ПОӘК 042- 14-5-2.01.20.5/01 -2009
|
№1 басылым 18.09.08. орнына
№2 басылым 30.09.2009
|
беттің - беті
|
ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТРЛІГІ СЕМЕЙ қаласының ШӘКӘРІМ атындағы МЕМЛЕКЕТТІК УНИВЕРСИТЕТІ |
3 деңгейлі СМЖ құжат
|
ПОӘК
|
ПОӘК 042-18-17.1.10./02-2014
|
ПОӘК
Студенттерге арналған «Шығыс Қазақстанның жаңа және қазіргі заман тарихы» пәнінің оқу-әдістемелік кешені
|
№1 басылым 18.09.08. орнына
№2 басылым 30.09.2012
|
ПӘННІҢ ОҚУ-ӘДІСТЕМЕЛІК КЕШЕНІ
«Шығыс Қазақстанның жаңа және қазіргі заман тарихы»
«6M011400»- Тарих мамандығына арналған
Семей
2014
Мазмұны
1 Глоссарий
2 Дәрістер
3 Практикалық сабақтар
4 Магистранттың өздік жұмысы
1. Глоссарий
1.1. Аридтік аймақ- ауа райы құрғақ аймақ.
1.2. Гоминид- адамның арға ата-бабалары.
1.3. Плиоцен- өтпелі кезең.
1.4. Палеолит- ерте тас дәуірі
1.5. Мезолит- орта тас дәуірі.
1.6. Неолит- жаңа тас дәуірі.
1.7. Матриархат- аналық рулық қауым.
1.8. Патриархат – аталық рулық қауым.
1.9. Тұрақ-ежелгі адамдар мекені.
1.10. Археология- (архео-көне, ежелгі;логос-оқимын) .
1.11. Этнография-(этнос-халық, логос- оқимын)
1.12. миф-аңыз,ертегі.
1.13. Методология- зерттеу әдістерінің жиынтығы.
1.14. Шежіре- төтенше маңызды жазба дерек.
1.15. Руналық- ежелгі түркі жазуы.
1.16. Шаньюй- ғұндар көсемі, ханы.
1.17. Он оқ будун- 10 тайпа одағы.
1.18. Түркі- «төркін», «әскери ақсүйек».
1.19. Этногенез- халықтың шығу тегі.
1.20. Қаған- ең жоғарғы әскери лауазым, хан, тек.
1.21. Эфталиттер- ақ ғұндар.
1.22. Половецтер- қыпшақ тайпалары.
1.23. Протогород- үлкен, қала тектес қоныстар.
1.24. «Шад» - түмен (10 000 адам) басы.
1.25. Вассал- біреуге бағынышты, тәуелді.
1.26. Моңғол империясы- Шыңғыс хан және мұрагерлері құрған мемлекет.
1.27. Тархан- ақсүйектерге берілетін әскери лауазым.
1.28. Ұлыс бектері- тарханнан төмендеу билік иесі.
1.29. Қараша бектер- қара сүйектен шыққан билеуші.
1.30. «Яссы» (Жасақ)-заңдар жинағы.
1.31. Тамға-ерекшелік белгісі, таңба.
1.32. Құл- ешқандай құқы жоқ, басыбайлы адам.
1.33. Кесене-архитектуралық құрылыс, мазар.
1.34. «Диуани хикмет» (Даналық кітабы) – Қожа Ахмет Яссауидың кітабы.
1.35. Тарихнама- шежіре, ауызша және жазбаша естелік.
1.36. Әз, Әз Жәнібек, Әз Тәуке- әділ билік жүргізген ел басыларына айтылатын билік сөзі.
1.37. «Қасым ханның қасқа жолы» - Қасым хан кезіндегі мемлекеттік құқықтың негізін реформалау үлгісі.
1.38. «Жеті Жарғы»- Әз Тәукенің билік және заң қағидалары.
1.39. «Қазақтардың алтын ғасыры»- Тәуке хан билік құрған жылдар.
1.40. «Жоңғар» - батыс-моңғол тайпалары, «сол қол » деген ұғымды білдіреді.
1.41. «Ойрат» - төрт тайпа одағы деген ұғым.
1.42. «Қоңтайшы»- Жоңғар билеушісі.
1.43. «Ақтабан шұбырынды»- 1723 немесе Жоңғар шапшылығының нәтижесінде қазақтардың босуы.
1.44. Торғауыттар- еділ бойы қалмақтары.
1.45. Бодандық- өз еркімен бағыну, бой ұсыну.
1.46. Рухани мәдениет- адамның ақыл-ойының, санасының өсуі.
1.47. Материалдық мәдениет- заттай мәдениет.
1.48. Елші-бір елдің өкілі, дипломат.
1.49. Төре, қожа- жоғарғы діни қабаттың өкілдері.
1.50. төлеңгіт- төрелерге қызмет етуші әлеуметтік топ.
1.51. Сұлтан- ақсүйек, Шыңғыс хан ұрпағы.
1.52. рулық одақ- «Ата балалары» , біріккен тарихи топ.
1.53. Тайпа- біріккен бірнеше рулық одақ.
1.54. шариғат- мұсылмандардың діни заң-қағидалары.
1.55. Жырау- философиялық толғау- өлең шығаратын халық әдебиет өкілі.
1.56. Би- шешен, халық мойындаған ру-жүз, мемлекет қайраткері.
1.57. Отар- бір елді екінші бір үлкен елдің күшпен немесе саяси әдіспен жаулап алуы.
1.58. Зекет, харадж- алым-салық түрлері.
1.59. Ұлт-азаттық қозғалысы- белгілі бір ұлтты, халықты азат ету жолындағы күрес.
1.60. Блокада- әскери қысым, қоршау.
1.61. Уақытша ереже- 1867-1868 жылдардағы реформа.
1.62. Облыс- 5-8 уезден тұрды (19-ғасыр)
1.63. Уезд- 5-8 болыстан тұрды (19-ғасыр)
1.64. болыс- 8-15 ауылдан тұрды (19-ғасыр)
1.65. адай көтерілісі- 1870 жылы Кіші жүз қазақтарының қозғалысы.
1.66. «алаш» партиясы- 1917 ж жілдеде Орынборда құрылды.
1.67. I. Дүниежүзілк соғыс- 1914-1918ж соғыс.
1.68. Азамат соғысы- 1918-1920 ж соғыс.
1.69. Автономия- жеке билеу құқығы бар мемлекет.
1.70. Федерация- бір мүдделі бірнеше мемлекеттер одағы.
1.71. Қазақ АКСР- Автономиялық Кеңестік Социалистік Республикасы.
1.72. Индустрияландыру- ауыр өнеркәсіп саласын дамыту.
1.73. Күштеп ұжымдастыру- 1929 ж басталған саяси-экономикалық науқан.
1.74. «Кіші Қазан» идеясы- Ф. Голощекиннің Қазақстанда Кеңес өкіметін орнату саясаты.
1.75. Репрессия- жазықсыз жазалау, қудалау шаралары.
1.76. Ұлы Отан соғысы- 1941-1945 ж арасындағы соғыс.
1.77. тың игеру- жоспарсыз егіс көлемін ұлғайту (1954)
1.76. АЛЖИР, КарЛАГ, ГУЛАГ- жазалау орындарының қысқарған атауы.
Дәріс 1. XVI-XVIII ғасыр Шығыс Қазақстан саяси тарихы
ХV ғасырдың екінші жартысында Далада болған саяси өзгерістер Шығыс Қазақстандағы ахуалға да әсерін тигізбей қоймады.
Қазақ хандығының құрылуы - Қазақстанның ортағасырлар тарихындағы басты оқиғалардың бірі, ол сонымен бірге біздің өңірге де белгілі дәрежеде қатысы бар. ХVІ ғасырдың белгілі тарихшысы Мұхаммед Хайдар Дулати өзінің “Тарихи Рашиди” еңбегінде «Қасым хан тұсында хандықтың оңтүстік шекарасы Сырдария өзеніне жетіп, Түркістанның үлкен бөлігі кірді, оңтүстік-шығыста Жетісудың тау бөктерлері мен аңғарларының үлкен бөлігін қамтып, солтүстікте және солтүстік-шығыста Ұлытау мен Балқаш көлімен өтіп, Қарқаралы тауларына, солтүстік-батыста Жайық өзенінінің алабына дейін жеткен. Қасым хан тұсында халықтың саны бір миллионға өсіп, ал әскер саны – 300 мың болды» деп айтқан.
Білетініміздей, аймақтың оңтүстік-батыс бөлігі Моғолстан құрамында болған, сондықтан да осы жерлер мен ондағы тайпалар Қазақ хандығының құрамына енді.
Бірақта, ХV- ХVІІ ғасырларда Шығыс Қазақстанның едәуір бөлігі Қазақ хандығының территориясынан тыс болған. ХV- ХVІ ғасырларда Сібір хандары мен Ойрат билеушілері Қазақ хандығының солтүстік және шығыс шекараларында қазақ хандарының бәсекелестері болды, сондықтан олар ұзаққа созылған күресте өз жерлерін қорғауға мәжбүр болды.
Аймақтың бұрын Ноғай ордасына қараған солтүстік бөлігі ол әлсірегеннен кейін Сібір хандығының құрамына енді.
Сібір хандығы Шыңғысхан империясының ыдыраған бөлігнен құрылған. Ол ХV ғасырдың 60 жылдарынан ХVІ ғасырдың аяғына дейін Батыс Сібірді, Об, Тобыл, Есіл бойындағы жерлерімен қоса, сонымен бірге қазіргі Қазақстанның солтүстік-шығысын, Ертістің оң жағалауындағы өңірді алып жатты. Деректерде Сібір хандығына Тобылдың орта ағысы, Есіл, Ертіс өзендері, Ямышев көліне дейінгі жерлер кіргені айтылады.
Сібір хандығының негізгі тұрғындары “сібір татарлары” деген жинастырылған этнониммен аталған түріктілдес тайпалар болған. Оның құрамында керей, найман, уақ, қыпшақтардан басқа угор тайпалары да кірген.
ХVІ ғасырдың ортасында қазақ ханы Хақназардың әскерлері Шәйбан тұқымынан шыққан Сібір ханы Көшімнің иеліктеріне бірнеше рет басып кірген. Хақназар бірнеше шабуылдардан кейін Тобыл мен Жайық өзендерінің жоғарғы алабын қосып алды. Оның билігі кезінде хандықтың шекарасы шығыста Шыңғыстауға, Балқаш пен Шу өзендеріне дейін созылып жатты. Халықтың аңыз-әңгімелерінде оның аты ерекше даңққа бөленген. Оның кезінде қазақ жүздері қалыптасқан. Хақназарды башқұрттар мен ноғайлар да жақсы білген.
Бірорталықтанған Орыс мемлекетінің тұңғыш патшасы ІV Иван Грозныйдың экспансиялық саясатының күшеюі Сібір хандығының жойылуына (1598 ж.) әкелді. Өзінің аймақтағы ұстанымдарын нығайту үшін де шығыс шекараларының қауіпсіздігін бекемдеу үшін Түмен, Тобыл, Тара, Том сияқты қалалар мен бекіністердің негізі салынды.
Қалалардың пайда болуымен, қазақ даласының шекарасында мал шаруашылық өнімдерін әрі қолжетімді, әрі арзан орыс тауарларына айырбастауға мүмкіндік туды. Аймаққа бекінудің стратегиялық маңызын орыс билеушілері, әсіресе Петр I жақсы.
ХV - ХVІ ғасырларда ойраттар Қара Ертіс пен Зайсан көліне дейін жетіп Батыс Моңғолияда көшіп-қонып жүрді. Олар көп уақыт бойы шығыс моңғол хандарына бағынып келді, 1587 жылы жоғарғы Ертіс бойында олар сексенмыңдық халха әскерін талқандады. Бұл жеңіс ойраттардың әскери-саяси жағынан күшеюіне әкелді. ХVІ ғасырдың аяғында орыстардан жеңілген Сібір ханы Көшімнің қалған әскерін талқандайды. Сібір хандығының құлауы батыс моңғолдарға солтүстікте Есіл және Ом өзендерінің жоғарғы ағысына дейінгі аралықта көшіп қонуларына мүмкіндік берді.
Қалмақтар туралы алғашқы дерек осы кезеңдегі орыс жылнамаларында кездеседі. Сібір жазбаларының бірінде: “Тобыл, Ертіс, Об өзендерінің бойындағы халық - көптілді: тотар, қолмық, муғалдар”. «Қалмақтар» (орысша - калмык) деп түрік тілділер ХІV ғасырдың аяғында-ақ Алтай тауынан батысқа қарай өмір сүрген моңғол тілді көршілерін айтқан. Екі ғасыр өткенде бұл сөзді орыстар пайдаланған, кейіннен ол ойрат бірлестігінің құрамына кіргендерге айтылған.
Сібір жылнамаларының мәліметінше, ХVІ-ХVІІ ғасырларда ойраттар иеліктері бүгінгі Омбы қаласы тұрған жерге дейін жеткен. Бұл жер С.У.Ремезовтың кейінгі карталарында да “қалмақ даласының шеті” деп көрсетілген. Батыс Моңғолия басқа ойраттардың көші-қон жерлері ХVІІ ғасырдың басында Ертістің орта ағысындағы оның екі жағалауындағы кең аймақты қамтып қазіргі Новосібір қаласы тұрған жерге дейін жеткен.
Осы кезеңде жоңғарлар (ойраттар) қазақтарға ең көп қауіп төндірген жұрт болды.
Жоңғарлармен соғыс. Бірде бәсеңдеп, бірде өршіген қазақ-жоңғар соғыстары екі жүз жылдан астам уақытқа созылды. Біздің өлкемізде бірнеше қанды шайқастар болған. 1702-1703 жылдары қазақ жасақтары бірмезгілде Жоңғарияға және Еділ қалмақтарына шабуыл жасады. Олар негізгі соққыны Жоғарғы Ертістің бойында берген. Қоңтәжіге Тобылдан жіберілген елші күнделігінде былай деп жазады: “Қазақ ордасынан қоңтәжінің үргесіне қашып келгендердің мәліметінше, төрт мыңнан астам қазақтар Ертіс өзенінің бойына, екі мыңнан астамы Астраханға, Аюкеге қарай, қалғандары Ямыш көліне қарай бет алып кетті...” - делінген.
1713 жылы жоңғар әскері қарсы шабуылға шығуға дайындалды. Тіпті олар Ямышев қорғанын қоршап та алды. 1717 жылы Аягөз өзенінің бойында, орманды жерде шешуші үлкен шайқас болды. Ұлы апат жылдары әскерді ұйымдастыруда керемет шеберлік көрсеткен, шайқастарда алдыңғы қатарда болған біздің жерлесіміз Қабанбай батыр.
1752-1754 жылдары қазақ әскерлері жоңғарларды Тарбағатай жотасының оңтүстігі мен солтүстігінен тықсыра қуып, Балқаш, Іле және Қаратал өзені бойындағы жоңғарларды ығыстырды. Оңтүстік жасақтың қолбасшысы Қабанбай батыр, Қаракөл, Нарын, Ұржар, Қатынсу, Алакөл, Барлықты жоңғарлардан босатып, солтүстік жасақ Бөгенбай батыр әскерімен кездесті. Баспан-Базар, Шорға, Маңырақтағы шайқастан кейін, Зайсан, Марқакөл, Күршім жерлері азат етілді.
Әлсіреген жоңғар хандығы қазақтардан жеңіліс тапқаннан кейін, ішкі алауыздықтан бытырап бара жатқан әскеріне Цин императоры соққы береді. Алғашқыда өз халқына, сосын қытайлықтарға опасыздық жасаған жоңғардың соңғы ханы Әмірсана Жоңғариядағы билігін нығайтпақ болып, өзінің бұрыңғы жауы Абылай ханнан көмек сұрайды. Абылай бұл іске араласа бастағанда, Цин империясының әскері қазақтарға шабуыл жасайды.
1756 жылдан 1757 жылға дейін Абылай сұлтан Цин әскерімен соғысады. Қарқаралы тауының Жарлы өзені бойындағы Шаған Оба ауданында қазақтар жеңіліс табады. 1756 жылдың аяғына қарай әскери қимылдар Жоңғар территориясында болады. 1757 жылы жазда Тарбағатайдың солтүстік тарамында қытай әскері мен Абылай хан жасағының арасында соңғы шайқас өтеді.
Жер мәселесі шешілмеген күрделі жағдайда қалды. Қазақтар Ертіс,Іле, Тарбағатайтағы жайылымдарды қайтармақ болды. Қытайлар бұрын Жоңғарияға қараған жерлердің барлығынан дәмелі еді. 50-жылдардың аяғында бұл мәселе дипломатиялық жолмен шешілді.Қытай үкіметі 1767 жылы Тарбағатай және Іле аудандарына қазақтардың көшіп қонуына, рұқсат етіп, жерді жалға берді.
3. Қазақ батырлары-Шығыс Қазақстан тумалары. Атақты қазақ батыры азан шақырып қойған есімі – Ерасыл (1681-1791ж.ж.). Халық кейін оны Қаракерей Қабанбай деп атап кеткен. Ол қатардағы сарбаздан бүкіл қазақ мойындаған қазақ әскерінің бас қолбасшысы дейінгі жолдан өтті. 1718 жылы Жауғашар батырмен бірге Аягөздегі шайқасқа қатысты. Осы шайқаста асқан батырлығымен көзге түскендіктен оны Қабанбай батыр деп атап кеткен. Қабанбай қазақ жасақтарына қолбасшылық жасап, 1725 жылы Алакөлде, 1728 жылы Шұбартеңіз, осы жылы болған Бұланты, 1730 жылғы Аңырақай шайқастарында жауды жеңеді.
Біздің өңірде болған екі ірі шайқаста да жеңіске жеткен. 1735 жылы Шаған шайқасында ақбоз атымен жау әскеріне баса-көктеп кіріп, жеңіспен оралғанда Абылай хан: “Батыр! Сен - менің қайтуды білмейтін алмас қылышымсың. Сен бүгін өзіңді өшпес даңққа бөледің. Бүгіннен бастап сенің атың бүкіл қазақтың жауға қарсы күресіндегі ұранына айналады. Саған енді – Дарабоз (теңдесі жоқ, бірінші) деген жаңа есім беремін”- дейді. 1755 жылы болған Шорға шайқасының нәтижесінде Жоңғарға қараған Тарбағатай өңірін қазақтар иемденді.
Қабанбай Батырдың замандасы ретінде Бекжан батырды (1709-1730 ж.ж.) айтуға болады. Ол 1709 жылы Матай руынан шыққан, Құттымбет батырдың отбасында дүниеге келген. Бір шайқастан кейін ерлік жасаған Бекжанды Қабанбай әскердің алдына шығарып: “Найманның ақсары ұлы” деп еркелеткен. Бұл есімді ол өмір бойы алып жүрді. Бекжанның әскери қолы жоңғарлармен шайқаста жеңіске жетіп отырған. Бекжан батыр бүгінгі Қосағаш жағында таулы Алтай жерінде қаза тапқан.
Бүгінгі Күршім ауданының жерін Барақ батыр қолы жаудан азат еткен. Барақ 1702 жылы туған. 16 жастағы бозбала кезінен-ақ жорыққа қатыса бастаған. Бұл жарты ғасырға созылған ұзақ сонар шайқастың басы болатын. Халық оны Көкжарлы көкжал Барақ деп атаған. Ол өзінің ерекше батырлығымен, ержүректігімен, қайтпас қайсарлығымен, алпауыт күшімен көзге түскен. Шамамен 1769 немесе 1770 жылдары қырғызға жасалған жорық кезінде Шу бойында Шыңғожа батырмен бірге қаза тапқан.
Қабанбай батырдың жанында оның үзеңгілес серігі, немере інісі Дәулетбай батыр (1702-1762 ж.ж.) да болған. Оның ұрпақтары Шығыс Қазақстан облысының Тарбағатай ауданының жерін бүгін де мекендейді. Қабанбай батыр ауырып жатқан кезінде өзінің осы інісіне өз қолымен жауынгерлік қылышын табыс етіп тұрып: “Халықты басқар, жауыңнан сақтан, оларға менің жоғымды білдірме” - деген екен. Дәулетбай бастаған қазақ жасағы біздің аймақты жоңғарлардан босатуға үлкен үлес қосқан.
Сұрақтар мен тапсырмалар:
XV ғасырдағы Шығыс Қазақстандағы саяси жағдайды сипаттаңыз.
Карта бойынша XV-XVI ғасырлардағы ойрат иеліктерін анықтаңыз.
Шығыс Қазақстан аумағында қандай ірі шайқастар болған және олар қандай маңызға ие?
Сіз тұрып жатқан өңірде жоңғар соғыстары кезеңінде қандай оқиғалардың болғанын біліңіз? Қандай деректер оны дәлелдейді?
Сіз тұратын елді мекенде батырларды есте сақтау үшін қандай шаралар жасалынған?
Дәріс 2 XVI-XVIIIғ. Шығыс Қазақстанға Орыс Мемлекетінің саяси және экономикалық тұрғыдан көңіл аударуы
1. Шығыс Қазақстанның сауда орталықтары. Әскери-тірек базалары ретінде құрылған Ертіс бойындағы қамалдар орыс-қазақ қатынастарының тереңдеуіне байланысты бірте-бірте тек Ресеймен Қазақстан арасында ғана емес, Ресей мен Орта Азия және Батыс Қытаймен арадағы сауданың маңызды орындарына айналды. Сауданың дамуына Шығыс Қазақстан қалаларының географиялық қолайлы жерде орналасуыда себеп болды. Олар Батыс Қытай, Моңғолия, Орта Азия, Том губерниясының және Ертіс жүйесі бойындағы сауда орталықтарымен қатынас жасайтын сауда жолдарының бойында орналасты.
Семей бекінісінің маңызы зор болды: ол сауда бұрыннан болған жерде орналасты. Бекініс салынғаннан-ақ Жаркенттен, Қашқардан, Құлжадан, Самарқан мен Тәшкеннен сауда керуендері келіп жатты. Тауарларымен жоңғарлар, қытайлар, моңғолдар да келетін.
Сауданың дамуына орыс, қазақ және ортаазиялық көпестер құлықты болды. Орыс базарларына жылқы, шикізат, ал қазақтарға - өнеркәсіптік өнімдер керек болды. Қаракерейлердің билеушісі Әбілпейіз сұлтан 1762 ж. 21 қаңтарда император Петр Федорович атына хат жазып, онда Семиполат бекінісінен қазақтармен сауда жасайтын орталықты ашуды сұрады. Сол жылы ол Семей бекінісінде сауда жасауға рұқсат алады.
XVIII ғ. 40-шы ж.ж. Семей бекінісінде кедендік комиссар тағайындау қажеттілігі туды. Арнайы Сібір корпусының командирі генерал-майор И.В.Киндерман шекаралық бекіністер коменданттарына нұсқаулығында Ямышев және Семей бекіністеріне келген тауарларды мұқият тексеруді тапсырған. 1754 жылы бұларда кедендер құрылды, олар қазақтармен ортаазиялық және орыс саудагерлері арасындағы жағдайды реттеді. Әкелінген тауар үшін төленетін кедендік салық мемлекетке көп пайда елді. Тек, 1755-1770 ж.ж. аралығында Семей кеденінен 15770 рубль, ал Ямышевтен 13385 рубль жиналды.
Бұқар көпестері Семей бекінісіне шыт, жибек маталар, темекі және кептірілген жеміс әкелді. 1747 жылы Семей мен Ямышевке осындай 9749 тең тауар әкелінді. Жоңғар хандығынан көпестер қасқыр, түлкі, қой терілерін және тұлыптар әкелді.
1760 жылы Семейде Меновой (айырбас) сарайы салынды, 1778 жылы ол Ертістің оң жағасына көшірілді. Айырбас сарайда көпестер дүңгіршектері, күзет орналасты.
ХІХ ғ. 20-шы жылдарынан бастап Орта Азия көпестері үйлер мен қоймалар салып тұрақты орныға бастады. 1830 жылы Семейге 54 азиялық көпестер отбасымен орналасты. Қала халқы отырықшылыққа көшкен қазақтар есебінен де толығып отырды.
Қала тұрғындарының үлкен бөлігінің тіршілігі саудамен байланысты болды, сондықтан көпестер тұрғындардың басым бөлігін қамтыды. 1863 жылы мұнда 2688 көпес тұрды.
Саудамен орыс және татарлардан басқа қазақтар да шұғылданды. Қазақтар арасында үлкен қаражатқа ие болған болғандары да болды. Ағайынды Қонанбаевтерда 1500, Медеубаевтарда - 300 рубль болды. Қазақ көпестерінің тауарлары орыс және ортаазия көпестерінің тауарлары сияқты түйе керуендерімен тасымалданды. Семей тұрғыны Тінібай Каукенов далалықтар ішінде сауда жасап, мол қаражат жинады, қаладан жақсы үй салды. 1836 жылы ол үшінші гильдия көпесі ретінде тіркелді. Қаланың Жанасемей жағында орналасқан ол салдырған мешіт бүгіндері Тінібай мешіті деген атпен белгілі.
1830-1840 жылдары Жеменей өзенінің бойында Жеменей қонысы салынды, кейінірек ол Зайсан деген атқа ие болды. 1864 жылы патша жарғысымен станица аты берілді, ол бекініс сияқты әскери бөлімдерімен қорғалды. 1868 жылғы әкімшілік-территориялық реформаға сәйкес уездер құрылғанда, Зайсан уезі де құрылды, ал Зайсан тұрағы уездің әкімшілік-саяси орталығы болды. Зайсан қала мәртебесін 1893 жылы алды. 1880 жылы Зайсан мен Семейді байланыстыратын телеграф тартылды. Ол ішкі және сыртқы саудаға қолайлы, Қытай, Ресей, Моңғолия арасындағы саудада маңызды тірек болды. Зайсан кедендік бекеті арқылы Қытай, Тибет, Синьзянге жүн, тері, ағаш және т.б. шикізат шығарылды. Мұнда ірі көлемде мал, шай, қант, ыдыс-аяқ және т.б. тауарлар әкелінді.
2. Сауда түрлері. Облыстағы ішкі сауда жүргізу тәсілі бойынша үш түрге бөлінеді: айырбас сауда, жәрмеңке және тұрақты. Қазақ тұрмысына қажетті заттар негізінен айырбас саудамен айналысатындардың қолында болды. Қазақ даласында саудаға шыққан саудагерлердің тұрақтары «көш» деп аталды. Қазақ тұрмысына қажетті тауарларды сатушылар малға, сондай-ақ май, жүн, тері сияқты мал шаруашылығы өнімдеріне айырбастады.
Айырбас сауданың «дала ақшасы» ретінде бір жасқа толған қой жүрді. Далаға шығарылған барлық тауарлар қой санымен есептелінді.
Осылайша, жарты фунт (≈ 200 гр.) шай мен бір фунт қант үшін саудагер қой сұрады, Ресейде 6-7 рубльге сатып алынған самаурын үшін 20-25 қой берді.
Сауданың екінші түрі - жәрмеңке, яғни белгіленген орында ұйымдастырылатын сауда.
Қазақстандағы бірінші жәрмеңке 1832 жылы Бөкей Ордасында ашылды. Кейінірек жәрмеңкелер сауданың басым түріне айналды. Жәрмеңкелерде негізінен мал, мал шаруашылық өнімдері шикізат түрінде және ресей фабрикаларының өнімдері саудаға түсті.
Шығыс Қазақстанда бірнеше ірі жәрмеңкелер жұмыс істеді: Шар, Қарқаралы, Қоянды немесе Ботовская, Никольск (Зайсан уезінде), ондағы ақша айналымы миллиондаған рубльдерге жетті.
Жылда Зайсанда Никольск жәрмеңкесі өтеді, онда Зайсанның әр түпкірінен, тіпті көрші уездерден адамдар келетін. Мұнда жан жақтан саудаға мал айдалынылып, шай, қант, ыдыс-аяқ, мануфактура, тері, өнімдері, темір бұйымдары және т.б. тауарлар әкелінді.
Қоянды жәрмеңкесінің ашылу тарихы қызық. 1848 жылдың көктемінде көпес Варнава Ботов Құлжадан шығып, Қапал, Бақанас үстімен Петропавлға мал айдап келе жатқан көпестермен Қарқаралы казак станицасына 50 шақырым қашықтықта орналасқан Талды-Қоянды деген жерде кездесіп, өте тиімді сауда жасады. Көпес Ботов даладағы айырбас саудада малдарды Петропавлдағы бағадан әлдеқайда арзанға сатып алды. Оның бұл әрекеті басқа саудагерлерге үлгі болып, 1849 жылы бастап Қояндыда жыл сайын мамырдың ортасында азиялық және орыс саудагерлерінің жиыны өтетін болды. Сауда біртіндеп дамып, жәрмеңке дәрежесіне көтерілді, кейіннен өлкелік маңызы бар сауда орнына айналды.
Жыл сайын 700 мыңнан 1.250.000 рубльге дейінгі сомадағы мал сатылды. Бұдан кейінгі орынды сауда айналымда 8 ден 22 пайызға дейін үлесі бар өңделмеген тері, елтірі, сеңсең саудасы алды. Қазақтардың киіз, шекпен сияқты бұйымдары, шаруалардың аздаған астығы сауданың қалған бөлігін құрады. Сөйтіп, Қоянды жәрмеңкесі мал, малшаруашылық өнімдерін саудаға шығаратын ірі орталыққа айналды.
Семей облысының барлық жәрмеңкелері тығыз байланыста болды. Қоянды жәрмеңкесі Семиполат уезінің Шар көктемгі жәрмеңкесімен байланыста болды. Көпестер бұл жәрмеңкелердің бірнешеуінде болып үлгеретін. Малды алдыменен Шар жәрмеңкесіне, содан кейін Қоянды, Петровск, Константиновск жәрмеңкесіне саудаға апаратын. Қазақстан жеріндегі ірі жәрмеңкелер орыстың Нижегородск, Ірбіт сияқты жәрмеңкелермен тығыз байланыста болды. Қазақ даласында сатылып алынған мал, тері, жүн осы орыс жәрмеңкелеріне жөнелтіліп, ол жақтан өндірістік тауарлар әкелінетін. Қалаларда тұрақтаған саудагерлердің саны өсе түсті.
Жәрмеңкелер тауар-нарықтық қатынастардың дамуына ықпал етіп, мал шаруашылығының өркендеуін, натуралды шаруашылықтың ыдырауын және патриархалдық-феодалдық қатынастардың бұзылуын тездетті.
Сауда капиталының Қазақстанға белсенді енуі өлкеде тұрақты сауда түрлерін қалыптастырды: дүкендер, қоймалар. XIX ғасырдың 80-90 жылдары Семейде жүздеген дүкендер болды, онда ресей және ортаазиялық өндіріс бұйымдары сатылды. Семейде бірнеше көтерме-бөлшек сауда дүкендері болды: қаланың құрметті азаматы Семен Федорович Плещеевтің мануфактуралық және ұсақ-түйек тауарлар сататын дүкендері, базар алаңында орналасқан темір бұйымдарын сататын Красильниковтің сауда үйі, ыдыс-аяқ, галантерея, ерлер және әйелдер киімі, тігін машиналары сататын Е.А.Высоцкийдің сауда үйі, алтын, гауһар, күміс, сағаттар сататын З.Глуховскийдің дүкендері болды.
Өскемен қаласының орталығында Кожевников И.Н., Семенов С.Ф., Усов В.Е., Михайлов В.М., Курочкин А.В., Рафиков А., Муравьев Ф.Г. және т.б. көпестердің сауда үйлері қатарласа орналасты. Өскеменнің қалалық бағының жанында пішен базары орналасты. Жыл бойы онда отын, көмір, шөп, керосин, әк тиеген арбалар, құс пен мал үзілмеген. Көпес Кривошеин шарап пен жемістер саудасымен айналысты. Троицкий көшесінде Караваев, Шиляев, Серов сияқты көпестердің көрнекті үйлері тұрды.
Қарқаралы уездінде көпестер Бекметевтер мен Рязанцевтер отбасы зор беделге ие болды. Бекметевтер саудамен, кәсіпкерлікпен және мал шаруашылығымен айналысты. Көпес Бекметевтердің ішінде ағайынды Халиолла мен Уәлиолла кәсіпкерлік ісімен әйгілі болды.
Халиолла Бекметев көп жыл Қоянды жәрмеңке комитетінің мүшесі болды. Сонымен қоса, Халиолла Бекметев Семейге, Ресейге, Қытайға, Персияға бай сауда керуендерін жабдықтап жөнелтті.
Александров болысының ауылдарында 15 сауда дүкені болды. Олар ресейдің, өзбектің маталарын, кейде қытайдың фабрикалық киімдерін, керосин, темір бұйымдарын сатумен айналысты. Бұл дүкендерден азық-түлік, Семейдегі Плещеев сауда үйінің ұнын, самаурын, тігін машиналарын және т.б. сатып алуға болатын. Шемонаихада бүгінгі дейін үш көпес дүкенінің ғимараты сақталған. Оның біреуі – Г.М.Филимоновтікі болса, екіншісі – А.С.Зоркальцевтің дүкені еді. Семей көпесі Х.А.Мухамедшин Шемонаихада өзі сирек болғаныменен, ондағы саудасын өзінің сатушыларына тапсыратын.
Достарыңызбен бөлісу: |