Сегізінші эссе
Жазушы үйінде екен. Телефоннан егде адамның қарлығыңқы
таныс даусы естілді.
- А, а, солай ма? “Жалын” альманағының тапсырмасы дейсің бе?
Жолықпай жазу мүмкін емес дейсің бе? Үй-ішімнің жағдайы қиындап
тұр. Бәйбіше қатты сырқат. Көп уақыт бөлуге шамам жоқ. Сен ертең
сағат он бірде кел. Сұрақтарыңды дайындап жазып әкел. Қош.
Келістік.
Уәделескен уақытта есікті Ғабит Мүсіреповтің өзі ашты. Бір
қалада тұрсақ та, көрмегеніме жарты жылдан асып кетіп еді. Өңі
жүдеу, қабағы салыңқы көрінді. Үстінде жеңіл ғана үй киімі. Бөтен
адам жоқ екен.
- Шешін де, кабинетке бара бер, - деді. – Көз ауырады. Мен қазір
басқа көз әйнек киіп келейін.
249
Залда сіресіп, жарқырап, адамның мысын басып тұрған жиһаз-
дүние, асыл мүлік жоқ. Бір қабырғада И.И.Левитанның әйгілі
“Владимир жолы” деген картинасы, екінші қабырғада маған белгісіз
суретші салған қазақ әйелінің бейнесі, сірә, Ұлпанды келтіргені болу
керек.
Залдан кабинетке шығады. Бұрын келгенімде кітаптан белдері
қайысып тұрған сөрелер енді босап-босап қалған екен. Оның себебі
түсінікті:
көп
кітап
“Жаңа
жолға”
кеткен.
Қабырғадағы
А.К.Саврасовтың “Ұзақтар ұшып келді” дейтін картинасы кабинетке
жылылық беріп тұрғандай көрінеді.
Жазу столының үстінде араб графикасымен жазылған қағаздар,
ұшталған қарындаштар, өшіргіштер жатыр, - басқа еш нәрсе жоқ.
Жазушы столына келіп отыра бергенде, телефон шылдырады.
Әуелі үнсіз тыңдады. Артынан жауап бере бастады:
- Архив қызметкерлерінің ол қамқорлығына рақмет. Бірақ қазір
суретке түсетін жағдайым да жоқ, көңіл күйім де жоқ. Таяуда “Қазақ
әдебиетінен” келіп түсіріп әкеткен, аса қажетсінсеңдер, солардан
алыңдар. Сөйтіңдер.
(Ғабит Мүсірепов - әлеуметтік күреске, қоғамдық қызметке,
көркем шығармашылыққа ХХ ғасырдың басында келген, революция
қуатымен түлеген, мәдениеттің барлық саласында халқымызды мол
олжаға кенелткен ғажайып талантты буынның өкілі. Әдебиет
тарихында Ғабит есімі Сәкен, Ілияс, Бейімбет, Мұхтар, Сәбиттермен
қатар аталады. Бұлар - өнеріміздегі жаңа арналардың көш
бастаушылары. Әрине, кемел суреткерлік, үлкен жазушылық – бақыт,
ал көш басы – одан зор абырой. Ірге тас қалау миссиясы осыларға
бұйырған. Ғ.Мүсірепов туындылары – қазақ өнерінің сұлу бір арнасы.
Ғабит әні – таза үнді, әсем әуезді шырқау ән. Ғабит арнасы – мөлдір,
тұнық арна. Ғабит шығармалары ұзақ баптап, әбден жаратып, жал-
құйрығын сүзіп барып, бәйгеге қосқан жүйріктерді еске түсіреді, оның
шығармалары әдебиетімізге мәдениет, көркемдік, тереңдік әкелді,
ұлттық және интернационалдық сипаттарды тұтастырады.)
Телефонмен сөйлесіп біткен жазушы жымиып күледі:
- Несіне мелшиіп отырсың? Келген шаруаңа кіріс. Телефонда ұят-
аят деген болмайды. Тағы бөліп кетеді. “Жалын” альманағы
оқушылары нені білгісі келеді?
- Неше жаста хат таныдыңыз? Кімдердің әсер-ықпалы болды?
Өзіңізді кімдермен сарындас санайсыз?
Жазушы бірталай үндемей отырды. Сөзін ақырын бастады:
- Әрине, бұл қысқа қайырып, тез тоқтататын әңгіме емес. Күні
бүгінгідей есімде, бәрі көз алдымда тұр. Алты жасымда ауыл
250
молдасынан оқи бастадым. Аты – Уәйіс еді. Біздің ел орыс
шаһарларымен ерте араласқан, тұрмыс-салтына, өмір тіршілігіне қала
салты бұрынырақ кірген жұрт. Шай-қант, киім-кешек қана емес, кітап,
қағаз дегендер келе бастады. Сән-салтанат, жайдақ мақтан үшін емес,
кедей ауылдардың өзі бірігіп, арнайы ақы төлеп молда ұстайды. Бес-
алтыға келген балалардың тілін сындырып, мұсылманша хат танытады.
Шамасы жеткен әлді, ауқатты кісілер балаларын орыс мектептеріне
береді.
Бір жылдан кейін Уәйіс кетіп, Балағұл деген молда келді. Кейін
башқұрт Мұхаметқалидан оқыдым. Не білді дейсің ғой? Қазіргі тілмен
айтқанда, арабша графика негіздері, араб-парсы, шағатай сөздерінің
қазақша баламасын табуға машықтандық. Ең бастысы, хат танып алған
соң, ерекше, ғажап, бай дүниеге кірдім де кеттім. “Қазақ әдебиетіне”
жазған мақаламды оқыған шығарсың. Революциядан бұрын қазақ
тілінде 500-ге тарта кітап басылып шыққаны белгілі ғой. Кешке жақын,
әсіресе қыстың ұзақ түндерінде үлкендер бас қосқанда хат танитын
балаларды ортаға алады. Дауыстап хисса-хикаят оқытады. Негізінен
татар баспаларынан шыққан қазақ кітаптарында бөтен, қоспа сөздер
көп болушы еді. Мен оларды қолма-қол іштей аударып, қазақшалап
саулата жөнелем. И.Ильминский бастырған “Ер Тарғыннан” бастап,
“Қобыланды”, “Қыз Жібек”, “Алпамыс”, “Шора”, “Едігелерді” талай рет
дауыстап оқып жүрдім. Баланың таза, тұнық санасында олар тайға
таңба басқандай болып, мәңгі ұмытылмастай жатталып қалды. Тыңда:
Астындағы Тайбурыл
Арандай аузын ашады.
Аяғын топ-топ басады,
Бір төбенің тозаңын
Бір төбеге қосады.
Жаңбырдай тері сіркіреп,
Жауған күндей күркіреп,
Қар суындай тасады.
Құлан менен құлжаның
Ұзатпай алдын тосады.
Көл жағалай отырған –
Көк құтан мен қарабай
Көтеріліп ұшқанша
Белінен кесе басады...
Бұдан кейін “Шаһмаран”, “Бәдіғұл - Жамал”, “Сал сал”, “Зарқұм”,
“Көрұғлыға” түстік. Олардың да көп жерін күні бүгінге дейін жатқа
білем. Шамамен айтқанда, революцияға дейін шыққан қазақша бес жүз
кітаптың жүз елу-екі жүзін мен ауыл шалдарына бір емес, бірнеше рет
251
оқып бердім. Ауыл арасының өлеңші, әңгімеші, жыршыларының, ата-
анамның, көрші-қолаңның аузынан естіген әңгіме, ертегі, жыр, ескі
тарих, аңыз өз алдына, мен негізінен көп нәрсені оқу арқылы алдым
ғой деп ойлаймын. Көрдіңіз бе, орыстың көркем әдебиетін жиырма-
жиырма бір жастарымда еркін оқитын, кемел түсінетін халге жеттім.
Көп нәрселер жатталып қалған: “У судьи губы находились под самым
носом”, Гоголь ме?
Печально я гляжу на наше поколенье!
Его грядущее – иль пусто, иль темно.
Меж тем, под бременем познанья и сомненья,
В бездействии состарится оно.
Бұл Лермонтов шығар, а?
Қазақтың да көп дүниесі есте.
Түскендей әуе жерге қырық күн шілде,
Ішкен мас, жегендер тоқ күнде-күнде.
Қысқа түн қымқырылды, таң көрінді,
Кел, шық деп, иек қағып, жарық күнге,
Ән салды таңды мақтап сансыз торғай,
Бас иіп, бәйек болып, жерге қонбай,
Қағылып таң желіне тербетілді,
Көк майса көзі ілініп тұрған сондай...
Сұлтанмахмұт қой.
Бас-басына би болған өңкей қиқым,
Мінеки, бұзған жоқ па елдің сиқын?
Өздеріңді түзелер дей алмаймын,
Өз қолыңнан кетпесе, енді өз ырқың.
Ағайын жоқ нәрседен етер бұлтың,
Оның да алған жоқ па құдай құлқын?
Бірлік жоқ, береке жоқ, шын пейіл жоқ,
Сапырылды байлығың, баққан жылқың,
Баста ми, қолда малға талас қылған,
Күш сынасқан күндестік бұзды-ау шырқын.
Абай ғана осылай айта алады.
Ең сүйіп, тұшынып оқыған жазушыларым – Гоголь мен Горький.
Әсіресе Гоголь ықпалында ұзақ уақыт болғанымды жасыра алмаймын.
Кейінірек Марк Твен, Джек Лондонды айрықша құмартып, ұзақ беріліп
оқыдым. Жюль Верн, Виктор Гюголар оқылды. Лев Толстой, Федор
252
Достоевскийлер баурады. Бірақ маған әдеби әсер еткен,
шығармашылық сарындас қаламгер дегенде, ең алдымен – Гоголь мен
Горькийді бөліп айтар едім. Әрине, ешкім басқа біреудің әсерімен,
ықпалымен жазушы, болмайтыны анық.
Қазақ әдебиетінде Мұхтар Әуезов екеуміз, әсіресе, драматургияда
Вильям Шекспирден көп өнеге алдық, көп еліктедік деп ойлаймын. Өз
басым сол арнамен жүргенде, “Қозы Көрпеш”, “Ақан сері” тұсында
көркемдік олжа таптым-ау деп санаймын. Ал сол дәстүрді бұзған
кездерім белгілі ғой, табысқа жеткен емеспін. Айтпақшы,
әңгімелерімде Чеховтың сарындары жоқ емес. Мен оны жақсы білем: я
далеко и не Шекспир, и не Гоголь, и не Чехов.
(Ғабит Мүсірепов тіліне шешендік, мақал-мәтелдердегідей
ықшамдылық тән. Ол аткөпір көп жазудан қашқан қаламгер. Бұл
автордың керенаулығы емес. Классикалық әдебиет үлгілерін нысана
етіп ұстау – алғашқы күннен бастап-ақ тізгін тартып отыруға үйреткен.
Мүсірепов палитрасындағы ерекше жарқын бояу – күлкі; ескіні де,
жаңаны да, жақсыны да, жаманды да, өмірді де, күлкі арқылы беру.
Ғабит қашанда сөздің шұрайлысын іздейді, оның жазу машығы қара
тасқа жан бітіретін мүсіншіні еске түсіреді. Астарлы ой, қалжың, юмор
– негізгі пафос. Символ, емеурін, философиялық меңзеу соңғы жылдар
шығармаларында әсіресе бел алды. Оларды әлемдік шедеврлармен
үзеңгілес деген тұжырымда қате жоқ).
- Шығарманың туу процесі қалай болады? Қойын дәптерлеріңіз,
күнделік дегендер бар ма?
Жазушының көз қиығында кекесінді күлкі туды. Тұнжыраңқырап
отырып барып, ыңырана, баппен тіл қатты. Ара-арасында терезеге
қарап, үндемей қалады, қайта жалғайды:
- Болашақ шығарманың сүйегі көп арналардан жиналады. Әр
түрлі кітаптар, материалдар қарайсың. Арнайы көріп, аралап,
зерттейтін кездерің де болады. Олардың бәрі әсер берері, ассоциация
тудырары хақ, бірақ мыңнан бірі де шығармаға енбей қалуы мүмкін.
Жеке сөйлем, дайын абзац дегендер менде болмайды. Ондай жиған-
терген баста, жүректе жүруге тиіс. Әйтпесе қол байлау, бөгесін. Қойын
дәптерден көшіріп отырып, көркем туынды жасаймын деу бекершілік
шығар.
Шығарма деген кейде бір жылда, кейде он жылда қаламгер
жүрегінде пісіп шығады. Ішкі ағыстар әбден күшейген кезде қағазға
түспек.
Менде
шығарманы
машинкаға
бірден
басу,
яки
стенографисткаға айтып шығу деген әдеттер жоқ. Әрине, ондай
тәсілдерді қолданған жазушылар бар екенін білемін. Өз тәжірибемде
ол машықтар жоқ. Тіпті, күні бұрын жазып алмасам, ауызша
сөйлегенде, берекем кетіп, қиналам. Қарындашпен неге жазам?
Өшіргіш неге керек? Баз біреулер шығарманы әр жерінен оңтайы
253
келген тұстан жаза береді. Мен олай істей алмаймын. Шығарма
басынан аяғына дейін жазылып шығады. Және бір сөйлем жазсам да
таза болсын деймін. Сызып тастай алмаймын, көңілде дық қалады.
Сондықтан ұнамаған нәрсені өшіріп, қайта жазам. Мүсірепов
туындыларының болашақ зерттеушілері сөйлем варианттарын іздеп
таба алмас. Қолжазбаларымда қандай азап шеккенімді өзін ғана білем.
Түптеп келгенде, оқырман үшін керегі – шығарма. Қай шимайдың
тарихын қуа беруге болады? Шимайлар өшіргіш табанында кетсін, сол
дұрыс.
Ал әдбен піскен туындылардың дүниеге келуі ұзақ уақыт алды
дей алмаймын. “Ұлпан” алты айда, “Қозы Көрпеш – Баян сұлу”, “Ақан
сері - Ақтоқты” он бес күнде тамамдалған.
(“Қозы Көрпеш – Баян сұлу”, “Ақан сері - Ақтоқты” трагедиялары
– ұлттық драматургияның інжу маржаны. Әуелден сөзді шекеден
шертіп қолданатын жазушы драматургияда әлемдік үлгілерден терең
сабақ ала отырып, өнеріне өнер, шабысына шабыс қосты. Қайталанбас
бейнелер жасады, ана тіліміздің тамаша кестесін төкті, ақ өлеңнің
өлмес нұсқаларын жасады).
-
Жазу үстіндегі машық-дағдыларыңыз қандай?
-
Көріп отырсың ғой, міне. Алпыс жылдан бергі кәсіп осы.
Кәдуілгі жұмсақ қара қарындаш. Күні бұрын ұштап, найзадай етіп
дайындап қоямын. Өшіргіштің бірнешеуі әзір тұру керек. Мынау оқушы
дәптерінің тор көз беті. Білетін шығарсың және әлгінде айттым ғой,
мен сауатымды араб графикасы бойынша ашқан адаммын. Әрі
отызыншы жылға дейін қолданып келдік қой. Әбден сіңісті, болып,
үйреніп кеткендіктен шығар, мен көркем шығармаларымның барлығын
араб графикасымен қағазға түсірем. Әрі тез, әрі сыйымды. Мына
оқушы дәптерінің бір бетінен машинкада бір жарым бет шығады.
Жазып кеткен кездерімде тәртіп, режим дегенді мен білмеймін.
Басқа әрекеттерден мүлде тыйылып, күн демей, түн демей, тек жазу
соңында ғана боламын.
Біз қалам тартқан кезде қазіргідей жағдайлар түске де кірмейді.
Күндіз кеңсе қызметі, аласапыран заманның ауыр шаруалары. Аядай
бір бөлме үй, бала-шаға, қонақ. Сен бірдеңе шимайлайды деп олар
ұйықтамай ма? Қайтсең де жазу керек. Сондықтан абыр-сабыр
басылып, ел жатқан соң, шымылдықтың артында бір бұрышта, түнгі
сменадағы жұмысшы секілді жазуға отырасың. Сол қиын кездегі
өмірдің дағдысы, кейін жағдай түзелгеннен кейін де қалмай қойды. Көз
жанарым нашарлаған соң, дәрігерлер түнде жазуға тыйым салды.
Қазіргі әрекет тек күндіз ғана.
-
Демалыс жағы қалай болады?
-
Ә, ә, қолым босап, уақыт табылса, далаға, тау-тасқа, өзен-
көлге тартар едім. Далада не көп: отын көп, су көп. Қамыс, шеңгелді,
254
сай-жыраны, жартас-тұғырды шарлап, әбден қара сирақ болып, ең
кемі 20-25 километр жаяу шарлап, шаршадым-ау дегенде, қоналқаға
бір жерге тоқтайсың. Ағаштан иін, қос жасайсың. Жаңбыр жауса, конус
секілді қос жаса. Күрекпен іргені сыза салсаң, су өз жөніне кетеді.
Қазаншық, шайнегім болатын. Айдалада, иен табиғат құшағында төрт-
бес күн жүрген соң, құлжадай ойнап, құлпырып, түлеп шыға келер
едің. Өтті ғой ол күндер.
Жетпіске келдім. Демалысқа көштім. Курорт-санаторий дегендер
шықты. Ыңқыл-сыңқыл содан кейін басталды.
-
Шығармаға дайындық кезіндегі материалдар сақтала ма?
Жазушы орнынан тұрып барып, суырманы ашып, бірнеше папка
алып келді.
- Мынау – “Оянған өлкені” жазуға әзірлік кезіндегі қағаздар. Сен
көре бер. Мен есік ашып келейін, біреу келді ғой.
Қалыңдығы жарты қарыс дәптерлердің бәрі де тап-тұйнақтай
екен. Біреуін алып қарай бастадым. Жазушының өз қолымен жазылған.
“История горной техники”, “Горноспасательное дело”, “Карагандинское
угольное месторождение”, “Киргизский край, т. ХҮІІІ” деген
кітаптардың беттері көрсетілген, үзінділер алынған, конспект
жасалған.
Москвадағы
тау-кен
департаменті
архиві,
Алматыдағы
мемлекеттік архив, Ақмола архиві материалдары қаралып, қажетті
цифрлар, фактілер көшіріп алынған.
Шахта құрылысы, ондағы әр түрлі атаулар, солардың қазақша
баламасы – бәрін жазушы жіпке тізгендей етіп, қағазға түсірген. Сан
алуан суреттер, схемалар диаграммалар, цифрлар, тау-кен тектерінің
аттары, техникалық терминдер.
Көріп болсаң, мені тыңда дегендей қабақ білдірген соң, тағы үй
иесіне қарадым.
- Әрине, бұлар “Оянған өлкеге” кірген жоқ. Бір қарағанда,
сырттай айтқанда кірген жоқ. Шындығында мен бұларды білмесем,
арнайы зерттемесем, роман да тумас еді. Екінші кітап неге созылып
кетті? Бірқыдыру себептер айтылды. Оның үстіне үлкен коллектив,
жұмысшылар ортасы туралы жазу бір семья, бір ру, бір ұрпақ тағдыры
жөнінде жазу емес қой. Қашанда қоғамдық тағдырлардың ең үлкені –
революция, сол революцияда басын жоғары көтеріп жүретін тап –
жұмысшылар екенін сен жақсы білсең керек... Сондықтан да қазақ
жұмысшы табының қалыптасуын көрсететін романның екінші кітабын
аяқтауды өзімнің азаматтық, жазушылық парызым, борышым
санаймын. Қазіргі негізгі жұмыс сол романның үстінде. Міне, мынау –
сол шығарманың қолжазбасы.
(“Қазақ солдатында” қаһарлы соғыс шындығы қазақ әдебиетінде
алғаш рет реалистік шыншылдықпен бейнеленеді. Негізгі оқиғаларды
255
басты қаһарман төңірегіне жинақтай суреттеу үстінде қаламгер
европалық романистика дәстүрлерін жақсы меңгергендігін көрсетті.
Романтикалық стиль, психологиялық талдау тәсілдері жаңа көркемдік
дамудың белгілері болатын. Кейін қазақ әдебиетінде үлкен бағытқа
айналған соғыс туралы әдебиеттің алғашқы зор шығармаларын
тудырған. Қазақ жұмысшы табының тууын бейнелеген әлеуметтік-
психологиялық “Оянған өлке” романының күрделі мінездері, сом
бейнелері оқырмандар жүрегіне жол тартты).
- “Оянған өлке” романының жалғасын, екінші кітабын қашан
бітіресіз?
- Бұл сұрақ кәрі қызға неге күйеуге шықпайсың деген секілді.
Жазбайын деп жүрмін бе? Жазбай жүрмін бе?
“Оянған өлкенің” бірінші кітабы сегіз айда жазылды. Бес айы –
Қарағандыда, үш айы – Алматыда, тауда. Оның есесіне екінші кітабын
отыз жылдай созып келем. Әдейі, қасақана созып жүр деймісің?
Бірталай ойды, жиған-терген, тоқығанды “Ұлпан” қағып кетті.
Біреулерге кішкентай нәрсе көрінер, өзім үшін “Кездеспей кеткен бір
бейне”, тіпті күні кешегі “Достар қалжыңы”, “Жаңбырлы түнде”,
“Майралар” ұсақ дүние емес. Сүйіп жазған нәрселерім. Әр шығарманы
өзіне лайық қалыппен, бұрынғыларға ұқсамайтын қалыппен құйғым
келеді. Содан барып, “Оянған өлкенің” ырғағынан шығып кетем. Қазір
ол романның стиліне қайтадан түстім ғой деп ойлаймын. Он баспа
табақтан артық дүние жазылып бітті. Енді он бес баспа табақтай нәрсе
жазу қажет.
- Шығармаларыңыз толық басылды ма? Жарияланбаған дүниелер
бар ма?
- Бәрі де басылған. Анау соңғы қалың үш томдыққа прозаның
таңдаулы, өзім әбден ұнатқан үлгілерін ғана қостым. Әр түрлі
қолжазбалар, бастап, аяқтамай тастаған 6-7 повесть, бірталай
әңгімелерді әдейі кіргізбедім. Менің оқырманға ұсынатыным осылар.
Ғабиттің анасы бар, мынасы бар деп, өзге нәрселерді тықпалап мені
ешкім байытпай-ақ қойсын. Менің прозам – осы үш том.
-
Алдағы жоспарларыңыз қандай?
-
Тіршілік болып, нәсіп қылып уақыт жетсе, жоспарлап
жүрген шығармаларым бар, неге жоқ болсын. Әуелі естелік, мемуар
түріндегі туынды бергім келеді. Анау “Достар қалжыңы”, “Жаңбырлы
түнде” циклы стилінде, сол ырғақта жазсам деп жүрмін. Талай
дәуірлерді, талай адамдарды білген ескі көз, кәрі құлақ дегенің енді
мен болып қалдым.
Ұлпанның Ұмсын деген сіңілісінің тағдырын жазғым келеді. Ол
Александрияға барып оқыған, елге келген соң, біліміне орын таба
алмаған орасан зор қайғылы тарих. Өзгелердей емес, мойны ашық
жүреді, шашын жаппайды. Сиыр сауу қолынан келмейді, тезек тере
256
алмайды. Өзенге барып, жібек көйлекпен суға түседі. Сөйтіп жүріп
мезгілі өтеді. Еріксіз қатын үстіне тиеді. Арғы жағы белгілі трагедия.
Бұл – жоспар, ниет секілді нәрселер. Ал өмір не бұйырады? Күні
бұрын не дерсің...
Сұрақтарың біткен шығар дегендей жазушы орнынан тұрды.
- Айттым ғой мана. Бәйбіше сырқат. Ауруханада жатыр. Бүгін шай
ішпей кетесің. Тағы хабарлас. Жөнімен қойылған сұраққа жауап беруге
болар. Ал, қош. Кел.
-
Сау болыңыз, Ғабе!
Достарыңызбен бөлісу: |