Сабақтың тақырыбы: «Мақал – мәтелдер»
Сабақтың мақсаты:. І. Білімділік. Мақал – мәтелдердің қолдану тәртібі, халық
даналығының бір түрі туралы түсінік беру
ІІ. Дамытушылық. Ойлау қабілеттерін, танымдық ізденістерін,
көркем ауызша баяндау ретін ойындар арқылы жан – жақты
дамыту
ІІІ. Тәрбиелік. Асыл да ата мұрамызды құрмет тұтуға, тәрбиелі қыз,
ардақты ұл болуда ұлттық құндылығымызды сөйлеу тілінде
тобықтай сөздің түйінін жасқанбай жағымды пайдалануға,
қасиетті қызыл тіліміздің үстемін көтеруге тәрбиелеу.
Сабақтың әдісі: түсіндіру, сұрақ- жауап, ойын
Сабақтың көрнекілігі: «Қазақтың мақал - мәтелдері», «7777 мақал мен мәтелдер» кітап көрмесі, диапроектор, тақта,слайд,парақшамен жұмыс, бейнебаян, жұлдызшалар
Күтілетін нәтиже: мақал – мәтелдер жөнінде өз пікірін айта білу;
Сабақтың барысы:
І. Ұйымдастыру кезеңі:
1) Топ білім алушыларымен сәлемдесу; «Шаттық шеңбері»
2) Білім алушылардың сабаққа қатысын тексеру;
3) Білім алушылардың зейіндерін сабаққа аудару.
-Балалар, біздің бүгінгі сабағымыз ойын түрінде өтпек. Ойын –конкурс «Мақал –мәтелдер» деп аталады. Ойынды бастамас бұрын мен сіздерді алдымен 2 топқа бөліп алайын.
Білім алушыларды ІІ топқа бөлу:
І топ Тұлпарлар тобы
ІІ топ Сұңқарлар тобы
ІІ. Жаңа сабақты түсіндіру:
1. Ой қозғау
Оқусыз білім жоқ,
Білімсіз күнің жоқ.
- Балалар, мына берілген сөздер тобын не дейміз? (мақал- мәтелдер)
- Ендеше балалар, бүгінгі сабағымыздың тақырыбы мақал –мәтел.Ендеше, мақал дегеніміз не, мәтел дегеніміз не жеке-жеке тоқталып кетейік. Мақал-мәтелдер – ғасырлар шежіресі, онда халық тарихы, оның тіршілігі, ақыл өнегесі мол көрініс тапқан. Мақал-мәтелдер ой дәлдігімен, тереңдігімен, ықшамдығымен ерекшеленеді Олардың құрамындағы әр сөздің орны тұрақты болады. Ондағы сөздердің орнын ауыстыруға, немесе бір сөзін басқа сөзбен алмастыруға келмейді. Мақал - мәтелдер де сөйлеу барысында жасалмай, бұрыннан қалыптасқан даяр қалпында қолданылады.
Мақал - тәрбиелік мәні бар, ақыл - нақыл сипатында айтылатын сөздер тобы.
Мысалы: 1.Кең болсаң, кем болмайсың.
2. Дос жылатып айтады,
Дұшпан күлдіріп айтады.
Мәтел - ой - пікірді бейнелеп, тұспалдап, ишаралап тұратын сөздер тобы.
Мысалы: 1. Біреу тоңып секіреді, біреу тойып секіреді
2 Үлкенді сыйласаң - қадірлі боласың,
Кішіні сыйласаң - құрметті боласың.
3.Өлең -сөздің патшасы
4. Қызым саған айтамын,келінім сен тыңда
Мақал - мәтелдерді орынды қолдану сөздің әсерлілігін күшейтеді, әрі ойды айқын да нақты жеткізуге көмектеседі.
-Енді «Ынтымақ-бірлік,татулық туралы мақал-мәтелдер,нақыл сөздер жинағы» деп аталатын бейнебаянға назар аударып, тамашалайық.
БЕЙНЕБАЯН ЖІБЕРУ
- Енді ойын-конкурстың 1 тапсырмасына көшейік.
-Тапсырма «Керекті сөздерді тап» деп аталады.
«Керекті сөздерді тап» ойыны
1. Білгенге....Білмеске.... . 2. Өтірік .... өрге баспас. 3. Сөз...өтеді, таяқ ....өтеді.
4. Тоқсан....сөздің тобықтай түйіні бар. 5. Ел үмітін ...ақтар. 6. Денсаулық – зор.....
7. Тіл тас жарады, ....... . 8. Кісі елінде сұлтан болғанша, ....... . 9. Өнер алды - ...... .
10.Мал қонысын ...... , ер жігіт ….. іздейді.11. Бірлік болмай, ....12. Ерді намыс өлтірер,.... .
2. «Қызықты сұрақтар» ойыны
1. Қорқақ неден қорқады?
2. Ердің атын не шығарады?
3. Оқусыз не жоқ? Білімсіз не жоқ?
4. Ашу не? Ақыл не?
5. Бір қазанға сыймайтын қандай бастар?
6. Тауық түс көре ме?
7. Көп түкірсе не болар?
8. Оқу түбі не?
9. Үйіңе құтты қонақ келсе не болады?
10. Жаманға неге күлме дейді?
3. Сахналық қойылым «Атаңа не қылсаң,алдыңа сол келеді...» І,ІІ нұсқа
Ертеде бір елдің ханы: «Қартайған әкелерін балалары биік құздан құлатып өлтірсін!» деген жарлық беріпті. Халық осы жарлықты орындапты. Бір жас жігіт өзінің әкесін құз басына әкеліп, итеруге дайындала бергенде әкесі күліпті. Бала таңданып, «Әке неге күлесің?» деп сұрайды.
Сонда әкесі: «Мен де сен сияқты осыдан көп жыл бұрын әкемді құздан итеріп едім. Міне, енді өзімнің басыма сол келген соң күлемін» депті.
.. Мұны естіген баласы әкесін өлтірмей, ханнан жасырып бағыпты. Кейін елі бір қиындыққа ұшырағанда хан халқын жинап ақыл сұраса, ешкім ақыл бере алмапты.
Сонда жігіт әкесіне келіп, не болғанын айтқанда, әкесі қиындықты жеңудің шешуін тауып береді. Сөйтіп, елін аман сақтап қалады. Бұған риза болған хан, қартайған адамдарды өлтірмей қайта олардан ақыл кеңес сұрап отыру керектігін заңдастырыпты. Міне, «Атаңа не қылсаң алдыңа сол келер»- деген мақал содан қалса керек.
Сергіту сәті: «Кірпілер» ойыны
4. «Әзіл аралас сұрақтар». (Сұрақтарға мақалмен жауап беру керек).
Мысалы:
Жылан інінен қалай шығады?
Жылы-жылы сөйлесең жылан інінен шығады.(Көмекке көрермендер де қатыса алады).
Қар жана ма? (Қалауын тапса қар жанар).
Инемен құдық қазуға бола ма? (Оқу инемен құдық қазғандай).
Аппақ қарға бола ма? ( Қарға баласын «аппағым» дейді).
Не қорқақ не батыр? ( Көз – қорқақ , қол – батыр).
Ең тәтті не? (Ананың сүті тәтті, баланың тілі тәтті).
Тауық түс көре ме? ( Тауықтың түсіне тары кіреді).
Кімнен кім жаман? (Олақтан салақ жаман).
5. «Кім жылдам?» (Аталған сөзі бар мақал айту).
«Тәуелсіздік» деген сөзден бірнеше сөз жазып, ішіндегі сөздерге байланысты мақал-мәтел жазу.
6. «Туған жер», «Дос, достық» тақырыптарына мақал –мәтел араластыра отырып шағын
әңгіме жазу
ІІІ. Сабақты бекіту: Мақал-мәтел, ақыл-нақыл аталы сөздердің пайда болу тарихын, қай кезде тұңғыш рет кім айтқанын білу қиын. Олай болса, бүгінгі сабағымызды бекіту мақсатында мақал-мәтелдің жалғасын табайық. Мақалды мен бастайын, сендер жалғастырып айтыңдар.
Тойдың болғанынан ... (боладысы қызық)
Таз таранғанша... (той тарқайды)
Әншейінде ауыз жаппас... (той дегенде өлең таппас)
Жүзігің алтын болғанша... (жүзің жарқын болсын)
Бала жетіге келгенше... (жерден таяқ жейді)
Ұяға отыз үйден тию... (қызға қырық үйден тыйым)
Қыз жоқ жерде... (қызық жоқ)
Әкенің жақсылығы... (жездедей-ақ)
Астың дәмін тұз келтірер... (ауылдың сәнін қыз келтірер)
Атаңның баласы болма... (адамның баласы бол)
Білекті бірді жығар.... (білімді мыңды жығар)
Шешен сөз бастар... (батыр қол бастар)
Әке көрген оқ жонар... (шеше көрген тон пішер)
Жақсы байқап сөйлейді... (жаман шайқап сөйлейді)
Әдепті бала – арлы бала... (әдепсіз бала – сорлы бала)
Жақсыдан үйрен... (жаманнан жирен)
Баланың ұяты әкеге... (қыздың ұяты шешеге)
Балапан ұяда не көрсе,.. ( ұшқанда соны алады)
Қына тасқа бітеді,.. (ақыл басқа бітеді)
Ата – бәйтерек,.. ( бала – жапырақ)
ІҮ. Сабақты қорытындылау
1. Мақал дегеніміз не?
2. Мәтел дегеніміз не?
- Балалар, сіздерге бүгінгі ойын түрінде өткізілген сабағымыз ұнады ма?
- Жарайсындар балалар, бүгінгі сабағымызға барлығыңыз атсалысып қатыстыңыздар, өте жақсы.
Ү. Үй тапсырма: Бұрын көп айтылмаған бес мақал- мәтел жазып, жатқа айту.
Что бы узнать Победитель I, II, III степени или Лауреата завоевала ваша работа
войдите в ваш Личный кабинет на сайте aydaonline.ru через 2 дня
Достарыңызбен бөлісу: |