С. Т. Иксатова қылмыстық ҚҰҚЫҚ ерекше бөлім



жүктеу 4,68 Mb.
бет1/29
Дата01.01.2018
өлшемі4,68 Mb.
#6444
  1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   29

Қазақстан Республикасының білім және ғылым министрлігі
С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті

С.Т. ИКСАТОВА




ҚЫЛМЫСТЫҚ ҚҰҚЫҚ

ЕРЕКШЕ БӨЛІМ

Оқу құралы

Павлодар

ӘОЖ 343.27

КБЖ 67.99(2)8

И 37
Баспаға С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің ғылыми кеңесі ұсынған
Пікір жазғандар:

Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің «Қылмыстық құқық және криминология» кафедрасының заң ғылымдарының докторы, профессор А.Н.Ағыбаев

С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің мемлекет және құқық тарихы мен теориясы кафедрасының заң ғылымдарының кандидаты, доцент Б.Х Олжабаев.

С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің мемлекет және құқық тарихы мен теориясы кафедрасының заң ғылымдарының кандидаты, доцент С.Қ. Бастемиев.

И 37 Иксатова С.Т.

Қылмыстық құқық (ерекше бөлім): оқу құралы ─ Павлодар, 2011. ─ 334 б.


ӘОЖ 343.27

КБЖ 67.99 (2) 8

И 37

© Иксатова С.Т., 2008

© С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті, 2011

Алғы сөз
Оқу-құралы Ерекше бөлімнің әрбір тарауы бойынша оларға жалпы сипаттама беріле отырып, сол тарауға кіретін жекелеген құрамдарға талдау жасалады, бұрынғы Қылмыстық кодексте болмаған жаңа құрамдардың мазмұнын ашуға ерекше мән беріледі.

Бланкеттік диспозицияға негізделген құрамдар үшін құқықтық-нормативтік актілердің атауы да көрсетілді.

Оқу-құралы құқықтану мамандығы бойынша оқитын жоғары оқу орындарының студенттеріне, аспиранттарға, анықтама, тергеу, пркуратура, сот органдары қызметкерлеріне арналған.

Бірінші тарау
Қылмыстық құқықтың Ерекше бөлімінің түсінігі және оның маңызы
Қылмыстық құқықтың Ерекше бөлімі қылмыстың жеке түрлеріне қылмыстық жауаптылық негіздерін және осы қылмыстардың құрамының белгілерін, сондай-ақ оған тағайындалатын тиісті жаза түрлерін белгілейтін нормалардың жиынтығы болып табылады.

Қылмыстық құқықтың Жалпы бөлімінде қылмыс туралы ұғым, жаза түрлерінің тізбегі, қылмыстық жауаптылықтан және жазадан босатудың жалпы принциптері (қағидалары) сөз болса, ал Ерекше бөлімде нақты қандай қоғамға қауіпті іс-әрекеттің қауіпті қылмыс болатыны жасалған қылмысқа қылмыстық құқықтың Жалпы бөлімінің нормаларымен белгіленген нақты бір жаза түрін тағайындау мәселелері қарастырылады.

Қылмыстық құқықтың Жалпы және Ерекше бөлімі өзара тығыз байланыста болады, осы екі бөлімнің жиынтығы Қазақстан Республикасының қылмыстық құқығын құрайды.

Қылмыстық құқықтың өзін Жалпы және Ерекше бөлім деп бөлудің себебі, осы пәнді ғылыми-әдістемелік тұрғыдан терең оқытудың қажеттігінен туындап отыр. Өйткені Қылмыстық құқықтың Жалпы бөліміндегі теориялық мәселелерді Ерекше бөлімнің әрбір бабы бойынша тағы да қайталамау үшін, сондай-ақ Ерекше бөлімдегі жеке қылмыстардың құрамының белгілерін қайталап сипаттап жаттау үшін осы пән екі бөлімге бөлініп оқытылады. Негізінен алғанда Жалпы және Ерекше бөлім тұтастай бір қылмыстық құқық ғылым пәнін құрайды.

Жалпы және Ерекше бөлімнің бірлігі сот тәжірибесінде айқын көрінеді. Жалпы бөлімнің нормаларын басшылыққа алмайынша Ерекше бөлімнің нормаларын қолдану мүмкін емес, немесе Ерекше бөлім нормалары болмаса Жалпы бөлім нормаларының іске асырылуы мүмкін емес.

Қылмыстық құқықтың Ерекше бөлімінде көрсетілген Қылмыстық құқықтың нақты белгілі бір бабы бойынша қылмыстық құқықтың Ерекше бөлімінде көрсетілген қылмыстық жауаптылыққа тарту үшін Жалпы бөлімде көрсетілген нормаларға соқпай өтуге болмайды. Мысалы, кінәнің нысандар және олардың мазмұны, қылмыстық жауаптылықты белгілейтін жас мөлшері, қылмысқа қатысудың ұғымы, қылмысқа қатысу нысандары және қатысушылардың түрлері, қылмысқа даярланғандық немесе оқталғандық сияқты түсініктер тек қана Жалпы бөлімде айқындалған. Істелген қылмысқа жаза тағайындағанда да Қылмыстық кодекстің Жалпы бөліміндегі нормаларды айналып өтуге болмайды. Өйткені жазаның ұғымы мен мақсаттары, жазаның түрлері, жаза тағайындаудың жалпы негіздері қылмыстық жауаптылықтан және жазалаудан босату тек қана Жалпы бөлімде көрсетілген.



Қылмыстық құқықтың Ерекше бөлімі курсының пәні дегеніміз-қылмыстың жеке түрлерін қылмыстық жауаптылық белгілеу және осы қылмыстың белгілерін, оларға тиісті жазаны анықтайтын нормалардың мазмұнын ашу болып табылады.

Қылмыстық құқықтың Ерекше бөлімінің нормаларының нақты мазмұнын ашудың түпкі мәні олардың әлеуметтік-саяси бағытын анықтау болып табылады. Мұндай бағыттарды анықтау үшін ең алдымен қылмыстық заң нормаларын қабылдаудың қажеттіліктері мен себептерін, қылмысқа қарсы күресте осы қабылданған заңдардың атқаратын қызметі, қылмыстық іс-әрекеттердің қоғамға қауіптілік дәрежесін анықтау, қылмыстық құбылыстың себептері мен оған жол беретін жағдайларды зерттеу қажет.

Мысалы, Қылмыстық құқықтағы банкроттық деген құрамның мазмұнын ашу үшін ең алдымен осы норманы қабылдаудың қажеттілігін, осы құрамның қоғамға қауіптілік дәрежесін, мемлекет, қоғам үшін осындай іс-әрекетті жасаудың зардабының мазмұнын ашу керек. Сонда ғана бұл қылмыс түрінің құрамына ғылыми анықтама беріледі. Қылмыстық құқықтың Ерекше бөлімінің нормаларын оқығанда оны формальды-тоғышарлық әдіспен пайдалануға ешқандай да жол берілмеуі керек.

Қылмыстық құқықтың Ерекше бөлімінің нормаларын Жалпы бөлім нормаларымен байланыссыз, жеке дара, оларды әлеуметтік-саяси бағыттарынан тысқары, қоғамның әлеуметтік-экономикалық жағдайынан мүлдем сыртқары түрде зерттеу-формальды-тоғышарлық әдіс болып табылады. Қылмыстық құқықтың Ерекше бөлімін формальды-тоғышарлықпен оқып білуге, зерттеуге үзілді-кесілді тыйым салыну керек.

Сонымен бірге Қылмыстық құқықтың Ерекше бөлімінің нормаларын оқып үйренуде нигилистік көзқарастарға жол берілмеуі керек.

Нигилистік көзқарастар қылмыстың құрамының белгілерін өзінше, заңға байланыссыз талқылау немесе арнаулы қылмыстық заң нормалары жоқ болғанына қарамастан, соған ұқсас басқа заңдармен қылмыстық жауапқа тартуды көздейді. Мұндай көзқарас заңдылық принципіне мүлдем қайшы.

Сондықтан да ҚР ҚҚ Ерекше бөлімінің нормаларын оқып үйренуде осындай жат көзқарастарға мүлдем жол бермеу маңызды мәселенің бірі болып табылады.

Қылмыстық құқықтың Ерекше бөлімінің нормаларының мазмұнын ашу дегеніміз -жекелеген қылмыс құрамының ерекшеліктерін анықтау,яғни қылмыс құрамына заңдылық талдау жасау болып табылады. Кез келген нақты қылмыс құрамын дұрыс анықтау мүмкіндігі ең алдымен оларға тән қылмыс объектісінің, субъектісінің объективтік және субъективтік жақтарының белгілерінің ерекшеліктерін дұрыс, дәлме-дәл ашқанда ғана жүзеге асырылады.

Бұл-кез келген жекелеген қылмыс құрамына тән заңдылық.



Қылмыстық құқықтың Ерекше бөлімінің маңызы және қылмысты дұрыс саралаудың әділ соттылықты жүзеге асырудағы маңызы.
Әділсоттылықты, заңдылықты жүзеге асыруда Қылмыстық құқықтың Ерекше бөлімінің маңызы ерекше.

Қылмыстық құқықтың 19-бабының 3-тармағында көрсетілгендей қасақана немесе абайсызда әрекет жасаған адам ғана қылмысқа кінәлы деп танылады.

Қылмыстық заңның осы нормасының өзі адамды қылмыстық жауапқа тарту үшін және оны қылмыс жасағаны үшін кінәлы деп табу үшін оның жасаған іс-әрекетінде белгілі бір қылмыс құрамының белгілері болуы керек екендігін және қылмыстық заңда көрсетілген қылмыс құрамының барлық белгілері бар іс-әрекетті істеу қылмыстық жауаптылықтың бірден-бір негізі болып табылатынын айқындайды (ҚК-тің 3-бабы). Осыған ұқсас нормалар ҚР қылмыстық істер жүргізу кодексінің көптеген нормаларында да бірнеше рет көрсетілген. Іс-әрекетінде қылмыстың белгілері жоқ адамдар қылмыстық жауапқа және жазаға тартылмайды.

Адамды қылмыстық жауапқа тарту оның іс-әрекетінде белгілі, нақты бір немесе бірнеше қылмыс құрамының белгілері бар болған жағдайда ғана жүзеге асырылады. Мысалы, кісі өлтіру, бұзақылық, тағылық, әйелді зорлау, т.б. Қоғамға қауіпті, қылмыстық заңға қайшы істелген іс-әрекетті нақты бір қылмыс құрамына жатқызу және осы әрекетке Қылмыстық кодекстің Ерекше бөліміндегі тиісті баптар бойынша құқықтық баға беруді қылмыстық құқық теориясы қылмысты саралау-деп атайды. Қылмысты дұрыс саралау құқық қолдану органы қызметкерінің қызметтік борышы, негізгі міндеті.

Қоғамға қауіпті, қылмыстық құқыққа қайшы іс-әрекеттерді Қылмыстық құқықтың Жалпы және Ерекше бөлімдеріндегі баптарға дәлме-дәл жатқызу, дұрыс саралау-заңдылық принципін бұлжытпай жүзеге асырудың шарты болып табылады. Егер нақты бір іс-әрекетті, мысалы ұрлықты, бір сот ұрлық деп, екіншісі тонау, ал үшіншісі қарақшылық деп сараласа, бұл заңдылық жөніндегі конституциялық принциптің өрескел бұзылғандығы болып саналады. Сондықтан да қылмысты дұрыс саралаудың өзі мемлекеттің жаза мәселесін қолдану саласындағы қызметінің дұрыс жүзеге асырылуының алғышарты болып табылады. Қылмысты дұрыс саралаудың нәтижесінде қылмысты іс-әрекетті жасаған кінәлі адамға жөнсіз жеңіл немесе ауыр жаза қолданылуы мүмкін.

Қылмысты дұрыс саралау қылмыстылықтың жағдайын, деңгейін, құрылысын, қозғалысын дұрыс анықтауға мүмкіндік береді. Істелген қылмыстың статистикалық есебін нақты белгілемейінше, ол құбылыспен тиімді күрес жүргізу мүмкін емес. Сол себепті де қылмыспен тиімді күрес жүргізу үшін оның жағдайын, сандық, сапалық көрсеткіштерін, жасаған қылмыстардың мәнін, қылмыскердің тұлғасын толық ашу керек. Бұл мәселелерді анықтамай тұрып, қылмыспен күрес жүргізу өзінің оңды нәтижелерін бермейді. Қылмысты дұрыс саралау сот төрелігін әділ жүзеге асырудың кепілі және заңдылық, әділеттілік принциптерінің іске асырылуының басты шарты болып табылады. Құқық қорғау және құқық қолдану органдары беделінің мәртебесінің биік болуы да істелген іс-әрекетке дұрыс, заңды баға беруіне де тікелей байланысты.Заңға негізделген әділ үкім сот органдарының беделін нығайтады.



Қылмысты дұрыс саралау-жеке адамдардың Қазақстан Республикасы Конституциясында, басқа да заңдарда көрсетілген құқықтарын, бостандықтарын қорғаудың кепілі болып табылады.
Қылмыстық құқықтың Ерекше бөлімінің жүйелері.
Ерекше бөлімнің жүйелері деп-қылмыстық жауаптылықты белгілейтін жеке қылмыстық нормалардың топтық объектілік белгісі бойынша белгілі бір жекелеген топтарға бөлініп, қоғамдық қауіптілік дәрежесіне қарай рет-ретімен, дәйектілікпен орналасу тәртібін айтамыз.

Қылмыстық құқықтың Ерекше бөлімінің жүйесін дұрыс құру қылмысты саралауға ғана емес, сонымен бірге онымен белсенді күрес жүргізуге, оның алдын алуға, әділ жаза тағайындауға толық мүмкіндік береді.



Қазақстан Республикасының жаңа Қылмыстық кодексінің Ерекше бөлімінде мынандай 16 тарау бар:

1.Жеке адамға қарсы қылмыс.

2.Отбасына және кәмелетке толмағандарға қарсы қылмыстар.

3.Адамның және азаматтың конституциялық құқықтары мен бостандықтарына қарсы қылмыстар.

4.Бейбітшілік пен адамзат қауіпсіздігіне қарсы қылмыстар.

5.Мемлекеттің конституциялық құрылысына және қауіпсіздігіне қарсы қылмыстар.

6.Меншікке қарсы қылмыстар.

7.Экономикалық қызмет саласындағы қылмыстар.

8.Коммерциялық және өзге ұйымдардың қызмет мүдделеріне қарсы қылмыстар.

9.Қоғамдық қауіпсіздікке және қоғамдық тәртіпке қарсы қылмыстар.

10.Халықтың денсаулығына және адамгершілікке қарсы қылмыстар.

11.Экологиялық қылмыстар.

12.Көліктегі қылмыстар.

13.Мемлекеттік қызмет мүдделеріне қарсы қылмыстар.

14.Басқару тәртібіне қарсы қылмыс.

15.Сот төрелігіне және жазалардың орындалу тәртібіне қарсы қылмыстар.

16.Әскери қылмыстар.
Екінші тарау. Жеке адамға қарсы қылмыстар
Адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтары мемлекет арқылы қорғалады. Қазақстан Республикасының Конституциясының 2-бөлімі осы мәселеге тікелей арналған. Конституцияның 1-бабында «ең қымбат қазына-адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары»,-деп жарияланған. Осыған орай, Қазақстан Республикасы барлық құқық салалары, оның ішінде Қылмыстық құқықта адамды қорғауды өзінің міндеті деп санайды. Қазақстан Республикасы барлық заңдары жеке адамды қорғауға, адам құқықтары мен бостандықтарын қорғауға әр уақытта артықшылықтар береді. Сондықтан да ҚР ҚК Ерекше бөлімінің бірінші тарауы жеке адамға қарсы қылмыстарға арналған. Осы тарауға кіретін барлық қылмыстардың топтық объектісі жеке адамның дұрыс іс-қызметін қамтамасыз ететін қоғамдық қатынастар болып табылады.

Тікелей объектілерінің ерекшеліктеріне қарай жеке адамға қарсы қылмыстар мынандай түрлерге бөлінеді:өмірге қарсы қылмыстар; адам өлтіру (96-б); жаңа туған сәбиді анасының өлтіруі (97-б); жан күйзелісі жағдайында болған адам өлтіру (98-б); қажетті қорғаныс шегінен шығу кезінде жасалған кісі өлтіру (99-б); қылмыс жасаған адамды ұстау үшін қажетті шаралардың шегінен шығу кезінде жасалған кісі өлтіру (100-б); абайсызда кісі өлтіру (101-б); өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу (102-б), денсаулыққа қарсы қылмыстар; жеке адамның бостандығына қарсы қылмыстар; жеке адамның ар-намысына және адамгершілікке қарсы қылмыстар; жыныстық қылмыстар.
Өмірге қарсы қылмыстың жалпы сипаттамасы.
Өмірге қарсы қылмыстың , соның ішінде адам өлтірудің де тікелей объектісі адамның өмірі болып табылады. Заң жасына және денсаулық жағдайына қарамастан кез келген адамның өмірін бірдей қорғайды. Адам өмірі нәрестенің туған сәтінен, яғни анасының денесіне бөлініп шығып, алғаш тыныс алуы арқылы оның өкпесінің жұмыс істеген уақытынан басталады. Бұл құбылыс нәрестенің алғашқы айқайынан, дыбыс беруінен басталады. Өлім адам өмірінің соңғы сәті болып табылады.
Өлім клиникалық және биологиялық болып екіге бөлінеді.
Тыныс алуы мен қанның айналысы тоқтағаннан кейін 5-6 минут шамасында клиникалық өлім сатысы басталады. Адам денесінің салқындауына байланысты бұл кезең 10 немесе одан да көбірек минутқа созылады. Өлудің соңғы кезеңі-биологиялық өлім, орталық нерв жүйесі қызметінің істен шығуына байланысты мидың өлуі басталады. Адамның басқа органдары мен тіндерінің өміршеңдік белгілері біразға жалғасқанымен, мидың өлуі адам өмірінің соңғы сәті болып табылады. Яғни адам өмірінің соңғы сәті-биологиялық өлім. Адам өлтірудің объективтік жағы басқа адамды өмірінен заңсыз айырумен көрінеді. Қылмыстың аяқталуы үшін адамды өмірінен айыруға бағытталған іс-әрекеттің және соның зардабынан адам өлуінің арасындағы себептік байланыстың болуын айқындау қажет.

Адам өлтіру негізінен әрекет арқылы жүзеге асырылады. Адам өлтірудің көпшілігі осылайша жасалады. Кінәлының оқпен атылатын және суық қарудың, өзге де заттарды пайдалануымен, уландыру, жарылыс жасау, басқа да әдістерді қолдануы арқылы адам өмірінен айырылады. Адам өлтіру сонымен бірге жәбірленушіге психикалық әсер ету нысанында да болуы мүмкін. Әдетте жүрек-қан тамырлары жүйесі ауруларынан зардап шегетін адамдарды жүйкесіне зақым келтіру жиі кездеседі. Соңғы уақыттарда адам жүйкесіне әсер ету нысандары мен әдістерінің көбейе түсуінің нәтижесінде психикалық әсер ету жолымен адам өлтіру мүмкіндігі одан әрі кеңейе түсуде.

Адам өлтіру сондай-ақ әрекетсіздік нысанында да болуы мүмкін. Бұл негізінен мынандай жағдайда болуы мүмкін. Кінәлы адам біреуді өмірден айыру мақсатымен өлімге араша тұра алатын мүмкіндігі бола тұра және осыған тікелей міндетті бола тұрса да әркетсіздік жолымен оған өлім қаупін туғызады және өлімге жол береді. Кінәлының өлімнің жолын кесу жөніндегі әрекетті істеу міндеттілігі заң талаптарынан туындауы мүмкін (мысалы, ата-аналары өздерінің жаңа туған нәрестелерін немесе жас балаларын өлтіру мақсатымен тамақтандырмайды немесе олардың өмірін сақтап қалу үшін өзге де шараларды қолданбайды). Өздігінен жүріп-тұра алмайтын және өздерінің табиғи қажеттерін қамтамасыз ете алмайтын жағдайларда қартайған ата-аналарын олардың ересек балалары олардан құтылу мақсатында осындай әрекеттер жасауы мүмкін. Адам өлтірудің объективті жағының екінші белгісі қылмыстың зардабы жәбірленушінің өлімі болып табылады. Өмірден айыруға тікелей қасақаналық болғанымен қылмыстық зардаптың-өлімнің болмай қалуы кінәлының әрекетіне оқталғандығы, адам өлтіруге оқталғандық ретінде саралауға негіз болады. Адам өлтіру кезінде, өлім әрекет жасалғаннан кейін бірден немесе белгілі бір уақыт өткеннен кейін жүзеге асуы мүмкін. Келтірілген зардапты кінә деп жүктеу үшін болған өлім мен субъектінің әрекеті немесе әрекетсіздігі арасынддағы себептік байланыстың болуы негіз болып табылады. Әрекет пен зардаптың арасында себептік байланыс болмаған кезде тұлға жасаған әрекеті үшін ғана жауапты болады. Өлтіруге тікелей оқталу айқындалған кезде өлтіру үшін оқталғандық жасалған болып табылады, ал өлтіруге жанама ниет болған кезде кінәлы адам нақты келтірілген зиян үшін ғана жауап береді (мысалы, денсаулыққа зиян келтіргені үшін).

Адам өлтіру-материалдық құрамға жататын қылмыс.

Адам өлтірудің субъективтік жағы-Қылмыстық кодекстің 96-бабына сәйкес тек қана қасақаналықпен жүзеге асырылады. Адам өлтіру кезінде қасақаналық тікелей және сол сияқты жанама болуы да мүмкін. Тікелей қасақаналық кезінде кінәлы өзінің басқа адамның өміріне қол сұғып отырғандығын сезеді, оның әрекеті іс жүзінде өлімге соқтыруы мүмкін екендігіне немесе қалай да өлімге әкелетіндігін біледі және өлімнің болуын тілеп іс-әрекет жасайды. Жанама қасақаналықпен адам өлтіру кезінде кінәлы өзінің әрекеті арқылы адам өміріне қатер төндіретіндігін мойындайды, осы әрекеттің нәтижесінде оның өлуі мүмкін екендігін біледі, өлімнің болуын тілемейді, бірақ оған саналы түрде жол береді не өлімнің болу-болмауына немқұрайдылық танытады. Соңғы уақытта жарылыс жасау жолымен адам өлтіру оқиғалары кең таралып отыр. Мұндай кезде белгілі бір құрбандардан басқа бөгде адамдар да өледі. Бұл оқиғада кінәлы белгілі бір құрбанға қатысты адам өлтіруде тікелей ниетте, ал бөгде адамдарды өмірінен айыруға қатысты-жанама ниетте әрекет етеді.Тікелей және жанама қасақаналықтар арасындағы айырмашылықты айқындаудың іс жүзінде үлкен маңызы бар.

Адам өлтіруге оқталу, яғни кінәлының әрекеті ол өлімнің болатынын сезетінін, оның болуын тілегендігін, бірақ оның еркінен тыс себептер бойынша ол болмай қалғандығы бойынша анықталады. Мұндай кезде оқталу тек қана тікелей қасақаналықпен жүзеге асырылады. Кінәлының ниетінің түрі туралы мәселені шешкенде соттар жасалған қылмыстың барлық жағдайларына сүйенуі және атап айтқанда: қылмыстың тәсілі мен қаруын, денеге салынған жарақаттың санын, сипаты мен оқшаулауын (мысалы, адамның өмірлік маңызды органын жарақаттау), кінәлының қылмыстық әрекетті тоқтату себебін, сондай-ақ кінәлының қылмыс істеу алдындағы және одан кейінгі мінез-құлқын оның жәбірленушімен арақатынасын ескеруі тиіс.

Жәбірленушінің өліміне әкеліп соқтыруы кінәлы үшін белгілі болып табылатын өмірлік маңызы бар органдарына пышақпен жарақат салу, дұрысында, өмірден айыруға тікелей ниеттің бар екендігін айғақтайды. Оқпен атылатын қаруды қолдану кінәлының өлтіруге шынайы ниетте болғандығын айғақтайды және басқа жағдайлармен қатар кінәлының адам өлтіру ниетінде болғандығына маңызды дәлелдеме болып табылады. Жақын ара қашықтықтан ату, әдетте, адам өлтіру мақсатында істеледі. Тікелей қасақаналық болған кезде кінәлы өлімнің болуын тілейді, сонымен бірге кінәлының өлімінің міндетті түрде болуын қаламайтындығын да мұндай жағдайда ескеру керек. Оның ниеті баламалы түрде болуы мүмкін, оның шамалауы бойынша өлімнің болуы, сол сияқты денсаулыққа ауыр зиян келтіру мүмкіндігі және осы зардаптардың кез келгенінің болуын міндетті түрде тілейді. Ал егер оған байланысты емес жағдайлар бойынша қылмыстық нәтиже болмаған жағдайда ол адам өлтіруге оқталғандық үшін жауапқа тартылуы тиіс. Адамды өлтірумен алдын ала қорқыту басқа мән-жайлармен қатар адам өлтіру ниетінің бар екендігіне маңызды дәлелдеме болып табылады. Дегенмен, осындай қатер тудыруды айтқан адамның ой-ниетінің қаншалықты шын екендігін іс бойынша айқындау қажет. Тіпті, егер ол сөздер кейде және төндірілген қатерді жүзеге асыру мүмкіндігіне сырттай ұқсас кейбір әрекеттермен қоса айтылғанның өзінде, адам өлтіру ниетін жүзеге асыру туралы сөздер кінәлының шын мәніндегі анық тілегін білдірмейді. Адам өлтіру мен қорқыту көбінесе оқпен атылатын немесе суық қаруды немесе өзге қаруды, сондай-ақ қару ретінде пайдаланатын заттарды қолданумен немесе қолдануға әрекет етумен жасалатын бұзақылық әрекеттермен байланысты болатындығын тәжірибе көрсетіп отыр. Адам өлтіруге жасалған оқталуды аталған әрекеттерден бөлу керек. Қасақана адам өлтірудің субъектісі 14 жасқа толған жеке тұлға болып табылады, ал Қылмыстық кодекстің 97-102- баптарында көрсетілген жағдайларда адам өлтірудің субъектісі 16 жасқа толған адамдар болып табылады.


Адам өлтіру (96-бап)
Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінде адам өлтірудің негізгі құрамы мен ауырлататын жағдайында адам өлтірудің құрамы бір бапқа біріктірілген.

Негізгі құрам - бұл осы қылмыстың ауырлататын түріне (96-баптың 2-тармағы) жатпайтын құрам.

Негізгі құрамға (96-баптың 1-тармағы) мынандай адам өлтіру түрлері жатады: қызғаныштан, төбелес кезінде немесе ұрыс-керіс үстінде (бұзақылық себептер болмағанда), жәбірленушінің заңсыз әрекеттеріне байланысты, жеке қарым-қатынас негізінде туындаған кек алумен байланысты болған адам өлтіру оқиғалары.

Ауырлататын жағдайлардағы адам өлтіру-Қылмыстық кодекстің 96-бабының 2-тармағында көзделген. Қылмыстық құқық теориясында бұл жағдайларды топтарға бөлу қалыптасқан. Мұндай жағдайда бөлу өлшемі әр түрлі. Топқа бөлу үшін көбінесе қылмыс құрамының элементтері пайдаланылады. Сондықтан адам өлтірудің ауырлататын жағдайлары Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 96-бабында қалай орналастырылған болса, сол бойынша қарастырылады.

а) екі немесе одан көп адамды өлтіру (ҚК-тің 96-бабы, 2-тармағының «а» тармақшасы) Адам өлтірудің бұл түрі кінәлы екі немесе одан көп адамды өмірінен айырған жағдайда болады. Мұндайда кінәлының екі немесе одан көп адамды өлтіру ниетінің болғандығы, яғни бірыңғай қасақана ниетінің болғандығын анықтау керек. Дұрысында жәбірленушілердің өлуі бір мезгілде болады. Мынандай жағдайдың да болуы мүмкін: кінәлы әуелі бір адамды өлтіреді, содан соң біршама уақыт өткеннен кейін, әдетте көп кешікпей, басқа адамды өлтіреді. Оның бір адамды емес, екі немесе одан көп адамды өлтіру ниетінің болғандығын дәлелдеудің маңызы бар. Мұндайда әр адамды өлтіру себептері бірдей болмауы мүмкін.

Біреуін, ол мысал үшін-кек алу мақсатында, ал екіншісін бірінші кісі өлтіруді жасыру мақсатында өлтіреді.

Сонымен бірге-екінші адамды өлтіру ниеті бірінші кісі өлтіруден кейін емес, оған дейін пайда болды. Осы жағдайларда кінәлының әрекеті осы «а» тармақшасымен сараланады. Егер екі немесе одан көп адамды өлтіру ниеті бола тұра бір адам өлтірілсе және екіншісінің өміріне қастандық жасалған болса, мұнда екі немесе одан көп адамды өлтіру аяқталмағандықтан, кінәлының әрекеті ҚК-тің 24-бабының 3-тармағы және 96-бабының 2-тармағының «а» тармақшасы бойынша саралануы тиіс.

б) адамның қызметтік іс-әрекетін жүзеге асыруына не кәсіби немесе қоғамдық борышын орындауына байланысты адамды немесе оның жақындарын өлтіру (ҚК-тің 96-бабы, 2-тармағының «б»тармақшасы).

Мұндай адам өлтіру кінәлының жәбірленушіні немесе оның жақын туыстарын олардың қызметтік немесе қоғамдық борышын орындауына кедергі келтіру мақсаттарында немесе олардан осындай әрекеттері үшін кек алу мақсатында жүзеге асырылады. Адам өлтірудің осы түрі бойынша жәбірленушілер болып қызметтік немесе қоғамдық функция атқарған адамның өзі немесе олардың жақын туыстары болуы мүмкін. Егер қызметтік немесе қоғамдық борышын орындаумен байланысты олардың өзін немесе жақын туыстарын өлтіргені үшін заңда арнаулы бап көзделген болса, онда кінәлының әрекеті осы арнаулы норма бойынша саралануға жатады (ҚК-тің 96-бабы, 2-тармағының «в» тармақшасы).



в) дәрменсіз жағдайда екендігі айыпкерге белгілі адамды, сонымен бірдей адамды ұрлаумен не адамды кепілге алумен ұштасқан адам өлтіру (ҚК-тің 96-бабы, 2-тармағының «в» тармақшасы).

Жас шамасының өте кішілігіне немесе кәрілігіне, дене мүшелерінің кемістігіне, аурулығына, соның ішінде жүйке ауруына шалдығу, ақыл-есінен уақытша айрылу немесе ақыл есінің әлсіреумен байланысты болған, оның дене мүшелерінің немесе психикалық жай-күйінің салдарынан кінәлыға қарсылық көрсете алмаған немесе оны өмірінен айыруға жасаған әрекетінің сипатын түсінбеу жағдайын жәбірленуші адамның дәрменсіздік жай-күй деп түсіну керек. Мұндай жай-күй алкогольден, сол сияқты есірткіден мас болудың және жүйкеге қатты әсер ететін дәрілік препараттарды немесе улы заттарды қабылдаудан болуы мүмкін. Саралау үшін жәбірленушіні мұндай жағдайға кімнің душар еткендігінің, бұған қандай себеп болғандығының ешбір мәні жоқ.

Адамды ұрлаумен не кепілге алумен ұштасқан адам өлтіру ұрлау не кепілге алу процесінде жәбірленушіні өмірінен айырған немесе аталған қылмысты жасыру мақсатында адам өлтіру болған кезде орын алады.

Адамды ұрлау және кепілге алу қасақана өлтірумен ұштасқан жағдайда, не адам өлтіру осы істеген қылмыстарды жасыру әдісі болса мұндай әрекеттер дербес қылмыс құрамын құрайтындықтан, кінәлының әрекеттері қылмыстың жиынтығы бойынша сараланады (ҚК-тің 125, 96-бабы, 2-тармағының «в» тармақшасы, 234, 96-бабы, 2-тармағының «в» тармақшасы).



жүктеу 4,68 Mb.

Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   29




©g.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет
рсетілетін қызмет
халықаралық қаржы
Астана халықаралық
қызмет регламенті
бекіту туралы
туралы ережені
орталығы туралы
субсидиялау мемлекеттік
кеңес туралы
ніндегі кеңес
орталығын басқару
қаржы орталығын
қаржы орталығы
құрамын бекіту
неркәсіптік кешен
міндетті құпия
болуына ерікті
тексерілу мемлекеттік
медициналық тексерілу
құпия медициналық
ерікті анонимді
Бастауыш тәлім
қатысуға жолдамалар
қызметшілері арасындағы
академиялық демалыс
алушыларға академиялық
білім алушыларға
ұйымдарында білім
туралы хабарландыру
конкурс туралы
мемлекеттік қызметшілері
мемлекеттік әкімшілік
органдардың мемлекеттік
мемлекеттік органдардың
барлық мемлекеттік
арналған барлық
орналасуға арналған
лауазымына орналасуға
әкімшілік лауазымына
инфекцияның болуына
жәрдемдесудің белсенді
шараларына қатысуға
саласындағы дайындаушы
ленген қосылған
шегінде бюджетке
салығы шегінде
есептелген қосылған
ұйымдарға есептелген
дайындаушы ұйымдарға
кешен саласындағы
сомасын субсидиялау