336-бап. Мемлекеттік еңбек инспекциясының басқа
мемлекеттік органдармен және ұйымдармен өзара
іс-қимыл жасасуы
1. Мемлекеттік еңбек инспекциясы өз қызметін басқа мемлекеттік қадағалау және
бақылау органдарымен, қызметкерлердің өкілдерімен, қоғамдық бірлестіктермен, басқа
да ұйымдармен өзара іс-қимыл жасаса отырып жүзеге асырады.
2. Мемлекеттік органдар мемлекеттік еңбек инспекторына Қазақстан Республикасы
еңбек заңнамасының орындалуын бақылауды жүзеге асыру жөніндегі міндеттерін
атқаруына жәрдемдесуге міндетті.
337-бап. Мемлекеттік еңбек инспекторының мемлекеттік
бақылауды жүзеге асыру кезіндегі жауапкершілігі
Мемлекеттік еңбек инспекторы мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру кезінде өз
қызметтік міндеттерін орындамаған немесе тиісінше орындамаған, сондай-ақ өзге де
заңға қайшы әрекеттер (әрекетсіздіктер) жасаған жағдайда Қазақстан Республикасының
заңдарына сәйкес жауапты болады.
39-тарау. ЕҢБЕК ҚАУІПСІЗДІГІ ЖӘНЕ ЕҢБЕКТІ ҚОРҒАУ ЖӨНІНДЕГІ
ІШКІ БАҚЫЛАУ
338-бап. Еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау
жөніндегі ішкі бақылау
1. Ішкі бақылау еңбек жағдайларының жай-күйін қадағалауды ұйымдастыруды,
өндірістік бақылаудың деректеріне жедел талдау жүргізуді, тәуекелдерді бағалауды
және еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі анықталған сәйкессіздіктерді
жою жөнінде шаралар қабылдауды қамтиды.
2. Жұмыс беруші жұмыс орындарында еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау
жөніндегі белгіленген талаптарды сақтау және анықталған бұзушылықтарды жою бойынша
жедел шаралар қабылдау мақсатында еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі
ішкі бақылауды жүзеге асырады.
339-бап. Еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау
жөніндегі ішкі бақылауды жүзеге асыру тетігі
1. Қызметкерлерінің саны 50-ден асатын өндірістік ұйымдарда еңбек
қауіпсіздігі және еңбекті қорғау талаптарын сақтау үшін ішкі бақылауды жүзеге асыру
мақсатында жұмыс беруші еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау қызметін құрады.
Еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау қызметі өз мәртебесі бойынша негізгі
өндірістік қызметтерге теңестіріледі.
2. Ұйымдағы еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау қызметі туралы үлгілік
ережені еңбек жөніндегі уәкілетті мемлекеттік орган бекітеді.
3. Қызметкерлерінің саны 50-ге жетпейтін жұмыс беруші қызмет ерекшелігін
ескере отырып, еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі мамандық лауазымын
енгізеді не еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі міндетті басқа маманға
жүктейді.
4. Еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі қызметтің немесе еңбек
қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі маманның еңбек қауіпсіздігі және еңбекті
қорғау талаптарын орындау жөніндегі нұсқауларын ұйымның барлық қызметкерлері
орындауға міндетті.
40-тарау. ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ ЕҢБЕК ЗАҢНАМАСЫНЫҢ
САҚТАЛУЫН ҚОҒАМДЫҚ БАҚЫЛАУ
340-бап. Ұйымда еңбек заңнамасының сақталуын қоғамдық
бақылау
1. Ұйымда еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау саласындағы қоғамдық
бақылауды ұйымның кәсіподақ комитеті, ал кәсіподақ болмаған кезде қызметкерлердің
жалпы жиналысы (конференциясы) сайлайтын еңбекті қорғау жөніндегі қоғамдық
инспектор жүзеге асырады.
2. Қызметкерлердің республикалық, салалық, өңірлік бірлестіктері ұйымдарда
еңбек заңнамасының сақталуын қоғамдық бақылауды мұндай құқық келісімдерде және
ұжымдық шарттарда бекітілген жағдайда жүзеге асырады.
341-бап. Еңбекті қорғау жөніндегі қоғамдық
инспекторлардың құқықтары
Еңбекті қорғау жөніндегі қоғамдық инспектордың:
1) жұмыс берушілердің еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі
нормативтік құқықтық актілерді, жұмыс берушінің ұйымдардағы жұмыс орындарында
қалыпты еңбек жағдайлары мен қауіпсіздік техникасын жасау жөніндегі келісімдерді,
ұжымдық шарттарды сақтауын қоғамдық бақылау арқылы жұмыс берушілер алдында
қызметкерлердің еңбекті қорғау құқықтарының қорғалуын жүзеге асыруға;
2) өндірістегі жазатайым оқиғаларды тергеп-тексеруге және мемлекеттік еңбек
инспекторлары жүргізетін еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғаудың жай-күйін
кешенді тексерулерге қатысуға;
3) жұмыс берушілерден және ұйымдардың өзге де лауазымды адамдарынан өз
функцияларын атқару үшін қажетті, оның ішінде жазбаша түрде ақпарат пен
түсініктемелер алуға;
4) жұмыс берушілердің келісімдерде, ұжымдық шарттарда еңбекті қорғау
бөлігінде көзделген міндеттемелерді орындауын тексерулерді жүзеге асыруға және
тексеру қорытындылары бойынша лауазымды адамдардың атына анықталған бұзушылықтарды
жою туралы ұсыныстар енгізуге;
5) өндірістік объектілер мен өндіріс құралдарын сынақтан өткізу және
пайдалануға қабылдау жөніндегі комиссиялардың жұмысына қатысуға;
6) еңбекті қорғау туралы нормативтік құқықтық актілерді әзірлеуге қатысуға,
оларға өз ұсыныстарын енгізуге;
7) Қазақстан Республикасының еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау туралы
заңнамасының, еңбекті қорғау бөлігінде келісімдер мен ұжымдық шарттар ережелерінің
бұзылуына, өндірістегі жазатайым оқиғалар мен кәсіптік ауруларды жасыруға кінәлі
жұмыс берушілерді және ұйымдардың өзге де лауазымды адамдарын жауапқа тарту туралы
талаптармен тиісті мемлекеттік органдарға жүгінуге;
8) еңбек жағдайларының өзгеруіне, Қазақстан Республикасының еңбек
қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі заңнамасының бұзылуына, келісімдерде
және ұжымдық шарттарда, сондай-ақ еңбек шарттарында көзделген міндеттемелердің
еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау бөлігінде орындалмауына байланысты еңбек
дауларын қарауға қатысуға;
9) қызметкерлердің еңбек міндеттерін орындауға байланысты жарақат алуы немесе
денсаулығының өзге де зақымдануы салдарынан келтірілген зиянды өтету құқықтарын
қорғау үшін әрі қызметкерлердің еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау құқықтарына
қысым жасалған басқа да жағдайларда қызметкердің өтініші бойынша талап қойып
соттарға жүгінуге құқығы бар.
Қазақстан Республикасы
Президенті
© 2012. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің "Республикалық құқықтық ақпарат
орталығы" ШЖҚ РМК
Достарыңызбен бөлісу: |