Медицина қызметкерінің науқаспен қарым – қатынасы
Медициналық қызметкер де өз міндетін атқару барысында, басқа адамдармен түрлі қарым - қатынас, байланыс, сұхбат (коммуникация) жасауға мәжбүр болады: оның ішінде – науқаспен, оның туған - туыстарымен, әріптестерімен, басқа медициналық қызметкерлермен (мейірбикелермен, кіші мейірбикелермен, мекеме әкімшілігімен) т. б қарым - қатынасуы жатады. Медицина қызметкері мен сырқат адамның қарым - қатынасы жоғары дәрежеде болуы, маманның кәсіби дамуына үздіксіз әсер етеді.
Қарым - қатынас – адамдардың жанасуы негізінде ақпаратпен алмасуы, бір - бірін қабылдауы және әрекеттесуі. Медицина қызметкерінің жұмысының нәтижелілігі мен деңгей - дәрежесі оның білімділігі мен біліктілігі ғана емес, қарым - қатынас (коммуникативтік) дағдыларына да байланысты екені анық.
Медициналық қызметкер мен науқас арасындағы қарым - қатынас, медициналық қызметкердің жұмысында өте маңызды орын алады.
Медициналық қызметкер мен науқас және оның туысқандары бір - біріне сенім тудыратын қарым - қатынас жасағанда ғана ем нәтижелі болуына күмәндік тумайды.
Медицина қызметкерінің коммуникативті білгерлігі - кәсіби маңызды қасиет. Мамандығына байланысты медициналық қызметкер үнемі және тығыз, қарқынды қарым - қатынас жасауға мәжбүр болады: науқастармен және олардың туыстарымен, жақындарымен, басқадай медициналық қызметкерлерімен (дәрігер, әріптестері, мейірбикелер, кіші мейірбикелер, мекеме әкімшілігімен т. б).
Коммуникативті білгерлік (компетенттілік) дегеніміз - медицина қызметкерлерінің басқа адамдармен (науқас және оның жақындары мен туыстары, дәрігер, әріптестері, кіші мейірбикелер т. б) коммуникация тәсілдерін нәтижелі қолдана білу арқылы қарым - қатынас жасау қабілеті деп білеміз.
Сонымен, медициналық қызметкердің коммуникативтік маңызды қасиеттеріне келесілер жатады: адамгершілігі, адамға назар аударуы, мамандығын сүю, қайырымдылығы, кішіпейілдігі, әдептілігі. Жақсы көңіл - күй жағдайында жанасу құрастыратын медициналық қызметкердің тұлғалық қасиеттеріне науқастар өте жоғары баға береді.
Аффилиация. Медициналық қызметкер тұлғасының науқаспен жанасуға ықпалдануы, олармен әрекетке түсуге ынталануы. Адамға басқа адамдардың қажеттілігін аффилиация дейді. Психологиялық ішкі жағынан аффилиация - сенім және жақындасу сезімі, ал сырттан – көпшіл болу, басқалармен әрекетке түсуге ынта білдіру, үнемі адамдар арасында болуға тырысу.
Рефлексия - қатынасушы медициналық қызметкерде «науқас мені қандай түрде сезініп таниды, түсінеді»- деген ой тууы. Осыған байланысты қатынасқан адам өз әрекетін қалыптастырып, бағалап, кейбір мінездемелерін өзгертеді. Кәдімгі өмір жағдайында, бір адамның басқа адамдар туралы мәліметінің жетіспеушілігіне байланысты, олардың іс әрекетінің негізгі себептерін білмеуінен, бір - біріне көрсеткен мінез - құлқының себептерін жалған түрде түсініп, өзінше жорамалдайды.
Эмпатия - науқастың уайымын эмоционалды түрде медициналық қызметкер өз басынан өткергендей сезінуі, науқастың қайғы - қасіретіне ортақтасуы, науқастың қайғысына психологиялық тұрғыдан қосылуы, қоса қайғыруы, оның ішкі ойын сезінуі («мен сенімен біргемін»). Бұл - тиісті дәрежеде медициналық қызметкер - науқас коммуникациясын қамтамасыз ететін психологиялық құбылыс. Эмпатия ұғымында медициналық қызметкер өзін науқастың орнына қоюы арқылы, өз ішкі сезімдері арқылы науқастың жан дүниесін түсінуге тырысуын білдіреді.
Коммуникативтік төзімділік (толеранттік) деген, бұл коммуникативтік білгерліктің бір жағы. Оның құрама бөліктері - медицина қызметкерінің шыдамдылық, мейірімділік қасиеттері.
Ауру адамның медициналық қызметкерге қолайсыз, ол қаламайтын жекеше ерекшеліктері, оның жағымсыз қасиеттері, пікір - қылықтары, ойлау стериотиптері мен әдеттеріне медициналық қызметкердің төзе алуы оның коммуникативтік төзімділігін көрсетеді.
Медициналық қызметкерінің керісінше (негативтік) әсері. Медициналық қызметкерлердің қалыптан тыс орынсыз айтылған сөздері науқасқа психологиялық зиян келтіріп, түрлі қарым - қатынас қайшылықтарына әкеліп соғады. Бұның салдарынан ятрогения - медициналық қызметкерлердің абайсызда айтқан сөзінен туатын невроз аурулары пайда болады. Ятрогениялардың көбі жиі жағдайларда байқамай, абайсыз айтылған медицина қызметкерлерінің сөзі, ал ол оның шын ойына негізделген емес екені мәлім. Науқас психологиясына, денсаулығына ятрогенияның әсері мол. Сол себепті менің ғылыми жобамда науқас психологиясын қарым - қатынастың әсерін зерттеу басты мақсатым болып табылды.
Медициналық қызметкер науқас психологиясына қарым - қатынастың әсері мол екендігін білуі қажет. Медициналық қызметкердің коммуникативтік компетенция - сының келесі түрлері науқаспен емдік қатынасқа түсуінің негізін құрайды: науқасты жақсы білу, вербальды, вербальды емес белгілеріне дұрыс жауап қайтару және жағдайына байланысты мәліметтерді көбірек алу; науқастарға адекватты медициналық мәліметтер беру және оларды салауатты өмір сүруге шақыру, медициналық қызметкердің ролінің денсаулықты жақсартуда және аурудың алдын - алуда маңызды екенін көрсету; дәрменсіздікті, көмексіздікті жеңуге, ауруға байланысты түзілген теріс стериотиптерді бұзуға көмектесу, осыған сәйкес қажетті тиісті жауаптардың кескіндерін жасауға ықпал ету; «медициналық қызметкер - науқас» қарым - қатынасында медициналық қызметкердің сақ болуы.
Науқастармен қарым - қатынас жасауда вербальды және вербальды емес қатынастар маңызды орын алады. Дәрігер науқастарды қабылдағанда өзінің қимыл әрекеті арқылы оларға кері немесе жағымды әсер етуі мүмкін. Егер дәрігер науқасты бар ынтасымен тыңдап, назарын тек науқасқа аударып, ауруына науқастың көзқарасымен қарап отырғанын сездірсе науқас та дәрігерге көп сенім артады. Ал егер бәрі керісінше болып, науқасқа назар аудармай басқа іспен шұғылданып отырса, науқастың психологиясына кері әсерін тигізіп, шипа іздеп келген дертіне кері әсер етуі мүмкін.
Сырқаттарды емдеуде дәрігер үшін сөздің рөлі әрдайым жоғары. Науқаспен қарым - қатынаста дәрігердің дауыс көтермей, бірқалыпты шыдамдылықпен, тіл мәдениетін сақтап, тұрпайылық жасамауы қажет.”Әркім өз ауруымен ауырады, оған қорқыныш қосылады” деген қанатты сөз бар. Міне сондықтан дәрігер өзінің мінез - құлқымен, байқап сөйлеуімен және ойлы, дұрыс ақыл - кеңесімен сырқаттарға әлдебір күдік туғызудан қашық болғаны абзал. Кейде сырқат көзінше медициналық
қызметкерлер көбірек сөйлеп қояды, ол ятрогенияға әкеліп соқтырады. Ол медициналық қызметкердің теріс түсіндірген сөзінен немесе мінез құлқынан шығады.
Денсаулық сақтау саласындағы тиімді коммуникацияның кілттік негізгі дағдылары, мынандай ережелерден тұрады:
Науқаспен қатынасуда басымдылық танытпау;
Науқасты ептілікпен тоқтата білу;
Позитивтілікті күшейту;
Сұрақтарды дұрыс қоя білу;
Вербальді ақпараттарды дұрыс жинай білу;
Коммуникативті дағыларды қолдану;
Науқасты сендіре білу қабілеті;
Науқасқа әсер ете білу;
Коммуникативті білгірлігін құрай білу;
Вербальді емес коммуникацияның компоненттерін қолдана білу;
Науқастың айтқандарын тұжырымдай білу;
Эмоционалды тұрақтылық;
Коммуникативті қабілеттілігін көрсете білуі қажет;
Адамдармен қарым - қатынасты орнықтыру үшін мәдениеттілікті басты назарда ұстау қажет. Адамдардың ішкі рухани әлемінің маңыздылығын, адамгершілікті жетілдіру қажеттілігін жете түсіну керек.
Медициналық қызметкерінің коммуникативті білгерлігін қалыптастыратын психологиялық сипаттамалар - оның қатынасу икемділігі, науқаспен араласуы, қарым - қатынасы науқас психологиясына оң әсерін береді.
Достарыңызбен бөлісу: |