2.6 Біріккен сөздердің орфографиясы
Қазақ орфографиясында шешімін таппай келе жатқан қиындықтардың
бірі – құрама сөздердің бірге я болмаса бөлек жазылуы.
Біріккен сөз тәрізді аса күрделі құбылысты танып-білуде проф.
Қ.Жұбановтың ғылыми-лингвистикалық концепциясының мәні айрықша
болды [44].
Біріккен сөздердің үлгісі «Орфографиялық негізгі ережеде» (1938,
1958, 1983) беріліп, әсіресе акад. Р. Сыздықтың ғылыми редакциясымен
шыққан үлкен «Орфографиялық сөздіктің» [45] және «Анықтағыштың» [46]
басылымдарында екі түбірден құралған терминдердің, жан-жануарлар,
өсімдік, тұрмыс, шаруашылық заттары, салт-дәстүр т.б. атаулары бірге
таңбаланып, нормаға түсті.
Қазақ тілі білімінде сөздердің дыбыстық жамылғысы жағынан бірігуі,
негізінен, сегменттік бірліктер деңгейінде қарастырылды. Қатар келген екі
сөздің құрамындағы дауысты/дауыссыздардың түсіп қалуы немесе өзге бір
дыбыстарға алмасуы (
қазанғап, бұл жыл – бұ жыл – биыл; қол қап – қолғап
т.б) сөздің формалық жақтан бірігуінің белгісі ретінде алынды.
Алайда екі сөздің формалық жақтан бірігуін тек сегменттік біріліктер
деңгейінде қарау жеткіліксіз екені байқала бастады. Бұл құбылыс, түптеп
келгенде, ондаған ғана сөздің көлемімен шектеледі.
Ал, шынында, сөздің материалдық жағынан бірігуі тек сегменттік
деңгейде ғана жүзеге асатын құбылыс па? Суперсегменттік деңгейдегі
белгілер сөздің біріккендігінің көрсеткіші бола ала ма? Бұл мәселе кезінде
профессор Қ.Жұбановтың біріккен сөз туралы теориялық концепциясында
айтылған. Екпін қызметіне жете көңіл аудару қажеттілігін көрсетеді. Ғалым
сонау 30-жылдардың кезінде-ақ екі сөздің бір негізгі екпінге бағынуын
біріккендіктің ерекше тұлғалық белгісі ретінде көрсеткен болатын.
Сондай-ақ мағынаны біртұтас құбылыс ретінде ала отырып, сөздердің
мазмұн жағынан бірігуін қарастырудың әдіс-тәсілі әлі де жеткіліксіз болып
отырғанын байқаймыз. Мағынаның ішкі құрылымдық бірліктеріне тән
ерекшелікке тереңдеп бармай, екі сөз бірігіп, басқа бір жаңа мағынаны береді
деген жалпылама тұжырыммен мәселе шешілмейтіні де белгілі болды.
Мұндайда, бәрібір, екі сөздің бірігуі, жаңа мағына беруі немесе әрқайсысы
өзінің дербестігін сақтап қалуы т.б. мәселелер кейбір тұстарда шешілмеген,
даулы күйде қалып қояды.
Осымен байланысты Қ.Күдеринованың [47] мазмұндағы «жаңалықты»
күрделі семантикалық құрылым ретінде ала отырып, мағыналық өзгерістерді
оның ішкі құрылымындағы элементтердің сыр-сипатынан іздейтін, сөз
мағынасының ішкі құрылысындағы өзгерістерді сигнификаттық (семалық
бөлшектерден), денотатық, коннотаттық, прагматикалық, компоненттерден
іздейтін зерттеу монографиясы мен мақалалары жарық көрді. Екі сөздің
тіркесінде лексемалардың мазмұнындағы кейбір компоненттер өзгеріп,
қайсыбірі өзгеріске ұшырамауы ықтимал. Зерттеуші біріккендіктің мағына
деңгейіндегі белгілерін осы аталған компоненттердің ерекшеліктерінен
іздестірудің мәні айрықша екеніне ерекше көңіл бөлді.
Біріккен сөз құбылысын лексикология, морфология, сөзжасам,
синтаксис, орфография ыңғайында қарастырған зерттеулерде проф. Қ.
Жұбановтың концепциясында көрсетілген белгілер негізге алынған деуге
болады.
Г. Жәркешова «Қазіргі қазақ әдеби тіліндегі біріккен сөздер» [48];
«Біріккен сөздердің кейбір мәселелері» [49]; т.б зерттеулерінде екі сөздің бір
мағына беретіні, сөйлемнің бір мүшесі болып жұмсалатыны, сөз жігінде
дыбыстық өзгеріске ұшырайтыны, бір екпінмен айтылатыны тәрізді
белгілерді негізге алады. Проф. М.Балақаев [50] біріккен сөздерді сөз
тіркестерінің құрамымен салыстыра отырып, олардың сөз тіркесінің бір
сыңары болып жұмсалатынын көрсетеді: бозторғай – құлақты бозторғай,
сақара бозторғайы, сібір бозторғайы; қараторғай – бозғылт қараторғай, қара
қараторғай, күлгін қараторғай т.б
Кіріккен сөзге байланысты проф. А.Ысқақов екпін кіріккен сөзді жай
сөз тіркесінен әрі ерекшелендіретін, әрі ажырататын негізгі белгінің бірі дей
отырып, «Біріккен сөз деп, компоненттері мағына жағынан да, форма
жағынан да елеулі өзгерістерге ұшырамай-ақ өзара бірігіп, жинақталған
біртұтас лексика-семантикалық мағына білдіретін күрделі сөзді айтамыз»
дейді [51,106].
Алайда қазіргі кездің өзінде бірге/бөлек жазылуы даулы көрінетін
сөздердің саны олардың тиянақ тапқан түрлерінен әлі де болса аз емес.
Сонымен бірге әртүрлі басылымдарда, әсіресе мерзімді баспасөз беттерінде
сөздерді біріктіріп жазу үрдісі соңғы 10-15 жылда күшейе түсті. Бірге/бөлек
жазылуы даулы көрінетін жаңа ұғымдар пайда болды. Мұндайда орфография
сөз байлығын арттыруға тежеу болмауға тиіс. Сондықтан біріккен сөздердің
өзге ұқсас құбылыстармен ортақтасатын және олардан өзгешеленетін
тұстарын іздестіріп, олардың орфографиялануын негіздей түсу қажет. Бұл
ретте Қ.Жұбановтың ой-тұжырымдарының ретроспективті де, перспективті
де маңызы ерекше екені байқалады.
Біріккен сөзді (Қ.Жұбановтың терминологиясы бойынша кіріккен сөз –
Н.У.) өзге де ұқсас құбылыстармен салыстыра келіп, ғалым олардың айырым
белгілерін айқындап, анықтамасын былай деп көрсетті:
«Бірнеше сөз қосылып, бір ғана екпінге – ең соңғысының екпініне
бағынып, кейде бәрінің не біреуінің сыртқы формасы өзгеріп, не өзгермей-ақ,
бәрінің не біреуінің бұрынғы мағынасы өзгеріп, сондықтан бәрі жиналып,
бір-ақ нәрсенің аты болып, бір-ақ мағына беретін, сөйлемде бір-ақ мүше
болып, бір-ақ сөздің орнына жүретін болса, осыны кіріккен сөз дейміз» [44,
249б.].
Осы анықтаманы біршама таратып айтсақ, біріккен сөздің ғалым
көрсеткен белгілерін бірнеше деңгейге қатысты екенін байқаймыз:
1. бір екпінге бағынатыны – суперсегменттік деңгей (1);
2. сыртқы формасының өзгеруі/өзгермеуі – сегменттік деңгей (2);
3. бәрінің/біреуінің мағыналарының өзгеруі – коннотативтік деңгей (3);
4. бір нәрсенің аты болуы – денотативтік деңгей (4);
5. бір мағына беруі – сигнификативтік деңгей (5);
6. сөйлемде бір мүше болып жұмсалуы – синтаксистік деңгей (6);
7. бір сөздің орнына жұмсалуы – лексемалық деңгей (7);
Қ.Жұбановтың
концепциясы, біріншіден, сөздің біріккендігін
материалдық жақтан тек сегментті бірліктер ғана емес, суперсегментті
бірліктер деңгейінде қарау; екіншіден, мазмұн межедегі өзгерістерді
мағынаның ішкі құрылымдық компоненттері деңгейінде қарастыру,
үшіншіден, біріккен сөз статусын форма мен мазмұнның бірлігі тұрғысынан
кешенді түрде қарау дегенге саяды. Өйткені мазмұндағы өзгеріс форма
жағынан қолдау тапса, сондай-ақ форма жағындағы өзгеріс мазмұн жағынан
қолдау тапса ғана, ондай күрделі құрылымдар біріккен сөз ретінде жазуда
бірге тұлғалануға тиіс.
Орфографиядағы өзге қиындық бір басқа да, құрама сөздердің
жазылуына байланысты қиындық бір басқа деуге болады. Мысалы,
бозторғай, қараторғай, қарабидай, желбау, уықбау, ауылшаруашылық т.б.
толып жатқан сөздер әр түрлі басылымдарда әркелкі жазылып жүргендігі
жиі байқалады. Тіпті лингвистикалық сөздіктердің (орфографиялық,
түсіндірме сөздік, орысша-қазақша сөздік, терминологиялық сөздіктер т.б.)
өзінде кейбір сөздер бірге жазылса, сол сөздердің кейбірі бөлек жазылған.
Мұндай фактіні, жасыратыны жоқ, жиі кездестіруге болады. Орфография
мәселесін сөз еткен мақалаларда, рецензияларда көбіне сөздердің бірге не
бөлек жазылуына байланысты ала-құлалықтар сынға алынып жүруі де
орынсыз емес. Бір ғана мағынаны білдіретін, бір ғана заттың атауы болып
саналатын екі сөз неге бөлек жазылады? Екі сөз бірігіп барып бір ғана
мағынаны, бір ғана ұғымды білдіретін болса, ондай сөздер бірге жазылмай
ма? Мысалы,
Достарыңызбен бөлісу: |