дербестік береді және заңдарда, Қазақстан Республикасы Президентінің актілері мен тапсырмаларында көзделген жағдайларды қоспағанда, Үкіметтің және мемлекеттік органдардың тарапынан Қордың және ұйымдардың жедел (ағымдағы) және инвестициялық қызметіне араласуға жол бермейді.
Қордың басқармасы, Қор басқармасының төрағасы, ұйымдардың органдары өз құзыретінің шегінде шешімдер қабылдау және кез келген іс-қимылды жүзеге асыру кезінде толық дербес және тәуелсіз.
6. Үкімет пен Қордың, ұйымдардың арасындағы өзара қарым-қатынастар (өзара іс-қимыл) тиісті корпоративтік басқару қағидаттарына сәйкес Қордың Директорлар кеңесі арқылы жүзеге асырылады. Қордың Директорлар кеңесі төрағасының және басқарма төрағасының рөлі мен функцияларының аражігі айқын ажыратылған және Қордың құжаттарында бекітілген.
Қордың Директорлар кеңесінің құрамы және құзыреті «Ұлттық әл-ауқат қоры туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес айқындалады. Директорлар кеңесінің құрамы Үкімет мүшелерінің, Қор басқармасы төрағасының, тәуелсіз директорлардың және өзге де тұлғалардың қатарынан қалыптастырылады. Қордың Директорлар кеңесінің сандық құрамы Қордың жарғысында белгіленеді, бұл ретте тәуелсіз директорлардың саны Директорлар кеңесі сандық құрамының бестен екісінен кем болмауға тиіс. Тәуелсіз директорларды қоса алғанда, Директорлар кеңесінің мүшелеріне қатысты осы Кодекстің «Директорлар кеңесі мен атқарушы органның тиімділігі» деген 5-тарауының «Ұлттық әл-ауқат қоры туралы» Қазақстан Республикасының Заңына және Қордың жарғысына қайшы келмейтін бөлігіндегі талаптары қабылданады.
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі лауазымы бойынша Қордың Директорлар кеңесінің төрағасы болып табылады.
Қор Директорлар кеңесінің мемлекеттік қызметшілер болып табылатын мүшелері Директорлар кеңесіндегі және оның комитеттеріндегі мүшелігі үшін жеке сыйақы алмайды.
Үкімет мүшелері және өзге де мемлекеттік қызметшілер (мемлекеттік органдардың өкілдері) ұйымдар Директорлар кеңесінің құрамдарына кірмейді.
Қор Директорлар кеңесін акционер ретінде Үкімет сайлайды. Ұйымдардың Директорлар кеңестерін ұйымдар акционерлерінің (жалғыз акционер) жалпы жиналысы сайлайды.
Директорлар кеңесінің төрағасы бір мезгілде Қордың басқарма төрағасы бола алмайды.
Директорлар кеңесі Қордың жарғысына сәйкес өз құзыретінің шегінде Қорға және ұйымдарға қатысты мәселелерді қарайды, сондай-ақ жалғыз акционер ретіндегі Үкімет құзыретінің барлық мәселелерін алдын ала қарайды.
7. Қор «Акционерлік қоғамдар туралы» Қазақстан Республикасының Заңына, Қордың жарғысына, Өзара іс-қимыл туралы келісімге сәйкес акционер ретіндегі Үкіметке және Қордың Директорлар кеңесіне Қордың қызметі туралы барлық қажетті ақпаратты ашады және Қор және ұйымдар қызметінің ашықтығын қамтамасыз етеді.
8. Қордың немесе ұйымның инвестициялық қызметі Қордың немесе ұйымның стратегиясына сәйкес нарықтық қағидаттарда жүзеге асырылады және құнның өсуіне және активтердің оңтайлы құрылымына бағытталады. Жалғыз акционер ретіндегі Үкіметтің пайдасына таза кірісті бөлу формальдандырылған және ашық дивидендтік саясат негізінде дивидендтер нысанында жүзеге асырылады.
Қордың немесе ұйымдардың рентабельділігі төмен және әлеуметтік маңызы бар жобаларды іске асыруы жағдайлары Қордың немесе ұйымның жылдық есебінде осындай жобаларды қаржыландыру көздері көрсетіле отырып ашылуға тиіс.
9. Қордың Директорлар кеңесі, Қордың басқармасы, Қордың Директорлар кеңесінің комитеттері, Қордың корпоративтік хатшысы және ішкі аудит қызметі (бұдан әрі - ІАҚ) өз қызметін «Директорлар кеңесі мен атқарушы органның тиімділігі» деген 5-тараудың және «Тәуекелдерді басқару, ішкі бақылау және аудит» деген 6-тараудың «Ұлттық әл-ауқат қоры туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қайшы келмейтін бөлігіндегі қағидаттарға сәйкес жүзеге асырады.
10. Мәселелерді неғұрлым тереңірек және сапалы пысықтау үшін Қордың Директорлар кеңесінің жанынан: аудит, тағайындау және сыйақы комитеттері, мамандандырылған комитет құрылады. Өзге комитеттер Қордың Директорлар кеңесінің қалауы бойынша құрылуы мүмкін.
Қордың Директорлар кеңесі комитеттер құру туралы шешім қабылдайды, олардың дербес және сандық құрамын, төрағаларын, өкілеттілік мерзімін, сондай-ақ функциялары мен жұмыс тәртібін айқындайды.
Комитеттердің құрамына Қордың Директорлар кеңесінің мүшелері және нақты комитетте жұмыс істеу үшін қажетті кәсіптік білімі бар сарапшылар кіреді.
Қордың немесе ұйымның Аудит комитеті тәуелсіз директорлардан ғана тұрады. Комитет білікті сарапшы тартқан жағдайда, осы тұлғаның дауыс беру құқығы болмауға тиіс. Сарапшы тарту туралы шешімді аудит жөніндегі комитет қабылдайды және оны тарту мәселесі жыл сайын қызметінің тиімділігі және тәуелсіздігі мәніне қаралуға тиіс. Қордың мамандандырылған комитеті Қордың тобына кіретін ұйымдар қызметінің «Ұлттық әл-ауқат қоры туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес экономиканы немесе экономиканың жеке алынған саласын дамытуға әсерін кешенді және объективті түрде талдауды жүзеге асырады. Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің өкілі Мамандандырылған комитеттің тұрақты мүшесі - дауыс беру құқығы бар сарапшы болып табылады.
Қордың және ұйымдардың оларға бөлінген республикалық бюджет, Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының қаражатын қаржы-экономикалық негіздемеге сәйкес пайдалануын бақылау, бюджеттік инвестициялардың тиімділігін бағалау Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің құзыретіне жатады.
Қордың Директорлар кеңесінің қалған комитеттерінің құрамдарындағы көпшілікті тәуелсіз директорлар құрайды.
11. Қорда корпоративтік хатшы тағайындалады. Директорлар кеңесі корпоративтік хатшы тағайындау туралы шешім қабылдайды, оның өкілеттілік мерзімін, функциялары мен қызмет тәртібін айқындайды. Корпоративтік хатшының негізгі міндеттері Директорлар кеңесінің, жалғыз акционердің тарапынан корпоративтік шешімдердің уақтылы және сапалы қабылдануына жәрдемдесуді, Директорлар кеңесінің мүшелері үшін олардың қызметінің барлық мәселелері және осы Кодекстің ережелерін қолдану бойынша кеңесші рөлін орындауды, сондай-ақ осы Кодекстің іске асырылуының мониторингін және Қордағы және ұйымдардағы корпоративтік басқаруды жетілдіруге қатысуды қамтиды.
12. Қорда ІАҚ құрылады. Қордың Директорлар кеңесі сандық құрамын, өкілеттілік мерзімін айқындайды, оның басшысын тағайындайды, сондай-ақ оның өкілеттіктерін мерзімінен бұрын тоқтатады, оның жұмыс тәртібін, ІАҚ қызметкерлеріне жалақының және сыйақының мөлшерін және төлеу шарттарын, сондай-ақ ІАҚ бюджетін белгілейді.
ІАҚ тікелей Қордың Директорлар кеңесіне бағынады және Қордың атқарушы органынан тәуелсіз болып табылады.
ІАҚ негізгі міндеттері Қордың ішкі бақылау және тәуекелдерді басқару жүйесінің сапасын бағалауды және осы жүйенің жеткіліктілігі мен тиімділігі туралы ақпаратты Директорлар кеңесінің назарына жеткізуді қамтиды. ІАҚ-тың негізгі міндеті Қор қызметінің нәтижелерін жақсартуға жәрдемдесу болып табылады.
13. Қорда басқарма нысанында алқалы атқарушы орган құрылады. Басқарма Директорлар кеңесіне есеп береді және өз қызметін Қордың жарғысында айқындалған құзыреттердің шегінде орындайды. Қордың Директорлар кеңесі жалғыз акционердің және Қордың Директорлар кеңесінің шешімдерін орындауды қоса алғанда, Қор басқармасы қызметінің тиімділігін бақылауды жүзеге асырады.
Үкімет акционер ретінде Қор басқармасының төрағасын лауазымға тағайындайды және мерзімінен бұрын босатады. Қор басқармасының мүшелерін Қордың Директорлар кеңесі сайлайды. Қор басқармасының құрамына сайлануға үміткерлер бойынша ұсыныстарды Қордың Директорлар кеңесінің қарауына Қор басқармасының төрағасы енгізеді.
14. Қор және ұйымдар жоғары этикалық стандарттарды ұстануға және осы стандарттарды барлық қызметкерлердің және Қор мен ұйымдар әріптестерінің тұрақты қолдануын қамтамасыз етуге арналған қажетті рәсімдерді енгізуге тиіс.
Болжанатын бұзушылықтар туралы хабарламалар тікелей ІАҚ немесе Қордың немесе ұйымның Директорлар кеңесіне жолдануға тиіс. Атқарушы орган және қауіпсіздік қызметін қоса алғанда, оның барлық құрылымдық бөлімшелері болжанатын бұзушылықтар туралы хабарламаларды ІАҚ немесе Директорлар кеңесіне беруге кедергі келтірмеуге тиіс.
15. Іскерлік этика қағидаттарын сақтау және Қор мен ұйымдарда туындайтын әлеуметтік-еңбек дауларын оңтайлы реттеу мақсатында омбудсмен тағайындалады.
Омбудсмен лауазымына үміткерде мінсіз іскерлік қадір-қасиет, жоғары бедел болуға және ол әділетті шешімдер қабылдау қабілетіне ие болуға тиіс.
Омбудсмен Қордың Директорлар кеңесінің шешімімен тағайындалады және әрбір екі жыл сайын қайта сайлануға тиіс. Омбудсменнің рөлі өзіне жүгінген қызметкерлерге, еңбек дауларына, шиеленістерге қатысушыларға консультация беру және Қазақстан Республикасының заңнамасы нормаларының сақталуын (оның ішінде қажет болған кезде құпиялылықтың сақталуын) ескере отырып, оларға өзара қолайлы, сындарлы және іске асырылатын шешім әзірлеуге жәрдем көрсетуден, қызметкерлердің де, Қор мен ұйымның да проблемалық әлеуметтік-еңбек мәселелерін шешуге, сондай-ақ Қор және ұйымдар қызметкерлерінің іскерлік этика қағидаттарын сақтауына жәрдем көрсетуден тұрады.
Омбудсмен өзі анықтаған жүйелі сипатты иеленетін және тиісті шешімдер қабылдауды талап ететін проблемалық мәселелерді (кешенді шараларды) тиісті органдардың және Қор және/немесе ұйымдардың лауазымды тұлғаларының қарауына шығарады, оларды шешуге арналған сындарлы ұсыныстар береді.
Омбудсмен жылына кемінде бір рет өзінің қызмет нәтижелерін бағалайтын Қордың Директорлар кеңесінің Тағайындау және сыйақы комитетіне және Аудит комитетіне жүргізілген жұмысының нәтижелері туралы есеп береді.
Қордың Директорлар кеңесі омбудсмен қызметінің нәтижелерін бағалайды және омбудсмен лауазымын иеленетін тұлғаның өкілеттіктерін ұзарту немесе тоқтату туралы шешім қабылдайды.
Омбудсменнің жұмыс атқару орны, еңбек жағдайлары Қор басқармасының шешімімен айқындалады.
Достарыңызбен бөлісу: |