Гуманитарлық ғылымдар Гуманитарные науки



жүктеу 98,5 Kb.
Дата13.02.2020
өлшемі98,5 Kb.
#28941

Гуманитарлық ғылымдар



Гуманитарные науки




ӘОЖ 8.03
ҒЫЛЫМИ-ТЕХНИКАЛЫҚ ТЕРМИНДЕРДІҢ АҒЫЛШЫН

ТІЛІНЕН АУДАРЫЛУЫНЫҢ МАҢЫЗЫ
Манапбаева Ж.Ж.

әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Алматы қ.
Кез-келген мемлекеттің өзіндік жеке ғылыми-техникалық, әлеуметтік-экономикалық, қоғамдық-саяси даму дәрежесі, қалыптасу деңгейі болады. Дегенмен мемлекеттің тұйық жүйеде өмір сүруі мүмкін емес. Бір елдің осындай рухани және материалдық құндылықтары басқа елдердің ғылыми жаңалықтарымен толығып, мемлекетаралық, халықаралық қатынастар мен ынтымақтастыққа, жаһандануға алып келеді. Адамзат өркениетінің даму тарихы осыны дәлелдейді. Аталмыш еларалық қатынастар мен байланыстардың дамуына, қалыптасуына, тіпті басталуына үлкен ықпалын тигізген аударма екендігі сөзсіз анық. Тәржіма халықтар байланысының жаршысы болып келуін әлі де тоқтатқан жоқ. Ол көркем әдебиет шығармаларының әр түрлі тілдерге аударылуымен қатар, сан қилы ғылыми жаңалықтардың барша мемлекеттерге тәржіма арқылы таралуымен сипатталады. Бұл аударманың қаншалықты маңызды екендігін көрсетеді.

Қазіргі таңда, әсіресе ақпараттық аударманың, оның ішінде техникалық аударманың алар орны ерекше. Бұйымның техникалық нұсқаулығынан бастап көлемді инженерлік жобалардың барлығы ғылыми-техникалық аударманың құзырына кіреді. Ақпараттық тәржіманың ең күрделі түрі болып табылатын бұл аударма техникалық терминологияның жиі қолданылуымен ерекшеленеді. Сол себепті, техникалық терминдердің дұрыс аударылуы ғылыми мәтіннің адекватты болуына алғышарт жасайды.

Техникалық мәтіннің негізгі құрамдас бөлігі болып табылатын техникалық терминология аударма кезінде белгілі бір ауыртпалық тудыратыны анық. Белгілі ғалым, профессор, филология ғылымдарының докторы Ә.Тарақ терминдер аудармасын ең қиын аударма түріне жатқызады. Ғалымның пікірінше, терминдер аудармасының қиындығы – сан-салалы ғылым мен техниканың арнайы материалдарының болуында [1, 200].

Бүгінде ғалымдар терминнің қазақ тіліне аударылу мәселесін қарастырғанда қазақ тіліндегі терминжасамға баса назар аударатыны білініп-ақ тұр. Барлық дерлік дипломдық не диссертациялық жұмыстарды жеке-жеке алып қарасақ, оның тақырыбы қазақ тіліндегі терминжүйені қалыптастыруға, терминжасамға, термин жасау тәсілдеріне, терминдердің қателіктеріне арналады. Ал осы терминжасамға негіз болған «түпнұсқа» мәселесі мүлде назарға алынбайды десек қателеспейміз. Қазақ тіліндегі аударма терминдердің (яғни барлық терминологияның) түпнұсқасы орыс тіліндегі терминдер болып табылады. Бұған бірқатар ғалымдардың пікірі дәлел. Мәселен, «Қазіргі кезде техникалық терминдер мен атаулар, негізінен, орыс тілінен тәржімеленеді», - дейді техника ғылымының кандидаты Е.Ордабаев [2]. Кез-келген терминді алып қарасақ, одан орыс тілінің сипаты сезіліп тұрады. Әрине, таза әдеби тілдің элементтерінен алынған терминдер де баршылық, бірақ олар да орыс тілі негізінде жасалғанын, яғни ұғымды аудару нәтижесінде пайда болғанын назарға алу керек. Академик Ө.Айтбаев осы жөнінде былай дейді: «...тіпті аударылмай сол күйінде алынған терминдердің өзі де керек десеңіз тәржіма талқысынан өтіп барып, аудармашылардың сарабына түсіп келіп қана кірме сөздерге айналған. Сөйтіп қазақ тілінде термин жасаудың барлық тәсілдері негізінен аудармаға, әсіресе, орыс тілінен аударуға байланысты туған» [7, 157-158].

Терминдердің орыс тілінен аударылатынын елімізде бұрын соңды жарық көрген терминологиялық сөздіктермен де дәлелдеуге болады. Олардың барлығы дерлік орысша-қазақша екітілді сөздіктер. Мәселен, 1926 жылы шыққан «Орысша-қазақша әскерлік атаулары» (Аудармашысы –А.Үмбетайұлы), 1927 жылғы «Пән сөздері», 1931 жылғы «Атаулар сөздігі» негізінде жасалған сөздіктердің алғашқы нұсқалары болып табылады.

XX ғ. 20-30 жылдарынан бері жарияланған терминологиялық сөздіктер де орысша-қазақша екітілді аударма сөздіктер болған. Бұл сөздіктер құрастырылған уақыт Қазақ елінің КСРО-ның құрамында болған жылдарына сәйкес келеді, сондықтан сөздіктердің қазақша-орысша болуы түсінікті. Уақыт өте келе құрастырылған терминологиялық сөздіктер де орыс және қазақ тілдерінде жасалған. Мәселен, С.Шенсізбаевтың «Теміржолшының орысша-қазақша сөздігі», С.Қ.Хамзиннің «Құрылыс терминологиясы», З.Рахымбекованың «Материалдар кедергісі терминдерінің орысша-қазақша түсіндірме сөздігі», К.Мыңбаевтың «Ауыл шаруашылығын механикаландырудың орысша-қазақша сөздігі», Ә.Ә.Әбдірамановтың «Су техникасы терминдерінің орысша-қазақша сөздігі», К.Бектаевтың «Орысша-қазақша математикалық сөздігі», А.Алдашевтың «Информатика мен есептеуіш техника терминдерінің орысша-қазақша сөздігі», Е.Исахановтың «Жерасты құрылыстары терминдерінің орысша-қазақша, қазақша-орысша сөздігі», т.б. Ғалым Ш.Құрманбайұлының «Терминтанушы құралы» атты еңбегінде осындай орысша-қазақша сөздіктердің 200-ге жуығы атап көрсетілген [3, 211-220].

Қазіргі терминологиялық ғылыми-зерттеу жұмыстарында да барлық терминдік мысалдар алдымен орыс, содан кейін қазақ тілінде көрсетіледі. Бұл да қазақ тілінің ғылыми терминологиясы орыс тілінен аудару нәтижесінде қалыптасып жатқандығын дәлелдейді. Бұған А.Г.Смағұлованың мақаласынан алынған мына үзінді дәлел: «Формирование терминосистемы... казахского языка происходит, в основном, на базе соответствующей терминосферы английского языка чаще посредством русского языка путем синтаксического калькирования многокомпонентных терминов в соответствующих языках, освоения интернационального лексического фонда, а также путем лексического заимствования, семантического калькирования» [4, 236]. Осы орайда орыс тілінің ғылыми терминологиясының сапасы туралы мәселе көтеріледі, себебі орыс тілі терминдік ұғымдарды басқа тілдерден аударып алады.

Сонымен, орыс тілі қазақ терминологиясының аударылуында түпнұсқа ролін атқарады. Бүкіл салалық терминдерді, оның ішінде техникалық терминдердің барлығын орыс тілінен ойланбастан аудара береміз. Ал осы аударма түпнұсқасының дұрыс-бұрыстығы көп аудармашыларды ойландырмайды. Түпнұсқадағы қате дегенде, ең алдымен, қазақ тіліне орыс тілі арқылы аударылған шетелдік көркем әдебиет туындыларын еске түсіреміз. Орыс тіліндегі аудармаларды түпнұсқамен салыстыра отырып, кемшіліктерін тауып, ұлы туындыларды сатылы емес, түпнұсқадан тікелей аудару керек деп қорытынды жасаймыз. Біздің ойымызша, дәл осындай қорытындыны техникалық терминология аудармасына да тиістіру керек, себебі орыс тілі де ғылыми терминологияны басқа тілдерден, көп жағдайда ағылшын және неміс тілдерінен аударып алады. Сәйкесінше, орыс тілінде де қате термин, дұрыс аударылмаған термин, сөздің мағынасын толық ашпайтын, т.б. тәрізді түсініктердің болуы әбден мүмкін.

Орыс тілінен аударылған қазақ тіліндегі терминдерден көптеген қателіктер табуға болады. Мәселен, насос – алсор, алгоритм – бағдаржол, коэффициент запаса – қор коэффициенті, т.б. қате аудармалар кездеседі. Сәйкесінше, ағылшын тілінен аударылған орыс терминологиясында да кемшіліктер жоқ емес. Техника ғылымының кандидаты Е.Ордабаевтың пікірінше, «кезінде орыс тіліне аударылған немесе осы тілде дүниеге келген атаулар мен терминдердің бәрі бірдей сәтті шыққан деп айтуға болмайды. Мысалы, кең тараған «motor» терминін орысша «двигатель» деп атау қате, себебі бұл жай ғана қозғаушы механизм ғана емес, бұл ең әуелі энергияның бір түрін екінші түріне айналдырушы құрал, механикалық қуат көзі» [2]. Демек, бұл сөзді «қозғағыш» деп қазақшалау да дұрыс болмайды. «Немесе мотордағы бензин-ауа қосындысын сипаттайтын өлшем орыс тілінде «коэффициент избытка воздуха» деп аталады. Бұл термин де біржақты, мағынасы толық емес, себебі құрамында ауа жеткіліксіз қосынды да моторда жиі қолданылады» [2]. Аудармашылар орыс тіліндегі қатені қайталап, бұл терминді қазақшаға «ауа артықтығының коэффициенті» деп аударады. Ал «... терминнің дұрыс атауы – «коэффициент состава смеси», қазақшасы – «қосындының құрамдық коэффициенті» [2]. Бұдан шығатын қорытынды: орыс тіліндегі атаулар мен терминдерге сын көзбен қарау керек. Техникалық терминдердің аудармасы – асқан дәлдікті қажет ететін аударма, сол себепті осындай кемшіліктердің болуы техника саласының тек лексикасына ғана емес, бүкіл мәніне нұқсан келтіруі әбден мүмкін.

Қазіргі таңда сөздіктердің барлығы да орыс тілі негізінде құрастырылады. Сәйкесінше, терминологиялық сөздіктерде жоғарыдағыдай қателіктер кездесуі мүмкін. Айта кететін бір жайт, бүгінде ағылшынша-қазақша сөздіктер де бірте-бірте құрастырылып жатыр, бірақ олардың барлығында орыс тілі аралық тіл ретінде алынған. Мәселен, Ә.Берікұлының «Орысша-қазақша-ағылшынша радиоэлектроника аталымдарының сөздігі» (1993 ж.), А.М.Көшербаеваның орысша-қазақша-ағылшынша мұнай терминдерінің сөздігі» (2002 ж.), Р.Құдайбергеновтың «Қазақша-орысша-ағылшынша-немісше техникалық терминдер сөздігі» (2009 ж.), «Информатика бойынша ағылшын-қазақ-орыс-неміс-француз тілдеріндегі терминологиялық сөздік» (1992 ж.), т.б. сөздіктер бар.

Ғалымдардың ғылыми-зерттеу жұмыстарында орысша-қазақша терминдік тіркестер, сонымен қатар орыс тілі негізінде пайда болған ағылшынша-қазақша терминдік тіркестер қолданылады. Бұларда да аталған қателіктердің болуы әбден мүмкін. Осы мәселеге қатысты профессор, техника ғылымының кандидаты Т.Т.Тоқтағанов былай дейді: «Техникалық терминологияларды қалыптастырып дамыту үшін келесі жағдайларды негізге алу қажет. Біріншіден, осы күнге дейін жасалған (әсіресе, кейінгі жылдары) терминологиялық сөздіктер мен терминдерді сын көзбен қайта тексеріп шығу керек» [5, 70]. Бұл осы уақытқа дейін қалыптасқан терминологиялық лексиканы түзетуде өнімді жұмыс болмақ.

Терминологиялық лексиканы аударудағы түпнұсқа мәселесін толық шешу үшін түпнұсқа тілін, яғни орыс тілін ағылшын тілімен алмастырған дұрыс деп ойлаймыз. Атаусөздің ұғымы пайда болған тілден терминді тікелей аудару терминологиялық жұмыстардың және техникалық аударманың сапасына септігін тигізетіні анық.

Терминдерді тікелей ағылшын тілінен аудару, сондай-ақ, терминнің мағынасын аса дәлдікпен тәржімалауға мүмкіндік береді. Мәселен, «alignment, adjustment» деген ағылшын термині орыс тілінде «выверка» деген атаусөзбен беріледі [6, 436]. Қарап отырсақ, орыс тіліндегі атау ағылшын терминінің мағынасын дәл беріп отырған жоқ. Бұл жағдайда терминді қазақ тіліне орыс тілінен емес, ағылшын тілінен аударған тиімді, себебі дәлме-дәл балама табылып тұр: «дұрыстау, дәлдеу» [6, 436]. Сол секілді, «automobile and tractor» деген анықтауыш термин орыс тілінде «автотракторный» деп беріледі. Аударманы сәтті шыққан деп айтуға болмайды, себебі ол екіжақты мағына беріп тұр: бірі – «автомобильдің де, трактордың да қасиетін иеленген», ал екіншісі – «автоматты түрде жұмыс істейтін трактордың қасиетін иеленген» зат туралы болып отыр. Түпнұсқадағы терминнің мағынасын терең зерттей келе, бірінші аталған мағынаның дұрыстығын анықтадық. Сәйкесінше, бұл терминді қазақ тіліне «автотракторлық» деп аудару қате болады. Терминді ағылшын тілінен аудару қажеттілігін дәлелдейтін тағы бір мысал. «Благородные стали» термині қазақ тіліне «асыл болаттар» деп аударылған [6]. Орыс тіліндегі «благородный» сөзі көпмағыналы болғандықтан, бұл термин тәржімашыны шатастыруы мүмкін және дәл осы жағдайда аудармашы шатасқан сыңайлы, себебі «асыл» және «болат» сөздері қазақ тілінің лексикалық заңдылықтарына сәйкес мүлде үйлеспейді. Ағылшын тілінде бұл терминнің атауы мынадай: «precious steels». Түпнұсқадан бұл термин қазақ тіліне «бағалы болат» деп аударылар еді. Дәл осы аударма нұсқасы терминологиялық сөздіктердің құрамына өтуге лайықты деп ойлаймыз.

Терминдерді ағылшын тілінен тікелей аудару, сонымен қатар, орынсыз транслитерацияның алдын алуға көмектеседі. Мысалы, «ball» деген термин орыс тіліне «шарик» деп аударылады. Неге екені белгісіз, бұл термин қазақ тіліне де «шарик» деп тәржімаланыпты [6, 441]. «ик» жұрнағы - орыс тілінде рең мәнін тудыратын жұрнақ, ол қосымшалар жүйесі мүлде басқа қазақ тіліне сол «ик» қалпында аударылған және қате аударылған. Егер термин қазақ тіліне ағылшын тілінен тікелей аударылса, мұндай қателіктің алдын алуға болар еді, себебі бұл термин транслитерация арқылы «балл» не транскрипция арқылы «болл» деп аударылмайтыны баршамызға аян, сәйкесінше терминжасам жұмысымен айналысатын мамандар «шарик» атаусөзіне басқа балама табуға ыңғай жасар еді. Дәл осындай жағдайға «душар болған» терминдерге «репер» («bench mark», «репер»), «домна пеші» («blast furnace», «доменная печь»), «шпур» («blast-hole», «шпур»), «бадья» («tub», «бадья»), «консольды арқалық» («cantilever beam», «консольная балка»), «картер» («case», «картер»), «транспортер» («carrier», «транспортер»), «заряд» («charge», «заряд»), «шихта» («blend», «шихта»), т.б. жатады [6]. Бұл терминдердің барлығын тікелей ағылшын тілінен аударса, кем дегенде сипаттап аудару әдісі арқылы қазақи аударма табуға болар еді.

Кейде ағылшын тіліндегі терминдерге орыс тілінің әдеби тілінен сәйкестік табылады. Мәселен, «button» - «палец», «seat» - «седло», «scoop» - «ковш», т.б. Мұндай сөздерді қазақ тіліне калька арқылы аударуға болмайды. Бұл тұжырыммен техника ғылымының кандидаты Е.Ордабаев та келіседі: «Сондай-ақ «трактор работает», «вал работает на изгиб» секілді сөз тіркестері, «тело», «головка», «палец», «ковш», «седло» тәрізді техникалық атаулар сөзбе-сөз аударуға келмейді» [2]. Яғни аталған терминдерді «саусақ», «ер, ершік», «ожау» деп аударсақ, үлкен қателік жасаймыз. Алайда осы терминдер сөздіктерде «саусақ», «ершік, ер», «шөміш, ожау» деп аударылып жүргендігі белгілі [6].

Осындай мәселелердің шешімі – терминді тікелей ағылшын тілінен аудару. Бүгінде техникалық ақпарат пайда болатын тіл – ағылшын тілі. Техника саласы дамыған, жоғары индустриялы елдерде де техникалық тіл ағылшын тіліне негізделеді. Мәселен, жапон тілінің маманы Әбдіқұлтегі Алмаз осы мәселеге қатысты былай дейді: «Мысалы, жапон тілінде механика мен электроника жалпы ағылшынша аталып келеді. Әрине көп терминдердің жапонша баламасы бар. Дегенмен де, күнделікті өмірде қолданылусыз қалып тұрғаны ақиқат». Дәл осы жағдай ғылыми-техникалық прогресс жаңалықтары айтарлықтай дамыған АҚШ, Еуропа, Оңтүстік Корея, Қытай, Үндістан елдерінде де орын алып отыр. Қазіргі таңда көптеген терминдер ағылшын тілінде пайда болады. Сол себепті терминдерді тікелей ағылшын тілінен аударған тиімдірек болмақ. Бұл аударма терминжасам жұмысында орын алып жүрген қателіктердің алдын алуға өз септігін тигізеді.



Терминді ағылшын тілінен тікелей аударғанда жоғарыда аталған орыс тіліндегі қателердің қазақ тіліне аударылуын алдын алуға болады. Терминдерді ағылшын тілінен тікелей аудару, сонымен қатар, ағылшын-қазақ бағытындағы техникалық мәтін аудармасының дамуына септігін тигізіп, қазақ тілін әлемдік тілдерге жақындастырады және орыс тілінің мемлекеттік тілімізге ықпалын азайтады. Бүгінде Қазақстанда өтетін халықаралық конференциялар мен жиындарды қазақ тілінде жүргізу тәжірибесі қолданысқа еніп келеді. Алайда осындай конференциялар кезінде шетелдік спикерлердің сөздері қазақ тіліне орыс тілі арқылы аударылады. Бұл жағдай ағылшын-қазақ синхронды аудармасының қалыптасуына алғышарт жасап отыр. Ал техникалық терминологияның ағылшын тілінен қазақ тіліне тікелей аударылу үдерісі осындай синхронды аударманың дамуына негіз болмақ.
Әдебиеттер


  1. Тарақов Ә. Аударма әлемі.-Алматы, 2007. – 243б.

  2. Ордабаев Е. Техникалық терминдерді қалай қазақшалаймыз? // Ана тілі, 1994 ж. - 1 қыркүйек, №35.

  3. Құрманбайұлы Ш. Терминтанушы құралы.-Астана, 2009. – 224б.

  4. Смагулова А.С. Анализ формально-структурной организации слов, входящих в терминосистему «нефть-газ» в английском и казахском языках // Вестник КазНУ, Серия филологическая. - 2009. - №5-6(121-122).

  5. Тоқтағанов Т.Т. Техникалық термин жасау ерекшеліктері және проблемалары // Магистраль, 2005 ж. - №7.- 69-70б.

  6. Құдайбергенов Р. Техникалық терминдер сөздігі.-Алматы, 2009. – 616б.

  7. Айтбаев Ө. Қазақ терминологиясының дамуы мен қалыптасуы.-Алматы, 1988. – 208б.




жүктеу 98,5 Kb.

Достарыңызбен бөлісу:




©g.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет
рсетілетін қызмет
халықаралық қаржы
Астана халықаралық
қызмет регламенті
бекіту туралы
туралы ережені
орталығы туралы
субсидиялау мемлекеттік
кеңес туралы
ніндегі кеңес
орталығын басқару
қаржы орталығын
қаржы орталығы
құрамын бекіту
неркәсіптік кешен
міндетті құпия
болуына ерікті
тексерілу мемлекеттік
медициналық тексерілу
құпия медициналық
ерікті анонимді
Бастауыш тәлім
қатысуға жолдамалар
қызметшілері арасындағы
академиялық демалыс
алушыларға академиялық
білім алушыларға
ұйымдарында білім
туралы хабарландыру
конкурс туралы
мемлекеттік қызметшілері
мемлекеттік әкімшілік
органдардың мемлекеттік
мемлекеттік органдардың
барлық мемлекеттік
арналған барлық
орналасуға арналған
лауазымына орналасуға
әкімшілік лауазымына
инфекцияның болуына
жәрдемдесудің белсенді
шараларына қатысуға
саласындағы дайындаушы
ленген қосылған
шегінде бюджетке
салығы шегінде
есептелген қосылған
ұйымдарға есептелген
дайындаушы ұйымдарға
кешен саласындағы
сомасын субсидиялау