Заңсыз табыстарын легализациялау түсінігі (ағылш. money laundering) АҚШ-та өткен ғасырдың 80-жылдарында есірткі бизнесінен түскен табыстарға қатысты қолданыла бастаған жəне заңсыз алынған қаражаттарға заңды түр-сипат беру процесін аңғартады. Қазіргі кезде осы қылмыстың анықтамасына қатысты ортақ консенсусқа қол жеткізілген жоқ дерлік. Бұл қылмыстың түсінігіне қатысты алғашқы анықтамалардың бірін 1984 жылы ұйымдасқан қылмыстылық бойынша АҚШ Президенттік комиссиясы берген болатын: «...заңсыз ақшаларды заңдастыру — бұл табыстардың бар екендігін, олардың заңсыз тегі немесе заңсыз пайдаланылуы жасырылатын жəне артынан осы табыстардың шығу тегін заңды етіп көрсететін процесс».
Мұнда айта кететін жайт — заңсыз табыстарын легализациялау іс-əрекетін криминализациялау процесі ең алдымен есірткі заттарының заңсыз айналымынан алынған табыстарға қатысты дамыған болатын. Осы тұрғыда аталмыш қылмыстың алғашқы белгілері Біріккен Ұлттар Ұйымының есірткі жəне психотроптық заттардың заңсыз айналымына қарсы күресу бойынша ұйымдастырылған Вена Конвенциясында (1988 ж. 19 желтоқсан) берілген болатын.
Сонымен, 1988 жылғы Вена Конвенциясында ресми түрде есірткі айналымынан алынған заңсыз ақша қаражаттарын легализациялау қылмыс деп жарияланды. Дегенмен, халықаралық қауымдастықтың бұл «жаңа» қылмыс түріне көзқарасы біржақты болғаны тез арада анықталған- тұғын. Мамандар заңсыз табыстарды легализациялау тек есірткі айналымынан түскен қаражаттарға қатысты бола бермейтіндігін түсініп, араға екі жыл салып 1990 жылдың 8 қарашасында Еуропа Кеңесі «Қылмыстық əрекеттерден түскен табыстарды заңдастыру, анықтау, алу жəне тəркілеу туралы» № 141 Конвенциясында тек есірткінің заңсыз айналымынан алынған табыстарды ғана заңдастыруды қылмыс деп қоймай, бұл тектегі қылмыстық əрекеттерге өзге де криминалдық жолмен алынған табыстарды легализациялау жататындығын мəлімдеді. Сонымен қоса осы Конвенцияның 6- бабында заңсыз табыстарын заңдастыруға байланысты болатын құқықбұзушылықтардың тізімі де берілген болатын.
Шетелдік қылмыстық заңдардың аталмыш қылмысқа қатысты өзара өзгешеліктері ең алдымен ондағы легализацияланатын қаражаттардың шығу тегіне қатысты іс-əрекеттердің тізімін анықтауға байланысты. Əрбір елде заңсыз қаражаттардың шығу тектеріне төмендегілердің бірін жатқызады:
қылмыстар (қолданыстағы қылмыстық заңда қарастырылған қылмыстардың кез келгені бола алады);
тек қана ұйымдасқан қылмыстылық үшін тəн қылмыс түрлері;
құқықбұзушылықтар;
есірткілердің заңсыз айналымына қатысты құқықбұзушылықтар мен қылмыстар.
Егер заңсыз табыстарын легализациялауға байланысты қабылданған алғашқы халықаралық акттерге назар аударатын болсақ (аталмыш қылмыстың анықталуының бастамасы халықаралық акттер негізінде жүргізілген), онда берілген анықтамалар көбіне казуистикалық, яғни қылмыстық қудаланатын, іс-əрекеттердің шеңбері нақты анықталу негізінде болғанын байқаймыз. Атап айтсақ, Вена Конвенциясының үшінші бабы əрбір қатысушы-мемлекеттен есірткінің заңсыз айналымынан алынған ақшаларды заңдастыруды қылмыс ретінде тануын талап ете отырып, бұл іс-əрекеттерге келесі түрде анықтама берген:
«...b) (i) конверсия, немесе меншікті ауыстыру, егер мұндай меншік Конвенцияда қарастырылған құқықбұзушылықты немесе құқықбұзушылықтарды жасау нəтижесінде не болмаса мұндай құқықбұзушылыққа немесе құқықбұзушылықтарға қатысу нəтижесінде алынғаны белгілі болса, əрі бұл іс-əрекеттер меншіктің заңсыз көзін жасыру немесе мұндай құқықбұзушылыққа немесе құқықбұзушылықтарға қатысқан кез келген адамға ол өз іс-əрекеттері үшін жауапкершіліктен жалтаруы үшін көмек көрсету мақсаттарында жасалса;
(ii) меншіктің немесе оған құқықтың шынайы шығу тегін, орналасқан жерін, əлдебір қозғалыстарын жасыру немесе бұрмалау, егер мұндай меншік осы конвенцияда қарастырылған құқықбұзушылықты немесе құқықбұзушылықтарды жасау нəтижесінде, не болмаса мұндай құқықбұзушылыққа не құқықбұзушылықтарға қатысу нəтижесінде алынғаны белгілі болса;
с) өзінің конституциялық ережелері мен өзінің негізгі құқықтық жүйесінің негізгі қағидаларын ескере отырып;
(i) меншікті сатып алу, иелену немесе пайдалану, егер оны алу мезетінде осы мүлік конвенцияда қарастырылған құқықбұзушылықты немесе құқықбұзушылықтарды жасау нəтижесінде не болмаса мұндай құқықбұзушылықты не құқықбұзушылықтарды жасауға қатысу нəтижесінде алынғаны белгілі болса...».
Вена Конвенциясындағы, одан кейін де қабылданған халықаралық нормативтік акттерде заңсыз табыстарын легализациялау қылмысына анықтама беруде осы акттердің авторларының қылмыстың объективтік белгілерін неғұрлым нақты анықтауға ұмтылу мақсатының болғанын байқауға болады, яғни аталмыш қылмыстың объективтік жағының белгілері, біздің қылмыстық құқықтық түсінігіміз тұрғысынан алатын болсақ, «кеңістікте» біраз шектелген сияқты болады. Сонымен қатар Біріккен Ұлттар Ұйымы мен Еуропа Кеңесінің қабылдаған Конвенцияларында біз қарастырып отырған қылмысқа берілген анықтамалар өзара айқын ерекшелене қоймайтындығы байқалады. Сəйкесінше, осы кезеңге дейін бір де бір шет мемлекеттері заңсыз табыстарды легализациялау іс-əрекеттерін (əрине, АҚШ-тан басқалары) криминализацияламағандықтан, олар өздерінің қылмыстық заңдарында жоғарыда аталған халықаралық Конвенциялар негізінде заңсыз табыстарын «заңдастыруды» қылмыс ретінде анықтаған болатын.
Бұрынғы кеңестік кеңістіктегі елдердің арасынан заңсыз табыстарын легализациялауға қарсы күресте (ең алдымен оның заңдық негіздерін анықтауда) ресейлік тəжірибенің маңызы зор деуге болады.
Заңсыз жолмен алынған табыстарын легализациялау (заңдастыру) үшін қылмыстық жауапкершілік ҚР Қылмыстық кодексінің 193-бабында қарастырылған. Қазақстан Республикасының қылмыстық заңында заңсыз табыстарын легализациялау (заңдастыру) қылмысы шетелдік заңнамаларға қарағанда бірқанша жалпылаушы, яғни қылмыс құрамының негізіне қылмыстық іс- əрекеттердің біршама кең шеңберін қамтитын сөздермен анықталған. Мұны əсіресе қылмыстың объективтік жағының белгілерінен байқауға болады.
Страсбург Конвенциясын ратификациялаған еуропа елдерінің біріншісі Ұлыбритания болды. Осы конвенция талаптарын орындай отырып, ол заңсыз (қылмыстық) табыстарын легализациялау негізінде жасалатын бірқатар қоғамдық əрекеттерді криминализациялады. Қылмыстық табыстарды легализациялауға қарсы қылмыстық құқықтық күрес негізін 1986 жылы қабылданған есірткі айналымы туралы заң құрайды. Осы мезеттен бастап Ұлыбританияда есірткі заттары мен жүйкеге əсер ететін заттардың заңсыз айналымынан алынған табыстарды легализациялауға қатысы бар адамдарды қылмыстық құқықтық қудалауға заңды негіз пайда болады. 1993 жылы аталған заңға өзгертулер мен толықтырулар енгізіліп, қылмыстық табыстарды легализациялау үшін жауаптылық орнататын норманың əрекет ету аясы айтарлықтай кеңейген болатын.
Заңсыз алынған ақша қаражаттары мен өзге де мүлікті заңдастыруға қарсы іс-қимылдардағы халықаралық ынтымақтастықты нығайта түсу бастамасы, ең алдымен, АҚШ тарапынан келген болатын, өйткені осы мемлекетте біз қарастырып отырған қоғамдық қауіпті əрекетке қарсы ұлттық күрес шаралары тұңғыш рет əзірлене бастаған. Тарихи кезеңнің сол тұсында əлемнің бірқанша мемлекеттері халықаралық наразылықтардың болуына қарамастан, өзіндегі қаржы инструменттерді (əсіресе банк жүйесін) қылмыстық табыстардың «жылыстатылуы» үшін қызмет етуге бейімдеп, елеулі мөлшердегі кірістерге иеленіп отырған болатын. Ал қазіргі кезде бұл құбылысқа қатысты əлем қауымдастығының назары түбегейлі дерлік бағытын өзгертіп, оның қоғамдық қатынастарға, ел, аймақ экономикасына теріс əсері жеткілікті дəрежеде аңғарылып, халықаралық ынтымақтастық шараларының қажеттілігі мойындалып келеді. Оның басты себептерінің бірі — көптеген елдердің құқық қорғау органдарының практикасында заңсыз табыстардың легализациялануына қарсы күресті ұйымдасқан қылмыстылыққа, сол сияқты есірткі заттарының заңсыз айналымы мен терроризм жəне экстремизм секілді келеңсіз құбылыстарға қарсы күресте басты құрал ретінде кеңінен қолдана басталуы болды. Біріккен Ұлттар Ұйымы, Экономикалық ынтымақтастық жəне даму ұйымы, Еуропа Кеңесі, Бағалы қағаздар бойынша халықаралық комиссия, халықаралық қаржы институттары жəне басқа да халықаралық жəне мемлекетаралық ұйымдар өз қызметтерінің басты салаларының бірі ретінде трансұлттық ұйымдасқан қылмыстылық құрылымдарының криминалдық капиталдарының легализациялануына қарсы күрес жүргізу деп анықтайды.
Заңсыз табыстардың жылыстатылуына қарсы халықаралық деңгейде күрес шараларының əзірленіп, практикаға енгізіле бастаған кезеңінен-ақ БҰҰ осы бағыттағы қарсы шаралардың əзірленуіне жəне халықаралық ынтымақтастықты нығайта түсу ісіне белсене араласа бастады. Қылмыстық жолмен алынған табыстар туралы мəселені жəне осы қоғамдық қауіпті əрекет үшін қылмыстық жауаптылық орнату қажеттілігі туралы мəселені көтерген алғашқы халықаралық құжат 1988 ж. Вена қаласында қабылданған «Есірткі заттарының жəне жүйкеге əсер ететін заттардың заңсыз айналымына қарсы күрес туралы» БҰҰ Конвенциясы болды.
Ақшаның жылыстатылуының жəне қылмыстық əрекеттерден түскен табыстарды пайдаланудың алдын алу жəне жəне оған қарсы күрес бойынша БҰҰ халықаралық конференциясында (Курмайор, Италия, 1994 ж.) қылмыстық ақшалардың заңдастырылуына қарсы күрестің бастапқы бағыттары анықталған болатын:
есірткінің заңсыз айналымынан жəне жəне басқа да қылмыстық əрекеттерден түскен табыстарды легализациялауды криминализациялау;
банктік құпиялық деңгейін төмендету;
анонимдік есеп-шоттарды жою немесе азайту, сенімхат алған тұлға жақтаушы шынайы тарапты идентификациялау жəне т.с.с. (осының негізінде «өз клиентіңді біл» қағидаты туындайды);
күдікті операцияларды идентификациялау жəне ол туралы хабарлау;
қаржы операцияларын жасаумен айналысатын ұйымдар мен тұлғалардың қызметтерін құқықтық реттеуді жетілдіру;
қылмыстық əрекеттерден түскен табыстар мен кірістерді тəркілеу;
халықаралық ынтымақтастықтың сенімді механизмдерін дамыту [2].
1998 ж. маусым айында БҰҰ Бас Ассамблеясының қаржы саласындағы қылмыстылыққа жəне əлемдегі есірткінің заңсыз айналымына қарсы күреске арналған 20-шы арнайы сессиясында «Ақшаның жылыстатылуына қарсы іс-қимылдар жоспары» мақұлданған болатын. Бұл Жоспарда қылмыстық табыстарды легализациялау бүкілəлемдік ауқымдағы едəуір проблема екендігі атала отырып, Есірткі таралуын жəне қылмыстылықтың алдын алуды бақылау бойынша департаментке қылмыстық, заңсыз жолмен алынған ақша қаражаттарының заңдастырылуына қарсы іс-қимылдардың жалпылама бағдарламасын əзірлеу тапсырылған болатын. Осы негізде сол жылдың желтоқсан айында «Біріккен Ұлттар Ұйымының ақша қаражаттарының жылыстатылуына қарсы жаһандық бағдарламасы» пайда болды [3]. Бүкілəлемдік деңгейдегі заңсыз табыстардың жылыстатылуына қарсы күрес шараларының халықаралық құқықтық-нормативтік базасының нығаюында табысты роль атқарған осы құжатта негізінен аталған бағыттағы процессуалдық мəселелер шешімін тапқан болатын.
Достарыңызбен бөлісу: |