Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі
Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы
«Абайтану» курсын оқытудың ғылыми-әдістемелік негіздері
Әдістемелік құрал
Астана
2013
1
Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы Ғылыми кеңесімен
баспаға ұсынылды (2013 жылғы 20 қарашадағы № 5 хаттама).
«Абайтану» курсын оқытудың ғылыми-әдістемелік негіздері. Әдістемелік
құрал. – Астана: Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы, 2013. –
84
б.
Ұсынылып отырған әдістемелік құрал жалпы білім беретін мектептерде
«Абайтану» таңдау курсының қызметі мен мақсаттарын жүзеге асыру және
оқыту әдістемесін жетілдіру мақсатын көздейді.
Құралда Ұлы Абайдың шығармашылығын толық игерту, Абай
поэзиясының құдіретін таныту, ақын шығармашылығын әлем әдебиетімен
салыстыра білу мәселелері қамтылып, оқушылардың сөз өнерін зерделеу,
ізгілік, адамгершілік, әсемдік, отансүйгіштік және іскерлік құндылықтарын
қалыптастыру, оқырмандық мәдениетін жетілдіру жақтарына басымдық
берілген.
Әдістемелік құрал жалпы білім беретін мектеп мұғалімдеріне арналған.
©
Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық
білім академиясы, 2013
2
Кіріспе
Ұлы Абайдың шығармашылық мұрасы – халқымыздың ғасырлар бойы
маңызын жоймайтын рухани қазынасы. Абайдың сөзі – қазақтың бойтұмары,
Абайды тану, бағалау, насихаттау, оқыту – қоғамдық ой-санада тың серпілістер
туғызып, мақсаткерлікке жұмылдырады. Заман, уақыт талабына орай Абайды
жаңа қырынан тану, ғылыми тұрғыдан тың байламдар жасалуы – заңдылық.
Абай – ұлы ұстаз-кемеңгер. Абай тақырыбы – мәңгілік тақырып. Абай
тақырыбы – таусылмайтын телегей теңіз.
Ел президенті Н.Ә Назарбаевтың Абайдың 150 жылдық мерейтойында
(1995)
сөйлеген сөзінде айтқан мына салиқалы ойы кімге болса да бағыт берері
сөзсіз:
«...Абай әлемі бізді жеті түнде адастырмас темірқазық іспетті. Соған қарап
тірлігіміздің дұрыс-бұрысын сараптай аламыз. Өйткені, жанды жегідей жеп
жүрген көп сауалдың жауабын Абай әлдеқашан айтып кеткен. Абайды оқып
отырып-ақ, көштің басын баяғыда-ақ жөнге салып алуға болатын еді.
Сорлатқанда біреудің уақыты жетпейді, біреудің ұғымы жетпейді, біреудің
атымен зауқы жоқ.
...Қазіргідей заманда Абай жырларына айына емес, аптасына емес, күніне
бір үңіліп қоймай болмайды. Сонда жан қинап жүрген қай күмәннің де бәріне
жауап таба аласың». Бұл сөздер әрбір адамның дұрыс жетілуіне кепіл болатын,
қоғам өмірінде басшылыққа алатын бағдарламалық ойлар тәрізді [1].
Абай әлемінің бар құдіреті мен болмысын, құпиясы мен сырын жете таныту
арқылы қазақ халқының мәдени келбетін, қадір-қасиетін, шыққан биігін,
рухани жетістіктерін ұрпақ санасына сіңіру. Абайды оқыту арқылы жаңа
биіктерге көтерілу, рухани өсіп-өркендеген іргелі еліміздің елдік белгісін биік
дәрежеге көтеру.
Абайтану – қазақ әдебиеттану ғылымының ең көп зерттелген саласының
бірі. Жүз жылдан астам тарихы бар Абай мұрасының зерттелу тарихына көз
жіберсек, баспасөзде ресми түрде 1889 жылдан басталып, бүгінде қазақ
мәдениетінің, ғылымының дәстүрлі, тамырын тереңге жайған үлкен саласына
айналды.
Абай мұрасының бірегей білгірі академик М.Әуезов: «Абайды танудың
басы, алғашқы адымдары революциядан бұрын басталған. Бұл жөнінде
Абайдың ақындық еңбектері үш түрлі боп жайылып тұрғанын еске алу керек.
Бірінші жолы – баспа арқылы тарауы; екіншісі – халық арасына ауызша
жатталып, әнмен аралас тарауы; үшіншісі – қолжазба түрінде әр көлемді
жинақтар болып, көшіріліп таралуы», - дейді [2, 16-б.].
«Абайтану – қазақ әдебиеттану ғылымының, әдебиет тарихының үлкен бір
саласы»[3, 24-б.]. Қазақ әдебиеттану ғылымының үлкен бір арнасы – абайтану
бүгінгі күні тамырын тереңге жайған алып бәйтерекке айналған саласы. Ұлттық
әдебиеттану ғылымының, қазақ әдебиеті тарихының үлкен бір саласы – абай-
тану – ұлы ақынның өмірі мен шығармашылығы, ойшылдық, қоғамдық-саяси,
эстетикалық көзқарастары, имандылық мұраттары, қазақ поэзиясындағы өлең
3