Ағашты механикалық тәсілмен өңдеудің түрлері
Ағашты механикалық тәсілмен өңдеудің неше алуан түрі бар.
Аралау –ағашты көп жүзді аспаппен –арамен бірнеше бөлшек етіп бөлу.Араның түр-түрі бар. Олар;жақ ара, таспалы ара, қыл ара, дөңгелек, цилиндрлік аралар. Аралау әр түрлі тәсілдермен, атап айтқанда, ағаш кесетін жақ аралармен, таспалы арасы бар, дөңгелек арасы бар, цилиндрлі арасы бар станоктармен жүзеге асырылады.
Таспалы және дөңгелек арасы бар станоктарда ағаш материалдарын алдын ала белгіленген мөлшер (ені және қалыңдығы) бойынша ұзынынан өлшеп-кесіп дайындау, көлденеңінен дөңбекшелеп кесу, материалдарды белгіленген ұзындықпен өлшеп, кесу сияқты жұмыс түрлері атқарылады. Дранкалықстаноктар құрылыс дранкаларын (жіңішке, енсіз және ұзын білте тақтайшалар мен жұқа тақтайшаларды) жасауға арналған.
Шебік жонатын станоктарда шебік жасауға қажетті шпондар (кілтектер) дайындалады.
Фрезерлік өңдеу –ағаштың жұқа қабатын айналмалы жүзі бар станокпен бірте –бірте жүйелеп кесу. Бұл ретте ағаштың үстіңгі қабатындағы орақ тәріздес жаңқалар тазартылады.
Фрезерлік өңдеу сүргілеп жонатын рейсмустық, фрезерлік және бұдырлық станоктармен жүргізіледі. Кез келген станок қозғаушы, жеткізуші және атқарушы механизмдердің, сондай-ақ басқару, реттеу мен бақылау механизмдерінің кешенді жиынтығы болып табылады.
Қозғаушы механизм (қозғаушы тетік) қуаттың өзге түрлерін (электр, химия т.б. қуат түрлерін) қозғалыстың механикалық қуатына айналдыру үшін қажет. Станоктар электрлік, гидравликалық, механикалық, пневматикалық және басқа эетек түрлерімен іске қосылады. Жеке электр жетегі бар станоктар неғұрлым кеңінен тараған.
Жеткізуші механизм қозғалыс параметрлерін қозғаушы тетіктен (қозғалтқыштан) атқарушы механизмге жеткізу және өзгеру үшін қызмет етеді.
Станоктың атқарушы механизмі кесу мен беріліс жөніндегі жұмысшы қозғалысын қамтамасыз етеді.
Кесудің басты қозғалысын жеткізуші механизм (басты жетек) жұмысшы біліктің айналысын іске қосуға арналған. Механизм қозғалысының екі түрлі сұлбасы бар. Бірінші жағдайда қозғалыс қозғаушы тетіктен (қозғалтқыштан) жұмысшы білікке бірден жеткізіледі. Мұндай кезде кескіш аспап қозғаушы тетік (қозғалытқыш) білігінің өзіне тікелей бекітіледі немесе оның жалғасына орнатылады. Кескіш аспап қозғаушы тетік білігінің айналу шапшаңдығына тең шапшаңдықпен айналады. Сондықтан оның айналу шапшаңдығын өзгерту мүмкін емес. Ал екінші жағдайда қозғалыс қозғаушы тетіктен (қозғалтқыштан) жұмысшы білікке жеткізуші механизм арқылы беріледі. Бұл механизмнің көмегімен қозғалыстың параметрлерін өзгертуге болады.
Беріліс механизмі дайындалған ағаш материалдарын немесе аспапты өңдеу кезінде бір орыннан екінші орынға жеткізіп беруді қамтамасыз етеді. Беріліс механизмі қозғалысының қуат алатын қайнар көзі жеке немесе басты қозғаушы тетік (қозғалтқыш) болуы мүмкін, ал қозғалысты жеткізіп беріп, іске қосу жеткізуші механизмдердің көмегімен жүзеге асырылады.
Қозғалысты жеткізуші механизмдер құрылымы жағынан белдікті, шынжырлы, тісті жеткізушілер деп бөлінеді. Қозғалысты беріліс механизміне жеткізу үшін көбінесе бұрандалы, білтелі және басқа механизмдер қолданылады. Беріліс механизмі құрылым жағынан айналмалы біліктер, конвейерлі таспалар, шынжырлар, шынжыр табанды болып жасалуы мүмкін.
Басқару және реттеу механизмдері кесу мен беру шапшаңдығы, кесу бұрышы, кесу тереңдігі сияқты негізгі параметрлерді жөнге келтіруді, реттеп отыруды қамтамасыз ету үшін қажет. Әр станоктың құрамында мынадай негізгі құрылымдық бөлшектер бар: станок орнатылатын негізгі жұмыс үстелі, жұмысшы білік (шпиндель), кескіш аспап. Ал қосалқы құрылғыға мыналар жатады: қоршау, бағыттаушы және қысып ұстайтын құрылғылар, тоқтату-жүргізу тетіктері, май жағуға арналған тетіктер т.б.
Станок орнатылатын тіректі негіз көбінесе шойыннан құйып жасалады. Оған станоктың барлық бөлшектері құрастырылып орнатылады. Ол станоктың тұрақты, берік тұруын қамтамасыз етеді.
Жұмыс үстелдері дайындалған ағаш материалдарын өңдеу үшін қажет. Құрылымдық жағынан ондай үстелдер бір орыннан қозғалмайтын тұрақты, жылжымалы, айналмалы, жантаймалы, жазылмалы т.б. болып келеді. Жұмыс үстелдері көбінесе беті тегістеліп дәл өлшенген, жылтыр тақта түрінде шойыннан жасалады.
Жұмысшы біліктерге кескіш аспапты орнатады. Оларға мықты орнатылу, жасалу дәлдігі, біркелкі тұрақтылығы жағынан өте жоғары талаптар қойылады. Жұмысшы біліктер жанып-жону тәсілімен болаттан жасалады. Олар өзінің құрылымы жағынан алуан түрлі болып келеді.
Ағаш өңдеу ісіндегі кескіш аспаптар неше түрлі мақсаттарға қолданылады, сондай-ақ олар өздерінің түрі, мөлшері мен құрылымы жағынан сан алуан. Ондай аспаптарға аралар (жақ, дискілі, таспалы), әр түрлі үлгідегі және цикльді пышақтар, фрездер, бұрғылар, ұңғу шынжырлары, токарьлық кескіш тістер, тегістеуші терілер жатады.
|