А.С. Күзеков,
ҚР Парламенті Сенатының депутаты,
Экономикалық даму мен кәсіпкерлік
жөніндегі комитеттің мүшесі
БАҒА ЖЕТПЕС БАЙЛЫҚТЫ САҚТАУ
«Қазақстан-2050» стратегиясында мемлекетіміздің Президенті өршіп келе жатқан сумен қамту мәселесіне ерекше көңіл бөліп, сапалы ауыз су тапшылығын көріп отырған бірқатар аймақтардың бар екендігін атап өтті.
Ертіс – еліміздегі ең суы мол өзен, оны республикадағы жалпы су ресурстарының көлеміндегі үлесі 40%-ды құрайды, ол тек Қазақстанның шығыс облыстарын ғана емес, сонымен бірге орталық облыстарын да, Ертіс – Қарағанды каналы бойынша Астананы да сумен қамтамасыз етеді. Бұл өзенде республикадағы жалғыз порт сақталған және қызмет етеді, өзендік кеме қатынасы жүзеге асырылады.
Өткен ғасырдың 60-жылдарында өзен бөгеттермен қоршалмай, табиғи арнамен ағып жатқанда, оның көлемі тау суымен толып отырды. Жылдық су көлемінің көп бөлігі әдетте су тасқыны кезінде болды, оның ұзақтығы 3,5-4 айды құрады. Судың көтерілу фазасы 30-35 тәулікке, ал түсу фазасы 80-85 тәулікке созылды.
1970 жылдары өнеркәсіп қарқынды дамыған кезеңде, электр энергиясына деген қажеттілік пайда болған кезде, Ертістің жоғарғы жағында үш СЭС салынды, олар: Бұқтырма, Өскемен және Шүлбі. Шүлбі су қоймасы бөгетінің қақпасынан төмен жерде өзенге келетін табиғи су саласы жоқ. Толтыру су қоймалар каскадынан үш түрлі өткізумен - санитарлық, суландыру және навигациялық өткізумен жүргізіледі. Әр өткізу өндірісінің басталу уақыты, оның ұзақтығы және су шығынының режимі 2002 жылы Су ресурстары жөніндегі комитетпен бекітілген Жоғарғы Ертіс су қоймалары каскадының су ресурстарын қолдану ережелерімен анықталады, алайда олар едәуір ескірген.
2012 жылы су өзен арнасынан шыққан жоқ және шалғынды жерлер суланған жоқ және ерекше қорғалатын «Ертіс өзенінің алқабы» табиғи аймағын су басқан жоқ. Мұндай жағдай көп жыл бойы байқалады да, бай флорасы мен фаунасы, өзіне тән ландшафтысы, жемшөптік және дәрілік өсімдіктердің алтын қоры бар бірегей табиғи кешен үшін қауіп-қатер тудырады. Бұқтырма су қоймасынан су өткізу туралы мәліметтерді талдау олардың режимінің сақталмайтындығын көрсетті. Бұл олқылықтар көлем бойынша да, уақыт бойынша да, ұзақтық бойынша да орын алды.
Қоғамдағы пікірлер негізінде Ертіс өзенінің мәселесі кәсіпкерлік жөніндегі комитеттің жұмыс мәжілісінде талқыланды. Онда Павлодар облысы әкімінің орынбасары берген өзен алқабының ағымдық жағдайы, оның мәселелері жайлы және ол мәселелерді Сенат депутаттарының, ауыл шаруашылық, көлік және коммуникациялар, индустрия және жаңа технологиялар вице-министрлерінің, сонымен бірге ғылыми институт өкілдерінің қатысуымен шешу жолдары туралы ақпарат қарастырылды.
Бұл күрделі жағдай туралы ресми хаттарды Павлодар облысының әкімдігі Үкіметке, табиғатты қорғау прокуратурасының прокурорына, Ертіс экологиясы департаментінің бастығына және басқа да лауазымды тұлғаларға жіберді, алайда ешқандай да шара қолданылған жоқ. Мәжіліс барысында Үкіметке бірқатар ұсыныстар жасалды. Мәжіліс депутаттарының тобы да мәселе бойынша депутаттық сұраумен сөз сөйледі. Өкінішке орай, жағдай өзгеріссіз қалды.
Павлодар Ертіс жанындағы шалғындарды суландыру үшін жоғарғы Ертіс су құрылыс нышандарымен су өткізу – өзеннің көптеген мәселелерінің бірі болса да, экологиялық көзқарастан басты мәселе. Су электр станциялары арқылы су өткізу көлемі жылдан жылға азайып келеді. Бөгеттер мен су қоймаларын жасағанға дейін Ертіс жағалаудан он километр жерге дейінгі алқаптарды суландыратын.
Айтпақшы, Ертістің жоғарғы жағында гидротехникалық нышандарды жобалауға берілген техникалық тапсырмаларда табиғи құбылыстарды міндетті түрде сақтау, кем дегенде, олардың кері әсерін азайту талаптары болған.
Су ресурстарын тарату басқару гидроэнергетика субъектілерімен жүзеге асырылады, олардың қызметі негізгі мақсатқа – электр энергиясын өңдеуге бағытталады. Су ресурстарын сушаруашылығы кешенінің тек бір қатысушысының басымдығымен қолдану жоғарыда аталған Ережелердің бұзылуына әкеледі, сәйкесінше, басқа қатысушылардың мүмкіндігіне шектеу қояды, қоршаған ортаға зиянын тигізеді.
Көктемгі су тасқыны кезінде суландыру процесінің бұзылуымен табиғатқа едәуір залал келтіріледі. Өзен алқабын суға толтыру бойынша жүргізілетін суландыру шараларының көлемі мен ұзақтығының азаюы шалғындар мен ормандар алқабының суланатын аудандарының қысқаруына әкеледі де, навигациялық және санитарлық өткізу кезеңінде су қоймасының каскадтарынан лақтырыс көлемінің өсуін тудырады. Осылайша, жыл сайынғы алқапты суландыруға жүргізілетін көктемгі өткізу ұзақтығы бойынша да, мерзімі бойынша да, шығарылатын су көлемі бойынша да табиғат қорғау санатына жатпайды.
1971 жылы С. Я. Жук атындағы «Гидропроект» институты (Мәскеу қ.) жасаған ТЭО-да Ертіс су электр станциялары каскадының үшінші сатысын – Шүлбі СЭС-ті энергетикалық нәтиже алатындай ғана емес, Ертіс, Оба салаларын реттеуге, кепілді су көлемін арттыруға және Омск қаласына дейінгі өзен суын тұтынушылардың барлығының талаптарын қанағаттандыруға мүмкіндік беретіндей параметрлермен орындау жоспарланды. Алайда мұндай су қоймасын жасау ауыл шаруашылық және орман аудандары мен ауылдық тұрғын жерлерді су басумен байланысты болды. Сондықтан жобаны екі кезекке бөлу туралы шешім қабылданды.
1975 жылы Шүлбі СЭС-тің бірінші кезекті ТЭО-сы өндіріліп, бекітілді. Бірінші кезекті су қоймасының параметрлері Бұқтырма СЭС қақпасынан басталған учаскеде су саласын жартылай маусымдық реттеуге мүмкіндік береді және бірінші кезекте энергетика мақсаттары үшін, сосын мүмкіндігінше Ертіс алқабы мен кеме қатынасын суландыру үшін қолданылады. Егер КСРО болған жылдары оның параметрлері су тұтынушыларды да, су пайдаланушыларды да қанағаттандырған болса, жаңа ғасырдан бастап өзен суының деңгейі төмендей бастағандықтан, олар талапқа сай болмай қалды. Бұл өзендік кеме қатынасына арналған учаскелерді жоқ қылды. Өзен алқабына өнеркәсіп кәсіпорындарының тастайтын зиянды заттарды ерітуге арналған су көлемі азайды.
«Қазақстан-2050» Стратегиясының аясында Ұлт көшбасшысы Үкіметке берген тапсырмасын орындау үшін еліміздің су ресурстарына қатысты жаңа саясат жасау керек, басқа елдерде, мысалы, Австралияда, сумен қамту мәселелерін шешудегі озық тәжірибені тиянақты түрде зерттей отырып, оны біздің жағдайда қолдану қажет. Сонымен бірге Жоғарғы Ертіс су қоймасы каскадының су ресурстарын қолданудың жаңа Ережелерін жасау керек, олардың басымдықтарын қайта қарастырған жөн және оларды су энергетикасы мүддесінен табиғи ресурстарды сақтау мүддесіне ауыстырған абзал.
Сонымен бірге, гидрологиялық және гидрогеологиялық зерттеулер мәліметтерінің жоқтығын ескерсек, республикалық бюджетте қаражатты жоспарлаған жөн және мәліметтер базасы мен су ағынын компьютердік реттеу моделін жасау үшін Ертіс өзенінің бассейніне кешенді ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу керек.
Казахстанская правда, 2013, 2 наурыз
Достарыңызбен бөлісу: |