Ұландар өлең шумақтарын мәнермен оқиды, мазмұнын түсінеді, айтады, түсіндірме сөздікпен жұмыс жасайды.
1-топ
Жазғытұры
Жазғытұры қалмайды қыстың сызы,
Масатыдай құлпырар жердің жүзі.
Жан-жануар, адамзат анталаса,
Ата-анадай елжірер күннің көзі.
Жаздың көркі енеді жыл құсымен,
Жайраңдасып жас күлер құрбысымен.
Көрден жаңа тұрғандай кемпір мен шал
Жалбаңдасар өзінің тұрғысымен.
Қырдағы ел ойдағы елмен араласып,
Күлімдесіп, көрісіп, құшақтасып,
Шаруа қуған жастардың мойны босап,
Сыбырласып, сырласып, мауқын басып;
Түйе боздап, қой қоздап- қорада шулап,
Көбелекпен, құспенен сай да ду-ду.
Гүл мен ағаш майысып қарағанда,
Сыбдыр қағып бұраңдап ағады су.
Күн – күйеу, жер – қалыңдық сағынышты,
Құмары екеуінің сондай күшті....
Күн – күйеуін жер көксеп ала қыстай,
Біреуіне біреуі қосылыспай,
Көңілі күн лебіне тойғаннан соң,
Жер толықсып, түрленер тоты құстай.
2-топ
Қыс
Ақ киімді, денелі, ақ сақалды,
Соқыр, мылқау, танымас тірі жанды.
Үсті-басы ақ қырау, түсі суық,
Басқан жері сықырлап, келіп қалды.
Дем алысы – үскірік, аяз бен қар,
Кәрі құдаң қыс келіп, әлек салды.
Ұшпадай бөркін киген оқшырайтып,
Аязбенен қызарып, ажарланды.
Бұлттан қасы жауып екі көзін,
Басын сіліксе, қар жауып, мазаңды алды.
Борандай бұрқ-сарқ етіп долданғанда,
Алты қанат ақ орда үй шайқалды.
Әуес көріп жүгірген жас балалар
Беті-қолы домбығып, үсік шалды.
Шидем мен тон қабаттап киген малшы
Бет қарауға шыдамай, теріс айналды.
Қар тепкенге қажымас қайран жылқы
Титығы құруына аз-ақ қалды.
Қыспен бірге тұмсығын салды қасқыр,
Малшыларым, қор қылма итке малды.
Соныға малды жайып, күзетіңдер,
Ұйқы өлтірмес, қайрат қыл, бұз қамалды!
Ит жегенше, Қондыбай, Қанай жесін,
Құр жібер мына антұрған кәрі шалды.
3-топ
Күз
Сұр бұлт түсі суық қаптайды аспан.
Күз болып, дымқыл тұман жерді басқан.
Білмеймін тойғаны ма, тоңғаны ма,
Жылқы ойнап, бие қашқан, тай жарысқан.
Жасыл шөп, бәйшешек жоқ бұрынғыдай,
Жастар күлмес, жүгірмес бала шулай.
Қайыршы шал-кемпірдей түсі кетіп,
Жапырағынан айрылған ағаш, қурай.
Біреу малма сапсиды, салып иін,
Салбыраңқы тартыпты жыртық киім.
Енесіне иіртіп шуда жібін,
Жас қатындар жыртылған жамайды үйін.
Қаз, тырна қатарланып қайтса бермен,
Астында ақ шомшы жүр – ол бір керуен.
Қай ауылды көрсең де жабырқаңқы,
Күлкі-ойын көрінбейді, сейіл-серуен.
Кемпір-шал құржаң қағып, бала бүрсең,
Көңілсіз қара суық қырда жүрсең.
Кемік сүйек, сорпа-су тимеген соң,
Үйде ит жоқ, тышқан аулап, қайда көрсең.
Күзеу тозған, оты жоқ елдің маңы,
Тұман болар, жел соқса, шаң-тозаңы.
От жақпаған үйінің сұры қашып,
Ыстан қорыққан қазақтың құрысын заңы.
|